Көк-жасыл балдырлар (cине-зеленые водоросли) – Cyanophyta
Көк-жасыл балдырлар өте ертеде пайда болған өсімдіктер. Түрлерінің жалпы саны 1,4 мың шамасында болады.
Құрылысы. Бұлар негізінен колониялы және көп клеткалы, сиректеу бір клеткалы, түсі алуантүрлі болып келетін организмдер (көк - жасыл, сарғыш, қанықтау - жасыл). Олардың түсі клеткада әртүрлі мөлшерде болатын әртүрлі пегменттердің: көк - жасыл түсті фикоцианның, хлорофилдың, каротиноидтардың және қызыл түсті фикоэритриннің орайласып келуімен тікелей байланысты болады. Көк-жасыл балдырлардың клеткаларында қалыптасқан ядросы, хроматофорасы және клетка шырынына толы вакуольдері болмайды. Клетка қабықшасы негізінен пектинді заттардан тұрады және аздап шырышпен қапталған. Клетка қуысы цитоплазмамен толтырылған, ол екі қабаттан тұрады: қатты клетка қабықшасына жақын жатқан, мембраналар мен пигменттерден тұратын, көк - жасыл түске боялған қабат - хроматоплазмадан және ДНҚ- дан тұратын, түссіз ортаңғы бөлік - центроплазмадан. Клеткасының құрылысының осындай қарапайым болып келуі, көк-жасыл балдырларды дробянкалармен көп жақындастырады.
Көп клеткалы көк - жасыл балдырлар әдетте жіп тәрізді болып келеді. Жіптерінің ұзындыққа өсуі клеткалардың жай екіге бөлінуі арқылы жүзеге асады. Жіп тізетін біртектес клеткалардың ішінде гетероциста деп аталынатын біршама үлкен, қабық-шалары қалың, клетканың ішіндегі тірі заттарынан айрылған, сарғыш - қоңыр түсті дөңгелек өлі клеткалар болады. Көп жағдайда бір клеткалы және жіп тәрізді көк - жасыл балдырлар өз бойынан шырышты заттар бөліп шығарады және бірігіп біршама үлкен колония түзеді.
Достарыңызбен бөлісу: |