Құл Шариф (Мұхаммед Шариф)(16ғ) Қазан хандығы тұсында өмір сүрген көрнекті шайыр, мемлекет қайраткері Құл Шариф әдетте татар әдебиетінің өкілі ретінде танылады. Дегенмен йассауиа тариқатын ұстанып, Түркістан шайхын пір тұтқан, хикмет жанрында елеулі із қалдырған автордың әдеби мұрасын түркі халықтарының бөліп-жарылмайтын ортақ қазынасы қатарында қарастрған жөн.
Құл Шариф Қазан қаласында Қажытархан жерінен келген Мұхаммед сайидтің ұлы. Пайғамбар әулетінен шыққан Мұхаммед сайид 1546 жылы Қазан халқының қолдауына ие бола алмаған билік иесі – шах Ғалиға қарсы шығушылардың сапында күрескен. Әкесі қайтыс болғаннан кейін Ұазан хандығының рухани көсемі бас имам болып Құл шариф тағайындалады. өз халқының рухани тұрғыдан ілгерілеуіне үлкен үлес қосқан тарихи тұлға көрнекті дипломат ретінде ле алыс-жақын шетелдерде үлкен бедел-құрметке ие болған. өз кезінде ресей патшасы Қахарлы Иван Қазан мемлекетінің басшысымен қатар бас имам Құл Шарифке де арнаулы хат жолдап отырған. Сопы ақын, дін иесі қайраткер 1552 жылдың 5 қазанында Ресейдің Қазанға шабуылы кезінде қаланы қорғаушылар сапында қасық қаны қалғанша күресіп, шайқас үстінде қаза табады. «Орыс әскері Қазан Кремліне хандықтың бас имамы Құл Шарифтің өлі денесін аттап барып кіре алған» деп жазады ақын шығармашылығын зерттеуші татар авторы Әнвар Шарипов. [9, 11б b].
12-18ғасырлар арасында шығармашылық із қалдырған өзге де сопы ақындардікі секілді Құл Шариф хикметтері де бүгінгі күнге «Бақырған кітабы» арқылы жетіп отыр. Аталған кітаптағы төрт хикметпен қатар 1899 жылы Қазанда басылған түрлі поэзиялық және прозалық туындылары енген екінші жинақта «Қиссаи Хубби Хожа» дастанында зерттеушілер Құл Шариф қаламына жатқызуда. Соңғы жылдары ғылыми айналымға енгізілген «Шәриф Хажитархани» тахаллусымен жазылған «Зафәрнамәи вилаяте Қазан» атты шығармада Құл Шарифтікі деп дәлелденіп отыр. Ішінара ғазал араластыра отырып қарасөзбен жазылған 1550 жылғы Қазан соғысындағы орыс іскерлерінің жеңілуін баян ететің бұл туындыда ұрысқа қатысушылар қатарында Құл Шарифтің өз есімі де аталады. Туынды мазмұнынан автордың түрдіше ғылым саласынан хабардар терең білім иесі екені аңғарылады. «Зәфәрнама вилаяте Қазан» осыны көрнекті түрік ғалымы Зәки Уәлидің Тоған татар мәдениеті жайында жазылған мақаласына қосымша ретінде 1963 жылы Анкарада жариялаған болатын. 1997 жылы татар авторлары аталмыш шығарманы түрікше нұсқасынан татар тіліне аударып бастырды. [9.76 б]. Аталған жинаққа сондай-ақ 1883жылы Қазан университеті тарапынан жарық көрген «Бақырған кітабынан» алынған Құл Шариф хикметтері мен «Қиссаи Хубби Хожа» дастаны да енгізілді.
Ақын хикметтеріне назар аударалық. Түркі сопылық поэзиясының дәстүрлі соқпағымен өрлеген Құл Шариф хикметтері жоғарыда тандалған басқа да авторлар туындыларына тән тақырыптық-мазмұндық ерекшеліктерді түгелдей дерлік қамтиды. Тілі және белсенді сөздік қоры жөнінен Йассауи дәуіріндегі шығармалардан айтарлықтай ажыратыла бермейді. Өлең құрылысы анағұрлым жатықтырып ширай түскен. «Башың көтәр ғафлатдин»хикметі 14 буынды тармақтар түрінде берілгенмен, ішкі ұйқасы мен бунақ ырғағы тұрақты сақталғандықтан, абвб гггб дддб түріндегі төрттармақ өлең ретінде де қабылдауға да болады. Аталған ұйқас түрінің жазба әдебиетімізде алғаш Йассауи хикметтері арқылы орныққаны белгілі. «Ей, көңүл, бел бағлама» хикметі аа ба ва га ұйқасына құрылған 15 буынды қос тармақты ғазал түрінде жазылған. Ішкі ұйқасы жоққа тән. «Мұнажата мұңлұғ керәк» хикметінде ішкі ұйқас бірде сақталып, бірде сақталмайды. Тұрақты ішкі ұйқастар әдетте шартты етістіктерді компонентті қамтиды. Тұтастай алғанда хикмет аа ба ва га ұйқасындағы 16 буынды ғазалдың үлгісі болып табылады. Ал «Әлхамдуллахи раббил аламин» деп басталатын төртінші хикмет дәстүрлі Йассауилік үлгіде абвб гггб дддб ұйқасымен жазылған 12 буынды төрт тармақты құрылымға ие. Төрт хикмет те бір ғана «Құл Шариф» әдеби есімімен берілген. [9 79-82б]
Ақынның «Қиссаи Хубби Хожа» дастанының жоғарыда көрсетілген кітаби нұсқаымен қатар Қазанда көшірілген қолжазбасы да сақталған. Құл Шариф шығармаларын баспаға даярлаушылар оларды салыстыра отырып, тілі жөнінен анағұрлым көнерек екені аңғарылатыны кітаптық нұсқаны негізге алған. Дастан сюжеті Йассауи заманында шайхтың тікелей шәкірті, сопы ақын Сүлеймен Бақырғани мен оның ұлдарының басынан өткен оқиғаларды қамтиды. [9. 42 б]
Боғрахан қызы Әнбар анаға үйленгеннен кейін Хакім ата – Сүлеймен үш ұл көреді. Үлкен ұлдары Әсғар мен Махмұд егін егумен айналысса, кенжелері Хубби Хожа сұңқар, лашын салып, аң аулауды кәсіп етеді. Кенжесінің кәсібі әкесіне ұнамайды, «менің жолымды емес, бабасының жолын ұстанды» деп құс салғанын мақұл көреді. Ал анасы болса: «Қолыңда құсы болғанымен жүрегі Хақ зікірінен ғафыл емес» деп ұлын қорғаштайды. Сүлеймен ата: «Ендеше балаларды шақырып көрелік, қайсысы жылдам жетеді екен»деп, Әсхар мен Махмұдты шақырғанда, олар көзді ашып-жұмғанша жетеді, ал Хубби Хожа болса анасы қайта-қайта шақырғаннан кейін ғана келіп: «Қара теңізде екі кеме суға батып барады екен, жолаушылары менен көмек сұрағаннан соң, соларды құтқарамын деп жүріп кешігіп қалдым» дейді. Бұл сөзіне әкесі илана қоймаған соң, Хубби Хожа иығына батқан арқан ізін көрсетіп: «Көп ұзамай жүк тиеген керуен келіп, дүниесінің оннан бірін бізге беретін болады» дейді. Расында да ұзамай керуен келіп, атаған нәзірін бергенде Сүлеймен ата оларды қос ұлына бөліп береді де, анда жүрген кенжесіне үлес қалдырмайды. Үйіне келген Хубби Хожа мұны біліп, он сиырды сойдырып, ел жұртты ас пен суға тойдырады да әкесіне: «Халайыққа ғибрат болсын, сойылған сиырларды қайта тірілтіп жіберіңіз» дейді. Әкесі бұл істің қолынан келмейтінін айтқанда, Хубби Хожа сиырларды өзі тірілтеді. Сиырлар Хуббидің аяғына жығылып, рұқсатын алып, жайылымға кете барады. Бұл кереметті көрген Құл Сүлеймен басын төмен салып баласына: «Екі бірдей ілім иесі бір жерге сыйыса алмаспыз» дейді. Сонда ұлы: «Сіз қалыңыз, біз кетелік» деп тұрып жүре береді. Анасы Хуббимен ере келіп, оны бөлмеде қалдырып, сыртынан бекітіп шығып кетеді. Таңертең қараса, бөлме ортасында Хуббидің киімі қалған, өзі жоқ. Зар еңіреп, Аллаға жалбарынған анасының құлағына ғайыптан: «ұлың тірі, ол Қызыр мен Ілияқа серік болады» деген дауыс келеді. Бұл оқиға Йассауидің құлағына жеткен соң, шайх Құл Сүлейменді алдырып, мойынан бір сиырға қосақтап байлатып, бір жыл бойы отын тасытып қояды. Арада жыл өткен соң, Сүлейменді босатып «Хубби Хожа тірі болғанда, оның нәсілінен сексен әулие дүние келетін еді. Күнәңді мен кешкенмен Құдай кешкен жоқ. Сен дүниеден өткен соң қабіріңнің үстінен қырық жыл су ағады. Сүйегің сонда тазарар» дейді. Құл Сүлеймен зар жыланып, кешірім сұрап, ұлын бір көрсетуді Алладан сұрап, дұға етуін пірінен өтінеді. Йассауи оның тілегін қабыл алып, дұға етеді де: «Үйіңе күрмес бұрын ұлыңды көрерсің» дейді. Құл Сүлеймен үйіне жақындағанда жан-жағына қанша қараса да ағаш басындағы ақ құстан өзге ештеңе көрмеген соң; «Пірім ықылассыз дұға қылған екен» деп ойлайды. Біршама уақыт өткен соң Йассауиге барып: «Баламды көре алмадым» дейді. «Ағаш басына қонған үш ақ құс көрмедің ба?» дейді. «Көрдім» деген Сүлейменге «Сол үш ақ құстығ екеуі Қызыр мен Ілияс та, үшіншісі сенің ұлың болатын» дейді Йасауи. «Тағы бір рет көре аламын ба?» деп сұраған Сүлейменге: «Қиямет күніне дейін сабыр етесің, ендігі көрісулерің ақіретке қалды. Кімде-кімнің басына қиын іс түскенде: «Ей, Хубби, медет бере гөр!»деп тілесе, иншалла, тілеуі қабыл болып, Хубби медет берер. Ол енді ғайыптардың қатарында» дейді пірі.
Дастанда бұдан әрі Құл Сүлеймен қайтыс болғаннан кейін Әнбар ананың ерәнәі аянымен Зеңгі бабаға некеленгені, оның мінез-құлқына сай жасаған іс-әрекеттері жайлы аталады.
«Қиссаи Хубби Хожа» дастанына қатысты бұған дейін мүлде мән берілмеген бір жайтқа – авторлық мәселесіне ерекше назар аударуды жөн көріп отырмыз. Құл Шариф еңбектерін жүйелеп, жарыққа шығарған татар ғалымдары Орта Азияда өмір сүріп, хикмет дәстүрін жалғастырған «Құл Шариф» есімді екінші бір автордың болғанынан мүлде хабарсыз тәрізді. Орта Азиялық Құл Шариф шығармашылығын зерттеген түрік ғалымы Ө.Кая болса, Қазандық Құл Шариф туралы ешқандай мәлімет бермейді. Ал Хубби Хожаға қатысты дастанды екі топтағы зерттеушілердің әр бірі өз нысанындағы авторға телиді. Осы тұста алдымен Орта Азиялық Құл Шариф эайлы толығырақ мағлұмат келтірмекпіз.
Құл Шариф(Йафес ұғлы Өзбек). 17ғасырда Мәуереннахр жерінде өмір сүрген шағатай әдебиетінің көрнекті өкілі Құл Шариф – Бұхара өңірінің тумасы. Түрік тілтанушысы Ө.Каяның зерттеулеріне сүйенсек, «Шариф», «Міскін Шариф», «Құл Шариф», «Иафес оғлы Өзбек» әдеби есімдерін пайдаланған ақынның толық аты-жөні – Шайх Мұхаммед Шариф Йафес Өзбек әл-Хусайни әл-Алауи әл-Бухари, ал өмір сүрген кезеңі 1618-1691/92 жылдар болып табылады. [10. 4 б]
Құл Шариф жайлы 20ғасырдың екінші жартысынан кейін жасалған зерттеулердің барлығы белгілі түріктанушы Зәки Уәлиди Тоғанның ғылыми еңбектеріне сүйеніп жүргізілді. «Хорезмде йазылмыш әски түркче эсерлер» атты мақаласында ғалым Құл Шарифтың ашық зікірді ұстанатын жаһрия тариқатының машайығы болғанын, Йассауидің үлгісімен парысша-түрікше хикметтер жазғанын, қабірі Бұхарада Зергаран медресесі жанында, өзін атап салынған жаһрия ханақасында екенін атап көрсетеді.[2.5 б]. З.У.Тоғанның «Йесевиліне даир баъзі маъумат» атты екінші бір мақаласында Құл Шарифке телінетін «Хиджатуз-закирин» шығармасы туралы мәлімет беріліп, оның «молда Шариф Бухари», «Ахунд Млла Мухаммед Шариф» тахаллустарын қолданғаны айтылады. [2.6 б] Мырза Мұхаммед Әмин Бухаридің «Тарих-и Туркистан» атты еңбегінде Құл Шарифтің өміріне қатысты біршама деректердің орын алғаны да аталмыш мақалада көрсетілген.
Бұхаралық Құл Шарифтің сондай-ақ «Парсыша-түрікше диуаны» да сақталғаны белгілі. Өз зерттеулерінде Ө.Кая осы диуандағы хикметтерге тілдік талдаулар жасап, олардың түпнұсқа мәтінін қалпына келтіруге тырысқан [11 82-112б] Аса мол тілдік материалды игере отырып жұмыс жасаған билікті маманның ізденістері сәтті нәтиже берген деуге болады: автор құрастырған сыни мәтін 17ғасырдағы Шағатай әдеби тілінің нормаларына сәйкес келіп қана қоймай, сонымен қатар аын хикметтеріндегі дәстүршілдік пен жаңашылдықтың арақатынасын айқындап, оның шығармашылығының әдеби дәстүрдегі лайықты орнын анықтауға мүмкіндік береді.
Хикмет дәстүрімен жырлаған көптеген ақындарға қарағанда Құл Шариф хикметтері өзінің көлемділігімен ерекшеленеді. Шайыр лиризмі қаншалық терең болса эпикалық құлашы да соншалық кең, көп ойларда ол көңіл күй толғауының арнасынан асып, қасида жанрына қалам тартуға бейім тұрады. Құл Шариф ғазалдарының өзінде ойлылық байсалдылық басым. Ақынның жекелеген хикметтерін лирикалық поэма ретінде танудың қисыны бар. Құл Шариф шығармашалығын екі-үш ғасырлық тәжірибе жинақтап, кемеліне келген, қос әдебиеттің арнасын ұштастырып, арынды асау дарияға айналған Шағатай әдебиетінің толымды, тұщымды жемісі деп бағалауға болады.
Тақырыптық тұрғыдан алғанда шайыр-хикметші ақындар ішінде Адам алейхссаламнан бергі пайғамбарлар, сахабалар, әулие-әмбие, әзиздер, тариқат жолын ұстанған сопы –мүршидтер, машайық пірлер жайлы ең көп жырлаған шығармашылық иесі. Бұл екершелік те өз сезімдерін өзгелерді ұстын ете отырып, бейнелеуге бейім, тариқат құндылықтарына табиғатына етене, кішік мінезді танытады. Түркістан пірі Қожа Ахмет Йассауиді ақын көптеген хикметтерінде еске алып отырады. Шайхқа арнаған жеке туындысы да бар. Ал Зеңгі баба мен оның шәкірттері жайлы көлемді хикмет қасида жанрында жазылған деуге болады.
Көркемдік пен шеберлік мәселелеріне келгенде дәстүрлі жанрды жалғастырған Құл Шариф Бұхари хикметтері де Йассауи поэзиясынан тамыр тартқан тұтас буын қалыптастырған тіректік ұғымды, көркемдік қолданыстарды жаңғырта отырып, тағы бір саты тереңде түскен.
Ічсем бағрым қаныны,
Табсам дүрнің кәніні,
Істәб сұраб мағныны,
Гәдә болсам болғай му? [11 92б]-секілді жолдар – Йассауилік тіркестерді жаңаша түрлермен тірілтудің бір көрінісі. Ал «һагриз демассын сен мені, Өлгүнчә дермін мен сені», «Уахданиат лұқмасы болған емас һич ғалат», «Тапты көңүлүнүң фарығын, екті тариқат тариғын», «Бу дунйа қары қыз-дыр мәкрі бисйар», «Көрер көзің, тұтар көзің – бәрі дұшман» тәрізді жолдар ой түйіндеулерінің, кқркемдік құралдарының тосындығымен Құл Шарифтің ақындық әлеміне тән ерекшелікті танытады.
Ақын ұстазы Йассауиден бастау алған дағдылы редиф-ұйқастарды қолданып, жаңа хикметтер туындатып қана қоймай, өз шығармашылығының кезекті бір ерекшелігі болып табылатын жаңа редиф-ұйқастар қалыптастырған. Жекелеген хикметтерінде ақын «Шариф» есіміне «-а» шылауы қосылады «Шариф-а». Бұл тек буын санын толтыру мақсатын көздеуден ғана тумаса керек. Қаратпа шылаулы тахаллус формуласының кеңінен қолданылуы сол тұста дәстүрге арналған.
Айта кету керек, «Диуани хикмет» нұсқаларына енгізіліп, Қожа Ахмет Йассауидікі саналып жүрген «Мәламатдын мәй ічкен дидарыға батты-йа» деп басталатын авторы көрсетілмеген хикмет біз қарастырып отырған Құл Шариф шығармалары қатарында «Міскін Шариф» тахаллусымен толығырақ нұсқада берілген. Йассауиге телініп жүрген аталмыш хикмет ақынның айшықты қолтаңбасын, дара стилін таныта алмайды, әрі өлеңдегі оқиға Йассауи атынан емес, дара стилін таныта алмайды, әрі өлеңдегі оқиға Йассауи атынан емес, үшінші жақтан – бақылаушы тарапынан жазылған. Ал Құл Шариф жинағында осы хикмет стилінде жазылған өзге де туындылар кездеседі.
Өлең құрылысы жағынан Бұхаралық Құл Шарифте 14 (7+7) 16(8+8) буынды ішкі ұйқасты хикметтер басым. Ішкі ұйқастар факторының қостармақ ғазал күйінде хатқа түскен мұндай хикметтерді 4 тармақты түркі өлеңі ретінде қабылдауға мүмкіндік беретіні белгілі. Ал ақынның 1 буынды өлеңдерінің ғазал жанры мен өлең түрінде жазылғаны дау тудырмайды. Құл Шариф хикметтерінде 12 буынды құрылым мүлде кездеспейді. Бұл мазмұнға қарағанда біршама елгезек пішінінің сыртқы өзгерістерге тез бейімделетінің көрінісі, жаңа түрлердің белсендірек қолданыла бастағанының айғағы болып табылады. Йассауи дәуірінен алшақтаған сайын ұлы шайырдың негізгі өлең қалыбы болып саналған 12 буынды байсалды, ауыр өлшемінен хикметші ақындардың қол үзе бастауы заңды.
«Бақырған кітабында» жоғарыда шығармашылығы талданған Қазандық Құл Шарифтың төрт хикметінен бөлек «Құл Шариф» атымен тағы бір хикмет жеке дара берілген. Осы әрекеттен соңында «Құл Шарифи» тахаллусы қолданылған аталмыш хикметтің Қазандық Құл Шарифтен басқа ақын қаламына тиесілі екенін жинақты алғаш құрастырған ортағасырлық авторлардың жақсы білгені байқалады. Ал қазіргі зерттеушілер бұл мәселеге жеткілікті дәрежеде назар аудармай тек кітаптың түпнұсқа қалыбын сақтау мақсатында ғана аталған хикметті жеке беріп келеді. «Бақырған кітабындағы» нұсқасы «Хақиқатқа чын ашықлар» деп басталатын 4 тармақ өлең түріндегі бұл өлең түріндегі бұл хикмет Ө.Кая еңбегінде Бұхаралық Құл Шариф шығармалары қатарында «Хақиқатқа чын кірген» деген атпен ғазал ретінде берілген. Аталған зерттеушінің де «Бақырған кітабындағы» хикмет жайлы мәліметінің жоқтығы аңғарылады. Стиль тұрғасынан хикмет Бұхаралық автор қолданбасына көбірек жақын.
Қос Құл Шарифтің арасындағы тағы бір аулы туынды – жоғарыда айтылған Хобби Хожа жайлы дастан. Татар ғалымдарының астанды Қазандық Құл Шариф туындысы ретінде біршама зерттеп зерделегені айтылды. Ал Ө.Кая өзі зерттеу нысанына алған Бұхаралық Құл Шарифтің «Ер Хубби дастаны» атты шығармасы бар екенін, оның екі нұсқасы Туркияда, екі нұсқасы Түркіменстанда сақталғаны жазылады.
1899жылы Қазан университеті тарапынан жарияланған дастан нұсқасының Туркия Ұлттық Кітапханасында сақталған нұсқамен мазмұн тұрғысынан бірдей, тілі жағынан біршама айырмашылығы барын автор атап көрсеткен. Ө.Кая өз еңбегінде дастанның ешбір нұсқасын ұстанбағандықтан, салыстырмалы зерттеу жүргізу әзірге мүмкін емес.Қазандық ғалымдар дастанның кітаби және қолжазба нұсқаларын негізге алғанымен аталған екі нұсқа да Татарстан жерінен көшірііп, хатқа түскендіктен, татар тілінің әсерін көбірек қабылдағаны айқын. Бұған туындыны баспаға дайындаған жергілікті авторлардың татар әдеби тіліне бейімделген транскрипцияны пайдаланғанын қосар болсақ, мәселе күрделене түседі. Демек, «Ер Хубби» дастанының Қазандық, Түркіменстандық, Туркиялық нұсқаларын салыстыра отырып, мәтіндік таңдаулар жүргізілмейінше авторлық жөнінде кесімді пікір айту асығыстық болып табылады. Дегенмен шығарма стилінен айқындалатын авторлық қолданба біздің кейбір жайттарды болжап айтуымызға мүмкіндік береді. Дастан сюжетіндегі Сүлеймен Бақырғани мен оның ұлдарына қатысты оқиғаларға өз кезегінде кәміл шайх пір ретінде Йассауи де қатысады. Йассауийа тариқатын жалғастырып, хикмет дәстүрін дамытқанымен, Қазандық Ққұл Шарифтің артында қалған аз ғана мұрасынан оның тариқат пірімен рухани байланысы көзге көп шалына бермейді. Есесіне бұл тақырыпқа жоғарыда атап көрсеткеніміздей Бұхаралық Құл Шариф анағұрлым бейім. Екіншіден, дастан авторының оқиға өткен өңірді – Сыр бойы мен Әмудария аймағын жақсы білетіні сипаттауларынан аңғарылып тұрады. Бұл да бір қиырдағы Қазандық туындыгердің емес, Бұхаралық ақынның дастан авторы болу мүмкіндігін молайтады. Үшіншіден, Бұхаралық Құл Шарифте дәл осы дастан оқиғаларының табиғи жалғасы іспетті Сүлеймен атаның жесірімен некелескен Зеңгі баба мен оның шәкірттері жайлы қасида бар. Әрине, бұл айтылғандар әзірге болжам ғана, ал түйінді сөз салыстырмалы мәтіндік талдаулардың еншісінде.
Хикмет жанрының қалыптасуы мен дамуының сипаты айқын екі тарихи кезеңі бар деуге болады: а) жанрлық жіктелудің ілкі кезеңі. Бұл кезең Йассауи поэзиясынан бастау алып, оның замандас шәкірттерінің шығармашылығын қоса қамтиды; б) хикмет дәстүрін Шағатай әдебиеті кезеңі. Бұл кезеңнің шегін 15-18ғасырлар аралығымен белгілеуге болады. Таза хикмет үлесіндегі жазба мәтіндер сақталмаған 13-15 ғасырларды әзірге шартты түрде хикмет жанрының ақтаңдақ кезеңі ретінде бағалаған жөн. Бұл аралықты негізінен «Пақырнама», «Миратул-кулуб» секілді йассауийа тариқатының ұстанымдарынан хабар беретін рисалалар мен «Насабнама» сынды Йассауидің ата-тегін тарататын шежірелер, Хусамеддин Сығнақидің «Манақиб-и Ахмед-и Йассауи» атты прозалық шығармасы, Құл Ғалидің хикмет өлшемімен жазылған «Жүсіп-Зылиха» дастаны тәрізді туындылар толтырады. Х.Сығнақидің хикметтер жазғаны жөнінде мәліметтер бар болғанымен, мәтіндер сақталмаған. А.Йегүнекидің «Ақиқат сыйы» дастанының атауынан сопылық таным көрінісі аңғарылады, туынды мазмұнында сопылық сарындағы бірқатар шумақтар кездеседі.[12]. М.Хорезмидің «Мухабатнамасында» Йассауи идеяларының жаңа мазмұн, тың пішінімен өрнектелгенін әдебиет зерттеушісі А.Қыраубаева атап көрсеткен [13]. Тұтастай алғанда аталмыш кезеңде хикмет дәстүрі тоқырады немесе жанрға сұраныс болмады деуге негіз жоқ. Маңғол шапқыншылығы нәтижесінде ірі саяси-құрылымдық, мәдени-рухани өзгерістер жүріп жатқа дәуірден жекелеген көлемді туындылар болмаса, ұсақ шығармалардың сақталып жеткені жоққа тән. Дегенмен бұл тұста Орта Азияда парсы тілді әдебиет тоқырап, түркі тілді әдебиеттің жандану үдерісі жүре бастағаны мәлім. [14. 269 б]. Жоғарыда санамалаған әрбір еңбектен, сондай-ақ, Алтын Орда дәуірінде дүниеге келген Рабғузи, Х.Кәтиб, Құтб, С,Сарайи шығармаларынан, «Латафатнама», «Таашуқнама» секілді бірегей туындылардан, диуан-жинақ үлгісіндегі мұралардан қикмет дәстүрінің ізін аңғару қивн емес. Өлкенің саяси ахуалы тұрақтанып, біртекті мәдени кеңістік қалыптаса бастаған 15 ғасырдан бастап, хикмет жанры да барынша дамыған. Бұған жоғарыда талданған Йассауи ақындық мектебі өкілдерінің шығармашылығы куә. Қожа Ахмет Йассауидің пқындық мектебі мен хикмет жанрының қалыптасуы мәселесіне қатысты ойларды төмендегіше тұжырымдауға болады:
Қожа Ахмет Йассауи – хикмет жанрының негізін салушы. Өзіне дейін тек уағыз-насихат таралып келген хикмет ілімін тұтастандырып, поэзия тіліне көшіру, оны дербес жанрға айналдыру – Йассауи поэзиясы атқарған тарихи қызмет болды. Түркі сопылық поэзиясының тірек ұғымдары мен белсенді сөздік қоры Йассауи шығармашылығы арқылы қалыптасты.
Йассауи негіздеген хикмет жанры түркі даласындағы сан ғасырлық әдеби үдерістердің заңды жалғасы болып табылады. Ол сонымен қатар белгілі бір дәрежеде араб-парсы классикалық поэзиясының әсерін қабылдай отырып, дүниеге келген күрделі симбиоз жанр. Бұл үдеріс – Йассауидің Шығыстық жанрларды трансформациялау және түркілік төл жанрларды реформалау жолындағы ізденістердің нәтижесі.
Қожа Ахмет Йассауидің ақындық мектебі – түркі халықтары әдебиетінде көрнекті із қалдырған ең елеулі құбылыстардың бірі. Сегіз ғасыр бойына үрдісі үзілмеген хикмет дәстүрі түркі сопылық әдебиетінің үздік үлгілерін туындатты. Бүгінгі түркілік әдебиет те бұл дәстүрден көз жаза қойған жоқ. Қазіргі таңда қазақ әдебиетінде де сопылық сарындағы бірқатар туындылардың дүниеге келіп жатуы – заманалармен замандас Йассауи хикметтерінің жасампаз үлгісінің әсері.
Пайдаланған әдебиеттер:
Сулеймон Боқырғани. Боқирған китабы. (Тайер. И Хаккул, С.Рафиддинов),-Тошкент: Езувчи, 1991,-80 б
Мәтбек Н. Сүлеймен Бақырғанидің (Хакім ата) әдеби мұрасы: Канд.дисс.автореф.-Алматы,2005.
Бақырған китабы (Әзер. Ф.Яхин).-Казан: Татарстан китап нәш.2000.-240 б.
Көпрүлү М.Ф. Ясауи танымы мен тағлымы (Ауд К.Коч). Шымкент,1999.-254 б.
Қожа Ахмет Йасауи. Хикмет жанақ .(Дайын.М.Жармұхамедұлы,М.Шафиғи, С.Дәуітұлы).-Алматы: Жалын, 1998.-656 б.
Ясауи тағылымы. Ғылыми мақалалар мен жаңа деректер жинағы. Түркістан: Мұра, 1996.-152 б.
Бороков А.К. Очерки по истории узбекского языка/Определение языка хикматов Ахмеда Ясеви// Советская востоковедение. Т 5.-М-Л,1948.
Қыдыр Т. Йассауиді қай діңгейде таныдық?// «Түркістан», 2004жыл 7 қазан.
Кол Шариф. И күңел, бу дөньядыр..... (Әзер. Ә.Шәрипов).-Қазан: Татарстан китап нәшр.,1997.-96 б.
Турсунов Е. Фольклор в эпоху аль-Фараби// Аль-Фараби и развитие науки и культуры стран Востока. Материалы науч-теоретич конф.-Алматы. 1974.
Кауа О. Дожи Турк яазы тили ве едебиети салистирмалари.- Бишкек: КТМU.2003-174 s7
Ахмет Йүгінеки. Ақиқат сыйы. (Дайын:Ә.Құрышжанов, Б.Сағындыұов).-Алматы: Ғылым, 1985.-152 б
А Қыраубаева. Тамыр жайған бәйтерек // Егемендік Қазақстан, 2000 жыл 20 қазан.
Бертельс Е.Э. Литература народов Средней Азии(от древнейших времен до XV века н.э.)/ Журнал «Новый мир», 1939, №7.
Кілт сөздер: Сопылық мектеп, шығыстану, хикмет жанры, зеттеулер.
Достарыңызбен бөлісу: |