Кальций өсімдіктердің ескі сабақтарында әсіресе астық тұқымдастарының жапырақтарында кездеседі. Ол ақуыздың түзілуіне, өсімдіктегі органикалық қышқылдарды бейтараптауға және өсімдіктердің тамыр жүйелерінің дамуына көмектеседі.
Өсімдікке кальций жан-жақты әсер етеді. Ол өсімдіктің барлық мүшелерінде: қымыздық, пектин, фосфор қышқылдарының тұздарының құрамында кездеседі. Өсімдік құрамындағы кальций қосылыстарының 20-65 пайызы суда жақсы ерісе, қалған бөлігін әлсіз сірке, тұз қышқылдарының көмегімен бөліп алуға болады. Кальцийдің біраз бөлігі цитоплазмада ион түрінде кездеседі. Кальций, басқа катиондар үшін күшті антагонист болып саналады. Кальций өсімдіктің жер бетіндегі мүшелерінің өсуіне де қолайлы жағдай тудырады. Ол фотосинтез құбылысының жүруі үшін маңызды рөл атқарады.
Кальций өсімдіктегі зат алмасу, көмірсулардың жылжу, азотты заттардың өзгеру процестеріне қатысады. Бұл элементтің әсерінен протоплазманың тұтқырлығы мен өткізгіштігі жоғарылайды.
Кальций ферменттердің белсенділігіне әсер етеді. Мысалы, әк қолданғанда сұлы өсімдігінің инвертаза және каталаза ферменттерінің белсенділігі артқан. Кальций жетіспегенде ең алдымен өсімдіктің тамыр жүйесі зардап шегеді де, тамыр түкшелерінің пайда болуы тежеледі.
Ауылшаруашылық дақылдары кальцийді әр түрлі мөлшерде пайдаланады. Мысалы, дәнді дақылдардың 20-30 ц өнімі 20-40 кг, 200-400 ц тамыр жемістілер 60-120 кг, 500-700 ц капуста 300-500 кг кальций пайдаланған.
Кальций топырақта түрлі минералдардың, сіңіру кешені құрамында және көмір, азот, күкірт, фосфор қышқылдарының тұздары түрінде кездеседі. Өсімдіктер алмасатын және топырақ ерітіндісіндегі кальцийді сіңіреді. Мұндай кальций қара топырақта көп, ал қара қоңыр және боз топырақтарда аз мөлшерде болады.
Кальцийдің жалпы мөлшері топырақ түріне байланысты. Мысалы, қара топырақта 1,44 %, боз топырақта 6,04 пайыз шамасында болады.
Магний. Хлорофилл кұрамында фосформен бірге ұлпа және тұқым құрамына кіреді, жасыл өсімдіктердің бірқалыпты қоректенуіне қатысады. Оның шамадан тыс көп болуы өте зиянды. Ол құм, құмайт жерлердегі басқа топырақтың бәрінде кездеседі.
Магний хлорофилл, фитин, пектинді заттардың клетка шырынында ион түрінде, цитоплазмада ақуыздармен байланысқан күйінде кездеседі. Бүкіл магнийдің 15-30 пайызы хлорофилл құрамында болады. Магний фотосинтез құбылысында маңызды физиологиялық рөл атқарады. Ол тотығу-тотықсыздану процестеріне әсер етеді. Фермент жүйесі арқылы магний көмірсулар, ақуыздар және липидтер алмасуына қатысады. Магний жетіспесе азотты заттардың синтезделуі өте нашар жүреді. Өсімдіктерде магний жетіспеушілігінен ең алдымен жапырақтарының түсі өзгереді. Көпшілік өсімдіктер бұл элементке аса сезімтал келеді.
Өсімдік құрамындағы магнийдің орташа мөлшері мынадай болады (пайыз есебімен): күздік бидай дәнінде - 0,15, ас бұршақта - 0,13, қарақұмықта - 0,15, картоп түйнегінде - 0,06. Топырақта магний көпшілік жағдайда карбонаттар түрінде кездеседі. Қара топырақта магнийдің жалпы мөлшері 0,9 пайыз, боз топырақта 1,45 пайызға дейін жетеді. Өсімдіктің магнийді қабылдауына оның топырақтағы жылжымалы түрінің мөлшері және катиондардың антагонизмі әсер етеді. Мысалы, аммиакты азот және калий тыңайтқыштары өсімдіктің магнийді сіңіруіне қарама-қарсы тұрады. Нитратты азот тыңайтқыштарын қолдану өсімдіктің магнийді қабылдауын жақсартады. Өнімнің магнийді пайдалану деңгейі дақыл түріне, өнім мөлшеріне, топырақ типіне тағы басқа жағдайларға байланысты өзгереді. Магний элементін қант қызылшасы, картоп, малазықтық қызылша, темекі, дәнді бұршақ тұқымдастар және бұршақ тұқымдас шөптер көп сіңіреді. Ылғалды жылдары, жеңіл және калий хлоридін қолданған топырақтан магний көп шайылады. Орта есеппен, 1 гектар егістіктен жыл сайын 10-20 кг магний ысырап болады.
Достарыңызбен бөлісу: |