Әлеуметтік қатығыстардың себептері- Әлеуметтік қақтығыстардың себептері - қоғамның жіктерінің арасында шиеленісті туғызатын объективті және субъективті факторлар. Олар алуан түрлі. Марксистік сараптамалық дәстүрге сай төңкерістің объективті негізі ретінде қоғамның өндіруші күштері мен қалыптасқан өндірістік қатынастардың арасындағы қайшылықтар қарастырылады. Сонымен қатар, өндірістің жаңа тәсілдері мен саяси қатынастардың бұрынғы жүйесінің арасындағы қайшылықтар да аталады. Бұл қайшылықтар әлеуметтік ширығушылықтың шиеленісуіне апаратын қоғамдық қатынастар жағдайының төмендеуінен көрініс табады. Ал, кейбір жағдайларда ол тіпті, үстемдік етуші және бағынушы әлеуметтік топтардың арасындағы ашық қарсылыққа ұласады.
Әлеуметтік қақтығыстарды реттеу жолдары - әлеуметтік қақтығыстарды шешудің немесе олардың ширығушылығын бәсеңдету әдіс-тәсілдері. Саяси тәжірибеде әлеуметтік қақтығыстарды реттеу немесе олардың ширығушылығын бәсеңдетудің бірнеше түрлері бар. Алайда, бұл әдістердің қолданылатындары шамалы-ақ. Олардың барлығын төрт топқа жинақтауға болады:
1) қоғамда бар, орын алып отырған қақтығыстарды көзге ілмеу, мән бермеу;
2) қақтығысушы жақтардың біреуіне немесе барлығына қатысты репрессивті шаралар. қолдану;
3) ашық қақтығысқа әкелген алғышарттардың біразын жоюға бағытталған реформаларды жүзеге асыру;
4) қақтығыстардың тікелей себептерін жою арқылы қақтығысты түбегейлі шешуге тырысу.