БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДА
Облыс өнеркәсібін нарықтық экономикаға бейімдеу және оны ілгері дамыту
Еліміз тәуелсіздік алған тұста бізге жантәсілім экономиканың сынығы ғана тиді, соның өзін де оны игеру мен зерделеу керек болды, өйткені республика бұрын өз әлеуетін басқарып көрмеген еді. Кеңес Одағынан бізге, әлемдік қалыптарға мүлде сай келмейтін кәсіпорындары мен жабдықтары бар өнеркәсіп пен жағдайы жайсыз ауылдары мен селолары бар экстенсивті ауыл шаруашылығы мұра болып қалды. Жаңа экономикалық қатынастар бұрынғы басқару мен материалдық-техникалық қамту құрылымдарының жойылмауымен қатар жүрді. Бұл халық шаруашылығының барлық салаларында өндірістің құлдырауына әкелді. Облыс бойынша өндіріс көлемі 1991 жылмен салыстырғанда 1992 жылы 18,8 пайызға қысқарды және 16651 млн сомды құрады, 3754,2 млн сомның өнімі алынбай қалды. Өнім шығарудың күрт төмендеуі машина жасау (23%), тамақ өнеркәсібі (28%), қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарында болды. 1991 жылғы өндіріс деңгейіне 41 кәсіпорын немесе олардың 65 пайызы жеткен жоқ.
Өндіріс көлемінің ең үлкен төмендеуі ет комбинатында (27,4%), «Уральскреммаш» өндірістік бірлестігі (42,9%) арақ-шарап заводында (33%), Орал нан өнімдері комбинатында (33,5%), Ақсай құрамажем заводында (32,6%), балық комбинатында (54,4%) байқалды.
Облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарынан жұмысшылар мен қызметкерлердің кету процесі жүрді. 1991 жылы 30435 адамның орнынан 1992 жылдың аяғында өнеркәсіптік-өндірістік персоналдың саны 29102 адам немесе 95 пайыз болды. Халықтық тұтыну товарларын өндіру 20,7 пайызға қысқарды және ол 8,7 млрд сом құрады. 1992 жылы қаңтар-желтоқсан кезеңінде азық-түлік товарларын өндіру 7,6 млрд сом, басқа товарлар 2755 млн сом құрады. Облыс экономикасының негізін құрайтын машина жасау заводтары қоймаларында сіресіп тұрып қалған ешкімге керексіз өнімдеріне сұраныстың күрт төмендеуінен дағдарысқа ұшырап тұралап қалды.
Республика және жекелей алғанда біздің облыс үшін күрделі де ауыр болған өтпелі кезеңнің алғашқы үш жылының тәжірибесі болып жатқан процестердің мәнін түсініп, олардың даму барысын талдауға мүмкіндік берді. Бұл тәжірибелер кез-келген реформаның ауыртпалықтар мен қиындықтар арқылы жүзеге асатынын көрсетті, реформалау кезеңі ұзаққа созылса, оның әлеуметтік бағасы да соғұрлым жоғары болмақ. Еліміздегі экономикалық саясат пен экономиканы реформалау жұмысы, Президент атап өткендей, шын мәнінде өз ұлттық валютамыз – теңгені айналымға енгізуден басталды. Жүргізілген экономикалық реформа бұрынғы орталықтан тотальдық жоспарлау мен мемлекет тарапынан бақылау әдісінен бас тартып, мемлекет пен экономика арасындағы өркениетті байланыс түрлеріне көшуде, яғни парламент тиісті заң актілерін қабылдайды, ал өнім берушінің жұмысы бұрынғыдай мемлекеттік жоспарлау комитетіне немесе министрлікке емес, өзінің алғырлығына, шаруашылық жүргізе білуіне байланысты.
Экономикасы өтпелі кезеңдегі ел болашағының екі нұсқасы бар еді:
Экономикада қалыптасқан үрдісті қалпында қалдыру, оны үнемі интеграциядан тыс әрі әлемдік нарықтың сырттан бақылау жасалатын бір пұшпағына айналдыру.
Ең соңғы, осы заманғы әрі ұтымды технологиялардың негізінде өзінің ғылыми-техникалық әлеуетін жедел қалпына келтіру мен дамыту ұлғаймалы өндіріс пен инвестициялау арқылы экономиканы өрге бастыру.
Қазақстан екінші жолды таңдады – экономиканың ұзақ мерзімді серпінді өркендеу әлеуетіне ие, бәсекеге қабілетті және тиімді қазақстандық үлгісі қалыптастырылмақ, мұның өзі елеміздің тұтастығы мен қуаіпсіздігін сақтай отырып, адамдарымыздың тұрмыс-жағдайын жақсарту міндеттерін шешуге мүмкіндік берді. 1994 жылы облыс өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1993 жылмен салыстырғанда 36 пайызға, қаржыландырудың барлық көздері бойынша күрделі қаржы көлемі 69 пайызға қысқарды. Осы жыл тез экономикалық гүлдену жөніндегі қиялдан бас тартып, кезек күттірмейтін шаралар мен экономикалық реформаларды тереңдету бағдарламаларын орындау жолындағы талаптарды қатаңдатты.
Нарықтық қатынастарға көшудің облыстық концепциясы меншіктің жаңа қатынастарын анықтады. 1990 жылы Қазақстанның халық шаруашылығында экономикалық дағдарыстың күшеюі салдарынан, өндірістің құлдырауы, тұтыну нарығының тұрақсыздануы белең алып, бюджеттің тапшылығы сезілгендіктен облыстарда мемлекеттік мүлік комитеттері құрылды. Мемлекеттік меншікті қайта құру облыс әкімшілігі басшысы 1992 жылы 5 наурызда бекіткен республикалық және коммуналдық меншіктегі объектілерді мемлекет меншігінен алу және жекешелендіру бағдарламасы бойынша жүргізілді. Мемлекеттен алу кәсіпорындарды акционерлік, коллективтік және басқа да меншік түрлеріне беру арқылы жүргізілді. Облыс өнеркәсібінде меншіктің негізгі түрі бұрынғыша мемлекеттік болды. Меншіктің арендалық түріне өнеркәсіп кәсіпорындарының шамамен 5 пайызы көшті. 1996 жылы 1 қаңтарда облыста 130 объект, оның ішінде 29 сауда, 16 қоғамдық тамақтандыру, 22 тұрмыстық қызмет, 16 өнеркәсіп, 16 құрылыс, 1 транспорт, 22 ауылшаруашылық, 1 коммуналдық шаруашылық және 8 басқа салалардағы объектілер жекешелендірілді. Егер 1991 жылы 9,8 млн сомға 17 объект жекешелендірілсе, 1992 жылы 374,6 млн сомға 130 объект жекешелендіріліп, нәтижесінде бюджетке 159,0 млн сом, соның ішінде республикалық бюджетке 132,2 млн сом, жергілікті бюджетке 26,8 млн сом аударылды. Мемлекеттік меншікті өзгертудің негізгі формасы коллективтік меншікке сатып алу болды.
Жоғарыда айтылған бағдарламаға сәйкес мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитет мемлекеттік мүлікті арендаға беру жөніндегі аудандық комиссияның жұмыс тәртібінің құжаттар пакетін жасады. Кеңшарларға әдістемелік көмек көрсету мақсатында барлық аудандарда мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитет және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары бекітілді. Облыстың барлық аудандарында осы мәселеге байланысты семинар-кеңестер өткізілді. Осы жылдың сәуір-мамыр айларында комитет мамандары барлық облыс аудандарында болып, арендаға алғашқы болып көшкен шаруашылықтарға нақты көмек көрсетті. Республикалық және коммуналдық меншіктегі өнеркәсіп объектілерін жекешелендірудің облыстық бағдарламасына 1992 жылы 111 кеңшар, ет-консерв комбинаты, облыстық сүт бірлестігі «Агротехсервис» бірлестігі, «Уральсксельстрой» концерні енгізілді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, экономиканың нарықтық қатынастарға көшуінің тиімді болғаны анық бұрынғы жоспарлы зиянмен жұмыс жасайтын кәсіпорындар мемлекеттік бюджетте болса, жеке меншікке ауғаннан кейін өзін-өзі қаржыландырып, нәтижесінде пайдаға шықты, оған дәлел-жанар-жағар маймен, дәрі-дәрмекпен халықты қамту кәсіпорындары, қаламызда жағармай кұю стансалары мен дәріханаларда қажетті тауарлардың көлемі мен түрі көбейді. Жекешелендірілген барлық азық-түлік, өндірістік тауарлар дүкендері негізінен өз жұмыс бағытын сақтап қалды.
1996-1998 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының мемлекеттік меншікті жекешелендіру және қайта құру бағдарламасы қабылданып, соған сәйкес мемлекеттік меншіктегі объектілердің құрылымы қайта қаралды. 2000 жылы 21 шілдеде Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысымен республикадағы жекешелендіру мен мемлекеттік мүлікті басқару тұжырымдамасы мақұлданды. Онда мемлекеттік мүлікті жекешелендіруге әзірлеу, жекешелендіру процедурасын нақтылы өткізу, жаңа меншік иесінің өз міндеттерін орындауын бақылау істері ерекше көрсетілді және мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы мемлекет саясатының негізі белгіленді. Мемлекеттік мүлікті жекеге беруге әзірлегенде жекешелендіруге жататын мемлекеттік мүліктің немесе мемлекеттік акциялар пакетінің сатылу параметрлері, сұраныстары анықталып міндетті түрде бақылауға алынды. Нақты жекешелендіруді өткізу барысында инвестициялық немесе коммерциялық тендерлер, аукциондарға талапкерлердің қатынасу құқығы бұзылмауы ескерілді, олардың әлеуметтік инвестициялық міндеттері көрсетілген бизнес-жоспарлар талдаудан өткізілді. Жаңа меншік иесінің өзіне алған міндеттемелерін іске асыруын бақылау, жекешелендіруден кейінгі кәсіпорынның дамуы, оның салалық ерекшеліктері негізінде жүргізілді.
Осы бір – бірімен байланысты жекешелендіру мен құрылымдық өзгерістер мемлекеттік және жеке секторларында тиімді меншік иесінің қалыптасуына ықпал етті. 1991-2001 жылдар арасында облыста 93 аукционға 278 объект қойылып, оның 236-сы 120 млн теңгеге сатылды. 100 акционерлік қоғамның мемлекеттік акция пакеттері саудаға шығарылып, 150 млн теңге сатылу құнын құрады. Жоғарыдағы аталған бағдарламаны орындау нәтижесінде 1991-2000 жылдары бюджетке 700 млн теңгеге жуық ақша аударылды /13/.
Аумақтық комитеттің бұрын жекешелендірілген кәсіпорындарға жасаған қолдауының қорытындысы мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің елімізде екі түрі бар екенін көрсетті. Олар кәсіпорынды еңбек ұйымының сатып алуы және жекешелендіруді коммерциялық,инвесторлық конкурс пен аукциондар арқылы сату. Біздің облыста жекешелендірудің басым бөлігі кәсіпорындар қызметкерлерінің сатып алуы бойынша жүргізілді.
1999 жылдың қыркүйек айында облыстық коммуналдық меншіктер басқармасы құрылды. Бүгінгі таңда ол коммуналдық меншік нысандарын иелену, пайдалану және басқару, сондай-ақ ұйымдарға қатысуда мемлекеттік үлес пен мемлекеттік акция пакеттерін иелену өкілеттігін жүзеге асырады. Осы бағытта облыстағы коммуналдық меншік нысандарына толық инвентаризация жүргізіліп, 2000 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыста жалпы аумағы 1492,3 мың шаршы метр құрайтын, қалдық құны 3751 млн теңгені құрайтын 1908 коммуналдық меншік нысандары бар екені анықталды.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – ел экономикасын өркендету жолдарының бірі. Осыған орай бос тұрған ғимараттарды өндірістік мақсаттарға пайдалану үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне беру қолға алынды. Іскер азаматтарға тендер арқылы 23 объект салынып, пайдаланылмай тұрған 20 ғимарат жалға берілді. Кәсіпкерлер жаңа өндіріс технологиясын меңгеруде. Оған көпшілікке мәлім Каркула, Азовскова, Васильев басшылық ететін шаруа қожалықтары, «Айдана», «Квант», «Экспо» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері дәлел. Мысалы, Каркула Зеленов ауданындағы жол пайдалану басқармасы ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, электр жарығы мен көгілдір отынды қосып алды. Үш диірмен орнатып, шұжық цехын салып, нан пісіруді, алынған өнімдерін облыс орталығына сату ісін де ұымдастырып отыр. Азовскова Зеленов ауданының Көшім ауылында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, оны ұқсату жұмыстарымен шұғылданып, осы мақсатта қаладан қойма ғимаратын алды. Жеке кәсіпкер Васильев Орал – Чапаев – Атырау тас жолында орналасқан «Кемпинг» объектісінде нан өнімдерін пісіруді, жолаушыларға тәулік бойы тамақтандыру қызметін көрсетуді ұйымдастырып отыр.
2000 жылы шағын бизнесті дамыту үшін бос тұрған ғимараттарды қайта жөндеу арқылы 37 дүкен, 7 кафе, 3 оптика дүкені, екі тіс емдеу кабинеті, 7 шаштараз, мердігерлік шеберхана, сауда үйі мен нотариалдық кеңсе пайдалануға берілді. Сонымен бірге шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Шағын бизнес орталығы» мен шаруа және фермерлер ассоциациясы және бизнес инкубатор құрылды. Нарықтық экономикаға сай ет, шұжық өнімдері мен ұннан жасалған тағам түрлеріне және ішімдік пен минералды су, сыра өнімдерінің «сапа күні» өткізілді. Бірінші рет «Таңдаулы жыл кәсіпкері» байқауы оздырылып, жеңімпаз ретінде «Экспо», «Аист» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне сертификат табыс етілді.
Сондай-ақ шағын кәсіпкерлердің бірқалыпты жұмыс істеп, дамып, өркен жайып кетулері үшін, екінші деңгейдегі банк арқылы 390 шағын бизнес тұлғаларына 1 млрд теңгеден астам несие берілді. Облыс әкімінің шешімімен жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға жергілікті бюджеттен 30 млн теңге жеңілдік несие беріліп, жыл аяғында шағын бизнеспен айналысушылардың күшімен 18 млрд теңгенің өнімдері өндірілді. 2001 жылдың 1 қаңтарында 3915 шағын бизнестің заңды тұлғасы тіркеліп, жыл ішінде олардың саны 4,8 пайызға көбейді. Шағын бизнестің шаруашылық нысандарының күшімен 19342,2 млн теңгенің өнімдері өндіріліп, халыққа таратылды.
Облыстық экономика бағдарламасы облыстық шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту департаментінің қатысуымен 2001 жылға және 2001-2005 жылдарға әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы индикативтік жоспарының жобасын жасап, ол облыстық мәслихаттың 4-ші сессиясында бекітілді. 2000 жылды Батыс Қазақстан облысы экономика саласында біртекті жетістіктермен қорытындылады. Жыл ішінде өндіріс саласында 578 кәсіпорын ашылып, олардың күшімен 80,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал 2001 жылдан бастап облыс бұрынғыдай республика бюджетіне қол созбайтын донор облыстар қатарына қосылды. Мұндай табыстарға облысымыздың жер қойнауындағы табиғи байлықтың қарқынды игеріле бастауы сол байлықты игеруші компаниялар мен жергілікті әкімшілік арасында тығыз байланыс орнап, тыңғылықты жұмыстар атқарылуы нәтижесінде қол жеткізілді. Осындай мүмкіндіктер арқасында облыс бюджетінің шығыс бөлігі екі есеге арттырылды. Білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, облыс орталығын аббатандыру мен автомобиль жолдарын жөндеу, шағын кәсіпкерлікті дамыту және тағы басқа да салаларға жыл басында жоспарланған саладан тыс, қосымша қаржы бөлінді.
Облыстың экономикалық дамуына үлес қосып отырған ірі шаруашылық нысандарының көбі Орал қаласында шоғырланған. Ал ауыр өнеркәсіп саласы, металлургия өнеркәсібі түгелдей қалада орналасқан.
Бірқатар ірі кәсіпорындар импорттық жабдықтарды пайдалану барысында жаңа өнім түрлерін өндіруді бастады: «Механикалық зауыт» АҚ «Испат-Кармет» АҚ үшін жер асты кен жұмыстарына арнап, қосалқы бөлшектер шығаруды игерді, «Зенит зауыты» АҚ КПО б.в., Ренко-Ақсай ЖШС және басқаларының тапсырысымен өнеркәсіптің мұнай және газ өндіру саласы үшін жабдықтарды орнату және жаңарту өндірісін қолға алды сондай-ақ құбыр жүйелерін пісіруші желілерді тексеруде қызметтер көрсетті /20/ «Оралреммаш» акционерлік қоғамы мұнай секторындағы компаниялармен тиімді шарттарға отыру арқылы өндіріс көлемін айтарлықтай ұлғайтуға қол жеткізді. Зауыт «Казахтрансойл» ЖАҚ және «Интергазқұрылыс» ААҚ үшін 29,4 млн теңгеге автомобильдерге құятын отын, «Казцинк» ААҚ үшін жол техникаларын, «Өрт сөндіруші» РМК, Орал және Петропавл қалаларының мемлекеттік өрт сөндіру қызметтері үшін өрт сөндіретін автомобильдерді, сондай-ақ астаналық қалалық коммуналдық шаруашылық үшін жуғыш машиналарды дайындап, жеткізіп берді.
Бұрын қару-жарақ шығарумен айналысқан «Металлист» зауыты да Интергазға жылыту қондырғыларын, қосалқы бөлшектер және Қарашығанаққа қажетті металл кесетін аспаптар шығаруда. Бұрын банкротқа ұшыраған «Металл бұйымдары зауыты» акционерлік қоғамның ізінде құрылған «Металл бұйымдары» ЖШС-нің жұмыс қарқыны да жаман емес. Серіктестік 2001 жылы КПО б.в.-мен жасасқан біржолғы тапсырыс бойынша 37,1 млн. теңгеге металлқұрылымдар, 2002 жылы «ССС Сайпем» компаниясымен жасасқан бір жолғы тапсырыс бойынша 18,5 млн теңгеге металл құрылымдар сондай-ақ 30,7 млн теңгеге металл бұйымдар, 0,9 млн теңгеге металл негізіндегі жиһаздар дайындады.
Нарықтық экономиканың қыспағы бір кездегі әлемнің 40-тан аса еліне жапқыш арматура өнімдерін шығарып таратқан Орал арматура зауытын да айналып өтпеді. Арматурашылар тоқсаныншы жылдардағы қиындықтарды бастан кешіре отырып, өнім өндіруді тоқтатқанымен зауыт басшылығы жабдықтарды бүлдірмеуге, цехтарды жаппауға, өндіріс негізін жоймауға күш салды. Ел, облыс экономикасы оңалып, қаржы түсіп, несиеге ие болғаннан кейін зауыт сұр шойыннан жапқыш арматураға қоса ұсақтағыш шар доңғалақ үлгісіндегі ұнтақталған арнаулы балға шығаруды толық игеріп шықты. Бұл бөлшектер «Қазаққорғасын», «Қазақмыс», «Қазақстан алюминий» сияқты алып өндіріс орындарында үлкен сұранысқа ие.
Зауыт бұрын сұр шойыннан құйылған мұнай газды су канализацияда қолданылатын әртүрлі диаметрлі жапқыш, бекіткіш арматура шығарып келсе, енді осы жапқыштардан берік болаттан жасалған бекіткіш пен бұранда жасауды игерді. Сөйтіп 16 атмосферадан 40 атмосфераға дейін қысымда ұстап тұра алатын елу миллиметрден 300 миллиметрге дейінгі берік те сапалы арматура жапқыштар шығаруға жетісті. Осы жұмыстарға қосымша жұмыс қолы тартылып, қазір зауытта 850-ден аса адам еңбек етеді. Қазіргі техникалық прогресс кезеңіне сай шетелдерден озық технологиялар сатып алынып, зауыттың үш негізгі цехы шойын қорыту, болат қорыту, механикалық-құрастыру цехтары жетілдірілді, жабдықтары жаңаланды.
Батыс Қазақстан облысы - мұнай мен газ қорына бай өлке. Олардың игерілуі мен өңделуі өндірістік кешеннен жеке индустриалдық-технологиялық базасын дамытуға күш салуды талап етуде. Мұнайдың негізгі қоры Каспий теңізінің шельфтік аумағында орналасқан. Сол себепті теңіз астындағы мұнай мен газды өндіру үшін арнаулы кемелер, су атында жүргізілетін құбырлар мен оларды бақылайтын көптеген жоғары технологиялық құрал-жабдықтар және теңіздегі су асты-техникалық жұмыстарды атқаратын тәжірибесі бар өндірушілер қажет. Осындай кәсіпорындардың бірі – Орал қаласында 1972 жылы Ленинградтағы «Гидроприбор» орталық ғылыми-зерттеу институтының филиалы ретінде құрылған «Гидроприбор» ғылыми зерттеу институты ашық акционерлік қоғамы. Бүгінде «гидроприбор» ғылыми-зерттеу институты ААҚ жоғары инттелектуалды техникаларды жасап шығаратын Қазақстандағы жалғыз ғылыми-техникалық орталық. Ол өндіретін өнімін ойлап табудан бастап, сериялық үлгіде етіп шығаруға дейін операцияларды атқарады. Өзіндік отызжылдық тарихы ішінде институт үлкен зертханасы мен сынақ базасы бар ғылыми орталыққа айналды.
1993 жылдан бастап, Қазақстан Үкіметі «Гидроприбор» ҒЗИ ААҚ-ын теңіз кемелерінің конструкторлық-технологиялық құжаттарын жасақтаудағы жетекші кәсіпорын етіп белгіледі. Өткен жылдар ішінде бұдан әртүрлі бағыттағы бірнеше кеме үлгілері жасалып шығарылды. Атап айтқанда бұл
- жағалауда жүретін сыйымдылығы 5 тоннаға дейінгі жұмыс қатері:
- көп мақсатты сыйымдылығы 23 тонна рейдтік кеме. Ол су жағалауында жүруге, сүңгулер мен жөндеу техникалық жұмыстарына, гидротехникалық құрылыстарға қызмет көрсетуге арналған;
- тайыз өзендерде пайдаланылатын шекаралық қатер. Сондай-ақ 1996 жылы тапсырыс беруші – Баутино портына арналған ұзындығы 47,5 м теңіз айлағы суға түсірілді.
Қазіргі кезде су астындағы мұнайгаз қорларын игеру ісін дамытуда қалқымалы доктордың жоқтығы едәуір проблема болып отырғандықтан «Гидприбор» ҒЗИ оларды Батыс Қазақстан аумағындағы кәсіпорындар күшімен жобалап шығару жөнінде ұсыныс түсірді. Өзінде аумақты өндіріс алаңы, толық жабдықталған лабораториялық базасы, Шалқар көлінде тәжірибелік кемелерге арналған сынақ стансасы бар институттың мұндай жұмыстарды қазіргі заманғы техникалық деңгейде атқаруға толық жағдайы бар. Бірінші кезекте бұл – пульт арқылы басқарылатын аппараттар – роботтар және екі мың метрге дейінгі тереңдікке пайдаланылатын тіркеме аппараттары. Бұл аппараттар су астына батып кеткен объектілерді іздестіру мен белгілеуге арналған. Мұндай аппараттар бұрғылау жұмыстары жүргізілетін аумақтарға алдын-ала зерттеулер жүргізу үшін де пайдаланылады. Ал су астында өздігінен жүретін аппараттарды сүңгуірлер күшін пайдалануға мүмкіндік болмаған жағдайда су асты құбырларын, мұнай өндіру алаңдарын бақылауға пайдаланады.
Су асты аппараттарының маңыздылығы экологиялық мониторингін жүргізу қажеттілігімен де дәлелденеді.
Институттың өндірістік базасының мүмкіндігі мен мамандардың жоғары кәсіби шеберлігі арқылы «Қазақгаз» мемлекеттік холдингтік компаниясы кәсіпорындағы құрал-жабдықтарды жөндеу және қалпына келтіру, шетелдік бөлшектерді алмастыру жұмыстарын атқаруға, сондай-ақ «Теңізшевроил» бірлескен кәсіпорнына арналған «Бектел» компаниясымен бірлесе отырып өлшеуіш диафрагмаларды жасап шығаруға қол жеткізілді. 1994-1996 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-мен бірлесе отырып желдің қуатын пайдаланып айналатын қаңғалақтардың теориясы мен практикасы негіздерін жасақтау жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүзеге асырылады. Ал Қазақстан сияқты ашық далалық аймақ үшін желдің қуатын халық шаруашылығында пайдалану барлық жағынан тиімді екені сөзсіз.
«Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институты ашық акционерлік қоғамы болашақта өз рөлін өндіріске құрал-жабдықтар мен аппаратураларды дайындау мен енгізу жөніндегі бас ғылыми өндірістік ұйым ретінде атқармақшы.
1995 жылдан бастап өнеркәсіптік өндіріс көлемінің өсу үрдісі айқындала бастады, ал соңғы жылдары ол тұрақты сипат алып келеді. Егер 1995 жылы өсу қарқыны өткен жылға қарағанда 93,1 пайыз болса, 1996 – 100,2%, 1997 жылы – 1005,2%, 1998 жылы – 104,5%, 1999 жылы - 119%, 2000 жылы – 125,8%, 2001 жылы – 122,8 ал 2002 жылы – 125,3% болды.
Кен өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі шикі мұнай өндіруді 1,5 есеге, газ конденсатын өндіруді 29,1 пайызға, табиғи газ өндіруді – 27,2 пайызға өсіру есебінен 32,7 пайызға өсті. 2002 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің 2001 жылғы деңгейге қатысты өсімі 2,1 пайызды құрады. Металлургия өнеркәсібі мен машина құрастыру саласында 13,5%, целлюлоза-қағаз өнеркәсібінде 24,6%-ға, тоқыма-тігін өнеркәсібінде 3,9%-ға өндіріс көлемінің өскені байқалды. 2001 жылмен салыстырғанда тағам өнеркәсібі өнімдерін шығару 9,7 пайызға, соның ішінде кондитер өнімдерін өндіру – 3,1 есе, газдандырылған сусындар – 1,9 есе, жарма – 34,6%-ға, сүт – 31,6%-ға, балмұздақ – 28,4-ға, сыра – 18,1%-ға және сары май өндіру 13,9-ға өсті. «Береке» АҚ сүт комбинаты шығаратын өнім түрлерін көбейту және оларды шығару көлемін арттыруды жүзеге асыру барысындағы жұмыстармен тұрақты айналысып келеді. Олар 15-тен аса жаңа өнім түрлерін өндіруді игерді. Мамандандырылған желілі сауда жасайтын дүкендер көбейтілді, ондай дүкендер облыстың барлық аудандарында ғана емес, көршілес Актау, Атырау қалаларында да жұмыс істеуде. Бұның бәрі қосымша кіріс көзін ашып, облыс бюджеті алдындағы берешекті өтеуге, сондай-ақ 100-ден аса жұмысшыны жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Ұннан жасалатын өнімдерді ең көп өндіретін «Орал нан өнімдері комбинаты» АҚ-н жалға алған «Орал тұрмыстық қамту фирмасы» ЖШС күніне 1 тоннадан аса нан және нан-бөлке өнімдерін шығарады және мұнда кисель өндіру қайта жандандырылған.
Облыстағы өз жұмысын қайта жандандырған байырғы кәсіпорын – арақ-шарап зауытының, қазіргі «Орал сусыны» ЖШС-нің сапалы өнімдері өте жоғарғы сұранысқа ие. Өндірісте 110 тәжірибелі маман шұғылданады.
Алкоголь өнімдерін жаңа технология мен әдістерге сәйкес өндіру қолға алынып, енгізілуде, «Нұржанар» ААҚ шығаратын өнім көлемін едәуір арттырып, өнім сапасын жақсарту және өнім түрлерін кеңейту жұмыстарымен шұғылданып келеді.
Соңғы жылдары облыста айқын инвестициялық, салалық басымдық қалыптасты. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2000 жылы 111,9 млрд, 2001 жылы – 149,1 млрд, 2002 жылы – 238,4 млрд теңге құрады. Облыста күрделі құрылысқа салынған инвестицияларды қаржыландырудың негізгі көзі шетел инвестициялары болып саналады. Олардың есебінен күрделі салымдардың негізгі көлемінің 95 пайызы игерілді. Күрделі құрылысқа инвестицияны игерудегі басымырақ сала болып мұнай және табиғи газ өндіру есептеледі. Шетел инвесторлары есебінен 2002 жылы Қарашығанақ кен орнын игеру, Орал және Ақсай қалаларында әлеуметтік объектілер құрылысы, Зеленов ауданының Рубежка ауылында газдандыру жұмыстары жүргізілді. 2001 жылы инвестициялар негізінен Қарашығанақ газ кенішін жайландыруда, Теплов-Токарев кенішінде геологиялық барлау жұмыстарына және «Әлеуметтік даму» бағдарламасы бойынша әлеуметтік объектілер, мәдени орталық, жабық мұз айдыны, Зачаганск ауылында мектеп құрылыстарына, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының ғимараттары мен Орал қаласы көшелерін қайта жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ Бөрлі ауданындағы Ақсай аудандық ауруханасы қайта жөндеу жұмыстарына пайдалануда. Сонымен бірге Орал қаласындағы Юность және Атоян атындағы стадиондарды қайта жасақтау, Ақсай су жобасын іске асыру жұмыстары жүргізілуде.
Жергілікті бюджет қорлары тұрғын үй, білім беру объектілерін, әлеуметтік-мәдени және коммуналдық мақсаттағы объектілер құрылысына, облыстың елді мекендерін газдандыруға, су және жылумен қамту, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау мекемелеріне жабдықтар сатып алуға, оларды қайта жөндеу жұмыстарына, сонымен қатар Орал қаласы көшелері мен ғимараттарын қайта жөндеуден өткізуге жұмсалуда. Облыста өндіріс орындарымен бірлесе отырып, 2000-2001 жылдарға арналған импорт алмасу бағдарламасы жасалды. Ол бағдарлама бойынша шетел өнімдерін азайтып, оның орнына отандық өнімдер шығару, жаңадан жұмыс орындарын ашу жоспарланды.
Қазақстан инвесторларының қолдауымен жол – құрылыс материалдарының өндірістік бірлестігінің өндірістік қуаттылығымен Орал қаласында салынған көпір, мұзды спорт кешені, қазақ драма театры құрылыстары үшін темір бетон бұйымдарын шығару қолға алынып, 2001 жылы 16,3 мың тонна құрамалы темір-бетон және 7,7 мың тонна тауарлық бетон өндірілді.
«Аяз» ЖШС республикада мұнай және газ кеніштерін игеруші шетел комапанияларының шарттары және біржолғы тапсырыстары бойынша 65,6 млн теңгенің өнімдерін, «Диана» ААҚ «Тенгизшевроил» АҚ-мен жасасқан шарт бойынша, сондай-ақ КИО үшін 34,6 млн теңгеге арнайы киімдер тігіп дайындады. Импорт алмастыру бағдарламасына сәйкес облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындарына 1522 млн теңгеге өнімдер өндіру тапсырылған болатын. Бағдарлама бойынша жұмыс басталғаннан 2001 жылдың аяғына дейін келісімдерге сәйкес 1662,8 млн теңгеге өнімдер өндірілді. 2002 жылы 1359,1 млн теңгеге 44 шарт жасалып, нақты 1220,3 млн теңгенің өнімдері өндірілді. Облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары шығаратын өнімдерініңсапасын халықаралық стандарттарды енгізе отырып, жақсарту барысындағы жұмыстармен ұдайы айналысып келеді. Байырғы «Орал Зенит зауыты» ААҚ өнім сапасын жақсарту жүйесін енгізуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғашқылардың бірі болып үкімет наградасына ие болса, «Аяз» ЖШС өнімі өте жақсы сапасы үшін Мәскеу қаласындағы Мемлекетаралық көрмеде екі дипломды жеңіп алды.
Алайда, облыста әлі де болса игерілмей жатқан үлкен резервтер де бар. Ең алдымен, бұл – облыстың болашақтағы тиімді инвестициялық жобаларын жүзеге асыру керек. Облыс кәсіпорындарының республикалық кеме жасау бағдарламасына қатысуын одан әрі жалғастырудың маңызы зор. «Зенит» зауытында, республикадағы кеме жасаудың базалық кәсіпорынында ҚР Әскери-теңіз күштерінің тапсырысымен екі кеме, «Бүркіт» және «Сұңқар» жобасындағы қатерлер, «Гидроприбор» ҒЗИ ААҚ-да «Сапсан» жобасымен сегіз катер шығарылды. Аталмыш кәсіпорындардың негізгі міндеті – Шекара қызметі, ҚР ҰҚК, Кеден қызметі, Төтенше жғдайлар жөніндегі Агенттік пен ҚР Қорғаныс Министрлігі сияқты республикалық ведомстволардың 2010 жылға дейінгі қажетін өтеу болып табылады.
2002 жылдың басында облыс Әкімінің бастамасы және Республика Үкіметінің қолдауымен «Металлист» ААҚ-ның өндірісі құрылымын қайта жасау басталды. Осындай шара стратегиялық маңызды қорғаныс кәсіпорны «Омега» зауытында да жүргізілді. 2003 жыл Қарашығанақ кенішінде екінші кезеңнің аяқталуымен және мердігерлік жұмыстардың азаюымен байланысты көршілес Атырау және Маңқыстау облыстарындағы мұнайгаз кеніштеріндегі компаниялармен екіжақты тығыз байланыс орнату көзделді. Сондай-ақ Ресей Федерациясымен әсіресе оның көршілес облыстарымен екі жаққа да пайдалы байланыс орнатуға назар аударылды.
Ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамытудың да маңызы зор. Облыс кәсіпорындарында ауыл шаруашылығы техникаларын, оған қажетті қосалқы бөлшектерді шығарудың мүмкіндігін зерттеу жолында біршама жұмыстар жүргізілді. Облыстың көптеген кәсіпорындары бұрынғы өндірістік қуаты негізінде ауыл шаруашылығы техникасын және оған қажетті қосалқы бөлшектерді шығаруды арттыруға, түрлерін кеңейтуге мүмкіндікті іздестірді. Қазіргі кәсіпорындар ауыл шаруашылығы машиналарына қажетті бөлшектердің 110 түрін шығаруды игерді. Облыстың болашақтағы инвестициялық жобаларын жүзеге асыруға келетін болсақ, 2002 жылдың төртінші тоқсанында Елбасының тапсырмасымен республикада индустриалдық саясатты дамытудың республикалық бағдарламасын қалыптастыру жұмысы басталды. Облыста аталмыш жұмыстың негізгі концептуалдық бағыттары қалыптасты, инвестициялық жобалардың тізімі жасалды, олардың жүзеге асуы аймақтағы индустрианың дамуына негіз болады.
Болашақтағы мақсат – қосымша құны жоғары өндірісті дамыту, мұнай-химия өнеркәсібін қалыптастыру және дамыту, инновациялық қызметті дамыту. Облыстың негізгі инвестициялық жобасын жүзеге асыру тиімді өндіріс орындарын іске қосуға мүмкіндік және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.
Достарыңызбен бөлісу: |