Атомдық радиустар период бойымен солдан оңға қарай кішірейеді және топ бойымен жоғарыдан төмен қарай артады. Бұл ядро зарядының өсуімен, оған сәйкестікте ядроға электронның кулондық тартылу күшінің өсуімен байланысты түсіндіріледі, ал ол өз кезегінде электрондардың өзара тебілу күшінен басымдау келеді. Нәтижеде электрондық қауыздар сығылады. Иондану энергиясы сілтілік металдар үшін ең кіші (минималды) мәнде болады, ал сонан соң период бойымен оңға қарай өседі де асыл газдарда ең үлкен (максималды) мәнге жетеді (бұл ядро зарядының өсуінен туындайды); иондану энергиясы топ бойымен жоғарыдан төмен қарай азаяды (бұл атом радиусының кішіреюі есебінен жүреді). Иондану энергиясы элементтердің химиялық қасиеттерімен байланысқан: иондану энергиясы кіші болған сайын, элементтердің металдық қасиеті айқындау көрінеді және де керісінше. Электронға ынтықтылық (тартқыштық) берілген период атомының сыртқы деңгейіндегі электрон санының артуымен өседі және берілген топ немесе топша шеңберінде атом радиусының өсуімен кішірейеді. Элементтердің электртерістілігі период бойымен солдан оңға қарай өседі де галогендерде максимумге жетеді. Сонан соң ол асыл газға ауысқан тұста нөлге дейін бірден (тез) төмендейді; әрбір топ бойымен жоғарыдан төмен қарай электртерістілік азаяды. Салыстырмалы электртерістілік неғұрлым үлкен болған сайын, соғұрлым элемент күштірек бейметалдық қасиет көрсетеді. Металдық қасиет-электрондарды беру қабілеттілігі. Бейметалдық қасиет-электрондарды қабылдау қабілеттілігі.
Периодтық заңның маңызы
Периодтық заң — табиғат заңдарының бірі және химияның аса маңызды заңы. Химия ғылымының қазіргі кезеңдегі дамуы осы заңның ашылуынан басталады. Н.Д.Зелинский атап көрсеткендей, периодтық заң «дүниедегі барлық атомдардың өзара байланысының ашылуы» болды. Бұл заң күллі жаратылыстану ғылымдарының (физиканың, биологияның және т.б.) дамуында маңызды рөл атқарады.
Периодтық заңның философиялық мәні бар — ол табиғаттың барынша жалпы заңдарын орнықтырады. Д.И.Менделеевтің ашқан жаңалығының мәнін бағалаған Ф.Энгельс былай деп жазды: «Менделеев табиғаттың санның сапаға ауысу заңын қолданып... белгісіз планета Нептунның орбитасын есептеп тапқан Леверье жаңалығымен қатар қоюға болатын ғылыми ерлік жасады».
Қазіргі кездегі химия ғылымы мен өнеркәсібінің маңызды міндетін шешу негізінде периодтық заң және периодтық жүйе тұрады: жаңа полимерлер мен жартылай өткізгіш материалдарды, берілген қасиеті бар заттарды алуға арналған жұмыстар, ядролық энергияны пайдалануға, Жер қойнауын зерттеуге арналған ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Периодтық заң мен периодтық жүйенің педагогикалық мәнділігі аса үлкен, өйткені ол – орта және жоғары мектептегі химияны оқыту кезіндегі таптырмастай ғылыми-әдістемелік құрал.
Достарыңызбен бөлісу: |