Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании


«Әдіс» сөзі (грек тіл. Methools)



бет16/16
Дата05.02.2022
өлшемі1,2 Mb.
#2743
түріҚұрамы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
. «Әдіс» сөзі (грек тіл. Methools) жол дегенді білдіреді. Ол – таным, ережелер жүйесін және құбылыстарды зерттеудің амалдары мен табиғат заңдылықтарының, қоғам мен ойлаудың дамуының тәсілі. Ғылым мен тәжірибеде «әдіс» сөзі белгілі бір істі жүргізудің ыңғайын, немесе, шығармашылықтың, жұмыс-қызметтің түр ерекшеліктеріне қарай нақты ұғымға ие болады. Кез келген әдіс объективтілік пен субъективтіліктің бірлігін көрсетеді. Онда ғылыми-әдістемелік ізденістер негізінде пайда болған объективті шындықтың заңдылықтары мен құбылыстарын тани алушылық бар. Адам баласы өзінің заманалар бойғы даму жолында біртіндеп объективті әлемді зерттеп, жаңғыртып, өзгерту амалдарын игереді. Толып жатқан нақты ғылымдардың арнайы, бітім-болмыстары олардың мазмұнына негізделеді және жалпы әдеби-тарихи, саяси-қоғамдық, философиялық, жаратылыстанушылық әдістер болып бөлінеді.
Әдебиет пәнінің мұғалімі мен әдебиеттанушылар үшін ғылыми зерттеу объектісі ретінде көркем әдебиет, өнердің маңызды бір буыны саналады, өйткені ондағы әдеби көркем образдар объективті шындықты көрсетеді. Жазушы-суреткер өмір құбылыстарын енжар(пассив) түрде көрсетпейтіні белгілі, ол қоршаған ортаны әбден бақылайды, терең ұғуға ұмтылады, оларды ойша жинақтайды, өмір құбылыстарын типтейді, балайды. Орыс әдебиетшісі Николай Гаврилович Чернышевскийдің(1828-1889) сөзімен айтқанда өзінің эстетикалық, тәлімдік идеалдарына сүйене отырып, оларға үкім шығарады. Жазушы шығармашылық көркем әдістің негізінде шығарма тудырады. Өзіне ғана хас амалдар арқылы шынайы өмір көріністерінің образ – бейнелерін, суреттерін жасайды. Әдеби – көркем шығармаларды қабылдай отырып, оқушы-оқырман суреткер бейнелеген тұстарды ғана меңгермейді, сонымен қатар, оның қалай суреттегенін, қандай сезім мен ойды жеткізгенін, таным әлеміне қандай жаңалық енгізгенін және де оқырманға қандай эстетикалық, тәлімдік үлгі көрсеткенін меңгереді. Оқырманның алғашқы қабылдауы субъективті болып келеді, ол оның өмірлік тәжірибесімен ішкі дүниесінің байлығымен, қызығушылығымен, талғамымен және де оның оқу мәдениетінің дәрежесімен байланысты, яғни оқу мәдениеті жоғары болған сайын оның шығарманы қабылдауы толыға, молая түседі, тұлғаның ішкі дүниесінің өсуіне әсер етеді. Оқу тәжірибесі оқылған шығармалардың санына негізделмейді, оның қабылдау сапасына байланысты. Оқу сапасының артуына көркем шығарманың мәнін, қызметін түсіну, оның даму үрдісінің заңдылықтарын игеру әсер етеді. Бұл білім әдебиет ғылымымен, теориясымен және тарихымен байланысты. Ғылым оқырманды тек қана әдеби фактілерді нақты біліммен байытпайды, сонымен қатар әдеби шығармаларды өз бетінше ғылыми талдауға септігін тигізеді, жазушы шығармашылығы мен әдеби үдерісті толығымен спецификалық әдеби әдістер арқылы меңгеруге жетелейді.
Оқытудың сәтті болуының алғашқы шарты – оқытушының оқушыларға жеткізуі тиіс мәселені алдымен өзінің толық меңгергендігіне байланысты.
-3-
Шын «мұғалім өз пәнін жетік білуі тиіс, тек сондай мұғалім ғана өз шәкірттеріне үлгі бола алады және қадірі артады. Әрине, мұғалім басқа қасиетерге де ие болуы тиіс, бірақ оның білімділігі, білігі, балаларға айтатын материалын толық, жан-жақты білуі алғашқы қажеттілік болып табылады. Сондықтан да оқытушы қазіргі қоғамдық-саяси және әдеби мәдениеттің мәселелерімен толық таныс болуы керек және де қоғамдық әдеби үдеріске белсенді қатысуы тиіс. Бұл қатысулар мұғалімнің әдеби ізденістерінде жиі көрініп отырған. Олардың қазіргі әдеби үрдіске белсенді түрде қатысуы оның зерделі оқырмандарды дайындауына септігін тигізеді. Ал, жазушы өз оқырманының жүрегінен орын табуға, оның ішкі әлеміне әсер етуге ұмтылады.
Әдебиетті оқыту әдістері оқытудың мақсаты мен мазмұнына негізделеді. Бірақ, әрбір нақты жағдайда қандай әдістердің оңтайлылығын мұғалім таңдайды. Мұғалім қай әдісті дұрыс меңгерсе, сол әдіс-тәсіл жақсы болып саналады. Шынында, тәжірибе жүзінде кейбір мұғалімдер әңгімені баяндау шеберлігін меңгерсе, екіншілері эвристикалық әңгімелесуді өткізуді, ал үшіншілері ұйымдастыру қабілеттерімен ерекшеленеді және олардың оқушылары да белсенді келеді, сабақ үстінде де және сабақтан тыс уақыттарда да өз бетімен жұмыс істей алады. Бірақ, сынып жұмысының қандай бір ғана ұйымдастыру түрі, немесе, бір ғана әдіс курстың мазмұнын меңгеруді шектейді. Тек қана әр түрлі әдістердің «жиынтығы» мазмұнның жан-жақты қырларын кеңінен қамтитын және әр түрлі танымдық қызметті жетілдіруге, оқушының дамуына терең білімге қалыптасқан білікке, сонымен қатар, ең маңыздысы, тұлғаны мақсатқа ұмтылушылыққа тәрбиелеуді қамтамасыз етеді. Сондықтан да мұғалім өзіне ғана ұнамды әдісті, үйреншікті тәсілдерді меңгермей, тәжірибеде дәлелденген және теорияға негізделген барлық әдіс-тәсілді меңгергені жөн. Бұлар әр мұғалімге тән «шығармашылық қолтаңба» деп аталатын жеке адамның ерекшелігін шектемейді, керісінше оның оқушыларды оқыту шеберлігін арттырып шығармашылық күшінің толық дамуына игі әсерін тигізеді.
Ал, әдебиетті оқудың қайнар көздері мен бастапқы әдіс-амалдары алуан түрлі болып келеді. Ең бастысы көркем әдебиеттің таңдаулы, тәлімдік-тәрбиелік мәні терең, еңбекқорлыққа, парасаттылыққа үндейтін үлгілерін оқыту орта мектепте әдебиет пәні арқылы жүзеге асырылады. Әдебиет пәнінің ең басты функциясы(қызметі) балаларды көркемдікті қабылдай білуге үйрету, сол арқылы жан дүниесі(психологиясы) сұлу, әдепті, жамандықтан аулақ жүретін, мейірбан, отаншыл қоғам мүшелерін, азаматтарын тәрбиелеу болып табылады. Ал, қазақ халқы өзінің болмыс-бітімі, ділі(менталитеті) жөнінен әрқашан да ұл-қыздарының инабатты, ұстамды, есті, өнерлі, еңбеққор, қайырымды, өнегелі болуын қалаған. Сондықтан, сан ғасырлық даму жолында үнемі әр замандағы оқу-білім қазыналарына жете көңіл бөліп отырған. Сөйтіп, оқып білім алудың
алуан түрлі жолдарынан өтті. Бертінгі УІІІ ғасырдан бастап ислам дінін қабылдай бастады. Ислам наным-сенімдері қазақтардың ежелгі түркілік тәңірілік сенімдеріне үйлесе кетті, көп ұқсастықтары болды. Содан да қазақтар
-4-
ислам дінін жатсынбай тез қабылдай алды. Ал, ислам діні, мәдениеті, тарихы арқылы қазақ даласына көптеген әдеби көркем шығармалар келді(Діни әдеби кітаптар, қисса-дастандар, «Мың бір түн» әңгімелері, т. б.). Нәтижесінде, көптеген мектеп, медреселер ашылды. Олардың оқу құралдары, негізінен, әдеби көркем шығармалар болды. Сол келген жаңа оқу талабына орай, қазақ ортасында әдебиет пәнінің әдепкі оқытылу үлгісі былайша көрініс берді:
1.Қадым(діни) оқу.
2.Медреселік оқу
3.Жәдит оқуы.
Осындағы бірінші аталған қадым оқуының басты міндеті ислам дінінің қағидаларын ұқтырып, мұсылманшылық үрдістерінен жан-жақты мәліметтер беру еді. Шариғат заңдарын үйретіп, ислам дінінің пайғамбарының өмірі мен хадистерін(айтқан сөздері, үлгі-өнегелері), сахабалары(пайғамбардың көзін көрген серіктері) мен жай жұртшылық ішінен бой көрсеткен әулие-әнбиелерге қатысты қызғылықты мистикалық оқиғалар баяндалған. Әрі өзге де пайғамбарлар(Ибраһим, Смайыл, Ысқақ, Мұса, Сүлеймен, Жүсіп, Иса, Мұхаммед т.б.) мен олардың сахабалары және өзге қарапайым жамағат арасынан шыққан әулиелер өмірінде орын алған, көрсетілген түрлі-түрлі кереметтер, алуан қилы оқиғалар өзек болып тартылған қисса-дастандар оқытылған. Бұлар аңлап қарағанда әдеби көркем оқу мәтіндері қатарына жатады.
