Қазақстанның қазіргі
ауылдары мен селоларының әлеуметтік-экономикалық даму проблемалары
Егер ол қоғамдық дамудың, қоғамның барлық жіктерінің мүдделерін дұрыс білдерсе, онда ол теория мен практика көрсеткеніндей, яғни аграрлық саясат терең түбірлі өзгерістердің, оңға қарай жаңарулардың маңызды факторларының бірі болып табылады. Азық-түлікті, халық тұтынатын тауарларды өндіру, тұрғындарға тұрмыстық, мәдени, сауда медицина және рухани қызмет көрсету тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыл-селоны көркейту, қоршаған ортаны сауықтыру аграрлық саясат пен аграрлық экономикадағы басым бағыттар, міне-осылар. Зейнеткерлердің, мүгедектердің, соғыс және еңбек ардагерлерінің, аналар мен балалардың жағдайын ескеру осы басымдықтарға жатады.
Бұл мақсаттарға аграрлық секторды кешенді әрі жеделдете дамытудың арқасында жетуге болатын еді. Алайда соңғы кезде Республикада алынған шаралар экономиканы біржолата түзеуге әлсіз болып шықты. Өмірдің барлық саласында жаңа кері құбылыс - тоқырау басталды. Экономиканы басқаруда, жүргізуде жіберілген кемшіліктер оны солқылдатты. ІХ-Х бесжылдықта пайда табу жоспарлары 17-18 пайызға орындалмады. Ауылшаруашылығы, оның ішінде малшаруашылығы іштей шайқалды. 1980-1985 жылдары сауылған сүт әр сиырға шаққанда 100 килограммға, әр бас ірі қараның орташа салмағы 54, қой 3 килограммға кеміді.
Күрделі құрылыста орасан зор олқылықтарға орын берілді. Оған тоғызыншы бесжылдықта 1,6 миллиард сомның, он бірінші бесжылдықта 2,6 миллиард сомның игерілмеуі айғақ. 1971-1989 жылдары республиканың ауылшаруашылығына 58,2 миллиард сом, оның ішінде өндірістік объектілерге 43 миллиард сом бөлінді. Әйтсе де күрделі қаржы есебінен ауылшаруашылық проблемаларын шешеміз деген әрекет күткеніндей нәтиже әкелмеді. Қаржының жартысынан көбі - 55 пайызы аса қымбат тұратын малшаруашылығына арналған орасан зор кешендер, өзін ақтамайтын суландыру жүйесі құрылысын салуға жұмсалды. Топырақтың құнарлылығын арттыруға, фермаларды электр қуатымен жарақтандыруға, еңбекті көп керек ететін учаскелерді механикаландыруға, ауылшаруашылық өнімдерін сақтап өңдеуге қаржы аз мөлшерде бөлінді. Әлеуметтік салада, ауылдар мен селоларды көркейту мәселелерінде бұрынғысынша «қалдық принцип» үстемдік етті.
Колхозшылардың, совхоз жұмысшыларының мемлекетке сатып отырған ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын өсіру арқылы жағдайымызды түзейміз деген үміті ақталмады. Баға екі есе көтерілгенмен оның есесіне өндіріс тауарларының бағасы 2,5 есе көтерілді. 80-жылдары республикадағы ең өзекті проблема – азық-түлік Бағдарламасын жасап орындау болды. Ол бойынша жылына бір адамға 72 кг ет, 300 кг сүт, 93 кг картоп, 130 кг, көкөніс, бақша өнімдерін өндіру көзделді. Бірақ та бұл да іске аспады, сөз жүзінде қалды. Азық-түлік Бағдарламасында азаматтардың жеке шаруашылық меншігі – қосалқы шаруашылыққа үлкен мән берілді. 90-жылдардың басында Батыс Қазақстан облысындағы тұрғындардың 100 отбасына – 225 бас ірі қара малы, 423 қой, 30 жылқы келді. 1990 жылдың басында әрбір ауыл тұрғынының отбасынан қосымша – 275 кг ет, 1500 кг сүт, 847 дана жұмыртқа, 129 кг картоп, 58 кг көкөніс – бақша өнімі, 7 кг жеміс-жидек алынды. Мұның өзі халықтың әл-ауқатына едәуір себебін тигізді. Алайда бұдан әрі бұл игі іс ойлағандай өрісін таппады, ол іс шаруашылық басшыларының, жергілікті өкімет органдары тарапынан қолдау көрмеді, яғни қосалқы шаруашылық иелеріне материалдық және қаржылай көмек тиісті көлемде көрсетілмеді.
Әлеуметтік саясаттағы басты бағыт «Тұрғын үй - 91» Бағдарламасын орындауға бұрылды. «Тұрғын үй - 91» бойынша республикада 800 отбасының баспана жағдайын жақсарту көзделді. Мұнда интенсивті кооперативтік және жекеменшік құрылысқа баса көңіл бөлінді. Сонымен 80-жылдардың аяғында 90 жылдардың басында ауыл халқының тұрмысын жақсартуға біршама дұрыс бағдар ұсталды. 1981-1985 жылдары тұтас алғанда республика бойынша 23,5 млн. шаршы метр тұрғын үй алаңы іске қосылып, көрсеткіш 38 пайызға өсті. Осы кезеңде жалпы білім беретін мектептерді тапсыру – 45 пайызға, балабақша мен яслилерді тапсыру – 23-ке, ауруханаларды тапсыру – 46-ға, емханаларды тапсыру 62 пайызға артқан. «Тұрғын үй - 91» Бағдарламасын орындауда Батыс Қазақстан аумағындағы шаруашылықтарда оң тенденциялар байқалды. Батыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің 1989 жылғы 1 тамыздағы мәліметіне қарағанда 1987 жылы кезекке тұрған 34 мың отбасының 17,4 мыңы тұрғын үй жағдайын жақсартқан. Бұл орайда өз аумақтарында орналасқан қуатты өндірістік қорларды, жергілікті материалдарды барынша шебер пайдаланған, шаруашылық әдіспен құрылыс жүргізген Қазталовка, Камен, Приурал аудандарының еңбекшілері өзгелерге үлгі-өнеге көрсетті. Бұларда жастар тұрғын үй кооперативтері де әлеуметтік мәселені оң шешуге белсене ат салысты. Осындай жетістіктермен қатар орын алған олқылықтар да аз емес еді. Уақыт алға жылжыған сайын құрылысқа деген күрделі қаржы көлемі қысқара берді. Тұрғын үй құрылысының жоспары орындалмай, пайдалануға берілген пәтерлер саны кеміді. Нәтижесінде республика халқы, оның ішінде Батыс Қазақстан тұрғындары он бірінші бесжылдықта 1,4 млн шаршы метр тұрғын үйді, 121,5 мың орындық мектепті, 67 мың орындық мектепке дейінгі балалар мекемелерін, тағы басқа объектілерді кем алды. Халық тұтынатын тауарлар өндіру – елдің тұрмыс халін жақсартудың бір жолы екені даусыз. Осыған байланысты республикада, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында 1986 жылғы сәуірде «Халық тұтынатын тауарлар өндірісін және 1986-2000 жылдарға арналған қызмет көрсету саласын дамытудың кешенді бағдарламасы» жасалып, бекітілді. Онда 1990 жылға қарай халық тұтынатын азық-түлік емес тауарлар өндірісін 1,4 есе, ал 2000 жылға таман 2 есе, ал төлемді қызмет көрсетуді тиісінше 1,8-ден 2,5 есеге дейін арттыру қарастырылды. Бұған ірі кәсіпорындар мен ұйымдар тартылды. Нақтырақ айтсақ, машина жасаушы «Зенит», «Омега» прибор жасау және «Металлист» зауыттарында т.б.-рда көптеген цехтар қайта құрылып, учаскелер қайта жабдықталды, тауарлар мен қызмет көрсету бюролары, қабылдау пунктері, тапсырыс столдары, арнайы дүкендер ашылды. Қорытындысында 1986-1990 жылдары халық тұтынатын тауарлар көлемі 54,8 млн. сомға өсті. 1986 жылы медициналық қызметті жақсарту үшін 1986-1990 жылдарға арналған халықты медициналық мақсатты қызметпен қамту бағытында кешенді бағдарлама қабылданды. Осы бағдарлама бойынша «Денсаулық», «Қамқорлық» бағдарламалары жұмыс істеп, Батыс Қазақстан облысында 1634 жалғызілікті және қари адамдарға қызмет көрсеткен 15 мамандандырылған арнайы көмек бөлімше жұмыс істеді. 1988-1989 жылдары соғыс ардагерлеріне, қайтыс болған жауынгерлер отбасына 173 барлық қолайлы жағдайы бар пәтер, емдеу орындарына 278 жолдама, 134 «Запорожец» автомобилі берілді. Қазақстанның көптеген аудандары, әсіресе, Семей, Капустин Яр сынақ алаңдары аймағында орналасқан елді мекендердің халі ауыр болды. Жергілікті халық басым тұратын шалғайдағы аудандар тұрғындары медициналық қызметпен, ауыз сумен қамтамасыз етілмеді. Олардың тамағында көкөніс, жеміс түрлері жетіспеді. Балалар мекемелері, кітапханалар тиісті құралдармен жабдықталмады. Осындай жағдай 80 жылдардың аяғында республика мен орталықтың арасын шиеленістерді. 1989 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі «Бірқатар облыстардың шалғайдағы аудандарының әлеуметтік дамуын жеделдету жөніндегі шаралар туралы» қаулы қабылдады. Қаулыда 205 ауылдық аудандардың 71-нің әлеуметтік дамуы төмен екендігі, 30-ның қай жағынан да артта қалғаны, ал олардағы үйлердің бестен бірінде ғана су құбырының барлығы, 400 поселке әлі де болса әкелген сумен тұрғандығы, 500-ден 78 колхоз бен совхоз ғана газ құбырына қосылғаны атап көрсетілді.
Сонымен Батыс Қазақстан облысының сегіз оңтүстік аудандарының ауылдары мен селоларының әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын зерттеу, олардың одан әрі дамуын белгілеу қолға алынды Әлі де болса 100-ден астам елді мекен ауызсуды тасып ішті. 642 ауыл мен малшылар тұрағы мемлекеттік электр желісіне қосылмаған болып шықты. Батыс Қазақстан облыстық атқару комитеті Жәнібек, Жымпиты, Жаңақала, Жалпақтал, Қазталов, Қаратөбе, Тайпақ, Орда аудандары экономикалық дамуының кешенді бағдарламасын бекітті. Бұлардың әлеуметтік дамуы үшін 600 млн. сом қаржы бөлінді. Оған 1991-1995 жылдары оңтүстік аудандарда 535 мың шаршы метр тұрғын үй, 13674 оқушыға мектеп, 4760 орындық балабақша, асхана, сауда орындары мен асхана, емханалар салу, 7724 номерлі автоматты телефон желісін тарту, 3 мың км автомобиль жолдарын төсеу көзделді. Нақ осындай бағдарлама Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары бойынша да жасалып, кең көлемді шаралар белгіленді.
Алайда 70-80 жылдары әлеуметтік саладағы проблемалардың шешілгенінен гөрі шешілмегені көп болды. Ол проблемаларды «қалдық принциппен қаржыландыру сауда, медициналық қызмет көрсетуді, білімді, мектепке дейінгі тәрбиені дамытуды кешеуілдетті. Әсіресе, облыс орталығынан шалғайда орналасқан аудандарда жағдай оңайлықпен түзеле қоймады. Мұнда тұрғын үй, мәдени-тұрмыстық объектілер, қамту мекемелері құрылысын салу қарқыны еңбеккерлердің талап-тілегінен мүлде төмен болды, олардың мұқтажы өтелмеді. Күрделі қаржы ауыл тұрғындарының баспанасын тұрғызуға селода бір отбасына шаққанда 3,5 есе кем бөлінді. Азық-түліктің, сапалы өндірістік тауарлардың тапшылығы қатты сезілді. Бірте-бірте еңбекке ықыласты көзқарас төмендеді, өндірісте ұрлыққа жол берілді, еңбек және орындаушылық тәртіп бұзылды, маскүнемдік, қылмыс жасау, «көлеңке экономика» күшейді. Осының барлығы, сайып келгенде әлеуметтік салада қауіпті дағдарыстың төніп келе жатқандығын дәлелдеп, 80-жылдардың аяғында, 90-жылдардың басында тоталитарлық тәртіптің іріп-шіруге бет алғандығын көрсетті.
Достарыңызбен бөлісу: |