АННОТАЦИЯ(Abstract) (Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.) Қазақ ұлттық университеті өзінің негізін 1934 жылы 15 қаңтарда қалағаннан бастап Қазақстандағы білім беру жүйесінің бетке ұстар көркі, университеттік дәстүрлердің, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау - көзі болды. 1937 жылы қыркүйекте төрт жылдық оқу жүйесіне негізделген тұңғыш гуманитарлық шет тілдері факультеті ашылды. Бір жылдан кейін 120 студенті және құрамында орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және француз тілі тәрізді үш кафедра бар филология факультеті (оқу мерзімі 5 жылдық) ашылды. Кейіннен шет тілдері факультеті де осы құрылымға қосылды. Университетте соғыс қарсаңы және соғыстан соңғы жылдары 23 кафедрасы бар үш жаратылыстану (биология, физика-математика, химия) және екі гуманитарлық (филология мен журналистика факультеті) факультет жұмыс істеді. КазҰУ-дың қабырғасында Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмаханов, Әлкей Марғұлан тәрізді аса көрнекті ғылым мен мәдениет қайраткерлері дәріс оқыды. Содан бергі заманда ол көптеген ғылыми бағыттар бойынша дамып, жетіліп, халықаралық деңгейге көтерілді. Қазіргі кезде университет 37 мамандық бойынша кадрлар даярлайтын жоғары оқу орны және ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Университетте екі мыңнан астам жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді, соның ішінде 1000-нан астам ғылым докторы мен кандидаты, 100 академик пен елу философия докторы бар. Университетте білім беру ісі Болон реформасына сәйкес жүргізіледі, оқытудың кредиттік жүйесі толық күшіне енген, оқу үдерісінің жапсырмасыз ашықтығы, білім алушылардың академиялық ілкімділігі, «бакалавр – магистр – PhD» түрінде үш сатылы мамандар дайындау қамтамасыз етілген. Университеттің жаңа даму кезеңінде әл–Фараби атындағы ҚазҰУ–дың жаңа Академиялық саясаты іске асырылды, білім тексерудің қуатты корпоративтік Интранет жүйесі жолға қойылды. Университеттегі көрнекті факультеттердің бірі – филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті. Бұл факультеттің бүгінгі Қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы деп аталатын кафедрасында әр жылдарда Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллин, Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Ханғали Сүйіншәлиев, Зейнолла Қабдолов, Сұлтанғали Садырбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев сияқты білікті әдебиетші, профессорлар қызмет атқарған. Ал, мына біз ұсынып отырған мақала университетіміздің 80 жылдық мерейтойына арналып жазылған. Негізінен, қадірлі ұстаздарымыз Бейсенбай Кенжебаев пен Сұлтанғали Садырбаевтың дәріскерлі шеберліктері сөз болады. Сонымен бірге университеттің бүгіндергі қол жеткен жетістіктері де біршама баяндалған. (309 сөз)