Біздіңше, қазіргі кезде қадым(ертедегі) оқу түрі өзінің қайта жаңғыру(қазақ, қырғыз, қарақалпақ, т.б. арасында) дәуірін бастан кешіп жатыр. Бұлай дейтініміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде(1991-2014) қазақ халқының ислам дініне жаппай бет бұру кезеңі басталды. Дін атаулыны жоққа шығарған кеңестік өкімет құлап, түркі халықтары(қазақ, қырғыз, өзбек, татар, башқұрт, әзірбайжан, қарақалпақ, қарашай, құмық, т.б.) коммунистік қызыл идеологияның кесірінен жетпіс төрт жыл бойына көз жазып қалған мұсылмандық ата-баба салт-дәстүрлерін еске түсіре бастады, исламдық наным-сенім талаптарын басшылыққа алуға кірісті. Мәселен, жер-жерлерде көптеген мешіттер бой көтеріп, олардың жанынан ислам діні қағидаларын түсіндіретін оқу курстары ашылған. Сондай-ақ, жоғары білім беретін ислам діні институттары жоғары білімді маман-теологтар дайындауға жол салынуда. Мұның бәрі – бүгінгі күннің шындығы.
Медреселік оқу(орта дәрежелі оқу): Уфа қаласындағы Ғалия
медресесі, Семейдегі Ахмет Риза медресесі, Қазандағы Мұхамедия және Тройцк, Орынбор, Бұқара, Хиуа, Ташкент, Самарқанд, Шымкент-Шаян, тағы басқа шаһарлардағы медреселерді атаймыз.
ХІХ ғасырдың бас шенінен бергі уақыттарда патшалық Ресейдің Волга(Еділ) бойы, Кавказ(Қойқап), Түркістан және Орта Азияның өзге де аймақтарында уақыт талабына сай жаңаша білім беретін мектептер пайда бола бастаған. Жаңа мектептер(жәдит) қадыми оқудың(діни) тәлім-тәрбиесіне кейбір өзгерістер, жаңалықтар енгізді(ана тілінде оқу, жазу, есеп, география, тарих, т.б. оқу пәндерінен бастауыш білім беру т.б.). «Жадид-и»
-5-
арабтың «жаңа» деген мағына беретін сөзі. Оқытудың бұл жүйесі «Усул жәдит» деп аталады. Усул-әдіс деген сөз, жәдит –жаңа. Сонда, «жаңа әдіс» болып шығады.
Осы жаңаша оқыту әдісі аз уақыттың ішінде Ресей империясының күллі мұсылман аймағына, тіпті, сонау Үндістанға дейін тарайды. Алғаш рет мұсылман балаларын дыбыс жүйесімен оқытуды Қырым татары Исмаил Ғаспыралы (Гаспиринский) бастайды. Исмайл Гаспиринский (1851-1914) тұлғасының қалыптасуына Қазан шаһрындағы оқымыстылар әл-Курсави (Әбді ан-Насыр бин Ибраһим Әбу-н-Насыр әл-Булғари-1776-1812) мен әл-Маржани (Шихаб ад-дин Харин бин Баха ад-дин Субхан бин Әбді әл-Кәрим-1818-1889) еңбектерінің ықпалы зор рөл атқарды. Сөйтіп, жаңа әдісімен білім беретін жәдит мектептерінің негізін қалаған кісі қырымдық татар Исмаил Ғаспыралы делінеді.
Жәдит(усул-жадит – жаңа метод, әдіс) оқуы заман талабына сай өзге де физика, математика, биология, астрономия, химия, т. б. пәндерді оқытуды мұрат тұтты. Мұсылман балаларының дін оқуымен қатар, басқа да дүниеауи ғылымдарды да игеріп, олардың өмір талаптарына лайықты жат жұрттар біліп жатқан жаңа технологияларды игеріп, қатардан қалмауын көздеді. Шала сауатты(дүмше) молдалар оқуына сын көзімен қарап, өзге жұрттардан қалмау үшін жаңа үлгідегі европалық ғылымдарды біліп жетілуге шақырды.
Ал, біздің ойымызша, усул-жәдит оқуы тек ХІХ ғасырда пайда бола кетпеген, тамыры тереңде жатыр. Исламдық-мұсылмандық талап-тілектермен тығыз байланысты. Себебі, ислам діні әрқашан да білімді болуға, ғылымды игеруге үндеп отырады. Олай болатыны ұлы жаратушы Алла өзі
жоқтан пайда қылған он сегіз мың ғаламның құпия сырларын пенделерінің өз беттерінше зерттеп білуін қалайды. Қалай зерттеп жатқандықтарын бақылайды, қызықтайды. Демек, адамзат баласы ғылым салаларын неғұрлым жете игерген сайын, мейлінше терең ұғу арқылы Алланың құдіретін тани түседі. Білім қоры молайған сайын парасаты артады: менменшіліктен, астамшылықтан, атаққұмарлықтан, даңққұмарлықтан, таққұмарлықтан, көрсе қызарлықтан, пайдакүнемдіктен бой тартатын болады. Өзінің де Алла жаратқан сансыз ғажайыптардың бірі ғана екендігін түсінеді. Соны ұғуға ақыл-ес бергендігі үшін Жаратқанға құлдық ұрады, ислам қағидаларына сөзсіз сенеді. Сондықтан, бір Аллаға сене отырып, оған тәуекел етіп, ғылым салаларын игеру, жер-көкті, әлемді зерттеу исламның басты шарттарының қатарына жатады. Демек, үнемі жетіліп отыру, жаңалықтан қашпау, жаңа оқудың соны әдістерін қолдана беру тым арыдан, ежелден келе жатқан ұсыныс-талаптар санатына кіреді.
Жаңаша оқып, тың жаңалықтар ашқан өз заманының мұсылманша усул-жәдиті оқуының оқымыстылары Әбунасыр әл-Фараби, Әбурайхан Бируни, Әбу Әли ибн Сина, Мұхаммед Хорезми, әл-Хорезми, тағы басқа да білімпаздардың ұлы еңбектері кейінгі ғасырлардағы дүниежүзілік ғылымның барша саласының жаңғыра қарыштап өркендеуіне негіз қалады.
-6-
Орта Азия мен қазақ даласы тұрғындарына ислам діні VІІІ–ІХ ғасырларда тарай бастаған десек, соған орай, араб дүниесінде қарыштап өркендеген ғылым жетістіктерімен, оның аса көрнекті ғұламаларының, педагог-психологтарының есімдерімен, құнды-құнды еңбектерімен танысудың реті жүзеге асты. Араб қарпін үйретіп, білім беретін оқу орындары – медіреселер ашылған. Самарқанд, Бұқара, Хиуа секілді шаһарларда жоғары деңгейдегі білім-ғылым ғимараттары жұмыс істеген. Бір ғана Ұлықбектің өңшең білгіш, әдіскер мұғалім-зерттеушілер сабақ берген медіресесінің өзі неге тұрады! Ал оның аспан шырақтарының қозғалысын анықтаған және күннің шығып-батуы туралы әрі жыл он екі айдың ұзақтығын дәл өлшеген обсерваториясын қайда қоямыз? Осының бәрі оқытудағы жаңашылдық, усул-жәдит әдісі емей немене?! Мінеки, осы исламдық шалқар өркениет табыстары ұлы далаға да кеңінен жол салды. Нәтижесінде қазақ арасында жаппай арабша-парсыша сауаттандыратын, мұсылмандықтың алғышарттарын ұқтыратын, Алланың бірлігін пайғамбардың өкілдігін негіздеп түсіндіретін ауылдық әдіскер молда-мұғалімдер көбейеді. Осыдан барып, молданың алдын көрген, өздерінің хал-қадерінше әліпті таяқ деп білген, шама-шарқынша кітап оқи алатын адамдар қатары молая түскен.
Сонымен, усул-жадит(жаңа әдістеме) – ХІХ ғасырда аяқ астынан пайда бола кетпеген, көнеден бастау алған бұрыннан бар оқу. Тек, ол орта ғасырдағы Крест жорығын ұйымдастырушылардың, христиандық инквизицияның, ХІІІ ғасырдағы жабайы шапқыншылықтардың кесапатынан уақытша мүдірген еді. Міне, сол уақытша кідірген өркениетті жаңашылдықты кейінгі ғасырлардағы білікті азаматтар ілгерілетті, қайта жаңғыртты. Осылайша қайта басталған жаңаша оқу(усул-жәдит) әдістемесі жаһандық ғылымның соны табыстарымен байытылып, Орта Азия мен қазақ елінде кеңінен қанат жая бастады. Сөйтіп, Қазақстанда да ХІХ ғасырда евразиялық жаңа үлгідегі мектептер: екі басқышты, төрт басқышты, орыс-түзем және кәсіптік-техникалық-реалды оқу түрлері пайда болып дамыды.
Қорыта келгенде, қадым оқу әдісі десек те, медреселік оқу әдісі десек те, усул-жадит оқу әдісі десек те – бәрі қазақ халқы үшін өте пайдалы оқулар болды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет