2. Экологиялық мәдениетті тәрбиелеу технологиясы. Оның маңызы мен мақсаты, ұйымдастырушылық педагогикалық ұстанымдары Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бала кезден басталады, ал балаларға қоршаған орта туралы көзқарастарын үнемі кеңейтуге ұмтылу тән.Қазіргі таңда мектептердің басым көпшілігі бүгінгі күні осы бағытта балаларға үздіксіз экологиялық тәрбие мен білім беру ісін өзінің негізгі міндеттерінің бірі ретінде қарастыруда немесе кейбір мектептерде жекелеген пәндерде экологиялық білім мен тәрбие беріп оқушыларды экологиялық мәдениетті тұлға ретінде қалыптастыруда. Экологиялық білім беру мен тәрбиелеудің міндеттеріне табиғат туралы, оның тұтастығы және қоғаммен бірлігі хақындағы ғылыми негізделген білімді меңгеру, оған ықпал етуге байланысты туындайтын практикалық шараларды дәлелдеп орнықтыру, қоғам мен адам үшін табиғаттың құндылығы шексіз екенін ұғындыру, табиғи ортада дұрыс жүріп–тұрудың нормаларын сақтау, табиғат пен сырласа білу қабілетін дамыту, табиғат пен қайта түлеген ортаны жақсарту жөніндегі қызметті сауатты ұйымдастыру жатады. Міне, осы міндеттерді шешу жастардың экологиялық білімін арттырып, олардың табиғатқа деген қарым–қатынасын қалыптастыруға бағытталады. Экологиялық білім берудің негізгі ұстанымдары. Экологиялық білімді жүзеге асыруда білім беру аспектілерімен принциптерін сақтау керек. Олар негізінен, ғылымилық, байланыстылық, тепе-теңдік, қызығушылық, үздіксіздік, жалғастырушылық, интеграциялау, көрнекілік, қабылдаушылық және өлкелік ұстанымдар.