Ауыл шаруашылығы
Экономика – тарихи дамудың маңызды факторларының бірі. Батыс Қазақстан облысының экономикасы жалпы Қазақстан экономикасының құрамдас бір бөлігі болып табылады. Экономика негізгі екі жетекші саладан-ауылшаруашылығынан және өнеркәсіптен тұрады.
Кеңес Социалистік Республикалар Одағы жоспарлы экономика саясатын жүргізді. Жоспарлы экономика негізінде бесжылдық жоспарлар белгіленді.
Ауыл шаруашылығы да өз кезегінде екіге бөлінеді: 1. Егіншілік. 2. Мал шаруашылығы.
1946-1950 жылдардағы біздің облыстың колхоздарының ерекшелігі оңтүстік топтарындағы егіншілік аймақтарының қысқаруы мен солтүстік топтарындағы аймақтарының өсуімен сипатталады. Бұны мына мәліметтерден көруге болады:
Мың га.
|
1940 жыл
|
1945 жыл
|
1950 жыл
|
Солтүстік аудандар
|
266,8
|
206,2
|
291,5
|
Оңтүстік аудандар
|
172,4
|
131,3
|
85,5
|
Барлығы облыс бойынша
|
439,2
|
337,5
|
377,0
|
Оңтүстік аудандардағы мұндай егіншілік аймақтарының қысқаруы табиғи жағдайлармен байланысты. Яғни жаңбырдың аздығына, күннің ыстығына, құрғақшылыққа байланысты бұл аудандардағы ауыл шаруашылығы мәдениетінің тұрақты өнімдерін алуға кері әсерін тигізді. Осы оңтүстік аудандардағы егін танаптарының қысқаруына қарамастан осы бесжылдықта егіншілік кәсіптің негізінен өскенін байқаймыз. Ал транспорт, механизация, ауыл шаруашылығы құралдарына келсек, трактор паркіндегі соңғы жылдардағы толықтырулар болмаған себепті олардың техникалық жағдайлары шамалы болатын. Осы жағдайларды жақсарту үшін 1412 ескі тракторды істен шығарып, олардың орнына 647 жаңа трактор әкелу көзделген болатын. Осылайша бесжылдық соңында ауыл шаруашылығы жұмыстарында барлығы 2112 трактор жұмыс істеуі керек болған.
Комбайн паркінде де 777 ескірген комбайынды ауыстырып, бесжылдықтың соңында жұмыстарға 821 комбайынды қатыстыру көзделген. Ауыл шаруашылығы жұмыстарын механикаландырудың проценті мынадай болды:
Жылдар
|
Облыс бойынша
|
Соның ішінде
|
Солтүстік аудандар
|
Оңтүстік аудандар
|
1940 жылы
|
46,6
|
60,5
|
30,5
|
1946 жылы
|
39,5
|
64,8
|
13,5
|
1950 жылы
|
48,3
|
70,8
|
17,6
|
Соғыстан кейінгі кезеңде, мал шаруашылығы өз дамуының жаңа кезеңіне енді. Оның интенсивті өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Мемлекет колхоздар мен совхоздарға зор материалдық – техникалық көмек көрсетті, шаруашылықтың еңбек ресурстары Кеңес Армиясының қатарынан қайтып келген жауынгерлер есебінен толықтырылды. Соғыстан кейінгі бесжылдықта бүкіл Қазақстанмен бірге біздің облысымыздың да еңбекшілері едәуір табысқа жетті. Мал шаруашылығы қауырт өрледі. 1946-1950 жылдары облыстың колхоздарында қоғамдық мал барлық түлектерден 617 мың 848 басқа өсті. Мұның ішінде ірі қара малы бесжылдық ішінде 75 мың, яғни 49,8 процент, қой мен ешкі мыңнан астам, яғни 99 процент, жылқы 39 мың, яғни 100 процент, түйе 37,7 процент, ал шошқа екі есе дерлік өсті.
Ет тресінің совхоздарында 5 жылда мал 131 мың басқа, 49,4 процентке өсті, төл алу ісі жақсарды. Көптеген колхоздарда 100 аналық малдан 95 бұзау, 92 құлын алынды. Малдың өнімділігі де артты. 1950 жылы облыстың колхоздары соғыстан бұрынғы 1940 жылға қарағанда мемлекетке 10 миллион 477 мың литр сүтті, 47 мың центнер етті, 9 мың центнер жүнді артық тапсырды. Мал шаруашылығының өнімділігін арттыруда Приурал, Теректі Зеленов аудандары едәуір табыстарға жетті. Теректі ауданында 1950 жылы әрбір сауын сиырдан 1468 литр, Приурал ауданында 1541 литр, Зеленов ауданында 1293 литр сүт алынды. Облыста әрбір сауын сиырдан 2000 литрден астам сүт алып жүрген колхоздар да аз болмаған. Мысалы, Теректі ауданының Калинин атындағы колхозының сауыншысы Дядюренко Анна Василиьевна 1950 жылы өзіне бекітілген 12 сиырдың әрқайсысынан 2464 литр сүт сауды. Қой қырқуда Теректі, Приурал және Бөрлі аудандарының колхоздары мол өнімге ие болды. Приурал ауданының Володарский атындағы колхозы 1950 жылы үлкен қойдан 4 килограмнан астам меринос жүнін қырықты.
Облысымыздың егіншілері де осы жылдары бірталай табыстарға жетті. 1950 жылы облыс мемлекетке астықты 1949 жылға қарағанда 2 миллион 30 мың пұт артық тапсырды. Ал, бағалы азықтық дақыл – жаздық бидай мемлекет белгілеген жоспардан 855 мың пұт артық тапсырылды. Бұл жөнінде Теректі, Приурал, Зеленов және Бөрлі аудандарының колхоздары тамаша табыстарға жетті. Мысалы, Приурал ауданындағы Молотов атындағы колхозда Шевцев бригадасы 250 гектар жаздық бидай көлемінің әрбір гектарынан 126 пұттан бидай алды.
Бұл жеңістерге жетуде машина – трактор станциялары, механизатор кадрлар, тракторшылар, комбайншылар, машинистер, механиктер шешуші роль атқарды.
Тек 1950 жылы ғана облысымыздың колхоздары мен совхоздары 345 қуатты шынжыр табанды трактор, 189 комбайн, 145 автомашина, тракторға тіркейтін 287 кең адымды шөп машинасын, 134 өздігінен жүретін сенокосилька және т.б. ауылшаруашылық машиналарын алды. Мұның бәрі негізгі ауыл шаруашылық жұмыстарын тез механикаландыру үшін қолайлы жағдай жасады. 1950 жылы ауыл шаруашылық жұмыстарын механикаландыру 1946 жылға қарағанда 2 есе дерлік көп. Ауыл шаруашылығында техниканы пайдалану жақсарды, трактордың, комбайнның, шөп шабатын машинаның жұмыс өнімділігі артты. Облыстың машина – трактор станциялары 1950 жылы мемлекеттік жоспарды асыра орындады. Мысалы, Буденный атындағы машина – трактор станциясы трактор жұмысының жоспарын 113,3 процент орындады.
1950-1954 жылдары да облыс еңбекшілері елеулі табыстарға жетті.
1950 жылғымен салыстырғанда 1954 жылы облыс колхоздары мен совхоздарында ауыл шаруашылық дақылдарының барлық егіс көлемі 65,9 процент ұлғайды. Азықтық бағалы дақыл-жаздық бидайдың егіс көлемі колхоздарда 31,5 процент, совхоздарда 171 процентке артты. Дәнді дақылдардың егіс көлемі негізінен тың және тыңайған жерлерді игеру есебінен ұлғайтылды. Облыс колхозшылары мен колхозшы әйелдері, машина-трактор станциялары, совхоз қызметкерлері, барлық шаруашылық еңбекшілері 1954 жылы партия мен үкіметтің тың және тыңғайған жерлерді игеру жөніндегі тапсырмасын орындауға барлық күш-жігерлерін жұмсады. Осының нәтижесінде облыс колхоздарында 454 мың гектар, совхоздарда 116 мың 700 гектар тың және тыңайған жер игерілді.
1953-1954 жылдары облыстың колхоздары мен совхоздары қоғамдық мал шаруашылығын өркендетуде елеулі табыстарға ие болды. Көптеген колхоздарда, совхоздарда сиырдың, шошқаның саны 1950 жылғымен салыстырғанда едәуір өсті. Малдың тұқымын асылдандыруға, өнімділігін арттыруға бағытталып бірталай шаралар іске асырылды. Осының нәтижесінде 1954 жылы облысымыз мемлекетке 117 мың центнерден астам сүт пен 43 мың центнерге жуық жүнді 1953 жылғыдан артық тапсырды. Колхоздарда сүт өндіру 1950 жылға қарағанда едәуір артты.
Облысымыздың барлық шаруашылықтарынан мемлекетке 1954 жылы 1953 жылмен салыстырғанда жұмыртқа екі есеге жуық, ал 1950 жылғымен салыстырғанда 91134 центнер ет, 70 мың центнерге жуық сүт көп тапсырылды.
1950-1955 жылдары облысымызда 9 машина-трактор станциясы ұйымдастырылды. Бұл кезеңде машина-трактор станцияларының жаңа орталықтары пайда болды. Жөндеу мастерскойларын, тұрғын үй және мәдени құрылыстарға мемлекеттен көп ақша босатылды. Семиглаво-Мар, Жұлдыз тағы басқа бірнеше машина-трактор станцияларының құрылыстары үшін мемлекеттен ондаған миллион сом қаржы босатылды.
1954 жыл – бұл тың және тыңайған жерлерді игерудің алғашқы жылы еді. Тың және тыңайған жерлерді игеру ауыл шаруашылығының барлық салаларын өркендетуге бағытталған, мерзімінде қолданылған және қажетті шара болды. Орал өңірі республиканың астық қоймаларының біріне айналды. Облыс колхоздары мен совхоздарында 1954 жылдан 1958 жылға дейін 1 миллион 200 мың гектар тың және тыңайған жер игерілді. 1953 жылғымен салыстырғанда егіс көлемі 2,3 есе ұлғайтылып, 1958 жылы 1,5 миллион гектарға жетті. Мұның өзі астық өндіру мен мемлекетке тапсыруды едәуір арттыруға мүмкіндік берді.
1957 жылдың қуаңшылық болғанына қарамастан, 1956-1957 жылдардың өзінде-ақ облыс мемлекетке 48 миллион пұт астық тапсырды. Алайда ауыл шаруашылық дақылдарының шығымдылығы төмен болды және ауа райына қарай жыл сайын қауырт ауытқып отырды. Егіншіліктегі сапа көрсеткішін жақсартуда 1958 жыл бетбұрыс жылы болды. Бұл мезгілде егіншілік мәдениеті жақсарып, бидайдың, арпаның және басқа дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылды. Мысалы, сол жылы бидай егісінің көлемі 1953 жылғы 220 мың гектар орнына 829 мың гектарға жеткізілді немесе 3,7 есе ұлғайтылды. 1958 жылы әрбір гектардан жоспарлы 6,2 центнер орнына 8,9 центнер өнім алынып, барлығы 67 миллион пұттан астам астық жиналды. Облыс Одақ қоймасына 50,7 миллион пұт астық құйып, мемлекеттік жоспарды мерзімінен бұрын және едәуір асыра орындады. Орал өңірі бұрын ешқашан мұншама астық тапсырған еместі. Осы жетістіктері үшін Орал облысы республикада бірінші болып, Ленин орденімен наградталды.
Колхоздардың экономикасы едәуір нығайды. Егер 1953 жылы колхоздардың ақшалай табысы 9,1 миллион сом болған болса, 1958 жылы колхоздардың саны едәуір азайғандығына қарамастан табыс мөлшері 50,8 миллион сомға дейін көтерілді немесе 5 еседен аса көбейді. Облыста совхоздар саны көбейді және экономикасы нығайды. Олардың астық өндірудегі арасалмағы 49 процентке дейін өсті. Совхоздар 6 миллион сом пайда келтірді. Міндет астық өндіруде қол жеткен табыстарды баянды ету болатын. Осы міндетті орындау жолында диқандар қажырлы және жанқиярлық еңбек етті. Астық өндіру мен оны мемлекетке тапсыру үздіксіз өсті. 1951 жылдан 1955 жылға дейін колхоздар мен совхоздар мемлекетке 14 миллион 165 мың пұт немесе орта есеппен жыл сайын 2 миллион пұт астық тапсырған болса, 1956 жылдан 1960 жылға дейін мемлекет қоймасына 157 миллион пұт астық құйды. Орта есеппен жыл сайын тапсырылған астық 31,4 миллион пұт болды, басқаша айтқанда ол 11 еседен аса өсті.
Астық өндірудің өсуі егіс көлемін ұлғайту есебінен ғана емес, ең алдымен егіншілік мәдениетін жақсарту есебінен болғанын атап көрсеткен жөн. Жерді өңдеу мен дәнді дақылдарды өсірудің агротехникасында жемісті өзгерістер болды. Сортты тұқымдардың ара салмағы 1953 жылғы 30 проценттен 1960 жылғы 90 процентке дейін өсті. Егін әдетте, зябь пен парға орналастырылатын болды. Егін салу мерзімі 30-35 күннен 10-15 күнге дейін азайды. Егер бұрын егін жинау 45-60 күнге созылатын болса, 1965 жылдары ол 25-30 күнде аяқталып отырды.
Облыс диқандары 1959-1966 жылдары мемлекетке барлығы 288,2 миллион пұт астық тапсырды және сатты, бұл жоспарда белгіленгеннен 78 миллион пұт көп.
1962 жылы облыс 1 миллион 120 мың гектар егіннің әрбір гектарынан орта есеппен 11,7 центнер өнім жинап, мемлекетке әрбір гектарынан 8,5 центнер астық тапсырды. Колхоздар мен совхоздар Одақ қоймасына 62,5 миллион пұт астық құйып, 2 жылдың жоспарын орындады.
1963 жылдың ауа райы қолайсыз болды, соның өзінде бұл жылы да бағындырылған тың өзінің күшін көрсетті. 1 миллион 225,7 мың гектар егіннің әрбір гектарынан орта есеппен 9 центнер астық алынды және жалпы өнім 71 миллион пұт орнына 46,6 миллион пұт астық сатылды. 1964 жылы Орал өңірінің колхоздары мен совхоздары астық өндіруде қуанышты нәтижелерге ие болды. Олар 1 миллион 387 мың гектар егіннің әрбір гектарынан орта есеппен 11 центнер өнім жинап, мемлекет қоймасына 56,2 миллион пұт астық құйды, бұл екі жылдың жоспарына жуық.
Тың жерлерді игеру, астық өндіруді арттыру облыс колхоздары мен совхоздарындағы мал шаруашылығының өркендеуіне қолайлы әсер етті. Ауыл шаруашылығының еңбеккерлері қоғамдық малдың санын көбейту және мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыру жолында қажырлы күрес жүргізді. Ең алдымен жемшөп базасы едәуір нығайтылды. Егер тың жерлерді игеруге дейін облысымызда мал азығының жайып бағу, пішен сияқты түрі үстем болған болса, 1960 жылдары солтүстік аудандар ғана емес, оңтүстік аудандарда жемшөп рационында сүрлем мен құрама жемшөптердің ара салмағы артты. 1952 жылғы қатты қыстан кейін мал шаруашылығы да шапшаң қарқынмен өркендей бастады. Астық және қой совхоздарының ұйымдастырылуы тауарлы астық пен жем өндіруді арттыру үшін де, мал шаруашылығын өрге бастыру үшін де кең мүмкіндік ашты. 1950-1960 жылдары малдың саны көбейді, оның өнімділігі артты. Мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің өсуі мемлекеттің бұл өнімдерді бұрынғыдан анағұрлым көп дайындауына жағдай туғызды. Облыс ет пен сүт жөнінде ішкі қажетін толық қанағаттандырып, одақтық және республикалық қорларға едәуір мөлшерде өнім тапсырды.
Малдың саны едәуір көбейді. 1954 жылғымен салыстырғанда 1967 жылы малдың барлық түлігінің абсолютті өсімі 2 миллион бас болды. Қой мен ешкі жоғары қарқынмен өсті. Мал шаруашылығының интенсивті өркендеуімен қатар ет өндіру едәуір ұлғайды.
1954-1962 жылдарда облыста малдың барлық түлігінің өсу қарқыны тұтас Қазақ ССР-індегіден едәуір жоғары болды. Ал қой шаруашылығының өсу қарқыны жөнінде Орал облысы республикада бірінші орын алды. Орал өңірі қой шаруашылығы өркендеген ауданға айналды. Қой негізінен совхоздарда шоғырландырылды. Қой санының шапшаң өсуімен қатар оның сапасы едәуір жақсарды. Қой шаруашылығы өз төлінің есебінен өркендетілді. Соның өзінде жыл сайын қой етке тапсырылды.
1950 жылдың екінші жартысы – 1960 жылдары облыста ірі қараның саны 160 мың бас, оның ішінде сиыр – 70 мың бас көбейді. Мысалы, «Жеміс-Жидек» совхозы 1964-1967 жылдары әрбір сиырдан бұзау алған. 1965 жылдан бері «Аңқаты» асыл тұқымды мал совхозы 100 сиырдан 100 бұзау өсірді. Совхоз сиырларды қолдан ұрықтандыруды ойдағыдай қолданды.
Тың жерлерді игеруге және жемдік дақылдар өндірудің арттырылуына байланысты солтүстік аймақтың колхоздары мен совхоздарындағы шошқаның саны 1954 жылғымен салыстырғанда 4 еседен аса көбейді. 1967 жылы оларда 61 мыңнан астам шошқа болған. Шексіз кең дала, көктемгі қалың шөп, мол жайылым қой шаруашылығын интенсивті өркендетуге және осының негізінде арзан қой еті мен жүн өндіруді онан әрі арттыруға қолайлы болды.
Қойды көп өсірудің экономикалық тиімділігі ескеріліп, облыста мал шаруашылығының осы саласын өрге бастыруға бағытталған елеулі шаралар жасалды. Осындай шаралардың бірі кейбір совхоздар мен колхоздардың негізгі шаруашылық бағытын өзгерту, оларды қой еті мен жүн өндіруге бейімдеу болды.
Бұл шараның тиімділігі 1954 жылы жылқы совхозының негізінде ұйымдастырылған «Фурманов» совхозының мысалынан көрінеді. Ауа райының қаталдығына, жартылай шөлейт жайылымдағы шөптің аздығына қарамастан, совхоз ұжымы жартылай биязы жүнді қой өсіруді ойдағыдай жүзеге асырды. Қой санын көбейту өз төлінің есебінен жүргізілді. Таза пайда 3,8 миллион сомға жетті.
Облыстың мал шаруашылығында қойдан кейін екінші орынды ірі қара алады. Қоғамдық секторға оның сапа құрамы мынадай: етті сүтті тұқым 16 процент, етті тұқым 84 процент. Етті, сүтті мал қала маңындағы астықты шаруашылықтарда, аудандардың солтүстік тобында өсіріледі. Осы аймақтың озат совхоздары мен колхоздары сүт өндіруде елеулі табыстарға жетті. Соның ішінде Жданов атындағы совхозда етті, сүтті мал шаруашылығы жақсы өркендетілген.
Өнеркәсіп
Облыстың өнеркәсібі туралы айтар болсақ, Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін біздің аймақта қуатты зауыт-фабрикалар болмады. Жеке меншік иелерінің шағын цехтары мен шеберханалары жұмыс істеді. Бірақ олар тұрғындар мұқтажын өтей алмады. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін өлкедегі жағдай мүлде өзгерді. Жылдар өте ірілі-ұсақты кәсіпорындар бірінен соң бірі бой көтерді. Металл өңдейтін, тері илейтін, ауылшаруашылық машиналарына қажетті қосалқы бөлшектер жасайтын жаңа өнеркәсіп орындары пайда бола бастады.
Көп кешікпей Орал қаласы республикадағы жеңіл және тамақ өндірісі орталықтарының біріне айналды. Мех комбинаты, ет комбинаты. Землячка атындағы былғары-хром зауыты, құрылыс – монтаж жабдықтары зауыты сияқты ірі кәсіпорындар салынып, пайдаланылуға берілді.
1950 жылы облысымыздың өнеркәсіп орындарының жалпы өнім шығаруы 1949 жылғыдан 14 процент, күрделі құрылыс көлемі 58 процент өсті. Тауар айналымы жоспары 103 процент орындалды. Өнімнің негізгі түрлерін өндіру едәуір ұлғайды. Мысалы, қаладағы мыя зауытының ұжымы өнім шығарудың жылдық жоспарын 29 процент, еңбек өнімділігін арттыру жөнінде 34 процент асыра орындады, өнімнің өзіндік бағасын 6,5 процент, жоспардағыдан 12,8 процент кемітті. Өндірістік қуаттар мен алаңдарды толық пайдалану жолымен негізгі өнім шығаруды 1948 жылғымен салыстырғанда 10 есе арттырды.
Алайда облысымыздың кейбір өнеркәсіп орындарының басшылары 1950 жылы өндірістің ішкі мүмкіндіктерін сарқа пайдаланбады. Осының нәтижесінде олар жылдық тапсырмаларын орындай алмады. Землячка атындағы былғары зауыты, жарма зауыты, нөмері он екінші диірмен, байпақ фабрикасы, механика зауыты қолда бар жабдықтардың қуатын пайдаланбағандықтан жылдық тапсырмаларын орындаған жоқ. Өндірістік программаларды орындауда, әсіресе, селолық жерлердегі өнеркәсіп комбинаттары кешіргісіз артта қалып отырды. Ауыл селолық жерлердегі кәсіпшілік артельдері жылдық жоспарларын тек қана 59 процентке орындады. Облыс көлеміндегі ауыл селолық жерлердегі 11 кәсіпшілік артельдерінен 9 артель жылдық жоспарларын орындаған жоқ. Ал жеті аудандық өнеркәсіп комбинаттарынан бір ғана Тасқала аудандық өнеркәсіп комбинаты жылдық жоспарын орындады.
Ал енді, 1950-1954 жылдардағы өнеркәсіп орындарының өндірген бұйымдарының өсіміне келсек, оның қарқынды дамығанын көреміз.
1950-1954 жылдары облыс өнеркәсіп орындарының жұмысы қарыштап алға басты. Оларда өндірілетін бұйымдардың түр-түрі 1950 жылмен салыстырғанда анағұрлым көбейіп, сапасы жақсарды. Өндіріс алаңдарын, қолда бар механизмдер мен техникаларды тиімді пайдалану, ішкі резервтер мен мүмкіншіліктерді толық іске қосу, өндірістің қалдықтарынан қосымша бұйым жасап шығару арқылы табысты молайту негізінде өндірілген бұйымдардың өзіндік құны едәуір арзандады. Облыс кәсіпорындарын тұтас алғанда жалпы өнім шығару 1945 жылға қарағанда 237,9 процентке көбейді.
Кәсіпшілік кооперациясының да табысы олқы емес. Олар 1954 жылы өнімді 1950 жылға қарағанда екі есеге жуық көп шығарды, яғни 192,9 процентке өсті. 1950-1954 жылдары өнеркәсіпте істейтін әрбір жұмысшының айлық еңбекақысы орта есеппен 73,8 процентке артқаны бұған дәлел бола алады. Өнеркәсіп орындарында жұмыс жасайтын жұмысшылардың саны 1950-1954 жылдары 43,3 процентке көбейді.
КОКП ОК-ң шілде Пленумы социалистік өнеркәсіпті онан әрі өрге бастыру, техникалық прогресс және өндірісті ұйымдастыруды жақсарту жөнінде зор бағдарлама жасап берді. Облыстың өнеркәсіп орындары КОКП ОК-ң шілде Пленумының қаулысын жүзеге асыра отырып, өнім шығаруды арттырды, құрал-жабдықтарды тиімді пайдаланды. Облыстық өнеркәсіп орындарының ұжымдары бес жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындау үшін күресті. Чапаев атындағы кеме жөндеу мастерскойы, мыя зауыты, Клара Цеткин атындағы тігін артелінің ұжымдары бесжылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындап, 1956-1960 жылдардың есебіне өнім берді. 1955 жылы 7-ноябрь мерекесі қарсаңында Землячка атындағы былғары зауытының жұмысшылары тамаша табысқа ие болды. Зауыт бесінші бесжылдық жоспарды орындап шықты. Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері арасында ұйымдастырылған Бүкілодақтық Социалистік жарыста үшінші орын алды. Зауыт 10 айда жетпіс тонна шикізат үнемдеді. Өнімнің өзіндік құны 800 мың сомға кемітілді. Совхоздар министрлігінің Оралдағы механикалық жөндеу зауыты өндірістік тапсырмаларды ай сайын асыра орындап отырды. Зауыт тың жер игеретін аудандарға мыңдаған астық тиегіштер, астық пульттерін, автомашинаға орнатылған бензин таситын цистерналарды, жону станоктерін жөнелтті.
Облыстың өнеркәсіп орындарында жүздеген өндіріс жаңашылдары бар.
Тепловоздың аға машинисті Толоконников, слесарь Карелин, токарь Буренин жолдастар мереке қарсаңындағы социалистік жарыста елеулі жетістіктерге ие болды.
Бесінші бесжылдықтың 1950-1954 жылдары өнеркәсіпте жалпы өнім өндіру 1950 жылғымен салыстырғанда 121 миллион сомға немесе 54 процентке артты. 1954 жылы өнім шығару жөніндегі жоспар облыс бойынша 101,4 процентке орындалды. Бірақ алты кәсіпорын – Арматура зауыты, №12 диірмен, мех комбинаты, Балық комбинаты және басқалар жоспарды орындамаған еді. 1955 жылдың қарашасына дейін облыстың кәсіпорындары бесжылдық жоспарды 97,1 процент орындады. Бесінші бесжылдықтың жоспарын қаланың он алты өнеркәсіп орны мерзімінен бұрын орындады, тоғыз өнеркәсіп орны өздерінің жылдық өндірістік жоспарларын орындап шықты. 1955 жылдың 7 желтоқсанына дейін еңбек өнімділігі 8,7 процентке артты.
КСРО Совхоздар министрлігінің механикалық зауытының, №17 жарма зауытының және басқа кәсіпорындардың ұжымдары өндірісті ұйымдастыру, техникалық прогресті енгізу, сапалы өнім шығару, өндірістік жоспарларды орындау жөнінде алдыңғы қатарда келеді. 1950 жылы облыс кәсіпорындары 144 миллион сомның өнімін шығарса, 1959 жылы 700 миллионға жуық, ал 1960 жылы 800 миллионға жуық сомның өнімін өндірді. Кәсіпорындардың өндірістік қуаты жылдан жылға артты. Оралдағы арматура зауыты орналасқан территорияда 1911-1912 жылдары Винклер дегеннің жеке меншікті шеберханасы болған. Шеберхана кішігірім жөндеу жұмыстарымен бірге, азғантай мөлшерде шойын құюмен айналысқан.
1919 жылы Оралда Кеңес үкіметінің орнауымен бірге бұл шеберхана национализацияланып, жергілікті Кеңестің қарауына берілді. 1922 жылы осы шеберхананың негізінде шойын құятын механикалық зауыт ұйымдастырылады, ол кереуеттер, өрт сөндіретін насос және таразы шығарды. Зауыт 1945 жылдан бері өнеркәсіптік арматура өндірумен шұғылдана бастайды.
Мех комбинаты – республикада өндірілетін мехтың жартысынан астамын беріп отырды. Баланың мех пальтосы, жаға, жакет, манто, мех бөрік комбинат өндірген негізгі бұымдар болды. 1960 жылы комбинатта өндірістік процестер механикаландырылып, киім тігуде конвейер линиясы жұмыс істей бастады. Москвадағы мех фабрикасының тәжірибесі бойынша мех жағаларды пішуде үдемелі әдіс қолданыла бастады. Мұның өзі жартылай фабрикаттарды едәуір мөлшерде үнемдеуге жағдай жасады.
Землячка атындағы былғары зауыты еңбекшілердің аяқ киім жөніндегі қажетін өтеу ісіне елеулі үлес қосты. Былғары зауыты республикадағы былғары өндіретін қуатты кәсіпорындардың біріне айналды. Кәсіпорын 1942 жылы 3 миллион 700 мың шаршы дециметр хром өндірген еді, 1951 жылы 76 миллион шаршы дециметр, ал 1960 жылы 127 миллион шаршы дециметр хром өндірді. Демек, 1951 жылғымен салыстырғанда өндіріс қуаты біржарым есе артты. Былғарышылар 1960 жылдары ЗАТ жоғары өнімді техникамен жарақтандырылды. Зауыт өндіретін былғары тауарларының түрлері қырықтан асты және алуан түсті тамаша бояулармен боялды.
Ақтөбе халық шаруашылығы кеңесінің Оралдағы механикалық зауыты ауыл шаруашылық машиналарына қажетті запас бөлшектер өндіретін ірі кәсіпорын болды. Механикалық құю цехында «ЗИЛ-5», «ГАЗ-51» автомашинасының, «У-2» комбайнының шатундарын өңдейтін автоматты линия жұмыс істеді. 1960 жылы облыстың кәсіпорындары жаңа техниканы өндіріске енгізу және өндірістің технологиялық процесін жетілдіруде біраз жұмыстар істеді.
Ақтөбе халық шаруашылығы кеңесінің Оралдағы механикалық зауытында 1960 жылы 156 жаңашылдық ұсыныс өндіріске енгізілді, мұның өзі 400 мың сомнан астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берді. Зауытта әрбір бесінші жұмысшы - жаңашыл.
Ал жалпы облыс бойынша 1960 жылы 1209 жаңашылдық ұсыныс өндіріске енгізілді. Осының нәтижесінде 778,5 мың сом қаржы үнемделді.
Құрылыс – монтаж жабдықтары зауыты облысымызда бірінші болып владимирліктердің бастамасын қолдады. Өндіріс алаңын кеңейту арқылы өнім шығаруды арттыруды ұйғарды. Едәуір шаралар жүзеге асырылды. Қуаттылығы 1500 киловаттық электр станция, механикалық және құю цехтары жаңадан салынды. 1960 жылы жаңа өнім – жылыту котельдерін, фасондық канализация түтіктерін, «ЦНИПС-20» насостарын өндіру игерілді. Зауыт республикада бірінші «Универсал» котельдерін шығарды.
Жалпы өнім өндірудің 1960 жылға белгіленген жоспары Батыс Қазақстан облысының кәсіпорындары бойынша тұтас алғанда 101 процент, оның ішінде халық шаруашылығы кәсіпорындары бойынша 100,6 процент, жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындары бойынша 103 процент орындалды. 1960 жылы өнеркәсіп өнімнің жалпы көлемі 1959 жылмен салыстырғанда 16 процент, оның ішінде халық шаруашылығы кеңесінің кәсіпорындары бойынша 18 процент, ал жергілікті өнеркәсіп орындары бойынша 12 процент артты.
Жылдық жоспардан тыс мынадай мөлшерде өнім өндірілді: 1261 мың дана силикат кірпіші, 1325 тонна әк, 286 тонна алебастр, 28 мың шаршы метр қамыс тақталары, 113 пар киізден бастырылған аяқ киімдер, 888 мың шартты құты консерв, 252 тонна шұжық тағамдары, 1898 тонна қаймағы алынбаған сүт өнімдері, 367 тонна шаруашылық сабыны, 3164 мың шаршы дециметр қой терісінен жасаған мех.
Мұнымен бірге 1960 жылы облысымыздың кәсіпорындары халық шаруашылығына мына өнімдерді жоспардан кем берді: 9288 мың дана күйдірілген кірпіш, 281 текше метр темір – бетон бұйымдары, 8530 мың шаршы дециметр жұмсақ былғары тауарлары, 114 мың пар былғары аяқ киімі, 105 тонна кондитер тағамдары, 417 тонна нан – булка өнімдері, 43 тонна мал майы, 2284 тонна ұн, 16890 тонна жарма, 398 тонна балық және 111,4 мың сомның мебелі.
Облыс территориясындағы жеңіл және тамақ өнеркәсіп орындары елеулі табыстарға ие болды. 1960 жылы 1940 жылғымен салыстырғанда ет өндіру – 2 есе, шұжық – 3 еседен аса, консерв – 6 есе, мал майы – бір жарым есеге жуық артты. Халық тұтанатын тауарлар өндіру үнемі өсіп, 1960 жылы 210 мың пар былғары аяқ киімі, 463 мың пар пима, миллион сомның мебелі, 24 мың металдан істелген кереует шығарылып, 1932 тонна балық ауланып, 9448 тонна қаймағы алынбаған сүт өнімдері өндірілді.
Облыс зауыттарында металл өңдеудің озат әдістері – металды шапшаңдатылған әдіспен кесу, дәл құю, ыссы штамповкалау, автоматтық сваркалау кең қолданыла бастады. Облыс кәсіпорындары еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі жоспарды, тұтас алғанда, 99,4 процентке орындады. 1959 жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігі 7 процентке артты. Оның ішінде халық шаруашылығы кеңесінің кәсіпорындары бойынша – тоғыз процент, жергілікті өнеркәсіп басқармасы бойынша – 5 процент болды.
1958-1961 жылдары Орал қаласы кәсіпорындарының ұжымы жетіжылдықтың осы жылдардағы жоспарын жалпы өнім өндіру жөнінен 101,2 процентке орындады. Өнеркәсіп өнімінің жылдық орта өсімі 13,9 процент, еңбек өнімділігінің жылдық орта өсімі 8 процент болды.
Орал облысының еңбекшілері партияның ХХІІ съезінің және КОКП ОК-нің одан кейінгі Пленумдарының тарихи шешімдерін жүзеге асыра отырып, жетіжылдықтың бесінші жылында экономиканы өркендету, халықтың әл-ауқаты мен дәрежесін арттыру ісінде жаңа табыстарға жетті.
Селолық облыстық партия комитеті мен облыстық Кеңес атқару комитетіне қарасты өнеркәсіп орындары бойынша 1963 жылы өнім өндірудің көлемі 1962 жылғыға қарағанда 19 есе өсті.
Өнеркәсіп орындары 1963 жылы жалпы өнім шығару жоспарын 98 процентке орындады.
Біздің облыстың еңбекшілері де жетіжылдықтың жоспарын орындау жөнінде зор жұмыстар жүргізді. Облыс өнеркәсібі өнім өндіру жөнінде жетіжылдықтың тапсырмасын 100,1 процент орындады. Осы мезгіл ішінде өнеркәсіп өнімі 63 процентке, еңбек өнімділігі 30 процентке артты. Өнімнің жеке түрлерін өндіру едәуір өсті. Мысалы, электр энергиясын өндіру 2,7 есе, тракторлар мен ауыл шаруашылығы машиналарына қосалқы бөлшектер өндіру – 2,5 есе, ет және ет өнімдері 2,3 есе, сүт өнімдері – 2,5 есе, тігін бұйымдары – 2 есе, мех – 1,5 есе, аяқ киім – 1,3 есе артты.
Осы жылдар ішінде кәсіпорындардың өндірістік қуаты едәуір кеңейді. Орал жылу электр орталығы, нан зауыты, сүт зауыты, ірі панельді үй құрылысы зауыты, ет комбинатында тоңазытқыш, құрама мал азығы зауыты салынып пайдалануға берілді. Бірсыпыра өндірістік цехтар кеңейтіліп, қайта құрылды, жабдықтардың көптеген жаңа түрлері орнатылды.
Достарыңызбен бөлісу: |