АННОТАЦИЯ(Abstract) (Шортанбай өлеңдеріндегі әлеуметтік ахуал. Социальные проблемы в стихах Шортанбая.) Қазақ халқының ХІХ ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны, импровизаторлық өнердің өрен жүйріктерінің бірі – Шортанбай Қанайұлы. Ол – заманының зарын айтқан, өмірден көрген-түйгені мол философ ақын. Шортанбай Қанайұлы өмір сүрген он тоғысыншы ғасырда Ресей империясы қазақ елі мен жерін тұтастай жаулап алып, өздерінің империялық тәртіптерін жаппай жүзеге асырып жатқан кезі еді. Бір кездері өз бостандығы өзінде болып, өздері сайлап қойған хандары билеген заманды аңсаған халық ақындары аз болмаған. Олардың бәрі де отаршыл Ресей империясының басқыншылығына қатты қарсылық көрсеткен. Солардың арасында, әсіресе өлең-жырлары арқылы Ресей үстемдігін аяусыз сынаған осы Шортанбай ақын болды. Атап айтқанда, ол қазақтардың жерін күшпен, соғыспен тартып алып, зәбір-қорлықтың неше түрін көрсетіп, жауыздық ниеттерін қазақ сияқты еркін елге әр түрлі жолдар арқылы таңып жатқан орыс басқыншылығына ашына қарсы шықты. Жаны күйзелген импровизатор Шортанбай өз өлеңдерінің барлығында дерлік қазақ халқының басына түскен азапты күндерді қинала суреттеген. Біздің осы ұсынып отырған «Шортанбай өлеңдеріндегі әлеуметтік ахуал» атты мақаламызда сол он тоғысыншы ғасырдағы Ресей отаршылдарының қазақ еліне салған ылаң істерін Шортанбай сияқты туысқан қырғыз ырчыларының да қалай сипаттағандығын көрсетуді мақсат еттік. Өйткені Отаршыл Ресей тек қана қазақ жері ғана емес, сонымен бірге туысқан қырғыз жерін де басып алып жатқан болатын. Сондықтан да біздің мақаламызда Шортанбай сияқты қырғыздың Қалығұл, Арыстанбек сияқты импровизаторларының да өлеңдеріне көңіл бөлдік. Осы мақсатымызды орындау үшін зерттеу барысында тарихи салыстырмалы методтарды қолдандық. Мысалы, қазақ пен қырғыз елдерінің импровизатор ақындарының өлеңдерін өз ара салыстырып қарадық. Салыстыру барысында аталған ақындардың тілек-мұраттарының бірдей екендігіне көз жеткіздік. Екі елдің де ақындары Ресей империясының қарулы басқыншылығын қатты айыптағандықтарына олардың өлеңдерінен нақты дәлелдер келтіріп отырдық. Және де қазақ пен қырғыздың халық ақындары ағайынды қос халықтың сегізінші ғасырдан бермен қарай ұстанып келе жатқан дүниеге көзқарастарын айқындайтын ислам дінін басқыншылардан барынша арашалап, қорғап баққан. Жамандықты қаламайтын, соғысты, қиянатты айыптайтын ислам дінін шертке қағып, өздерінің әділетсіз үстемдіктерін орнатқысы келіп жатқан орыс соғысқұмарларын әбден сынап-мінеген. Оған өздерінің өлең-жырларын қару етіп бітіспес күреске шыққан. (308 сөз болды)