Мықан ағашының үлгісі
Көшпелідер әлемінің есте жоқ ескі үлгісін жүйелеген Иманғазы Нұрахмет оқымысты мықан ағашын-«әлемдік бәйтерекпен» (дерево мировое) апарып ұштастырады да, оған «жер мен көкті жалғастырып тұрған кіндік».
...Қазақта «Ерінбеген Мықан ағашын табады» – деген мақал бар. Осындағы «Мықан ағашы» жоғарыдағы әлем ағашы (дерево мировое)» - деп баға береді (Ұлттық әдебиеттен ұлттық әдебиетке. Астана.2005.144-145 беттер).
Ол Әлкенді Марғұла ғұлама үшін Мықан ағашы шоқтерек. Ол көне дәуірдегі эпостарды тудыруды жиі қолданатын орта болған. Яғни, түгел сөздің түп тамыры, өмір бастауы.
Әлемдік әсіреәфсаналарға ағаштардың тамырының будандалуынан пайда болған (Адонис т.б.) әулиелер бейнесі бар. Бір ағаштың тамыры жерге, екіншісінің тамыры көкке қарап шатасуының нәтижесінде тіршілік, жан-жануар, жәндік, ақыры адам жаратылды-мыс дейтінде көркем түйсік жүйесі жасалған. Шындығында да көшпелі, оның ішінде түркі жұртының түп тұқияны осы, алып ағашқа келіп тірейді. Оған ежелгі дәуірдегі нысан мен нысана, аңыз бен әфсана атаулының барлығының тамырының бір ағашқа барып байланатыны дәлел. Әл-қисса, адамзат мәуелі ағаштан өрбиді. Көне оғызыңыздың да, қыпшағыңыздың да, сақ-скифтеріңіздің тегі Тарғыбайдың да шыққан тегі ағаш. Ол туралы:
Жапанда жайнап тұрған бір бәйтерек,
Заты бар бұтақ сайын жанға керек.
Балта, шөміш, түрен мен мойынтырық,
Төртеуін таңдап алдым ерекшелеп,-
деп жұмбақтайды даланың ауызекі творчествосында (А.Сейімбек. Қазақ әлемі.А.1997.216б.). Бұл Гередаттың тарихнамасындағы аспаннан Тарғыбайға түскен алтын сақа, мойынтырық, балта мен шөміш туралы әфсананың жолма-жол өлең жолына түскен нұсқасы ғана емес, сонымен қатар алып бәйтерек – Мықан ағашы туралы оның әр бұтағының шапағатының дауасы айтылған көшпелілердің мәңгілік өмір туралы үлгісі бар. Оған қоса: түрен – кіші жетіқарақшы, мойынтырық қарақұрт (касшопея), балта-таразы, шөміш-жетіқарақшы – деп жұмбақтап отыр. Демек қазақ үшін мұқым ғаламның кіндігі – Мықан ағашы. Кеңістік пен уақыт та соның ішінде, жараушымыз сол уақыт пен кеңістіктен тыс алып бәйтерек Тарғытай, яғни, түркі содан тарайды.
Бұл – ғарыштың жаратылысқа ішкі мағына беретін, тектік жататылыстың соңғы нәтежесі – тіршілік иесінің жаратылуымен тәмәмдалатын ғаламдық сана құрлымының түпкі тұжырымы ( заключительный этап космогенеза). Өсімдік – жәндік – жануар – адам боп сатылатын даму санасынан сезіліп барып парасат тұлғасы (культурный герой) қоғамдық құрлым алдыңғы қатарға шығады. Мұны Адам – Атадан, яғни, түп-тұқияннан өзіңе дейін таратылатын «өмір бәйтерегі», қазақша айтқанда «шежіре» деп те атауға болады. Кеңістіктер мен уақытқа қатталып арасы әсіреәфсана арқылы үзіліп, жалғанып (мысалы, Иса мен Шыңғыс ханның, Едігенің Нұрқан ұйып бойға бітуі сияқты) отырса да, ол жүйелі төрт буынмен (туу, өсу, тұқымның сұйылуы – азуы, өлу, кей әфсаналық жүйеде –туу, өсу, өлу, қайта туу) тұйықталып отырады. Оған қайтадан тіршілік нәрін беретін – Мықан ағашының (өзге нанымдарды үйеңке, құрма, жүзім, қайың, анар, хулуппа, ашина ерік т.б.) жемісі. Туу - өсу - өлу – жаңғырту жолы қилы-қилы қисында дамиды. Көшпелі жұрттың санасындағы бұл көркем түйсік «көш-көш!» дастанында көркем жүйеге түсіріліп, тиянақты баяндалған. Атақты Ахажжин Мәлік Жовэйнидің «Жаһанды жаулап алушының тарихы» атты шежірешнің де солай. Онда «Қарақорым тауынан ағатын тула өзені мен Селент: өзені қилысатын жерде «Фистук және қарағай» деген екі ағаш өсіпті. Бір заманда осы екі ағаштың ортасынан төбе пайда болыпты (яғни буаз болған – Т.Ж.) да, ол күн сайын биістей беріпті. Түнде дөң ішінен жарық көрінетін болыпты. Жұрт таң қалысып, әлгі төбеге, мінәжат етіпті, жалбарыныпты. Сонда дөңнің астынан өлең айтылған үн естіледі. Жарық күн сайын күшейеді. Күндердің күнінде төбенің бүйірінен есік ашылады, оның ішінен киіз үй сияқты бес отау көрінеді. Үйдің ішіндегі бес тақтың үстінде бес бала май сорып отыр екен. Бес баланы бес әйел емізіп асырайды. Балалар ержетіп, тілі шыққан соң өз ата-аналарын іздейді. Жұрт баяғыдағы буаз болған екі ағаш алып келеді. Қос ағашқа тағзым еткен соң оларға тіл бітіп, бесеуіне өсиет айтып, аманат тілейді. Бесеуі өзара тату жұртқа силы болады. Олардың аты – Сұңқар тегін, Құлашор тегін, Бұқатегін, Ор тегін және Бұғытегін екен. Бұғы тегінде хан сайлайды. Тәңір оған дүиненің тілін білетін үш құс береді. Сол құс арқылы төртқұл дүниенің тілін біліп, билеп отырады. Перінің қызына үйленеді. Ағайынды бесеуі бірігіп төрт құбыланы билейді. Ақыры Түркістанның астанасы Баласағұнға орнығады. Түсінде мәңгілік билік тұмары қас тасына ие болады. Бұғықаған өлген соң барлық өсімдіктер мен жан-жануарлар «көш, көш!» - деген дыбыс шығарып, айналаны азан-қазан етіпті. Ел қай жерге көшіп қонса да «көш-көш!» - деген үн басылмапты. Содан көш бір жазыққа келіп тоқтағанда ғана «Көш, көш!» – деген үн өшіпті. Содан сол жерге қоныс теуіп, бес қала салыпты. Кейін сол шаһар «бесбалық» атаныпты-мыс. Бұл әфсаналық үлгіге қарағанда Мықан ағашы - өмір бастауы. Бұған алып ағаштың қуысынан табылған баланың атын «қыпшақ» - ағаштың қабығынан жаратылған бала деп Оғыз қағанның ат қоюы. Мұқым қыпшақ жұртының содан таралуы туралы аңыз - әфсананы қоссаңыз, аңыз емес, тарихи аңыз сыпатын да танытады.
Алып ағаштың жаңқасы өлімнің де арашасы. Аңызға айналған Апырашаб – Алып – Ер. Тоңа ажалдан жасырынбақ боп алпыс адамның бойымен тең биік қорған салып қос құлағына бір-ай, бір-күн шам орнатыпты. Асыл тастар күндізгідей нұр шашады екен. Сонда да Афырашаб ажалдан құтылмады. Қайда барса – Қорқыттың көрінен құтыла алмаған Қорқыт өлімді алып ағаштан шабылып алған ағаш қобыздың үжімен ажалды үркітіпті. Өлімнің арашасысы ағаш қобыздың дауысы. Өйткені ол Мықан ағашының жаңғағы шығарған мәңгілік өмірдің сарынынан сескенеді. Қобыздың үні тынса – Қорқытқа ажал именбей келмек. Өйткені қорқыттың құлағына «қырық жастан аспайсың» – деп түсінде берілген аянның да өзіндік себеп-сарыны бар. Өйткені ол, Нұқ пайғамбардың тұсындағы топан суынан аман қалған кемпір сияқты «уақытсыз уақытта», яғни, уақыттан тыс туған.Себебі, қорқыт туар кезде: «Қараспанды су алған, Қара жерді құм алған». Қаратауды бұлт басып, астан-кестен дауыл тұрған. Тіпті уақыт пен кеңістіктің өзі ауысып кеткен. Афырашабтың аспан тіреген шаһарында да, қорқыт тығылған Сырдың суында да, Жерұйық іздеп келген Жер отасы – Көктөбеде де өмір тамыры - бәйтерек жоқ. Ол фәнидің де бақидың да есебіне ілінбеген уақыттан тыс туған адам. Сондықтан да оның денесін нәруардигерлер жердің астынан іздеп жүр. Ал кезіге қалса – көрі қазулы тұрмақ. Өзінің екі дүниенің есебіне кірмегенін түсінген Қорқыт қобызымен ажалды сескендіріп, мәңгілік өмір иесін – Жерұйықты, яғни, өлімі жоқ үшінші бір кеңістікті іздейді.
Қабыздың мұндай қасиетке ие болуы Қорқыттың және өзге де бақсылардың:
(өлең келеді).......
деген жырынан оның байқалады. Қабыз ағашында Мықан ағашының қасиеті бар, бірақ, мәуесіз болғандықтан да ажалдан уақытша арашалағанымен де, мәңгілік өмір саясы бола алмайды. Қорқыт пен қобыздың мифтік сипат алатыны да осы «үйеңкенің түбінен кіріп, қарағайдан қайырып» алған ерекше тегінде. Бұл туралы халық арасында тағы бір пара бар. Оны әулиелігі басым оқымысты
Көшенбаев айтып беріп еді.
-/-/-/-(көшірме)-
Ажалдан ағаш арқылы араша іздеу – көркемдік жүйенің бір тәсілі боп табылады. Мысалы: Қорқыт ата кітабінің Қазан бектің ауылын жау шапқаны туралы жырында Қазанның ұлы Ораз қолға түскенде дар ағаштың түбінде ьұрып:
«Атыңды ағаш десем, шамданба ағаш! О, Мекке мен Мәдинаның есігі болған ағаш! Құдаймен тілдескенде Мұсаның аса таяғы болған ағаш! Ерлердің ері - Әлидің дүлдүліне ер болған ағаш! Зұлпықарға сап болған ағаш! Хасан мен Құсайынған бесік болған ағаш! Мені саған асар болса, құлап түс ағаш! – деп жалбарынады.
Мәңгілік өмір иесі ағаштың киесі күшті. Ораз ұл тірі қалады. Араға мың жыл салып ағаш туралы бұл қайырым Қашаған жыраудың аузына түседі. «Шайтанның қу ағашы бұл үйге қайдан келді?!» – деп шаптыққан Есқали сопыға қашаған:
Пайғамбарлар туғанда,
Бесік болған бұл ағаш.
Ибраһим қағба салғанда,
Есік болған бұл ағаш.
Жөбірейіп жаннаттан,
Алып келген төрт қылым...
...сынабына солардық,
Қат та болған бұл ағаш.
Әруақты ерлерге,
Жақ та болған бұл ағаш,-
деп бастырмалата жөнеледі. Демек, көшпелілердің көркем әлемінде «ағашштың» өзі көркем жүйенің бір тірегі ретінде қолданылған.
Жаһандық «дерево мировое» мен орыстың «дерево жизни» де Мәшһүр Жүсіп суреттеген Мықан ағашының үлгісіндей анық емес. Мұны Мәшһүр Жүсіп мұңылық: Ей, жігіттер бұл сөзге құлағың сал, Үгіт салған сөздерден ғибадат ал! Кітаптың айтуынша, ей, жарандар, ғарыштың тал астында бір ағаш бар – деп ескеріп алады да ойын әрі қарай сабақтайды.
Өмір мен өлім, фәни мен бақи арасындағы уақыт пен кеңістіктің бәрін сиратуы көпірі арқылы өткізіп, рухтың қолы хор қызына жетер тұста оқымысты ақын Мықан ағашын:
Пәйіште тәуба ағашы, жапырағы зор, болғанда түбі – аспанда басы төмен. Иіліп жерге қарай салбырап тұр.
...Мысалы күн секілді көрінісі,
Саны жоқ, балдан тәтті көп жемісі
Салбырап аспан көктен мәуеленіп,
Сонымен сегіз пайыз толған іші
Үн қатар шулап ағаш түрлі күйін,
Сипатын тамамдауға жетпес зейін.
Түрлі дәм жемісінде бар-ды ләззәт,
Пейіштің тамамлаған түгел үйін,-
деп (сонда, 6т., 301 б). тамылжыта суреттейді.
Әрине бұл діни аңсар мен әфсана. Бұл – төңгірілген ағаш – төңкерілген өмір – дегенді білдіретін эвеншілердің тәңірлік әфсанасының исламдық көркем жүиеге бейімделген жаңғырығы болуы ғажап емес. Бірақ Адырашиб та, Қорқыт та, Асан қайғы да аңсаған мәңгілік бақыт кеңістігі жиделі байсын да, Жерұйықта жер ортасы – Көктөбе де осы. Жаратушы иемнің бұдан артық жаратқаны жоқ. Тек аңыз әфсанадағы ағашқа жемісі бітпеген. өйткені сенің татар дәміңнің қай дүниеден бұйырып тұрғаны белгісіз. Ал мұндағы мәуе-бақи мәуесі, мәңгілік тыныштық аңсары. Сізді жалықтырмайды «Сағымдай көтіріліп, сәулеленіп» бір сағатта жетпіс түрлі құбылады». Ләззат – жалған. Ол өзің мәңгілік жассың отыз үштесің! «Өлең бар – домбыра жоқ!». «Қатындар күн де қыз күйінде түседі!» Иә, сарын бар, домбыра жоқ. Өйткені ол жерде ағаш, тіршілік жоқ, бақилық рух бар. Өмір уақыты біткен, рух кеңістігі басталған. Шекарада ұстап тұратын Мықан ағашы жас саясы жоқ. Шоқтеректер де қураған. Бозторғайлар да үні өшкен. Ажалдан арашалап қалатын қобыз бен домбыраның да дауысы естілмейді. Кәдімгі тылсым кеңістік. Ваккум. Тек үнсіз сарын ғана бар. Бақиды мылқау сарыны, түссіз, түпсіз кеңістік бар.
Қазақтар мұны: «тауысыншақ уақытың бітті!» - дейді. Себебі:
Ағаштың жапырағы толып жатқан,
Аллаға баршалары таспих тартқан.
Әр жапырақта пенденің аты бар -ды,
Ажал жетсе жапырағы түсіп қалған!
Сондықтан да енді сені уақыт та, аңсар да, көшпелі дүние де, бозторғай да, арман да, Баян мен Құртқа да алаңдатпайды. Өйткені онда Мықан ағашы жоқ. Оның барлығы өтпелі өмірдің, көшпелі дүниенің етегімен бірге шыр айналып кеткен!...
Қазақ жұртының жұбанышы - әсіреәфсаналық көркем сананың ақиқаттандырып, байлығының төріне бәйтеректі қондырып, көркем қиялды өмірлік шындыққа айналдыруда. Мәңгілік аңсарына көркем сана арқылы сәулет берген асқақ елдің арманы бұл. Мықан ағашының мағынасы мен мазмұнына ой сәулесін түсірген де сол бостандық бәйтерегі – болашағымыздың бәйтерегі. Бұл да әсіреәфсанарлық идеялогия мен саясатқа өзінше жауап.
Жансызға жан бітіру.
Жаратылысқа жан бітіру бүйсігілер (аниматизм) оны тірілту (анимизм) ықылымын қамтитын әлемдік әфсаналардың көркем жүйесі бойынша «өмір ағашының» өзі де түрлі текке бөліп, түрлі қасиетті иеленеді. Өмір мен өлімді шатастыруға болмайтыны сияқты, олардың да орынын ауыстыруға тиым салынған. Мысалы, кет жұртының ырымы бойынша қарағай - өлімнің, шырша - өмірдің, қайың аспан мен күннің кіндігі ретінде ырымдалады. Ите «Шепат Земли и молчание Неба», М.1990,(372, 67-бет)
Мұндай тыйым түйсігі қазақы әсіреәфсаналық көркем сананда да ұйыған. Мысалы: жас шыбықты кесуге болмайды. Қу тамырдың, қарағайдың, қобыздың кездесуі өлімнің суық хабары екені эпостық дастандарда есте шеберлікпен емеуірін нышан береді. Кейіпкерді жаманатқа алдын-ала дайындайды, қатерден сескендіреді, қауіптен сақтандырады. Қобыздың қураған үйеңкенің діңінен, қу қарағайдан жасалуының өзі өлімнің салқын сарынын естіртеді.
Достарыңызбен бөлісу: |