Байланысты: Қаз. тар және ҚН Мұғалімге арналған нұсқаулық (1)
Проблемалық жағдаят тудыру . Оқушыларды оқу үдерісіне тарту және олардың
шығармашылық ойлау деңгейін жетілдірудің тиімді тәсілдерінің бірі – сабақта
проблемалық жағдай туындату, оның мүмкін шешімдерін іздеу және оңтайлы жауабын табу
болып табылады. Оқушылар салыстыру, талдау, сәйкестендіру, жіктеу, бағалау,
қорытындылау сияқты ойлау сатыларынан өтіп, білімді жаттанды немесе қайталау арқылы
емес, шығармашылық жолмен игеруге мүмкіндік алады.
Мұғалім оқушылармен пікір алмасу арқылы талқылау ұйымдастырып, мәселенің
шешімін табуға жетелейді. Бұл – оқушылардың ойлау дағдысын дамытатын тиімді
тәсілдердің бірі. Сабақта қарама-қайшы келетін пікірлер арқылы қақтығыс туындатып, оны
кішкене бөліктерге жіктеп шешу арқылы нәтижеге қол жеткізу оқу үдерісін тиімді болуына
әсерін тигізеді. Себебі оқушының дұрыс жауапты білмеуінің өзі оны белсенділік танытуға
итермелеп, жаңа білімге ұмтылысын арттырады, танымдық үдерісті күшейтеді.
Қазақстан тарихы және құқық негіздері сабақтарында проблемалық жағдаят туындату
үшін қарама-қайшылықтың келесі түрлерін қолдануға болады:
-
Оқушының өз тәжірибесі мен ғылыми білімнің арасындағы қайшылық;
-
Танымдық үдеріс қайшылығы, яғни бұрынғы білім жүйесі мен жаңа білімдердің
арасындағы қайшылық;
-
Объективті шындықтың өзіндік қайшылықтары.