Ф-ӘД-001/046
Әсіресе Қазақстанның көк туы Көктүріктердің Көктәңрісін еріксіз еске түсіреді. Ал Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия мен Түркіменстан Исламның белгісі «жаңа туған айды» өз туларында бейнелеген. Соңғы төртеуінің ішінде Түркіменстан туындағы «жаңа туған ай» басқалардікіне қарағанда оңынан туған. Бұл түрікмендердің көне түркі танымына сай санасын көрсетеді. Өйткені «айдың оңынан, жұлдыздың солынан тууы» көне түріктерде жақсылықтың нышаны еді.
Солтүстік Түркі мәдениетінің жарқын өкілдерінің бірі Қазақ мәдениеті екендігінде дау жоқ. Қазақ отбасынан қоғамдық қатынастарға тіпті мемлекеттік рәсімдер деңгейіне дейін көне түркі өркениетінің ықпалы көрініп тұрады. Қазақтар өз мемлекеттерінің белгісі ретінде Түркі мемлекеттілігінің белгісі шаңырақты қолданады. Қырғыздар шаңырақты өз туларында бейнелесе, Қазақтар елтаңбасында бейнелеген. Осы тұрғыдан қырғыздар мен қазақтардың арасында, олардың дүниетанымында, салт-дәстүрінде, мәдениетінде көп айырмашылық жоқ. Бәлкім қазақтарды даладағы қырғыздар, ал қырғыздарды таудағы қазақтар деп сипаттасақ тура болар. Тек айырмашылық, қырғыз халқы өздерін көктүріктер заманындағы қырғыз руының жалғасымыз деп танытса, қазақ халқы – өз шежіресін ғұн-сақ-көктүрік заманынан бастайтын дәл сондай жүздеген ру мен елдің ұйысуынан құралған халық ретінде, басқаша айтқанда Түркі қағанаты мен Шыңғысхан империясының құрамына енген барлық Түркі рулары басын қосқан ел ретінде танытады.
Қазақ мәдениетінің Түркі өркениетінің тұнық халін сақтауының бір себебі көшпенді өмір салты еді. Қазақтар көшіп қону дәстүрін тастаса да, негізінен қалада емес, ауылдық жерлерде өмір сүріп жатты. Қазақстанның қалаларында орыс мәдениеті үстемдік құрса, ауылдарда қазақ мәдениеті бекем орнықты. Басқаша айтқанда ауыл қазақ мәдениетінің қамалына айналды. Қазақ мәдениетінің Түркі өркениетінің тұнық халін сақтауының екінші бір себебі география жағынан қазақ елінің Түркі әлемінің нақ ортасында орналасуы болып табылады. Қазақтарды Араб-Парсы мәдениеті ықпалынан Түркі әлемі мен Араб-Парсы әлемінің ортасында тұрған өзбектер қорғап қалса, Қытай мәдениеті ықпалынан Түркі әлемінің шығысында орналасқан ұйғырлар қорғап қалды. Ал солтүстік-батыстан Түркі халықтарын бірінен соң бірін ассимиляциялап келе жатқан орыс мәдениетінің қаупінен қазақтарды татарлардың сақтап қалғандығын айту керекпіз. Егер Кеңес Одағы тағы бір он бес не жиырма жыл өмір сүргенде қазақтардың ел болып есін жиюына әлдеқайда көп уақыт қажет болар еді.
Қазақ мәдениеті – Түркі өркениетінің жалғасы, ең тұнық халі. Қазақстан Республикасының тәуелсіз ел ретінде халықаралық аренада өз орнын алуы – бұл мәдениеттің мәңгіге сақталатындығының кепілдігі. Бір мемлекеттің әлемдегі өзіндік орнын белгілейтін тек саяси құрылым ғана емес, мәдени болмыс екендігін қабылдасақ, онда кезінде Ататүріктің Еуропа мен Араб-Парсы әлемінің ортасында өзіндік болмыс дамыту мақсатында Түркия Республикасының негізіне Түрік мәдениетін салғанындай, бүгін Ресей мен Қытай арасында өз елдігін сақтап қалу үшін Қазақстан да Түркі мәдениетін жандандыруы керек. Тұңғыш Елбасы Н.Назарбаевтың Түркі өркениетіне көрсетіп отырған қолдауы қазақ елінің мәдениет саясаты дұрыс бағытта ілгерлеп бара жатқандығының айқын көрсеткіші.
Достарыңызбен бөлісу: |