ӘР ЗАТТЫҢ ӨЗ ОРНЫ БАР
Рахмет өзіне тиісті заттарын белгілі орынға қоймайды. Даладан келісімен, әр киімін әр жерге лақтырып тастай салады.
Бас киімі бір жерде, қолғабы екінші жерде жатады. Керек уақытында киімдерін таба алмайды. Үй ішін қағыстырады.
- Қолғабымды көрдің бе? Бас киімімді көрдіңдер ме? Сөмкемді көрдіңдер ме? – деп, күн сайын сұрап жүргені. Киімін таба алмай жүріп, кейде сабақтан да кешігіп қалады.
(56 сөз)
КЕМПІРҚОСАҚ
Қапырық ыстықтан кейін бұлт қоюланды. Нөсерлетіп жауған жаңбырдан соң, жаңбыр басылып, бұлт сейілді. Көкжиектен батысқа қарай батып бара жатқан күн көрінді. Дәл осы кезде сұр бұлт арасынан доға сияқты кемпірқосақ пайда болды. Оның жеті жолағы бар. Олар – қызыл, қызғылт, сары, жасыл, көк, көгілдір, күлгін.
Доғаша иілген кемпірқосақтың сыртқы жолағы қызыл болады. Жеті түстен тұратын жарық сәуле, кәдімгі күн жарығы екен.
Жыл он екі ай
(60 сөз)
ҚҰСМҰРЫН
Қостанайда Құсмұрын деген жер бар. Мұнда қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов дүниеге келген. Қостанай дегенде мидай жазық дала көзге елестейді. Құсмұрын табиғаты мүлде өзгеше. Салдыраған бұлақтары мен айна көлдері бар шоқылы тау мен қыраттар. Солардың бәрі алыстан құс тұмсығына ұқсап көрінеді. Сондықтан ол өңір Құсмұрын атанған. Қыраттың қапталы қайысқан қайың, көкорай шалғын. Бұл қайыңдарды ертеде Шоқан әкесі екеуі отырғызған.
«Балдырған» журналынан
(60 сөз)
2-сынып ІІ жарты жылдық
ТЫШҚАННЫҢ АҚЫЛЫ
Бір заманда тышқандар жиналып, мысықтан қалай құтылудың амалын ойластырады. Ұзақ әңгімеден кейін бір тышқан:
Мысықтың мойнына қоңырау тағып қою керек. Сонда оның келе жатқаны алыстан естіледі. Ал біз інге тығылып үлгереміз, - деп ұсыныс жасайды.
Барлығы:
Табылған ақыл екен! – деседі.
Сонда манадан бері үнсіз отырған кәрі атжалман:
Жарайды, мысықтың мойнына қоңырау тағу керек делік. Ал сонда қоңырауды кім барып тағады? – деген екен.
(61 сөз)
ҚАЗАҚША АЙ АТТАРЫ
Бір жылда он екі ай бар. Олар: қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан.
Қаңтар – жылдың алғашқы айы. Желтоқсан – жылдың соңғы айы. Қазақша жыл басы – наурыз.
Сәуір, маусым, қыркүйек, қазан айларында отыз күн бар.
Қаңтар, наурыз, мамыр, шілде, тамыз, қазан, желтоқсан айлары отыз бір күннен. Ал ақпан айында жиырма тоғыз күн бар. Бір жылда үш жүз алпыс бес күн болады.
Қазақ күнпарағынан
(65 сөз)
- Әңгімені оқыдық. Мирас суреттен көрген тасбақа мен бүркітті ойыншықтарыңның ішінен тапшы. Сенің ойыншықтарың көп еді ғой... Енді ойнайық, жарай ма? Мен тасбақа болайын, ал сен, Мирас, бүркіт бол. Мен тасбақамын, ақырын жүремін, ұша алмаймын. Бүркіт, сен қалай ұшасың? Мені де үйретші.
- Әй, тасбақа мұның не?! Мен аспанда ұша алатын құспын, ал сен тек жерде жүруің керек.
- Өтінемін, жалынамын, мені аспанға алып шықшы...
- Бұдан кейін не болды, балам?
(67 сөз)
КЕМПІРҚОСАҚ
Тұнық аспанның төрінен гүлдей құлпырған кемпірқосақты көргенде қуанбайтын, жүрегіне ынтық-тық, құмарлық нұры себілмейтін адам жоқ. Ол - жақсылықтың, шарапаттың нышаны. Түрлі-түсті боялған шеңберлер көктен төмен иіліп, ғажайып құдіреттің түсін танытады. Доғалана иілген жарты шеңбер тылсым әлемге енгізетін сиқырлы қақпа тәрізді.
Жердің төбесінде жібек орамалдай желбіреп , мың құбылып тұрады да, құпия құбылыстарды көлбеңдетіп елестеді. Жай көзбен қарағанда қол созым жерде тұрғанымен, кемпірқосаққа жақындай алмайсың, өте алыс...
( 65 сөз)
Жалдырап көктем туды. Қар еріді де, аз уақытта төңірек құрғап шыға келді.
Мектепте ағаш отырғызу науқаны басталды. Оқушыларды тугел қызықтырған бұл бастама тек Алмабекке ұнамады. Алмабек бұл жұмысты бос әурелену деп есептеді. Бірақ басқалар жаппай кіріскен шаруадан Алмабек те шет қалмауды ойлады. Тал, терек, қайың көшеттерінің бірнешеуін терезе тұсына тізіп отырғызды.
Өзгелер ағаштарын суару, түбін қопсыту, күту жұмыстарымен әуреленіп жүргенде, Алмабек ағаштарына көңіл аударуға уақыт та таппады.
Б.Соқбақбаев
(67 сөз)
Біздің ауыл Іле өзеніне жақын орналасқан. Мұнда қыс қытымыр болғанымен, жазы жайлы да жайсаң. Әр үйдің ауласындағы бау-бақшада жеміс ағаштары: алма, өрік, жидек өсіріледі.
Бағбан Алмабай атайдың бағы өте көрікті, ағашы қалың, көлеңкесі қою. Күннің көзі өтпейді. Шие ағаштары мен қарақаттардың арасынан жол тауып өту бір тауқымет.
Жер беті жасыл желекке бөленгенде, бауларды бұлбұл мекендейді. Түнге қарай жақ жаппай құбылта сайраған бұлбұл әніне ауыл ұйып қалады.
(67 сөз)
Достарыңызбен бөлісу: |