Облыс ауыл шаруашылығына нарықтық қатынастардың енуі: жетістіктері және қиындықтары
Батыс Қазақстан – агралы облыс. Агроөнеркәсіп кешені өнімдері жалпы өндірістің 2/3-ден астамын құрайды. Мұның өзі облыс экономикасына аграрлық сектордың қосар үлесі қомақты екенін көрсетеді. Өтпелі кезеңде облыстың агроөнеркәсіптік кешені де елеулі қиыншылықтарды бастан кешірді. Нарықтық қатынастарға көшу, сатылатын шикізат бағасының либерализациялануы және өндірістік-техникалық бағыттағы өнімдердің қымбаттауы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісіне де кері әсерін тигізді. Агроөнеркәсіптік кешен – экономиканың әлеуметтік маңызы зор секторларының бірі. Агроөнеркәсіп кешенінің ұйымдық құрылым ауыл шаруашылығынан, балық, су шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету станцияларынан тұрады. Өтпелі кезеңде жүргізілген реформалардан кейін мемлекеттік басқару жүйесі жойылып, жоғарыда аталған салалар арасындағы байланыс үзіліп, агроөнеркәсіп кешенінде нарықтық күйзеліс басталды.
Ауыл шаруашылығында жекешелендіру қандай да бір әзірленген механизм негізінде емес, ауыл шаруашылығы экономикасында нарықтық құрылымдар дамымай тұрып, тауар өндірушілерді алдын-ала нарық механизміне әзірлемей тұрып, асығыс жүргізілді. Реформалаулардың мақсаты аграрлық реформа арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін көтеру болды, бірақ ол бірден орындалмады. 1994-1995 жылдары жаппай ұжымдық кәсіпорынға көшу тек шығын әкелмесе пайда әкелген жоқ. Себебі кәсіпорынның аты өзгергенімен жұмыс істеу бағыты өзгерген жоқ. Бірақ басты шара жүзеге асты. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы қысқартылды, ал бұл нарық талабына сай жұмыс істемек түгілі, нарықтың не екенін сезіне қоймаған ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне оңай соққы болған жоқ, кәсіпорындардың шығындары өсе берді. Олардың мемлекет алдында емес, жұмысшылар алдындағы қарыздары өсті. Бұған есебеп стихиялы ұйымдасқан нарық пен талапқа сай емес жүргізілген жекешелендіру нәтижелері, ауылшаруашылық өнімдерін натуралды айырбас жасау, өнеркәсіп өнімдері бағасының өсуі т.с.с. болды.
Нарықтық қатынасқа көшу кезеңінде ерекше маңызға ие болған шаруашылықты жүргізудің жаңа әдісінің бірі – шаруа қожалықтары. Облыста шаруа қожалықтарының дамуы тез қарқынмен жүрді. 1991 жылдың қараша айында-ақ олардың саны 148-ге жетіп, оның ішінде 58,1пайызы мал, 30,2 пайызы мал және егін шаруашылығымен айналысты. Олардың меншігінде 160,0 мың га ауыл шаруашылығы жері, 4 мың ірі қара, 44 мың қой, 286 шошқа, 765 жылқы, 3318 құс болды. 1991 жылы олар 8700 тонна астық, 62 т. картоп пен көкөніс, 98т. басқа дақылдарын, 749 т. ет, 510 т. сүт 152 т. жүн өндірді. Шаруа қожалығына көшу қарапайым халықтың нарық қыспағанда өмір сүрудің қиын да болса мүмкін жолы екенін түсіндірді. Себебі, шаруа қожалығы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың жоқтығынан, нашар қамтамасыз етілген материалдық-техникалық базаның және өнеркәсіп өнімдері бағасының күн санап өсуінің әсерінен құрып кете жаздаған ауыл шаруашылығына көмегін тигізді.
Облыста 1990 жылы «Жайық шаруасы» ассоциациясы құрылды. Оның негізгі міндеті - өз мүшелерінің мүдделерін қорғау, олар өндірген өнімді өткізу, сонымен қатар фермерлерге (шаруаларға) несие алу жолдары, салық төлеу тәртібі, басқа да соларға қатысты заңдар жөнінде кеңес беру, түсіндіру болды. Ассоциация жанынан 1999 жылы «Фермерлерді қолдау қоры» құрылып, ол арқылы 2000 жылы 80 агроқұрылымға 100,0 мың долларға тең несие берілді. Фермерлерге несие берумен соңғы кезде тұрақты әрі жүйелі шұғылдануда және олар 100 пайыз қайтарыммен жұмыс жасауды үйренді.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қазіргі таңда ел экономикасының өзекті саласына айналды. Ал кәсіпкерлікті қолдау үшін оған қаржылай көмек керек екені даусыз. Бұл тұрғыда жер-жерде қанша қиын болса да қаржы көздерін тауып, кәсіп етемін деген жандарға көмектесуге күш салынуда. Соның бір дәлеліндей қазір бірқатар аудандарда үкіметтік емес республикалық шағын несие беру қоғамдық қорлары құрылған. Сондай қор Жаңақала ауданында да бар. Қордың құрылғанына көп болмаса да 150-ден астам адамға шағын несие берді. Шағын несиелендіру қоры арқылы 2001 жылы 33 адам 990 мың теңгенің несиесін алса, 2002 жылдың 1 желтоқсанына дейін 43 адамға 1290 мың теңгенің және мерзімінде қайтарылған шағын несиелендіру айналымдағы қорынан 76 адамға 2385 мың теңге несие берілді.
1996-2000 жылдар аралығында асыл тұқымды мал шаруашылықтарын жекешелендірудің нәтижесінде сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара саны 17 есеге, етті бағыттағысы – 10, қой 8 есеге қысқарып кетті. Қойдың қаракөл тұқымы мүлде жоғалып кетті деуге болады. Қазақы тұқымды түйе, біздің облыста өсірілген ақжайықтық етті – жүнді тұқымды және еділбай қойлары, жылқының көшім және жабы тұқымдары жойылып кету қарсаңында болды.
Қиындықтан шығар жол тауып, бүгінде тек жан сақтау емес, өрлеу жолына түскен ұжымдар арасында Теректі ауданындағы Шағатай ауылындағы Чапаев асыл тұқымды мал зауыты ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл шаруашылық ғалымдардың талай ондаған жылдар бойы көз майын тауысып, малшылардың мәпелеп өмірге әкелген асылдарының мекені. Ол асылдар сонау бір жылдарда қазақтың мақтанышына айналып, шетелдік ғалымдардың назарын аударып қызықтырған. Әрине, ол кездер шаруашылықтың тасы өрге домалап, абыройы аспандаған тұстар еді. Кейін ауыл шаруашылығын реформалау деген желеумен басталған жекешелендіру қазақтың «ақбасын да» аямады. Қайта мүлде құрып кетуден сақтап осы күнге жеткізген шағатайлық азаматтардың ерен еңбегі риза боларлық. Шындығында сол бір ауыр жылдарда мал зауыты өз күнін өзі көрді. Оған асыл тұқымды мал зауыты ретінде мемлекеттен ешқандай жәрдем болмады. Әр басы алтыннан да қымбат талай түлектер жанар майға, тұқымға, азық-түлікке айырбас болып кетті. Олай етпеске амал жоқ еді. Өйтпегенде қалған малды аман сақтап қалу мүмкін болмады. Мал зауытының тізгінін Ерболат Қаженұлы Нысанбаев қолына алғанда, яғни 1998 жылы оның шығыны 23 млн теңгенің көлемінде еді. Келесі жылы ол он млн теңгеге азайды. 2000 жылы тағы да кеміп, 11 млн көлемінде болды. Ал 2001 жылы қордаланған шығын мүлдем жойылып, зауыт жылды 8 млн теңгеге жуық таза пайдамен аяқтады. Сондай-ақ сол 1998 жылы зауыт үкіметке алпыс млн, зауыт жұмысшаларына жалақыны он млн, барлығы 70 млн теңге бережақ еді. Осы жетпіс миллионнан шаруашылық 2000 жылдың басында түгелдей, толық құтылды. Үкіметке патент ретінде жыл сайын төленетін 1 млн 200 мың, зейнетақы қорына аударылатын 1 млн 500 мың теңгемен де есеп айырысып, оның бер жағында электр жарығы, салыққа, телефонға төленетін төлемдерді де төлеп, зауыт 2002 жылға ешқандай бережақсыз кірді. Ұжым мүшелерінің жалақыларын ай сайын төлеу дәстүрге айналған. Тек 2001 жылы он екі айда жалақыға барлығы он төрт млн теңге қаржы төленіпті.Мұның сыртында зауыт еңбеккерлеріне азық-түлік, астық тұрақты беріліп тұрады. Жеке малдарына қажетті жемі мен шөбі толық шешілген.
Мал шаруашылығы өнімдерін дайындау көлемінің төмендеуі ең алдымен оны өндіру көлемінің азаюымен байланысты. 1992 жылы облыстың колохоздары мен совхоздарында мал өнімділігі төмендеді, сүтті сиырлар саны азайды. 1 сиырдан сауылатын орташа сүт 97 килограммға қысқарды. 1994 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімін сол кездегі бағамен есептегенде 4,6 млрд теңге құрады. Соның ішінде өсімдік шаруашылығының өнімдері – 2,9 млрд теңге, мал шаруашылығы – 1,7 млрд теңге. Осы жылы 1290 мың тонна астық, 55 мың тонна картоп, 17 мың тонна көкөніс, 2,7 мың т. жеміс – жидек, 3,4 мың т. қант қызылшасы жиналды. Дайындау ұйымдары арқылы 320 мың т. жаңа егіннің астығы сатып алынды. Облыс бойынша мемлекетке астық тапсыру жоспары 105 пайызға орындалды.
Осы жылдары бұрынғы ұжымшарлар мен кеңшарларды қайта құруға байланысты олардың негізінде 3722 агроқұрылымдар пайда болды, олардың 3516-сы шаруа қожалықтары, 206 ауыл шаруашылығы құрылымдары заңды тұлға құқығына ие және ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары болып есептеледі. Талдау көрсеткендей мұндай құрылымдарда мал шаруашылығы бетімен жіберілген, олардың базасы тоналып қираған, тек санаулы басшылар ғана бұған ұжымдық малды ұстап, тауарлы сүт фермаларын, мал орындары мен инфрақұрылымдарды сақтап қалды.
Негізгі мал басы тұрғындардың жеке ауласында қалды. Олар еттің 87, сүттің – 84, жұмыртқаның – 97, жүннің 79 пайызын өндірді. Мал шаруашылығын ұйымдастыру мен шикізат пайдалануда біз 70-80 жылға кейін кеттік. 1996-2000 жылдары шаруашылықтарда ірі қара саны 1,8 есеге, соның ішінде сиыр 98,0 мыңға азайып кетті. Әсіресе сүтті мал көп қысқарды, шағын мал басы бар бірнеше ауыл шаруашылығы құрылымдары ғана қалды.
Қой шаруашылығы құлдырап, пайға берілген қой пышаққа ілінді, 1,5 млн бас қойдан 600 мыңы, ал ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында миллион бастан небәрі 46,0 мың ғана қалды. Жылқының теңжартысындайы қысқарды. Егер 1996 жылдың басында облыста 116,5 мың бас жылқы болса, 2000 жыл аяғында статистикалық деректер бойынша 60,1 мың бас қана қалды. Сондай-ақ шошқа да елеулі түрде қысқарды. 2000 жылы біршама қолайлы жағдайлар арқасында мал басының тұрақтауына қол жеткізілгенімен, жағдай әлі де күрделі болды.
Өндірілетін мал шаруашылығы шикізат көздерін игеру ерекше алаңдаушылық туғызатындай жағдайда болды. Облыста Жаңақала және Жалпақтал қой сою орындары, Орал ет комбинаты, «Аяз», «Береке», акционерлік қоғамдары, «Мех комбинаты», «Тері шикізаты» серіктестіктері сияқты қайта өңдеу кәсіпорындары болғанымен олардың қуаты толық пайдаланылмады. Мысалы «Аяз» АҚ 2000 жылы облыстық бюджетте 4,5 млн теңге несие алды, бірақ шикізаттың басым бөлігін, 219 тонна жүн мен 14,0 мың дана қой терісін Атырау облысынан сатып алды, бұл барлық сатып алынғанның 54 және 77 пайызын құрайды. Былайша айтқанда, несиенің негізгі бөлігі көршілес облыстың тауар өндірушілеріне кетті деген сөз. Ауыл шаруашылығы департаменті мұны тәртіпке келтіріп, бейберекетсіз өнім өткізуді тоқтатып, ақпарат қызметін жақсарту арқылы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өз өнімдерін облысымыздағы қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізуін ұйымдастыру керек.
2000 жылы облыста ауылшаруашылық өнімін өндірумен 3000 астам шаруа қожалығы, 210 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 10 акционерлік қоғам, 35 өндірістік кооператив және 41 қосалқы кәсіпорын айналысады. Сонымен қатар 104 мың үй шаруашылығы мен 273 саяжай кооперативі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірді. Соңғы жылдары бірінші рет ауылшаруашылық тауарын өндірушілері мемлекет тарапынан қолдауды анық сезінді. Ауыл шаруашылығының басты саласы өсімдік шаруашылығына ерекше көңіл бөлінді. Облыс бюджетін кепілдікке қоя отырып, тауар өндірушілер мемлекеттік қордан 21 мың тонна тұқым қорын және жанар-жағар материалдары үшін 146,6 млн теңге қарыз алды. Сонымен қатар көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін облыстық бюджеттен 250 млн теңге, қосалқы бөлшектер алу үшін 40 млн теңге, тұқым репродукциясын қолдау үшін 10 млн теңге, сондай-ақ астық комбайындарын сатып алуға 100 млн теңге бөлінді. Дәнді дақылдар тұқымының тозаңдану кезеңіне әртүрлі астық зиянкестеріне және арам шөптерге қарсы 154 мың га жерде агротехникалық шаралар жүргізіліп, бұған 31,6 млн теңге жұмсалды. Осындай шаралардың нәтижесінде облыстың ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілері дәнді – дақылдар көлемін 89 мың гектарға өсіруге, тұқым себу мен астық оруды дер кезінде жүргізуге, сөйтіп 440 мың тонна астық өндіруге, алынған тұқым қарызынан құтылуға, өткен жылдардағы қарыздардың едәуір бөлігін қайтаруға мүмкіндік алды. 2001 жыл егіншілік ісін жақсартуға нақты бетбұрыстың бастамасы болды. Гектарынан 11,7 центнер астық алған Тасқала ауданының диқандары барынша жоғары көрсеткішке қол жеткізсе, Зеленов, Теректі аудандарының шаруашылықтары да әр гектардан 1 тоннадан астам өнім алды. Бірқатар ауыл шаруашылық құрылымдары, мысалы «Чапаев» асыл тұқымды мал заводы жабық акционерлік қоғамы, «Ақас», «Каркула», «Жамантұз», «Орда», «Өсімтал», «Киргенев» шаруа қожалықтары егіншіліктің жоғары мәдениетіне жеткен деген жоғары атаққа ие болды, олар әр гектардан 15 центнерден астам жоғары сапалы астық өндірді.
Облыстың ауыл шаруашылық департаменті, аудандардың әкімдері ауыл шаруашылық құрылымдарына мемлекеттік қордан тұқым қарызын және несие бөлгенде олардың мүмкіндіктеріне және техника жағдайына қарауы тиіс. Бұл алдағы уақытта жаңадан бережақ иелерін тудырмас үшін қажет. Егін түсімін арттыру үшін қолданылатын агротехникалық шаралардың тек жоғары өнімді сапалы, аудандастырылған тұқым сорттарын қолданғанда ғана тиімді болатындығы белгілі. Бұған мысал келтіретін болсақ, Зеленов ауданындағы Железнов селолық округіндегі «Киргенов» және «Снит» шаруа қожалықтары «Саратовская - 42» сортты тұқымын себу арқылы әр гектардан 10-13 центнерден өнім алса, бұған көршілес жатқан танаптан «Авангард» және «Долина» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері аудандастырылмаған «Омская-18» сортты тұқымды қолданғандықтан әр гектарынан бар болғаны 3,7 және 5,9 центнерден ғана өнім алды.
Ең алдымен егіншілік пен мал шаруашылығы саласын аймақтық мамандандыруды ұйымдастыруды анықтап алу қажет. Ақжайық, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе аудандары егін егуді тек солтүстік аймақта жүргізу тәжірибесінен бас тартулары тиіс. Өйткені бұл жұмыс тұтас алғанда экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Ішкі азық-түлік үшін қажетті астық көлемін жергілікті жерлерде өсіруге болады.
Бүгінде Қазақстанда ауыл шаруашылық дақылдарын өндіруге байланысты батыстық ылғал қорын сақтау жөніндегі озық технология ойдағыдай енгізілуде. Бұл технология бойынша топырақты аз ғана өңдеуден өткізіп, өсімдіктің тамыры мен сабаны танаптың бетінде топырақтың органикалық заттар жиналуы үшін қалдырылады, ол сондай-ақ топырақтың бетін маусымдағы ыстықта қызып кетуден қорғайды және топырақтағы ылғалдың барынша сақталуын қамтамасыз етеді. Мұның өзі – Батыс Қазақстан жағдайында өте маңызды шарттардың бірі.
Аграрлық сектордағы дағдарыс ең алдымен мал басының күрт азайып, мал өнімінің төмендеуіне әкелді. Соңғы кезге дейін мал бартерлік қатынастарда ауыс-түйіске түсіп келді. Осы күйзелісті кезеңде барлық нысандағы шаруашылықтарда ірі қара – 2,3, қой мен ешкі – 4, жылқы – 2,4 шошқа – 1,8, ал құс 5 есеге дейін азайып кетті. Әсіресе, төмендеуі ондаған еседен асқан асыл тұқымды мал шаруашылығында ауыр жағдай қалыптасты.
Облыс аумағындағы мал шаруашылығы саласы жағдайының қалыптасып, мал мен құс түрлерінің сан жағынан өскені, ет өнімдерін шығарудың көбейе бастағаны байқалуда. 2003 жылдың 1-қаңтарындағы облыстың барлық шаруашылығындағы мал басының есептік көрсеткіші бойынша 354,5 мың мүйізді ірі қара, 588,7 мың қой мен ешкі, 33,9 мың шошқа, 48,2 мың жылқы, 3,3 мың түйе, 467,7 мың құс бар. Бұл көрсеткіш 2001 жылдың деңгейіне қарағанда ірі қара мал 28 пайызға, түйе 1,3 пайызға, құс 6,3 пайызға өскенін көрсетеді. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының жеке шаруашылығында 88,6 пайыз сиыр, 81,3 пайыз қой мен ешкі, 75,2 пайыз шошқа, 80,0 пайыз жылқы, 87,3 пайыз құс болса, сонымен бірге тұрғындардың 26 пайызы мал ұстап құс өсірмейтіні белгілі болып отыр. Дегенмен бүгінгі таңда облыста аяғынан нық тұрып, өз шаруашылығынан елеулі қайтарым ала бастаған мал өндірушілер бар екенін атап кеткен жөн. Мәселен Бөкей Орда ауданындағы Ғабдуллиннің «Есет» шаруа қожалығында 300 ірі қара, 1900 қой, 400 жылқы бар болса, осы аудандағы Саматовтың «Самат» шаруа қожалығында 345 ірі қара, 320 қой, 147 жылқы өсірілуде. Ал Ақжайық ауданындағы «Айтас» шаруа қожалығы 100 ірі қара, 700 еділбай тұқымды қойды бағып күтуде.
Облыстың солтүстік-батысында 2003-2005 жылдарға арналған агроөнеркәсіпті дамытудың аймақтық бағдарламасы жасалды. Онда мал шаруашылығын дамытудың бірыңғай шаралары қарастырылды.
Қала халқын сүт және сүт өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қала маңындағы аймақтарда едәуір жұмыстар жүргізілуде. Теректі ауданының «Ақас» шаруа қожалығы мен «Әйтиев», «Покатилов» ЖШС-терінде сүт өндіретін тауарлық фермалар қайтадан қалпына келтірілуде. Зеленов ауданындағы «Асан агрофирмасы» ЖШС-і сүт және сүт өнімдерін шығарумен айналысып, осы мақсатта қара ала тұқымды 95 сауын сиыр бағып отыр. Тасқала ауданында «Өсімтал» шаруа қожалығы жанынан сүт өңдейтін тауарлы ферма құрылды. Осы мақсатта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту қорынан 3 жылға 25 млн теңге несие алынып, ол гомитино-фриз тұқымды бұзаулар сатып алуға жұмсалып отыр. Сонымен қатар облыста құс өсірумен екі шаруашылық бір кездегі «Орал», «Щапов» құс фабрикаларының негізінде құрылған «Орал» ЖШС-і мен «Аққанат» шаруа қожалығы шұғылданып келеді. Бұларда тиісінше 33,7 және 19 мыңға жуық құс өсірілуде. Ал Зеленов, Бөрлі, Теректі аудандарында шошқа малын бағып өсірумен шұғылданатын шаруашылықтар бар.
Үкімет тарапынан қаржылай қолдау мен көмек бере отырып, облыста мал шаруашылығын жан-жақты дамыту және оны тиімді де пайдалы салаға айналдыру бағыты «Ауыл жылдарына» орай жасалған облыстық бағдарламада барынша көрініс тауып отыр.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қабылданған және халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған бірқатар заңдар мен бағдарламалар соның дәлелі болып табылады. Бұлар «Еңбек туралы», «Халықты еңбекпен қамту туралы», «Әлеуметтік әріптестік туралы», «Ең төменгі күнкөріс мөлшері туралы», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы заңдар, сондай-ақ 2000-2002 жылдарға арналған кедейлікпен және жұмыссыздықпен күрес бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Үкіметі 2001 жылы бекіткен әлеуметтік көмек тұжырымдамасы.
Біздің облыста жасалған осындай бағдарлама жұмыспен қамту, халықтың табысы аз жіктеріне атаулы әлеуметтік көмек көрсету есебінен аз қамтылған азаматтардың өмір жағдайларын жақсартуды көздеді. Үш жылдың қорытындылары бойынша аталған бағдарламаның жүзеге асырылуы бірқатар оң нәтижелер бергендерін атап өткен жөн. Ең бастысы, бағдарлама қабылданғаннан кейінгі үш жыл ішінде аз қамтылған азаматтар санын 38 мың 600 адамға азайтуға қол жеткізілді, осы кезең ішінде 46 мың жұмыс орны құрылды. Еңбекпен қамтылғандар саны 10 мың адамға артты. Еңбекпен қамту органдарының қолдауымен 20,6 мың адам жұмысқа орналастырылды, жұмыссыздық деңгейі 3,6%-дан 3,2%-ға дейін азайды.
Соңғы екі жыл ішінде облыс бюджетінің көлемі 2 еседен астамға (9,5-тен 23,2 млрд теңгеге дейін) ұлғайды және әлеуметтік саланы дамытуға, экономиканың нақты секторын нығайтуға қосымша 15,3 млрд теңге жұмсалды. Соңғы екі жыл ішінде шетелдік компаниялар облыстың әлеуметтік дамуына қосымша 12 млн доллардан астам қаржы бөлді.
Алайда кедейлікпен күресте қолда бар мүмкіндіктердің барлығы бірдей пайдаланылмағанын атап айту керек. Түрлі деңгейдегі әкімдер тиісті жауапкершілік танытпай, барлық мүдделі органдардың жұмысын бұл проблеманы шешуге жұмылдыра алмады. Ал бағдарламаның басты үйлестірушісі облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы облыстың әлеуметтік саясатының орталығы бола алмады. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы Заңын жүзеге асырудың алғашқы күнінен-ақ байқалды. Шешілмеген проблемалардың бар екеніне қарамастан облыста тұтас алғанда «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы Заңды жүзеге асырудың алғашқы сатысы орындалды. 2002 жылы 56,4 мың адам 380 млн теңгеге жуық атаулы әлеуметтік көмек алды. Олардың 62 пайызы – балалар, зейнеткерлер және мүгедектер.
Облыс әкімі барлық әкімдер алдына атаулы көмек алушыларды еңбектің белсенді түрлерімен 100 пайызға қамту міндетін қойды. Осы мақсатта 2003 жыл бюджетіне қоғамдық жұмыстарға 100 млн теңге бөлініп отыр. Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру арқылы Қаратөбе, Жаңақала, Сырым, Зеленов, Жәнібек, Тасқала, Қазталов аудандарында әлеуметтік сала объектілері жөнделіп, қалпына келтірілді. Бұл жұмыстардың бәрін жергілікті кадрлар, соның ішінде қоғамдық жұмыстарға тартылған жұмыссыздар жүзеге асырды.
2002 жылдың сәуір айында өзінің «2003 жылғы ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы» Қазақстан халқына жолдауында Елбасы таяудағы үш жыл – 2003-2005 жылдар ауылды өркендету жылдары болады деп атап көрсетті. Нарыққа көшудің барлық қиындығын басқалардан гөрі ауыл тұрғындарының басымырақ сезінгені белгілі. Бүгінгі күні облыс бойынша кедейліктің 85 пайызын ауыл тұрғындары құрап отыр, немесе 60,5 мың адамның 51 мыңы ауылдық жерде тұрады. Ал ресми тіркелген жұмыссыздар саны 64 пайызды құрайды. Кәсіпкерліктің дамуы жөнінен де ауыл біраз артта қалып келеді.
Халықтың тұрмыс жағдайы мен әл-ауқатын жақсартуда биліктің жұмысы ғана жеткіліксіз, адамдардың өздері өз өмірлерін жақсартуға ұмтылулары тиіс.
Кедейлікті азайту жөніндегі жұмыста, әсіресе ауылдық жерлерде жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың маңызы зор. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту департаменттері қысқа уақыттың ішінде ауыл тұрғындарына жалға мал мен техника бөлуді және оларды кейін сатып алуын ұйымдастырулары тиіс. Облыстар, қалалар және аудандар әкімдерімен, агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерімен болған желтоқсан кеңесінде Н.Ә.Назарбаев кедейлікпен күресті күшейту және шағын, орта бизнесті дамыту мәселелерін басым бағыт ретінде атап көрсетті. Батыс Қазақстан облысындағы кедейлікті азайтудың 2003-2005 жылдарға арналған бағдарламасы кедейлікті бұдан әрі экономикалық өсу үшін жағдайлар жасау, жұмысқа орналыстыру арқылы халықтың табысын ұлғайту және масылдықты жою есебінен азайту міндетін қояды. Облыстық бағдарлама мына міндеттерді шешуді көздейді: экономиканың барлық салаларында тұрақты өсуді қамтамасыз ету, халықты еңбекпен қамту деңгейін арттыру жұмыссыздықты азайту, әлеуметтік саланы қолдау, қызмет көрсетудің сапасын жақсарту, атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру.
Бағдарламаны жүзеге асыру үшін үш жыл ішінде 31,2 млрд теңге, соның ішінде: республикалық бюджеттен зейнетақы, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар және басқа арнаулы жәрдемақылар төлеуге 24,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй жәрдемақысын, жалпы оқу, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар төлеуге, арнаулы мекемелерді ұстауға, микрокредиттерге 6,1 млрд теңге қажет етіледі.
Шын мәнінде Қаратөбе, Қазталов, Жаңақала және Ақжайық ауданының Тайпақ бөлігіндегі барлық су көздері шаруашылық-тұрмыстық мақсаттарға пайдалануға қазірдің өзінде мүлде жарамсыз. Бұлардың құрамында мүмкін болатын шектен асып түсетін кемі бес түрлі элемент (радий-226, никель, қорғасын, маргенец, кобальт) кездеседі.
2002 жылы құрамы белді радиолог-мамандардан тұратын комиссия екі облыстан жеті аудан халқының денсаулығының радиациялық және радиациялық емес факторлар нәтижесінде өзгеріске ұшырауын талдады. 1996-2000 жылдар аралығында жалпы аурулар саны жөнінен Бөрлі ауданының көрсеткіші ең төмен болса, ең жоғарғы көрсеткіш Жаңақала мен Бөкей ордасы аудандарында тіркелген. Балалар аурулары жөнінен де Бөкей ордасы алда тұр.
Тек бір ғана Бөкей ордасы ауданында 2001 жылы 71 мүгедек бала дүниеге келген. Салыстырмалы түрде алсақ, Семей ядролық полигонына шекаралас Абай ауданындағы дәл осындай көрсеткіштен Бөкей ордасының көрсеткіші 2,5 есе артық. Соңғы жылдары жастар арасында нашақорлық аса өзекті проблемаға айналып отыр. Есірткімен айналысу салдарынан өлімнің көбейіп отырғаны да белгілі.
2001 жылы 17 қаңтарда облыстық мәслихат шешімімен облыста нашақорлық пен есірткі бизнесінің таралуына қарсы тиімді әрекет жасау, нашақорлыққа қарсы әлеуметтік құбылыс ретінде қоғамдық тосқауыл қою жүйесін жасау мақсатында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2001-2002 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасы қабылданды.Экономика және әлеуметтік салалардың өтпелі кезеңдегі даму жағдайы Қазақстан бойынша, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында қоғам дамуының тұрақтану кезеңіне аяқ басты деген тұжырым жасауға толық мүмкіндік берді.
Осылайша, қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайда жасалған 2001-2005 жылдарға арналған облыстық «Білім» бағдарламасы әлеуметтік-экономикалық, мазмұнды-әдістемелік, құқықтық және әлеуметтік-психологиялық қарым-қатынастардың өзгерістерін Батыс Қазақстан аймағында ұйымдастыруда мемлекеттік саясатты қамтамасыз етуді қарастырады.
Облыста мәдени-құрылыс салаларындағы жұмыстарды 387 кітапхана, 225 клуб, мәдениет үйі мен сарайы және 5 автоклуб, сондай-ақ 45 киноқондырғы, соның ішінде 8 кинотеатр, 4 мұражай, 2 драма театр, облыстық филормония, 3 мәдениет және демалыс паркі, облыстық халық шығармашылығы орталығы, тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция және облыстық тарихи және археология орталығы жүзеге асырып келеді. Олардың қызметтерінің негізгі бағыттары болып: халықтың рухани тәрбиесі жөніндегі шараларды күшейту, Қазақстанның және шетел өнер шеберлерінің музыкалық мұраларын насихаттау, Орал өңірі халықтары мәдениетін дамыту және қайта өркендету, ұлтаралық келісімді, әртүрлі халықтар мәдениетінің өзара ықпал етуін, өзара байланыс жасауын насихаттау саналады.
2002 жылы 32 мәдениет объектісінде жалпы сомасы 440,8 млн теңгеге күрделі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайларында және олардың филиалдарымен 1378 қала бойынша саяхат, 112 жаппай бұқаралық шаралар, 68 көрме ұйымдастырылып, онда 61,8 мың адамға қызмет көрсетілді. Облыс кітапханалары кітап қорларын және мерзімді баспасөзді пайдалана отырып, маңызды шаралар өткізді.
* * *
1991 жылдың басында тәуелсіздік алуы Қазақстанның қазіргі заманғы тарихындағы бетбұрыс кезеңге айналды. Тарихтың өлшемі үшін осы қысқа мерзім терең экономикалық, саяси және әлеуметтік өзгерістерге толы болды. Осы кезеңде тарихи бетбұрыс жасалып, «тоталитаризмнің» бұғауынан босау, бір экономикалық жүйеден екіншісіне көшу процесі үдеді. Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен әлемдік қауымдастықтың толық құқылы мүшесіне айналып, өзінің тәуелсіздігін заң түрінде де, іс жүзінде де орнықтырды. 1991 жылы 16 қазанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылдануы ежелгі тарихында да тәуелсіздігі болған әрі ғасырлар бойы тәуелсіздікке ұмтылған ел үшін уақыттың жаңа есебін бастады.
Елдің жаңа Негізгі заңы жасалды, демократиялық мемлекеттің тіршілігі үшін аса маңызды биліктің заңы, атқарушы және сот тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу қағидасы іске асырылып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін база қалыптастырылды. Маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары – елтаңбасы, туы және әнұраны туралы» заң және 15 қарашада ұлттық валюта – теңгенің енгізілуі мемлекеттіліктің қалыптасуындағы аса маңызды кезеңді білдіреді.
Өткен уақыттың аса маңызды қорытындысы ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау болып табылады. Ұлттық-конфессиялық негіздегі жанжалдар мен тайталастардың орын алмауына қол жеткізілді, мұның өзі татулық пен прогрестің іргетасына айналды. Мемлекеттік тәуелсіздікті алған алғашқы жылдардан бастап Қазақстан демократиялық мемлекет құру, тоталитарлық қоғамды бірте-бірте азаматтық қоғамға айналдыру бағытын ұстанды, ал мемлекеттің ішкі саясатының негізін тұрақтылық пен топтасу идеясы құрды.
Облыста халықтың денсаулығын сақтау, білім беру, жұмыссыздықпен күресу сияқты ел болашағына негіз боларлық бірнеше бағдарламалар қабылданып, бүгінде осыларға сәйкес жүйелі істер атқарылуда.
Осындай оң істер халықты алға жетелеп, облыс алдағы уақытта республикада өзіндік орны бар іргелі аймақ болып қала береді деген сенім ұялатады.
ҚорЫтынды
Ғылыми-зерттеу жұмысы дәлелдегендей, Батыс Қазақстанның ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ауыл шаруашылығының дамуында ірі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани және демографиялық өзгерістердің жүргізілгеніне толық көз жеткізуге болады.
Оның айқын дәлелі Ұлы Отан соғысы барысында қираған, дағдарысқа келген ауыл шаруашылығының қысқа мерзімде 1948-1953 жылдарда қалпына келтірілуі, аймақта жүргізілген тың және тыңайған жерлерді игеру барысында қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, 1965 жылдан басталған жаңа аграрлық саясатты жүзеге асыру жолындағы еңбекшілердің қоғамдық-саяси және әлеуметтік белсенділіктері, оның барысында қалыптасқан аймақтағы, ауыл-селолардағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салалардағы ауқымды жетістіктер болып саналады.
Осындай оң өзгерістердің Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығын қайта құру саясаты және нарыққа көшіру кезеңінде еңбекшілер тарапынан оң қолдау тауып отырғандығына толық көз жеткізуге болады. Алайда, зерттеу жұмысында назар аударылғандай Батыс Қазақстан еңбекшілерінің бұл табыстарға қол жеткізуде күрделі қиындықтар мен қарама-қайшылықтарға тап болғаны белгілі. Бұл аймақта да ауыл шаруашылығының дамуында күрделі тежелу механизмдері орын алған. Олардың қатарына 1946-1953 жылдар аралығында шарықтау шегіне жеткен саяси тұрғыдағы әміршіл-әкімшіл жүйенің орын алуын, 50 жылдардың аяғы - 60 жылдардың басындағы қаншалықты тың және тыңайған жерлерді игеру барысындағы табыстарға қол жеткізгенмен, ауыл-селоларда азық-түлік мәселесінің шиеленісуін немесе 70 жылдардың аяғы - 80 жылдардың бірінші жартысында жалпы КСРО шеңберінде қалыптасқан экономикадағы тежелу механизмдерінің аймақ шаруашылығына тигізген теріс ықпалдарын және қайта құру саясаты мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыл шаруашылығын реформалаудағы, оны нарыққа көшірудегі кездескен қиындықтарын, қарама-қайшылықтарын жатқызуға болады.
Дегенмен, 2002-2005 жылдар арасын қамтитын елбасы ұсынған ауылды көтеру бағдарламасының қазіргі кезеңдегі оң жетістіктері бұл күрделі қиындықтарды жеңудің түбегейлі бетбұрыстарының басты шарты болып саналатындығын ескеру тарихи қажеттілік.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Абылхожин Ж.Б. Традиционная структура Казахстана: социально-экономические проблемы функционирования и трансформации (1920-1930 годы). Алма-Ата, 1991
2. Абжанов X. Сельская интеллигенция Казахстана в условиях совершенствования социализма. А., 1988;
3. Аубакиров Я.А О социально-экономическом преобразований сельского хозяйства Казахстана. А., 1984
4. Арыстанбеков X., Чебышев М. Совхозы и колхозы - на индустриальную основу. А., 1976, с. 19."История Казахской ССР", т. 5,
5. Архив Министерства сельского хозяйства РК. Сводный годовой отчет областных сельхозуправлсний за 1974 год. Т.1.
6. Ахметов К, Сатканов Э. Батыс Қазақстанда қой шаруашылығын интенсивтендіру жолдары. А, 1976,
7. Бримжаров Б.К., Сулейменов С.М. Некоторые вопросы формирования и закрепления сельскохозяйственных кадров массовых профессий в Западном Казахстане - Вопросы социатистичсского строительства в Казахстане. (Тематическ. сб. науч. трудов). Ответ. ред. Ж.Касымбаев. Алма-Ата., 1979.
8. Вестник сельскохозяйственного науки Казахстана, 1976, N 5,
9. Голикова З., Какимжанов А. Коммунистическая партия в борьбе за освоение целинных земель в Казахстане. А., 1969,
10. Государственный архив Актюбинской области,
ф. 153,
11. Государственный архив Западно-Казахстанской области ф. 761,
12. Жумабеков Ж., Нурпеисов К. Аграрная политика – составная часть деятельности партии. А., 1975.
13. "История Казахской ССР в 5-ти томах", т. 5. А., 1985,
14. Казахстан в цифрах. А., 1976,
15. Козыбасв М.К. История и современность А., 1991,
16. Карабаев А.Ж. Деятельность Компартии Казахстана по созданию прочной кормовой базы для общественного животноводства в период восьмой и девятой пятилетки. А., 1982;
17. Ковальский С.А., Маданов Ж.М. Освоение целинных земель. А., 1983.
18. Коспанов Ш.К. Парторганизация и использование резервов производства,
19. Кудайбергенов А. За высокую культуру села. А., 1976; Соскин С.Н. Кадры сельского хозяйства: подготовка в системе образования. А., 1986,
20. Ливенцов В.А. Богатство актюби некой нивы. В кн.: "Щедрость целины",
21. Маданов Х.М. Деятельность КПСС по осуществлению аграрной политики в Казахстане. А., 1980.
22. Михаилов Ф.К. Совхозное строительство в Казахстане. А., 1973,
23. "Народное хозяйство Казахстана в 1974 году". А., 1975,
24. "Народное хозяйство Казахстана за 60 лет". А., 1980,
25. Очерки истории Коммунистической партии Казахстана. Алматы, 1984,
26. О прошлом - для будущего. (Некоторые актуальные проблемы истории Компартии Казахстана в свете гласности)//Составитель А.Г. Сармурзин. Алма-Ата., 1990.
27. Рысбеков Т.З. Советы Казахстана. А., 1988,
28. СавоськоВ.К., Шамшатов И.Ш. Колхозное строительство в Казахстане (1946-1970). А., 1974.
29. "Сельское хозяйство Казахстана", 1974, N 10, с. 3-4. Решения партии и правительства по сельскому хозяйству (1965-1974 гг.),
30. Сдыков. М.Н. Население Западного Казахстана. (1897-1989гг). Алматы. «Ғылым»1995.
31. Тулепбаев Б.А. Социальные аграрные преобразования в Средней Азии и Казахстане. М., 1984.
32. Турсунбасв А.Б. Курсом интенсификации: аграрная политика КПСС в Казахстане на этапе развитого социализма (1965-1982). Алма-Ата, 1985;
33. Шамшатов И.Ш. Колхозы Казахстана: развитие общественного хозяйства и его социально-экономические результаты (1946-1980).
Алма-Ата. 1985.
34. Шиванов Л.И. Училища механизации сельского хозяйства-главный источник подготовки механизаторских кадров для целинных совхозов Казахстана. Алма-Ата., 1968;
35. Шамшатов И.Ш. Колхозы Казахстана: развитие общественного хозяйства и его социально-экономические результаты (1945-1980).
А., 1985,
36. Центральный Государственный архив Республики Казахстан ф. 1481,
37. Югай Н.А. Деятельность Компартии Казахстана по созданию Иртышского каскада ГЭС. Алма-Ата, 1967.
Бірімжаров Бақтығұл Қабдырұлы 1947 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей Ордасы ауданы Сайқын ауылында дүниеге келген. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Респубикасы Білім беру ісінің үздігі.
Еңбек жолын Мәншүк Мәметова атындағы Сайқын орта мектебінде мұғалімдіктен бастаған (1966-1967ж.ж.). Әль-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетінің тарих факультетін үздік дипломмен бітірген 1972 жылдан Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор қызметтерінде, тарих факультетінің деканы, КСРО, Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасының меңгерушісі.
1992–1993 жылдары Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан мәдениет институтының деканы, 2001-2002ж.ж. Орал Еңбек және Әлеуметтік Қатынастар Академиясының кафедра меңгерушісі, ғылыми істер жөніндегі проректоры.
1976-1979 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының аспиранты. 1980ж. Қазақстан Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Нұрпейісовтің ғылыми жетекшілігімен кандидаттық, 1997ж. жұмысты қол үзбей докторлық диссертациялар қорғаған. Төрт монографияның, екі ұжымдық – “Бөкей орда тарихы”, “Батыс Қазақстан облысының тарихы” - еңбектерінің, 120-дан астам ғылыми мақалалардың, оқу-әдістемелік құралдардың авторы. 40-қа жуық халықаралық, республикалық, аймақтық, облыстық, жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми теориялық конференцияларға қатынасқан.
Н
егізгі ғылыми ізденістердің бағыттары: Батыс Қазақстанның ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы саяси, экономикалық, мәдени-рухани мәселелері, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы батыс өлкенің ауыл шаруашылығы дамуының тарихы, өлке тарихы, оның ішінде Бөкей ордасы тарихы, тарихи тұлғалар, қызметкері т.б. болып табылады.
Бақтығұл БІРІМЖАРОВ
Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы 1946-2000 жылдарда
Оқу-әдістемелік құрал
Материалдарды компьютерде
терген және беттеген: Нұржанова Р.А.
Түзетуші: Исағалиев Қ.
Техникалық редакторы: Мустахапова Б.
Төлепова Д.М.
Көлемі 15,2 б.т. Таралымы 510 дана. Офсет қағазы.
Бағасы келісім бойынша.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік
университетінің баспа орталығы
О
рал қаласы, Нариманов көшесі 34.
Достарыңызбен бөлісу: |