Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)



бет5/11
Дата23.10.2016
өлшемі1,89 Mb.
#50
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

ІРІ ТҰЛҒА

Қазақ баспасөзінің тарихы, әдебиеттану ғылымының мән-жайы сөзге тиек болар сәтте алдымен ауызға алуға тиісті ірі тұлғалардың бірі ғұлама ғалым, байсалды, білімдар ұстаз, марқұм Бейсенбай Кенжебаевтың есімі көкейге оралады.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Кенжебаев аты барша қазаққа таныс. Көпірме сөз, лепірме теңеу, даңғаза мақтау Бейсекең сынды қаламгерлерге қажет емес. Тіпті, ондай арзан, жадағай желпірме, сөз жаны жайсаң, ізгі ниетті ғалымның рухына кірпияз тағатына қарама-қайшы. Дей тұрсақ та, қазақтың қаһарман перзенті, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқан мірдің оғындай пікірді тағы да айналып өте алмаймыз. “ Мені жұрт батыр дейді, халық құрметіне рахмет! Бірақ мен әдебиет майданының бір батырын білемін, мақтаныш тұтамын, - ол профессор Б.Кенжебаев. Ұлт әдебиеті тамырын сан ғасырға ілгерілеткеннен артық қандай батырлық керек!? Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге бар ғұмырын арнап келе жатқан ол нағыз қаһарман!”,- деп Б.Момышұлы сияқты кездейсоқ жүрдім - бардым лебіз айтпайтын абзал азаматтың аузынан шыққан кезде ойланбасқа әддіңіз жоқ. Қордалы ғалымның өмір өткелдері қайтарыла қарап, том-том арасына қайта-қайта үңілуге міндеттейді.

Б.Кенжебаев 1920 жылдан 1925 жылдың ортасына дейін іздену, оқу жолына беріледі: балалар үйінің жанындағы мектепте, Ташкент шаһарындағы облыстық мектепте, Москвадағы Күншығыс еңбекшілерінің университетінде ( КУТВ) білім алады. Кейінде М. Горький атындағы әдебиет институтында оқыды, Қазақ мемлекеттік университетін тамамдайды.

Б.Кенжебаев қаламгерлік жолын баспасөзден бастаған жан. Жаңа ғана ірге теуіп, қалыптаса бастаған қазақ баспасөзінің іргесі қаланып, бұғанасының бекуінде Бейсекеңнің төккен маңдай тері, сіңірген еңбегі айрықша.

1931 жылы “Лениншіл жас” газетінде жарияланған мақаласында бұл жайт тәптіштей баяндалған: “ 1921 жылы сәуірде комсомолға кірдім, 1923 жылдың басынан “Жас қайрат”, “Жас қазақ” журналы мен “Ақ жол” ,“Дархан” (өзбекше) газеттеріне хабар, мақала жаза бастадым. 1925 жылы Күншығыс университетін бітіріп келген соң, “Жас қайрат” газеті мен “Лениншіл жас” журналында жауапты редактордың орынбасары болдым. Бұл қызметте екі жылдай болып, 1928 жылдың басында “Еңбекші қазақ” басқармасына кірдім. Оның партия бөлімін басқардым. 1929 жылдың басынан 1930 жылдың қыркүйегіне дейін Павлодар округтік газетінің редакторы болып істедім, сол жылы “Еңбекші қазаққа” қайта келдім.

Ұстаздық Б.Кенжебаевтың үлкен өмір жолының мағыналы бір тармағы. Қазақ мемлекеттік университетінде қырық жылдан астам уақыт кафедра меңгерушісі, профессор қызметін атқарып, ғалым-сыншылардың, ой бағып, сөз аулап өсетін ақын-жазушылардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Егер де ғалымдар мен ақындарды білмекке құмарлық тудырады десек, шәкірттерінің бойына еңбекқорлық пен іздемпаздық дарытып өткен ғалым.

Ұстаз ұлағатының арқасында оншақты ғылым докторы және қырықтан астам ғылым кандидаттары бүгінгі әдебиеттану саласында ғалым ұстанған сара жолды жалғастыруда. Рымғали Нұрғалиев, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин, Алма Қыраубаева сынды шәкірттері қазақ әдебтеттану ғылымының көрнекті өкілдері.

Ғылымның сан-саласын қатар ұстап, сыбағалы үлес қосатын дара таланттар сирек ұшырысады. Бейсекең сол феномендердің қатарында. Ол- әрі әдебиетші, әрі тарихшы, әрі тілші еді. Әйтсе де, сұңғыла ғалымның әдебиет тарихшысы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегіне арнайы тоқталу шарт. Оның “Қазақ халқының жиырмысыншы ғасыр басындағы демократ ақын-жазушылар”, “Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиеті”, “Шындық және шеберлік”, “Қазақ әдебиеті тарихы мәселелері”, “Жылдар жемісі” монографиялары зерттеуші ампуласы мен зерттеу салмағын айқындайтын дүниелер.

Әдебиет тарихын халық тарихымен байланыстыра қарау, әдеби мұраны салыстыра талдау – Б.Кенжебаевтың ғылыми – зерттеу еңбектеріндегі басты принцип. Күні кеше ғана қазақ жазба әдебиетінің тарихы өткен ғасырдан басталады делінсе, қазірде жазба әдебиет тарихы - Y-YIII ғасырлардан басталады деген тұжырым әбден орнықты. Ғылымда “Қазақтың көне әдебиеті”, “Қазақтың ежелгі әдебиеті” деген ұғымдар қалыптасты. Бұл - зор жетістік.

Көне жазба ескерткіштердің ғылыми, әдеби мәнін анықтау, хандық дәуірдегі әдебиеттің мұралық сипатын белгілеуден кейін әдебиет тарихының көкжиегі кеңи түсті, айқындала түсті. “Алдаспан” антологиясы, “Ежелгі әдебиет нұсқалары” хрестоматиясы, сондай-ақ профессор Б.Кенжебаевтың басшылығымен көне дәуірдегі қазақ әдебиетінің оқулығы дүниеге келді. Бұл нәтижеге Бейсекеңнің табандылығы, қайсарлығы арқасында жеткеніміз анық.

Тауқыметі зор, бұралаңы мол ғылыми-творчестволық ізденістің тарам-тарам тараулары болғанымен, солардың баршасының басын біріктіретін алтын діңгек қажет қой. Демек, Б.Кенжебаев ізденісінің алтын діңгегі, керек десеңіз стихиясы ХХ ғасыр табалдырығын аттай бере “Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды” армандаған, қазақтың ұлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров мұрасы.

Әдеби мұраның шын мәніндегі бағасын беруге партократиялық режим қылбұғауын салып, қылқындырып тұрған уақытта не болмады дейсіз?! Сұлтанмахмұтты зерттегені үшін ғалым ұлтшыл да атанды, қызметтен де қуылды, қиянпұрыс қисық сын тоқпағын да жеді. Бірақ шыдап бақты. Егер қолымызда Сұлтанмахмұт мұрасы қос томдық қалпында жайнап тұрса, ғалым шеккен бейнеттің зейнетін де қабылдайық. Жас ғалым, сыншы Құлбек Ергөбековтің “Ойға алған, орындалмаған арманыңыз бар ма?” деген сауалына қарт профессор салмақты жауап қайтарыпты. Сұлтанмахмұт шығармаларының толық жиналмауы, эпистолярлық мұрасының жинақталып тұрып жоғалып кетуі, ақын шығармаларының басқа тілдерге аударылмауы ғалымның арылмас арманына айналуына кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге емес пе?!

Бейсекең көп жасаған, мол мұра қалдырған адам. Алла тағала несібе еткен қазан айының төртінші жұлдызында жүз жасқа толар еді.

“Бәрін айт та бірін айт” демекші, зор өкініш, өмірінің мазмұны мен асыл арманына айналып кеткен өзекжарды ойларының ғұмырлық шындыққа ұласуын көре алмауы.

Біріншіден, қазақ тілінің биік мәртебесі, тазалығы, мөлдірлігі жан дүниесін құрсап, “он ойландырып, жүз толғандырғандығы” һәммаға әйгілі. Дербестігін алып, мемлекеттік статусты иеленген туған тілі көтерілген тұғыр қуанышқа кенелтер еді.

Екіншіден, Сұлтанмахмұт мұрасының тұтастай академиялық жинақ көлемінде тұңғыш рет жарық көруі, жүз жылдық мерейтойын бүкіл қазақ елінің тойлауы жанына қуаныш нұрын қояр еді.

Үшіншіден, тек қана өзіне тән сабырлықпен ақырын ғана атарын бізге сыбырлап айтатын Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы есімдерінің туған халқына қайта оралуы сағыныш алауын жағар еді.

Бейсекең жөнінде айтар сөз әлі де алда.

Ешкімді етегінен де тартпай, ешкімді кеудесінен де итермей,

«маған жол бер» - деп кимелемей, бірақ еш уақытта да тұтқан бағытынан айнымай, ойға алған ісін ойдағыдай тындырғанша жанына тағат таппай тынымсыз еңбек ете беру және бітірген ісіне әманда көңілі толмай олқысынып, өзін-өзі ылғи жаңа қиындықтарға бастай беру – шын ғұлама кісінің асыл қасиеті болса керек.

Біздің Бейсекең осындай ғалым еді. Артында мол мұрасы қалды.

Ғалымның әсіресе, қазақ әдебиетінің ежелгі дәуір үлгілері, ХХ ғасыр басындағы қазақ көркем сөз шеберлерінің тот баспас қазыналары жөнінде жазған зерттеулері айырықша бір төбе. Осы өрелі еңбектері Бейсекеңнің тұлғасын бүгін де бізге ерекше биіктетіп көрсетеді.
Нығмет Ғабдуллин

Бақытжан Майтанов,

филология ғылымдарының докторы,

профессор
ҒЫЛЫМИ МӘДЕНИЕТ
Әдебиет сыны мен ғылымының біртұтас қызметін өз творчествосымен дәлелдеген, идея мен шәкіртке бай, ержүрек, күрескер ғалымдардың бірі - Бейсенбай Кенжебаев.

Бейсенбай Кенжебаев қарастыратын әдебиет тарихы бүгінгі әдеби мұраттармен ұштасып жатады. Ол ғылымның, тарихтың поэзиясын тамсана толғауға құмар зерттеуші екенін әр кезде танытумен болды. Сондықтан ғалымның кейінгі еңбектерінің сүбелесі - «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелеріне» ынталы сезіммен көңіл қоймау мүмкін емес еді. Өнер де, ғылым да таным жолындағы ұланғайыр ізденістерімен көктемек. Бағыттан ауытқу, жаңылыс басу, адасу соны ақиқат шырағын жағумен ұштасып жатса, - қуаныш. Немкетті, тиіпқаштылықтан сақ адал еңбек, толассыз дамыған қабілет, сергектігін жоғалтпас жіті жерде - жемісті нәтижелердің бастауы. Көбіне шарттылыққа жүгінетін, болжам мен ойдың тағдырын уақыт талқысына тастайтын, кезінде дұрыс бойламдары өзгеріп – толығып отыратын әдебиеттану мен әдебиет сынында дауға соқпай өркендеу де болмайды. Ғылым қамын, өнер мүддесін көздеген адамда тартыс долдасынан жалтару, іркіліп қалу, сыңай бағу кездеспесе керек. Асықпай толғанып, алдамас деректерден әділ түйін шығарып, байыптай – саралай сөйлеу керек. Мұндай бағалы қасиетті бойына сіңірген Б. Кенжебаев ең бастысы - ғылыми принцип ұстайтын. Беттен қайту болмайтын, тек идеяға аққұла сену анық аңғарылатын, белгілі мәселеге айналып соғу, қайырыла келуден жалықпайтын. Жаңа факт, жаңа уәжді алдыға тосатын, шындыққа тіреу қоятын.

«Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» әр кезде, әр жинақ, газет – журналда жарық көрген құнды мақалаларды топтастырады. Бәрі де әдебиеттің толғақты сырларын ашып, жүзі бүркеу болған, тұмшаланған жәйттерге дем салып, тыныс берген, айтыс – талас тудырған дүниелер. Қашанда тыңнан өріс іздеп, ғасырлар сандығындағы көненің көзіндей өлмес мұраға жанашырлықпен қарау, оларды меңгеру, иемданудегі қиянат қадамдарға ара түсуде қайсар әрі табанды оқымыстының ғылыми нысананы дәл тауып, жан – жақты зерттеуі үшін қыруар қуатын сарп еткені түсінікті. Әдетте, батылдық анайылыққа ұласпайды. Жазу мәдениетінде кем соғары, асыра сілтері кездеспейтін сынық мінез үстем. Өнер атырабын жазып, ғылым көкжиегін кеңейту ниетіндегі ізгі әрекет, мол білім, аткөпір факт сенімділік береді. Жорамалға тізгін ұстатып, көз жұмып шоқырақтау жоқ. Профессор Б. Кенжебаев берік таянышы, ажырамас серігі - бұлтартпас нақтылыққа архив материалдарына тапжылмай отырып үңіліп, күмәнсіз айғақтарға бой ұсыну арқылы жеткен.

Ол ұзақ замандар керуеніндей созылған қазақ әдебиетінің қадау – қадау үлгілерін бір жүйеге салады, тарихи сабақтастық тамырын іздестіреді. Әдеби ескерткіштердің шығу төркінін анықтау үшін қым – қуыт оқиғаларға толы шежіре мәліметтеріне ден қояды. («Қазақ әдебиетін дәуірлеу»)

Зар замандарды бастан кешірген, тағдыры қылыштың жүзі, найзаның ұшында болып, түрлі шапқыншылықтардан қырылып, ыдырап, қайта тізе қосқан халықтың кейінгі күндерге, болашақ ұрпаққа жолдаған ыстық аманаты – дуалы ауыздан тараған даналық сөзі, өсиет сөзі. Дүркін – дүркін жайпап өткен қанды жорықтар ығыр қылса да, қамырықты жұрт өз тірлігінен қалар болмашы белгілердің уақыт аралап алысқа кетеріне үміт артқан. Өрт, топаннан сытылып, жоғалып – табылып, қатары сиреген тылсым мұра салған жерден сырын ақтарып тастамайды. Бірте – бірте, қадалған көздер көбейген сайын, арғы дүниенің жасырын қыртыстары қозғалған сайын тұйықтық тілі ашыла түскен. Тарих көркем туындылардың көп жұмбағын шешуге жәрдемдессе, әдеби жәдігерліктер тарих парақтарындағы жаңылыс жолдарды түзетеді, жоғалған беттерді нұсқайды.

Б. Кенжебаев қазақ атымен бір тудың астында сап құрған шаққа дейінгі елдің талай өзгерістерден, құлдырау, өркендеуден өткен бұралаң жолына назар аударады, көшпенділікпен қатар отырықшылықтың да бұл қауымға жат болмағанын ескертеді. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қуаты мәдени даму дәрежесіне өлшем болмасына таза табиғат аясында туған қиял әлемі бай сахара жырлары кепіл. Көне әдебиеттің білгірі бірнеше ұлттар әдебиетіне сіңісті әдеби мұралардың жалпыға төл сипатын түсінуге шақырады.

Араб жаугершілігінен қан жылаған жұрттың өкініш, мұңына соңында жалғыз ауыз өлеңі қалған Сығанақи ақынның шерлі сөзі айғақ. Күлге айналған, топырақ көмген мәдени қазынаны, жатқа телмірмеген бұла өмірдің жоқтауы бұл:

Бұл ел бұрын бейбіт, еркін ел еді,

Білімділер мекен еткен жер еді,

Мұнан «Ныхаяны» жазған ақын шыққан,

Мұнан «Қидаяны» жеңілдеткен ғалым шыққан.

Егер бізге қайта туу нәсіп болса,

Біз екінші рет осы Сығанақта туар едік.

Басылған еңсе көтеріліп, қайта бой жазған елге өзгеше салт-дағды әкелген моңғол үстемдігін еске салып, алыстан талықсып жеткен дауыстай қадым дүниедегі өнер туындыларының жұрнақ-жұқаналары туралы әлемдік ғылымдағы белгілі пікірлермен санаса тұжырым түйіледі.

Көне жәдігерліктерге теріс көзқарастарды мансұқ етуде тілмен сабақтас ойлар шырынды. Тілдің көптеген өзгерістерге ұшырағанымен, ұлттық рухтың айнымалы ертедегі мәдени нұсқаларды пайдалануға жол сілтемек.

«...Шағатай тілі араб, парсы сөздері араласқан, араб, парсы тілдеріндегі кітаптар стиліне түскен түркі ру, тайпаларының кітаби тілі» екені аталып, бұл тілдің Орта Азия, Қазақстан халықтарына бірдей болғаны дәлелденеді. Бөле жара тартатын есеқұмарлық орынсыз саналады, қазір жүйеге түскен әдебиет тарихының дәуірлеуі белгіленеді.

Б. Кенжебаев «Дивани лұғатит-ат Түрікке» қатысты Махмұт Қашқари өмірі, қызметі туралы топшылау жасап, кітаптың жазылу мерзімін анықтайды. Ол сөздіктен қазіргі қазақ тілінің қорындағы талай сөздер табады. «Кодекс Куманикус» туралы да зерттеу осы ыңғайда жүргізілген. Сөздіктің жасалуына алғышарт ретінде «Дәшті Қыпшақ» өлкесі төрт тараптағы мемлекеттердің түйісер тұсы болып, көрші елдердің қыпшақ тілін үйренуге ықыласын аударуы саналады. Ғалым, әдетте, тарихи кіріспеге тоқталып, екінші кезекте негізгі объектіні талдайды. «Мұхаббат нама» жайлы зерттеуге қолжазбаларды салыстыра қарау арқылы шығарманың авторын, туған жерін, көздеген мақсатын іздестіреді. Поэма кейіпкерлерінің прототипі, сюжеті, идеялық мазмұны лингвистикалық қасиеті, Хорезмидің қаламгерлік аңсары туралы нәрлі байламдар түйіледі.

Діни кітап санатында жүрген «Қисса сүл - Әнбиядағы» көркем әдеби нұсқаларды ақтара қарап, саралаудан батыл болжам шығады: «Тіпті, бірсыпыра қиссаларды, мысалы, «Әбіл мен Каин» (5 бет), «Нұһ пайғамбар» (15 бет), «Жүсіп-Зылиха» (60 бет), «Ибраһим пайғамбар»(26 бет), «Сүлеймен пайғамбар» (19 бет), «Қисса мақыраж» (17 бет) сияқты қиссалар көлемі, мазмұны жағынан да, стилі жағынан да сол замандағы нағыз көркем әңгіме, дастан, роман деуге әбден болады. «Жүсіп-Зылиха» сөз жоқ, нағыз роман.

«Әбіл Каин» тіпті етре шыққан әңгіме болуға тиіс. Осы күні ғылым адам баласы тарихындағы тұңғыш поэма «Гильгамеш» деп жүр ғой. Сол сияқты адам баласы тарихындағы көркем әңгіме осы «Әбіл, Каин» болуға тиісті деп шамалаймыз».

Қазақ өлеңінің құрылысын сөз еткенде ғалым айтқан фактіге жүгінеді, бір мысалды неше қырынан қарап, буын, ырғақ, ұйқас, шумақ жасау тәсілдеріндегі ерекшеліктерді нақты байқайды. Силлабикалық ұйқасқа арқа тіреген қазақ поэзиясындағы қарт жанр – жырлардан тоникалық ұйқасты табу кең ауқымды материалдармен терең танысудың жемісі.

Б. Кенжебаев ХІХ ғасырдағы әдебиет өкілдеріне ден қойғанда, Абай, Ыбырай және елеусіз келген Ақмолла ақынға тоқталады. Ол қашанда өнер адамдарының шыққан тегі мен творчестволық бағытын байланыстырудан немесе бірді-екілі теріс көзқарастары үшін айыптау актісін толтырудан аулақ. Үстірт, ұшқары назардан ірге аударып, қалыптасқан қағидаларды тексере түсуге, күмәнді жәйттердің түп сырына бойлап енуге тартынбайды.

«Ақмолла ақын» туралы мақала қалтарыс қалып, көзге шалынбай жүрген ақындар мұрасын таныту мақсатымен жазылған. Ақмолла нанымындағы діннің ізі қараңғы елді надандық түнегінен құтылуға, ғылым-білім қууға үндеуіне бөгет пе? Қалғудан сергуге, көзі ашық дүниеге ұмтылуға насихаттаған, әділет атынан сөйлеген қайраткер ақынды ескілік тұзағына тастауға ара түсу – парасаттың ісі.

Б. Кенжебаев ұсынған ағартушы ақындар, «ағартушы-демократ ақындар» деген термин Ақмолла Мұхамедияров творчесвосын әділ бағалауға әкелген.

Абай шығармашылығы туралы зерттеуде ақынның қазақ поэзиясына қосқан үлесі, жаңашыл бағыты, өнер мазмұнын байытудағы еңбегі ұтымды көрсетіледі. Үлкен арнаға түскен алып бәйтерек сынды ұлы классиктің қазақ поэзиясындағы лириканың соны түрлеріне қоныс беруі, ежелгі дәстүрді дамыта жалғастыруы, өлең техникасына байланысты реформаторлық қадамы нанымды дәлелденеді.

Қара сөздер орайында ғақлия атауының қателігі ашылып, діни өсиеттер ретінде ұғуға келмейтін даналық сөздерінің әлеуметтік-философиялық мағынасына озық сипат үстеледі. Жанр төңірегіндегі ойлар қазақтың көркем проза, көркем публицистиканың алғашқы нышанын Абай қара сөздерінен табуға тіреледі де, оның Ыбырай әңгімелерімен қатар ұлттық топырақтағы прозаның аяқталуына басқыш болғанын анықтайды.

Б. Кенжебаевтың ХХ ғасыр басындағы әдебиет мәселесін арқау қылған жұртшылыққа кең танымал мақалалары бар. Мәселен, С.Торайғыров творчесвосы хақында сөйлегенде, ғалым-ұстаз текстология жайында мол тоқталады. Аударма өнерінің тұңғышы – «Капитан қызы» туралы да толымды пікірлерді көреміз. Аудармашының көпшілікке ұрынуы түпнұсқадағы қаламгер идеясын түсінбеуден, сөздердің дұрыс баламасын таппаудан туғанын айта отырып, автор Молданияз Бекимов еңбегі туралы: «Басқасын былай қоя тұрғанда, ол қазақ тілінде тұңғыш роман, повестердің жазылуына осы 1900 жылдары шыққан «Қалың мал», «Жас өмірім, яки жастық өкініші», «Бишара қыз», «Қыз көрелік», «Қамар сұлу», «Мұңлы Мариям» сияқты повесть, романдардың шығуына тікелей себеп болды», - дейді.

«Әдеби қарым-қатынастар» атты мақала осы кітаптағы сан алуан байламдарды бір ізге түсіретін, ақтық түйін шығаратын заңды қорытынды сияқты. Ғалым әдепкі ойларына қайта оралып, көтерген проблемасын тиянақтайды. Әдебиет тарихының шекарасын созады. Қазақ әдебиетінің қалыптасып, өркен жаюына әсер кеткен құбылыстарды атайды. Автор орыс, татар жазушыларының озғын шығармаларын сахараға жаюды мұрат тұтқан, осы бағытта қыруар еңбек сіңірген баспасөз қызметін бағалайды.

Мезгіл талабын ескергенде, қазақ әдебиетінің қайнаркөзін тануға ұмтылған шақтарда өзекжарды тақырыпқа жазылған Б. Кенжебаев еңбектернің сом қасиеттері мен әдебиеттанудағы маңызы кейінгі жас ғалымдарға зор үлгі, саналы мұрат.


Бейсенбай ақсақал үндемей жүргенімен, ішінде арыстан ойнап жатқан адам. Ақталмай тұрғанда басқалары атын атауға батылы бармай, үрейленетін кезде Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып туралы естелік жазып, кейінгі ұрпаққа қалдыруы керемет ерлік қой.

Әбділда Тәжібаев

Рақымжан Тұрысбек,

филология ғылымдарының докторы,

профессор
ҰЛТТЫҚ МҰРАТ ЖӘНЕ РУХАНИЯТ Б.КЕНЖЕБАЕВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕ
Іргелі істер «Мәдени мұра» бағдарламасында жарасымды жалғасын тауып, ұлттық мәдениетті көтеру, дамыту арқылы оның түйінді тұстары – археологиялық және архитектуралық ескерткіштерге, ТМД елдері мен шетелдік мұрағаттардағы Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды, қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптарды алдыру мен көшірмелерін жасау, ұлттық әдебиет пен өнеріміздің бай мұрасын зерттеп, жүйелеу арқылы көптомдықтар төрінде бастыруға баса назар аударылды. Ұлттық мұрат пен руханиятқа көңіл бөлінді.

Соның бір бөлігі – ұлттық әдебиеттің даму бел-белестері, қазақ әдебиеттану ғылымының көкейкесті мәселелері профессор Б.Кенжебаевтың зерттеу еңбектерінен терең танылады. Айталық, «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясында», «Әдебиет белестері» зерттеуінде іргелі ғалым Б.Кенжебаев ой-желісін, ізденіс- зерттеулерін төмендегіше жүйелейді.

а) Ежелгі әдебиет (ҮІ-ХҮ ғасырлар аралығы), яғни көне түрік ру-тайпаларына ортақ мұра;

ә) Қазақ хандығы тұсындағы дәуір (ХҮ-ХҮІІ ғасырлар аралығы). Қазақтың өзіндік әдебиеті;

б) ХІХ ғасырдағы сыншыл реалистік әдебиет;

в) ХХ ғасыр басындағы әдебиет (1900-1920);

г) Ұлы Қазан төңкерісінен кейінгі әдебиет;

Белгілі ғалымның ежелгі әдебиетті дәуірлеген осы жүйе-бағыты көп жылдар бойы ҚазМУ-дің филология факультетінде қазақ әдебиеті тарихынан арнайы дәріс ретінде жүргізілді. Жалпы, ежелгі әдебиет нұсқаларына қатысты ғалым «Қазақ әдебиетінің көне нұсқалары» (1970), «Дәуірлеу мәселелері» (1971), «Дивани лұғат ат түрік», «Кодекс куманикус», «Мухаббат наме», «Әдебиет тарихын зерттеудің кейбір мәселелері», «Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет», т.б. еңбектер жазып қалдырды. С.Мұқанов сөзімен айтсақ, «бірталай мүлік берді».

Біздіңше, Б.Кенжебаев қазақ әдебиеті тарихын зерттеу ісінде бірнеше бағытта өнімді, ерен еңбек етті. Олар тақырып тұрғысынан әр алуан болғанымен, ұлттық сөз өнері тарихын зерттеу мен зерделеу ісінде дәлдік пен тереңдікті ту етіп көтерді. Бұл, әсіресе, Б.Кенжебаевтың қазақ әдебиеті тарихын кең көлемде қарастырған ертедегі әдебиет нұсқалары, ХҮ-ХХ г.г. әдебиет туралы ойлары мен толғаныстарын, ұлт руханиятына қосқан қомақты, үлкен үлестерінен айқын аңғарылады.

Б.Кенжебаев баспасөзге белсене араласып, жауапты қызметтер атқарған (мысалы, «Жас қайрат», «Лениншіл жас», «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан», т.б.).

Ұстаз-ғалымның әдеби-ғылыми зерттеулері – «Қазақ баспасөзі тарихынан» (1950), «Қазақ баспасөзінің тарихынан материалдар» (1956), «Қазақ совет баспасөзі тарихынан» (Т.Қожакеевпен бірге, 1962), «Қазақ совет әдебиетінің тарихынан конспект» (М.Фетисовпен бірге, 1947), «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (С.Қирабаевпен бірге, 1957), «Қазақ өлеңдерінің құрылысы туралы» (1955), «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясы» (1967), «Асау жүрек» (1968), «ХХ ғ.б. қазақ әдебиеті», «Әдебиет белестері» (1986), т.б. ұлт руханияты, сөз өнерінің арғы-бергі тарихы, даму кезеңдері кеңінен көрініс береді. Әсіресе, Б.Кенжебаевтың ерте дәуірлердегі әдебиет нұсқалары, ұлттық сөз өнерінің ХҮ-ХХ ғасырлардағы кезеңіне байланысты ізденіс-зерттеулері, халық ақындарының өмірі мен шығармашылығына қатысты көзқарас-мұралары жан-жақтылығымен, дерек-дәйегі молдығымен, талдау-зерттеулерінің маңыздылығымен назар аударады. Біздіңше, бұл еңбектері ұлт тарихы мен тағдырын, әдебиет әлемі мен қазақ ғылымының көкжиегін кең көлемде көрсетіп, осы бағыттағы алуан ізденіс-көзқарастар, келелі мәселелер жүйелі, орынды қозғалады. Автор әдебиет тарихын жан-жақты танып-таңдаумен бірге кезең көріністерін, уақыт талаптарын, танымал тұлғалардың өмірі мен қызметін терең зерттеп, байыпты саралаулар жасайды.

Б.Кенжебаев қазақ әдебиеті тарихы, оның бастау-арнасы туралы жүйелі де дәлелді, ғылыми көзқараста болып, ойларын айқын, батыл жеткізді. Осы орайда қазақ әдебиеті тарихының әуелгі негізін ҮІІ-ҮІІІ ғасырдан бастауды ұсынып, оны жан-жақты дәлелдеді. Орхон-Енисей жазуларын, Талас-Шу бойларынан табылған мәдени жәдігерлерді, Алтын Орда мен Сыр бойындағы байырғы мұра-қазыналарды тарихи-ғылыми тұрғыдан негіздеді. Ұстаз-ғалымның бұл бағыттағы ізденіс-көзқарастары ұлт тарихының терең тамырларымен сабақтастық тауып, рухани-эстетикалық қуаты, танымдық-тағылымдық сипаты арта түседі.

Б.Кенженбаевтың қазақ әдебиеті тарихына қатысты зерттеулерінде ХХ ғ.б. қоғамдық-мәдени жағдай, баспасөз тарихы («Түркістан уалаятының газеті», «Ешім даласы», «Торғай газеті», «Серке», «Қазақ», т.б.), сол секілді А.Мұхамедиярұлы, Ә.Кердері, М.Қалтаев, Н.Наушабаев, Ш.Жәңгірұлы, М.Ж.Көпеев, С.Торайғыров, М.Сералин, С.Көбеев, С.Дөнентаев, Б.Өтетілеуов, Н.Орманбетов, Ә.Ғалымов, Ә.Тәңірбергенов т.б. өмірі мен шығармашылығы жан-жақты сөз етіледі. Бұл бағыттағы зерттеулер алуан дерек көздерінен, мол материалдар жиынтығынан тұрады. Талдау, саралау салмағынан да ой-сөз жүйесі, көркемдік құпиялары көптеп кездеседі.

Б.Кенжебаев әдеби сын саласындағы С.Көбеевтің «Қалың мал», М.Әуезовтің «Абай», «Абай жолы», С.Мұқановтың «Жұмбақ жалау», Ғ.Мүсіреповтің «Талпақ танау», Н.Ановтың «Ән қанатында», С.Шәріповтың «Бекболат» сынды роман-әңгімелеріне, ақын-қаламгерлер - І.Жансүгіров, Ә.Тәжібаев, Ө.Тұрманжанов, Ғ.Орманов, Т.Жароков, Қ.Тоғызақов, Ғ.Қайырбеков, М.Әлімбаев, т.б. өмірі мен шығармашылығы туралы маңызды, құнды ой-пікірлер айтты. Ұстаз-ғалымның бұл ізденіс-зерттеулерінен ұлт әдебиетінің даму бағыттары, оның көрнекті тұлғаларының орын-үлестері, жанрлық-стильдік ерекшеліктері жан-жақты сөз етіледі.

Б.Кенжебаев аудармаларынан ақын-жазушылар шығармашылығының ерекшеліктерін, қолтаңба мен көзқарас сипаттарын танып-таразылаумен бірге дәлдік пен дерек көздері, шеберлік пен шешендік, көркемдік кең орын алған (мысалы, Г.Мопассан – «Мас», Яр Гашек – «Айықты», Э.Хэмингуэй – «Көпір аузында», А.Гончар – «Кройтас», А.Сорокин – «Сәдуақас», Ф.Гладков – «Балалық шақ туралы», Ф.Панферов – «Бейбітшілік үшін күрес», т.б.)

Мұның бәрінен, әрине, Б.Кенжебаевтың талант табиғаты, әдеби жанрлардағы ізденіс-көзқарастары, ұлт руханиятына қатысты көзқарастары, зерттеу-түйіндері, ойлары мен толғаныстары терең танылады. Демек, Ә.Кекілбаевша айтсақ: «ХХ ғасырдағы қазақ көркем сөзі мен ойының өрлеуіне, қазақ азаматы санының қалыптасуы мен дамуына қадірлі Бейсекеңдей еңбек сіңірген азамат кемде-кем… Ғалым ретінде де, ұстаз ретінде де кейінгі кездегі рухани гүлденуімізге мұрындық бола білді. Азат елдің азат ойының дәуірлеу тұсында Бейсекеңе ұлт болып тағзым етуіміз әбден заңды» (Ұлттық әдебиетіміздің қаһарманы. «Ордабасы оттары», 1994, №83).

Б.Кенжебаевтың «Сұлтанмахмұттың ақындығы» (1974), «Қазақтың ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» (1959) атты ғылыми еңбектерінен (кандидаттық, докторлық диссертациялары – Р.Т.), басқа да әдеби мұра мен оны зерттеуге арналған ізденіс-көзқарастарынан ұлттық сөз өнерінің көне кезеңі, жекелеген тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы (Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, Абай, Ақмолла, Б.Күлеев, М.Қалтаев, Ә.Ғалымов, т.б.) қазақ әдебиетінің әр дәуірі жөніндегі зерттеулерінен ақиқатқа тән тереңдік пен дәлдік айқын аңғарылады.

Б.Кенжебаевтың қазақ әдебиеттану, мәдени-рухани салаларындағы ерен ерлігі мен еңбегін – М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғүлан, Қ.Жұмалиев, М.Қаратаев, М.Мырзахметов, Р.Бердібаев, М.Ғабдуллин, З.Ахметов, З.Қабдолов, С.Қирабаев, Б.Уақатов, Қ.Ергөбек, Д.Сартбаева, т.б. жоғары бағалап, оң көзқарас, пікірлерін білдірді.

Қысқасы, Б.Кенжебаев ежелгі әдебиет нұсқаларын, Ү-ХХ ғ.ғ. ұлттық сөз өнерінің даму кезеңдерін тарихи-ғылыми тұрғыдан танып-талдап, зерделеп, саралап, көрсетуі кеше мен бүгіннің байланысын, уақыт тынысын терең танытады. Ұстаз-ғалымның ізденіс зерттеулері: ұлттық мұратты ту етіп көтеріп, сол арқылы руханият ісін, әдеби-мәдени мұраларды жан-жақты, әрі терең қарастыру, көзқарас эволюциясы, түйін-тұжырымдары нақты, мақсаты айқын. Мысалы, ғалым зерттеулерінде – Мәскеу, Қазан, Орынбор, Уфа, т.б. қалалар архивінің материалы мол. Бұл бағыт - арна Р.Бердібаев, Қ.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Н.Келімбетов, А.Қыраубаева, Б.Омарұлы, т.б. зерттеу еңбектері арқылы тереңдеп, толыға түсті. Демек, мұның бәріне Р.Бердібаев айтқандай: «...Бейсенбай Кенжебаев туралы лебіз білдіріп, елден бұрын оның қазақ филология ғылымы, жалпы мәдениетіміз алдындағы ең зор қызметі қайсысы деген сұрақтың жауабын іздеп көрдім. Сонда менің ойыма әдебиет тарихшысы, фольклоршы, ұстаз, педагог секілді тіркестерден бұрын Азамат деген сөз алдымен түсе берді. Бейсекеңнің ұзақ та, жемісті ғылыми-зерттеушілік, оқытушылық, қаламгерлік қызметінің бәріне айрықша ажар берген ұғым осы сөзге қатысты екенін түсіндім...». (Кітапта: Б.Кенжебаев - Әдебиет белестері. А., 1986, 389-бет).

Әдебиет адамтану, әдемі әлем десек, оны зерттеу мен зерделеу – кәделі, қажетті іс. Ұлт мұраты мен руханият ісіне осы тұрғыдан келсек, қазақ әдебиеттану ғылымындағы игілікті істер, жарық көрген еңбек, басылымдар - болашаққа, ұрпаққа жалғасқан жақсы дәстүрлердің бірі.

Біздіңше, бұл ізденіс-еңбектер мәдени мұраға қамқорлықты ғана емес, оны зерттеу мен зерделеу ісін дұрыс жолға қоюымен де ден қойғызады. Сөз өнерінің даму бел-белестерін ұлт тарихын тағылымды тұстарымен телқабыс қарастыру мұратын көздеуі мен сол арқылы даңқты тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын жүйелі қарастыру міндетін де нақты сөз етеді. Мұны қолдаған жөн...

Оқып, танысып отырғанымыздай ғалым-зерттеушілеріміздің ізденіс-мұраттары негізсіз емес. Жалпылама алғанда, ҮІ және ҮІІІ ғасырлардан бермен қарай жүйе-топқа бөлуден аса бір өзгешелік танылмайтынын да айтуға тиіспіз. Барлығында да көне түркі халықтарына етене мұра - әдебиет нұсқалары қарастырылады. Одан кейінгі дәуірлерде де әдебиет ескерткіштерінде ортақ сипат, белгілері мол. Көзқарас, зерттеу жүйелері де айқын.

Алайда, бұған қарап, ежелгі әдебиеттің барша мәселесі оңды шешіліп, өз дәрежесінде зерттелуде деуге әсте болмайды. Меніңше, ежелгі әдебиет тарихын өзге ғылым салалары секілді әрі кең көлемде, әрі кешенді түрде түрде зерттеп, оқу-құралдарын көбейту, шығармашылық мәселелерді оңды шешу – кейінге қалдырмас аса зәру, қажетті іс. Ол үшін осы кезеңдегі әдебиет нұсқаларын жете оқып, танысумен бірге, көне кезең мұраларына, нақтырақ айтсақ, ел тарихынан бастау алар: Сақ, Ғұн дәуірлеріндегі ұлттық құндылықты, ондағы ортақ қазыналардан өзіндік олжа – үлесімізді алуға тиіспіз.

Көне кезеңнің мәдени-рухани ескерткіштерін дәуірлеу, жүйелеу ісі барынша айқын да, орнықты, әрі тарихи шындыққа сай болғаны нұр. Өйткені, бағытымыз анық, тіккен туымыз биік, шекарамыз берік болса, уақыт желінің қандайына да қарсы тұрып, төтеп береріміз хақ. Бүгінгі күннің, уақыттың шындығы осы.

Демек, өткен тарих – басты байлық. Осы реттен келгенде академик Ә.Марғұланның: «Сахарада айтылатын эпос-жырлардың өркендеп, тарауы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы дәуірінен басталады. Бұл елдердің қауым құрған кезеңі б.ж.б.Ү ғасыр. Ғұн, үйсін, қаңлылар қазақ тайпаларының ең ескісінен көзқарастарының маңызы зор. (Ең ескі дәуірдегі халық аңыздары. – «Жұлдыз», 1983, №5, 170-бет).

Ендеше, әдебиетіміздің көне кезеңі - өткен тарихымыз әрі басты байлығымыз. Осы реттен келгенде, көне кезең әдебиетін төмендегіше жүйелеудің негіз-қисыны бар. Олар:

а) көне түркі тайпалары (сақ, ғұн, үйсін тайпалары) өмір сүрген кезеңнің мұралары (мысалы, Хун империасы, әр алуан ұлыстардың тарихи-әдеби жәдігерлері, т.т.).

ә) ҮІ-ХІҮ ғасырлар аралығындағы әдебиет, яки түркі халықтарына ортақ әдебиеттің мұралары ( мысалы, Орхон, Күлтегін ескерткіштері, «Оғыз-наме» мен Қорқыт атаға байланысты аңыз-әңгімелер, Ж.Баласағұнның «Құдатғу білік», М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат түрік», Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет», З.М.Бабырдың «Бабырнама», Қ.Жалайридің «Жамиғат ат тауарих», т.б.).

б) ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақтың төл әдебиеті (мысалы, М.Х.Дулатидің «Тарихи-Рашиди», Әбілғазының «Шежіре-Түрік», т.б. әдеби нұсқалар мен асан қайғы, Доспамбет пен Жиембет жырау, Тәтіқара, ақын т.б.)

в) ХІХ ғасырдағы ағартушылық бағыттағы әдебиет (мысалы, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Шәкәрімнің жазба мұралары: С.Аронұлы, Б.Қожағұлұлы, С.Тастанбекқызы, т.б. ән, айтыстары)

г) ХХ ғасырдағы ағарту-демократтық революциялық сипаттағы әдебиет (мысалы, газет-журналдар – «Серке», (1906), «Қазақ» газеті (1907), «Айқап» (1911-1915) пен М.Көбеев, М.Қалтаев, М.Байзақов, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, т.б.)

Әрине, жоғарыдағы жүйе көзқарастар, ойлар соңғы байлам емес екені түсінікті болса керек. Біз жоғарыдағыдай жүйелегенде алдымен кезеңдік құбылыс-мәселелерді, ондағы негізгі әлеуметтік-саяси ахуалды және ол жайларды жаңаша көзқарас, білік – таным тұрғысынан танып, бағалауды басшылыққа алдық. Мұндай нысана қайсыбір оқиға көріністің ақ-қарасын айыруға мүмкіндік береді. Атап өту керек, қазақ әдебиеттану ғылымын кең көлемде қарастыру, нақты айтқанда, алыс-жақын елдер тәжірибесіне, жекелеген ақын-жазушылар шығармашылығына, мұрағат қорларына ден қою қажет-ақ. Осы ретте жоғарыдағы жүйе-түйіндер барымызды тыңғылықты танып, жарқырата көрсетуге, жетістік ізденістерімізді бар қырынан айқындауға мүмкіндік береді деп білеміз. Ол үшін, әрине, жоғарыдағы еңбек – зерттеулерді үлкен-кіші деп қарамай, керісінше, солардың аясында бұрынғыдан да терең, кең көлемде қарастыру қажеттілігі туып отырғаны басты назарда болса, нұр.

Тәуелсіздік талаптары алға тартып отырған басты мұраттардың түпкі сыры да осында. Бұл – бір.

Екіншіден, көне дәуір әдебиетін қарастырып зерттеген мезеттерде ендігі жерде тарихи дерек, дәйектемелер аясында қалмай, нақтылы шығарманың ішкі сыр-сипатын, жанрлық- стильдік ерекшеліктерін, қажетті тұста көркемдік дүниесі ретінде түпнұсқа мен тілдік құрылымына, текстология мен типологиялық мән-маңызына да ден қою керек.

Үшіншіден, осы кезең ішінде әдеби мұралардың әр жылдардағы нұсқаларын қатар қарастырып, бір-бірінен ерекшеліктерін көрсете отырып, басты принциптерін айқындау, сол арқылы көркемдік құрылымын тілдік-танымдық мұраттарын кең көлемде қарастыру да біздің өткенімізге – құрмет, тарихымызды таразылауда – басты өлшем, әрі осы салаға қосылған елеулі іс-жұмыстарды көрсетер еді.

Төртіншіден, аталмыш дәуірдің әдеби – мәдени мұра ескерткіштерін танып-талдау, қалың көптің иелігіне айналдыру үшін арнайы маман қызметкерлер дайындау, тұрақтандыру ісі күн тәртібіне батыл қойылуы тиіс. Ол үшін ескіше оқумен қоса, ұлт тілінде ойлап - жазып та, талдай да алатын, мән-мазмұнын түсіндіретін мұрат-мүддесі айқын, таным-түсінігі терең білікті маман ауадай қажет.

Бесіншіден, әрі ең негізгісі - әдебиет тарихын халық тағдыры мен әуел бастан қалыптасу кезеңдері мен эволюциялық даму жолымен тығыз байланыста тану орынды. Мұның өзі қайсыбір дәуірдің әдеби-мәдени ескерткіштерін негізгі тұлғаларын сол өзін тудырған кезең кестелерімен қарауға мүмкіндік береді. Бұл – тарихи шындықты қалпына келтірудің бірден бір дұрыс жолы. Ендеше, өткенімізден сабақ, тағылым алу, бүгін мен болашаққа батыл қадамдар жасау - үлгілі үрдістің дәстүрлі көрініс-сипаттары болып табылады.

Бұдан шығатын түйін: Егемен Қазақстан Республикасының жаңару жолына батыл бет бұрған мезгілде төл әдебиетіміздің ежелгі дәуірінен бүгінгі биігіне дейінгі бел-белестерін демократия, Тәуелсіздік тағылымдары тұрғысынан қайта қарап, сол арқылы кезінде айтып, жаза алмағанды әділеттік жолмен айқындасақ, шындықты қалпына келтірсек, бұдан әдебиет ұтады, мәдени-тарихи танымымыз да кеңейіп, келешекке деген үмітіміз арта түсетіні айқын. Әрине, бұл мәселелер бірер күн, айларда атқарыла салатын кезеңдік, науқандық жұмыстар емес. Меніңші, бұл мәселелер төңірегінде көп болып кемел ойлансақ, жұмған жұдырықтай болып бірге кіріссек қана ізденіс, зерттеулеріміз жемісті, нәтижелі болмақ.

Маңыздысы: қазақ әдебиеті тарихын біртұтас қарастыру жас мамандарға білім-ғылымның есігін айқара ашып, тіпті алыс-жақыннан да тартып, нақты бағыт-бьағдар беру – баршамыз үшін қажетті, кәделі іс.

Жалпы қазақ әдебиеті тарихын жүйелеу:

- өткен тарихымыз бен танымымызды зерделеу үшін қажет;

- руханият әлеміндегі бел-белестерді қоғам, қалам қайраткерлерінің еңбек- мұраларымен байланыстырып, ондағы басты тақырып, мәселелерді танып-талдау ісінде аса мәнді фактор болмақ;

- кеше мен бүгіннің арақатынасын, әсер-ықпалын айқындау барынша маңызды;

- рухани саладағы еңбектерді жүйелі ізге түсіріп, танып-зерттеу кәделі іс;

Бұл басты мұрат: ұлт әдебиетін бір жүйеге, негізге салып, тұрақты оқып-үйрену, зерттеп-саралау болып табылады.

Әдебиет оның бағдарламасы да ерекше назар аударуды қажет етеді. Алайда, қайсыбір пән бағдарламасы да халық өмірінен алынып, тарих тағылымдары негізінде жасалынады емес пе? Ақиқаты осылай болса да, бұл бағытта әлденеше көзқарастың болғаны анық. Бір ғана ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің бағдарламасы хақында бірнеше ой - пікір бар.

Профессор Б. Кенжебаев өзінің пікірін төмендегіше таратады: а) ағартушы ақын-жазушылар: ә) ағартушы- демократ, ақын- жазушылар;

б) 1916 жылғы ұлт- азаттық көтеріліске байланысты туған жыр, толғаулар;

Профессор Т. Нұртазин бұл бағыттағы ойын былай білдірген;


  1. Демократиялық- ағартушылық, сыншы- реалистік бағыт;

  2. Бұржуазияшыл ұлтшыл реакцияшыл бағыт;

  3. Кітабы және дүниетанымы, күйкі қайшылығы мол ақын- жазушылар;

  4. 1916 жылғы ұлт- азаттық көтеріліске байланысты туған әдебиет.

Ал, әдебиет зерттеушісі С. Ордалиев аталмыш кезең ішінен екі бағытты бөлекше атайды:

а) ағартушы бағыттағы ақын- жазушылар ( Ақмола, Нұржан, Қалтай, Әубәкір, Шәді т.б).

ә) ағартушы-демократтық бағыттағы ақын-жазушылар (А.Байтұрсынов, Ш.Құдайбердиев, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ғ.Қарашев, М.Сералин, С.Тороайғыров, С.Көбеев, С.Дөнентаев, т.б.).

Кейінгі кезеңде әрбір жоғары оқу орны, ондағы кафедралар пән бағдарламаларын шығара бастады. Бұл іске байыппен кемел де, сергек қараған жөн. Бір орталыққа ортақ бағдарлама әзірлеу жүйелі, мәнді болар еді.

...Асылы, қазақ әдебиеті тарихының (бағдарламаға да қатысы бар) қайсы бір кезеңін алмай-ақ, белгілі бір құбылыс, оқиға, даталы мерзімді қамтитыны анық. Бұл ретте оқиға мазмұнын емес, керісінше, кезең-уақытқа қозғау салған айтулы мәселелер, даңқты батырлар мен тұғырлы тұлғалардың қоғамдық-әлеуметтік өмірден алар орны, ең негізгісі, әдеби-тарихи, танымдық сыр-сипаты жоғары ғылыми дәлдікке дәуір дидары мен өмір шындығына сәйкес келетін кезеңдік мәні мол құбылыс-көріністер басты зерттеу нысанасы етілуі тиіс.

Бүгінгі уақыт талабымен тарихқа жаңаша көзқарастың кейбір міндет-мұраттары осындай.

Тұтастай алғанда қазақ тану ғылымы көне кезеңдерден бүгінге дейін алуан асу бел-белестерден өтті. Атап айтқанда:

- ұлттық сөз туу, қалыптасу, даму жолдарынан өтіп, әдеби-ғылыми сипаты, бағыт-бағдарлары айқындала түсті;

- қазақ әдебиетінің тарихи кезеңдері белгіленді;

- ұлттық тарихқа айқын көзқарас қалыптасып, арғы-бергі кезеңдердегі Алаш ардақтыларының есім-еңбектері халқына қайта оралды;

- қазақ әдебиетінің тарихы жекелеген кезеңдер бойынша қарастырылып, (мысалы, ежелгі дәуір әдебиеті ХҮ-ХХ ғ.ғ. қазақ әдебиеті, т.б.), методологиялық әдіснамасы, библиографиялық көрсеткіш жылнамасы жасалып, көркемдік ізденістері шығармашылық үрдістері кең үрісті арнамен дамып келеді.

Қазақ әдебиеттану ғылымының келешектегі мұрат-міндеттері қатарына мыналар жатады:

- ұлттық сөз өнері, оның әуелгі түп төркіні бүгінгі уақыт талабымен жаңа көзқарастар тұрғысынан соны зерттеулердің жүйесіне айналу керек,

- қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеу мәселесі қоғамдық-тарихи жағдайларға, жекелеген тұлғалардың орын-үлесіне, сөз өнерінің бағыт- арналарына, әдіс-тәсілдеріне ойластырып емес, керісінше, ұлттық әдебиеттің даму үрдістеріне сай саралануы, жүйе құрауы тиіс;

- ұлттық әдебиеттің ақтаңдақ беттері бірер қаламгердің өмірі мен шығармашылығын қарастырумен шектелмей, ұлы даланың әр дәуірдегі тұғырлы тұлғалары жекелеп те, кешенді түрде де терең жан-жақты зерттелуі шарт;

- алыс-жақын елдердегі қандастарымыз бен Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қаламгерлердің атын-затын түстеп, өмір кезеңін, шығармашылығын жүйелеу, зерттеу міндет;

- ең негізгісі, әдебиет – халық мұрасы, оның көркем ойы, рухани шежіресі болса, ұлттық әдебиеттану ғылымында осы белгі - ерекшеліктер жүйелі арна алып, бұлтартпас дерек көздері мен әдеби-ғылми тұрғыдан терең де мәнді талдау-зерттеулермен байыпты көзқарас, түйінді тұжырым-ұсыныстармен бедерлі сипатқа ие болуы керек...

Жалпы, ұлттық мұраттың басты бағыттарының бірі - әдебиет, мәдени мұра мен оны зерттеу болса, мұндай кәделі, сауапты іс жарасымды жалғасын тауып келеді.

«Мәдени мұра» бағдарламасының басты мұраты мен маңызы да осында болса керек.

Ұлттық мұрат пен руханият тағылымы осы.



Табиғатында мейлінше момын, кішіпейіл, таза еңбектен басқа қысыр сөзге әуестігі жоқ, көзі жеткен шындықтан шегінбейтін, дұрыстығын дәлелдей алатын қайсар, халықтың биік мүддесін өзінің жеке басының мүддесі үшін құрбандыққа шалмайтын, дарынды, қабілетті шәкірттеріне ғылымының асыл мұратын түсіндіруден жалықпайтын мейірімді ұстаз, шын мәніндегі үлкен адам, азамат Бейсенбай Кенжебаевтың өмірлік һәм ғылымдық жолы – ғылым әлеміне қадам басқандардың қай-қайсысынан да өнегелі жол.
Рахманқұл Бердібай





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет