ІІІ. Сарғалдақтар тұқымдасы. Ranunculaceae Juss. Лютиковые. 1. Таушымылдық–Пион–Paeonia. Жабайы түрі Шығыс Сібірде, Қытайда, Монғолияда, Жапонияда және Таяу Шығыста кездеседі, Шілде айында гүлдейді 25 – 28 күн ішінде. Өсімдік биіктігі 50 – 100 см, гүлінің диаметрі 10 - 18см . Оның тамыры ірі, қоңыр түсті, құнарлы топырақтарда өскен кейбіреулерінің салмағы 5 – 6 кг дейін жетеді. Тамырдың іші ақ болады, оны тілге тигізіп көрсе тәтті дәмі білінеді. Сондай – ақ аңқыған хош иісті. Өсімдік сабағының ең жоғары ұшында бір ғана гүлі болады. Жапырақтары сабағына кезектесіп, жарыса орналасқан. Сағақтары қысқа. Жалпы пішіні адам алақанына ұқсайды, яғни саусақтардай салаланып тұрады. Гүлдері – алқызыл түсті, ірі болады. Оның тостағаншасы 5 қалақшадан тұрады. Гүл тәжісінің жапырақшалары да бесеу болады. Тұқымы – сопақша, жұмыртқа пішіндес, қара түсті болып келеді.
Ашық және жартылай көлеңкелі жерлерде топтастырып отырғызуға және кесіп алуға пайдаланылады.