Буйраева Ж.Ө., Ахантаева Ә. Ж. ҚАзақстан тарихы


Халық  шаруашылығын дамытудағы реформалардың сәтсіздігі



Pdf көрінісі
бет64/78
Дата31.12.2021
өлшемі1,51 Mb.
#107177
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   78
Байланысты:
buiraeva zho akhantaeva zh kazakstan tarikhy
buiraeva zho akhantaeva zh kazakstan tarikhy, 0012237a-acb08d87
Халық  шаруашылығын дамытудағы реформалардың сәтсіздігі.  
Соғыстан кейінгі 
жылдары  Кеңестер  Одағында  экономикалық  саясатты  жаңартып,  жаңа  экономикалық  даму 
жолына түсу мәселелері төңірегінде әртүрлі пікірлер айтылды.  
Соғыстан  кейінгі  алғашқы  1946  жыл  ауыл  шаруашылығы  үшін  қиын  жыл  болды. 
Соғыстың  ауыр  зардаптары  салдарынан  Молдавия,  Украина,  орта  қаратопырақты 
аудандарда, Төменгі Поволжьеде және т.б. аудандарда аштық орын алды. Қазақстанда орта 


141 
 
есеппен  1  га-дан  4  ц.  астық  алынып,  астық  салынбаған  аудандардағы  шығындар  Қазақстан 
астығы  арқасында  толықтырылды.  Осы  жылғы  жиналған  астықтың  56  %  мемлекетке 
тапсырылған.  
Республиканың  мал    шаруашылығы  да  ауыр  жағдайда болды.  1951  жылдың  өзінде  ірі 
қара саны 4,5 млн. (1928 жылы 6,5 млн болған); жылқы 1,5 млн. (3,5 млн), түйе 127 мың (1 
млн.)  болды.  Тез  өсетін  қой  саны  ғана  1928  жылғы  санына  жақындады:  1951  жылы  18036 
мың  қой  болды  (1928  жылы  18566  мың).  Ауыл  шаруашылығындағы  қиын  жағдайға 
қарамастан, республикадан  жаудан азат етілген республикаларға көмек ретінде ақысыз 17,5 
мың ірі қара, 22 мың жылқы, 350 мың қой және арнайы жеңілдетілген бағамен 500 мың мал 
жіберілді. 
Ауыл  шаруашылығы  жұмысшыларының  еңбек  ақысы  өте  төмен  болды.  Өйткені, 
мемлекеттің ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу бағасы өте төмен еді. Мысалы, астық 
бағасы өз құнының сегізден бір бөлігін ғана жапты. 1946 жылы мемлекет 1 колхозға 143 000 
сом ақша жұмсаса, 1950 жылы 170 000 сом ақша жұмсалған. Сондықтан колхозшының айлық 
еңбекақысы 40 сом болды, немесе тек 60 % колхозшының бір күндік жұмысына 1 кг астық 
тиесілі  болса,  қалғанынікі  бұдан  да  төмен  болған.  Шаруаның  колхоздан  алған  жалақысына  
күн  көруі  мүмкін  болмағандықтан,  оның  негізгі  күн  көріс  көзі  -  өзінің  ауласындағы  жер 
болды.  
1953-1964  жылдары    КОКП  ОК-нің  бірінші  хатшысы  және  Министрлер  Кеңесінің 
төрағасы  Н.С.Хрущев  тұсында  ауыл  шаруашылығының  қатаң  басшылығынан,  орталық 
жоспарлауды  колхоздар  мен  совхоздардың  тәуелсіздігімен  ұштастыруға  бағытталған 
талпынушылық  байқалды.  Оның  негізі  1953  жылы  КОКП  ОК-нің    қырқүйек  Пленумының 
шешімдері болып табылады.  
Бұл  кезеңдегі  аграрлық  саясат  тұрақты  болмады.  1954  жылдан  бастап  тез  арада  ауыл 
шаруашылығының  тарихта  болмаған  дамуын  қамтамасыз  ету  үмітімен  Қазақстанға  тікелей 
қатысты  тың  және  тыңайған  жерлерді  игеру  науқаны  басталды.  Қазақстан  басшылығы  бұл 
бастаманы қолдай қоймады. Осыған байланысты, 1954 жылы 11 ақпанда өткен Қазақстан КП 
ОК-нің  Пленумында  бірінші  хатшы  Ж.  Шаяхметов,  2-ші  хатшы  Л.И.  Афонов  босатылып, 
олардың  орнына  орталықтан  жіберілген  Р.К.  Понаморенко    және  Л.И.  Брежнев    сайланды. 
Жергілікті  жердің  қазақ басшылары  сынға  ұшырап,  үш  айдың  ішінде  тың  өлкесіндегі  алты 
облыстың 1-ші хатшылары ауыстырылды.  
Бұрынғы Кеңестер Одағы, оның ішінде Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру 
науқаны 3 кезеңнен тұрады: 1) 1954-1955 жж. 2) 1956-1958 жж. 3) 1959-1965 жж. Тың игеру 
жылдарында  негізінен  солтүстік  обылыстарда  жүздеген  совхоз  орталықтары  салынды. 
Әміршіл-әкімшіл  басшылыққа  совхоздар  тиімді  болғандықтан,  тың  игерудің  алғашқы 
жылында ғана 300 жаңа совхоз ұйымдастырылса, 1955 жылдың соңына қарай олардың саны 
631-ге жетті. Ал 1958 жылдың ақпан айынан бастап колхоздар совхоздарға, МТС-тар жөндеу 
станцияларына айналдыра бастады. Тың игерудің тек алғашқы кезеңінде республикаға өзге 
республикалардан  640  мың  адам    көшіріліп  әкелініп,    Қазақстанда  18  млн.  га.  тың  жер, 
немесе  бұрынғы  Одақтағы  жыртылған  жерлердің  60,6%  игеріліп,  республикадағы  егістік 
көлемі  22,4  млн.  гектарға  жетті.  Осының  арқасында  1956  жылы  Қазақстан  алғаш  рет 
миллиард  пұт  астық  алып,  Ленин  орденімен  марапатталды.  Қазақстанның  әр  азаматына 
өндірілетін астық 2 мың  кг. жетті.  
Орталық  басшылық  1956  жылдың  ақпан  айында  өткен  КОКП-ның  ХХ  съезінде  Қазақ 
КСР-нің алдына жаңа міндет – астық өндіруді 5 есе арттыру міндетін  қойды. Осыған сай 60-
шы  жылдардың  ортасына  қарай  Қазақстанда  жыртылған  тың  және  тыңайған  жер  көлемі  25 
млн. гектарға жетті. Бірақта тың игерудің алғашқы жылдарында қол жеткен табыс одан әрі 
ұштасып кете алмады. Өйткені, жаңадан игерілген тың жерлер 60-шы жылдардың ортасына 
қарай  өз  мүмкіндіктерін    сарқи  бастаған  болатын,  осының  салдарынан  әрбір  гектардан 
жоспарланған 14-15 ц. астық орнына 1954-1958 жылдары 7,4 ц. жиналса, 1961-1964 жылдары 
– 6,1 ц., ал 1964 жылы – 3,1 ц. ғана астық алынды.  


142 
 
Сол  кездің  өзінде-ақ  Одақтың  еуропалық  бөлігінде  жылдан  жылға  селолық  жерлерде 
тұрғындар  саны  азайып,  ал  біздің  республикамызда  керісінше,  өсіп  отырған  болатын.  Осы 
ерекшеліктер ескерілмей, онсызда саны кеміп отырған европалық аудандардан тек 1954-1962 
жылдары  ғана  Қазақстанға  2  млн.  астам  адам  көшіріліп  әкелінді.  Осының  нәтижесінде  бір 
жағынан  Ресейдің,  Украинаның  және  т.б.  республикалардың  бірқатар  аудандарында 
мыңдаған  селолар  бос  қалды.  Екінші  жағынан  20-30-шы  жылдары  жергілікті  тұрғындарға 
қарсы  бағытталған  қуғын-сүргін  салдарынан  күрт  кеміген  қазақ  халқы,  енді  тыңгерлердің 
көптеп келуіне байланысты, 1959 жылы санақ бойынша алатын үлесі 30%-ке  дейін төмендеп 
кетті. 
Тың  игеру  жылдарында  жаппай  қоныс  аудару  науқаны  рухани,  ізеттілік  саласына  да 
үлкен  зиян  алып  келді.  Қазақ  тіліндегі  мектептер  саны  700-ге  кеміп,  қазақ  тілінде 
шығарылатын  әдебиеттердің,  баспасөздің  саны  күрт  төмендеп  кетті.  3  мыңнан  астам  елді 
мекеннің  аты  өзгертіліп,  тарихи  ұлттық  санаға  шек  қойылды.  Тың  жерді  игеру 
бағдарламасының  негізін  облыстық,  қалалық  және  солтүстік  облыстардың  аудандық 
ұйымдарындағы кадр құрамының көбі орыстар болды. Әр жаңадан құрылған совхоздардың 
партия ұйымдарын орыстар мен украиндар басқарды. 
Тарихта  бұрын  болып  көрмеген  көлемді  жерді  жырту  орны  толмас  экологиялық 
апаттарға,  мал  жайылымының  күрт  қысқаруына  алып  келді.  Тың  игерудің  алғашқы 
жылдарында  жердің  құнарлы  бет  қыртысы  (гомусы)  шаң-боранға  ұшырап  ұшып  кетуі 
салдарынан  18  млн.  га  астам  жер  эррозияға  ұшырады.  Қалыңдығы  1  см.  қара  топырақтың 
(гомус)  қалыптасуы  үшін,  кем  дегенде  2-3  ғасыр  уақыт  керек  еді.  Жайылым  азаюы  
салдарынан ұсақ мал өсіру қарқыны 3 есе азайды, жылқы 1916 жылы 4 340 мың болса, 1961 
жылы – 1158 мыңға дейін, ал түйе  1928 жылғы санынан 8 есе кеміді. 
60-шы  жылдардағы  ауыл  шаруашылығының  жағдайы  қайтадан  ауырлап,    өзінің  өсу 
деңгейін тоқтатқан болатын. Себебі, жаңадан игерілген жерлер өз мүмкіндіктерін сарқыды, 
колхозшылар  мен  ауыл  шаруашылығы  еңбеккерлерінің  материалдық  жағдайы  төмен 
болғандықтан еңбекке ынтасы болмады. Жер өңдеу мәдениетін, топырақ құнарлығын көтеру
сумен  қамтамасыз ету дұрыс жолға қойылмады. Мал бағу, егін салу барысында жергілікті 
жердің географиялық, климаттық ерекшеліктері мүлдем ескерілмеді.  
Тың  игеру  барысында  орын  алып  отырған  кемшіліктердің  бірқатары  КОКП  ОК  1965 
жылдың  наурыз,  1966  ж.  мамыр  пленумдарында  ашылып,  оларды  жоюдың  шаралары 
белгіленді.  Ауыл  шаруалышығының  берік  негізін  жасау,  жоспарлауды  жақсарту,  колхоздар 
мен  совхоздарда  шаруашылық  есепті  енгізу,  еңбектің  материалдық  және  моральдік 
қызығушылығын  ұштастыру  міндеттері  қойылды.  Егістіктің  зоналық  тиімді  пайдалану 
жүйесі,  тың  өндіруге  бейімделген  техникалар  ендіріле  бастады.  1966-1970  жылдары 
республика ауыл шаруашылығын дамытуға 5,5 млрд. сом қаржы бөлінді. Осының арқасында 
8-ші бесжылдықта ауыл шаруашылық өнімі 54% өсіп, Қазақстан Кеңестер Одағының өзіндік 
ерекше ауыл шаруашылық ауданына айналды. Оның үлесіне Одақтағы ауыл шаруашылығы 
өнімінің 11% тиді. Мемлекеттік  қорға республикадан әрбір 4-ші тонна жүн, 12-ші тонна ет 
және 5-ші тонна астық түсті. 
Соғыстан  кейінгі  даму  жоспары  1946  жылы  18  наурызда  Жоғарғы  Кеңестің  бірінші 
сессиясында  «1946-1950  жылдары  халық  шаруашылығын  қалпына  келтіру  және  одан  әрі 
дамыту  заңы»  қабылданды.  Бесжылдықта  республика  халық  шаруашылығын  дамытуға  8,8 
млрд.  сом  қаржы  бөлінді.  Қазақ  металлургия  заводының  құрылысын  аяқтау,  Қарағанды 
металлургия құрылысын бастау белгіленді. Теміртаудағы қазақ металлургиялық  заводында 2 
мартен  пеші,  3  прокат  жүйесі,  Ақтөбе  ферросплав  заводында  өндірістің  3-ші  кезегі  іске 
қосылды.  Түсті  металлургия  саласында  Өскемен  қорғасын-мырыш  комбинаты  салынып,  ол 
алғашқы  мырышты  бере    бастады.  Алты  жаңа  көмір  шахтасы,  Қаратон  және  Мұнайлы 
кәсіпшіліктері  қатарға  қосылып,  мұнай  өндіру  соғысқа  дейінгі  деңгеймен  салыстырғанда 
52% артты. Электр қуатын өндіру 1945 жылмен салыстырғанда 2,3 есе өсті. 
Жеңіл  өнеркәсіп  саласында  Петропавлдағы  тігін  фабрикасы,  Жамбылдағы, 
Қызылордадағы,  Павлодардағы  тері  заводтары  өз  өнімдерін  бере  бастады.  Осыған 


143 
 
қарамастан  тұтыну  тауарлары  халықтың  сұранысын  қанағаттандыра  алмады.    1950  жылғы 
мәлімет бойынша Қазақстанда тұтыну  заттарын өндіретін 65 қана өнеркәсіп орны болды.  
50-ші жылдардың екінші жартысынан кейінгі жылдардағы Қазақстанның индустриялық 
дамуының негізгі бағыттары 1956 жылы өткен КОКП-ның ХХ съезінде қабылданған халық 
шаруашылығын  дамытудың  6-шы  бесжылдық,  1959  жылы  ХХІ  съезде  қабылданған  1959-
1965  жылдарға  арналған  жетіжылдық  және  1966  ж.  XXІІІ  съезде  қабылданған  8-ші 
бесжылдық  жоспарлармен  белгіленді.  60-шы  жылдардың  өзінде  ғана  700-дей  кәсіпорын 
қатарға қосылды. Оның ішінде Жезқазған байыту комбинаты, Өскемен су-электр станциясы, 
Бұқтырма  су-электр  станциясының  бірінші  кезегі,  Қарағанды  2-жылу  электр  станциясы, 
Соколов-Сарыбай  кен  байыту  комбинаты,  Павлодар  трактор  зауыты,  Алматы  мақта-мата 
комбинаты, Жамбыл былғары аяқ-киім комбинаты және т.б. болды. «Қазақсельмаш» зауыты 
ауылшаруашылық 
машиналары 
бөлшектерін 
шығаруға 
мамандандырылып, 
егін 
шаруашылығы  мен  мал  шаруашылығындағы  жұмыстардың  механизацияландырылуын 
қамтамасыз ететін жаңа машиналар мен жабдықтар шығара бастады.  
Соғыс  жылдары  Қазақстанда  соғыс  тұтқындарын  қабылдау  үшін  мынадай  лагерьлер 
құрылған  болатын:  Балхаш  қаласындағы  №  37,  Жезқазғандағы  №  39,  Қарағандыға  жақын 
Спасск  қаласындағы  №  99.  Бұл  лагерьлерде  1947  жылғы  мәлімет  бойынша  35375  неміс 
әскери  тұтқындары,  3615  жапон  тұтқындары  болды.  Бұл  тұтқындар  Қарағанды,  Саран, 
Теміртау,  Майқұдық,  Пришахтинск,  Балхаш,  Ақмола  облысындағы  өнеркәсіп  орындарында 
да еңбектенді. 1945-1950 жылдары № 99 лагерьдегі тұтқындар саны 118 923 адамға көбейді. 
Лагерь «Қарағанды көмір», «Шахтақұрылыс», «Жилдорқұрылыс», «Жилқұрылыс» және т.б. 
өнеркәсіп орындарын ақысыз жұмыс күшімен қамтамасыз етті.  
Кеңестік  өнеркәсіп  ауыр  индустрия  мен  қорғаныс  комплексінің  басым  дамуына 
негізделгендіктен,  Қазақстанда  да  әскери  өнеркәсіп  комплекстері  көптеп  құрылды.  Соның 
ішінде қазақ жерінде орналасқан ядролық сынақ полигондары халықтың қасіретіне айналды. 
1948  жылы  КСРО  Министрлер  Кеңесінің  қаулысымен  Семей  полигоны  салынды.  Осы 
полигонда  1949-1963-ші  жылдар  аралығында  әуеде  113  ядролық  заряд  сыналды.  1966 
жылдан бастап Каспий маңындағы Азғыр полигонында ядролық қару сынала басталды.  
1950  жылдың  басында  Байқоңыр  ғарыш  айлағы  салынды.  Бұл  құрылыс  ауданы  6717 
шаршы  шақырым  жерде  орналасты.  Ракета  ұшқандағы  жарылыстан  4,6  млн.  га  жерге 
жанармай шашырап, жердегі су,  жайылым шөптерді  уландырды. Космодром көп мөлшерде 
су жұмсайтындықтан, Сырдария өзенінің деңгейі жылдан-жылға азая түсті. 
Сталин  қайтыс  болғаннан  кейін  Хрушев  тұсында  «қырғи-қабақ  соғыс»  өршіп,  жеңіл 
және  тамақ  өндіріс  салаларына  тежеу  жасалынып,  шикізат  пен  отын  өндірілетін  салалар 
жедел  қарқынмен  дамығандықтан,  халықтың  материалдық  жағдайы  төмен  қалпында  қала 
берді. Республикада 200-дей жаңа өндіріс орындары салынды.  
Қазақстаннан орталыққа шикізат жіберу үшін  темір жол құрылысы  жедел қарқынмен 
дамып,  1953  жылы  Мойынты  –  Шу  темір  жол  торабы  пайдалануға  берілді. Сібір,  Оңтүстік 
Қазақстан  мен  Орта  Азияны  байланыстарған  Павлодар  темір  жолы  ашылды.  Ал 
Қазақстанның  мұнайлы  аудандарын  игеруге  байланысты  Батыс  Қазақстанда  Мақат-Ақтау, 
Ақтау-Жетібай-Өзен,  Атырау-Астрахань,  Бейнеу-Қоңырат  секілді  темір  жол  жүйелері 
салынды.  Халық  шаруашылығын  дамытуда  темір  жол  транспортымен  бірге  республикада 
автомобиль,  құбыр,  әуе,  су  жолдары  да  негізгі  рөл  атқарды.  Алматыда,  Қостанайда, 
Павлодарда, Ақтөбеде жаңа ірі автомобиль жөндеу зауыттары қайта құрылды. Республикада 
60-шы  жылдары  құбыр  транспорты  Маңғыстау  түбегінің  мұнай  байлығын  игеруге 
байланысты  Өзен-Жетібай-Шевченко,  Өзен-Атырау-Куйбышев  мұнай  құбырлары  іске 
қосылды.  Транспорттағы  бұл  нәтижелерге  қарамастан  Қазақстанда  сол  уақытта  жол 
қатынасымен қамтылудың жеткіліксіздігі байқалды. 
1970 жылы 3,4 млн. жұмысшы болды, бұл 1940 жылдан 5 есе көп еді. Жұмысшы табы 
ірі  кәсіпорындарда  көптеп  шоғырланды.  Мысалы,  Қарағанды  металлургия  және  Ащысай 
полиметалл  комбинаттары    жұмысшылардың  көп  шоғырланған  ортасы  болды.  Бірақта 
экономикалық  реформалардың  сәтсіздігі  қоғамның  әлеуметтік  құрамына  және  тұрмыс 


144 
 
жағдайына өз әсерін тигізді. 1957-1973 жылдар жұмысшылар арасында қазақтардың алатын 
үлесі 17,4%-тен, 11,7%-ке дейін төмендеді. 1970 жылдың басында қазақтар тек мұнай және 
газ саласында ғана басым болды. 
60-шы  жылдары  халық  шаруашылығын  әміршіл-әкімшілдік,  бюрократтық  жолмен 
басшылық жасаудың тиімсіз екендігі сезіліп, елдің сол кездегі басшылығы оны қайта қарауға  
талпыныс  жасады.  1959  жылы  түсті  металлургияның  барлық  кәсіпорындары  Қазақстанның 
қарамағына  берілді.  КОКП  ОК  1965  жылғы  қырқүйек  пленумында  экономикадағы 
әкімшілдік айыпталып, өндіріс басшылығын салалық принцип бойынша ұйымдастыру қажет 
деп    табылып,  өндірістің  салалары  бойынша  одақтық,  республикалық  және  жалпыодақтық 
министрліктер құру жөнінде шешім қабылданады.  
Сегізінші  бесжылдықта  (1966-1970  жж.)  халық  шаруашылығы  жоспарлы  экономикаға 
көшкен  кезден  бері  алғаш  рет  ең    жоғарғы    көрсеткішке  жетті.  Сегізінші  бесжылдықта 
өндіріс  күші  жоғарғы  қарқынмен  дамыды.  Қазақстан  Одақ  бойынша  көмір  өндіруден, 
қорғасын  қорытудан  алға  шықты.  Мұнай  өндіру,  химия  өнеркәсібінің  маңызы  артты. 
Бесжылдықтың соңына қарай 445 ірі өнеркәсіп орындары мен цехтар ашылып, зауыттар мен 
фабрикалар    қайта  жабдықталды.  Соколов-Сарыбай  тау-кен  комбинатының  өнімі  Орал 
металлургия  зауытының  және  т.б.  өнеркәсіп  орындарының  шикізат  көзіне  айналды. 
Қарағанды металл зауыты жоғарғы сапалы шойын, мыс өндірді. Республика хром өндіруден 
бірінші орынға, темір және марганец өнімдерін өндіруден үшінші орынға көтерілді. Машина 
жасау  өнімін  өндіру  1,6  рет,  соның  ішінде  ауыл  шаруашылығы  машиналарын  өндіру  2  есе 
артты.  Қазақстанда  машина  және  машина  жабдықтарының  300  жаңа  түрі  шығарылды. 
Республикадағы  трактор  жасау  саласының  негізі  болған  Павлодар  трактор  зауыты  іске 
қосылды. Қазақстан жеңіл өнеркәсібі 1970 жылы Одақ бойынша өңдірілген барлық өнімнің 
16%-ін берді.  
60-шы  жылдардың  екінші  жартысындағы  экономикалық  реформалар  сәтсіз  аяқталды. 
Ауыл шаруашылығына, өндіріске қатысты қаулы-қарарлар бұрынғысынша әкімшіл-әміршіл 
сипатта қала берді.  
Бақылау сұрақтары: 
 
1.
 
Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны неше кезеңнен тұрды? 
2.
 
1950-1970 жж. қазақ мектептерінің тағдыры қандай болды? 
3.
 
60-шы жылдардың екінші жартысындағы экономикалық реформалар сәтсіз 
аяқталу себептері неде? 
4.
 
Қазақстанда жұмысшылардың көп шоғырланған ортасы қай жерде болды? 
  


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   78




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет