АННОТАЦИЯ(Abstract) (Әдебиетті оқыту әдістемесі – ғылыми пән. Методика обучения литературы – научный предмет.) «Әдебиет әдістемесі - педагогикалық ғылымдардың саласына жататын ғылыми пән. Мұның қамтитын объектісі, қарастыратын мәселелері мектепте әдебиетті оқыту сабақтары кезінде мұғалім мен оқушылардың өзара қарым-қатынасы болып табылады, ол педагогика ғылымы теориясының жалпы қағида ережелеріне сүйенеді. Бірақ әдебиетті оқыту әдістемесі педагогика сияқты мектеп, оқу-тәрбие мәселелерін тұтас алып қарастырмай, тек көркем әдебиетті оқып үйрену негізінде оқушыларға берілетін білім мен тәрбие мәселелерін ғана өз шеңберінде алып баяндайды», - деп жазды көрнекті әдіскер-ғалым А.Көшімбаев. Бұдан әдебиет әдістемесі ғылымы мен жалпы педагогика ғылымының өзара байланыста болатынын көреміз. Қазақ тілін, әдебиетін оқыту әдістемесі ғылымының тарихында Ахмет Байтұрсынұлының көшбасшы болғаны белгілі. А.Байтұрсынұлының оқудың негізі білімді өз бетінше алу екенін айтқан пікірлері әлі күнге дейін өзінің мәнін жойған жоқ. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің қамтитын аймағы мектептегі әдебиет пәні сабақтары мен әдебиетке байланысты сыныптан тыс, мектептен тыс жұмыстар және базистік оқу жоспарының инвариантты бөлігінен берілетін таңдау курстарында жүргізілетін әдебиет сабақтарында мұғалім мен оқушының оқу-тәрбие ісінде өзара қарым-қатынасы болып табылады. Сөз өнерін, көркем әдебиеттің өзін әдебиет тарихы мен әдебиеттану ғылымында белгілі дәрежеде оқып үйрену негізінде оқушыларға әдеби білім, адамгершілік, ізгілік, имандылық, тәрбие беру мен білім-білік дағдыларын қалыптастыру заңдылықтарын ашу-оның қарастыратын басты мәселесі. Әдебиет пәні жеке тұлғаның, адамның рухани әлемін, оның адамгершілігін, ойлауын, көңіл-күй сезімін, тілін, шығармашылық әрекет- бастауларын қалыптастыруда ерекше орын алады.
Әдебиет пәні оқушы бойында биік эстетикалық талғамды дамытуды, өнер туындысындағы, табиғаттағы, адамдар қарым-қатынасындағы үйлесім мен әсемдікті танып ұға білуге, дұрыс бағалауға, әсерленуге, терең пайымдауға үйретеді, сонымен бірге ол көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікті, ынта-ықыласты оята отырып, оқырман мәдениетін қалыптастырады.
Осы негізде мектептегі қазақ әдебиеті пәні жеке тұлғаның үйлесімді дамуына қызмет атқаратын негізгі эстетикалық пән деген тұжырымға келеміз. Қоғамның және мәдениеттің даму өзгерістеріне сай әдебиет пәнінің бағдарламалары, оқулықтармен қатар оны оқыту әдістемелігі де жетілдіріліп отырады және ол қалыптасқан отандық әрі әлемдік тәжірибеге негізделеді. Сонымен, оқытушы және оқушының оқу әрекетіндегі бірлестіктер мен дербестік сипаттарын, ұйымдастыру жолдарын қарастыруға әдістеме ғылымы қолда бар бай тәжірибеге сүйенеді және оның таяу болашақтағы даму бағыттарын айқындайды. (317 сөз)