Ф-ӘД-001/046
Осы кезеңнің дара тұлғаларының бірі ретінде Ш.Уәлихановты (1835-1865) атаймыз. 1856 жылы Ш.Уәлиханов екі экспедицияға қатысады. Біреуі Орталық Тянь-Шань арқылы Алакөлден Ыстықкөлге дейінгі, екіншісі - дипломатиялық тапсырма бойынша Құлжаға сапар. 1857 жылы Уәлиханов Алатау қырғыздарына тағы да сапар шегіп, қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны “Манасты” көшіріп алды. Ыстықкөлге экспедиция кезінде Ш.Уәлиханов тарихи деректермен қатар көненің көзі - ерте заман бұйымдарының құнды үлгілерін жинады. “Ыстықкөлге барған сапардың күнделігі”, “Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы”, “Қырғыздар туралы жазбалар” деген тарихи-этнографиялық туындылары жоғарыда аталған сапарларының нәтижесі болатын. Ш.Уәлихановтың ғылыми қызметі Орыс географиялық қоғамының назарын аудартып, 1857 жылдың ақпанында ол қоғамның толық мүшелігіне қабылданады. Оның ғылыми мұрасы Қазақстанның және көп ұлтты Ресейдің, басқа да халықтардың проблемаларының өзекті тұстарын қамтиды. Шоқан Орта Азия мен оған іргелес жатқан аймақтар халқының географиясын, этнографиясы мен фольклорын зерттеуге де үлкен үлес қосты. А.Құнанбаев пен Ш.Уәлиханов XІX ғасырдағы екі үлкен білім жүйесінің өкілдері болды: діни (мұсылмандық) және зайырлы (орыстық). Мектеп пен медреселерде діни білім беріліп, молдалар мен мұғалімдер даярланды. Медреселерде теологиялық діни білім философия, тарих, әдебиет, астрономия, медицина, математика, лингвистика пәндерін оқытса, зайырлы оқу орындары қазақтарды Ресейге қызмет ету мен орыс мәдениетіне қызығушылық жолдарына салды. Олар отарлау аппараттарына шенеуніктер, аудармашылар, оқытушылар, әскерилер, дәрігерлер даярлады.
Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері
Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасының - белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасымен Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік кредосына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдысына асыруға талпынды.
Орынбордағы зайырлы оқу орындарының бірін 1857 жылы танымал жаңашыл-педагог, ағартушы Ы.Алтынсарин аяқтайды. Ы.Алтынсарин (1841-1889) бастамасымен және тікелей қатысуымен Қазақстанда халықтық азаматтық мектептер желісінің құрылуына қол жеткізілді. Ол, әсіресе, қолөнер және ауылшаруашылығы училищелерін ашуға көп күш-жігер жұмсап, байырғы халық арасынан Қазақстанның экономикалық дамуы үшін қажетті мамандар даярлауға ерекше мән берді. Ы.Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап “Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы” және “Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық” атты оқу құралдарын жазды. Орыс кластарына қазақ тілінен сабақ беріп, ол ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту, қазақ әдеби тілін қалыптастыру жолында жемісті еңбек етті.
1883 жылы Торғай облысының әскери губернаторына жолдаған баяндамасында ол: "Қазақтарға – осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа – кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру — қалай дегенмен де аса қажет болып отыр", – деп жазды. Осы жолда Ыбырай көп қиыншылықтар да кездестірді. Ел ішіндегі ескішілдік, парақорлық пен өсек-аяң оның жанын күйзелтті. "Заман осылай болған соң, амалын тауып, мүмкіндігі бар жерде қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек" деп санады.
Достарыңызбен бөлісу: |