Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)



бет8/11
Дата23.10.2016
өлшемі1,89 Mb.
#50
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Мұзафар Әлімбаев



Тұрсынбек Кәкішев,

филология ғылымдарының докторы,

профессор
ӘДЕБИЕТТАНУҒА ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС
Қазақ мәдениетіне Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сабыр Шарипов, Құдайберген Жұбанов, Ғаббас Тоқжанов, Жұмат Шанин, т.б. қайраткерлердің қайтып оралуы зор қуаныш болды. Мәдени дамуымыздың келелі мәселелерін сөз еткенде бұлардың тікелей араласуымен болған көп құбылыстарды кейде жаба тоқып, кейде желе-жортып, кейде тарихи шындыққа қиянат жасап өте шығатынымыз келмеске кетті. Қазір әрбір қайраткердің тарихи ісіне әділ баға беріп, жасаған қате кемшіліктеріне еш бір жеңілдік жасамай пікір айта аламыз. Мұның өзі қоғамдық ғылымдарға кең жол ашып, олардың өркендеуіне әлден-ақ игі ықпалын тигізіп отыр.

Осыны әдебиеттануға жақындата айтсақ, Е. Ысмайловтың «Ақындарын», М. Қаратаевтың «Рожденная Октябрем», Т. Нұртазин, А. Нұрқатов, Т. Ахтанов, С. Қирабаев, С. Сейітовтің монографиялық және әдеби очерктерімен, «Қазақ әдебиетінің кейбір мәселелері», «Русские о казахской литературе», «Сборник статьей о казахской литературе», «Қазақ совет әдебиетінің мәселелері» деген жинақтармен, Қ. Жұмалиевтің таяуда ғана басылып шыққан «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» деген зерттеуімен салаланып, коллективтік еңбек – «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркімен» толысып, республикада сын және зерттеушілік ой-пікірдің жаңа қарқынмен өрістей түскендігін көріп отырмыз. Міне осыларға Б. Кенжебаевтың «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» деген көлемді еңбегі құнды үлес болып қосылды. Аз ғана жылдың ішінде осыншама көлемді де күрделі еңбектердің тууы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ескі мұраларды творчестволық жолмен игеру жайындағы 1957 жылғы арнаулы қаулысына жауап бере бастаудың алғашқы сәтті қадамдары деп танимыз.

Б. Кенжебаевтың бұл еңбегі қазақ әдебиеті тарихындағы ең бір қиын, дау-дамайы көп, талай қайшы пікірлер айтылған кезеңді сөз етеді де, көркемдік дамудың даңғыл бағытына түскен, оны Абайдан кейін жанрлық, идеялық, тақырыптық жағынан да, өнерлік жағынан да ілгері өркендеткен ағартушы-демократ ақын-жазушылардың творчествосын кең көлемде зерттеген.

Бұл күрделі еңбекке пікір айтпас бұрын, алдымен зерттеушінің методологиялық принципін ажыратып алу шарт, өйткені ол кейінгі әңгімелердің бәріне арқау болмақ. Бізде бір ғана методология бар, Кенжебаев еңбір дұрысын, еңбір қолайлысын жүзеге асырған, яғни зерттеудің шолу-портреттік (обзорно-портретный) принципін қолданған. Ал егер бірыңғай шолу, не бірыңғай портреттік принципті басшылыққа алса, онда «жер ортасы көк төбеде» қалып қою қаупі көп еді. Неге? Егер шолу принципіне ден қойса, онда ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ақын-жазушыларын түгелдей сөз етіп, айтары да, ойы да бір тиянаққа келе алмай шашырап кетер еді. Өйткені бұл кезең - әдебиеттің басқа кезеңіндей емес, дауы мол, пікір тиянағы кем, әркім әртүрлі көзқарасты ұстап жүргендіктен, нақтылықты талап ететін кезең. Осы дәуір жайында қазақ әдебиетшілерінің негізгі тұжырымдары тұрақталған, бір арнаға құйылған шақта шолу принципін қолдануға болар еді.

Бұған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ілгеріректе жазылған орыс және украин әдебиеттері тарихы очерктерінің сәтсіздікке ұшырауының ең басты себебі – осы шолу принципін басшылыққа алғандығында болатын. Әдебиеттердің жалпы көркемдік дамуын айқындаймыз деген игі талап, кейбір ақын-жазушыларды былай қойғанда, Горький мен Маяковскийдің, Шолохов пен Фадеевтің өрен тұлғасын, сондай-ақ М. Бажан мен М. Рыльский, А. Корнейчуктардың творчестволық бетін «жоғалтып» алуға апарып соқтырған-ды. Көптің ішінен бұлардың бойы көрінбеген соң, олардың әдебиетке не әкеп, не қосқаны мүлде күңгірт қалды. Тегінде, қоғамдық саланың еңбір қуатты саласына – көркем әдебиет пен оынң творчестволық өкілдеріне – шолу принципін шамалап, қажетті ғана жағдайда, пайдаланған дұрыс сияқты. Ал ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін зерттеу үшін бұл принцип тиімді емес, өйткені демократ-ағартушылармен қатар, әлі де зерттеуді өте қажет ететін кітаби ақындар, сондай-ақ, қазақ ауыз әдебиетінің проблемалары, тіпті керек десеңіз, атаусыз қалып келе жатқан көптеген ақын-жазушылар бар.

Ал енді Б.Кенжебаев өзінің осы зерттеуінде портреттік принципті басшылыққа алса, онда әдеттегі хрестоматиядан асып кете алмай, әрбір ақын-жазушыға аннотация, түсіндірме берумен тынып, пікір қайталаушылыққа ұрынар еді. Мұның кейбір элементтері осы кітаптан да бой көрсетіп қалғанын аңғарту қиындыққа түспейді.

Міне осыларды еске алғанда, Кенжебаевтың қолданған шолу-портреттік принципі өз нәтижесін беріп, кітаптың құнды, бағалы болуына үлкен септігін тигізді.

Дұрыс методологиялық принциптің шешуші роль атқаратындығын ескергенде, оны жүзеге асыратын жазу тәсілдеріне тоқтала кетпеске болмайды. Көңілдегі көрікті ойдың сыртқа шыққанда өңі қашатын болса, онда методологиялық принциптің дұрыстығынан не пайда!? Сыншы мен әдебиет зерттеушісі де, ақын, жазушы сияқты, көркемдік шеберлікке ие болуға міндетті. Бірақ ол шеберлік - әрқилы. Жазушы бейнелеу, сөзді қастерлеу арқылы мақсатына жетсе, сыншы мен зерттеуші көркем баяндаудың үстіне талдау, анализ жасау қасиетімен ғана қадірлі болмақ. Осы тұрғыдан қарағанда, біздің сыншы, зерттеушілерімізден үш түрлі ерекшелікті байқауға болады. Мысалы, Мұхаметжан Қаратаевта публицистикалық леп басым болса, шығарманың социологиялық және эстетикалық жағын тең ұстап, талдау жасау үлгісі Есмағамбет Ысмайыловта қатаң сақталады. Талай уақыттан бері өзіндік жазу мәнерінен айнымай келе жатқан Кенжебаевтан педагогикалық талдау жасау тәсілінің айқындала түскендігін көреміз.

Соңғы тәсілдің ұтымды жағы басымдау болғанымен де, сәтсіздікке апарып соғатын бірқыдыру қиындықтары да бар. Педагогикалық сипаты басымырақ осы талдау тәсілі өзінің насихаттамақ пікірін оқушылар мен шәкірттерге қалтқысыз жеткізеді, айтары анық, тұжырымы сенімді, ақиқат шындығы басым болып келеді. Осыны әбден игерген уақытта ғана көркем шығарманың мән-маңызын айтып қана қоймай, оған эстетикалық талдау жасауға, тарихи шындық пен көркемдік шындықтың ара салмағын ажыратып отыруға, аннотациялық, рецензиялық дәрежеде қалып қоймауға, ежелеп кетпей, мәндіні, сипаттыны айтуға мүмкіндік туады. Кенжебаев негізінен осы тәсілдің ұтымды жағын қатаң сақтап отырса да, аратұра шалыс басып алатын жерлері де кездеседі. Оның мысалын кітаптың бірінші және жетінші тарауларынан да, жеке творчестволық портреттерден де көруге болады.

