Батыс Алашорда Тарихы орал 2011 Пікір жазғандар: М.Қ.Қойгелдиев


Есенғали Керейұлы Қасаболатов



бет9/11
Дата04.11.2016
өлшемі2,79 Mb.
#317
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

13. Есенғали Керейұлы Қасаболатов Орал облысы Ілбішін уезінің Құрайлы болысының № 8 ауылында 1889 жылдың 8 ақпанында дүниеге келген. Есенғали Қасаболатовтың туған жылдарын анықтайтын құжат [208]. Әкесі Антоновка стансасындағы бай казактарда жалшылықта жүріп, казак қызына да үйленген. Ол еті тірлігінің арқасында Калмыков уезіне қарасты 3-ауыл маңынан енші жер алып, шаруашылықпен айналысады. Мал бағумен қатар шөп шабатын, балық аулайтын, егін егетін дамыған шаруашылығы бар, ауқатты шаруа дәрежесіне жетеді. «Керейдің оры» деп аталатын атажұртының орны әлі де бар. Қасаболатов 1901 жылы Калмыковтағы орыс-қазақ мектебін бітіреді [209]. Орал әскери губернаторының куәландыру анықтамасында Есенғали Қасаболатовтың Орал әскери-реалды училищесін бітіргендігі, өрескел тәртіп бұзушылықтың болмағандығын растағаны тіркелген және әскери қызметтен босатылғанын жазған [210]. Есенғали Қасаболатов Орынбор оқу бөліміне жолдаған өтінішінде латын тілінен сынақ тапсыруға рұқсат сұраған [211]. Содан кейін 1903 жылдың тамыз айында Орал әскери-реалды училищесіне оқуға түсіп, оның 1909 жылдың 6 маусымында толық курсын аяқтады. Осы Орал әскери-реалды училищесін бітіргендігін дәлелдейтін аттестатқа көз жүгіртсек, Қасаболатов төмендегідей жетістіктерге жеткен:
Орыс тілі – 3

Неміс тілі – 3

Француз тілі – 3

Ариометика – 4

Алгебра – 3

Арнаулы курс (аналитикалық геометрия) – 4

Тригонометрия – 4

Тарих – 5

Физика – 3

Математикалық география – 5

Сызу – 5
Сонымен қатар Қасаболатовқа мамандығы бойынша оқу орнының жанынан бірінші разрядты жеңілдіктер берілген [212] .

Императорлық Саратов университетіне берілген жеке куәлігінде Қасаболатов 1909 жылдың тамыз айында училище жанындағы жоғары оқу орнына түсуге даярлайтын 1 жылдық класты оқып, оны 1910 жылдың 5 маусымында тамамдайды. Қасаболатов қосымша кластың толық курсын төмендегідей бағаман аяқтады:

Орыс тілі – 3

Неміс тілі – 4

Француз тілі – 4

Ариометика – 3

Алгебра – 3

Арнаулы курс (аналитикалық геометрия) – 3

Тригонометрия – 3

Тарих – 4

Физика – 4

Математикалық география – 3

Сурет –
Сол жылы Саратов университетінің медицина факультетіне қабылданды [213].

Ол 1910 жылы Император атындағы Саратов медицина университетіне қабылданып және «Еркін тыңдаушы» студент болған [214]. Есенғали Қасаболатов 1912 жылы 27 сәуірде Саратов губерниясының Петровск уезінің Сулавка деревнясының Сүлеймен Ахмалетдинұлы Мұхитдивтың қызы бибі Айшаға үйленуге рұқсат сұраған, 23 маусымда рұқсат берілген [215]. Есенғали Қасаболатов 1915 жылы чума ауруының шығуына байланысты Орал облысының Гурьев, Темір, Ілбішін уездеріне іссапарға жіберілген [216]. Есенғали Қасаболатов Император атындағы Саратов медицина университетіне емтихан тапсыруға рұқсат сұраған [217].

Мақсат Тәж-Мұрат өз еңбегінде «Е.К.Қасаболатов студент кезінде мерзімді басылымдарға бірнеше мақала жариялаған. Тырнақалды «Қазақ жастарына» деген мақаласында жастарды ел игілігі үшін еңбек етуге, өнер-білім игеруге шақырады; «Бас қосу турасында бір-екі сөз» мақаласында («Айқап», 1913ж. №20) қазақ зиялылары арасындағы жалпы қазақ съезін шақыру туралы айтыс, ел басқару, әкімшілік іс жөнінде өз ойын білдіреді; «Баспасөзге қарсы» атты өткір мақаласында («Айқап», 1914ж. №5) баспасөздегі сын мәдениеті, қазақтың басшы адамдарының арасында алалық кіру себебі мәселелерін көтерді; «Кімге өкпелеуіміз тиіс» мақаласында («Қазақ»,1915ж. 20 мамыр) оқып жүрген қазақ жастарының мұқтаждық көруін, бұл орайда жүйелі қамқорлық жасалмай отырғанын сөз етеді. Қазақ арасындағы етек алған ауру түрлерінің алдын-алу тақырыбында бірнеше мақала жариялады: «Чума» («Қазақ», 1913ж. №5, 42, 44), «Күйік» («Қазақ», 1913ж. №37), «Арақ пен темекі зияны» («Қазақ», 1914ж. № 76,77), «Көз ауру (Трахома)» («Қазақ», 1915ж. №116,118) жөнінде мағлұматтар келтіріп кеткен [218].

«Қазақ» газетінің басқармасы 1914 жылы 1-нөмірінде атсалысқаны үшін алғыс айтқан 16 автордың бірі. Есенғали 1915 жылы университеттің толық курсын аяқтап, дәрігер мамандығын алып, елге оралды. Калмыков уезінде Жылықоныс ауылдық-дәрігерлік учаскесінде дәрігер болып қызмет етті. Бұл жөнінде «Қазақ» газеті 1915 жылғы 25 маусымдағы нөмірінде «Жас доктор» деген шағын мақаламен хабарлады [219].

1916 жылы Қазақстан тыл жұмысына адам алуға байланысты туындаған толқуға қатысып, алғашқы кезде еріктілер жасағын құруға атсалысты. Кейін «Қазақ» газеті бетіндегі түсінік жұмысынан соң, Алаш қайраткерлерінің соғыс жағдайындағы Уақытша үкіметке көмектесу жөніндегі үндеуін қолдады, майдандағы қазақ жастарына бас-көз болып, дәрігерлік көмек ұйымдастыруға шақыруын қабыл алды. М.Дулатов 1917 жылы наурызда «Қазақ» газеті майданға шақырылған дәрігерлерден Ә.Алдияров пен Есенғали Қасаболатовтың Минскіге келетінін хабарлады.

1917 жылы шілдедегі 1-інші жалпықазақ съезінде Құрылтай жиналысына депутаттыққа қосымша ұсынылған 43 кандидаттың тізіміне кірді. Сол жылы жазда елде земство съезін шақыру жөніндегі уездік ұйымдастыру комитетінің жұмысына қатысты, осы орайда И.Қашқынбаев, М.Балтанов бастаған топпен арада ру алакөздігінен туған қақтығысқа араласты. 1917 жылы қыркүйектен бастап Ғ.Әлібеков, Н.Ипмағамбетов, М.Х.Мырзағалиев, Ә.Әлібеков тобына қосылды. Сол шамада Ғ.Әлібековтің қызына үйленді. 1917 жылғы желтоқсандағы 2-інші жалпықазақ съезінде Алашорда Ұлт Кеңесі (Алашорда үкіметінің) мүшелігіне кандидат (мүше орынбасары) болып сайланды.

1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен 3-інші Орал облыстық Қазақ съезіндегі идеялық емес, топтық жікке бөліну тұсында Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер жақтастарына қарсы шықты. Съезден соң құрылған құрамына 13 мүше енген «Ақжол» саяси ұйымының төрағасы болды.

1918 жылы наурызда өткен Орал облыстық жұмысшы, шаруа, солдат және қазақ депутаттарының 1-інші съезіне қатысты. Сол жылы 29 наурызға қараған күні Мұфтах Меңдіғазиевтың пәтеріне заңсыз қару сақтағаны үшін М.Х.Мырзағалиев, Ә.Әлібековпен бірге жергілікті қазақтар земство управасы үкіметі тарапынан тұтқындалды. Көп ұзамай Жайық сырты қазақтарының земство управасы төрағасының орынбасары К.Жәленовтің көмегімен босатылды. Сол жылғы жазды елде өткізді.

1918 жылы күзде Самардағы Құрылтай жиналысы мүшелері комитеті (Комуч) тарапынан мойындалып, күшейе бастаған Алашорда үкіметінің қызметіне араласты.

1919 жылы қаңтарда Қаратөбе ауданында өткен Ойыл облыстық земство басқармасының съезінде Жымпиты уездік земство управасы төрағасы Б.Жанқадамовтың орынбасары болып сайланды. Сол жылы тамыз айындағы Қызыл Армияның шабуылы тұсында Алаш әскер құрамаларын толықтыру үшін құрылған комиссияны және жүзбасы Балғымбаевтың конвой командасын бастап Жымпиты, Калмыков, Тайпақ өңірінде әскерге жігіт алу жұмысын жүргізді. Батыс Алашорданы тарату кезінде Жымпитыда болды.

1920 жылдың қаңтар айының аяқ шенінде Жымпитыға келген Батыс Алашорданы тарату жөніндегі комиссияның мүшесі, Қазәсревком өкілі С.Меңдешевке кейін «Қасаболатов тобының мәлімдемесі» деп аталған мәлімдеме тапсырды. Онда Батыс Алашорда қызметі жөнінде алғашқылардың бірі болып неғұрлым толық мәлімет берді.

1920 жылдың басында М.Х.Мырзағалиев, М.Жолдыбаевпен бірге Ә.Әлібеков төрағалық еткен Жымпиты уездік ревкомының құрамына кірді. Сол жылғы 20 қаңтарда РК(б)П қатарына қабылданды.

1920 жылы көктемнен Орал губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі. Қазәсревкомның 1920 жылы 24 маусымдағы шешімімен құрамына Чеботаров (орынбасар), Почиталин, С.Қартілеуов, Н.Ипмағамбетов т.б кірген губатком құқындағы Орал губревкомының төрағасы болып тағайындалды. Орал облысындағы қазақ интеллигенттерін Кеңес мекемелеріне жұмысқа тарту жөніндегі Струппе төрағалық ететін айрықша комиссияға Қаратілеуовпен бірге мүше болды. Алайда қазақ РК(б)П облыстық бюросы сол 24 маусым күнгі мәжілісінде Қазәсревком шешімінен өзгеше шешім қабылдап, Орал губкомының және оның төралқасының төрағалығына Струппені бекітті, Есенғали Қасаболатовты губревком мүшесі етіп белгіледі. Кейінірек төралқасының төрағасы жұмысын, ал Есенғали Қасаболатов губревком төрағасы қызметін атқарып, екі шешім бірқатар уақытқа шейін қосарланып келді. Сондықтан көптеген құжатта және әдебиетте Есенғали Қасаболатов Орал губревкомы төрағасы деп көрсетіліп жүр.

1920 жылы шілдеде аталмыш төралқа шешімімен Бүкілқазақ Кеңестерінің Құрылтай съезіне дайындық комиссиясына губревком тарапынан мүше болып кірді. Осы съезде Орал облысы делегациясының ұсынуымен КАКСР ОАК мүшелігіне сайланды. Қазақ РК(б)П облысы комитеті бюросының 1921 жылғы 3 мамырдағы шешімімен Орынборға қызметке шақырылды.

1921-1922 жылдары Қазақ РК(б)П облысы комитетінде жауапты қызметте. Осы жылдары зайыбы қайтыс болғаннан кейін, белгілі дәрігер, Батыс Алашорда қайраткері Д.Күсепқалиевтың қызы Ғайни-Жамалға үйленді. 1922 жылы бұрынғы Алашордашыларға қарсы науқан тұсында 3-Қазақ өлкелік Кеңестер съезінің қаулысымен қызметтен босатылды. Қазақ РК(б)П облыс комитеті төралқасының 1922 жылғы 19 қазандағы шешімімен Бақылау комиссиясының мақұлдауымен Ішкі істер халық комиссариатына (IIXК) жұмысқа жіберілді.

1925-1928 жылдары ҚАКСР Тұтынушылар кооперациясының төрағасы. Осы қызметте жүріп кооперациялау тақырыбына «К кооперированию казахского кочевого населения» («Советская степь»,1926, 5 ноября) тәрізді бірнеше мақала жариялайды.

1928-1929 жылдары Тәркілеу және ауылды күшпен отырықшыландыру науқанына батыл қарсы шықты. Сол үшін 1929 жылы қарашада «Меңдешев тобы құрамында жікшіл күреске қатысты» деген айыппен Ф.И.Голощекин жетекшілік еткен оны Қазақ өлкелік РК(б)П комитетінің бюросы 1929 жылы қарашада қызметтен босатты. Сол жылғы желтоқсандағы мәжіліс Қасаболатовтың өзімен келісе отырып, Қазақстаннан тыс жерге жіберу жөніндегі шешім қабылданды. Көп ұзамай РК(б)П ОК-тінің қарауына шақыртылып, әуелі Саратов, соңынан Астрахан қаласына жіберілді.

1931-1932 жылдары Астрахан қаласындағы РК(б)П аудандық комитетінің хатшысы, Астрахан округтік атқару комитетінің төрағасының орынбасары болды. Негізінен ұлтаралық қатынас, ұлт мәселесімен айналысты.

1931 жылы маусым айында жаңадан ұйымдастырылып жатқан Алмат медициналық институтына қызметке шақырылып, қыркүйекте осы оқу орнының тұңғыш директоры болып тағайындалды. Қазақстанда аталмыш оқу орны арқылы маман дәрігерлер даярлауды жүйелі жолға қою ісі Қасаболатов есімімен байланысты. Ол директор болған кезеңде әзірленген кадрлар арасынан кейін академик- эпидемиолог И.Қарқұлов, академик-вирусолог Жұматов, профессор-хирург Е.Өмірзақов тәрізді білікті мамандар шықты.

1933 жылы ол «Студент жастардан ұлтшыл-контрреволюциялық топ құрды» деген желеумен директорлықтан босатылды.

1933-1935 жылдары Алматы облысындағы «Қызыл қайың» кеңшарының директоры. 1935 жылдың қазан айында РК(б)П қатарынан шығарылды.

1936 жылы мамырда РК(б)П-ға мүшелігі қалпына келтірілді. 1936-1937ж.ж. Қазақ КСР Денсаулық сақтау халкомында экономикалық жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, «Главнефть» тресі өлкелік конторы басқарушысының 2-орынбасары. «Нефтьторг» қоғамының Қазақстандағы уәкілетті өкілінің орынбасары болып жүріп, 1937 жылы 29 тамызда Алматы қаласында IIXК органдары тарапынан тұтқындалды.

1938 жылы 26 ақпанда «Мемлекеттік қылмыс жасады» деген айыппен ату жазасына кесілді. КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының 1957 жылы 7 желтоқсандағы ұйғарымымен ақталды. Соңында Хұпби-Жамал, Шафхат, Мара, Шәміл, Бану, Нинель-Нәзір, Раиса есімді ұл-қыз қалды. Республика опера және балет театрының бұрынғы әншісі Хұпби-Жамал Есенғалиқызы 2001 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. Жиен-немерелері Ғалия мен Клара ата жолын қуып, дәрігер мамандығын игерді.

Қазіргі уақытта Қасаболатовтың ұрпақтары Алматы және Қызылорда қалаларында тұрады.

Есенғали Қасаболатовтың еңбек жолын толық жазып көрсеткен Батыс Қазақстан облыстық мұражайында құжаттар сақталған [220]. Есенғали Қасаболатовтың қоғамдық-саяси қызметі мен Алаш қозғалысы арасында кейбір түсінбеушіліктер болған, ол туралы жеке ғылыми-зерттеу жұмыстарында толық жазылады деп ойлаймын. (авт. Д.С.)

Есенғали Қасаболатов – Батыс Алашорда қайраткері, алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі.



14. Иса (Ғайса) Таумышұлы Қашқынбаев 1891жылы 15 қыркүйекте Орал облысы Ілбішін уезі Қурайлы болысы 3- ауылында (қазіргі Ақжайық ауданы) дүниеге келген, өлген жылы белгісіз. Әкесі дәулетті әрі сауатты кісі болған. Тегі –Байұлына жататын тана руы. 1903 жылы Қарасу-Шалқар болыстық орыс-қазақ мектебін үздік бітірді. 1903-1910 жылдары Орал әскери-реалды училищесінде оқыды. 1911 жылы осы училище жанындағы жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін қосымша класты тамамдайды. 1912 жылы Орынбор Халық ағарту округінің сынақ комитетінде ер балалар гимназиясының 8 класы көлемінде латын тілінен қанағаттанарлық бағаға емтихан тапсырып, құжаттарын Мәскеу университетінің медицина факультетіне жолдады. Мәскеу университеті қабылдаудан бас тартқан соң, сол жылы Қазан университетінің медицина факультетіне түседі. Орал облыстық земство жиынының стипендиясына оқыды. 1905 жылы студенттік толқуларға қатысты, татар М.Уахитов, чуваш-мары Н.Никольский, В.Охотников, қазақ Н.Залиев, Ә.Имамбаевтармен бірге РСДРП ұйымының оқушы ячейкасына кірді, полицияның жасырын бақылауына ілікті. Бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты 4-5 курстарды экстерн бітірді. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен соң Петроград қаласына келіп, саяси оқиғаларға араласты. I Бүкілресейлік мұсылмандар съезі қарсаңында шығыс зиялылары мен саяси қайраткерлерлерінің арасында мұсылман аймақтарының болашақ мемлекеттік құрылымдарының унитарлық (Ресейден бөлінбейтін) және федеративтік түзілімін таңдау жөніндегі айтысына қатысты. Наурыздың ортасында мұсылман қайырымдылық қоғамында өткен жиында Лутфи Исхаки, Сұлтанбек Мәмлиев сияқты татар зиялыларымен бірге федеративтік құрылымды қолдап сөйледі. Елде саяси оқиғалардың өрістеуіне орай Орынбор қаласына келіп, 1917 жылы сәуірдің басында өткен Торғай және Орал қазақтарының съезіне қатысты. 1917 жылы сәуір ортасында өткен 1-інші Орал облыстық қазақ съезінің делегаты. Съезді құттықтауға келген қазақтың оқыған қыздары Меңдіқыз Шәпенова мен Қашқынбаевтың зайыбы Жамал Дәулетдинқызы Қашқынбаева бастаған қыз-келіншектер тобын съезден шығарып жіберу жөнінде мәселе көтерген дін иелеріне қарсы шықты. Осы кезде Түркістан губерниясында қызмет етсе керек, себебі 1917 жылы шілдеде өткен I жалпықазақ съезінде Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидат ретінде М.Шоқай, Ғабдірасул Мәмбеевпен бірге Әмудария бөлімінен аталды. Депутаттыққа кандидаттар тізімін жасаған съезд бюросы «Қазақ» газетінің бетінде оған «Жас доктор, жігерлі, білімді, ұлтшыл жігіт» деген мінездеме берді. Шамамен 1917 жылы жазда Орал облыстық земство управасында, оның халық денсаулығын сақтау бөлімінің меңгерушісі А.Генкенің көмекшісі болып істеді. Земство съезін шақыру жөніндегі Жымпиты уездік ұйымдастыру комитетінің жұмысына қатысты. Осы орайда әкімшілік-аумақтық бөліністі ру жігі бойынша жүргізу көзқарасы салдарынан орын алған қақтығыстар тұсында Киев политехникалық институтының түлегі М.Балтановпен бірге Есенғали Қасаболатов тобына қарсы шықты. 1917 жылы желтоқсанда өткен II жалпықазақ съезінде Уақытша Ұлт Кеңесі (Алашорда) мүшелігіне кандидат (Ұлт Кеңесі мүшесінің орынбасары) болып сайланды. 1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен 3-Орал облыстық қазақ съезінде салық мәселесі туралы айтыста Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер тобын қызу қолдады. Сол жылғы мамырда Жымпитыда өткен 4-інші Орал облыстық қазақ съезінің делегаты, «Ойыл уәлаятының» Уақытша үкіметіне мүше болып сайланды. Облыстық земство жанындағы үкімет мүшесі ретінде әскери құрама жасақтау, халыққа дәрігерлік, тұрмыстық қызмет көрсету мәселелерімен шұғылданды. 1918 жылғы желтоқсандағы Жымпиты Алаш гарнизонының бас көтеруі кезінде өткізілген Батыс Алашорда үкіметі мен облыстық земство басқармасының төтенше мәжілісіне қатысты. Бас көтерулерден соң әскери құрамаларды зиялы топ өкілдері мен ел ішіндегі сыйлы адамдардың балаларынан жасақтау, сапалық тұрғыдан жақсарту шараларын қолдады. 1920 жылы ақпан айының басында Батыс Алашорда тізе бүккеннен кейін, оның белсенді үкімет мүшелері арасынан Жаһанша және Халел Досмұхамедовтермен бірге Орынбор арқылы Мәскеуге жөнелтілді. Маусым айында кеңес басшылығына табыс етілген Батыс Алашорда үкіметінің қызметі туралы мәлімдемені әзірлегендердің бірі. Сол жылғы 3 маусымдағы БОАК қаулысымен Қазәсревком қызметіне ұсынылды. Қазәсревком бұл ұсынысты негізінен құптағанмен, РК (б) П ОК-нің осы мазмұнды жеделхатына Қазақ РК (б) П ОК-нің облыстық комитеті келісім бермеді. Әсіресе 1920 жылы 21 маусымдағы мәжілісінде «әлеумет үшін қауіпті» адам ретінде Қашқынбаевты айрықша мінездемемен Заволжье әскери округіне жіберу жөнінде шешім қабылдады. Алайда Қазақ халық ағарту комиссариатының ара түсуімен сол жылғы тамыз айында осы органның Түркістан Кеңес Республикасындағы уәкілі ретінде Ташкент қаласына жіберілді.

1920 жылы осында өлкелік мұсылмандардың фельдшерлік мектебін ұйымдастыруға белсене қатысты. 1920 жылдың аяғынан Орта Азия мемлекеттік университетінің педагогикалық факультетінде ассистент.

1930 жылы 1 қазанда университет аспиранттары М.Әуезов, Қ.Кемеңгеровпен бірге тұтқындалып, Алматы қаласына айдалды. Осыдан Қазақ КСР Біріккен саяси басқармасы комендатурасының арнаулы түрмесіне 32 қайраткермен бірге қамалады.

Иса Қашқынбаев 1930 жылы барлық Алаш қайраткерлерімен бірге тұтқындалған, бірақ Иса Қашқынбаев Алиханов және т.б. барлығы 18 адам қылмыстық істері жоқтығына байланысты тұтқыннан 1932 жылы сәуірде босатылған [221]. Қауіпсіздік органдары архивінде оның үстінен қозғалған істің құжаттары жоқ. Иса Қашқынбаев 30- жылдардың ортасында Ташкенттегі Семашко атындағы функционалдық диагностика институтында бөлім меңгерушісі болды. 1938 жылы 23 сәуірде Өзбек КСР Мемлекеттік Қауіпсіздік басқармасы тарапынан ұсталып, «халықтар буржуазиялық реакциялық бөлігіне көмек көрсетті», «контрреволюциялық ұйымға қатысты» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Өзбек КСР IIXК-ның 1939 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысымен қылмысы дәлелденбеу себепті Иса Қашқынбаев қамаудан босатылған. Бұдан кейінгі тағдыры белгісіз. Иса Қашқынбаевтың кейінгі кезеңдердегі тағдырын анықтау үшін әлі де ізденіс жұмыстарын жүргізу қажет.

Иса Қашқынбаев – Батыс Алашорда қайраткері, алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі.
15. Кәрім Жәленов 1889 жылы Орал облысы Жымпиты уезі Байғұтты болысы №4 ауылында дүниеге келген. Әкесі Жәлен қарапайым шаруа болған. Үш жылдық орыс-қазақ мектебін, екі кластық орыс-қазақ училищесін бітірген. Болыстық басқармада көшірмеші болып жұмыс істейді. Орал шаруашылық мектебін 1905-1908 жылдары аяқтайды. Ол Орал әскери-реалды училищесіне 1908 жылы оқуға түсіп, 1914 жылы бітіреді. Училищеде оқыған жылдары М.Х.Мырзағалиевпен бірге жастар үйірмесіне қатысты. Жаз айларында Орал қаласы маңындағы Зеленов стансасында бай казак Астраханинге жалданып жұмыс істеді. 1914 жылы Воронеж ауылшаруашылық институтына түсті. 1916 жылы Б.Жанқадамов, М.Балтанов, М.Баймұхамедовтермен бірге қазақтан майданға адам алуды кейінге қалдыруды сұрап, Петроградқа барған. Оқуын аяқтамастан, Түркістан генерал-губернаторлығы мен бүкілресейлік земство одағының және «Қазақ» газеті маңындағы ұлт зиялыларының шақыруымен тылдағы қазақ жігіттеріне жөн-жоба көрсету үшін Батыс майданындағы 9 қос (жұмыс дружинасы) Кіші жүз жігіттеріне басшылық етуге қатысты. Сол жылы наурыз-сәуір айларында Жайық сырты қазақтары управасының шақыруымен 1-Орал облысының қазақ съезін әзірлеуге қатысты. 1917 жылы сәуірдің басында Орынборда өткен Торғай және Орал облысы қазақтары съезінің делегаты. 1917 жылы сәуірдегі 1-Орал облысы қазақ съезінде Жайық сырты қазақ комитетіне мүше болды. 1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысты. Сәл кейінірек Жымпиты уездік атқару комитетінің төрағасы болды. Осы қызметте жүріп, Уақытша үкіметтің 1917 жылғы маусымдағы бұратана ұлттарға жергілікті басқару билігін земство жолымен беру жоспарында көрсетілген, қыстау бойынша уездік сайлау тізімін жасау тәртібіне орай бұрынғы әкімшілік бірліктерді қайта межелеу, саны аз руларды өз алдына болыс, ауыл етіп қоныстандыру жұмысын жүргізеді. Бірақ бұл бастамасы саны мол, іргелі рулардың Салық Омаров, Кеңесары Отаров, Жүсіпқали ақсақал секілді белгілі адамдарының, Ілбішін уездік атқару комитетінің Ғаббас Жетпісов, Мәулекеш Сарығожин тәрізді басшыларының наразылығын туғызды. Мұның аяғы наразы топтың Жымпиты уездік атқару коитеті үйіне басып кіріп, Кәрім Жәленовтің орынбасары Бақтыгерей Игіліковті соққыға жығуына әкеп соқтырды. Жаңадан уатком құрамы жасақталды. Бірақ көп ұзамай құрамына Н.Ипмағамбетов, Ғ.Әлібеков бар облыстық атқару комитеті комиссиясының күшімен бұрынғы комитет қалпына келтірілді.

1917 жылы күздегі уездік земство басқармасын сайлау кезінде Кәрім Жәленов оның мүшелігіне сайланбай қалды. 1917 жылы қазан айындағы Жайық сырты қазақтарының облыстық земство басқармасына баламалы негізде төраға сайлануы кезінде Досмұхамедовтің кандидатурасын қолдады. Облыстық қазақ атқару комитеті төрағасының міндетін уақытша атқарады. Жайықтың сол жағалауындағы құнарлы жерлерді казактардан қайтарып алу мәселесін Құрылтай жиналысы негізінде қазақтарды жерге орналастырып барып шешу жағында болды. 1918 жылы қыста Қаратөбеде өткен 3-інші Орал облыстық қазақ съезінде кедейлерге салынатын салық ауыртпалығын жеңілдету үшін салықты түтін басына емес, ауыл-ауыл, қауым-қауым бойынша бөліп салуды ұсынған Әлібеков тобын қолдады. Өзге мәселелер бойынша Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер жағында қалды. Осы кезеңде үйде қару сақтағаны үшін Орал казактары әскери үкіметі тарапынан тұтқындалған Е.Қасаболатовты, Ә.Әлібековті, М.Х.Мырзағалиевты кепіл болып босатып алды.



1918 жылы бас кезінде өткен Орал большевиктері съезінің іс-әрекетінің жүгенсіз, анархияшыл сипатын әшкерелеп, оларға жақтас болғандар революциялық заң жолымен қатаң жазаланатыны жөнінде облыстық атқару комитеті бұйрығын шығарады. Оларда оқитын қазақ жастарының мәдени-ағарту, өзара көмек көрсету бағытындағы «Ақ ниет» ұйымының Құрылтай жиналысына қатысып, ұйымға қолдау көрсетті. Ұйымды құраушы А.Арыстанов, Б.Бисенов, А.Арғыншиев, Ғ.Ниязов, С.Жетімеков, Ә.Ипмағамбетов секілді жастарға қамқорлық жасады. 1918 жылы қаңтарда Орал қаласында қайта өткен облыстық земство басқармасын сайлау кезінде облземуправа төрағасы Х.Досмұхамедовтің орынбасары болып сайланды. 1918 жылы наурыз-сәуірде Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер басқарған делегация құрамында Мәскеуге барып, Совнарком Кіші коллегиясында екі жақты келісімшарт әзірлеу ісіне қатысты. Сәуір аяғында Барбастауда Орал казактары әскери үкіметі мен облземуправа арасында жасалған одақтық келісімшартқа қол қойғандардың бірі. 1918 жылы мамырда Жымпитыда өткен 4-Орал облыстық қазақ съезіне президиум хатшысы болып сайланды. «Ойыл уәлаяты» құрылғаннан кейін, Жымпиты уездік земство басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Облыстық уездік және деңгейдегі земство басшысы кезінде Алаш милициясын, кейін Батыс Алашорда Халық әскерін жасақтау ісін ұйымдастырушылардың бірі. Батыс Алашорда тізе бүккеннен кейін, оның ең беделді қайраткерлерінің бірі ретінде Қазақстаннан аулақтатылып, 1920 жылдың басында Жаһанша және Халел Досмұхамедовтермен бірге Бүкілресейлік ОАК қарамағына жіберілді. Батыс Алашорда басшылары атынан Кеңес өкіметі басшылығына тапсырылған Батыс Алашорда үкіметінің қызметі жайындағы хат-баяндаманы әзірлеп, оған қол қойғандардың бірі. 1920 жылы маусымда БОАК шешімімен Орынборға, Қазәсревком қарамағында қызметке пайдалануға жіберілді. Қазәсревком Президиумның хатшысы болып істеді (1920, маусым-тамыз). 1920 жылы қыркүйекте Қазақ Халық ағарту комиссариатының қатынас қағазымен, Түркістан Кеңес Республикасының төрағасы Т.Рысқұловтың сұруына орай Түрік республикасы қарамағына қызметке жіберілді. 1920-1923 жылдары аралығында Ташкенттегі Қазақ ағарту интитутында және Орта Азия университетінің агрономия бөлімінде оқытушы, Түрік Республикасы Халық ағарту комиссариаты жанынан Х.Досмұхамедов ұйымдастырған Білім комиссиясының жұмысына қатысты. 1 және 2-басқыш мектептеріне арналған физика және арифметика оқулығын жазуымен айналысты. Соңғы оқулығын Ташкентте «Есептану» деген атпен жарыққа шығарды. 1923 жылдың басында Х.Досмұхамедов, проф. А.Шмидт, Ә.Диваев, М.Жұмабаев, Н.Архангельскиймен бірге «Талап» қазақ мәдениетін көркейтушілер қауымын құрысты. Сол жылы қыста Мәскеу ауылшаруашылығы кооператив инситутына оқуға кетуіне байланысты «Талап» қауымы басқармасының құрамына енген жоқ. Ташкентте жүрген кезде К.Жәленов қаламынан «Химия өзгерістері», «Қазақ-қырғыз мектептері» («Сана», 1923, №1), «Емшек баласын асыраудың һәм тәрбиелеудің реті», «Өсімдіктердің түзілісі», («Шолпан», 1923, №6-8) мақалалары туды. 1921-1922 ж.ж. Қазақстандағы ашаршылыққа байланысты өткен қазақ зиялыларының Ташкент кеңесінің қатысушысы. 1924 жылы Орал губерниясы жоспарлау комитетінде а.ш. секциясының меңгерушісі. 1924-1925ж.ж. латын әліппесін тарату жөніндегі қоғам жарғысын жасады. Белсенді қызметкерлер жиналысында бірауыздан қабылданған жарғы негізінде құрылған латын әліппесі жөніндегі комитетке мүше болады. Кейінірек Гурьев округтік бөлімшесі тарапынан тұтқындалады. 1930 жылы сәуірде 5 жылға Воронежге жер аударылды. Жазаны өтеп келгеннен кейін 1937 жылы қайтадан тұтқындалып, 1938 жылы 26 ақпанда атылды. 1988 жылы қарашада ақталды. 1988 жылы зайыбы Полина Сергеевна Жәленова Атырау қаласында тұрған. Кәрім Жәленовтің ұрпақтары туралы деректер жоқ.

Батыс Алашорда қайраткері, қазақтың алғашқы ауыл шаруашылығының мамандарының бірі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет