2.1 Себепті байланыс және қоғамға қауіптілігі
Себепті байланыстың тағы бір белгісі — істелген іс-əрекеттің нəтижесі ретінде заңда көрсетілген қылмысты зардаптың нақты орын алуы. Сол зардапты туғызуға нақты мүмкіндік жасаған жағдайда ғана адамның əрекеті зардаптың себебі болып табылады. Мұндай жағдайға кінəлі түрде іс-əрекет жатады.
Істелген іс-əрекетті орын алған қоғамға зиянды зардаптың себебі деп тану үшін, қылмыстың осы зардабы тек қана осы іс-əрекеттің (басқаның емес) тікелей нəтижесі болуы қажет. Өйткені кез келген іс-əрекет зардаптың орын алу шарты болғанмен, оның себебі болып танылмауы мүмкін. Осыдан кейін іс-əрекетті зиянды қауіпті зардаптың тікелей себепші деп табу үшін себепті байланысты белгілейтін тағы бір белгіні, шарасыздық белгісін — яғни, орын алған зардап істелген іс-əрекеттің қажетті, сөзсіз нəтижесі болуы керек деген тұжырымға келеміз [1].
Қылмыстық құқықтағы іс-əрекет пен одан туындаған зардаптың арасын объективті түрде байланыстыратын себепті байланыс. Себепті байланыс философиялық санат болып табылады. Ол «себеп» жəне «байланыс» деген екі ұғымның бірлігін құрайды. Себепті байланыс себеп жəне əрекеттің байланысы, себептен əрекетке ауысу болып табылады. Себеп болмаса, салдар да болмайды.
«Себеп» латын тілінің «causa» деген сөзінен шыққан. Алғашқы сатысында себеп бір нəрсе жасайтын немесе тудыратын зат есебінде түсіндіріледі. «Себеп» ұғымын осылай түсіну «күш» деген ұғымның пайда болуына түрткі болды. Күш дегеніміз — өз əрекетінің нəтижесінде өзгеріс жасайтын заттың қабілеті. Əрекет етуші себеп, өзгеріс арқылы салдар туғызады. Себеп жəне салдар арасындағы өзара байланыс себепті байланыс деп аталады.
Байланыс дегеніміз — кеңістік пен (немесе) уақытта бөлініп құбылыстардың өзара келісімімен өмір сүруі. Байланыс — ғылыми ұғымдардың ішіндегі маңызды ұғымдардың бірі. Тұрақты да, қажетті байланыстарды табу арқылы адамның танымы басталады, ал ғылым негізінде, себеп жəне салдардың байланысын талдау жатыр. ХХ ғасырға дейін философия ғылымында жеке «байланыс» ұғымының өзі қарастырылмады, талқыға түсіп барлығының назарында болған жалпы өзара байланыс қағидасы. Ал ғылымда байланыстың шектелген ғана үлгісі болады, мысалы: ішкі жəне сыртқы, қажетті жəне кездейсоқ, маңызды жəне маңызды емес. ХХ ғасырда ғылымның дамуына байланысты аталған ұғымның үлгісі де кеңейіп, көпшіліктің зерттеу пəніне айналды. «Байланыс» ұғымының саралануы көбейе түсті. Философиялық тұрғыдан байланыстың, материаның қозғалыс нысаны бойынша саралануы маңызды болып табылады. Байланыстың басқа да бөлінуі бар. Мəселен, күш бойынша, яғни бір құбылыстың қатаң түрде басқа құбылыстармен (дене мүшесімен) байланысуы; байланыстан кейін туындайтын нəтиженің сипаты бойынша, яғни бір құбылыс, екінші құбылыстың себебі ретінде орын алуы; əрекеттің бағыты бойынша (тіке жəне кері байланыс) жəне тағы басқа түрлері бар.
«Себептілік» ұғымын нақтылап, оны қажеттіліктен ажыратуға тырысқан Аристотель болды. Ол «Метафизикада» себептің төрт түрін саралап, көрсетеді: нысан ретіндегі себеп, əрекет етуші себеп, материалдық себеп, бүтін себеп. Осы саралаудың түбінде жатқан нəрсе, себеп-салдар байланысының сан-алуан түрлігі. Философияда «себептілік» ұғымы туралы екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Олардың бірі негізгі себептілік сипаттамасының (генетикалық жəне уақытша асимметрия, бір мағыналы байланыс жəне т.б.) сақталуын талап етсе, екінші көзқарас «себептілік» ұғымын физиканың жаңа жетістіктерін есепке ала отырып, батыл қайта құруды ұсынады.
Қазіргі ғылымда себептілік туралы түсінік философиялық себептілік қағидасы ретінде анықталған. Оның мазмұнына себепті байланыстың жалпылығы жəне объективтілігі, сонымен қатар қажеттілік сипаты кіреді.
Мəн мен құбылыстың арақатынасының дамуына олардың тағы да бір кезеңі — себептілік, немесе себептілік қатынастар. Себеп пен салдар осы себептілік қатынастың ажырамас бірлікте тұрған өзара байланыстың екі жағы. Басқа қатынастар сияқты себеп пен салдардың сыртқы көрінуі мен ішкі мəнінің бір-бірінен айырмашылықтары бар.
Əлемдік құбылыстар мен процестердегі шытырман, қат-қабат қарым-қатынастардың ішінен біз екі немесе бірнеше өзара байланыстағы құбылыстарды бөліп, оқшау қараймыз да олардың бірін себеп, екіншілерін салдар дейміз. Яғни себептілік əлемдегі сан-алуан байланыстардың бір өткінші кезеңі. Басқаша айтқанда, себептілік деп құбылыстардың, заттардың немесе оларды жақтарының ішкі байланысын, олардың өзара бір-біріне əсер ету негізінде тиісті өзгеріс тудыруын айтамыз. Мəселен, сүтті тиісті дəрежеге дейін қозғай берсек, ол қаймаққа айналады.
Себеп дегеніміз — екі немесе бірнеше құбылыстардың, заттардың, олардың ішкі жақтарының өзара байланысқа түсіп, бір-біріне əсер ету барысында ол құбылыстар мен заттарда, олардың жақтарында тиісті өзгерістер туғызуы. Ал салдар дегеніміз — өзара əсер ету нəтижесінде құбылыстарда, заттар мен олардың ішкі жақтарында пайда болған өзгерістер. Жалпы алғанда дүниеде себепсіз ештеңе жоқ. Себептілік бұл əлем құбылыстарына тəн жалпылама қасиет. Себептілік жəне салдар бірін-бірі тудыратын құбылыстардың генетикалық байланыстарын белгілейтін ұғым.
Қазіргі философия, себеп заңдылығын адамның тəжірибелік қызметі жолымен дəлелдеуге мүмкіндігі бар деген қорытытындыға келеді. Дəлелдегенде құбылыстардың жай ғана кезектесуі емес, оның қажетті кезектесуі. Егер адам құбылысты кезектестіруді жасанды істесе, соны істей алса, оның өзі себепті байланыстың бар екендігінің дəлелі.
Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы «себепті байланыс» ұғымын қолдана отырып, бұл ұғымның анықтамасын қылмыстық заңда бекітпеген. «Себепті байланыс» ұғымын философия ғылымы өз заңдылығына сүйене отырып қалай түсіндірсе, Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы жəне сот тəжірибесі бұл ұғымды солай пайдаланады, яғни, біздің ойымызша, қылмыстық құқықта себепті байланыстың философиялық ұғымы қылмыстық құқық үшін жарамсыз болғандықтан, қылмыстық құқық өз шеңберінде себепті байланыстың ұғымын қалыптастыру керек деген көзқарастар да жоқ емес. Мысалы, Л.Трегердің айтуынша: «...Философия құқықтағы себепті байланыс мəселесін шеше алмайды. Оның құқық аясынан бөлек өзінің шешетін міндеттері бар». Сонымен қатар «қылмыстық құқық адамның іс-əрекеті мен одан пайда болған өзгерістің арасындағы себепті байланыс туралы мəселемен айналыса алмайды, өйткені себепті байланыс табиғи заңдылық шеңберінде қарастырылуы қажет; сол себепті қылмыстық құқықтағы «себепті байланыс» ұғымы теологиялық байланыс» ұғымына алмастырылу қажет» дейді В.Зауер. Əрине, бұл көзқарастармен келісуге болмайды. Қылмыстық құқық басқа ғылымдармен байланыспай, жеке алғанда барлық ғылымдарға ортақ философияның негізгі қағидаларын ескермей, түптамыры философиядан шығатын санаттардың, қылмыстық құқықта ғылыми тұжырымдарын жасай алмайды. Сондықтан да қылмыстық құқық өз аясында философия ғылымынан бөлек «себепті байланыс» ұғымын қалыптастыру ойға сыймайтын нəрсе.
Достарыңызбен бөлісу: |