АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНДІРІСІН ҰЙЫМДАСТЫРУ: ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ПРОБЛЕМАЛАР
Ауылшаруашылығын жоспарлауды жақсарту, колхоздар мен совхоздардың шаруашылық дербестігін кеңейту, көп жылға дейін сатып алудың тұрақты жоспары бар ауылшаруашылық өнімдерін дайындаудың жаңа жүйесін жасау республикада ауылшаруашылық өндірісін ұйымдастыру мен басқарудың қолайлы жағдайын қалыптастыруға жол ашты. Нақтырақ айтсақ, басқару жүйесін жетілдіруде мынадай өлшемдер жүзеге асты: біріншіден – ведомстволарда ауылшаруашылығының барлық мәселелер бойынша мемлекеттік бағыт ұсталуы тиіс болды; екіншіден – басшылықтың әртүрлі буындары арасында жауапкершілікті сезінетіндей билікті анық та дәл бөліп беру; үшіншіден - өндірістің жедел мәселелерін және өнімді өткізу мәселелерін шешу үшін орталықтандырылған жоспарлы басшылықты совхоздар мен колхоздардың дербес бастамаларымен ұштастыру; төртіншіден – оны ауылшаруашылық өндірісіне жақындату, артық буындарды қысқарту және басшылықта барынша мол нәтижеге қол жеткізу.
Алайда бұл жүйеге көшу колхоздардағы, совхоздардағы өндірістің көп салалығынан егіншілікте өнімді өндіру, әсіресе малшаруашылығында ұсақ бригадалар мен шағын фермалардың қолында болды. Мұның өзі ақша қоры мен материалдық ресурстардың шашырауына әкеліп соқтырды да, еңбек үрдістерін ойдағыдай интенсивтендіруді едәуір қиындатты, өндірістің рентабелділігін кемітті. Бригадалар мен фермаларды біріктіру және нығайту тиісті ұйымдастыру жұмысынсыз, өндіріс технологиясын толық жолға қоймай жүргізілді. Сөйтіп, шаруашылықты жалпы басқару жүйесінде салааралық, ішкісалааралық байланыстар бұзылды, осылайша біртұтас кешенді сала қызметін үйлестіру, жоспарлауды жетілдіру, қаржыландыру мен материалдық-техникалық жабдықтауды жақсарту ісі қиындады, қорытындысында барлық шаруашылық тетік ауылшаруашылық өндірісін мамандандыру мен шоғырландыруға даяр болмай шықты. Ал 70-80 жылдары ауылшаруашылық өндірісін мамандандыру мен шоғырландыру Қазақстанның кешенді аграрлық саясатының басты бағыттарының бірі болды.
60-жылдардың ортасында бүкіл елдегідей сияқты аумақтық (аймақтық) мамандандырудың негіздері анықталды. Мысалы астықты совхоздар мен колхоздар солтүстік облыстарда, ірі қараны өсіретін шаруашылықтар – батыс, шығыс және орталық Қазақстанда, қойшаруашылығымен айналысатындар орталық, батыс және оңтүстік облыстарда құрылды. «Қазақстанда, – деді Д.А.Қонаев, - мамандандырылған товарлы астық өндірісі, қой және жүн өнімін, жеміс пен көкөніс өсіретін ірі аймақтар пайда болды. Аймақтық мамандандыруды тереңдету және оны жан-жақты жетілдіріп отыру керек».
Көп уақытқа дейін республиканың көптеген шаруашылықтары көп салалы және әмбебап болып қала берді. Оларда ауылшаруашылық өндірісінің барлық салалары болды. Қаржы мен материалдық-техникалық игілік толып жатқан бөлімшелерге, фермаларға, бригадалар мен звеноларға шашырап, құмға сіңген судай онша мол пайда әкелмеді. Мысалы Ақтөбе облысының «Комсомол» совхозында 1964 жылы 2708 бас ірі қара, 848 шошқа, 938 қой, 146 бас жылқы және 14644 құс болды, қоғам малы мен құсты бағуда мұндағы сәйкессіздік мынадан көрінді. Шошқа мен құс сауын сиырлармен бір қорада ұсталды. Мұндай сапырылыстыру шығынды көбейтті. Бір сауын сиырдан сүт 1070 килограмға, әр қойдан қырқылған жүн 2,1 килограмға дейін төмендеді. Мал шаруашылығы өнімінің өзіндік құны кеміп, сала 532 мың сом шығынға ұшырады. Екінші жағынан екі, үш кейде төрт колхоздың есебінен бір совхоз құру да өзін ақтамады. Бұлай біріктіру, ірілендіру көбіне мағынасыз, түпкі нәтиже көзделмей үстірт жүргізілді, шаруашылық бұрынғысынша көпсалалығын жойған жоқ. Мұнда ең басты сала, басты учаске анықталмады, мамандандырылуына қарай мал санын өсіру, одан мол өнім алу жолдары қарадүрсін күйінде қалды. Ең басты, келешегі бар салаға нақты ғылыми мән берілмеді.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, облыстық және аудандық партия комитеттерінің Пленумдары мен кеңестерінде Батыс Қазақстан аумағында ауылшаруашылығын мамандандыру, шоғырландыру, әр аймақтың географиялық, климаттық жағдайына қарай салалық шаруашылықты дамыту, тағы басқа мәселелер қаралып, нақты нұсқаулар берілді. Соған байланысты облыстар аумағы бірнеше салалы аймақтарға бөлінді. Мысалы Ақтөбе облысы төрт экономикалық-табиғи және ауылшаруашылық аймақтан тұрды:
бірінші – құрғақ далалық, астықтықты малшаруашылығы аймағы. Мұнда жетекші сала ретінде астықты шаруашылықты дамытуға мамандандырылды;
екінші – қуаң далалық астығы бар малшаруашылығы. Мұнда астық шаруашылығының жоғары үлес салмағы айқын малшаруашылығын дамыту;
үшіншіден – жартылай қуаң дала, жемшөп өндірісі мақсатына негізделген қосалқы егіншілігі бар малшаруашылықты аймақ;
төртіншіден – шөлді дала, қой шаруашылығын дамыту аймағы.
Мұндай бөлу басқа аумақта да болды. Орал облысы 3 аймаққа – (астықты малшаруашылығы, малшаруашылықты егіншілік және малшаруашылығы) бөлінді. Гурьев облысы 4 аймаққа – (теңіз жағалауы шөл – ірі қара және қойшаруашылығы аймағы, шөл – далалық суармалы егіншілігі бар қой, ірі қара өсіру аймағы, шөл далалық қой және қосымша жылқы мен түйе өсіру аймағы) бөлінді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің және ҚКСР Министрлер кеңесінің 1968 жылғы 5 қаңтардағы «Қазақ КСР Ауылшаруашылық Министрлігінің колхоздары мен совхоздарын мамандандыру туралы» қаулысына сәйкес 108 шаруашылық астық өсірумен, 30 шаруашылық ет және ет-сүт өндірумен, 120 шаруашылық қой және қаракүл қойын, 2 шаруашылық құс, 8 шаруашылық көкөніс, 2 шаруашылық жылқы, 1 шаруашылық түйе өсірумен айналысуы тиіс болды. Бұл бір Батыс Қазақстан аймағына беркітілген міндет еді.
Шаруашылықтарды мамандындыру мемлекет белгілеген 1966-1970 жылдарға арналған ауылшаруашылық өнімдерін дайындаудың тұрақты жоспарымен ұштастырылды. Мысалы Орал облысы 1966-1970 жылдары мемлекетке жыл сайын бесжылдық жоспар бойынша 541 мың тонна астық, тапсырып, 1970 жылға маларуашылығы өнімінің дайындау көлемін, еттен – 93,0 мың тоннаға, сүттен – 54,0 тоннаға, жүннен – 9,37 тоннаға, қаракүл терісінен – 70 мың данаға, жұмыртқаны – 15,0 млн. данаға дейін жеткізуге тиіс болды. Міне, осы тұрақты жоспар аймақтарға былайша бөлінді:
1966-1970 жылдардағы облыс аймақтары бойынша белгіленген ауылшаруашылық өнімдерін дайындау көлемі
Ай-мақтар
|
Астық мың т.
|
Ет мың т.
|
Сүт мың т.
|
Жүн мың т.
|
Қаракүл елтірісі мың дана
|
Жұмыртқа млн. дана
|
І
|
428,8
|
32,2
|
49,6
|
1,9
|
|
12,9
|
ІІ
|
106,3
|
20,0
|
3,2
|
2,2
|
|
1,7
|
ІІІ
|
5,9
|
40,8
|
1,2
|
5,3
|
70,0
|
0,4
|
Облыс бойынша
|
541,0
|
93,0
|
54,0
|
9,4
|
70,0
|
15,0
|
Батыс Қазақстанның барлық колхоздары мен совхоздарында егіс алқабы құрылымын жетілдіру, малшаруашылығы салаларын дамыту, өндірістің бытыраңқылығын жою мақсатында үлкен жұмыстар атқарылды. Әр шаруашылықта оның өз ерекшелігіне қарай ауылшаруашылық дақылдарын өңдеу үшін озық технология енгізілді. Кең құлашты мамандандыру, өндірісті үнемі шоғырландыру, өсімдік өсіру мен малшаруашылығын орынды сабақтастыру Батыс Қазақстан облыстарында ауылшаруашылық өнімдерін барлық түрінен сегізінші бесжылдық жоспарды, әсіресе, өнім сатудан мерзімінен бұрын орындап шығуға көмектесті. Мысалы астық дайындау жөніндегі бесжылдық тапсырманы Ақтөбе облысының колхоздары мен совхоздары 1969 жылы, ал 1970 жылдың қыркүйегінде малшаруашылығы өнімдерін дайындау жөніндегі тапсырманы орындап шықты. Бесжылдық жоспардан тыс мемлекетке 1296,4 мың тонна астық, 30,2 мың тонна ет, 17,3 мың тонна сүт, 17,6 мың тонна жүн, 13,7 миллион дана жұмыртқа тапсырылды. Дұрыс мамандандыру және жоғары агротехникалық шаралар Орал облысында 1961-1965 жылдарға қарағанда 19% артық өндіруге мүмкіндік берді, сол сияқты мемлекетке белгелінген 17,7% ет, 14,6% жүн, 10,3% жұмыртқа артық өткізілді. Гурьев облысы бойынша малшаруашылығы өнімдеріне олардың барлық түрінен мемлекетке тапсыру жоспары бұл жылдары ойдағыдай орындалғанын атап өткен жөн.
Ақ Жайық атырабында көптеген шаруашылықтар еңбекті дұрыс ұйымдастырудың арқасында жоғары өндірістік көрсеткіштерге жетті. Тоғызыншы бесжылдықтың төртінші жылы Бөрлі, Зеленов, Жымпиты, Приурал және Шыңғырлау аудандарының диқандары мемлекетке 10 миллионнан 14 миллион пұтқа дейін астық тапсырды. І-ІІ табиғи-экономикалық (зонада) аймақта орналасқан жан-жақты техникамен мамандандырылған «Правда» газеті атындағы, «Перм», «Ульянов» Ленин атындағы, «Жданов» және «Шаған» совхоздары 2 миллионнан 3 миллион пұтқа дейін, 30-дан астам колхоз бен совхоз 1 миллионнан астам пұт астық өткізді. Сөйтіп облыста астықтың тауарлылығы 70 пайызға өсті.
Батыс Қазақстан аумағында картоп және көкөніс өндірісін шоғырландыру жөнінде көп іс тындырылды. Ақтөбе облысы бойынша 1971 жылы картоп өнімінен – 51, көкөніс өсіруден – 61 шаруашылықтың тапсырмасы болса, 1974 жылы картоптың товарлы өндірісімен – 21, көкөністің тауарлы өндірісімен – 38 колхоз бен совхоз айналысты. Бұл мысал өндірістің қаншалықты шоғырланғанын дәлелдейді. Мұнда ортақ игілікке қала маңындағы шаруашылықтар мол үлес қосты. Ақтөбе облысындағы мамандандырылған совхоздарда 1973 жылы картоптың шығымдылығы 59,9 центнерге өсіп, бір центнер картоптың өзіндік құны 9 сом 42 тыйынға төмендеді. Көкөніс дақылдары танабының көлемі «Пригородный» көкөніс – сүт және «Елек» көкөніс-сүт совхоздарында жалпы дақылдар егістігі көлемінің 29,2%-н алып жатыр. Соған қарамастан бұл шаруашылықтарда барлық көкөністің 49,3% өндірілді. Мамандандыру мен шоғырландыруды дұрыс жүргізудің арқасында бұл салада Гурьев облысы өнімді тұтынушыдан өткізушіге айналды. Мамандандырылған «Гурьев», «Первомай», «Теңдік» және басқа шаруашылықтарда көкөніс – бақша өнімдері мол алынды. «Гурьев» совхозында 1972 жылы 99 гектар алқаптан әр гектардан жоспардағы 117 центнердің орнына 198 центнер өнім жиналды. Совхоз мемлекетке жоспардағы 950 тоннаның орнына 1320 тонна көкөніс тапсырды, бір центнер көкөністің өзіндік құны белгіленген 18 сом 30 тыйынның орнына, 17 сом 31 тыйын тұрды.
Батыс Қазақстан аумағында малшаруашылығын оның ішінде етті ірі қара мен қойшаруашылығының өндірісін жедел қарқынмен дамыту үшін үлкен мүмкіндік бары анық. Мамандандыру мен шоғырландыруды дұрыс жүзеге асыру өз кезі мен кезегінде ауылшаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшіруге көмектесті. Аймақта сегізінші, тоғызыншы бесжылдықтарда төлді өсіріп семірту, сүт өнідірісі, ет өндірісі, кешендерін құру, шаруашылықаралық мамандандыру жөнінде ірі, мамандандырылған кәсіпорындар жүйесі пайда болды. 1966 жылдан бастап, малды жайып семірту және жедел бордақылайтын совхоздар құрылды. Ақтөбе облысында 1966-1970 жылдары да 13 мал бордақылау алаңдары (фермалар) жұмыс істеді. Гурьев облысында 1967 жылы барлық етке дайындалған малдың жартысы тапсыруға әзір болды. Орал облысындағы «Аңқаты» және «Чапаев» асылтұқымды мал зауыттары, Гурьев облысындағы «Сүйіндік», Ақтөбе облысындағы «Құдықсай» және «Сазды» совхоздары бұл бағытта жоғары көрсеткіштерге жетті. Малшаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшірудің тиімділігіне Орал облысындағы «Правда» газеті атындағы совхоздың тәжірибесі айғақ. 1954 жылы жылқы зауыты негізінде бой көтерген шаруашылық сегізінші бесжылдықта 6,5 миллион пұт астық тапсырған Орал облысындағы ірі астық фабрикасына айналды. Егіншілікпен қатар мұнда малшаруашылығы да ойдағыдай дамыды. 1970 жылы совхозды етті ірі қара малын өсіруге мамандандыру туралы шешім қабылданды. Шаруашылықта бір мезгілде 5000 бас жас төлді бағып күтетін кешен тұрғызылды. Мұнда барлық қосалқы және өндірістік бөлімдер, еңбекті көп сіңіруді қажет ететін учаскелер механикаландырылды. Жас төлдерді өсіру және бордақылау-оларды бағып-күтіп өсіру, даярлау және соңғы семірту сияқты үш кезеңнен тұрды. Бордақылау кешенін бригадир жетекшілік ететін 24 малшы-механизатор қамтамасыз етті. Бұлардан басқа осында зоотехник пен малдәрігер жұмыс жасады. Етті бағыттағы өндірісті өнәркісіптік негізге көшіру жемшөп қорын нығайтуды талап етті. Совхоз аумағындағы 12 мың гектар өнімділігі аз шабындық пен жайылым жыртылып, оларға еркекшөп пен жоңышқа егілді. «Правда» газеті атындағы совхозда мал азығын дайындау қарқынды қолға алынды. Егін сабағының орасан көп болуы мал азығы қорын мол жасауға жәрдемдесті. Егін сабағы мен жабайы қатты шөп ұсақталып, химиялық өңдеуге түсті. Өңделген өнім құрамажемге қосылып, кальцикамерада 6-7 сағат бойы буландырылды. Бұған қоса жоңышқа мен біржылдық шөптен витаминді шөп ұны, егін сабағы мен шөп ұнынан жасалған жем ұнтағы, микроэлементтер қосқан концентраттар өндірісі жолға қойылды. Сөйтіп совхозда малшаруашылығы табысты салаға айналып, 1971-1975 жылдары осындағы бордақылау кешенінен 8520 бас жас төл етке өткізілді. Олардың әрқайсысы 496 килограмм салмақ тартып, мемлекетке 42260 центнер жоғары сапалы ет тапсырылды. Төлдің орта тәуліктік салмақ қосуы 634 грамға жетіп, бір центнер сиыр етін өндіруге 11,1 адам-сағат жұмсалды. Бордақылау кешенін іске қосқан бес жыл ішінде шаруашылық 4 миллион 317 мың сом пайда тапты. Кешен өзін 2 жарым жылда ақтады. Малшаруашылығының рентабельділігі 80,5 пайызға дейін көтерілді.
Қарастырылып отырған уақыт ішінде Батыс Қазақстанның «Оймауыт», «Алтай», «Жұрын», «Передовик», «Индер», «Аққозы», «Орда» совхоздарының ұжымдары қойды өз төлі есебінен өсіруде, одан алынатын өнімді тұрақты арттыруда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Мысалы 50 мың бас қойы бар «Орда» совхозы тоғызыншы бесжылдық жылдары мемлекетке жыл сайын 15 мың центнерден астам ет, 2,1 мың центнерден астам жүн тапсырып отырды. Мемлекетке өткізілген жүннің 1 центнерінің бағасы 1973 жылы 1971 жылға қарағанда 62 сомға арзанға түсті. Мұның аты өнімнің өзіндік құны қаншалықты кемігендігін көрсетеді. Қой еті мен жүн өнімін өткізуден совхоз жыл сайын 500-800 мың сом пайда тапты.
1971-1980 жылдар аралығы Батыс Қазақстанның ауылшаруашылығы үшін оны өнеркәсіптік негізге көшірудің, шаруашылықаралық кооперация мен өндірісті агроөнеркәсіптік интеграциялауды ұйымдастырудың маңызды кезеңі болды. 1980 жылға қарай республикада ірі қараны бордақылау және оның төлін өсіріп семірту бағытын ұстаған 160 мамандандырылған бірлестіктер жұмыс істеді. Оларға ірі қараны, шошқаны, қой мен ешкіні, жылқыны өсіретін, құс ұстайтын 1219 совхоз бен колхоз топтастырылды.
Мемлекеттік-кооперативтік шаруашылықтар 1974 жылдың 1 маусымына облыста жасалған «Мамандандырылған бірлестіктер туралы үлгі ережелер» бойынша өз қызметін бастап, Тамбов облысындағы өз әріптестерінің жолын қуды. 1974-1975 жылдар шаруашылық-пай иелерінен бордақылауға 62514 бас ірі қара мен 25374 бас шошқа алынды. Осы жылдары семіртілген 31444 бас ірі қара және 27226 бас шошқа етке тапсырылды. Бұлардың 74 пайызы жоғары қоңдылықта болды. Егер 1973 жылы орта тәуліктік салмақ қосуы 546 грамм, жалпы салмақ қосуы 14676 центнер болған 18 мың бас ірі бордақылауға тапсырылса 1974 жылдың екінші жартысында совхоздардан семірту орындарына 18377 бас ірі қара тапсырылып олардың әрқайсысының тәуліктіктік салмақ жамауы – 828 грамға, жалпы салмақ қосуы 16989 центнерге барды. Мына таблицадан тұтас алғанда Орал облыстық мамандандыру шаруашылық бірлестігінің ірі қара малын 1974-1973 жылдары одан бұрынғы жылдармен салыстырғандағы семірту көрсеткішін көруге болады.
|
Трест
|
Мал, шару.бірлестік
|
1973ж.
|
1974ж.
|
1975ж.
|
Ірі қара малын семірту
|
14100
|
14631
|
15006
|
Бір бас малдың орташа салмақ қосуы (кг)
|
379
|
402
|
409
|
Семіртуден алынған жоғары қондыл-ы мал (%)
|
75,8
|
88,9
|
79
|
а) жем, бір өлшемге шаққандағы азық
|
10,5
|
9,4
|
10,1
|
б) еңбек, адам-сағат
|
19,2
|
9,6
|
12,9
|
1 центнер салмақ қосудың өзіндік құны (сом)
|
135,46
|
95,70
|
132,81
|
Бірқатар мамандандырылған шаруашылық бірлестіктері жетпісінші жылдары қоғамдық малды семіртуде елеулі табыстарға жетіп, аумақ экономикасын өрге бастыруда өз ролін атқарды. Мысалы Желаев аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігі (РСХО) 1975 жылы 5112 бас ірі қараны 7875 бас шошқаны семіртуге қабылдап алды. Бір жылдан соң бірлестіктен әрқайсысының орташа тірілей салмағы – 94 килограмнан 7583 бас шошқа, 9507 қой, 80 жылқы етке өткізілді. Әрбір бас ірі қараның орташа тәуліктік салмақ қосуы жоспардағы 700 грамның орнына 712 грамға, әр шошқаның тәуліктік салмақ қосуы 377 грамға жетті. Бір центнер қосылған салмаққа тиісінше – 8,5 центнер жем бірлігі, 6,6 центнер жем бірлігі жұмсалды. Етке өткізілген 1 центнер қосымша салмақтың өзіндік құны – 96,69 және 102,40 сом болды. Рентабельділік 14 және 7 пайызды құрап, тұтас алғанда Желаев аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігі малды семіртуден 1975 жылы 855,7 мың сом пайда тапты. Сол сияқты Ақтөбе облысындағы Мартук аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің (РСХО) жұмыс тәжірибесі басқаларға үлгі тұтарлықтай еді. Ауданның 15 шаруашылығы пай иелері болған және 1975 жылы 8,5 мың бас төл өсіріп, бордақылауға Мартук бірлестігі көп кешікпей 4350 бас тайөгізді әрқайсысының салмағын 400 килограмға жеткізіп, (80% астамы жоғары қоңдылықта) етке өткізді. Сөйтіп мал семіртуден 1 млн. сом алынып, оның 310 мың сомы пай иелеріне берілді.
Батыс Қазақстанның кейбір аудандарында осы заманғы жоғары механикаландырған үлгі – жобадағы сүт кешендерін құру және ескі сүт фермаларын қайта құру, мамандырылған шаруашылықтарды ұйымдастыру арқылы сүт өндірісінде мамандандырылған шаруашылық-репродукторлар пайда болды. Бұл алғашқы қадам Ақтөбе облысында жасалды. 1977 жылы «Пригородный» совхозында сүт кешені пайдаланылуға берілді. Нәтижесінде сол жылдың өзінде фермада 1970 жылғы 1843 тоннаның орнына 2880 тонна сүт өндірілді, сөйтіп сүт өндірісі ғана 1973 жылы шаруашылыққа 150 мың сом пайда әкелді. Осындай кешендер тоғызыншы бесжылдықта «Мағаджанов», «Новотроицк», «Междуреченск», М.Горький атындағы совхоздарда құрылды.
Еңбек өнімділігі артуының, өнімге жұмсалған шығынның азаюының басты факторларының бірі қой шаруашылығында ірі шопан бригадаларының құрылуы болды. Қой өсіру өндірісіне жаңа технология келді, шопандардың біліктілігіне көңіл бөлінді, еңбек және материалдық қорларға жаңа ұқыпты көзқарас қалыптасты. Ақтөбе облысында Шалқар ауданындағы Ырғыз ауылында 1965 жылы алғаш рет Б.Елеукенов басқаратын ірілендірілген шопандар бригадасы шаңырақ көтерді, оған 2730 саулық бекітілді. Бригадада жұмысын 8 шопаннан, 6 механизатордан тұратын 14 адам атқарды. Сол сияқты бригадаға үш МТЗ-50, бір ДТ-75 тракторлары және басқа да техника түрлері берілді. Сонымен қатар бригада мүшелері өз күштерімен 14 мың центнерден астам пішен дайындап, қыстақ басына жеткізді, қойды қолдан ұрықтандыру пунктін салып, қой қырқу жұмысын да өздері істеді. Орал облысындағы «Тасқұдық», Куйбышев және М.Маметова атындағы, «Ащысай» совхоздарының Б.Д.Оспанов, К.Алмағамбетов, Е.Есімов, Т.Нұрғалиев жетекшілік еткен механикаландырылған шопан бригадалары отарындағы саулықтың әр жүзінен 150-152 қозы алды. Бұл жылдары қой шаруашылығымен етене айналысқан комсомол-жастар бригадаларының атағы шықты. Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институтының көп жылғы зерттеулеріне сүйенсек, нақты табиғи-экономикалық жағдайға, жемшөп қорына бағып отырған қой басының санына және олардың тұқым ерекшелігіне қарай республикада 1980 жылға таман үлгі жобадағы бірнеше бригадалар отау тіккенін көреміз. Мысалы Гурьев облысындағы Индер ауданының «Аманкелді» совхозында әрқайсысы 3 мың бас қойға арналған 2 қой өсіруші кешен салынды. Бұларда жергілікті мектеп түлектері есебінен 1973-1974 оқу жылында ұйымдастырылған «Жас дәурен» және «Жайық толқыны» атты 2 комсомол-жастар бригадасы жұмыс істеді. Совхоз басшылығы мен жастар ұжымдары арасында жақсы, үлгілі қарым-қатынас қалыптасты. Бригадалар қоғамдық малды қабылдап, олардың мүшелеріне салтанатты түрде еңбек кітапшалары табыс етілді. Әкімшілікпен келісім шарт жасалды. Онда бригада мүшелерінің міндеттері, қой төлдету, қой қырқу науқандарының мерзімі мен атқарылатын жұмыстардың көлемі көрсетілді. Міне, осылайша екі жастар ұжымы да өз міндеттерін ойдағыдай орындап шықты. 70 жылдардың аяғында Батыс Қазақстанда мұндай бригадалар саны 149 болып, бұлар 400 мыңға жуық қойды бағып күтті.
Тұтас алғанда Батыс Қазақстанға республикадағы егістік жердің 12% -дан артығы, табиғи жайылым мен шабындықтың 30% -дан астамы қарады. Аймақ астық, қой шаруашылығы және ірі қара малы өнімдерін өндіруде ішкіреспубликалық еңбек бөлінісіне белсене қатысып, өндірісті біршама мамандандырды және шоғырландырды. Бұл үрдіс (процесс) 1966 жылдан 1980 жылға созылып, Батыс Қазақстан аумағында тауарлы еттің (барлық түрінен) 15% - дан астамы жүннің 21% -і, сүттің 10% -дан астамы, қаракүл елтірісінің 27% -і өндірілді.
Ауылшаруашылық өнімдерінің негізгі түрлері бойынша ішкіреспубликалық еңбек бөлінісіндегі Батыс Қазақстанның үлес салмағы
Өнім түрлері
|
Өндіру көлемі (мың тонна)
|
Ауылшар-ғы өнімінің үлес салмағы %
|
Республика бойынша
|
Батыс Қазақстан бойынша
|
Астық
|
21658,3
|
2158,2
|
9,9
|
Ет барлық түрінен (тірілей салмағы)
|
1724,9
|
262,1
|
15,2
|
Оның ішінде сиыр еті
|
160,8
|
103,8
|
13,6
|
Шошқа еті
|
279,8
|
55,3
|
9,2
|
Қой еті
|
507,0
|
120,7
|
23,8
|
Жүн
|
101,0
|
21,9
|
21,6
|
сүт
|
|
|
|
Достарыңызбен бөлісу: |