Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)



бет9/11
Дата23.10.2016
өлшемі1,89 Mb.
#50
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Әбілмәжін Жұмабай


ӨМІРДЕ АДАЛ, ҒЫЛЫМДА АРЛЫ ЕДІ
Біз Бейсекеңді жігіт ағасы жасына келіп тоқтасқан, толысқан шағында көрдік. 1968 жылы университетте, журналистика бөлімінің ІҮ курсында оқып жүрген кезіміз. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті жөнінен арнаулы курсты Б.Кенжебаев оқиды деген соны хабарды төрт жылдан бергі тұрақты старостамыз Балғабек Қыдырбекұлы алып келді. Бірақ біз ол кезде осы бір шашын әмәндә «кірпі» етіп тікірейте, қыдитып, жарасты кәстөміне лайықты етіп галстук тағып, мұнтаздай болып, баяу басып жүретін, көзілдірікті, аққұба кісінің тіршіліктің кермегін көбірек татып, қиын өмір мектебінен өткенін білмейтінбіз. Ал, қазақ әдебиеттану ғылымының сонау бастау бұлағының қайнар көзінде тұрып, сонымен бірге жасап, әдебиетіміздің кірпішін бірге қаласып келе жатқанынан да бейхабар едік.

Бірақ кімге болса да жуаси беру жараспайды. Өз басым бұл кісінің атымен сырттай соғыстың соңғы жылдарынан танысқанмын. Өйткені ауылда бірер жыл жүк тасушы болып істегенде басқарушы Әбиі дейтін ағамыз қолы қалт етсе, маған газет оқытатын. Содан Бейсекеңнің Ахмет Жұбанов пен Ісмет Кеңесбаев туралы очерктерін оқып бергенім бар. Бұл материалдар ағаларымыздың ғылым докторлары атағын алуына байланысты жазылған еді. Бәрінен де сол 1945 жылдың маусымында «Социалистік Қазақстан» газетінің бетін түгел алған, Ғали Орманов пен Тайыр Жароковтың ақындығын салыстыра келе, Ғалекеңді «сыбырлақ ақын», Тәкеңді «айғайшыл ақын» деп айтқан пікірі тосындығымен қайран қалдырған. Осыдан кейін-ақ Б.Кенжебаевтың қолымен шыққан дүниенің бәрін қызыға қарап шығатынмын. Содан ба, әлде Мұқаңның аруағының аты ма, әйтеуір, М.Әуезов пен Бейсекеңнің «Абайдың туғанына 100 толуы қарсаңында» айдарынан «Социалистік Қазақстанда» шыққан «Абай – қазақ халқының бас ақыны» деген тұтас бір беттік мақаланы да назардан тыс қалдырғаным жоқ. Қайран, зулап бара жатқан уақыт-ай десеңші! Енді ақынның 160 жылдығы болып отыр.

Өз басымның Бейсекеңнің дәрісін тыңдағанға дейінгі, ол кісі жөніндегі «Ғылыми багажымның» сиқы міне осындай болатын. Бірақ сол кездегі студенттер деңгейі өзім құралыптас деуден аулақпын. Бүгінгідей мерейтой үстінде аздап асырып айтсақ, ағаттық болмайды. Жасыратыны жоқ, Бейсекең мені ә дегеннен-ақ толғамды да, тапқыр теңеулерімен, кестелі, нақышты тілімен көпшілікті баурап алып кететін «желім ауыз – жез таңдай» шешендер қатарына жатпайтын. Даусын онша көтермей, оны айтылатын ой, келтірілетін дәлел, дәйектеріне қарай, құбылтып, құлпыртып, бір қалып, бір сарында, әуелгі отырған, не тұрған күйінен айнымай көзілдірік астынан өңкей қылқан бастарға оқта-текте сығырая бір қарап қойып, сөйлей беру, әрине, шыдамсыз жас шіркінге қайдан ұнасын. Бейсекеңе бір жетпесе – актерлік қасиет жетпейтін. Бұл кісіні тыңдауға ынталы көңіл, ықыласты құлақ, тиянақты төзім керек-ті? Бейсекең дәрісінің байлығы сонда ғана бүкіл ажарымен, базарымен ашылатын. Мәселенки, біз одан бұрын: Қазан төңкерісіне дейін қазақ жаппай сауатсыз, қараңғы, надан халық болған. Өзінің жазу-сызуы болмаған. Сол түнерген кеңістікте жарықтың нәзік сәулесіндей болып, тек Абай, Ыбырайлар жылт-жылт етіп көрініп тұратын,- деп оқығынбыз. Ал, енді Бейсекеңнің жайымен, тіпті кейде ыбылжып кететін сөздеріне зейін қойып тыңдасақ, біздің ұлан даламыздың өзіне тән рухани өмірінің қазаны бүлкілдеп қайнап жатқан. Газет-журналдар шыққан. Қазан, Орынбор, Ташкент, Семей, Петербургтен қазақ кітаптары басылып, тарап отырған. Ал, туған халқының өнер, білімге шақырған ақын-жазушылар қанша! Өзімізге азды-көпті таныс Спандияр, Сәбит, Сұлтанмахмұттармен қатар шыққан талантты ақындар да көп екен. Ақмолла, Ә.Шоқанов, М.Қалтаев, Б.Өтетілеуов, Ә.Ғалымов, Ш.Жәңгіров сияқты аты-жөнін белгісіз кісілерді естідік. Әрине, қысқа газет мақаласында оның қайсыбірін айтып тауысасың.

Көпке дейін ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің идеялық, көркемдік дәрежесі төмен, ескішіл, ұлтшыл, байшыл әдебиет, тіпті, ол кезде шын мағынасындағы әдебиет болған жоқ,- деген даурықпа дойыр пікірлер бел алып, жабулы қазан жабық күйінде жата берген. Тегі Бейсекең өзінің «ақырын жүріп анық басатын» байсалды да, байыпты мінезімен Сұлтанмахмұт творчествосы жөнінен кандидаттық диссертация әзірлеу, қорғау барысында сол дәуір әдебиетін терең де, тиянақты зерттесе керек. Ол сонын бірқатар бағалы еңбектер де жазды. 1950 жылдың аяғында М.Әуезовтің басшылығымен докторлық диссертация да қорғады. Ал, енді осындай істелген зор жұмысты, орасан бай материалды, халық қазынасын соның өз қажетіне жараттыруы үшін қанша жігер керек!

Ал, қазақтың ертедегі дәуір әдебиетін жалғанның жарығына шығару ісіне мұрындық болғанын жақсы білеміз. Бұл жөнінде 1960 жылдың жазында «Қазақ әдебиеті» газетінде Б.Кенжебаевтың дау-дамайы көп мақаласымен айтыс бастап, осы мәселеге бір қозғау салғанымыз бар. Көп жылдарға созылған осынау айтыс-тартыста Бейсекеңнің күрескерлік қасиеті, табандылығы, принциптілігі анық танылған. Нәтижесінде қазақ әдебиетінің тарихы ХҮІІІ ғасырдан ҮІІІ ғаысрға дейін ілгеріледі. Сөйтіп, қазақтың әдебиеттану ғылымы бұрынғыдан да қорланып, байи түсті.

«Шәкіртсіз ғалым - тұл» дейді аталарымыз. Бейсекеңнің ой-шұқыры көп. Тас қиыршықты ұзақ ұстаздық жолы жемісті болды. Ол талантты зерттеушілермен қатар ғалымдардың үлкен бір тобын даярлады. Ұлағатты ұстаздың өзі тірісінде-ақ кейбір дарынды шәкірттері көне дәуір әдебиетіне тереңдей еніп, аса құнды зерттеу еңбектерін шығарды. Бұл жөнінде ең алдымен әдебиетші-ғалым, талантты жазушы, республика мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» кітабын, 1979 жылы Ленинградта орыс тілінде шығарған «Поэты Казахстана» жинағын айрықша атау керек. Осынау кітаптарда тұңғыш рет халқымыздың қиын тағдырын толғайтын бес ғасырлық жыры бар даусымен естілді. Ал, соңғы орыс тіліндегі жинақта Шәкәрім, Омар Қарашев, Бернияз Күлеев, Қазақстанда шықпай тұрып, әуелі Одаққа, қалды барша әлемге тарады: Ғалым, азамат Мырзатай Жолдасбеков Орхон-Енисей ескерткіштерінің тарихын, тағдыр талайын індете зерттеп, ежелгі әдебиетіміз жөнінде байсалды еңбек жазды. Ал, сол ескерткіштерімізді ана тілімізде шешен де көркем сөйлеткені қандай! Белгілі ғалым, әдебиетші, аудармашы, Шәһды төре Жангөров туралы тұрлаулы еңбек авторы Нәмәт Келімбетов ежелгі әдебиет туралы оқулық жазып, оны екі рет басып та шығарды. Ал, Ханғали Сүйіншәлиевтің, Тұрсынбек Кәкішевтің, Рымғали Нұрғалиевтың және басқа өзекті зерттеулері әдеби-сыншылық еңбектері халық игілігіне айналды.

Бейсекең жаңа дәуір әдебиетімен бірге жасасып, оның қайғы-қуанышын, ащы-тұщысын бірге тартты. Сонау 1925 жылы «Еңбекші қазақта» жарияланған Абай туралы мақаласынан бастап, 1983 жылы жазылған атақты әнші Үкілі Ыбырай жөніндегі очеркіне дейінгі жартығасырлық сыншылық жолында әдебиетіміздің шаршауды білмес, білікті жанашыры болды. 1984 жылы сүйікті ұстазымыз 80 жасқа толар кезде оның «Жемісті жылдар» атты кітабын Тұрсынбек Кәкішевтің белсене қатысуымен, «Ұстаз мерейі» мақаласымен қоса, «Жазушы» баспасынан шығардық. Ақсақал балаша қуанды:

- Қарағым, Әбілмәжін, дән ризамын!.. Ұстаз сыйы. Б.Кенжебаев ІІ.ҮІІ.84, - деп жазып, сол кітабынынң бір данасын сыйлады. Сол қымбат тарту жақсы ағамыздың әрдайым есімізге салып, кітап текшесінде тұр.




Табиғатында мейлінше момын, кішіпейіл, таза еңбектен басқа қысыр сөзге әуестігі жоқ, көзі жеткен шындықтан шегінбейтін, дұрыстығын дәлелдей алатын қайсар, халықтың биік мүддесін өзінің жеке басының мүддесі үшін құрбандыққа шалмайтын, дарынды, қабілетті шәкірттеріне ғылымының асыл мұратын түсіндіруден жалықпайтын мейірімді ұстаз, шын мәніндегі үлкен адам, азамат Бейсенбай Кенжебаевтың өмірлік һәм ғылымдық жолы – ғылым әлеміне қадам басқандардың қай-қайсысынан да өнегелі жол.
Рахманқұл Бердібай


Мұхтар Мағауин,

филология ғылымдарының кандидаты
ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ
Жасым жиырма екіде, 1962 жыл, қара күз. Мен аспирантпын. Қазақ мемлекеттік университеті, филология факультеті, қазақ әдебиеті кафедрасы.

Университетті осы жазда ғана бітіргем. Мені екінші курстан бастап қадағалаған ұлы ұстазым профессор Бейсенбай Кенжебаев республиканың Жоғары білім министіріне дейін барып жүріп, мен үшін бір орынды әрең сұрап алып еді. Алдын-ала бар жағдайда біліп, үлкен қам жасады. Қабылдау емтиханында шет тіл – еуропалық: ағылшын, неміс, яки француз ғана болуға тиіс екен. Ал біз университетте бұлардың ешқайсысын оқығамыз жоқ, араб тілінен ғана қара таныдық. Бейсекең республикалық министрлікке барып, ештеңе шығара алмады, Мәскеуге жазу керек көрінеді. Солай да солай, араб тілін оқыған, араб тілі болашақ зерттеу тақырыбы үшін де керек, аспирантураға қабылдау емтиханы ретінде рұқсат беруіңіз сұраймыз деген ресми қағаз университет ректорының қолы қойылып, Мәскеуге кетті. Оған екі айдан астам уақыт жауап келмеген соң, қайыра жолданды. Мұның бәрі – менен айырылса, қазақ ғылымы қаусап қалатындай, бар іждағат, жігерімен қатты кіріскен Бейсекеңнің әрекеті. Мен университет бітірер – бітірместен басталған іс. Ақыры, қыркүйектің соңына таман, аспирантураның қабылдау емтиханы қарсаңында рұқсат келді. Орын біреу - менікі, талапкер көп болып шықты, сайдың тасындай тағы жеті жігіт құжат тапсырыпты. Бізбен бірге бітірген балалар арасында да үміткер - жетеу еді. Жеті жігіт үздік дипломмен бітірген. Солардың қай-қайсы да ғылымның үлкен жүгін көтерер азамат болып шығар еді. Бірақ шаруашылық қана емес, бар тіршілік кесімді жоспарға бағындырылған, өткен жылы аспирантураға үш орын беріліпті, кафедра меңгерушісі Бейсекең болашақтан қауіптеніп, үш баланы да келер жылы аламын деп, қабыл көрмеген, нәтижесінде мүлде құралақан қала жаздады. Енді, төрт жыл күтіп, танда алып қалған менің орныма мұндай талас туып отыр. Сыртта, көлденеңде не әңгіме болды – білмеймін, Бейсекең тосын қолқа мен өкпе, салмақтың ешқайсысына илікпесе керек, арнайы рефераттан тыс үш сынақ – мамандық, шет тілі, қоғамтану бойынша емтихан нәтижесінде мен, - шынтуайты сол, сүйемел де бар, - ең жоғары ұпай жинап, аспирантураға түстім. Менен гөрі Бейсекең көбірек қуанды ғой деймін.



Тақырыбым белгілі – «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет». Бұдан бұрын Бейсекеңнің бір аспиранты түбіне жете алмай, аяқсыз қалдырған. Енді маған жүктелмек. Мен ол кезде қиыннан қорықпаймын, қолымнан келмейтін нәрсе жоқ деп білем, тасқа шабудан тайынбайтын сияқтымын, бірақ алмағайып, аусар іске бармас едім, соңғы елу жылда біздің әулеттің басынан өткен опат пен топан мені мөлшерлі сақтықта қалыптаған, әуелі қазақ эпосынан шұғыл қорғап алайын, содаң соң, ғылыми атақтың қалқасында мына тақырыпқа табандап отырайын деп үгіттеп көріп едім, мені баласындай еркін ұстайтын Бейсекем илікпеді. Мына тақырыпты тез игеру керек, арғы, Алтын Орда кезеңін келер жылы тағы бір аспирантқа тапсырамын, жиырма бес жасыңда кандидат боласың, фольклорға содан соң түсерсің, отызға дейін докторлық қорғап үлгересің, одан әрі қаншама өмір, қаншама зерттеу тұр алдыңда, әуелі мына шаруаны жеріне жеткіз деді. Бейсекем осылай, тым биіктен межелеп отыр, ал мен кандидаттық диссертацияның өзінің ауылы алыстап кеткенін көріп тұрмын. Бірақ ақсақал көрінбеді. Тақырыптың ауқымын межеледік. Арыда Асан Қайғы, беріде Бұқар жырау. Асан қайғыңыз – аңыз, Бұқар жыраудың өзінің басы ашық емес. Ал екі орта үңірейіп тұр. «Ел болған соң, халық болған соң әдебиет те болады, - деді Бейсекең. – Мұқият қарастырып көрсең, бірдеңе табылып қалар. Табылмаса... – деді Бейсекең, - қазақ эпосының үлгілерін бір тарау етіп аламыз. Едіге де, Шора да... Қарасай, Қазы... бәрі де ХҮ ғасырдан беріде туған...» «Бейсеке, олар тұтасымен көгенделіп, халық жауы деп жарияланған ғой, қаулыға енген ғой... Одан да таза қазақ эпосының өзін дербес тақырып етіп алмаймыз бар?» «сөз тоспайсың...- деді Бейсекең ренжіп. – Мен жалпы сұлбасын айтып тұрмын ғой. Оларды атамай – ақ қой. Берідегі Қабанбай, Олжабай, Бөгенбай, Барақ... XVIII ғасырда жасаған, басы ашық тұлғалар бар емес пе?» «Бейсеке, онда біздің тақырыбымыз тарихи жырлар болады ғой», - деймін. Бейсекем әлдебір қағаздарды ақтарыстап, күйгелектеніп қалды. «Өзің уайымшыл екенсің, - деді шынымен-ақ өкпелеп. – Бастамай жатып түңіліп отырсың. Бұл тақырыпты мен саған бұдан бес жыл бұрын айтқам. Содан бері не бітірдің?..» Онысы рас. Бес емес, төрт жыл бұрын. Мен университеттің екінші курсында жүргенде. «Абай және шығыс әдебиеті» деген курс жұмысын жаздым. Бейсекемнің және сол кездегі кафедра меңгерушісі Мәсура апай Сармурзинаның қолдауымен, Мәскеу, Ленинград, Новосибир, Тбилисиден бастап, бүкіл Орталық Азия университеттерінің талапкер жастары бас қосқан Студенттердің ғылыми конференциясына қатысып, ежелгі айбын, сәулеті тозбаған Самарқаннан мақтау қағаз алып қайтқам, бұл менің кең дүниеге алғаш шығуым, бар жарияның басы екен, игілік бұдан да зор болатын еді, Бейсекем жолдама жазып, өз қолымен ұсынған мақалама «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналындағы дүмшелер жол ашпай қойды, міне, сол мақаланың, мақаладан бұрынғы курс жұмысының кезінде айтқан, он сегіз жасқа жаңа ілінген қаршадай балаға: «Университетті бітірген соң аспирантураға алып қалам, қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетті зерттейсің, дайындала бер!» - деген. Мен дайындалдым. Болашақ ғылыми жұмыстарға ғана емес, үлкен жазушылыққа. Қазақтың, бүкіл Орталық Азияның, Ресейдің, Әлемнің тарихын төңкеріп шықтым, Шығыстың, Батыстың – антик дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі дүние әдебиетінің орыс тілінде бар нұсқаларын түгел бажайлап тексердім; оқумен ғана шектелгем жоқ, әдеби сын, зерттеу мақалалары өз алдына, прозашы қаламгер ретінде де белгілі бір өреге жеттім деп білдім. Тау қопарып, тас бұзамын деп тұрмын, сонда да жүрегім дауаламайды. Зады, мен ақыр түбінде нәтижесіз болары анық іске шатылып көрген емеспін. Ерліктің, тәуекелдің жөні бір басқа. Бітеу жартасты төбеңмен сүзіп бұза алмайсың, теңізді тізелеп жалдай алмайсың. Сақтық, абайшылдық емес, жұпыны ғана ақыл ісі. Бейсекеңнің маған артқан жүгі – ақылға сыймас ауыр еді. Ауыр емес, буалдыр, елесі жоқ. Сол жоқты барға көшіріп, селдір тұманды батпан-батпан, тай-тай жүкке айналдырып, қияметтің қыл көпірінен арқалап өтуім керек екен. Бейсекем мені аямады. Немесе, ғажайыпқа сенді. Осы уақытқа дейін жер әлемде қалған қазақ ішінде жалғыз-ақ ұлтшыл бар, ол – мен деп ойлаушы едім. Шын фанатик ұлтшыл – менің ұлы ұстазым Бейсенбай Кенжебаев екен.

Университеттің Ғылыми кеңесінде диссертация тақырыбын бекітетін күн келді. Мен ең соңғы сәтте Бейсекемді тақырып атауы – «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» емес, «XV-XVIII ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» болсын деп, үгіттеп, әрең көндірдім. Мәнісі біреу-ақ еді. «Қазақ хандығы» деген сөз, қазір бекісе де, кейін бөгесін болады. Оның үстіне, шегінер жол қалдырмақ болдым: жан қиналса, арғы дәуірге шолу ғана жасап, XVIII ғасырдағы Бұқар жыраудың жалғыз өзімен-ақ шығып кетуге болады, немесе, қазақ кезеңінде қалыптасқан эпос үлгілерін ежелгі дәстүр, өлең өрнегі тұрғысынан қарастырып, көлем толтыруға болады; диссертация жазылып болған соң тақырыбын нақтылай жатармыз деп, келісті. Ол кезде Университеттің Ғылыми кеңесі ағылшынның Лордтар палатасының жиынындай көрінеді, шынында да, өте үлкен, Одаққа, одан да арыға танылған ғалымдар бар, математик, физик, биолог – барлық факультеттің бетке шығары, бұлардың ішінде маған химия профессоры, доктор Батырбек ақсақалдың жүзі ерекше нұрлы көрінеді, бұл – баяғы Алаш Ордаға ұйытқы болған азаматтардың бірі – Ахмет Бірімжановтың бел баласы, сол ма деп сұрағанда Бейсекең айтқан, сол деген, бар екен, жүр екен, сырттай сүйсінемін; бұларға қоса өзіміздің филологтардың атақтылары да осы Кеңеске мүше, басқаларға қарағанда жақын туысқан сияқты; орыс бөлімінде сабақ беретін, Мағжанның ақындық тілін зерттеуге бар ғұмырын арнаған, ұлты татар, профессор Хайролла Махмұдов менің түрімді көргісі келді, түрегеп тұруды ұмытып кеткен екенбіз, бой көрсеттік, өте маңызды, қажетті, зәру тақырып, бекіту керек деген сөз тастады, бекідік. «Ал енді жұмыс жаса! – деді Бейсекең менімен бірге шығып. Содан соң мәжіліс залына қайта кіріп бара жатып, - Үйленіп қойма! – деді. – Онда жұмысың аяқсыз қалады!..» Маған осы сөзді айту үшін ғана шыққандай. Кейінге іркуге болмаған. Мен оңаша қалған соң, ризашылықпен күліп алсам керек. Ұстазымның екі тапсырмасы да оғаш көрінген: біріншісі – мәнсіз, онсыз да жұмыс жасаймын; екіншісі – қажетсіз, үйленгім келсе үйленем, оның оқу мен жазуға себі болмаса, бөгеті болмайды деп білемін. Қазір ойласам, ұстазымның екі сөзі де орынды, біріншісі – қамшылау, екіншісі – сақтандыру, ал қалбалақтап менімен бірге шығып, жөппелдеме айтып жатқаны – қуаныш әсері екен. Мен мына тақырыпқа онша құмартып тұрғаным жоқ, қалай болады деген қауіп Бейсекеңде көбірек болса керек. Әлбетте, бұл жолы да өзі үшін емес, мен үшін, менен гөрі ғылым мұраты үшін көбірек қуанған.

«Аспирант – это звучит гордо!» - сол кездегі біздің мәтел. Аспирант деген сөз – асқақ естіледі. Ол кезде студент дегеннің өзі үлкен мәртебе. Ал аспирант – ғылымның болашақ тетігі, ұлттың ертеңгі тұлғасы. Қазіргі академиктен әлдеқайда жоғары. Ал менің өзім кейінгі Лауреат, Халық жазушысы атағынан бір де кем санағам жоқ. Бәлкім, көбірек масаттанған шығармын. Мақтаншақтық - әуел бастан, оның үстіне мен жас кезімде тым атаққұмар болған сияқтымын. Жалған атақ, бояма мансап емес, еңбекпен келген абырой, жол ашар мәртебе, ісіңе байып беретін даңқ. Оның үстіне, мен қатарлас жігіттердің біразы, тіпті, бірге оқыған, бірге өскен достарым домбыра, жария жөнінен менен көп ілгері кеткен. Менің, шын мәнісінде, баспаға шыққан бір ауыз сөзім жоқ, олар мақала, әңгіме, поэма, хикаяттан озып, жеке кітапқа тақаған, кеудең толып, күшің қайнап тұр, қалай қуанбассың. Бірақ имандай шынымды айтайын, мен ешқашан ешкіммен жарысқам жоқ, өзіммен өзім ғана жарысып келем. Содан соңғы әруақ алдындағы ақиқат - өнер, ғылым тарабында ешқашан ешкімге қызғаныш болып көрген емес. Жақсыға қуанып келем - әдебиеттің өрісі кеңейеді, ұлттың тұрғысы бекиді, онсызда ортайған өнім, онсызда шайқалған шаңырақ; ұлы орыс әдебиетінің XIX ғасырына Толстой, Тургенев, Достоевский, Пушкин, Лермонтов, Чехов, тағы қаншама ұлылар сыйғанда, қазақтың ұлттық әдебиетіне бес-алты адам сыймаушы ма еді, ірілер көбейген сайын сенің де тынысың кеңейеді, бұл – жалпы өлшем, ал жалқыға келсек, әлдене тындырып үлгерген кеше мен бүгін ғана емес, ештеңе бітпеген, жаңа бастаған жас кездің өзінде, қазақта қандай үлкен қаламгер туса да, бәрібір мен ілгері боламын деген сенім бар еді, яғни менің атаққұмарлығым – жол ашу, өзімнің өнердегі, ғылымдағы мұратымды жеріне жеткізу үшін қажетті тірек табу талабы болса керек. Бірақ тақырып бекіген күннен бастап, мен тығырыққа тірелдім.

Бейсекемнің маған деген сенімі мен ықыласы – ұстаздың шәкіртке, әкенің балаға, адамның адамға деген сенімінің өлшеміне келмейтін, ықыласының аясына сыймайтын, өзгеше сырлы қатынас екен. Еркіме, бетіме қоя берді. Айына бір телефон шалам. Екі айда бір баруым мүмкін. Артық әңгіме айтпайды. Тықақтап тексермейді. Үлкен ағаның алдына, сәлемдесе келген жақын туысқан сияқты, көлденең кеңеспен отырамыз. Хабарласуды ұмытып, екі-үш ай озып кетуі мүмкін. Қайда жүрдің, не болды деп және сұрамайды. Әлдебір кітап, деректі еске салады. Орта ғасыр әдебиеті мен тарихына қатысты біраз кітабын менен бұрынғы сәтсіз аспиранты алып кеткен екен. Мен өзім де кітапқа сараңмын, қалғанын сұрап мазалағам жоқ. Бейсекемнің ең үлкен қызметі – берік қорған еді. Маған ешкім батпайды, қожалық жүргізе алмайды. Дербес күй кештім. Қазір ойлап тұрсам, ешқашанда аспирантураның үш жылындай еркін, азат ғұмыр сүрмеген екем. «Шет тілінің минимумын тапсырдым» ,- деп телефон соғам. «Дұрыс» ,- дейді Бейсекем. «Философияның минимумын тапсырдым» . Тағы да: «Дұрыс». «Ауылға кеттім. Екі ай жатып, қымыз ішіп келем.» «Дұрыс». «Қажетті біраз кітаптарды ала кетем». «Дұрыс». Бейсекем менің бір күн, бір сағатты қалт жібермейтінімді біледі. Сондықтан бәрі дұрыс. Бірақ әзірше өнім, нәтиже шамалы еді. Міне, қайратты бір жылым, бір жылдан астам алтын уақытым кандидаттық минимумдар соңында кетті. Екінші жыл... Опырып, жапырып тастауым керек. Таңғы сағат тоғыздан кешкі сағат он-он бірге дейінгі мекен жайым – Республикалық орталық кітапхананың және Ғылым Академиясы кітапханасының «Сирек кітаптары мен қолжазбалар» деп аталатын қадым бөлімдері. Не қарағаның, неге үңілгенің тіркеліп, тізіліп отырады. Аспирант деген куәлігі бар, әйтеуір тоқтау жоқ.

Жұрт қазақ әдебиеті кафедрасына жиналып, мәжіліс ашыларда мен құрметті ағаларымның бетіне бажайлап, жеке-жеке үңіліп, қарап шықтым. Бажайлап, үңіліп қарауым – жиын басталмай тұрып суық сыз, қорғасын салмақ сезілген. Төрде Бейсекең. Қалған жұрт тізіліп, немесе қатарласып емес, қоралай, дөңгелене отырыпты. Бәрі де нық. Бәрі де қатал байыпта. Әскери киімді, немесе беделді бір реми мекеме мүшелерінен құралған топ дәл осындай біркелкі көрінер еді. Тек... киімдері емес, киім есімде қалмапты, киім әркелкі болса керек, түр-тұлғаларында бәріне ортақ тоңазы жаттық бар, сонымен қатар, әрқайсысының мінез ерекшелігі, даралық сипаты танылып тұр. Бірі – түтігіп, қап-қара болып отыр. Екінші ағам – сыздай көгерген, қозғалған сайын зілмауыр салмақтан – дене салмағы ғана емес, әдебиеттегі, ғылымдағы салмағынан жаншылған орындық сықыр-сықыр етеді. Үшінші ағам – қабағы тікірейіп, құныса түксиген. Төртінші ағам – көзі шатынап, сұрлана қуанып отыр. Алдына қағаз жайып, қолына қалам алған жасы үлкен замандас әлдене дәметіп, бірдеңе күткен, аңыс аңдаған кейіпте. Кафедрадағы жалғыз әйел жан-жағына қарап, таңдана бақырайып отыр. Жайбарақат – көлденеңнен келген батыр ағам ғана. Содан соң жетекшім. Шешімталдық па, именшектік пе, аз-маз ғана дегбірсіздік байқалады. Әйтпесе, әдепкі мінезі. Сүйеніш болуға тиіс, қолдан қанаттандыруға тиіс ағаларымның сұқытын көрген соң, бойымды жинап алдым. Реніш емес, ызы, сескеніш емес, сес пайда болды. Ол кезде қазіргі қайтқан, қажыған заманым емес, ештеңеден тайынбайтын едім. Кейін талай майданға түстік, алмағайып, ауыр жағдайлар болды, соның бәрінен тірі ғана емес, еңселі, мерейлі шықтық. Бірақ балаларыма айтып отырам, енді жазудың да сәті түсті, аса күрделі, ұзақ өмірімдегі ең үлкен шайқас – сол, 1965 жылы, 11 қараша күнгі, менің бар, иә жоқ болуымды шешкен ұлан-асыр ұрыс; ең үлкен жеңісім де сол екен.

Мәлік ағама рахмет, бір-ақ күнде оқып, уақыт бөліп арнайы келіп, ықылас-пейілін білдіргені үшін. Бейсекеме алғыс айтам, осынша ауыр салмақ түсірдім. Сол күнгі талқы мен үшін өмірлік сабақ болды.

Бейсекем менің сөзімнің аяғын тосқан жоқ. «Сонымен ,- деді, манадан бері дегбірсіз күтіп отырғандай, іліп алып,- сонымен, бәрі сөйледі, Нұртайдан басқа. Дәмеш жоқ...» - Темкеңнің жоғын ұмытып кетті. Аузына лаборанттың есімі түсті. Келін - жазушы Қалихан Ысқақовтың әйелі. – Бәрі сөйледі. Бәріңіздің сөзіңіз бір жерден шықты. Жаңалығы мол, біліп жазылған жұмыс. Кемістік бар. Ханның қызында да болады. Оны ойланады, түзетеді. Сонымен, мен жұртшылықтың пікіріне қосыламын. Жақсы жұмыс. Біліп жазылған... Ендеше, қорғауға ұсынайық. Кафедраның қаулысы: Дәмеш...кім...жаз: «Мұхтар Мағауиннің «XV-XVIII ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» атты жұмысы кандидаттық диссертациялар туралы талапқа сай келеді. Қорғауға жіберілсін!..» «Болды, жиналыс жабық!».

Бейсекем әлдеқайда асықты немесе, әсілі де сол, менің жауап сөзімнен соң дау қайта қозар деп қауіптенді, апай-топайда тезірек қорытындылап жіберді, асыққаны сондай, мұндай талқылауға тән, ең бір маңызды мәселе ресми оппоненттер дайындау жайын да ұмытты немесе тағы да созбаға түсер, бірдеңе бүлінер деген секеммен аттап кетті.

Жұртшылық қазақ әдебиеті кабинетінен тобымен, түгел сыртқа шықты, ешкім құттықтап қолымды алмады, тез тарасты, Рымғали ғана аз бөгелді, неге кешіккенін сұрап едім, мана, қатты ренжимін деп ойлағам, енді өкпе айтуға да көңіл жоқ, мен екі сирағым бірдей қырқылып қалмаса, жететін едім деп айтудың өзі артық көрінді, ол да ештеңе демеді, жұрттың соңын ала кете барды. Бейсекең екеуміз ғана кафедраға келдік. «Бейсеке, қорғамайтын болдым ғой...» - дедім. Түңілгенім емес, нақты осы сәттегі жағдайды айқындағаным. «Неге?.. – деді Бейсекең тартпасын ақтарып әлдене қараған болып. – Қорғауға жіберілсін дедік. Қаулы алдық қой». «Ол қаулының құны... көк тиын болып тұр ғой». Бейсекең басылып төмендеп қалды. «Рахмет, Бейсеке,- дедім. – Қаулыны сіз алдыңыз. Қалған жұрт... Ертең ғылыми кеңесте дәл осылай белсеніп сөйлейді. Сөйлемесе де қарсы дауыс береді. Оған сырттағы жұрт қосылады». «Өзің күйрек екенсің,- деді Бейсекең. Күлгенде бет-аузы әжім емес, тарам-тарам, жол-жол сызық болып кететін. Күлгені ме, ренжігені ме белгісіз. Маған тік қарады. – Сұлтанмахмұтты білесің ғой. «Тұрмысы бұл дүниенің күреспен тең» - деген. Жеңгенің сол. Жазып бітірдің. Жақсы жаздың. Басылып жатыр. Дұрыс па? Дұрыс... Ендеше... күшің жетеді, қалғаны өз жөнімен шешіледі. Протоколыңды дұрыстап жаздырып ал. Бітті, уақытында орындады деп есеп береміз. Содан соң... Кеңесте қанша мүше? Жиырма сегіз бе? Бас-басына сөйлесеміз. Кәкен ағаң бар – Аханов. Білетін жігіт. Нойыс, бірбеткей. Ешкімге көнбейді. Біраз жұртты соңынан сүйреп әкетеді. Махмұдов бар – Хайролла. Қалған орыс-орман бәрі тыңдайды. Дұрыс па?» «Дұрыс... – дедім мен қартымның көңілі үшін зорлана жымиып. Ішім сұп-суық. – Дұрыс, Бейсеке» Бейсекем мәз болып күлді. «Дұрыс қой...» Иә. Бір өзбек айтқандай, билет қалтада, поезд күте тұрады. «Дұрыс». Ішім жыли бастады. «Дұрыс, Бейсеке... Мәлік аға адам екен ғой!» «Өй, жаңа білдің бе. Мәлік деген... ол... Мәлік қой. Адамның патшасы... Айтпақшы, келіннің аяғы жеңілдеді ме?» «Иә, - дедім. – Бүгін... жиырма бір күн, кішкентай қызымыз бар...» «Қыз ырыс әкеледі – деді Бейсекең. – Атын кім қойдыңдар?» Үміт. «Міне, көрдің бе, үмітің үлкен екен. Бауы берік болсын. Келесі баланың атын Сенім қоясыңдар ма, ұл туса?.» Мағжан қоямын дедім. Бейсекең ойланып, сәл күмілжіп қалды. «Сол Мағжан туғанша қалай да қорғайсың!» -деді содан соң.

Иә. Мағжан туғанша. Бір жыл?.. Тым шұғыл. Бес жыл? Ұзақтау. Үш жыл да көп. Екі жыл. Мен екі жыл деген меже қойдым. Құдай берсе, әлі елесі де жоқ нәрестенің дүниеге келу мезгілін емес, жасалған, тұлғаланған, қолда тұрған еңбектің бағы жанар межесін.

Шынында да, екі жылға толмай, жиырма үш ай дегенде Мәскеудегі Жоғарғы аттестациялық комиссия бекіткен кандидаттық диплом қолыма тиді. Мағжан осының алдында ғана, екі ай бұрын туған...



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет