Бақылау сұрақтары:
Ұстаным дегеніміз не?
Педагогикалық менеджменттің қандай ұстанымдары бар?
Педагогикалық менеджменттің ұстанымдарына мысал келтіріңіз
Тақырып 5. Мектептегі жаңашылдықты басқару
Жоспар
Мектептегі жаңалық және жаңашылдық үдерісі
Педагогикалық іс-әрекеттің жаңашылдық бағыттары.
Жаңалықты басқарудағы тиімді технологиялар (модерация, жобалау және т.б.)
Жаңа үдерістерді басқару барысындағы оқушылар мен педагогтардың тұлғалық өзін-өзі анықтауы
Жаңа үдерістерді басқару барысындағы алқалық қағидасы
Жаңа үдерістердің нәтижесін болжау және бақылау
Негізгі түсініктер: жаңалық, мектептегі жаңа үдерістер,жаңашылдықпен басқару технологиясы, мектептің жаңашыл іс-әрекеті, тұлғалық өзін-өзі анықтау
«Инновация» термині жаңашылдық, өзгеріс, қандай да жаңалық ендіру дегенді аңдатады. Педагогикалық процеске байланысты бұл түсінік оқу жəне тəрбие жұмыстарымен мұғалім жəне оқушының бірлікті іс-əрекеттерін ұйымдастыру мақсаттарына, мазмұнына, əдістері мен формаларына енген, енетін жаңалықтардан хабар береді (ғылыми рəміз ретінде бұл терминді аудармасыз, өз күйінде қолданғанды жөн көрдік).
Инновация, сонымен, жаңалық жеткізуші, жаңаланып жатқан жүйеге өзгеріс беретін құрал. Жаңалығы болмаған инновация мəнсіз. Инновациялық маңызға ие болмаған жаңалық іс-əрекет қалпын жақсартудың дерексіз (абстракт), болмысқа жарасымы жоқ құрғақ теория. Басқарудағы жаңалықтар мен инновациялар əрқилы даму, тіршілік сатылары мен қисынды құрылымдарды қамтиды. Өз даму айналымында инновация белгілі кезеңдерден өтеді: идеяның туындауы, мақсат белгілеу, жаңалық идеясын ойластыру жəне əрекет бабына келтіру, жаңалықты іске асыру, тарату жəне тоқырау (жойылу). Инновациялардың іске асып бару кезеңдері жаңалықты қабылдап, игеруші ұжымның даму кезеңдерімен тығыз байланыста.
Жекеленген басқарым инновацияларының жиынтығы мектепті басқарудың жалпы инновациялық процесін құрайды, ал ол өз кезегінде аудан, аймақ, республикалық білім жүйесінде жүріп жатқан кең ауқымды инновациялық кешендердің құрамынан орын алады.
Инновациялық процесс – бұл күнделікті тəжірибеде өз алдына бөлек жаңалық ретінде танылған нақты да соны ауқымды бірлігі. Мектеп басшысының айналысатыны да осы үлкен, кең шеңберлі процесс.
Инновациялық тəртіп пен кейіп өріс алған жағдайларда оқушылардың да, педагогтардың да тұлғалық бой тіктеуге, өз мүмкіндіктерін іске асыруға болған ынта-ықыласы белсенді даму арнасына түседі. Бұл педагогикалық процесс қатысушыларының өзара қатынасында көрініс береді. Инновациялық процесс нəтижесі – қолданымға енген теориялық та, практикалық та жаңа идеялар. Мұғалім бұл орайда жаңалық авторы, дайындаушысы, зерттеушісі, пайдаланушысы жəне насихаттаушысы сипаттарын бірдей алады. Ал бұл қызметтерге қатысты басқару жұмыстары соны тұжырым, теория, идея, технология, əдістеме жəне озат педагогикалық тəжірибелерді қандай да мақсатқа орай бағалауды жəне кəсіби іс-əрекетте пайдалануды қамтамасыз етеді.
Қоғам, мəдениет жəне білімнің бүгінгі даму жағдайында педагогикалық іс-əрекеттегі инновациялық бағыттардың қажеттігі бірнеше шарттардан туындап отыр. Олар:
- əр текті оқу орындарындағы білім беру жүйесінің, əдіснамасының жəне оқу-тəрбие процесін ұйымдастыру технологияларының жаңалануы;
- білім мазмұнының күшті адамилық (гуманитаризация) сипат алуы;
- оқу пəндері көлемінің үздіксіз өзгеріп баруы;
- оқудың жаңа ұйымдастыру формалары мен технологияларын ұдайы іздестіруді қажет ететін жаңа оқу пəндерінің енгізілуі;
- мұғалімдердің педагогикалық жаңалықтарды меңгеруі мен қолдануының өзіне болған қатынастар сипатының өзгеруі;
- жалпы білімдік оқу мекемелерінің нарықтық экономикаға бет бұруы;
- жаңа оқу орындары, олардың арасында мемлекеттік емес білім ордаларының құрылуы;
Күнделікті тəжірибеде инновациялық процестер сипаты күтілген нəтижелер мазмұнымен, енгізілудегі ұсыныстардың күрделілік жəне тыңғылық дəрежесімен, сондай-ақ мектеп мұғалімдерінің инновациялық іс-əрекетке дайындық дəрежесімен анықталады.
Соңғы нəтижеге болжам жасай отырып, мектептегі инновациялық процесті басқаруда осы қызметтің негізгі бөлімі ұжымдық талқыға түседі. Бағдарламалы инновацияға байланысты өте ірі шаралар топтық əдіспен дайындалады. Нақты бағдарлама түзіліп, онда ұжымдағы əрбір мүше іс-əрекетінің бастау бағыты көрсетіледі, соңғы нəтиже болжамы түзіледі, көзделген мақсаттың іске асу мерзімі айқындалады, бар жағдай- шарттардың жақсылана түсуі қамтамасыз етіледі.
Инновациялық процестерді басқаруда нəтижеге бақылау жасау үлкен маңызға ие. Бақылаудағы міндеттер:
- жеткен нəтижелерді бағамдық талдауға салу, білімдік іс-əрекет процестерін реттеуге байланысты жұмыстар жүргізу үшін қажетті тұжырымдар жасау;
- ұжым кейпі мен іс-əрекеттеріне түзетулер енгізу мақсатында инновациялық процестің барша қатысушыларының қызметтері мен жұмыс нəтижелеріне баға беру; қорытындылар шығару; - кешенді – мақсатты бағдарламаға сəйкес инновацияларды басқару нəтижелерін бағалау жəне басқару ықпалдарын ретке келтіруге орай ұсыныстар беру;
- инновациялық процесс қатысушыларын ақпараттандыру мен ынталандыру үшін тура жəне кері байланыс өзектерін қалыптастыру.
Мектепті басқару сол мекеменің бұдан былайғы тіршілік нəтижесіне үлкен ықпалын тигізеді.
Мектепішілік басқарудағы тың енгізулер бағдары
Нақты білім мекемесіндегі мектепішілік басқару жүйесінің жаңалану процесі көбіне ондағы жəне сыбайлас оқу орындарындағы инновациялық процестің жеделдігіне, мақсатты бағытына, мазмұнына тəуелді.
Мектепішілік басқарудың дамуында аса үлкен маңызға ие болар келесідей бағдар-бағыттарды атау орынды:
- əлеуметтік орта мен мектептің өзін жаңа сипаттағы басқару қажеттіктерінің объектив күрделенуі;
- мектептегі басқару іс-əрекеттеріне қойылатын талаптардың күшеюі;
- мектепті тиімді басқарудың жаңа жағдайлы мүмкіндіктерінің пайда болуы;
- мектепішілік басқару жүйесінің дамуы;
Жоғарыда аталған бағыт-бағдарлар мектепішілік басқару жүйесіндегі инновациялық процестердің өтуіне мүмкіндік береді. Мұндай жаңалықты іс-əрекеттер түрі төмендегідей:
- тұлғалық бағыттағы оқуға бет бұру;
- оқу-білім мекемелерінің жобаларын жасауда ұлттық жəне діни-рухани құндылықтарды да негізге алу;
- оқушы тұлғасының кемелденуі процесінде білім мен мектептің ролі орнына мəн беру;
- демократиялық жəне гуманистік басқару бағытын ұстану;
- кейбір аса маңызды құндылықтардың мектеп өміріне ену себепшісі ретінде мектепішілік басқару жүйесінің сыр-сипатын тереңдей түсіну;
- нақты əлеуметтік тапсырысты ескеру;
- мектептің даму бағдарламалары мен тұжырымдарын дайындау жəне т.б.
Білім мекемелерінің құқықтық мəртебесіндегі, басқару нысандары жағдайы мен міндеттеріндегі күрделі өзгерістер басқару қызметтерінің жаңа түрлерін пайда етті:
- мектептің жан-жақты іс-шаралар жүргізуге байланысты құқықтық аясы мен оған қатысты басқару нысандары шеңберінің кеңеюі;
- бұл процестің басқарушылық санада орын тебуі;
- басқарылушы нысан мəн-бейнесінің молаюы;
- жаңа біртұтас басқару нысандарының (мектептердің жаңа типтері, түрлері,жобалары) немесе олардағы жаңа элементтер, қырлар, байланыстар мен қатынастардың туындауы не туындау қажеттігі;
- əлеуметтік тапсырыс жəне жаңа табысты қор келтіру көзі – мектеппен байланысты сырттай ортаның көзге түсер сапалық өзгерістерге келуі;
- стратегиялық жəне ұзақ мерзімді жоспарлауға өту;
- нысанда жаңа процестер мен іс-əрекет түрлерінің (зерттеу жəне қолданым түріне келтіру, эксперимент, сын баға беру) пайда болуы,
- басқарудың жаңа түрлерін игеру.
Басқару қызметтерінің арасында инновациялық процестерді басқару жəне оларды бұдан былай дамыту мақсатындағы арнайы қызметтер салаларының (сапа менеджменті, білім маркетингі, мектеп психодиагностикасы жəне т.б.) пайда болуы – бүгінгі оқу-тəрбие орындарындағы жаңа құбылыстар. Мектептер өзін қоршаған ортаны жəне ол ортаның болашақ өзгерістер бағытында талдау жұмыстарын жүргізе бастады. Мектеп өзінің бəсекелестік заман жағдайына дайындығын ойластырып, одан жеңіп шығу жолдарын іздестіретіндей санаға жетуде. Бұл орайда білім ордасы өзінің барша тіршілігінің нəтижесін тек оқу –тəрбие процесін ұйымдастырудағы табыстарымен ғана байланыстыруы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |