Жалпы білім беретін он бір жылдық орта мектептегі жетекші пәндердің бірі әдебиет сабақтары болғандықтан, олардың оқу жүйесінен алатын орны да аса маңызды болып саналады. Мектептер алуан түрлі ғылым салаларынан бастапқы мағлұматтар берумен қатар, оқушылардың бойына ізгілік, мейірімділік, парасаттылық, кішіпейілділік сияқты адамгершілік қасиеттерді де егеді. Ал, ондай гуманистік өнегелер адам бойына ең алдымен көркемөнер туындылары арқылы дариды десек, олардың арасындағы аса қуатты, пәрменді тәрбие құралы әдебиет пәндері екендігін байқаймыз. Мұның өзі көркем әдебиет шығармаларын орта мектепте оқытудың өмір қажеттілігінен туатындығын көрсетеді.
Негізінен, пән ретінде әдебиет бесінші сыныптан басталады да он бірінші сыныппен аяқталады. Әдебиет пәндері халық тарихы, көркем әдебиет тарихы, әдебиеттану, тіл білімі, психология, педагогика, философия, эстетика – этика негіздері, жаратылыстану тағы басқа да ғылым салаларымен байланыстырыла оқытылады. Бұл талаптар әдебиет пәні мұғалімінің заманына сай жан-жақты хабардар (эрудит) және арнайы білім-білік қорының мейлінше мол болуын қажет етеді. Әрі әдебиет пәңдерінің мектеп бағдарламасына орай қарастыратын, түсіндіріп ұқтыратын негізгі нысанасы көркем сөз өнері қазыналары болғандықтан, оны өнердің басқа да түрлерімен салыстырып оқытудың маңызы зор. Себебі, әдебиет пәндері оқушылардың адамгершілік, азаматтық келбетін қалыптастырып, қоғамдық орта жайлы пайым-түсініктерін тереңдетеді және күллі сұлулық, көркемдіктер әлемін танып білуіне есік ашады, жетелейді.
Филология факультетінің студеттеріне Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі курсы жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар тұрғысынан ғылыми негізде және жылдар бойғы жинақталған бай іс-тәжірибелік нәтижелер мен әдістемелік тұжырымдар ескеріле отырып оқытылады. Және де қазақ әдебиетінің орта мектепте жүргізілу тарихы мен теориялық тамырларын студенттер лекцияларды тыңдау үстінде қандай мәселелердің қозғалып жатқанын адаспай дұрыс аңғарып отыруы аса маңызды жай болып табылады. Сондықтан да оқу бағдарламасын түзген кезде оның тақырыптарының бір-бірінің заңды жалғасындай болып шығуына жете көңіл бөлінеді. Мазмұн сабақтастығы, мәселелердің туындау рет-реттілігі сақталады. Ең бастысы, бағдарламаның мазмұндық-құрылысының дәріскерге әрі түсінікті, әрі ыңғайлылығына ерекше назар аударылады. Сонда ғана студент орта мектепте әдебиет пәнін оқыту әдістемесінің тарихы, даму арналары және оның өзге де толып жатқан тәсілдері, амалдары, жолдары жөнінде ғылыми жүйелі, тыңғылықты білім алады.
-2-
Жалпы, ғылыми жазу әдістері мен оқыту әдістері жайында пікірлер көп