Батыс қазақстан ауыл шаруашылығЫ 1946-2000 жылдарда


-80 жылдардағы БАТЫС Қазақстан ауылдары мен селоларының әлеуметтік-таптық құрылымы



бет8/11
Дата05.11.2016
өлшемі2,58 Mb.
#752
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

70-80 жылдардағы БАТЫС Қазақстан ауылдары мен селоларының әлеуметтік-таптық құрылымы
І Қазақстан ауыл тұрғындарының мәдени-техникалық дәрежесі және әлеуметтік-таптық өзгеруі мен кәсіби – біліктілік құрылымы
Әлеуметтік-экономикалық көзқарас тұрғысынан «еңбекшілердің белгілі бір мәдени-техникалық дәрежесі» бұл - өндірістің дамуы және ғылыми-техникалық өркениеттің гүлденуі үшін қажетті алғышарт жасайтын байлық. Әлеуметтік-экономикалық категория ретінде мәдени-техникалық деңгей өндірістің дамуымен және қоғамдық жеке тұлға ретінде адаммен байланысты элементтерді бойына жинақтайды. Ол біріншіден – білікті жұмысшы күшін қайта өндіретін ұлғаймалы өндірістің элементі болып табылады; екіншіден - техникалық өркениеттің, өндірісті жетілдірудің, ақыр соңында еңбек өнімділігін арттырудың шарты болып табылады. Сонымен «еңбекшілердің мәдени-техникалық дәрежесі» сан қырлы ұғымды береді. «Дүниеге көзқарас, мораль, эстетикалық даму, саналылық пен мәдениеттіліктің деңгейі, сол сияқты жалпы білім мен кәсіби біліктіліктің дәрежесі адам дамуының идеологиялық жағын көрсетсе, осылардың барлығы жоғарыда айтқан ұғымға кіреді. Бұлар жеке тұлға және қоғамның басты өндіргіш күші ретіндегі адамның дамуы мен қалыптасуында айрықша роль атқарды. Өз кезегінде жалпы білім, кәсіби-техникалық даярлық, кәсіби біліктілік пен жұмыс стажы білікті еңбектің, экономикалық тиімділіктің жанамалай есептелген және көрінген көрсеткіші ретінде мәдени-техникалық деңгейдің элементтері болып табылады.

Ауылшаруашылық өндірісі қоғамдық өндірістің ажырамас бөлігі болғандықтан халықшаруашылығының барлық салаларындағыдай сипат мұнда да ғылыми-техникалық өркениетке тән. Алайда бұл өркениетті ауылшаруашылығы өз ерекшеліктеріне қарай шектейді. Біріншіден – бұған өнеркәсіп саласына қарағанда ауылшаруашылығының артта қалуы, екіншіден – бұған ауылшаруашылығының табиғи айырмашылығы себепші екені анық.

Ғылыми-техникалық өркениетте ғылымның дамуы бастапқы өлшем және жалпы бағытты білдіретін бағдар болып табылады. 60-80 жылдары ҚКСР ауылшаруашылығы министрлігі және ВАСХНИЛ-дің Шығыс бөлімшесі жүйесінде 55 ғылыми-зерттеу және тәжірибе жинақтаушы ұйымдар құрылып, 5 мыңнан астам адам, оның ішінде 750 ғылым кандидаты мен докторы жұмыс істеді. Республика жоғары оқу орындарының, Қазақ КСР Ғылым Академиясы ғылыми мекемелерінің ірі ғалымдары, басқа да ведомостволардың қызметкерлері мен мамандары ауылшаруашылығын дамытуға қажетті ғылыми негізделген нұсқауларды жасауға белсене атсалысты. Олар ғылыми-техникалық өркениет ерекшеліктерінің ауылшаруашылығына қатысты қандай сапалы өзгерістерге әкелуі тиіс екендігін анықтады. Бұл арада табиғи факторлар, жер ерекшеліктері, биологиялық үрдістер, ауа райы факторларының, ауылшаруашылық дақылдарының, өсімдіктердің, малдың өсіп өнуіне әсері және бұлардың алдыңғыларға кері әсері есепке алынды. 60-70 жылдары Қазақстан селекционерлері әртүрлі дақылдардың 40-тан астам сорттарын анықтап, мемлекетке сынауға тапсырды. Олардың көбі аудандастырылды. Олардың қатарында «Қызыл бас» «Саратов-229» жаздық бидайы, «Көкше», «Уральская - безостоя» жоңышқасы және басқалары бар.

Ғылыми мекемелер ауыспалы егістің жаңа түрлерін, әртүрлі дақылдардың өңделуін, агротехникалық өңдеуді ғылыми негіздеп, республика шаруашылығында жерді суландыруда, химияландыруда өз сөздерін айтты. Олар атыз қатарларына 50-100 дозадағы кг-га тұқыммен қосылған ұнтақталған суперфосфатты және буланған танапқа 250-300 килограмм-гектар қағаз қорабындағы суперфосфатты сіңірудің маңыздылығын дәлелдеді. Бұл әдіспен әрбір жұмсалған сомға шаруашылықтар 2,6 сомнан 5,4 сомға дейін пайда тапты. Қазақстан ғалымдары еңбекті сіңіруді көп керек ететін үрдістерді механикаландыруға үлкен үлес қосты.

Техникалық өркениеттің негізгі тенденциялары мен бағыттары еңбектің мәнін, оның бөлінісін, жұмысшы күші құрамының кәсіби біліктілігін оң өзгерістермен жаңартуға қызмет етті. Ауыл шаруашылығында жұмыс жасайтындардың кәсіби-біліктілік құрылымын қазіргі жағдайда оңға қарай өзгерту мыналардан көрінеді:

- ауылшаруашылық өндірісінің өсуі, оны шоғырландырудың қарқын алуы;

- жаңа машиналарды, құрал-жабдықтарды, энергияның жаңа көздерін, жетілген технологияны өндіріске енгізу, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру әдістерін жетілдіру;

- өндірістерді мамандандыру мен осыған байланысты еңбекті механикаландыруды кең құлашты өрістету;

- еңбекті ғылыми ұйымдастыруды, соған байланысты кәсібі мен мамандығына қарай еңбектің амал-тәсілдерін, сипатын және мазмұнын осы заман талабына сай, өркениетті өзгерту.

Мысалы 1966-1980 жылдарда Батыс Қазақстанда механизаторлардың кәсіби-біліктілік деңгейі қалай өзгеріп отырды. Оған мына таблица айғақ.





Көрсеткіш

1966

1970

1975

1980

саны

%

саны

%

саны

%

саны

%

Тракторшылар барлығы (мың адам)

225,6

100

203

100

220

100

234,3

100

І класс

29,7

13,2

38,3

18,9

55,8

25,4

65,4

27,9

ІІ класс

49,9

22,1

53,8

26,5

59,5

27,0

64,0

27,3

ІІІ класс

145,9

64,7

111,0

54,6

104,8

47,6

104,9

44,8

Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби құрылымдағы өзгеріс – олардың біліктілік дәрежесін көтерудің басты шарты. Бұл еңбек бөлінісінен, жұмысшылардың кәсіби еңбегінің сипатынан көрінеді. Өйткені кешенді механикаландыруға байланысты мамандығына қарай жіктелу олардың топтасуы мен кең профилді қызметкерлерді даярлауды талап етеді. Қызметкерлердің кәсіби тобы тек жұмысшылардан ғана тұрмайды, сонымен қатар олар инженер-техник қызметкерлерден де тұрады. Ал соңғысы басқару мен жоспарлауды, еңбек пен өндірісті ұйымдастыруды, рухани және интеллектуалды міндеттерді орындауды қамтамасыз етеді. Алуан түрлі машиналар мен тетіктерді қолдану, тасқынды желілер мен химиялық заттарды қолдану, электронды-санау техникасын пайдалану және басқалар, сөз жоқ жаңа кәсіпті, мамандықты туғызады. Осылар арқылы ауылшаруашылығында өндіргіш күштер одан әрі дамиды. Ауыл тұрғындарының кәсіби-біліктілік құрылымының жаңаруы ішкі таптық айырмашылықтарға назар аудартады. Колхоз шаруалары өзінің әлеуметтік құрамы жағынан біртекті емес, оған белгілі бір саяси құрылым тән. Мәселенің мәні мынада – кеңес өкіметі тұсында колхозшылардың жекеменшік иесі ретіндегі теңдігі қалыптасты. Алайда бұл теңдік әлеуметтік жіктер мен топтардан (әрқайсысына және тұтас барлығына белгілі бір белгілер мен таптық айырмашылықтар тән) құралған нағыз әлеуметтік теңдік емес. Әйтсе де осы топ пен жікке тән ортақ белгілері де болды. Социалистік қоғамдағы ішкі таптық айырмашылық капиталистік қоғамдағы айырмашылықпен салыстырғанда екінші дәрежедегі сипатқа ие болды. Алайда бұл мәселе жөнінде бірыңғай көзқарас қалыптасқан жоқ. Мысалы К.П.Буслов пен В.С.Семенов ішкі таптық бөлінудің негізін табыс көлемі мен білім дәрежесіне қатысты деп түйеді. Ю.В.Арутюнян, Г.С.Ентолис, О.И.Трубицын, А.П.Харламов және басқа зерттеушілер колхоз шаруаларын еңбектің мағынасына (ой және дене еңбегіне) қарай бөледі. Ал Е.Х.Копелянның пайымдауынша колхозшылар тобының айырмашылығында еңбек сипаты жатыр, сол сияқты И.И.Бодюл кәсіби ерекшелікті меңзейді.

70-жылдары республиканың ауылшаруашылық тұрғындарының үлкен бір отрядын колхозшылар құрады. 1980 жылы колхоздарда 999,8 мың адам тұрды. Бұл – бүкіл ауылдағы халықтың 15,4% проценті деген сөз. 1959-1979 жылдары олардың саны едәуір азайды. Қарастырылып отырған уақыт (1966-1980) колхоздардың совхоздарға айналуымен сипатталады. 1970 және 1979 жылдардағы халық санағының қорытындысы көрсеткеніндей, Қазақстандағы колхозшылардың басқа одақтық республикалармен салыстырғанда үлес салмағы өте төмен екендігі байқалады. Колхозшылардың үлес салмағының кемуі олардың белгілі бір бөлігінің өнеркәсіпке, халықшаруашылығының өзге салаларына ауысуымен де байланысты. Сонымен қатар экономикалық тұрғыдан ауылшаруашылық артелдері совхоздарға қосылып, жұмысшы табының аграрлық отрядін толықтырды. Егер 1960 жылы республикада 1273 колхоз болса, 1980 жылы, олардың саны 404,4 – ке жетіп, үш есеге кеміді.

Зерттеліп отырған кезең республика тұрғындарының құрамында қазақтардың үлес салмағының өсіп отыруымен сипатталады. Бұған басқа республикалардан, өлкелер мен облыстардан келетін жұмысшы күші тасқынының бәсеңдеуі де себепші болды. 70-жылдары қазақ тұрғындары арасында нәрестенің дүниеге келуі жоғары дәрежеге көтерілді, сөйтіп ауыл тұрғындарының тең жартысын жергілікті халық құрады. Енді колхозшылар қоғамдық белгілеріне қарай қалай бөлінді. Соны әңгімелейік. Қазақстанның колхозшы шаруалары, зерттеуші ғалымдар пікірінше, біртұтас тап бола тұра, өкілдері ауылшаруашылық салаларымен тығыз байланысты өзара тығыз әрекетті құрылым топтарынан тұратын төрт әртүрлі жіктен құралады. Олардың біріншісіне -өсімдік шаруашылығымен айналысатындар жатады. Саны және орындайтын жұмысының көлемі жөнінен бұлар ірі топ. Екіншісі – малшылар, олар - өндірісте жүргендердің 13-14 пайызы. Үшінші топқа қоғамдық тамақтандыру жүйесінде, тұрмыстық және сауда мекемелерінде, балалар бақшалары және яслилерінде, басқа да ұйымдарда қызмет атқаратындар жатады. Бұлар колхозшылардың 3,5 пайызы. Төртінші топ – колхозшылардың 66%-н құрайтын өндірісте жүрген белгілі бір біліктілік дәрежесі жоқ адамдар.


Республикада ауылшаруашылық кадрларын даярлау және бекіту
Жоғары және орта білімді ауылшаруашылық кадрларын іріктеу, орналастыру және тәрбиелеу, сол сияқты олардың біліктілігін жаппай арттыру ауылшаруашылық органдарының басты міндеттерінің бірі болып табылады. Жан-жақты білікті маман жоғары сапалы, өнімді жұмысты атқаруды қамтамасыз ететін, күрделі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шеберлікпен шеше алатын жағдайға жеткізеді. Қазақстан үшін, оның батыс облыстары үшін жаңа мамандар легінің өсуі – заңды құбылыс. 80-жылдардың ортасына қарай ауылшаруашылық мамандарының 51,6% тікелей аграрлық секторда жұмыс істеді. Бұлар жоғары білім алғандар еді. Орта арнаулы білімділер қатарында мамандардың 51,7% болды. инженер-механиктердің, агрономдардың, зоотехниктердің, малдәрігерлерінің бір бөлігі басқару органдарында, басқа салаларда істеді. Дегенмен ауылшаруашылық мамандарының жартысына жуығын аграрлық сектордан тыс жерлерде пайдалануды дұрыс деуге келіңкіремейді.

Ауылшаруашылық кадрларын даярлауда жоғары мектеп көрнекті орын алады. 1985 жылы 7 жоғары оқу орны мен олардың 2 филиалында 21 мамандық бойынша 6,3 мыңнан астам студент, ал 49 орта арнаулы оқу орындарында, яғни техникумдар мен училищелерде 18,5 мың адам оқыды. Егер институттар мен техникумдар Қазақстанның ауылшаруашылығына 1960 жылы 5602 маман берсе, соңғы жиырма бес жылда олардың саны 33,8% -ға өсті. 80-жылдардың ортасына қарай республикада жоғары және орта білімді мамандар, 371 мың тракторшылар, машинистер, комбайыншылар мен жүргізушілер даярланды. Біртіндеп индустриалды сипат алған ауылшаруашылығындағы еңбекті өркениетті өзгертуге ең алдымен жоғары және орта арнаулы оқу орындарының бірізді жүйесі жұмысының да ізгі әсері болды. Жастарды оқуға тартуда, олардың бойына біліктілікті сіңіріп, мамандыққа тәрбиелеуде іс-қимылдың алуан амал-тәсілдері қолданылды. Көптеген колхоздар мен совхоздар жастарды өз есебінен оқытты.



Батыс Қазақстан аумағында да жаңалыққа жақсылыққа қарай бет бұру әлеуметтік-экономикалық дамудан анық көрінеді. 1965-1977 жылдары Гурьев облысының ауылшаруашылығында жұмыс істейтін жоғары және орта білімді мамандар саны 865-тен 1865-ке дейін өсті, нәтижесінде 1980 жылға қарай әр шаруашылықта орта есеппен 7 жоғары, 12 орта білімді маман болды. Осы кезеңде Орал облысында мұндай мамандар саны бес есе өсті. Ақтөбе облысында ауылшаруашылығында 4600 маман, оның ішінде 578 агроном, 780 зоотехник, 700 инженер-механик 926 малдәрігері жұмыс істеді. Бұл облыстардың іс-тәжірибесі жоғары және орта білімді әрі білікті кадрларды даярлау бастықтар мен бас мамандар құрамының сапасын жақсартуға игі себебін тигізетінін көрсетеді. Агроөнеркәсіп кешенінің барлық буындары басшыларына өндіріс көлемінің ұлғаюына, ғылыми-техникалық өркениеттің өрге басуына, шаруашылық байланыстардың жаңаруына, шаруашылықты интенсивті жүргізуге байланысты қатаң талап қойылды. Жоғары білімді, сауатты жас мамандарды инициативісі аз, жұмысты ескірген, қасаң әдіспен басқарып отырған егде басшылармен ауыстыру осының куәсі. «Пугачев», «Ащысай» Фурманов совхоздарының директорлары – Емченко, Крамаренко, Жұмашев орындарынан босатылды. Облыстық ауылшаруашылық басқармасының бас зоотехнигі И.А.Мирошник тәжірибе-сынақ шаруашылығының бас зоотехнигіне, Жаңақала аудандық ауылшаруашылық басқарамасының бас зоотехнигі Төлешқалиев «Бірлік» совхозының бас зоттехнигіне, Теректі ауданындағы таңдаулы колхоз агрономдары Л.Никулин, Р.Өтеулина «Шаған» совхозына тұқым, жүгері және шөп дақылдарын өсіру жөніндегі аға агрономдар ретінде жіберілді. Ауылшаруашылық өндірісі басшылығында орта буын кадрлары ерекше роль атқарды. Олар көбіне практикалық істің, қайнаған өмірдің қақ ортасында бригадаларға, фермаларға, звеноларға жетекшілік етті. Ауыр жұмыстың жауапкершілігін саналылықпен өз мойындарына алды. Түптің түбінде колхоздар мен совхоздардың мәртебесі осылар арқылы көтерілді. 1966-1980 жылдары Ақтөбе облысы бойынша 26 маман совхоз фермаларына, 8 маман колхоз бөлімшелерінің меңгерушілеріне жіберілді. 38 адам трактор – егіс бригадасын басқарды. Олардың арасында Гурьев облысындағы «Новобогат» совхозының ферма меңгерушісілері Н.Сахуалин, Б.Нұрымов білгір жетекшілер ретінде танылды. Батыс Қазақстан облысында да осындай жағдай қалыптасты. Алғыр да іскер мамандар – Г.П.Рудной, С.Журавич трактор бригадаларының бригадирлері, И.И.Федин, Е.Г.Чесноков бөлімше меңгерушілері болып тағайындалды. Алайда осындай оң нәтижелерге қарамастан, орта буын кадрлармен қамтамасыз етуге қарамастан ауылда шешілмеген проблемалар аз емес еді. Ауылшаруашылық өндірісі мамандарының арасында әлі де болса практиктердің үлес салмағы жоғары болды. 1978 жылдың 1 қаңтарында колхоздар мен совхоздардың фермалары мен бөлімшелерінде меңгерушілері болып 2991 адам істеді, олардың 49,1% практик еді, 7096 адам трактор-егіс бригадасын басқарды, олардың 82% практиктер қатарын құрады, малшы бригадаларында 3497 адам жұмыс істесе, олардың 76% практиктер болды. Бұл мәліметтер орта буын қызметкерлерінің сапалы құрамында оң өзгерістер байқалса да практиктердің әлі де болса үлес салмағының едәуір екенін растайды.

Кадр саясатында жаңа жағдайды, өндірісті шебер де сауатты басқарып, түпкі жоғары нәтижеге қол жеткізетін мамандарды тауып, іріктеп, олардың біліктілігін одан әрі шыңдайтын қам-қаракет жасалауы тиіс. Міне бұл бағытта Қазақстанда біраз тәжірибе жинақталды. Нақтырақ айтсақ, Батыс Қазақстан (бұрынғы Орал) облысы бойынша 1961-1971 жылдар аралығында совхоз директорларының біліктілікті арттыру жөніндегі 3 айлық курсына жыл сайын 8 директор жіберіліп оқытылды.

Алматы ауылшаруашылық институты мен Алматы зоотехникалық-мал-дәрігерлік институты жанындағы 2 айлық курстарда совхоздардың 18 маманы, оның ішінде 5 агроном, 6 бас зоотехник, 3 бас малдәрігері, 4 бас инженер білімдерін көтерді. Сонымен бірге Батыс Қазақстан ауылшаруашылық техникумы мен Батыс Қазақстан ауылшаруашылығын механикаландыру техникумы жанында курстардан колхоз төрағалары, совхоздардың трактор – егіс бригадаларының бригадирлері өтті. Камен, Приурал, Фурманов аудандарында қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды.

Еңбеккерлердің терең техникалық білімінсіз, жоғары біліктілік пен өрелі мәдениетсіз, ғылым мен техниканың табыстарын жан-жақты пайдаланбай ауылшаруашылық өндірісін интенсивтендіру мүмкін емес. Бұл үдіріс жалпы білім, кәсіби-техникалық әзірлік, білктілікті арттыру, озат тәжірибені өндіріске енгізу, экономикалық білім, идеялық-теориялық шыңдалу, бұқараның еңбек және саяси белсенділігін ояту сияқты тұтас бір проблемалар шеңберін қамтиды. Бұл міндеттерді шешу селолық кәсіби-техникалық училищелер мойнына үлкен жүк салмақ артады. Олар бұл орайда қыруар жұмыс тындырды. Ақтөбе облысында 1980 жылы 11 ауданда 4,5 мың жасөспірімге училищелер есігін айқара ашты. Бұлардың түлектері кәсіби мамандықпен қатар орта білім алып шығатын болды. Шаруашылықтарда училищелердің филиалдары, оларда механизатор, малшы кадрларын оқытатын курстар ұйымдастырылды. Тұтас алғанда 1980 жылға қарай Батыс Қазақстан аумағындағы училищелерде 20 мың механизатор, оның ішінде Ақтөбе облысы бойынша 6,2 мың Батыс Қазақстан және Гурьев облыстары бойынша 2 мыңнан астам механизатор даярланды. Орта буын мамандарының арасында кәсіби-техникалық училищелер атына дақ түсірмей ауылшаруашылығының ірі қызметкерлері болып, өз ұжымдарын өрге сүйреген, өндірістің алдыңғы шебінде өзгеге үлгі болған ұйымдастырушылар аз емес. Олардың қатарында Ақтөбе облысынан – Социалистік Еңбек Ері Ю.В.Трубаның, Ленин орденінің иегерлері – Д.В.Георгенің, В.Базбековтың, У.Тілеуовтың, Батыс Қазақстан облысынан – озат тракторшы-машинистер Г.Бакировтың, А.Карамышевтің, К.Сұлтанғалиевтің, бригадир А.Колесниковтың есімдерін құрметтеп атауға болады. Батыс Қазақстан облысында №13 және №167 училищелер ұжымдарының еңбегі елеулі. Мысалы №13 училище дәстүрлі тракторшы-машинистпен қоса жүргізуші, механизатор-малшы, аспаз, трактор бригадасының бригадирі, оператор-құс өсіруші мамандарды даярлап, мехнизаторларды К-700 тракторында және «Колос», «Нива» комбайындарында жұмыс істеуге қайта даярлады. №167 училище даярлаған 226 кіші мал фельдшерлері, 216 ветеринарлық санитарлар, 197 жеміс-көкөніс шеберлері, ондаған жылы жайда бақша өнімдерін өсіретін шеберлер халықшаруашылығында ойдағыдай еңбек етіп жүр.

Механизатор кадрларын даярлау және тәрбиелеу жөніндегі ұланғайыр жүйелі жұмыстың арқасында көптеген шаруашылықтар жоғары еңбек өнімділігін қамтамасыз етіп, экономикалық тиімділікке қол жеткізеді. Әсіресе, комсомол жастардың еңбекке тартылуы экономикада өз жемісін берді. «Красный маяк» совхозынан Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, аудандық Кеңестің депутаты Мақаш Жүсіпов жетекшілік ететін бригада (Батыс Қазақстан облысы) бұған мысал бола алады. 1974 жылы оның ұжымы көктемгі егісті қысқа мерзімде жоғары агротехникалық негізде өткізіп, тоғызыншы бесжылдықтың төртінші жылында социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Бригада әр гектар бидай алқабынан 16 центнерден астық орып бастырды. Бұл облыстағы жоғары көрсеткіштің бірі болды.

70-жылдары Қостанай облысындағы «Харьков» совхозының механизаторы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Социалистік Еңбек Ері К-700 қуатты тракторында жұмыс істеген Кәмшат Дөненбаева әйел-механизаторлар қозғалысының бастама көтерушілерінің бірі болды. Осы тұста Орал облысында 6 комсомол – жастар қыздар бригадасы ұйымдастырылды. 1980 жылдың аяғына таман ақ Жайық өңірінде – 235, Ақтөбе облысында – 900-ден астам қыз-келіншектер тракторлардың, комбайндардың рулі мен штурвалын ұстады. Олардың қатарында тракторшылар – Р.Жұмағалиева, Б.Жанғалиева, М.Махамбетова, автомобиль жүргізушілер – З.Байтасова, Ж.Сағындықова тағы басқалары екпінді еңбегімен көзге түсті. Батыс Қазақстанның қыз-келіншектері өздеріне беркітіліп берген техниканы соншалықты ұқыпты, күтіп ұстап, көп мөлшерде жанар-жағармай үнемдеді. Бұлардан құрылған бригадалар жоғары сапалы жұмысты, ұйымдасқан өнікті еңбекті қамтамасыз етті. Ақтөбе облысындағы «Уркачев», «Хлебодар». Орал облысындағы «Мәстексай», «Красногор» совхоздарында құрылған осындай ұжымдар жоғары өндірістік көрсеткіштермен, үлгілі еңбегімен өздерін даңққа бөледі. Бұған мысал ретінде Орал облысындағы тәлімгер Қ.Темірғазиева жетекшілік еткен қыз-келіншектердің «Сәуле» бригадасын атауға болады. Бригада мүшелері тоғызыншы бесжылдық тапсырмаларын 3,5 жылда мерзімнен бұрын орындап шығып, қоғамдық мал азығын дайындауда үлкен де қомақты табысқа жетті.

Бәрімізге белгілі 70-жылдары Қазақстанда малшаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшіру әрекеті басталды. Мұнда негізгі проблема қой шаруашылығына кадрлар даярлау еді. Ауылшаруашылығының маңызды бұл саласына енді ғылым мен озық тәжрибесін меңгеру үшін қарапайым шопан мен малшыдан гөрі осы заманғы техниканы меңгерген, зоотехниктік-малдәрігерлік ғылыммен қаруланған жан-жақты білімді, ісіне шын берілген адамдар қажет болды. Республиканың шаруашылық органдары осы арада комсомол-жастар қой өсірушілер бригадасына тоқтады.Олардың ойынша еңбекті осылайша ұйымдастыру келешегі бар іс болды. Бастаманы Қазақстан Компартиясы мен Республика үкіметі қолдаған Семей облысындағы Шұбартау ауданының жігіттері мен қыздары көтерді. Бастама Батыс Қазақстанда өз жалғасын тапты. 1974 жылы 69 комсомол-жастар шопандар бригадасы ұйымдастырылды. Қой өсіруге барған жастар ұжымдарына облыстық, аудандық деңгейдегі штабтар көмектесіп, малшаруашылығында жаңа қозғалыс құлаш жайды. Бригадалар колхоз, совхоздар есебінен музыкалық аспаптармен, кітап қорларымен, спорт құралдарымен жабдықталды. Жастарға еңбек және тұрмыстық қолайлы жағдай туғызуға партия, комсомол органдары, кәсіподақ және құрылыс ұйымдары барынша атсалысты. Жас шопандар үшін 98 жатақхана, 73 тұрғын үй, 44 монша, 155 киіз үй, 114 газ плиталары тұрғызылды, бұлар электр двигательдерімен, басқа да тұрмыстық техника түрлерімен қамтамасыз етілді. Мұндай жұмыстар Батыс Қазақстанның басқа облыстарында да жалғасты. Сөйтіп ұсақ құрамы аз «шопан отбасыларының орнын ірілендірілген кешенді жастар бригадалары басты. Олар жұмылып еңбек етіп, мал басын өз төлі есебінен ойдағыдай өсіре білді, сол уақыт жағдайында қой шаруашылығы өнімін арттырып, өзін ақтай білді. Қайратты, денсаулығы мықты, саналы жастар ағалары мен апаларының – тәлімгерлердің ақыл кеңесіне құлақ қойып, жастыққа тән от-жігерімен, білімімен қой шаруашылығының қыр-сырына қанықты.

Осы уақыт шамасында кейінгі толқын тауарлы – сүт фермаларына тартылды. Орал облысындағы «Красный маяк» совхозы мектеп түлектерінен «Шағала» комсомол-жастар тауарлы – сүт бригадасы шаңырақ көтерді. 4 сауыншы, 5 малшы, 2 слесарь, 1 аспаздан тұратын ұжымға 224 бас ірі қара, оның ішінде 185 сиыр беркітіліп берілді. 1974-1975 жылдың мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізіп, жігіттер мен қыздар мал басын аман сақтап қана қойған жоқ, сонымен қатар сүт тапсыру жөніндегі міндеттерін асыра орындап, биік межеден көрінді. Осындай бригада басқа жерлерде де құрылды. Гурьев облысы бойынша «Ұшқын» комсомол – жастар бригадасын құрметпен атауға болады. Бұл жылдары мұндай ұжымдардан ондаған жастар институттар мен техникумдарға жіберіліп, жоғары және орта арнаулы білім алды. Малшаруашылығында, оның ішінде қойшаруашылығында атақты шопандар отарының тәжірибесі негізінде құрылған озат тәжрибе мектептері үлкен роль атқарды. 1966-1980 жылдары Социалистік Еңбек Ерлері К.Ержановтың, Б.Ғалымовтың, С.Дәулетқалиевтің, Е.Есімовтың озат тәжірибе мектептері жұмыс жасады. Олардан жас шопандар, тұтас қой өсіруші бригадалар шаруашылықтағы қиын проблемаларды жеңудің, қой малын бағып күтудің, одан өнім көзін табудың «құпияларын» үйренді, ауыл өмірінің ыстығына күйіп, суығына тоңып шыңдалды. Әрі бұл шара ауылшаруашылығында кадрлардың тұрақтауына да игі себебін тигізді. Тұтас алғанда Батыс Қазақстан аумағында ауылшаруашылығын кадрлармен нығайту жөнінде 60-70 жылдары мәселе кешенді шешілді. Әрине, бұл орайда кездескен қиындықтар да, жұмыста орын алған кемшіліктер де аз болған жоқ.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет