АУЫЛ-СЕЛО ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ЕҢБЕК БЕЛСЕНДІЛІГІ
Ауылшаруашылығын өрге бастыру міндеттерін орындауда және барлық агроөнеркәсіптік кешенді жетілдіруде 70-80 жылдары бұқараның шығармашылығын одан әрі дамыту басты маңыз алды. Шын мәнісінде ол адамдардың жоғары саналылығы мен белсенді әрі ақылды іс-әрекетіне сүйенді.Зерттеулер көрсеткеніндей, қарастырылып отырған уақыт ішінде республиканың ауылшаруашылығы үшін еңбектің механикаландырылуы, қоғамдық өндіріс дәрежесінің өсуі, ұжымдық еңбектің одан әрі дамуы және формаларының алуандығы, қызметкерлердің материалдық және моральдық ынталандырылуы ауыл-село тұрғындарының тұрмыс жағдайларының жақсаруы, олардың білім мен кәсіби-техникалық, мәдени деңгейінің өсуі тән сипат болды. Бұл өзгерістер сөз жоқ, салада еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайы мен шығармашылық белсенділігін арттыруды талап етті. Бұл өндірістегі түпкі нәтижеге оң әсерін тигізетін еді. Ауылшаруашылығында ғалым-аграршылдар атап көрсеткендей, еңбеккерлердің әлеуметтік және жұмыс белсенділігін арттырудың бес дәрежесі бар: шаруашылықішілік ұйымдастыру, аудандық, облыстық, республикалық және бүкілодақтық ұйымдастыру.
Ауылшаруашылығындағы жұмысты барлық озық формада жүргізген Батыс Қазақстанның шаруашылықтары 1966-1980 жылдары өнімді өндіру мен мемлекетке тапсыруда жоспар мен міндеттемелерін орындап, айтарлықтай нәтижелерге жетіп отырды. Тиімділік пен сапаның артуы, әсіресе, егіншілік мәдениетін көтеруге тығыз байланысты болды. 1966 жылы Орал облысындағы «Перм» астық совхозының ұжымы әр гектардан 100 пұт астық алу жөнінде міндеттеніп, «Егіншілік мәдениетін жақсарту және астық өнімін ұлғайту үшін социалистік жарысты өрістету туралы» ауыл еңбеккерлеріне үндеу тастады. Оны көп әріптестері қолдады. Жарысқа қосылған Орал облысы диқандары 1966 жылы - сегізінші бесжылдықтың алғашқы жылы мемлекет қоймасына 44 миллион пұт, яғни жоспардан тыс 11 миллион пұт астық құйды. Осы жылы мемлекетке астық тапсыру жоспарын 218 пайызға орындаған Ақтөбе облысының егіншілері үлкен жеңіске жетті. 1968 жылы Мартук ауданының «Красный пахарь», Киров атындағы, Ленин ауданындағы «Передовик» колхоздарына және 14 трактор-егіс бригадасына «Жоғары егіншілік мәдениеті бар ұжым» деген құрметті атақтар берілді. Осы мезгілде ақ Жайық өңірінде «Правда» газеті атындағы, «Березов», «Еңбек» совхоздары. Калинин атындағы, «Путь к коммунизму» колхоздары «Егіншілік мәдениеті жоғары» деген атаққа өндіріс пен тұрмыстағы қомақты табыстары арқылы ие болды.
Әлеуметтік және еңбек белсенділігі ауыл адамдарына өз дамуында жаңа мазмұнмен келді. Бұл қозғалысқа қатысушылар шеберліктің қыры мен сыры туралы, техниканы пайдаланудың бағалы да тиімді әдістері жайлы пікір алысып, тәжірибе бөлісті. «Егіншілік мәдениет» жоғары» «Елек», «Первомай» совхоздарының, «Красный колос» колхозының (Ақтөбе облысы) «Березов», «Ащысай» совхоздары мен Тельман және Ленин атындағы колхоздардың (Орал облысы) мысалы бұл айтқанымызға дәлел. Соңғысынан комбайыншылар И.Н.Усенко, М.И.Богатырев 1968 және 1970 жылдары әр гектардан орташа есеппен 15-17 пұт астық бастырып, биіктен көрінді.
Еңбек бәсекесінің ең құлаш жайған және тиімді түрі ауылшаруашылығында техниканы меңгеру, еңбектің өркениетті әдістерін үйрену кәсіби шеберлікті жетілдіру жөніндегі жарысты жандандыруға, оны жаңа мағыналы мазмұнмен байытуға себепші болды. Батыс Қазақстанда жыл сайын «Таңдаулы механизатор», «Облыстың таңдаулы шопаны», «Облыстың таңдаулы сауыншысы» деген атақтарды берудің ережесі мен шарты талқыланып, бекітілді. Осы атақты алғашқылардың бірі болып, И.Богатырев, Ю.В.Труба, М.В.Щелон, Қ.Миханова, малшылар К.Ержанов, Н.Босмағамбетов, Е.Есімов, С.Дәулетқалиев және басқалар жеңіп алды. Кейін бұлар Социалистік Ері атағына ие болды. Осылардың арасында Ескендір айрықша көзге түседі. Социалистік Еңбек Ері Есімовтің бригадасы тоғызыншы бесжылдықтың 4 жылында мемлекетке 2698,7 мың центнер қой етін тапсырып, М.Мәметова атындағы совхозға 137 мың сомнан астам таза пайда әкелді. Шыңғырлаулық Төлеуғали Нұрғалиев тоғызыншы бесжылдықта жыл сайын әр жүз саулықтан 152 қозы алып, әр қойдан 5,2 килограмм жүн қырықты, ол жоспардан тыс 1800 қозы өсіріп, бесжылдықты 84 мың сом пайдамен аяқтады. Осындай еңбек жеңісіне әр жүз саулықтан 150-153 қозы алған Еділбаев, ақтөбелік Қ.Нұрмашев, М.Маметов, Б.Ғалымов та жетті.
70-80 жылдары Батыс Қазақстандағы жастар арасында «Ауылда тұрасың екен техниканы меңгер» деген ұранмен жаңа қозғалыс қызды. Осы орайда Ақтөбе облысында 1971-1980 жылдарда облыстық Құрмет кітабына енгізілген 700 механизатор «Облыстың таңдаулы механизаторы» атағын алды. Өзара социалистік жарысқа түскен оралдық комбайыншылар А.Бобыкин, П.Погадаев, ауыл мектептерінің мұғалімдері Б.Хамзин, Ю.Овчинников егін орағында үздік нәтижелер көрсетіп, «Таңдаулы кәсіп иесі» атағына ие болды. 1971 жылдың қорытындысында Ақтөбе облысы бойынша 60 адам «Қазақ КСР – ның таңдаулы механизаторы», және «Қазақ КСР-ның таңдаулы шопаны» атағын алды.
Тұрғындардың еңбек белсенділігін тәрбиелеу ісінде еңбек әулеттері жарысының маңызы зор. Батыс Қазақстанда өз қасына туған-туысқандарын топтастырған белгілі механизаторлардың, малшылардың есімдері көпке мәлім. Мысалы М.Хұсайынов пен С.Нұрғалиевтің, Н.Сковародько мен В.Зинченконың отбасылық агрегаттарын атауға болды. 1973 жылдың егін орағына қатысқан «Междуреченск» совхозынан (Ақтөбе облысы) Зинченконың отбасы (әкесі, екі баласы) бір-бірімен жарысып 700 гектар алқаптың бидайын сапалы орып бастырды. Шыңғырлау поселкісінің тұрғыны (Орал облысы) Мақсот Хұсайынов екі баласымен «Қызылкөл» совхозына барып, үш комбайнды жөндеді, олар комбайн штурвалыне отырды, сөйтіп күндік тапсырмаларын бір жарым есе асыра орындауға жетісті. Отбасылық әулеттердің ауылшаруашылық өндірісіне белсене қатысуы, әкелердің, аналардың балаларына үлгі болуы кәсіби біліктілікті жетілдіріп қана қойған жоқ, еңбек өнімділігін арттырып қана қойған жоқ, сонымен қатар кейінгі ұрпақты адамгершілік жағынан тәрбиелеуге де көмектесті. Бұл орайда тәрбиелік мәні зор кештер, кездесулер өтті. Клубтарда, мәдениет үйлері мен сарайларында ұйымдастырылған мұндай шараларға даңқты еңбек озаттары, жұртшылық өкілдері, партия, кеңес, комсомол, кәсіподақ органдарының жетекшілері келіп, кейінгі толқын алдында өз өмір жолдары туралы әңгімелеп еңбек ұжымдарының табысы туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Жаңа еңбек озаттары құрметіне Еңбек даңқы жалауы көтерілді.
70-80 жылдары алдыңғы қатарлы малшылар мен шопандар өзара социалистік жарыс көрігін қыздырды. Орал облысындағы «Ащысай», «Қазақ КСР 40-жылдығы» атындағы совхоздардың аға шопандары Төлеуғали Нұрғалиев пен Құттығали Қодаров, «Аңқаты» асылтұқымды мал заводының, «Талов» асылтұқымды совхозының шопандары мен малшылары үлкен көрсеткіштерге қол жеткізіп, алдыңғылар отарындағы әр жүз қойдан 152 және 160 қозы алса, соңғылары табындағы тайөгіздердің әрқайсысының орташа салмағын 545 және 512 килограммен өткізді. Еңбек ұжымдары арасындағы жарыс тек қана Батыс Қазақстан аумағында емес, көршілес республикалардағы әріптестер арасында өріс алды. Мысалы Ақтөбе облысы Орынбор облысымен, Гурьев облысы Астрахань облысымен, Орал облысы Саратов және Орынбор облысымен еңбек бәсекесі, өндіріс қорытындысы жөнінде жарысқа түсті. Орал облысындағы Бөрлі ауданы Орынбор облысындағы Елек ауданының ұжымы 15 жыл еңбек бәсекесі көрігін қыздырып, көш басында болды. Осындай тығыз қатынас техниканы шебер меңгеруге, озық өндіріс әдісін игеруге, тәжірибе алмасуға жол ашты, жұмыста орын алған кемшіліктерді бірлесіп жоюға көмектесті.
1970 жылдан бастап Батыс Қазақстанның көптеген шаруашылықтары КСРО ордендерімен, медальдарымен наградталды. Еңбек Қызыл Ту орденіне «Оймауыт» (Ақтөбе облысы), «Правда» газеті атындағы совхоз (Орал облысы), «Сүйіндік» совхозы (Гурьев облысы), Ленин орденіне «Аңқаты» мемлекеттік мал зауыты, «Халықтар достығы» орденіне «Березов» совхозы, КСРО-ның 50 жылдығы атындағы қаракүл қой совхозы ие болды. Үш облыстан да бірқатар шаруашылықтар тоғызыншы бесжылдықтың қорытындысы бойынша өндірістегі жоғары көрсеткіштері үшін СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің және БЛКЖО Орталық Комитетінің «Тоғызыншы бесжылдықтағы еңбектегі ерлігі үшін» және аталған органдардың Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Әйтсе де осындай жетістіктермен бірге күн тәртібінде шешуін күтіп тұрған проблемалар жеткілікті болды. Негізгі айналым қоры жұмыс күшімен ауылшаруашылығын қамтуда, негізгі өндіріс құралы-жерді, оның құнарлылығы мен орнын анықтауда, ауданаралық аймақ, шаруашылықішілік үлестерді дұрыс белгілеп, дұрыс пайдалануда, шаруашылық басшылары мен мамандар тарапынан ғылыми негізделген, терең ойластырылған басшылықтың әлі өмір талабынан кем жатуында елеулі кемшіліктердің бар екені анық еді. Социалистік жарысты, міндеттер мен шарттарды орындауға еңбекшілерді ұйымдастыру олардың еңбек белсенділігі мен шығармашылдық, өнертабыстық қабілетін тәрбиелеу, кәсіби шеберлік пен тұрмыс мәдениетін жетілдіру әлі де болса ауыл-село тұрғындарының басты, шешілуі тиіс өзекті мәселелері болып қала берді.
АУЫЛДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУЫ: ПРОБЛЕМАЛАР МЕН ҚИЫНДЫҚТАР
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі экологиялық проблемалар
60-80 жылдары адамзат қоршаған орта жағдайының кенеттен төмендеуі, кең ауқымда табиғи ресурстардың тартылуы сияқты проблемалармен бетпе-бет келді. Бұл проблемалар біздің республикамызды айналып өтпеді, тіпті оның батыс аймағына оның ішінде аграрлық секторға да, әлеуметтік-экономикалық салаға да есепсіз зор зардап әкелді. Табиғатты тиімсіз, экстенсивті техника арқылы пайдалану, ведомстволық үстемдік, табиғи ресурстарды мемлекеттік бақылаудың әлсіздігі экологиялық шиеленістің бір объективті себебі – осы. Қазақстандағы, әсіресе аграрлық сектордағы бұл орайдағы қордаланған мәселелер ұйымдастыру және әлеуметтік сипаты жағынан кешенді міндеттер жүктеді. Сондықтан республикалық экологиялық қордан қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Қоғамдық Комитетті құру ретінде қаржы бөлінді. Сонымен 80-жылдардың ортасында республикада 1400-ден астам бақылау постылары, оларда 8472 қоғамдық инспекторлар жұмыс істеді. Табиғатты қорғаудың бір әдісі - тұрғындар арасында бұқаралық-үгіт жұмысын жүргізу. Осыған байланысты республика бойынша жұмыс істеп тұрған «Табиғат» халық университетінің бағдарламасын облыс жұртшылығы оқып үйренді. 1989 жылы халық депутаттары Батыс Қазақстан облыстық Кеңесі 1989-1990 жылдарға және 2000 жылға дейінгі уақытқа арналған облыстық «экология» кешенді бағдарламасын қабылдады. Келесі жылдары облыс кәсіпорындарының, ұйымдар мен мекемелердің экологиялық қауіпсіздігін кешенді зерттеген нәтиже бойынша Батыс Қазақстан облыстық экологиялық және биоресурстар басқармасы қаулы алды. Осы қаулы негізінде 812 тексеру, 111197 ереже бұзу анықталып, 186 лауазым иесіне 56360 теңге айып пұл салынды, 41 объект тоқтатылды, 4 іс прокуратураға берілді, 5 кәсіпорынға айып санкциясы жарияланды. 60-жылдардың екінші жартысынан бастап, батыс аймақтағы көптеген аудандарда су көздері сарқылуға бет алды, судың сапасы төмендеп, бірқатар су қоймаларындағы гидрогеологиялық, биологиялық, тұз қалпының бұзылуы ерекше байқалды. Әсересе, сол кезде жұмыс істеп тұрған Орал-Көшім, Қарғалы және Амангелді суландыру жүйелері тасымалдаудан және басқа себептерден судың 15%-н жоғалтты. Қолданылған шараларға қарамастан топырақтың тұздануы мен батпақтануы, жануар мен өсімдіктер дүниесінің жүдеуі, ауа-райының өзгеруі, даланың сортаңдауы мен қуаңдануы тоқталмайтын үрдіске айналды.
Батыс Қазақстандағы 4,6 млн гектар ауылшаруашылық дақылдары егістігінің 58%-і ғана 1980 жылы жыртыс алқабы болды. Бұлар негізінен далалық, жартылай шөлді және шөлейт аймақтарда орналасты. Оның үстіне бұл жерлерге жел эрозиясы үлкен зардабын тигізді. Колхоздар мен совхоздардың басым көпшілігі топырақ қорғау технологиясының мүмкіндігін толық пайдаланбады, далалық жұмыс дер мезгілінде аяқталмады, шаруашылықтар еңбек және материалдық-техникалық жабдықтармен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз (70%) етілмеді. Қарастырылып отырған кезеңде «Жеміс-көкөніс», «Жеміс-жидек» (Батыс Қазақстан облысы), «Пригородный», Пацаев атындағы (Ақтөбе облысы), «Первомай», «Теңдік» совхоздарында (Гурьев облысы) топырақтың құнарлылығын сақтау арқылы экологиялық жағынан таза, балалар мен диета тамағы үшін нәрлі өнімді өндіру жөнінде игі қадамдар жасалды.
60-80 жылдары «қырғи-қабақ соғыс» шиеленісінің және жаппай қаруланудың күшеюінің соңы Семей және Капустин-Яр әскери алаңдарында ядролық, атом және басқа да жаппай қырып жоятын қару-жарақты сынауға әкеліп соқтырды. Осы тұста полигонды, әртүрлі әскери объектілерді ұстау мақсатында 18 млн. гектар қазақ жері пайдаланылды. Қазақстан бойынша полигондарда 500 ядролық жарылыс болды. Сынақ құрылғылардың ажал сепкен уытын мыңдаған адам тартты. Онмыңдаған тұрғын кемтар болып қалды, тіпті келер ұрпақ өміріне де сынақтардың кері әсері әлі сезіледі, жерасты сулары уланған. Полигонға жақын орналасқан мал азығының құрамында иод, цезий басқа да улы заттар мөлшері көп. Тек Семей облысында онкологиялық (қатерлі ісік) ауруына ұшырағандардың саны 1975-1985 жылдары 7 есеге дейін өскен. Балалардың тууы азайып, адамдардың өзін-өзі өлтіруі өршіген. Семей полигонынан басқа жерлерде (27 орында) әртүрлі қуатта ядролық жарылыс болған. Ең қайғылы үлес жаппай қырып жоятын қаруды 17 рет сынаған Атырау облысына тиеді. 8 ядролық жарылыс Ақжайық өңірінде, қалғандары Ақтөбе, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарында болды. Ғалымдардың, мамандардың мәліметтеріне сүйенсек, бір ғана Нарын құмы аймағында 29 ядролық жарылыс, ал оның 19-ы жер астында, 10-ы ауада сыналған. Сонымен бірге аймақта 159-ы қарулануға алынған 179 әскери қару-жарақ үлгісі сынақтан өтіп, орта және жақын қашықтықтағы 619 ракета жойылған. Осылайша ауаға (атмосфераға) отыз мың тоннаға жақын жоғары улағыш қауіпті заттар шығарылды. Сынақ алаңдарына жақын жерлер радиация сәулелерімен, радионуклидтермен, ауыр металл сынақтарымен, улы заттармен мықтап зақымданған.
Атырау облысындағы Тайсойған аумағы Капустин-Ярдың жалғасы болып табылады. Батыс Қазақстан мен Санкт – Петербург ғалымдары бірлесіп, мұнда топырақтың, өсімдіктің, су көздерінің ракета отынының улы заттарымен, ең алдымен гептилмен (қауіптің бірінші тобына жатады), таллимен, күшәладан әлдеқайда күшті улы заттардан зардап шеккенін дәлелдеді. Азғыр ядролық полигоны да Ресей Федерациясының атом орталығына қарайды, бұл күнде ол «Балқұдық» ұжымдық шаруашылығында (Атырау облысы), Капустин-Яр сынақ алаңы құрылғанға дейін ол Орда ауданының аумағына кірді. 1966-1977 жылдарда мұнда 17 жерасты жарылысы болып, ауаға 10 млн. кюри радиоактивті зат шығарылды. Бұл 1986 жылғы Чернобыль апатындағы зиянды заттармен тең. Ауаның ядролық, химиялық бүлінуі қоршаған ортаға, табиғатқа, жануарларға кері әсерін тигізіп, тұрғындардың ауруын асқындыруда, адамдардың түбіне жетуде. Ракеталардың, самолеттердің танкілердің, әртүрлі техника бөлшектерінің қалдықтары суда еріп, езіліп, топырақтың құнарлы қабатын, ормандарды уландырып отыр.
Азғыр тұрғындарының денсаулығы нашар. Атырау облысындағы Қызылқоға ауданында 1986-1989 жылдары 900 адам қан ауруына шалдықты. 1989 жылы 70 ана мезгілінен ерте босанды, 61 бала дүниеге жарымжан болып келді, аналардың 90%-і – анимия, 60 жаңа туған сәби ана сүтін алмаған. 80 жылдардың аяғында 266 адам қатерлі ісік сырқатынан қайтыс болып, 20 жас адам өзін-өзі өлтірген. Батыс Қазақстан облысындағы Орда ауданында да тап осыған ұқсас жай. 1980-1989 жылдар аралығында сынақ зардабынан нерв жүйесі ауруы – 48 есе, құлақ ауруы – 20 есе, асқазан жарасы – 11 есе, жүрек ауруы – 10 есе, бүйрек ауруы – 6 есе өскен. Зардап Жаңақала ауданын да шарпыған. Осы жылдар ішінде адамдар өлімі 2 есе артқанын зерттеулер көрсетіп отыр.
Істің шын мәнісінде Батыс Қазақстан атом қаруы сыналған 45 жыл ішінде ядролық апат аймағына айналды. Зардаптар мөлшерін әлі ешкім түпкілікті анықтап болған жоқ, оның қашанға дейін созылатынын ешкім білмейді. «Сынақ алаңдарындағы экологиялық жағдай туралы» Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық «Нарын» қозғалысы атынан Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетіне кезінде хат жолданып, онда радиактивтік уларды жою жөнінде нақты шаралар алуды, белгілі мөлшерде қаржы бөлуді талап еткен. Аумақ халқы экологиялық апат аймағында тұрғандықтан Республика Парламентінен ядролық жарылыстардан, химиялық ластанудан, Капустин-Яр сынағынан залал шеккен ел тұрғындарын әлеуметтік қорғау туралы заң қабылдануын сұрайды.
Республика ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің материалдық тұрмыс халі мен мәдени-дәрежесі
60-80 жылдардағы Қазақстанның ауылшаруашылығын дамытуды көздеген кешенді бағдарламада өндірісті өркендетудің және еңбек өнімділігін арттырудың басты шарты ретінде ауыл еңбеккерлерінің тұрмыс халін жақсарту жөнінде қабылданған шаралар жүйесі елеулі орын алады. Село тұрғындарының тұрмыс дәрежесін көтеруге бағытталған әлеуметтік бағдарламаның құрамдас бір бөлігі болып табылатын бұл шаралар жүйесі мыналарды қарастырады:
- колхозшылардың еңбекақысын совхоз жұмысшыларының жалақысына жақындату арқылы ауыл тұрғындарының өскелең кірісін, совхоз жұмысшыларының жалақысын өнеркәсіп қызметкерлерінің жалақысына жақындату арқылы бұлардың кірісін өсіруді қамтамасыз ету;
- бөлшек сауда тауар айналымының жоғары қарқыны мен селодағы ақылы төлемді қаладағымен салыстыра отырып, қамтамасыз ету негізінде ауыл тұрғындарының тұтынуын қала халқының тұтыну дәрежесіне жақындату;
- қала тұрмысына жақын ауыл жағдайын қалыптастыру елді мекендерді көркейту тағы басқаларды жүзеге асыру.
Еңбекшілердің материалдық және тұрмыстық – мәдени қажеттері үшін жұмсайтын негізгі табыс көзі – еңбегіне қарай ақысы. 60-80 жылдары Қазақстанның ауылшаруашылығында колхозшылар мен совхоз жұмысшыларының нақты табысын жоғарылатуға көмектесетін, ауылшаруашылық еңбеккерлеріне өнеркәсіптегілерге жақын еңбекақы төлеуге мүмкіндік беретін маңызды шаралар дүниеге келді. Әлеуметтік ірі өзгерістердің бірі – мемлекеттік деңгейде бірыңғай зейнеткерлік жүйені, колхозшыларды әлеуметтік қамтуды енгізу. Осы мақсатқа 1965-1975 жылдары мемлекеттік қаржыдан 11,4 млрд сом бөлінді. СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Қоғамдық өндірісті дамытудағы колхозшыларды материалдық ынталандыруды арттыру туралы» қаулысына сәйкес 1966 жылы еңбекке сенімді ақы төлеудің енгізілуі жақсы жаңалық болды. Мұнда совхоздарда қолданылып келген нормалар мен белгіленген баға бойынша колхоз мүшелеріне ақы төлеу (ай сайын) көзделді. Еңбекке сенімді ақы төлеудің принциптік артықшылығы болды, колхозшылардың жеке мүддесі мен қоғамдық мүдде жақындасты. Оған мысал 1965 жылы колхозда бір адам-күнге 3,4 сом төлесе, совхозда 3,65 сом төленді. 1979 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 5,05 сом және 5,91 сом болды. Совхоз жұмысшыларының жалақысы едәуір өсті. 1975 жылы еліміздегі совхоз қызметкері орта есеппен ай сайын 74,6 сом 1980 жылы 135 сом жалақы алса, Батыс Қазақстан совхоздарының әр жұмысшысы ай сайын 1975 жылы 175,2 сом жалақы алды. Жекелеген шаруашылықтағы көрсеткіш бұдан да жоғары болды. Батыс Қазақстандағы «Перм» совхозы 1974 жылы мемлекетке 3,2 млн. пұт астық, көп мөлшерде ет тапсырды. Мұнда жұмысшының жылдық орта жалақысы 1470 сомға жетті. Озаттарға сыйлық ретінде қосымша ақы да төленді.
1968 жылы СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Селодағы құрылысты ретке келтіру» деген қаулысында ауылдық жердегі елді мекендерді, поселкілерді біртіндеп жаңарту, көріктендіру, мәдени-тұрмыстық объектілер мен қолайлы тұрғын үйлерді салу міндеттелінді. Аудандық, облыстық Кеңестер осы қаулыға сәйкес шешімдер қабылдап, алғашқы игі қадамдар жасала бастады. Көркейтілген ауылдар құрылысы өндірістің болашағына қарай совхоздардың келешегіне, даму жоспарына қарай жүргізілді. Ақтөбе облысында мәдени-тұрмыстық бағытта 54881,7 млн.сомның күрделі қаржысы игеріліп, 311 объект пайдалануға берілді. Олардың ішінде 66-монша, 50 магазин, 14 асхана мен мейрамхана, 35 клуб пен Мәдениет үйі, 3 кинотеатр, 6 кітапхана, 11 тұрмыстық қызмет көрсету шеберханасы, 5 аурухана, 10 дәрігерлік пункт, 45 мектеп, 6 интернат, 29 балалар мекемесі, 5 қонақ үй, 8 стадион, 1 спорт зал, 2 наубайхана, 10 әкімшілік үй бар. Бұған қоса 9377 үйге газ тартылды, 15 елді мекенге электр желісі жүргізілді. 40,8 километр жол жөнделді, басқа да жұмыстар тындырылды.
Батыс Қазақстан облысының ауылшаруашылығын дамытуға мемлекет бұл жылдары қыруар қаржы бөлді. Атап айтқанда жетінші бесжылдықта облыс совхоздары 146 млн сом, тоғызыншы бесжылдықтың алғашқы екі жылында 209 млн. сом күрделі қаржы алды. 10 жылда (1965-1975 ж.ж.) ауылдарда 740 мың шаршы метр тұрғын үй, 10 мың оқушылық мектеп, 3100 орындық балабақша, 27 клуб тағы басқа да объектілер тұрғызылды.
60-80 жылдары сауда саласында оң өзгерістер болды. Халықты саудамен қамту айтарлықтай жақсарды. Бұл кезеңде бөлшек сауда айналымы 2 есеге өсіп, Батыс Қазақстан бойынша 1965 жылғы 545,9 млн. сомның орнына ол 1168,4 млн. сомға жетті. Ауылдық жерде тауар айналымының көлемі әр адамға 40% артты. Осы саланың материалдық базасын нығайтуда көп іс тындырылды. Сауданың материалдық базасын нығайту мақсатында мемлекет 7,4 млн. сом күрделі қаржы бөлді. Осы қаржыға ауылдық жерлерде 8000 шаршы метр сауда алаңы бар 100 магазин салынды. Сонымен бірге өзіне өзі қызмет көрсететін 832 дүкен жұмыс істеді.
Батыс Қазақстанда тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуге айрықша көңіл бөлінді. 70-жылдардың аяғында Батыс Қазақстанның қалаларында ауылдары мен селоларында 4,5 мың дәрігері бар 280 аурухана жұмыс жасап, олардың материалдық-техникалық базасы біршама нығайды. Бұл жылдары 10 мың адамға төсек орын 103-тен 120-ға дейін өсті. 60-80 жылдары СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Ауылдағы жалпы білім беретін мектептердің жұмыс жағдайын одан әр жақсарту жөніндегі шаралар туралы» қаулысына сәйкес (1973ж. сәуір) мектептер құрылысын кеңінен өрістету, оқу-материалдық базаны нығайту, жоғары білікті педагогикалық кадрларды даярлау сияқты өмір күнтәртібіне қойған мәселелерге назар аударылды. 70 жылдардың аяғына таман Батыс Қазақстан облыстарында 54,8 мың оқушылық жалпы білім беретін мектеп үйлері салынып, пайдалануға берілді. Білім беру ісімен бір уақытта халықты мәдени қамту қатар жүргізілді. 1972 жылы шілде айында Қазақ КСР Жоғарғы Советі қабылдаған «Қазақ КСР ауыл тұрғындарын мәдени қызметпен қамтуды жақсарту туралы» қаулысы бұл орайда белгілі бір роль атқарды. Батыс Қазақстан аумағында бір миллионнан астам дана кітап пен журнал жинақталған 1238 көпшілік кітапхана, 1200 клуб мекемелері 70-жылдары оқырмандар мен көрермендерге есігін айқара ашты. Олардың материалдық базасы біртіндеп нығайып, жұмыс сапасы мен мазмұны талапқа сай жақсара түсті. Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Сарбұлақ ауыл клубында тақырыптық кештер, өндіріс озаттарымен кездесулер ұйымдастырылды. Оларда «Бүгінгі қоғамның адамы қалай?», «Қазақстан – менің туған өлкем» деген қызықты кештер өтті. Гурьев облысында да мәдени шаралар тартымдылығымен көзге түсіп, қатысушыларды бей-жай қалдырмады. Мұнда 70 жылдардың ортасында 15 ұжымы «халықтық» деген құрметті атаққа ие болған көркемөнерпаздар қатарында 15 мың адам болды. Көркемөнерпаздар күшімен 57 мыңнан астам көрерменді қамтыған 250-ден астам спектакль мен концерт қойылды. Осы тұста «Жайық қызы» ансамбілінің атағы алысқа кетті. Орал облысының мәдениет қызметкерлері өзге әріптестерінен кем түспеді. Мәдениет Үйлері мен сарайларында жастар бойына адамгершілік, эстетикалық отансүйгіштік сезімдерді сіңіретін әртүрлі мазмұнды шаралар күн құрғатпай өтіп жатты. Көркемөнерпаздар ұжымдарының байқауы, «Өнер күндері» және «Ақындар айтысы» нағыз халықтық мейрамға айналды. Калинин атындағы колхоздың Мәдениет Үйінде халықтың ескі жаңа салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, үйлену тойлары тағы басқа да шаралар театрландырылған көріністер арқылы беріліп, көрермендердің көңіліне шуақ нұрын ұялатты.
60-80 жылдарда барлық деңгейде жүргізілген әлеуметтік-мәдени шаралар ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауға, еңбек және тұрмыс жағдайын жақсартуға, олардың шығармашылық белсенділігін арттыруға, демалысы мен оқуын мазмұнды да тиімді ұйымдастыруға бағытталды.
Қазақстанның қазіргі
ауылдары мен селоларының әлеуметтік-экономикалық даму проблемалары
Егер ол қоғамдық дамудың, қоғамның барлық жіктерінің мүдделерін дұрыс білдерсе, онда ол теория мен практика көрсеткеніндей, яғни аграрлық саясат терең түбірлі өзгерістердің, оңға қарай жаңарулардың маңызды факторларының бірі болып табылады. Азық-түлікті, халық тұтынатын тауарларды өндіру, тұрғындарға тұрмыстық, мәдени, сауда медицина және рухани қызмет көрсету тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыл-селоны көркейту, қоршаған ортаны сауықтыру аграрлық саясат пен аграрлық экономикадағы басым бағыттар, міне-осылар. Зейнеткерлердің, мүгедектердің, соғыс және еңбек ардагерлерінің, аналар мен балалардың жағдайын ескеру осы басымдықтарға жатады.
Бұл мақсаттарға аграрлық секторды кешенді әрі жеделдете дамытудың арқасында жетуге болатын еді. Алайда соңғы кезде Республикада алынған шаралар экономиканы біржолата түзеуге әлсіз болып шықты. Өмірдің барлық саласында жаңа кері құбылыс - тоқырау басталды. Экономиканы басқаруда, жүргізуде жіберілген кемшіліктер оны солқылдатты. ІХ-Х бесжылдықта пайда табу жоспарлары 17-18 пайызға орындалмады. Ауылшаруашылығы, оның ішінде малшаруашылығы іштей шайқалды. 1980-1985 жылдары сауылған сүт әр сиырға шаққанда 100 килограммға, әр бас ірі қараның орташа салмағы 54, қой 3 килограммға кеміді.
Күрделі құрылыста орасан зор олқылықтарға орын берілді. Оған тоғызыншы бесжылдықта 1,6 миллиард сомның, он бірінші бесжылдықта 2,6 миллиард сомның игерілмеуі айғақ. 1971-1989 жылдары республиканың ауылшаруашылығына 58,2 миллиард сом, оның ішінде өндірістік объектілерге 43 миллиард сом бөлінді. Әйтсе де күрделі қаржы есебінен ауылшаруашылық проблемаларын шешеміз деген әрекет күткеніндей нәтиже әкелмеді. Қаржының жартысынан көбі - 55 пайызы аса қымбат тұратын малшаруашылығына арналған орасан зор кешендер, өзін ақтамайтын суландыру жүйесі құрылысын салуға жұмсалды. Топырақтың құнарлылығын арттыруға, фермаларды электр қуатымен жарақтандыруға, еңбекті көп керек ететін учаскелерді механикаландыруға, ауылшаруашылық өнімдерін сақтап өңдеуге қаржы аз мөлшерде бөлінді. Әлеуметтік салада, ауылдар мен селоларды көркейту мәселелерінде бұрынғысынша «қалдық принцип» үстемдік етті.
Колхозшылардың, совхоз жұмысшыларының мемлекетке сатып отырған ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын өсіру арқылы жағдайымызды түзейміз деген үміті ақталмады. Баға екі есе көтерілгенмен оның есесіне өндіріс тауарларының бағасы 2,5 есе көтерілді. 80-жылдары республикадағы ең өзекті проблема – азық-түлік Бағдарламасын жасап орындау болды. Ол бойынша жылына бір адамға 72 кг ет, 300 кг сүт, 93 кг картоп, 130 кг, көкөніс, бақша өнімдерін өндіру көзделді. Бірақ та бұл да іске аспады, сөз жүзінде қалды. Азық-түлік Бағдарламасында азаматтардың жеке шаруашылық меншігі – қосалқы шаруашылыққа үлкен мән берілді. 90-жылдардың басында Батыс Қазақстан облысындағы тұрғындардың 100 отбасына – 225 бас ірі қара малы, 423 қой, 30 жылқы келді. 1990 жылдың басында әрбір ауыл тұрғынының отбасынан қосымша – 275 кг ет, 1500 кг сүт, 847 дана жұмыртқа, 129 кг картоп, 58 кг көкөніс – бақша өнімі, 7 кг жеміс-жидек алынды. Мұның өзі халықтың әл-ауқатына едәуір себебін тигізді. Алайда бұдан әрі бұл игі іс ойлағандай өрісін таппады, ол іс шаруашылық басшыларының, жергілікті өкімет органдары тарапынан қолдау көрмеді, яғни қосалқы шаруашылық иелеріне материалдық және қаржылай көмек тиісті көлемде көрсетілмеді.
Әлеуметтік саясаттағы басты бағыт «Тұрғын үй - 91» Бағдарламасын орындауға бұрылды. «Тұрғын үй - 91» бойынша республикада 800 отбасының баспана жағдайын жақсарту көзделді. Мұнда интенсивті кооперативтік және жекеменшік құрылысқа баса көңіл бөлінді. Сонымен 80-жылдардың аяғында 90 жылдардың басында ауыл халқының тұрмысын жақсартуға біршама дұрыс бағдар ұсталды. 1981-1985 жылдары тұтас алғанда республика бойынша 23,5 млн. шаршы метр тұрғын үй алаңы іске қосылып, көрсеткіш 38 пайызға өсті. Осы кезеңде жалпы білім беретін мектептерді тапсыру – 45 пайызға, балабақша мен яслилерді тапсыру – 23-ке, ауруханаларды тапсыру – 46-ға, емханаларды тапсыру 62 пайызға артқан. «Тұрғын үй - 91» Бағдарламасын орындауда Батыс Қазақстан аумағындағы шаруашылықтарда оң тенденциялар байқалды. Батыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің 1989 жылғы 1 тамыздағы мәліметіне қарағанда 1987 жылы кезекке тұрған 34 мың отбасының 17,4 мыңы тұрғын үй жағдайын жақсартқан. Бұл орайда өз аумақтарында орналасқан қуатты өндірістік қорларды, жергілікті материалдарды барынша шебер пайдаланған, шаруашылық әдіспен құрылыс жүргізген Қазталовка, Камен, Приурал аудандарының еңбекшілері өзгелерге үлгі-өнеге көрсетті. Бұларда жастар тұрғын үй кооперативтері де әлеуметтік мәселені оң шешуге белсене ат салысты. Осындай жетістіктермен қатар орын алған олқылықтар да аз емес еді. Уақыт алға жылжыған сайын құрылысқа деген күрделі қаржы көлемі қысқара берді. Тұрғын үй құрылысының жоспары орындалмай, пайдалануға берілген пәтерлер саны кеміді. Нәтижесінде республика халқы, оның ішінде Батыс Қазақстан тұрғындары он бірінші бесжылдықта 1,4 млн шаршы метр тұрғын үйді, 121,5 мың орындық мектепті, 67 мың орындық мектепке дейінгі балалар мекемелерін, тағы басқа объектілерді кем алды. Халық тұтынатын тауарлар өндіру – елдің тұрмыс халін жақсартудың бір жолы екені даусыз. Осыған байланысты республикада, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында 1986 жылғы сәуірде «Халық тұтынатын тауарлар өндірісін және 1986-2000 жылдарға арналған қызмет көрсету саласын дамытудың кешенді бағдарламасы» жасалып, бекітілді. Онда 1990 жылға қарай халық тұтынатын азық-түлік емес тауарлар өндірісін 1,4 есе, ал 2000 жылға таман 2 есе, ал төлемді қызмет көрсетуді тиісінше 1,8-ден 2,5 есеге дейін арттыру қарастырылды. Бұған ірі кәсіпорындар мен ұйымдар тартылды. Нақтырақ айтсақ, машина жасаушы «Зенит», «Омега» прибор жасау және «Металлист» зауыттарында т.б.-рда көптеген цехтар қайта құрылып, учаскелер қайта жабдықталды, тауарлар мен қызмет көрсету бюролары, қабылдау пунктері, тапсырыс столдары, арнайы дүкендер ашылды. Қорытындысында 1986-1990 жылдары халық тұтынатын тауарлар көлемі 54,8 млн. сомға өсті. 1986 жылы медициналық қызметті жақсарту үшін 1986-1990 жылдарға арналған халықты медициналық мақсатты қызметпен қамту бағытында кешенді бағдарлама қабылданды. Осы бағдарлама бойынша «Денсаулық», «Қамқорлық» бағдарламалары жұмыс істеп, Батыс Қазақстан облысында 1634 жалғызілікті және қари адамдарға қызмет көрсеткен 15 мамандандырылған арнайы көмек бөлімше жұмыс істеді. 1988-1989 жылдары соғыс ардагерлеріне, қайтыс болған жауынгерлер отбасына 173 барлық қолайлы жағдайы бар пәтер, емдеу орындарына 278 жолдама, 134 «Запорожец» автомобилі берілді. Қазақстанның көптеген аудандары, әсіресе, Семей, Капустин Яр сынақ алаңдары аймағында орналасқан елді мекендердің халі ауыр болды. Жергілікті халық басым тұратын шалғайдағы аудандар тұрғындары медициналық қызметпен, ауыз сумен қамтамасыз етілмеді. Олардың тамағында көкөніс, жеміс түрлері жетіспеді. Балалар мекемелері, кітапханалар тиісті құралдармен жабдықталмады. Осындай жағдай 80 жылдардың аяғында республика мен орталықтың арасын шиеленістерді. 1989 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі «Бірқатар облыстардың шалғайдағы аудандарының әлеуметтік дамуын жеделдету жөніндегі шаралар туралы» қаулы қабылдады. Қаулыда 205 ауылдық аудандардың 71-нің әлеуметтік дамуы төмен екендігі, 30-ның қай жағынан да артта қалғаны, ал олардағы үйлердің бестен бірінде ғана су құбырының барлығы, 400 поселке әлі де болса әкелген сумен тұрғандығы, 500-ден 78 колхоз бен совхоз ғана газ құбырына қосылғаны атап көрсетілді.
Сонымен Батыс Қазақстан облысының сегіз оңтүстік аудандарының ауылдары мен селоларының әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын зерттеу, олардың одан әрі дамуын белгілеу қолға алынды Әлі де болса 100-ден астам елді мекен ауызсуды тасып ішті. 642 ауыл мен малшылар тұрағы мемлекеттік электр желісіне қосылмаған болып шықты. Батыс Қазақстан облыстық атқару комитеті Жәнібек, Жымпиты, Жаңақала, Жалпақтал, Қазталов, Қаратөбе, Тайпақ, Орда аудандары экономикалық дамуының кешенді бағдарламасын бекітті. Бұлардың әлеуметтік дамуы үшін 600 млн. сом қаржы бөлінді. Оған 1991-1995 жылдары оңтүстік аудандарда 535 мың шаршы метр тұрғын үй, 13674 оқушыға мектеп, 4760 орындық балабақша, асхана, сауда орындары мен асхана, емханалар салу, 7724 номерлі автоматты телефон желісін тарту, 3 мың км автомобиль жолдарын төсеу көзделді. Нақ осындай бағдарлама Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары бойынша да жасалып, кең көлемді шаралар белгіленді.
Алайда 70-80 жылдары әлеуметтік саладағы проблемалардың шешілгенінен гөрі шешілмегені көп болды. Ол проблемаларды «қалдық принциппен қаржыландыру сауда, медициналық қызмет көрсетуді, білімді, мектепке дейінгі тәрбиені дамытуды кешеуілдетті. Әсіресе, облыс орталығынан шалғайда орналасқан аудандарда жағдай оңайлықпен түзеле қоймады. Мұнда тұрғын үй, мәдени-тұрмыстық объектілер, қамту мекемелері құрылысын салу қарқыны еңбеккерлердің талап-тілегінен мүлде төмен болды, олардың мұқтажы өтелмеді. Күрделі қаржы ауыл тұрғындарының баспанасын тұрғызуға селода бір отбасына шаққанда 3,5 есе кем бөлінді. Азық-түліктің, сапалы өндірістік тауарлардың тапшылығы қатты сезілді. Бірте-бірте еңбекке ықыласты көзқарас төмендеді, өндірісте ұрлыққа жол берілді, еңбек және орындаушылық тәртіп бұзылды, маскүнемдік, қылмыс жасау, «көлеңке экономика» күшейді. Осының барлығы, сайып келгенде әлеуметтік салада қауіпті дағдарыстың төніп келе жатқандығын дәлелдеп, 80-жылдардың аяғында, 90-жылдардың басында тоталитарлық тәртіптің іріп-шіруге бет алғандығын көрсетті.
Достарыңызбен бөлісу: |