Бұл зерттеудің өнегелі жақтары да бар. Қазақ әдебиеттану ғылымында тарихи фактыларға жүгіну, олардың әрбір дәуірде болған әдеби-мәдени оқиғаларға жанастыру, сөйтіп, дамудың белгілі бір процесін айқындап алуға онша көп мән беріліп келді деу қиын. Архив материалдарын барынша сұрыптап пайдалану, оларды ғылымға әкеп қосу жағынан Кенжебаев тек жас зерттеушілерге ғана емес, егде сыншы-зерттеушілеріміздің біразына үлгі көрсете алды. Шын ғылым, әділетті баға, айқын тұжырым тек тарихи шындықты жетік білгенге ғана туады. Бұл зерттеушінің еңбегін құнды етеді, екіұшты пікір айтуға орын қалдырмай, сонсоң сол кітаптың пайдалылығын, өнегелілігін (позновательный) күшейте түседі. Кейбір қажетсіз қайталаушылықтың, бір цитатты екі-үш рет келтірудің кездесетіндігіне қарамастан Кенжебаевтың бұл зерттеуі жаңа, тың материалдарға айтар ойы мен қорытар пікірі айқын да нақты.

Әдебиеттану – көбіне пікір таласымен қанаттанатын, біреудің көрмегенін біреу көретін, біреу аңғармағанды біреу аңғаратын, біреу айтқанға екінші біреу қарсы шығатын, айқыш-ұйқыш ой топшылауы болып жататын ғылым. Сондықтан да менің айтқаным ғана дұрыс, заңды деп ойламай, әр кезде әр адам айтқан пікірлерді не қолдай, не сынай, әлде қорытындылай отырып, өзінің жасаған түйінін дәлелдеп айтуы шарт. Кенжебаев әдебиеттің осы кезеңіне байланысты айтылған пікірлерді кімнің аузынан шыққанына қарамастан, біршама келтіріп отырған да, оған өз көзқарасын білдіруден тартынбаған. Алайда кейбір даулы, ұшты пікірлерді сипай қамшылап кететін жері же жоқ емес. Архив материалдарын көп зерттеген ғалымның жалтақсыз, батыл пікірлер айтуына әбден болар еді.

Әдебиеттану ғылымына үлес боп қосыларлық мәселелерге келгенде, ең алдымен, бұл монографияның бірінші тарауында айтылған дұрыс пікірлерді, сондай-ақ даулы пікірлерді айтып өтпеске болмайды. Бұл тараудың құндылығы – ХХ ғасырдың басындағы әдеби атмосфераны қоғамдық-әлеуметтік даму мәселелерімен байланыстыра талдап, әрқашанда бір ұлтта екі түрлі мәдениеттің болатындығы жөніндегі қағиданы нақты материалдармен көрсете білгендігі деп ашық айту керек. Біз ғалымның бұл пікірін еске алуды ұмытпағанымызбен де, оның мәнін нақты ашып көрсете алмай, зерттеу ісінде басшылыққа дәйекті түрде ала алмай келе жатқанымызды жасыруға болмайды.

Төркөлогларының һәммәсе қазақларны иске төрекләрнең иң нық сақланған жире диләр. Бу көнге қазақ халқы үзенең көн көреше, хәят ихтияжлары белән башқа қабиләләрдән бик нық аерылалар. Бу халықның рухында бик куәтле бар. Боларның халық әдәбияты һичбер төрле қабиләнекенә охшамас дәрәжәде бай һәм зурдыр. Бізгә қазақларны “татар теле вә татар әдәбияты” астына керту хыялынан биггеряк, әдәби хәзинәмезне баету өчен қазақ халқы әдәбиятын киң рәвештә өйрәну тиешледер:

Қазақны “татар әдәбияты” белән канәгатьләндеру фикере – тик ул халықны вә тарихи ағымны белмәудән киләдер.

Қазақ әдәбияты инде булған бер факт. Бөтен қазақ сахрасына әдәби азық булып килген үлең вә жырлар, безнең хәзерге шагирьләремезден күп элек яшеп, киң далада авазы яңғыраған Ибраһим Күнанбайлар, суңғы Сәедуллинлар... “Казахстан”, “Қазақ”, “Айқаплар”, қазақ мәктәпләренә кереп, тамыр жәеп барған “уку қораллары”- гомумән казак телендә баш күтәргән әдәбият хәзер инкар итәргә мөмкин булмаған бір фактыдыр» (“Аң” журналы, 1916 жыл, № 5).

Молда-қожалардан шыққан “ақынсымақтардың”, қиссашылардың, тіпті кітәби ақындардың Қазан, Уфада бастырған кітаптарында қазақ тілінің бұрмалануын айқын көрген Ибраһимов “Казаклар да біразгача татар әдәбиятына вә татар мәдәниятына шәкерт булырлар. Бөтен қазақ зыялысын татарлаштарыңыз, оларны татарча язәрға күндереңез – бу бәлки мөмкинде булыр. Ләкин бу хәл озаққа бара алмас. Ләкин бара торгач олар үзләренең мөмтаз рухлары белән парлап мәйданға чығычкалар. Моны һичбер куәт туктата алмачак” (бұ да “Аң” журналының әлгі санынан) деп қорқытқан еді.

Әрине, бұл ұзақ үзіндіні келтіргенде, біз екі процесті аңғарту мақсатын көздедік. Қазақ тілі мен әдебиетінің тек ықпал ету объектісі болып қана қалмай, әлгіндей кезеңде, яғни татар тіліне бағындыру ниеті күшейіп тұрған кезеңде, Әкірам Ғалимовты өзінің қуатты арнасына тартқандығы ойландыратын құбылыс. Бұндай құбылыс біздің әдебиетте бұрын кездеспеген еді деуге болмайды. Қызылбастан шыққан ірі реалист ақын Шортанбайдың «әкесі қазақ, шешесі башқұрт әйелі, өзі татар арасында тәрбиеленген» (Кенжебаев кітабының 42-беті), Башқұртстанда туып, сонда өлген Ақмолда (Мұхтахиддин) Мұхамедияровтың қазақ әдебиетінің өкілдері болып кетуінде заңдылық бар. Ал бұл сияқты құбылыс совет тұсында Сабыр Шарипов сияқты ірі тұлғалы жазушымен толыса түскендігін көрмеске де болмайды. Олай болса, ықпалдар, әсер ету мәселелерін шама-шарқына қарай әділетті шешкен жөн. Өйткені, Б.Кенжебаевтың осы зерттеуінде артық айтылған, орынсыз тықпалай бергендіктен мәні қашыңқыраған бір пікір бар. Ол- классикалық орыс әдебиеті мен озық мәдениетінің қазақ әдебиетіне жасаған игілікті әсеріне байланысты пікір. Қисыны жоқ жерден ықпал іздеу не соған тәуелдей салу өнегелі мәдениетке де, одан үлгі алған әдебиетке де аброй әпермесе керек. Сондықтан да автордың... «Дала уалаяты» газеті таза қазақ тілінде кітап бастыруды, газеттің тілін қазақша етуді бірталай сөз қылды. Ол осыған байланысты қазақтың әдеби тілі, емлесі, тыныс белгілері жөнінде де мәселе қозғады. Мұнысы орынды, игі іс еді. Бірақ газет бұл жөнінде, үлгі-өнегені орыс халқынан емес, шығыс, мұсылман жұрттарынан-арабтан, татардан алғысы келді. Діні, тілі мұсылманшылық ғұрып-әдеттері, жазуы бір болғандықтан, солардың үлгісі қазаққа түсінікті, қолайлы болады деп қателесті» (25-бет) деген пікірі ақылға қонбайды. Өйткені, жасанды. Бүйте берсек, ұлы орыс мәдениетінің қуатты күші тарихи шындықта болып, мәдениетімізді өркендетуге орасан зор ықпалын тигізген факторларды майда-шүйделердің арасында жоғалтып, қадірін түсіріп аламыз. Бұл екі объектіге де пайдасын тигізбейді.

Сөзіміздің аяғында, жалпы қазақ әдебиетінің, әсіресе ХХ ғасырдың басындағы әдебиетіміздің архивтік, документальдық негізі жайында тоқталу қажет деп білеміз. Қазақ совет әдебиетінің сынымен бірге жасасып, оның тууына белсене ат салысқан, әр кезеңде өзінің түйінді пікірін айтып келе жатқан Бейсенбай Кенжебаев жолдас осындай құнды еңбектің документальдық, архивтік материалдарын ширек ғасырдан аспаса, кем түспейтін уақыт ішінде жинап, бағалы да қомақты шығарма беріп отыр. Піскен асты жеуші де көп, біткен іске сыншы да көп. Манадан бері артық-кемді айтқан пікіріміз - кітаптың мінсіз болуы жайындағы игі тілек, қазақ әдебиетінің шығар тауының биік болуы.

«Лұқпан Кәкім де мың жасамаған» ғой. Уақыт қиядан қияға асуда, ертегі шынға айналуда. Бірақ біздің қазақ әдебиетінде мемуарлық жанр тек Сәбит Мұқановтың ғана еншісіне тигендей. Орыс әдебиетінің болсын, зерттеушілерінің болсын, естелікті ерекше қадірлеу қасиеті бізге де даруы керек, өйткені архив түгіл ескі газет- журналды оңайлықпен таба бермейміз. Кенжебаев осы зерттеуінде іліп алуға келетін материалдардың бірін де тастамаған десек, ағат айтпаспыз, тіпті қала берді ауызекі сөзден алынған дүниелер де бар. С.Көбеевтың «Орындалған арманында» автор еркін жүзгенін, ал М.Әуезовтің Сұлтанмахмұт пен Сәбит Дөнентаев жөнінде айтқан ауызекі пікірінде кібіртіктеп қалатындығын байқаймыз. Бүкілодаққа, қала берді дүние жүзіне танылып отырған қазақ әдебиетінің байырғы және кейінгі буынғы солдаттары мемуар жанрына көз қырын салатын уақыты болғандай. Бұл - тарихқа үлкен септігін тигізсе, екінші жағынан, мәдениеттен кенде еместігімізді аңғартар еді. Бұл - үгіт емес, әдебиетіміздің тарихына ауадай боп отырған қажеттілік.

Мәселенің мәнді жағы тіпті кітап болып жарық көруге ғана тірелмейді, ал бола қалса, нұр үстіне нұр ғой. Біз С.Көбеевтің «Орындалған арманының» шығуына тікелей араласпағанмен, хабарсыз да емеспіз. Ол - бастапқы вариантынан көп жөнделген, жаңа редакциямен шыққан кітап, оның шын мән-жайын сол кезде баспада қызмет еткен жолдастар жақсы біледі. Түпнұсқасын тауып алу әлі кеш емес, қиындыққа да түспейді. Әдебиет музейі құрылғанша, Жазушылар одағының архивін қазіргі хаостық күйден шығарып, ретке келтіріп, әдебиет тарихының кішкене болса шын қамқоршысына айналдыратын уақыт болды.

ХХ ғасырдың басындағы әдебиет өкілдері ғана емес, тіпті Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың өзі қазір тарихтың аумағында. Олай болса, Мұхтар Әуезов болсын, жоқ болмаса атағы әйгілі емес көпті көрген қарапайым адамдардың болсын естеліктерін жинастыру қажеттігі күн тәртібіне қойылып, шешімін күтіп тұрған мәселе.

Енді негізгі әңгімеміздің тұжырымдамасына оралсақ. Б. Кенжебаевтың «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» атты монографиялық еңбегі кейбір стилистикалық кемшіліктері мен тақырыптық талдауының көптігіне қарамастан, оқушылардың қазақ әдебиеті жөніндегі мағлұматын кеңейте түсетін, жоғарғы оқу орындарына көмекші оқу құралы есебінде жасқанбай ұсынатын, ал зерттеушілерге үлкен проблемаларды қолға алуға түрткі салатын, өнеге беретін құнды еңбек, қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған зор үлес деп табамыз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет