Жүсіп Байдауи. «Диуани хикметтің» көптеген нұсқаларында Хорасан өлкесінің атақты машайығы Баба Мәшіннің басынан өткен хикая баяндалатын шағын көлемді хикмет-дастан кездеседі. Барлық нұсқа соңында дастан авторы ретінде Жүсіп Байдауидің есімі келтіріледі. Хикаяның қысқаша мазмұны төмендегідей: төрт жүз жыл жасап, талай мүридті кемелдікке жеткізген Хорасан әулиесі Баба Мәшін бір күні Түркістан өңірінде Ахмет атты бір шайхтың пайда болғанын, оның алқа зікір мәжілісіне ерлер мен әйелдердің бірге қатысатын естиді. Мұндай «жүгенсіздікке» тыйым салмақ болған Баба Мәшін дереу жолға шығып, Түркістанға жетеді. «Халайықты азғырып жүрген сенбісің?» деген Хорасан піріне Қожа Ахмет: «Ия, сол күнәһар менмін» деп жауап береді де, мүридтері Хакім Қожа Сүлеймен мен Сопы Мухамед Данышпанға Баба Мәшінді екі-ақ адам байлап тастап, дүрелей бастайды. Бес жүз деген дүреге сыр бермеген Хорасан пірі арттық соғылған бір дүреге жан дауысы шығып, зарлап қоя береді. Жұрт таңғалып, мұның мәнісін сұрағанда Қожа Ахмет. «Мұнда келгенде арқасына дйю-пері орнап алған еді, бес жүз қамшы соларға тиді. Бес жүз реттен кейін «Енді ұрмайды» деп дйю-пері кетіп қалған еді, соңғы қамшы Баба Мәшіннің өзіне тиді» деп жауап береді. Қожа Ахметтің әулиелігін мойындаған Баба Мәшін зар еңіреп кешірім сұрап, оған қол тапсырып, мүрид болады. Пірімен бірге үш рет қылуетке кіріп, кемелдікке жетеді. «Мұрат мақсатқа жетпек пірден болар» деп түйіндеген автор хикаяны былай деп аяқтайды:
Иад еталик Құл Қожа Ахмет әулияны,
Мүридлары Баба Мәшін ол сұлтанны.
Қоллағай муасы Иусуп Бейдауаны
Назым айладым бухикаят білің достар.[5.324b]
Осы шумақтың үшінші тармағында келтірілген тахауысты араб әріпті түп нұсқа мәтін ішінде «Жүсіп Бейдауа» деп те, «Жүсіп Байдауи» деп те оқуға болады. «Байдауи» нұсқасын дұрыс деп тапсақ, хикмет авторын Йассауидің туған қаласы – Саурамнан екенін болжауға болады. (Орта ғасырларда Сайрам қаласы «Мәдинат әл-Байда» - «Ақ шаһар» деп аталған). Йассауи дәуіріне дейін Сайрамда өмір сүрген Жүсіп Байдауи атты дін ғұламасының есімі тарихқа мәлім. Дегенмен Йассауимен замандас немесе одан кейін дүниеге келіп, хикмет дәстүрімен жырлаған осы аттас ақын болғаны жөнінде әзірге мәлімет жоқ.
Йассауиге қатысты аңыз әңгімелерде шайхтың Жүсіп атты рухани кемелдікке жеткен шәкіртті болғаны айтылады. Бір аңызда Йассауидің ұстазы Хамаданидің ұлдары келе жатқанда қарсы алуға шыққан Жүсіп өзінің кереметімен дария суын қақ жарып, қонақтарға жол ашып береді. Су ішіндегі жолмен өтуге жолаушылар жүрексінгенсоң Жүсіп дария суын орамалына түйіп алып, оларды өткізіп жібереді де, суды қайта орнына төгіп қоя береді. Бұл кереметті көрген Йассауи шәкіртіне сүйсініп: «сені енді «Жүсіп» деп емес, «Ғашық Жүсіп» деп шақыратын болсын» деген екен. Сонда ғашық отының жалынынан Жүсіп бір сәтте қап қара болып күйіп кеткен деседі. Құл Шарифтің «Хубби Хожа қисасында» өз ұлының дәрежесін қабылдамай, ажалына себеп болған Құл Сүлейменге шайхы Ахмет Йассауи бұйырған жазаны Ғашық Жүсіп орындайды. Демек, жасы жөнінен ол Сүлеймен Бақырғалимен шамалас немесе ересектеу болса керек. Жүсіптің өлең жазғаны туралы ешбір мәлімет жоқ. Сондықтан Баба Мәшін хикаясы жайлы Хикметтің оған тиесілі екенін дәлелдеу қиындау. «Хикаятта білің мұндағ келтүрділәр» деп басталатын хикмет мазмұнына сүйенсек автор өзі көзбен көрген оқиғаны емес, аузы екі айтылудан естіген әңгімені жырға қосқан болып шығады. Бұл оқиға тұсында Жүсіптің әлі Йассауиге мүрит болып үлгермеуі, хикаядан кейінірек хабардар болып жырға қосуыда мүмкін. Ал С.Сапабекұлы жазып қалдырған аңызда Баба Мәшінге дүре соғушыны Мырза Жүсіп деп көрсетіп, екінші бір тұста оны «ғашық Жүсіп Бадауи» деп атайды.[6.130 b] Мырза Жүсіптің «Самал ата» атанған мүриді туралы да осы жазбада дерек келтіріледі.
«Баба Мәшін хикаясы» авторының тегін жоғарыдағы екінші нұсқа бойынша «Бейдауа» деп қабылдасақ, бұл да сопылық ұғымнан алшақ кетпейді. «Ғариб» («ғаріп»), «Мискин» («міскін»), «Фақири» («пақыр»), «Гидаи» («кедей»), Хазини («қайғылы») деген лақаптарды иенленген басқа да сопылар секілді, Аллаға деген дауасыз ғашықтық дертіне ұшыраған ақын «Бейдауа» есімін арнайы таңдаған болуы мүмкін. Сондықтан «Ғашық» атанған Жүсіптің «Бейдауа» лақабымен танылуы да қисынға келеді (Ғашық Жүсіптің қабірі Түркістан қаласына жақын орналасқан Иқан аулында).
Сөз қолдану мәнерінің, бейнелеу құралдарының Йасауи стиліне жақындығы, көлемінің шағындығы, мазмұны мен пішінінің қарапайымдығы, «Диуани хикметке» тән 12 буынды қалыптан ауытқымауы секілді ерекшелітер жоғарыда аталған Жүсіп атымен берілетін хикметтің Йасауи дәуіріне жақын кезеңде дүниеге келгенде аңғартады. Жүсіп Байдауиге (немесе «Байдауа») телінетін сөзге ешбір туындының сақталмауы да аталған хикметті жанрдың алғаш қалыптаса бастған көнерек кезеңіне тән деп санауға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |