Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)


Мәлік Қарақұлов, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет



бет6/11
Дата23.10.2016
өлшемі1,89 Mb.
#50
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Мәлік Қарақұлов,

Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет


қызметкері

АБЗАЛ АДАМ, АҚЖАРҚЫН АҒА

1924 жылы Ескі мектепте (молда да) Мұқтасардың он бабын тауысып, енді екі бабы қалғанда Ақмешіт уезіндегі Қараөзек болысының орталығы Тереңөзек қыстағында ашылған “төте оқуға” түстім. (Жаңа ашылған бастауыш мектепті ол кезде “төте оқу” деп атайтын). Келесі жылы Қазақстан астанасы Орынбордан Ақмешітке көшті де, сонан соң ол Қызылорда болып аталды. Сол жылы комсомол ұйымының қатарына алынатын жастар жеткіліксіз-ау деймін шамасы, жасымыз әлі 11-де болса да 13-те деп жазып, Әбділпаттаұлы Оспан мұғалімнің бастауыш мектебінде жақсы оқып жүрген бізді болыстық жастар комитетінің хатшысы Талқанбай Дүйсенбайұлы комсомол қатарына енгізді.

Мектептегі жиырма шақты баладан, әсіресе, Төлен, Өмеш, Шәмші, Ұзақбай және мен Орынборда, Ташкентте шығып жүрген қазақша газет, журналдарға үйір болдық. Орынборда шығып тұрған өлкелік газет, журналдардың барлығы енді Қызылордаға келген соң олардың бір нөмерінен де көз жазып қалмайтын болдық. Қызылордадан поездың почта вагонымен келетін “Еңбекші қазақ”, “Жас қайрат”, т.б. газеттерді почташы Федяев деген сары баладан таласып-тармасып аламамыз да, үйге барып, бастан- аяқ оқып шығамыз.

Сол кездегі Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбит, Ғабит сияқтылардың есімдеріне газеттер арқылы қанық бола бастадық. Сонымен қатар, газеттерге қол қойып жүрген Тоғжанұлы Ғаббас, Тоқжігітұлы Шәймердиев, Кенжебайұлы Бейсенбай, Сүгірұлы Рахым, Тілепбергенұлы Жиенғали... сияқты есімдерді жиі, тіпті жиі ғана емес, күн сайын кездестіретін болып алдық. Ауылдастарын Асқар Тоқмағанбетұлы мен Жұмабай Есбатырұлының үгіттеуімен “Жас қайрат” газетінің тілшісі болып, Тереңөзектен хабарлар жазып тұрамын. “Жас қайрат” бірде газет, бірде жорнал болып шығып жүрді. Бір сөзін қалдырмай, түгел оқитынымыз да осы жастар баспасөзі. Сондықтан да оған редактор болып, қол қойып жүрген және көптеген мақалалар жазып жүрген Кенжебайұлы Бейсенбай ағайдың өзін көрсек деген арман ұялай бастады көкірекке...

Өйткені, сонау бірінші класта оқып жүргенімде Ташкентте шығып тұрған “Жас қайрат” журналының саяси бөлімінде оның “Жастар ұйымдарының мақсаттарынан” деген мақаласын, ғылыми білім бөлімінен діншілердің «көк өгіз көтеріп тұр» дейтін Жер шары туралы “Жер қайда тұрады”, “Жер айналады” деген тақырыпшаларымен жазған мақаласын қызыға оқып, оны мұғаліміміздің сабағын фактілермен әдемілеп түсіндірген ұғымды кеңес ретінде қабылдағанбыз. Сол журналдың саясат бөлімінен Бейсекеңнің ІІ-Интернационал жөніндегі, “1916 жылғы көтеріліс туралы” деген мақалаларын жастар жиналып алып оқығанбыз.

Сонан көп кешікпей-ақ бір күні Бейсекеңді табармын деген ақ ниетпен

газеттердің басқармасына бардық. “Еңбекші қазақта” Бейсекеңнің кім болып

істейтінін де білмеймін, шамасы, редактордың орынбасары болуы керек. Ол кезде адам басына осы күнгідей бір-бір кабинет қайда, бастықтары бар, бастық еместері бар, әйтеуір төрт- бесеуден бір бөлмеде ұйлығып отырады. Бұрынғыдай емес, шамалы ашылып дегендей, сәлемдесуге дағдылана бастаған кезім. Бейсекеңнің қайсысы екенін сырттан сұрап алдым да, “ассалаумале-й-к-у-м”- ді созыңқырып айтып, бөлменің төр жақ бұрышындағы ақсары келген, ат жақтылау, көркем кісінің алдына бардым. Сәлемімді алып болды да, лып етіп дәлізге шығып еді, белі омырайған ескі бір орындық әкелді. “Мынаған отыр” деді.



  • Ал інішек, маған сәлем бере келдің. Мені танитың ба едің, сөйлей

отыр, - деді. Алдындағы қағаздары мен оқып қояр дегендей, әрігерек ысырып қойды.

Аты жөнімді сұрап алды.

- Сізді сыртыңыздан білеміз. Өзім комсомолмын.Тереңөзектік. Қазір осындағы Мұратбаев мектебінде оқимын.-Осыны айттым да, соңына не жалғарымды білмей, кілт тоқтадым.

- Сыртымнан қалай білесің, мен бұл газетке ауысқаныма көп болған жоқ.

- Мен жасымнан газеттерді көп оқимын. Сіздің атыңызға сонау “Жас

қайрат” журналынан, сонан кейін “Жас қайрат”, “Лениншіл жас” газеттерінен өте қанықпын.

Бейсекеңнің жылы жүзділігі, бұрын білмейтін адамына тосырқамай қарайтыны, өзіңді ұйытып отырып, әуелі ата-анаңның жағдайын, сосын барып мектеп, комсомол, тілшілік жұмыстары туралы сұрақтар бере отыр, мазмұндап түсіндіретіндігі маған ұнап кетті.

Бейсекең дауыс шығарып, қатты сөйлемейді екен. Жаймен ғана, асықпай-үсікпей, мәселені саған байыпты мұғалімдерше тәптіштеп түсіндіреді. Сол жолы маған тілшілікпен қатар, ол күндердегі сауатсыздықты жою, қалың мал беріп, көп қатын алуды тыю, бай-кулактарды кәмпескелеу, олардың балаларын комсомолдан да, мектептен де қуу, ТОЗ ұйымдастырып, кооператив ашу, оларға кедейлерді тарту сияқты істерге әрі комсомолец, әрі тілші ретінде қалай ат салысу керек екенін балаға шайнап берген тамақтай етіп құлағыма құйды – ай келіп.

Ол кісіге барап сәлем бергеніме, көкейімді кесіп жүрген сұрақтарыма жылы-жұмсақ жауаптар алғаныма барынша көңілім тойып шықты бөлмеден...

Майданнан жеңіспен оралғаннан кейін, 1946 жылдың басында, бұрын істеген жұмыс жерім - Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік біріккен баспасына қызметке орналастым. Сөйтсем, Бейсекең осы баспада, Бас редактор болған екен де, менің алдымда ғана бір жарым жыл бұрын педагогтік жұмысқа көшкен екен. Бейсекеңді қалай кездестірер екенім деп жүргенімде, бір күні редакторлар - Қуандық Шаңғытбаев пен Тахауи Ахтанов және корректорлар - барлығымыз жапырлап отыратын баспаның үлкен бөлмесінің есігінен біреу қарағандай болды. Бірімізге - біріміз «ол кім, ол кім?» деп қалдық. Байырғылардың біреуі тұрып айтты:ол осында Бас редактор болып істеген Кенжебаев қой деп. «Әп-бәрекелді, ойда жоқ жерден кездескен Бейсекең ғой» деп есіктен атыла шықтым. Кең вестибюльдің ішінде солға қарай жиырма қадамдай кетіп бара жатқан кісіні қуып жеттім де, білдірмей бетіне қарадым. Шырамыттым, со кісінің өзі.

- Сәлеметсіз бе, Бейсеке? - деп қол бердім. Бейсекең аң-таң. Бетіме қарайды, жыға тани алмайды.

- Ұят та болса сұрайын, сен кімсің осы? - деді.

- Жиырма шақты жыл өтіп кетті-ау. Біз сізді қашан көрсек те танимыз, сіздер соншама адамның қайсыбірін есте сақтарсыз. Мен – баяғы Қызылордадағы “Еңбекші қазақта” отырғаныңызда редакцияға барып, сіз маған ауыз үйден орындық әкеп беріп, аздап әңгімелескен едіңіз ғой. – Бейсекең әлі есіне түсіре алмай тұр. Басымнан аяғыма дейін түгендей қарайды. Қайдан тани қойсын, бұ кісінің алдынан кімдер өтпеген. Көп “қиналмасын”, уақыты да тығыз шығар дедім де:

- Ілияс Жансүгіров барлығыңыз “Еңбекші қазақта” істеп жүргендегі “Лениншіл жастың” тілші Мәлік Қарақұлов деген барма еді?

- Мә – саған, ей сен сол Мәліксің бе, қайдан жүрсің, мені қалай кездестірдің? - деп жылы - жүзді күлкісімен арқамнан қағып қойды.


  • Мен соғыстан қайтқан соң жаңа сіз есіктен қарап кеткен баспада

істеймін. Сізді қалай көрер екенмін деп жүр едім. Ойда жоқ жерден ...

  • Өзің ана жылғыдай емес, көп нәрсені көріп, ысылып қалыпсың ғой.

Қап, сенімен бір кең отырып сөйлесу керек еді. Мен ана Бас редакторларыңа кіріп шығайын, аздап күте тұрарсың, ә? – деді.

- Жарайды Бейсеке, мен сізді асықтырмаймын ғой... Келістік. Жарты

сағат өтпей- ақ Бейсекең маған келіп, “ әне бір бөлмеге барайықшы ” деді. Бардық. Ана жақ бұрышта бір-екі адам ғана отырған кең бөлме екен, оңашалау бір шетке біз отырдық.

- Бүгін сабақтан қолым бос еді, кездескенің жақсы болды. Ал, сөйлеші

Мәлік. Баяғы өзіміздің әңгімемізден кейін нендей жағдайларды бастан кешірдің. Әке-шешең тірі ме, өзіңде неше бала бар, әуелі соны айтшы,- деді әңгімені үй-тұрмысынан қозғап.

Мен сөзімді өзінің сұрағына жауап беруден бастап, ата-анадан

айырылып, енді өзімнің балалы болғанымды айттым. Әкемнің де, шешемнің де, о дүниеге аттанғанын сәттерде Бейсекең шын көңілден жаны ашығандық білдіріп, басымнан сипағандай, үлкендік қамқорлық пиғыл танытты. Мен нақ бір туған інісіндеймін. 1932 жылдан бері, газетші болып кеткенімді айтқанымда, “мен айтып едім ғой, газетші болып алсаң бәрінде түсінесің. Дегенді соны орындапсың ” дегендей мақұлдап бір қойды. Ашаршылық, “халық жауы” деген сөздерді айтқанымда, ара-арасында аптеп сұрақшалар қойып, әңгімеме “тұздық” араластырып отырды. Өзінің дауысы қандай сүйкімді болса, күлкісі де сондай жұмсақ, мені ынты-көңілімен тыңдайды.

Майданда болғанымды, соғысқа өзімнен он жас кіші ақын інімді

бергенімді айтқанымда:


  • Ең бастысы осы, азаматтық борышыңды өтеп, енді абзал

Азамат атаныпсың. Міне, осылай болу керек ер жігіт,- деп бір қойды. Омырау қалтамның үстіңгі жағындағы әскери наградалардың белгілеріне көз жіберіп:

  • Өзің майданда тек борышыңды өтеп қана қоймай, әжептәуір еңбек

сіңіріпсің. Жарайсың. Енді осы жолыңнан тайма, журналистігіңді адал атқарып, балаларыңды да өзің сияқты етіп тәрбиеле, майданда қандай еңбек сіңірсең, тылда да сондай еңбек сіңіруден күшіңді аяма. Әкенің ғана баласы болмай, ел-жұрттың, Отанның баласы бол деген сөз бекер айтылмаған...- деді.

Бейсекең бұл жолы маған пайдалы да аса қажетті ақыл айтты. Қай

жерде де, қандай жұмыста да оның творчествосының сапалы болуына, өзінің және отбасының ұзақ өмір сүруіне шын тілектес болып жүретіндердің бірі едім. Шынын айтайын, Бейсекең дүние салды деген ауыр сөзді есіткен кезде “абзал адамның тағы бірінен айырылдық-ау” дегенді егіліп отырып айттым.

Менің Ұлы Отан соғысы майдандарында да, кейін тылда да журналист

мамандығын игеріп, “еңбек сіңіген” деген құрметті атаққа ие болуым сонау жылдарыда Бейсекеңнің берген парасатты ақыл-кеңестерінің нұрлы шарапаты тигенін жүрегімнің соғуы тоқтағанша ұмыта қоймаспын.


Бейсенбай Кенжебаев әдебиетте де, өмірде де біразымызға ағалық қамқорлық көрсеткен білімпаз әдебиетші. Ол – біздің аяулы Абайымызды талай қате бағалаулардан арашалады, Сұлтанмахмұтымызды үзбей зерттеп, халық сүйіктісіне айналдырды, халыққа жеткізе танытты. Сонымен бірге, қазақ әдебиеті тарихын бірнеше ғасырға ілгерілеткен, тереңдеткен ғұлама ғалым да – Бейсекең. Біздің ол кісіге деген ілтипат - құрметіміз ешқашан төмендемейді.

Әбділда Тәжібаев


Абылғазы Нағыметов,

филология ғылымдарының кандидаты
КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМ
Профессор Б. Кенжебаев - ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақын, жазушыларының творчествосы мен өмірін, әсіресе, қазақтың Абайдан кейінгі көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт твочествосын кеңінен зерттеп қарастырған, бұл салада көптеген ғылыми мақалалар мен кітаптар жазған ғалым. Ол сондай-ақ Абай шығармаларын зерттеп және қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, кезінде ол жөнінде бағалы пікір де айтты. Мұның үстіне республикамыздың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, ұлттық ғылымды көркейту, ғылым кадрларын даярлау ісіне белсене араласып отырды.

Б. Кенжебаев 1904 жылы 4 октябрьде қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданының Бөген деген жерінде дүниеге келген. Жас кезінде ата-анасынан бірдей айрылғандықтан, тұрмыстың ауыртпалығын көп көреді, жетімдіктің азабын мол тартады. 1915-1918 жылдары ауылдағы ауқаттылардың қойын бағады. Сөйтіп, он бір жасынан бастап-ақ өз еңбегімен күн көреді. 1919 жылы өзінен гөрі естияр балаларға еріп Ташкентке келеді, шай, жүн заводтарында қара жұмыс істейді. 1920 жылы Ғани Мұратбаевтың тікелей көмегімен балалар үйіне орналасады. Ол мұнда тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттап, білім бұлағына бас қояды сауаттын ашады және комсомол қатарына кіреді. Өміріндегі бұл қуанышты оқиғаға көңілі толған, балалар үйіндегі тәуір тұрмысқа риза болған Бейсенбай комсомолдық жұмыстарға белсене қатысады. Комсомолдық жұмыстан қолы бос кездерінде, «Лениншіл жас» газеті мен «Жас Қайрат» журналына мақала жазып жүреді. Бірте-бірте тілші болуға құштарлығы күшейе түседі.

1922 жылы Б.Кенжебаевты комсомол ұйымы белсенді әрі қабілетті комсомолец ретінде Күншығыс еңбекшілерінің Москвадағы Коммунистік университетіне (КУТВ) оқуға жібереді. Университетті 1925 жылы бітіреді де, қоғамдық жұмысты өзіне жас шағынан еліктеткен журналистік қызметтен бастайды. «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары болады. Кейіннен «Еңбекші Қазақтың» («Соцалистік Қазақстанның») партия бөліміне жетекшілік жасайды. Осы кездерден бастап, туған әдебиетіміздің кейде кезектегі мәселелеріне, кейде проблемалық мәселелеріне арналған сын-зерттеу мақалаларын жазады. Бұған 1925 жылы «Еңбекші қазақтың» август айындағы екі нөмерінде жарияланған «Абай» т.б. әдеби-сын мақалалары айғақ. Бұларға қоса «Пионер бастықтырына серік», «Ауылда қабырға газетін қалай шығару керек?» т.б. методикалық көмекші кітаптарын баспадан шығарады.

Б.Кенжебаев 1928 жылы Лениндік партия қатарына қабылданады. 1929 жылдан 1930 жылдың аяғына дейін Павлодарда «Кеңес туы» газетін шығарып, оның редакторы болады. Сонан соң ВКП (б) Қазақстан өлкелік комитеті коммунист Б.Кенжебаевты Павлодардан Алматыға шақырып алады. Бұл қызметті 1932 жылдың апрель айына дейін атқарады. Бұл кездері баспасөздің бүге-шігесін жетік білетін шебер журналистігімен жұртқа танылады. Б.Кенжебаевтың осы қабілетін Қазақстан өлкелік партия комитеті жоғары бағалап, оны Оңтүстік Қазақстан облысында газет шығаруға жұмсайды. Б.Кенжебаев Шымкентте «Оңтүстік Қазақстан» газетін шығаруға қатысып, оның алғашқы редакторы болады. 1933 жылдың майында өлкелік партия комитеті Б.Кенжебаевты астанаға шақырып, «Партиздаттың» редактор қызмет атқаруды міндеттейді.

Қазақстан өлкелік партия комитеті 1935 жылы ВКП(б) Орталық Комитетінің жанындағы марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерін аударушылар-редакторлар курсына (Центральный курс редакторов-переводчиков классиков марксизма-ленинизма) оқуға жібереді. Бұл курсты бітірген соң, Москвада «Ведомости Верховного Совета СССР» газетінде қазақ бөлімінің аудармашысы болады. Б.Кенжебаев бұл қызметті атқара жүріп, М.Горький атындағы әдебиет институтында оқиды. Ал 1941-43 жылдары Қазақтың Біріккен Мемлекеттік баспасының бас редакторы қызметін істейді. Бір жағынан Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып, оны осы 1943 жылы бітіреді. Үнемі жұмыс істей жүріп оқып, жоғары білім алған Бейсекең 1943 жылы өзі бітірген университетке оқытушылық қызметке ауысады. Осыдан былай қарай Б.Кенжебайұлы еңбегінің екінші бір үлкен саласы ғылыми-педагогикалық қызметі басталады.

Осы кезден бастап ғылыми жұмыспен айналысады. 1946 жылы «С. Торайғыровтың ақындығы» деген кітапшасын жарыққа шығарады. Әрі осы еңбегінің негізінде 1946 жылы кандидиттық диссертация, ал 1959 жыл «Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ жазушылары» деген көлемді еңбегі негізінде докторлық диссертация қорғайды.

Бұл еңбек қазақ әдебиетінің аз тексерілген тұтас бір дәуірінен жасалған тиянақты зерттеу болды. Әсіресе профессор Б.Кенжебаев бұл зерттеу еңбегінде С.Торайғыровтың қазақ әдебиеті тарихындағы орнын анықтауда, оның қандай ақын болғандығын, көзқарасын, идеялық бетін танытуда бірқатар соны, өзіндік пікір, бағыт ұстанған.

Ол өзінің 1925 жылғы «Абай» деген мақаласында Қазақ әдебиеті зерттеушілерінің ішінде алғаш Абайды жазба әдебиетіміздің басы, негізін қалаушы деп пікір айтушылардың бірі болды.

Сол сияқты Б.Кенжебаев 1948 жылы М.Әуезовтің редакторлығымен шыққан «Қазақ әдебиеті тарихының» фольклор, салт өлеңдер, тарихи жырлар деген тарауларын да жазды.
Осы уақытқа дейін жер әлемде қалған қазақ ішінде жалғыз-ақ ұлтшыл бар, ол – мен деп ойлаушы едім. Шын фанатик ұлтшыл – менің ұлы ұстазым Бейсенбай Кенжебаев екен.
Мұхтар Мағауин


Дүйсенбек Қанатбаев
ҒЫЛЫМ ҚЫРҚАСЫНАН
Профессор өз оқушыларымен кездесу кешінде бір сирек ұшырасатын кітаптың желімденіп қалған екі бетін жыртпай, сөз бедерін жоғалтпай қалай ажыратқанын қызықты қып айтып берген. Біз сонда оның ерінбейтін, талмайтын қаншалықты ұқыпты жан екендігіне таң қалғанбыз. Үлкен ғалымға тән осы ерекшелігімен, еңбекқорлығымен Бейсекең туған әдебиетіне айтарлықтай үлес қосты. Оның қазақ ауыз әдебиетінің сала-салаларын жүйелеуге, XX ғасыр әдебиетін зерттеуге, қазақ өлеңдерінің құрылысын талдауға, қазақ баспасөзінің тарихын жасасуға жіберген қыруар еңбегін түгелдей атап жеткізу қиын.

Жиырма бір жастағы балғын жігіт 1925 жылы «Лениншіл жас» журналында (қазіргі «Лениншіл жас» газеті) «Абай» атты мақала жариялап, сол кездегі қиыншылықтарға қарамастан, Абайдың прогрессшіл ақын екендігін тұңғыш рет жария етті. Бойындағы бар күш қабілетін, білім-парасатын сонан бері, ұзақ жылдар бойы халық игілігіне, әдебиет игілігіне жұмсап келді.

«Ащы мен тұшыны татқан біледі». Бейсекең әр кез туған әдебиетінің басы-қасында болды. Онымен бітегей бауырласып, ыстығына күйіп, суығына тоңды. Қазақ әдебиетімен бірге жасасып, бірге марқайды.

Ғылыммен еңбегі жанса, ойланғаны орындалса, жиған-түйгені оқырманға жетіп, оның рухани есеюіне, ержетуіне себепші болса, одан озған бақыт бар ма? Абзал ұстаз, жасампаз ғалым осыған қуанған. Қазақ халқының данышпан, ұлы, ардагер ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровты білмейтін жан қазір кемде-кем. Жұртшылық алдына Сұлтанмахмұтты алғаш танытқан да, біздің Бейсекең болатын. Үлкен ақынның бай творчествосын зерттеуге талай жылын сарп етті. Кандидаттық диссертациясын «Сұлтанмахмұттың ақындығынан» қорғады.

Әрине, твочествосы қым-қуат ауытқуларға толы, өмір жолы күрделі де қиын кезеңдерден өткен ақынның еңбегін алғаш боп зерттегенде сүрінбеу, жаңылмау да мүмкін емес еді.

Зерттеуші ақынның өскен ортасы, даму эволюциясына терең үңіліп, оны сол кездегі қоғамдық ой-өрістен бөліп алмай, әділ бағасын берді. Сұлтанмахмұттың ақындығын, ой-парасатын тек қана зерттеу жұмыстарында ғана емес, оның қайшылыққа толы өмірін Бейсекең көркем шығармада да көрсетті. Соңғы жылдары газет бетінде жарияланған «Жалын», «Егес», т.б. әңгімелері бұған дәлел.

Әдебиет тарихын тіл білімімен қоғам тану білімдерімен, халық тарихымен, жалпы тарихпен тығыз байланысты қарастырған және осы байланыстылық Б.Кенжебаевтың соңғы кезде жазылған «Қазақтың жазба әдебиетін қай кезден бастаймыз» деген мәселе тұсында айтқан пікірлерінен де айқын көрінеді. Келелі дәләлдер, көрші халықтардың әдебиетіне назар аудару, ғылымға ой көзін кең сілтеуге себепші болған. Қазақ халқы XV- ғасырдан бастап халық болды десек, оның түп тамыры әріректе, тереңде. Демек әдебиеті де бір сәтте қалыптаса қойған жоқ, оның да тамырын тереңнен іздеу керек. Ғалымның бұл ойымен санаспауға болмайды.

Бейсекең ел алдыңдағы, болашақ ұрпақ алдындағы борышын барынша мол сезінді, сондықтан да ол өзінің бар күшін-қуатын, қайрат-қажырын ғылымға, әдебиет ғылымына арнап келеді. Сүбелі зерттеулердің бірі - «Қазақ халқының ХХ - ғасыр басындағы демократ ақын-жазушылары» атты еңбегін үшін оған филология ғылымдарының докторы атағы берілген. Ғалымның бұл еңбегі де қарапайым оқырман жұртшылыққа түсінікті. Бейсекең бұл тұста да қазақ әдебиеті мен оның тарихын бағалайтын жандарға әсем, жан тебірентер әңгіме айтады, білген-түйгенін ортаға салады.

ҚазМУ-дің профессоры, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болған Б.Кенжебаев бір сәтке өз шәкірттерінен көз жазған кісі емес. Қазақстанның қай түпкірінен болса да Байсекеңнен тағлым алған шәкірттерін жүздеп кездестіруге болады. Ең кенже шәкірттері университет аудиторияларында дәріс оқып жүрсе, қайсы бірі өзіндей ғалым боп докторлық диссертация қорғады. Барлығы да ардақты ұстазына ырза, ілтифатпен қарайды.

Кешегі қойшы бала, бүгін алуан қырдан асыпты. Оны осы жемісті жолда рухтандырып, шабыттандырып отырған, шындық, зор идея, ұлт саясатының салтанаты, халық қаһармандығы. Бұндай ортада Бейсекең ешқашан ұмытылмайды. Ол қалтасынан Шал ақынның кәрілік туралы бір өлеңін шығарып алып оқиды да: «Көрдіңдер ме, менде бұл белгілердің біреуі де жоқ: шашым ағармаған, көзімнің нұры оңған жоқ, белім тіп-тік, әлі жаспын, балалар!» дейді. Біздің жадымызда Бейсекең бүкіл бітімінде сарқылмас қуат бар, сенім мол азамат болып қала береді.


Мәңгілік жасайтын кім бар дейсің, мынау жалғанда?! Әр адамның артына жақсы өнеге қалдырып аттануы мұрат қой. Жақсы аға, жайсаң жан - Бейсенбай Кенжебаев осындай бір өнегелі кісі еді.



Мұхаметжан Қаратаев


Мылтықбай Қараев,

филология ғылымдарының докторы,

профессор


Каталог: bitstream -> handle -> data -> 10985
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет