Бдірәсілцызы



бет6/8
Дата06.02.2022
өлшемі186 Kb.
#54774
1   2   3   4   5   6   7   8
Шайх Худайдад. Қожа Ахмет Йасауиден басталатын Шайх Худайдадтың рухани сабақтастық шежіресі (силсила) жоғарыда аталған Маудуд шайхтан кейін төмендегіше жалғасады: Маудуд шайх – Хаким шайх – Шайх Жамалиддин – Шайх Худайдад. Миянқала өңіріндегі Қызыл-Рабат аулынан шыққан Худайдадтың өз есімі Құдайберді болған. Ұстазы Жамалиддин оны парсыша «Худайдад» деп атаған екен. Сопылық тарихында оның есімі осы атпен сақталған. «Ламахаттағы» деректерге қарағанда, Жәнібек сұлтанның басқаруы кезінде Худайдад біршама уақыт Керминеде болып кейін Самарқандқа келген. Шайхқа Миянқала мен Керминеден қол тапсырған мүридтері жиі келіп тұрған, қазақ сұлтандарының бірі Худайдадтың мүриді болғаны жөнінде мәлімет бар. Рухани ұстаз ретінде Орта Азияда Шайх Худайдадтың беделі жоғары болған. Захираддин Мұхаммед Бабыр мен Убайдулла хан арасында тақ таласы туындағанда, Бабыр Худайдадтың батасын алуға елшілерін жібереді. Шайх Худайдад оларды: «Кімнің мұсылманшылығы күштірек болса, билік соған бұйырады» деген жауаппен қайтарады.[7.240 b] Мауараннахр тағына Худайдад келерін алдын ала болжаған Убайдулла хан отырады.
А.К.Боровков өз зерттеулерінде йасауийа шайхтарының негізінен далалық түркі халықтары арасында сопылық ілімін таратқанын, дегенмен уақыт өте келе қоғамдағы өзгерістерге орай қала өміріне де бейімделіп, өз әрекеттерін жаңа ортада жалғастырғанын айтады.[7.241 b] Зерттеуші көптеген сопы ақындық (соның ішінде шайх Худайдадтың да) екі тілде бірдей хикметтер жазуын осы жағдаймен байланыстырады. Худайдадтың парсы тіліндегі бір бәйіті «Ламахатта» келтіріледі.
Біздің қолымызда шайхтың «Бақырған кітабына» енген түркі тіліндегі бес хикметі ғана бар. Дегенмен осы өлшеулі мұраның өзі Худайдадтың ақындық қолтаңбасын айқын таныта алады.
Ақын шығармашылығында алғаш назарға ілігетін ерекшелік - оның хикметтерінің тек мазмұндық тұрғыдан ғана емес, құрылымдық жағынан да Йасауи стилін барынша сақтап қалғандығы деуге болады. «Бақырған кітабында» 85, 86-реттік санымен белгіленген Худайдадтың қос хикметі 12 буынды өлшеммен жазылып, аааб вввб гггб ұйқасына құрылған. Құл Ғалидің «Жүсіп-Зылиха» дастанын есепке алмағанда, Сүлеймен Бақырғаниден кейінгі хикмет дәстүрін жалғастырушылардың қолда бар туындыларында Худайдад хикметтеріндегідей таза йасауилік өлшем мен ұйқастың бірлікте көрініс табуы жоққа тән. Өзіне дейінгі кейбір хикметшілермен салыстырғанда Худайдад шығармаларының тілі анағұрлым таза, кірме сөздерді орынды-орынсыз қолдану кездеспейді. «Диуани хикметтегідей» қарапайым көркемдік пен нәзік сыршылдық айтасқан ақын хикметтерінде шынайы болмысымен, кемшілік-жетістіктерімен сомдалған автопсихологиялық типтегі лирикалық кейіпкер көрініс береді.
Кімні көрсәм, Хызыр біліп дұға тіләй,
Құлны көрсәм, құлы болыб мағна сұрай,
Һәр зәррәға мүрид болыб, мұрад тіләй,
Йа Иләһым, нечүк сені тапқаймын-а. [3.105 b]
Йасауидегідей сөз соңында келетін «-а» қаратпа шылауы, дістүрлі редиф-тармақтар мен редиф ұйқастар, тұрақты сөз тіркестері мен бейнелі қолданыстар Худайдад қаламына да тән. Ақынның өзіне дейінгі хикмет жанрындағы туындылармен таныстығы да аңғарылады: жоғарыдағы өлеңдегі «Кімні көрсәм, Хызыр біліп дұға тіләй» деген жолдар Сүлеймен Бақырғанидің «һәр кім көрсәң Хызыр біл, һәр түн көрсәң Қадір біл» деген белгілі хикметін еске салады.
Худайдадтың 87, 89-хикметтері 15 буынды өлшемде ғазал ұйқасымен жазылған. Ұйқас түрі аруздан алынғанымен, ішкі бунақ ырғағы тұрақтылыққа бейім аталмыш хикметтер буындық жүйеге көбірек негізделген. 89-хикметтігі бір ерекшелік – автор мұнда Жаратушыға қатысты «Маһруй» («Ай жүзді») деген теңдеуді қолданады. Түркі сопылық поэзиясында сүйген жар ретінде Алланын портреттік нышандары жоққа тән екенін ескерсек, осы жалқы теңдеудің өзі жаңашылдықтың соны үлгісін танытады.
Ақынның 88-хикметі ерекше өлшеммен жазылған: мұнда әрбір тақ тармақтар – 8 буынды, жұп тармақтар – 7 буынды болып келеді:
Не қылырсың міскін адам,
Тұтса Әзрәйіл йақаң?
Нечік жавабы берерсің,
Тұтса Әзрәйіл йақаң? [3.107 b]
Екінші тармақ редиф түрінде әрбір шумақтың соңында қайталанып келіп тұрады. 5 шумақтан құрылған осы хикметінде автор тармақтар үйлесімін мүлде сақтамаған: жоғарыда алғашқы шумақтан басқаларында ұйқас жоққа тән. Айтылмыш хикметті 15 буынды қос тармақты ғазал күйінде қабылдасақ, табиғи түрде аа ба ва га ұйқасы пайда болады. Дегенмен төрт тармақ қалпында әрбір тармағының аяқталған ойға құрылуы мен бунақ ырғағынан реттілігі, буын санының теңдігі бұл хикметтің төрттік өлең түрінде туындағанын дәлелдейді. Ұйқасы қадағаланбаған хикметінде ақын өлең тудыруды емес, ой жеткізуді басты мақсат еткен тәрізді:
Сығымас ердің дүнйаға,
Малыңа мағрур олыб.
Қара йергә хуб сығарсың,
Тұтса Әзрәйіл йақаң. [3.107 b]
Хикметтегі ұйқас әлсіздігінің себебін аруздық үлгілердің белең алып, 7-8 буынды жыр өлшемінің сопы ақындар қолданысынан шыға бастауымен де түсіндіруге болады.
Йасауи дәуірінен бес жүз жылдан кейін, орта ғасырдың соңғы кезеңінде дүниеге келген Түркістан пірінің үздік үрдісін жалғаған Шайх Худайдад хикметтері өткенді аңсаудың, өткенге оралудың көркем көрінісі іспетті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет