Бір атаның балалары хикаят



Pdf көрінісі
бет1/4
Дата21.05.2022
өлшемі395,61 Kb.
#144258
  1   2   3   4
Байланысты:
Бір атаның балалары 5-7



БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫ
Хикаят
Он сегізден тірі қалған үшеу туралы орыс əні көпке мəлім.
Тарихын естіген жұрттың бəрі көзіне жас алады.
Мен жалғыз баласынан соғыста айрылған кемпір-шалдың үйінен
1942 жылы көктемде түсірілген сурет көрдім. Əскерге жаңа алынған
ауыл жастары. Қасап қырғыннан алпыс жетінің үшеуі ғана аман
қайтыпты...
Мен оларды көргем жоқ, олармен бірге жүргем жоқ. Олар туралы
жаза алмаймын. Бірақ мен сол қыршын ерлердің панасыз қалған кəрі
ата-аналарын білем, жетім қалған жас балаларын білем. Туып
үлгермеген нəрестелерінің қазір неше жасқа келетінін, қандай азамат
болатынын білем...
Осы шағын дүниені фашизм құрбандарының туып жетім қалған,
тумай жарығы өшкен сəбилерінің рухына арнаймын. Өлгендеріне
тастаған бір уыс топырағым, тірілеріне жанын жұбатар бір шумақ
жырым.
Ав тор
.
БАСТАУ
– Ал, ағайын, тегіс жиналсаң, сөзіме құлақ сал, – деді басқарма. –
Өздерің білесіңдер, мен жұмысшы əкелем деп кеттім. Ақыры былай
болды. Үкімет біздің Бұлғыртау ауданының тоғыз қалқозына елу төрт
бала жіберген екен. Жер аяғы шалғай, мен барғанша ересектерін
бөлісіп əкетіпті. Соның өзі жақсы болды. Жетісіп отырған ешкім жоқ,
түгел кем-кетікпіз. Төрт-бес жұмысшы қосылғаннан азаматтың орны
толмас деп, ең ұсағынан таңдап алдым.


Жұрт дабырлап кетті. Басқарма мен есепші екеуі шүпірлеген бір
арба бала əкелді дегенді мана, жұмыс басында естіген. Рас боп шықты.
– Сабыр, ағайын, сабыр, – деді басқарма қолын көтеріп.
– Менің əкелгенім алты-ақ бала. Бəріңе жетпейді. Жəне, қазір
баурыма салдым деп алып, ертең өгейсітіп жүрсек тағы қазақшылыққа
жатпайды. Мүмкін, үкімет əлі де жіберер, сонда қалғаныңа тиеді. Əзір
қолда барын құдай жолымен бөлем. Ай, бəйбіше, – деді содан соң
дауыстап.
– Тамағын ішіп болса балаларды алып шық.
– Қазір, ақсақал, – деген дауыс естілді киіз үй ішінен,
– Ал, былайырақ тұрындар, балаларға орын беріңдер, – деді
басқарма.
Жұрт жапырыла шегініп, есік алдың қоралай тұрды. Орталарын
ашқанмен, кимелесіп, мүмкіндігінше алға шығуға тырысады. Бірі
қызық көрмек, бірі үміт жетегінде.
Ақыры басқарма əйелінің ақ шаршысы көрінді. Бірақ сыртқа
шықпай, көтерме киіз есікті жамылған күйі бөгеле берді.
– Жүріңдер, айналайындар, бері жүріңдер.
Аппақ қаздың баурынан тұрған сары үрпек балапандай, сап-сары
шашты сап-сары бала көрінді. Жұрттың дабыры пышақ кескендей
тыйылды. Артынша бірінің соңынан бірі тізіліп, қара шашты, қоңыр
шашты, жирен шашты балалар өріп шыға бастады. Күнге көздері
шағылысты ма, əлде жадау киінген жат топтан именді ме, бəрі есік
алдыңда ұйлығып қалды.
– Өй, қалқабастар, қорықпаңдар, бері жүріңдер, – деді басқарма.
Қолынан бір-бірлеп жетектеп əкеп, киіз үйдің күнес жақ қабырғасына
қатарлап тұрғызды.


Жаңа сілтідей тына қалған жұрт бадалардың ішінде қоңырқай өңді,
қара көзділері барын аңдаған соң қайтадан күбір-күбір сөйлесіп,
гуілдеп кеткен.
– Ал, Дəуренбек, – деді басқарма, екі қолын кеудесіне айқастырып,
алдыңғы қатарда сіресіп тұрған қара ғалифе шалбар, əскери
гимнастеркалы жігітке қарап. – Дүкіметіңді оқы, балалардың мəн–
жайын айт.
Дəуренбек салдат етігімен сарт-сұрт басып, екі-үш қадам алға
шықты да, бас бармағы мен жарты шынашағы ғана бар сол қолымен
қармалап, төс қалтасынан төрт бүктелген бір жапырақ қағаз алды. Бес
саусағы да бүтін оң қолымен қағаздың бүктемесін жазып, ернін
жыбырлатып, ішінен оқып аз бөгелді. Содан соң молақ қолының кеміс
шынашағымен балаларды санап шықты. Қағазына тағы бір қарады да
балаларды орнын алмастырып, қайта тұрғызды. Тамағын кенеп екі-үш
мəрте жөткірініп алып, қағазды мұқият бүктеді де қайтадан қалтасына
салды.
– Басекең дұрыс айтады, баланың саны алтау, – деді содан соң. –
Смирна тұрып, внимательна

тыңдаңдар. Мен ретімен таныстырып
шығайын. Тылдағы еңбекшілерге көмекке жіберілген жолдастар
төмендегіше. Стройдың

басында тұрған екеу – қазақ балалары, үлкені
сегізде, кішісі алтыда, мынаусы – Нартай, анаусы – Ертай, екеуі
ағайынды. Бұлардан соңғы – татар баласы, аты Рəшит, жетіде. Көзі
сығырайған жалпақ бет, тақырбас қара – əйел бала, қалмақ, я дүңген,
жасы алтыда. Қасындағысының аты – Яков, тоғызда, қолағаштай
мұрнына қарағанда жойыт тəрізді, бірақ документте орыс деп
жазылған; қайдан кеп, қайдан тұрғаны белгісіз, əрі мылқау. Ең
соңындағы – жаңа алдымен шыққан қасқа, жетіде. Сіздерден
жасыратын не бар, тегі жаман – неміс. Бұл баланың орны детдом емес
еді, əке-шешеден бірдей айрылып, панасыз қалған соң алынған екен.
Өкіметтің кеңшілігі көп. Енді осы араға келіп тұрған жайы бар.
– Сонда қалай? – деді біреу.
– Не қалай?..


– Мына бала...
– Қай бала?
– Мына балалар... не... алған адам... алам деген адам... нетіп...
– Мен бəрін де айттым, – деді Дəуренбек. – Тағы қандай сұрақ бар?
Ешқандай сұрақ болмады.
– Түсінікті, – деді Дəуренбек. – Мен болдым. Басеке, сөз өзіңіздікі.
– Сөз дейтін не сөз бар... Осы ауылдан соғысқа сайдың тасындай
қырық үш азамат кетіп еді. Əзірге оралғаны екеу–ақ. Дəуренбек
қолдан, Берден аяқтан айрылып қайтты. Жиырма төртіне қара қағаз
алдық. Хабарсызы қаншама. Тегіс жетімбіз. Жетім болмасақ, əліпті
таяқ деп білмейтін Тоқажан қалқоз басқарма ма. Жетім болмасақ,
жетпіске келген Ахмет күндіз мал қарап, түнде күшкөлік баға ма.
Əйтеуір артының қайырын берсін... – Көзі жасаурап сол бөгелді де
қайта жалғастырды. – Сөз дейтін не сөз бар, біз баладан айрылсақ,
мына алдарында тұрған – атадан айрылған жетімдер. Екі жарты – бір
бүтін... – Даусы жарықшақтанып, мұрты селтеңдеп, бұдан ары сөйлей
алмады.
– Тоқа! – деді сол аяғына көнетоз саптама етік, он аяғына былғары
тысты жаңа протез киген сырма күртелі қарамұрт. Бұл – бригадир
Берден еді. – Тоқа, осы тұрған жұрттың көбі бала алғысы келеді. Мен
де, ана Ақан да, мына Тілеубай да. Өзіңіз де құр қалмассыз. Тегіс сəби
жасындағы кішкентай балалар көрінеді. Шыққан жерін ұмытып,
ертең-ақ ет-бауырымыз боп кетеді. Өз қолыңызбен үлестіріп беріңіз.
– Лəббай, – деді қайтадан қатайып алған басқарма, – мен
бөлмеймін, өздерің таңдаңдар. Тек ретін айтайын. Реніш-өкпе
болмасын. Ақа! Жол сіздікі.
Тысы тозған сеңсең тымағын құлағын қайырып бір жақ шекесіне
қисайта киіп, жұрттың бəрінің басынан аса қарап, ат үстінде тұрған
Ахмет шал қарына қыстырған құрығын лақтырып тастап, жерге ырғып
түсті. Қимылы ширақ.


– Таңдаған балаңызды алыңыз.
Ахмет ысырыла жол берген жұртты киіп–жарып балалардың
алдыңа барды да қалт бөгелді. Қайсысын алсам екен деп ойланғандай.
Жетімдерді жағалай шолып шықты да, ең баста тұрған ағайынды қазақ
балаларының қасына келді. Екеуі біріне-бірі тығыла құшақтасып
тұрған. Қолдарынан тартып еді, айрылмады. Ахаң тізесін бүгіп, екеуін
бірдей баурына басты. Кезек-кезек маңдайларынан сүйді. Содан соң
орнынан көтеріліп, балаларды жағалай бастарынан сипап өтті де, ең
шетте тұрған неміс баласының қолынан ұстады.
– Мен осы мықтының өзін қаладым.
Жұрт ду ете түсті.
Еркіңіз білсін, – деді басқарма.
– Баланың аты кім? – деді Ахаң Дəуренбекке қарап.
– "Жауды аяған жаралы" дегенді білмеуші ме едіңіз, – деді
Дəуренбек ызбармен.
– Əй, не шатып тұрсың, мен сенен ақыл сұрадым ба! – деді Ахаң да
морт кетіп.
– Сақалыңыздың ағымда жаңсақ іске аяқ бастыңыз, – деді
Дəуренбек. Ақсақалға емес, əлдеқайда, алыстағы егін-жайға қарайды.
– Құйысқанға қыстырылмай, қой, шырағым, – деді Ахмет. – Əкең
атшабар Бəкібайды да көргем, ол да маған қоқаңдай алмаған. – Екі
бүктеп, білеулей ұстаған қамшысының сабымен тымағын түзеп киді. –
Еміске сен үш саусағыңды берсең, мен үш ұлымды бергем. Мына
жұртты бөгемей баламның атын айт.
– Зигфрид Вольфганг Вагнер. Қарық болдыңыз, – деді Дəуренбек
мырс етіп.
– Зекпри Болыпкен... Қалай, қалай?..


– Зигфрид Вольфганг Вагнер.
– Е, жөн-ақ, – деді Ахмет ақсақал. – Келісті, жақсы ат екен.
Айналайын, жүр, үйге кеттік. Апаң күтіп отыр. Жұрттың сөзін
ұрғаның бар ма, жүр үйге.
Қызыққа жиылған балалардың ересектеу біреуі шылбырынан ұстап
тұрған атына барды да, Зигфридті аяғын тарбита көтеріп алып ерге
отырғызды. Еңкейіп, жерден құрығын алып, сол жақ қарына
қыстырды. Үзеңгіге аяғы тиер тиместен лып етіп өзі де ат үстіне қона
кетті. Күміс қасты қазақы ер кең екен, екеуі де сыйды: алдыңда –
жалбыраған ұзын сары шашты көккөз сары бала, артында –
ширатылған ұзын бозғыл мұрт, шоқша сақалды, өңі жел мен күнге
тотыққан ақсұр шал.
Иесінің жүріс бағдарларын жатқа білетін жиренқасқа ат оңға,
колхоздың соқаға, тырмаға жегер, егін шабуға, қырман айдауға
пайдаланар күшкөлігі жайылып жүрген қыр жаққа қарай беттемек еді,
шал тізгінді тартып, солға қарай бұрды да, қатты тебініп қап, бұрын
өзінде жоқ, тіпті, қазақта болмаған əдетпен ауылды қақ жарып шаба
жөнелді. Абалай қосылған иттерден арылып, шетке шыққан соң ғана
аяңға көшті. Оңашарақ тігілгені болмаса, Ахметтің өз үйі де осы
ауылдың шегінде еді. Төбесі көрініп тұрған.
– Ұзағынан сүйіндірсін, – деді үйіне жетіп, атынан түскенге дейін
Ахметтің артынан қарап тұрған Тоқажан.
– Шоғырлы жердің шоқысы болған аруақты атадан қалған қара
шаңырақ еді. Ал, жұмысқа шығу керек, тездетейік, – деді содан соң. –
Бокс, Ахаңнан соңғы жол да, жөн де сіздікі.
– Рақмет, Тоқажан шырағым, – деді Бөкең аталған кішкентай қара
шал таяғының ұшын шошаң еткізіп. Тілеп алған жалғызды маңдайыма
сыйғызбаған құдай басқаның зəузатынан опа бермес. Рақмет пейіліңе.
Көр аузына тақап отырмыз, бір рет ата-анасынан айрылып аңыраған
баланы екінші қайтара жетім қалдырып күнə арқалағым келмейді.


Осыдан соң жұрттың көңлі басылып қалды. Абыр-дұбырсыз, у-
шусыз келісті. Басқарманың өзі əдеппен кезек күткен соң ешкім
кеуделемеді. Бала алғандар да, құр қалғандар да риза болысты. Тек
бөлінер кезде ағайынды Нартай мен Ертайдың шырылдап жылап,
айрылмай қойғаны ғана жанға батты. Ертерек ойламаған екем, өкпе,
аразға қарамайтын ем деп басқарма өкінді. Əйелдер көзіне жас алып,
еркектер үнсіз тұнжырап, үйді-үйлеріне тараспай көп тұрды. Бірақ
Ертайды алған бригадир Берден де, Нартайды алған орақшы Тілеубай
да баладан айрылғысы келмеді. Қатты-қатты сөздерге барып,
төбелесерменге тақады. Ақыры үлкендер басу айтып қойғызды.
Балаларыңның бауы берік болсын, бүгін жылайды, ертең қояды, бəрін
ұмытады десті. Сол сөзді медеу қып қалғаны да тарқасты.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет