Қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыстарға және қылмыстық
теріс қылықтарға ажырату негізіне алынған жіктер.
Қылмыс түсінігі және белгілері. Қылмыс санаттары. Әртүрлі негіздер бойынша қылмыстарды жіктеу.
Дәріс тезистері
Батыс еуропа елдерінің көпшілігінің қылмыстық құқығында, қылмыс ұғымына формальды анықтама беру орын алса, отанымыздың қылмыстық құқығында қылмысқа – қылмыстық заңда жазалау қатерімен тыйым салынған әрекет ретінде материалдық – формальды анықтама беру дәстүрлі түрде қалыптасқан.
Егер қылмыс ұғымын формальды анықтауда құқыққа қайшы әркееттің формальды белгілеріне баса назар аударылса, ал материалдық анықтамада формальды белгілермен қатар міндетті түрде материалдық белгілер де (әрекеттің немесе әрекетсіздіктің қоғамға қауіптілігі) назарда болады.
Қылмыстың түсінігі ҚР ҚК – нің 9 – бабында берілген. Осы бапқа сәйкес ҚК – те жазалау қатерімен тыйым салынған қоғамдық қауіпті әрекет (іс - әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады.
Осы анықтамадан қылмыстың бірқатар міндетті белгілермен сипатталатындығы көрініп тұр. Бұлар әрекеттің:
Қоғамға қауіптілігі;
Құқыққа қайшылығы;
Кінәлілігі;
Жазаланушылығы.
Қоғамға қауіптілік – қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастарға нақты қауіп
төндіретін немесе зиян келтіретін қылмыстың объективті белгісі (әрекет немесе әрекетсіздік ).
Қоғамға қауіптілік қылмыстың нақты түрдегі сапалық белгісі болып табылады, яғни заң шығарушы қылмыстың тек осы – қоғамға қауіптілік белгісін ғана анықтаумен әрекеттің немесе әрекетсіздіктің қылмыс қатарына жататын, жатпайтынын дәлелдеп көрсетеді. Қоғамға қауіптілік әрекеттің қоғамдық қатынастарға зиян келтіруі немесе зиян келтіру қауіпін туғызу белгілерімен сипатталады.
Заң шығарушы қандай да болмасын бір әрекетке қылмыстық заңда тыйым салуды қажет деп тапқан кездің өзінде нақты әрекет немесе әрекетсіздік әрқашан да қылмыс деп таныла бермейді.
ҚК – тің 9 – бабының 2 – бөлігінде «Осы Кодекстің Ерекше бөлімінде көзделген қайсы бір әрекеттің белгілері формальды болса да бар, бірақ елеулі маңызы болмағандықтан қоғамдық қауіпті емес, яғни жеке адамға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтірмеген және зиян келтіру қауіпін туғызбаған іс - әрекет немесе әрекетсіздік қылмыс болып табылмайды» делінген.
Қоғамға қауіптілік тек қылмысқа ғана қатысты деп айтуға болмайды. Әкімшілік құқық бұзушылық та жеке адамға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтіруі мүмкін. Алайда олардың қоғамға қауіптілігі едәуір төмен.
Заң шығарушы қылмысты басқа құқық бұзушылықтан айырып көрсетуі үшін, қол сұғушылықтың салдарын сипаттайтын белгілерді ҚК – тің Ерекше бөлімі баптарының диспозициясында көрсеткен. Қоғамға қауіптілік зиянды әрекеттің өзінің тікелей ерекшелігіне , яғни оны істеу уақыты, орны, тәсілі, жағдайларына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы: рұқсат етілмеген немесе тыйым салынған жерлерде не тыйым салынған заңдарға қатысты аң ауланса, оның заңсыз болып табылуы; ҚК – тің 296 – бабының 1 – бөлігі бойынша механикалық көлік құралдарын жүргізуші адамның жолда жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы және оның абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруі. Осы бапқа сәйкес адамның денсаулығына келтірген зиян орташа ауырлықтан төмен болған жағдайда жауаптылық әкімшілік тәртібімен қарастырылады.
Қылмыстың міндетті белгілерінің бірі құқыққа қайшылық – яғни қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті (іс - әрекет немесе әрекетсіздікті) жасау болып табылады. Қылмыстың формальды және материалдық белгілері бір -бірімен тығыз байланыста. Адамның қылмыстық құқықтық нормаға тыйым салған іс - әрекеттерді істеуі құқыққа қайшылық деп танылады. Құқыққа қайшылық – қылмыстың формальды белгісі. Қылмыстық құқыққа қайшылықтың міндетті белгісі қылмыстық заңда көрсетілген іс - әрекетті істеген жағдайда нақты нормада көрсетілген қылмыстық – құқықтық санкция белгілейтін белгілі бір жаза түрінің тағайындалуы болып табылады. Тыйым, тек қылмыстық заңмен салынғанда ғана қылмыс жөнінде сөз болуы мүмкін. Мысалы, ҚР – сы аумағында шет ел валютасымен мәміле жасауға валюталық реттеу заңымен тыйым салынса да бірақ мұндай әрекеттер ҚК – те қарастырлмаған. Сондықтан олар қылмыс болып табылмайды. Заң шығарушы қазіргі кезеңде қылмыстың формальды белгісінің артуына байланысты болса керек, ҚК – тің 9 – бабының 1 – бөлігіне қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейтіндігі туралы конституция нормасын енгізген (Конституцияның 77 – бабының, 3 – тармағының 10 тармақшасы). Басқаша айтқанда – nullum crimen sine lege (заңда белгіленіп көрсетілмесе қылмыс емес) қағидас конституциялық деңгейде белгіленген.
Құқыққа қайшылықпен байланысты қылмыстың екі белгісі: кінәлілік және жазаланушылық болып табылады. ҚК – тің 19 – бабының 2 – бөлігіне сәйкес, объективті айыптауға, яғни кінәсіз зиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға жол берілмейді. Осы баптың 3 – бөлігіне сәйкес, қасақана немесе абайсызда әрекет жасаған адам ғана қылмысқа кінәлі деп танылады. Кінәлілік құқықтық қайшылықтың міндетті шарттарының бірі. Қылмыстың зардабы қаншалықты ауыр болғанына қарамастан, егер оны істеген адамның әрекетінде кінәнің белгілі бір түрі болмаса, ол қылмыстық жауаптылыққа да, сәйкесінше жазаға да тартылмайды.
Қылмыстың ендігі бір міндетті белгісі – қылмыстық жазаланушылық болып табылады. Қылмыстың өзі қылмыстық заң жазамен қорқытып тыйым салған әрекет немесе әрекетсіздік. Демек, жазалау қатерімен тыйым салу қылмыстың белгісі болады. Адам қылмыстық жазаға өзінің нақты қоғамға қауіпті әрекеті (әркетсіздігі) үшін тартылуға тиісті. Кей жағдайларда жазалау қатерімен тыйым салынған қылмыстық жаза іске аспай қалуы да мүмкін (ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату, рақымшылық ету т.б.). Бірақ мұндай жағдайларда да әрекет өзінің қылмыс екендігін, қылмыстық сипатын жоғалтпайды.
2. Қылмысты азаматтық – құқылық, әкімшілік және тәртіптік құқық бұзушылықтан және бейморальдық жат қылықтардан ажырата білу керек. Қылмыс пен басқа құқық бұзушылықтың өзара басты айырмашылығы құқыққа қайшылықтың мәніне байланысты. Қылмыс әр уақытта да қылмыстық заңға қайшы болады. Басқа құқық бұзушылық құқық саласының басқа нормаларына, заңдар мен нормативтік актілерге қайшы. Істелген қылмыстың зардабы болып мемлекеттің ең ауыр күштеу шарасы – қылмыстық жаза және содан туындайтын сотталғандық атақ болып табылады. Басқа құқық бұзушылықта мұндай жазалау шаралары жоқ, ал қолданылған ықпал ету шаралары сотталғандық атақ әкелмейді.
Қылмысты қол сұғушылықтың объектісі бойынша айқындалатын қоғамға қауіптіліктің сипаты мұндай іс - әрекетті қылмыс қатарына жатқызуға мүмкіндік береді. Кейбір реттерде құқық бұзушылықта да, қылмыста да бір объектіге қол сұғу мүмкін. Мысалы, автомобиль жүргізуші адамдардың автомашина құралдарының жүріс қауіпсіздігі мен пайдалану ережелерін бұзу үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылық белгіленген. Мұндай аралас құқық бұзушылықта қоғамға қауіптіліктің дәрежесін дұрыс анықтаудың маңызы ерекше. Іс - әрекеттің қоғамға қауіптілігінің негізгі көрсеткіші келтірілген зиян мөлшері болып табылады. Егер автомобильді жүргізуші адамдардың автомобиль жүріс қауіпсіздігі мен пайдалану ережелерін бұзуы, осының салдарынан жәбірленушінің денесі орта және одан жоғары дәрежеде жарақатталса немесе едәуір материалдық нұқсан келтірілсе іс - әрекет қылмыс қатарына, ал көрсетілгеннен гөрі аз зиян келтірілсе, әкімшілік тәртіппен жазаланатын құқық бұзушылықа жатады. Соынмен, келтірілген зиян мөлшері қылмысты басқадай құқық бұзушылықтан ажыратуға мүмкіндік беретін бірде – бір белгісі болып табылады. Қылмысты және басқа құқық бұзушылықты бір – бірінен қоғамға қауіптілік дәрежесінің көрсеткіші арқылы ажыратуға болады. ҚазССР – нің 1959 жылғы ҚК – сі бойынша көп жағдайларда бірінші рет істеген құқық бұзушылығы үшін әкімшілік жазалау шаралары қолданылған адамның дәл сол іс - әрекетті қайталап жасауы қылмысқа тартуға негіз болып табылатын.
Әскери қылмыстарды тәртіптік теріс қылықтан ажыратуға көп жағдайларда іс- әрекеттің істелген уақыты, жағдайы, орны үлкен әсер етеді. Мысал ретінде, соғыс уақытында өз бетімен кетіп қалу – қылмыс болып саналған, ал бейбіт уақытта істелген дәл осы әрекет тәртіптік теріс қылық болып табылады. Іс – әрекетті қылмыс немесе басқа құқық бұзушылық қатарына жатқызуға негіз болатын қоғамға қауіптіліктің дәрежесі қылмысты субъективтік белгіге жататын кінәнің нысандарын, ниет пен мақсатты дұрыс анықтауға да байланысты. Мысалы: Егер лауазымды адам пайдақорлық немесе басқа бір зұлымдық ниетпен құжаттарға жалғандық жасаса – қылмыс, ал ондай ниет болмаса, ол қылмыс болмайтын құқық бұзушылықтың түрі болып табылады.
Қылмыс пен бейморальдық теріс қылық бір – бірінен объекті, қоғамға қауіптілік, сондай – ақ құқыққа қайшылық белгілері бойынша ажыратылады.
Бейморальдықтың объектісі кең ауқымда болады – ол адамдардың өзара қатынасын, мысалы, достық, махаббат, жан ашырлық сияқты құбылыстарды тек қана мораль нормалары арқылы ғана реттейді. Бұл моральдық нормалардың объектісін құрайды. Қылмыс әр уақытта белгілі бір іс - әрекет, ал адамдардың теріс мінез – құлқы, жаман ойлары, соларды айтудың өзі моральға жат теріс қылықтан қоғамға келетін зиян едәуір аз. Әдетте, моральға жат теріс әрекеттер ар – намысты аяққа басу, өзімшілдік сияқты өзара тіркес әлеуметтік – психологиялық мазмұнға ие.
Қылмыс пен бейморальдықты құқыққа қайшылық белгісі арқылы ажыратуға болады. Қылмыс дегеніміз қылмыстық заң арқылы тыйым салынған іс - әрекеттер. Ал моральдық жат қылықтар құқық нормаларымен реттелмейді. Мораль нормалары ауызша (мысалы, әдет - ғұрып) немесе жазбаша (жолдастық немесе билер соттарының ережелері, адамдардың этикалық кодексі, қала тұрғындарының моральдық кодексі, Гиппократ анты) болуы мүмкін. Отбасы мүшелерінің арасындағы қатынастарды реттеу мораль нормалары арқылы реттеледі. Мысалы, оқушы мен оқытушының өз арасындағы педагогикалық өнегелік нормаларының бұзылуының орын алуы мораль нормаларымен анықталады.
Моральдық норманың қылмыстық нормадан тағы бір өзгешелігі сол, моральдық норманы бұзған жағдайда оны бұзушы жұртшылық, ұжым мүшелерінің жек көрушілігі сияқты қоғамдық әсер ету шаралары қолданылады. Ал істелген қылмыс үшін әр уақытта заңда белгіленген белгілі бір жауаптылық түрі белгіленеді.
3. Қылмыс санаттары негіздеріне әртүрлі критерийлер жатқызылуы мүмкін. Санаттаудың бірінші криетрийі – қылмыс объектісі. ҚК – тің Ерекше бөлімі қылмыстың объектісіне байланысты біртектес объектілерге қол сұғатын қылмыстар үшін жауаптылықты көздейтін нормалар топтастырылған тараулардан тұрады. Осылайша, ҚК – тің Ерекше бөлімінде барлық қылмыстар қылмыстың объектісі бойынша бірнеше санатқа бөлініп, объектінің маңыздылығына қарай бірінен кейін бірі орналасқан, мысалы, жеке адамға қарсы қылмыстар, отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар т.б. Бұлайша санаттаудың маңыздылығы кодексті қолдануды жеңілдетумен қатар нақты қол сұғушылықтың әлеуметтік – саяси мәнін дұрыс анықтауға, сондай – ақ әрекетті дұрыс саралауға мүмкіндік беретіндігінде.
Қылмысты санаттаудың екінші критерийі – кінәнің нысаны болып табылады. Барлық қылмыстық әрекеттер жасалуына қарай қасақана және абайсыз жасалған әрекеттер болып бөлінеді. Қылмысты қасақана немесе абайсыздықпен жасалғандар қатарына жатқызу көңіл аударарлықтай заңды салдарға алып келеді: қоғамдық қауіптіліктің сиапты мен дәрежесін анықтауға (абайсызда жасалған қылмыстар ауыр немесе аса ауыр деп табылуы мүмкін емес, қылмыстың қайталануы қасақана жасалған қылмыстарға ғана тән, кінәнің қасақана нысандары қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталуда орын алады), жазаға, жазалауға (қасақана қылмыстар әдеттегідей неғұрлым қатаң жазаланады) т.б. әсер етеді. Кей жағдайда қылмыс санаттары негізіне қылмыстық ниет (мотив преступления) жатады, мысалы, пайдақорлық (мүлікті тәркілеу ҚК – те көзделген пайдақорлық мақсатта жасалынған қылмыстар үшін тағайындалуы мүмкін).
Қылмыстарды санаттаудың негізіне жататын үшінші критерий - әрекеттің қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесі болып табылады. ҚК – тің 10 – бабындағы қылмыстарды санатқа бөлу дәл осы критерий негізінде орныққан.
ҚК – тің Ерекше бөлімінде көзделген барлық әрекеттер сипатына және қоғамдық қауіптілік дәрежесіне қарай: