Ноосфера-сана, ақыл-ой қабаты, экологияның төрт заңы. Ағылшын ғалымы В.Коммонер (1974 жыл) тірі және өлі табиғаттың арасындағы барлық экологиялық өзара қарым- қатынастырды төрт заңға біріктірген.
Бірінші заң-барлығы барлығымен байланысты. Бұл заңның негізінде тірі табиғаттағы жалпы байланыстар принципі жатыр. Аталған принцип бойынша табиғаттағы күрделі трофтық немесе басқа да байланыстарда қандай да бір бөлігінің жойылуы күтпеген нәтижелерге әкеліп соқтыруы мүмкін. Әрбір түр көптеген басқа түрлермен байланысты болады.
Адамның табиғатқа араласуы күтпеген қолайсыз жағдайларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Мысалы, оңтүстік аралдардың бірінде ДДТ припаратының көмегімен масаларға қарсы күрес жүргізілген. Масалар толық жойылды. Бірақ, біраз уақыттан соң осы бунақденелілермен қоректенетін кесірткелер қырыла бастаған. Содан соң осы жорғалаушылармен қоректенетін жабайы мысықтардың саны кеми бастаған. Нәтижеде тышқандардың саны күрт артып кеткен. Кесірткелердің жойылу нәтижесінде термиттер көбейіп, үйлердің ағаш тіреулерін зақымдаған. Олай болса масалар да қалыптасқан экожүйенің маңызды құрам бөлігі болып табылады.
Экологияның екінші заңы-материя жойылмайды, жоқтан пайда болмайды, ол бір түрден екінші түрге өтеді. Кез келген табиғи жүйеде бір ағзалардың экскременттері мен қалдықтары екіншілері үшін азық болып табылады. Жануарлардың тыныс алуы нәтижесінде бөлініп шығатын қалдық көмір қышқыл газ жасыл өсімдіктер үшін қорек. Өсімдіктер жануарлар тыныс алуы кезінде сіңіретін оттегіні бөліп шығарады. Жануарлардың қалдықтары- оларды ыдырататын бунақденелілер мен бактериялар үшін азық. Ал, олардың қалдықтары-бейорганикалық заттар (азот, фосфор, калий, көмірқышқыл газы және т.б.)- өсімдіктер үшін азық көзі болып табылады.
Үшінші заң:табиғат өзі жақсы біледі. Табиғи жүйеге кез келген ірі антропогенді әсер зиянды. Табиғатта егер оны ыдырату жолы болмаса, ешқандай да жаңа органикалық зат жасалмайды.
Тірі ағзада жасалатын кез келген органикалық затты ыдырататын фермент болады. Адамның қолымен жасалған, бұрын табиғатта болмаған жаңа органикалық затты ыдырататын фермент жоқ. Сондықтан бұл зат жинала береді. Бұған улы химикаттар-пестициттер мен гербициттер мысал бола алады. Табиғатқа ірі өзгеріс енгізу алдында барлық мүмкін болатын экологиялық нәтижелер қарастырылуы тиіс. Орта Азияның ірі өзендері- Сырдария мен Амударияның суын егістікке пайдалану Арал теңізінің деңгейінің айтарлықтай төмендеуіне әкеліп соқтырды. Арал күннен- күнге тартылып барады, ал оның маңындағы Сарықамыс ойпаты суға толуда. Шөлді жерлер қолдан батпақтанып барады.
Іле өзенінде Қапшағай ГЭС-нің салынуы Балқаш көлінің деңгейінің төмендеуіне әкелді.
Төртінші заң-тегін ешнәрсе жоқ.Ғаламдық экожүйе біртұтас бүтінді құрайды. Адамның еңбек қызметі нәтижесінде экожүйеден алынған нәрсенің барлығы қайтарылуы тиіс. Біздің көптеген қателіктеріміз табиғаттағы барлық құбылыстардың өзара байланысын практикада пайдалана білмеуімізге байланысты туындап отыр.