Шәмсатдин Өзгенди. Хикмет дәстүрін жалғастырушылардың бірі – «Шәмси Аси» деген атпен белгілі Шәмсатдин ақын. Ортағасырлық түркі әдебиетінде «Шәмсатдин» есімді үш автор шығармашылық із қалдырған. Олар: Шәмсатдин Тибризи, Шәмсатдин Тағази және Шәмсатдин Өзгенди. «Бақырған кітабында» 27 хикметі қамтылған Шәмси Асидың аталған үш автордың қайсысы екендігі жинақты баспаға дайындаушылар тарапынан нақтылына қоймаған. Бұл мәселеде екі түрлі жағдайды ескерген жөн. Біріншіден, ортағасырлық әдеби мектеп үрдісінде географиялық фактор қазіргі кезеңмен салыстырғанда анағұрлдым маңызды рөл атқарған. Шәмсатдин Тибризи – Түркістан өңірінен жарақта жатқан Тибриз қаласының тумасы, мәуләуийа тариқатының негізін салған атақты сопы ақын Мәулана Жалалиддин Румидің сұхбаттас серігі болған. Ал Шәмсатдин Тарази – Қарахан дәуірінен бастау алған, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йүгінеки секілді әйгілі авторлардың бірегей туындыларын дүниеге келтірген өзіндік әдеби тілі мен дәстүрі болған Тараз өңірінің түлегі. Бұл екі автордың да йасауийа тариқаты негізінен, хикмет дәстүрінен хабардар болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз, дегенмен олармен салыстырғанда Түркістанның түлегі, Сыр бойындағы Өзгент қаласында дүниеге келіп, Йасауи ілімімен, хикметтерімен сусындап өскен Шәмсатдин Өзгендидің хикмет дәстүрін жалғастырушы автор ретінде қалыптасуы анағұрлым көкейге қонымды. Екіншіден, ортағасырлық мәтіндердің дұрыс транскрипцияланбауы да әдеби мектеп және авторлық мәселесін біршама күрделендіріп келеді. Бірер мысалға ғана тоқталайық. «Бақырған кітабындағы» 72-хикмет соңында «Ал әй, Шәмси өркәнди» деген жол бар.[3.89 b] Түпнұсқа мәтін жазылған араб әліпбиінде «р» және «з» әріптері бір ғана нүкте арқылы ажыратылатыны белгілі. «З» әрпінің үстіндегі сол нүктенің дұрыс қойылмауынан не оқылмауынан «Өзгәнди» сөзі «өркәнди» болып транскрипцияланған. Тағы бір ескеретін жағдай, араб жазулы ежелгі әдеби мәтіндерде «к» және «г» әріптері біркелкі таңбаланады, сондықтан сөздің дұрыс оқылуы транскрипциялаушылардың біліктілік жәрежесімен тікелей байланысты. Осы жинақтағы Шәмсатдин жазған Хазіреті Фатима жайлы қисса соңында да «үзә кәнд» деп бөліп транскрипцияланып, мүлде басқа ұғым ретінде түсаіндірілуге себепші болған.[3.161 b] Бұл да «Бақырған кітабындағы» « Шәмси Аси» есімімен берілген Шәмсатдин Өзгендидікі екенін айғақтай түседі. өз кезегінде «Шәмси Кәмина» лақабын да жиі қолдантын аталмыш аытордың XVI ғасырда өмір сүргені белгілі. Ақынға қатысты бірқатар деректерді жоғарыда аталған А.К.Боровковтың еңбегінен таба аламыз. Автордың «Самараттан» келтірген мәліметіне сүйенсек, Камалиддин Иқанидің тікелей шәкірті Саид Ахмад Шәмсатдин Өзгенидің рухани ұстазы болып табылады.[7.239 b] Ақынның Түркістан өғіріндегі Өзгентте, дүниеге келгені, астарлы мистикалық шығармалар жазып қалдырғаны осы еңбекте айтылады. Бәздің зерттеулерімізге ақынның «Бақырған кітабына» еңгізілген хикметтері арқау болып отыр. Кітаптағы 68-84,129,135-138-хикметтер соңында Шәмсатдин есімі келтірілген.
Йасауи заманынан төрт ғасыр кейін өмір сүргеніне қарамастан Шәмси аси туындыларына «Диуани хикметпен» көптеген ортақтықтар тән. Бұл бірінші кезекте сопылық ұғымдарға, тариқат үрдісіне тән қолданыстарға, сөздер мен сөз тіркестеріне қатысты Шәмсатдин хикметтеріндегі «жан бұлбұлы», «көңіл құсы», «жан көзі», «шауқ (құштарлық) оты» секілді ауыстырулар, «мұнда йыплап, анда (ақыретте) күлмек», «ажал илкі йақаң тұтты», «астанан йүзүм сүрүп», «ишқдан окурса мағна» тәрізді тұтас тіркестер, «атам», «анам», «ботам» сынды қаратпа сөздер, «қал ілімі», «хәл ілімі», «хақ зікірі», «батин нұры», « хауф уа рижа» сияқты сопылық ұғымдар Йасуиде де осы тұлғада қолданған. Бақырғанидікі тәрізді Шәмси Аси хикметтері де кейде Йасауи туындыларын жаңғырта жырлау тәрізді әсер қалдырады. Жалқы жанрды тұтас дәстүрге айналдыру үрдісі нәзирагөйлік әдісін айналып өтпейтінін, тіпті соны негіз етіп алуға алғышарттар даярлайтынын сөз болып отырған ақын шығармашылығы тағы бір дәлелдейді. Шәмсатдиннің «Бу халқаның ічіндә» хикметтен йасауидің «Еранлар сұхбатында», «Әй дәрушләр,келіңләр» секілді шығармаларының пафосы сезілсе «Йалғыз лахытта неткәймән?», « Мен аси не қылғайман?» хикметтері қстаз ақынның «Не қылғаймын, құдая?» атты туындысының әсерімен жазылған. Шәмси Аси сондай-ақ өз хикметтрінде арабша аят-хадистерді қолдануда да йасауи стилін қайталайды.
Хикмет үрдісін жалғастыра отырып, ақын өзіндік мәнер-машығын да қалыптастыра білген. «Йад бахригә чомсам», «ишқ чакмағын чакарлар», «шауқ атыны қамчылар», «тәуба сыу, нәдамат сабына бірлән тіл-аығзны мың йыл йумақ», «жанда жаның болмаса, жисми жаныңды ни суд» секілді бұрын-соңды ешбір аұын шығармашылығында кездеспеген тосын әрі ұтымды қолданыстар аталмыш жанрдағы кқркемдік стильдік ізденістердің арта түскенін аңғартады.
Махаббатны айы бар,
Мағрифатны пайы бар,
Ишқны һай-һайы бар,
Бу халқаның ічіндә,[3.86 b]-деген жолдар Шәмси асидің өзіне ғана тән ақындық
әлемнің көркем кестелері болып табылады.
Автордың белсенді сөздік қорында «арығ», «умған», «қамуғ», «уған» секілді түркілік түбірлер де біршама сақталған. Ал араб парсы сөздері Шәмси аси хикметтерінде Йасауиге қарағанда анағұрлым жиі қолданылған. Мұнда ислам мәдениетінің заман озған сайын күшейе түскен ыұпалмен қатар өз кезегінде түркі-исламмәденитеінің әсерлесу жемісі болып табылатын, сол тұста Орта Азияда қанатын жая бастаған Науаи поэтикалық мектебінің де әсері бар болса керек. Йасауи поэзиясында түркілік баламаларымен берілетін бірқатар ұғымдар Шәмсиде таза арабтық немесе парсылық тұлғасында қолданылған («тасарруф», «чикәстә», «ни суд», «рәтхәимағна», «мағнаи-дағуа», «зикри калб», «зикри рабб», «уәләкин», т.б.).
Өлең құрылысы жөнінен де ақында дәстүршілдік пен жаңашылдықтың айқын белгілері байқалады. Автор 7 және 8 буындыөлшемдерді белсенді қолданған, олар негізінен дәстүрлі хикмет ұйқасына (абаб вввб гггб) құрылған. Кей тұста ақын осы екі өлшемді аралас пайдаланады, мұндайда көбіне соңғы редиф-тармақтың буын саны өзгеше болып келеді.
Вужудым суст тұтып йетсәм,
Ажал шәрбәтіні ічсәм,
Бу жанымдын үмід үзсәм,
Асан қылғыл, йа Аллаһ! [3.103 b]
Дей тұрғанмен, көне түркі өлеңдерінде де кездесетін бұл қағида Шәмси хикметтерінде қатаң қадағаланбаған: кей тұста буын саны ішкі тармақтарда да ауытқып тұрады. Мұның өзі көзбен емес, құлақпен қабылдауға негізделген, әуен арқылы реттелуге бейім силлабикалық созымдылықтың ғана емес, аруз өлшемі бедел алып, буындық жүйенің үлес салмағы кеми бастаған кезеңдегі әдеби үдерістердің де заңды нәтижесі деуге болады.
Шәмси өлеңдерінде Йасауидегі дәстүрлі 12 буынды өлшем мүлде кездеспейді. Бұл құбылысты да жоғарыдағы аруз белсенділігінің артуына қатысты тұжырымдармен түсіндіруге болады. «Бақырған кітабындағы» Шәмсатдиннің 70-хикметі 14 буынды қостармақ түрінде берілгенімен, ішкі ұйқасының толығымен сақталуынан хикметтің абаб вввб гггб ұйқасына құрылған 7 буынды төрттік өлең екенін ажыратуға болады. Ал 74-хикмет дәл осы ұйқасты негізіне алған 14-15 буынды өлшеммен жазылған. Дәлірек айтқатқанда алдыңғы үш тармақ 14 буынды, ал редиф-ұйқасқа құрылған соңғы тармақ 15 буынды болып келеді. Бұл – Шәмсидің өлең құрылысындағы өзіндік жаңалығы.
Ақынның Мұхаммед пайғамбар мен Хазіреті Фатимаға арнаған (Боровковтағы атауы – «Вафат-нама-и хазрат Биби Фатима») қос қиссасы [3.157 b] сырт көрінісінде 15 буынды құрылымды сақтағанмен, ішкі бунақ ырғағының тұрақсыздығы аруз өлшеміне негізделгенін байқатады. Ал «Мустафадын муждісі...» қиссасы [3.161 b] 7 буынды хикмет ұйқасымен жазылған. «Міскін адам башыға...» деп басталатын қиссада[8.166 b] (Бороковта «Кабурнама» атымен берілген) дәстүрлі хикмет ұйқасымен қатар қара өлең ұйқасы белсенді қоладанылған. Мәтінді баспаға даярлаушылардың қисссаны 8 тармақты түйдектерге топтастырған әрекетін құптау қиын: тым шарттф мұндай бөлініс мәтінде сақталудан гөрі бұзылуға бейім. Аруза негізделген Шәмси қиссалары бірыңғай баяндауға құрылған, көркемдік деңгейі жеке хикметтерінен әлдеқайда төмен, қарапайымдылықтан гөрі қарабайырлық басым. Күрделі құрылым ақынға қолбайлау болған тәрізді. Ұйқас солғындығын туындатқан аруздың кері әсері біршама байқалады. Ал буындық өлшеммен жазылған қос қисса анағұрлым жатық, автордың эпикалық құлашын аңдата алатындай әсерлі шыққан. Мазмұндық тұрғыдан Шәмси қиссалары пайғамбар мен оның әулетінің өнегелі өмірін, пәни дүниенің баянсыздығын, көр азабы мен қиямет күнінің оқиғаларын сипаттайтын дәстүрлі сопылық эпостар сарынында жазылған. Айта кету керек, «Диуани хикметте» Йасауи атымен берілетін «Мухаммадны білің заты араб-дүр» деп басталатын хикмет өзінің тілі, белсенді сөздік қоры, сөз қолдану мәнері тұрғысынан Шәмси Аси туындыларын еске салады. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, аталмыш хикмет мәтінінде «Кәминә» лақабының кездесуі де оның авторлылығының Шәмсатдинге тиесілі болуы мүмкін екендігін пайымдауға негіз бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |