Эпостық жырлар
Қазақ эпосының жанрлық құрамы. Классификациясы.
Қазақ фольклорының тарихи сипаты басым көркем де құнды саласы – эпостық жырлар. Эпос деп оқиғасы ел, халық өмірінен алынған, образдары ірі әрі кемелді түрде жасалып, батырлық немесе ғашықтық сюжетке құрылған үлкен-үлкен эпикалық жыр-дастандарды айтамыз.
Қазақ эпосын тарихи желіге қойып дұрыс топтастырған ғалым Ә.Марғұлан болды. Ол оғыз-қыпшақ эпосын мынадай дәуірлерге бөлген:
Көне дәуірлерде туған эпос (V - XII)
Тарихи дәуірде туған эпос (XIII - XIV)
Ноғайлы эпосы (XV - XVI)
Жоңғар шапқыншылығына байланысты туған эпос (XVIII)
Ішкі қанаушылар мен хандарға қарсы күресті суреттейтін эпос.
Совет заманында туған эпос.
Бұл бөлініс тарихи принципке негізделген. Түркі тайпаларының эпосы ерте замандарда Алтай, Тянь-Шань жағында туа бастағанына дау жоқ. Ондағы сыртқы жау – табғаштар болған еді. Эпосты кенжелетіп феодализм дәуірімен тұмшалау қандай сыңаржақ болса, оның тегін тайпа, этногенезден бөліп қарау да сондай сыңаржақ. Осы жайларды ескере отырып, қазақ эпосын өзінің тегі мен жанры жағынан он салаға бөлу бар:
Ертегілік эпос («Ер Төстік», «Құла Мерген» т.б.).
Түрік қағанаты дәуірінде туған жылнамалық эпос («Орхон» жазулары, «Күлтегін» жыры).
Оғыз эпосы («Қорқыт ата кітабы», «Оғызнама»).
Тайпалық эпос («Алпамыс», «Қобыланды» т.б.).
Лиро-эпос («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек»).
Ноғайлы эпосы («Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази»).
Тарихи эпос («Досан батыр», «Бекет», 1916 жыл поэзиясы).
Шығыс дастандары («Рүстем дастан» т.б.).
Авторлық эпос («Еспембет», «Өтеген батыр» т.б.).
Кеңестік эпос (Амангелді, Төлеген туралы жырлар).
Тарихи эпосты кенжелету, оны зерттеуден шет қалдыру лайықсыз.
Достарыңызбен бөлісу: |