Д. Айтказина КӘсіби қазақ тілі


Берілген мақал-мәтелдердің мағыналарын ашып беріңіздер



бет4/8
Дата25.12.2016
өлшемі1,53 Mb.
#4421
1   2   3   4   5   6   7   8

5. Берілген мақал-мәтелдердің мағыналарын ашып беріңіздер:


- Туған жердей жер болмас,

Туған елдей ел болмас;

- Пәлен жерде алтын бар,

Өз жеріндей қайда бар;

- Туған жердің ауасы да шипа;

- Туған жердің қадірін,

Шетте жүрсең білерсің.
3 Саяхат әлемі
1-мәтін. Оқжетпес

Сұлу Көкше өңірінде найзадай көкке шаншылған биік тау бар. Жерден тартқан садақтың оғы оның шыңын тіпті маңайламайды. Содан да бұл тау Оқжетпес атанып кеткен.

Бұл шыңға сүйсінбейтін жан жоқ. Жақыннан қарағанда сандықша тастарды текшелеп, қолмен әдейілеп қалағандай көрінеді. Жер таңдайтын қарағайлар мен шыршалар Оқжетпестың тастарына қадалып, аспанмен таласа өсіп тұр.

Шың туралы мынадай аңыз бар. Ертеде Бурабай, Көкше жерін мекендеген елде бір бала дүниеге келіпті. Ол елдлен ерекше ер тұлғалы, зор денелі, батыр болып өседі. Ірі болғаны сонша, өзіне мал шыдамаған соң пілге мініп жүріпті. Осы кезде қазақ жеріне көз алартқан жау аз емес еді. Бала келген жауды жайпап, ел шетіне жолатпай қойыпты.

Бір күні сол бала шайқастан кейін сәл тынығып алмақшы болады. Күміскөлдің тұнық суына рақататтанып шомылады да, Көкшенің баурайындағы ну қарағайдың арасына келіп алаңсыз жата кетеді. Орман ішінде жасырынып жүрген жау оңтайлы сәтті дереу пайдаланады. Ұйқыдағы батырды қолға түсірмек болады. Алайда анталаған жау таусылмайды. Батырдың күші азайып, әл-дәрмені таусылады. Жау қолын түсіп, қорлық көргенше құдайдан өзін тасқа айналыруын тілейді. Пілін де жау қолына тастамас үшін төбесіне көтеріп алады. Сондағы батыр осы Оқжетпес болса керек.
Есте сақтаңыздар


Найзадай, садақтың оғы, сүйсіну, сандықша, қарағай, аңыз, піл, шайқас, алаңсыз, оңтайлы сәт, ұйқыдағы батыр.


Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Қосымша мәліметтерді пайдалана отырып, «Қазақстанның көрікті жерлері» тақырыбына эссе жазыңыздар.

5. Қосымша мәліметтерден сөз тұлғасына (негізгі түбір,туынды түбір, біріккен сөз, қос сөз, қысқарған сөз) байланысты жазылған сөздерді тауып, оларды түрлеріне қарай ажыратыңыздар.
Қосымша мәліметтер

«Көкшетау» – ұлттық табиғи саябағы, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарымен Айыртау мен Зеренді аудандарының ерекше экологиялық, тарихи, ғылыми, эстетикалық және демалыстық бағалы аймағында бірегей табиғи кешендісақтау және қалпына келтіру мақсатымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 10.04.96 қаулысы негізінде құрылды.

Саябақтың негізгі аумағы 151,1 мың га, бұған көне қарағайлы орман, тоғайлы саяжайлар және бұрынғы Зеренді, Арықбалық, Озерный орман шаруашылықтарымен, кәсіпорындарының, Дубровский аң-орман шаруашылықтарының қайынды-көктеректі ормандары, сондай-ақ Зеренді, Имантау, Шалқар, Лобанов, Белый және суы қорғалатын аймаққа жанаса жатқан жерлері бар Байсары көлдерінің аумағы кіреді. Географиялық саябақ Солтүстік Қазақстан аумағының орман-тоғайлы үстіртінде, Көкшетау қаласынан 60 км батысында орналасқан. Саябақтың және оның қорғалатын аймағының кең аумағы (5 мың км 2-ге жуық) адам мен табиғаттың ескі және қазіргі дәуірдегі дамуын бейнелейтін тарихи мұра ретінде бірегей табиғат мұражайы болып табылады.

Мұнда өсімдіктің 700 түрі, жан-жануардың 305 түрі, Қазақстанның барлық флорасы мен фаунасының 30 %-на жуығы бар, сонымен бірге геологиялық, археологиялық, тарих және мәдениет ескерткіштері (бұған неолит дәуірінің Ботай мекені де кіреді), мемлекеттік қорғауда. Ұлттық саябақ аумағы жағынан үш аралас филиалға: Зеренді аймақтық бөлімшесі (орталығы – Красный кордон кенті), Арықбалық АБ (Горный кенті), Шалқар АБ (Лобанов кенті) және Дубровский ұдайы өндіріс учаскесіне (Мостовой кордоны) бөлінген. Аумақтың 10%-ын ірі Шалқар, Имантау, Зеренді көлдерінің жағаларына орналасқан келушілерге, туристерге қызмет көрсететін демалыс аймақтар алады. Ұлттық саябақта: "Шалқар" және "Зеренді" санаторийлерінде стационарлық (емдеу-сауықтыру), яхтада, атпен серуендеуге, спорттың тау-шаңғы түрлері, "Тұрпан", "Имантау", "Зеленый мыс", "Дубрава" демалыс базаларында қысқамерзімдік (маусымдық) демалыс түрлері ұйымдастырылған.


2-мәтін. Бурабай

Қазақстанның солтүстігінде Астана мен Көкшетау қалаларының

арасында таңғажайып аудан, нағыз оазис Көкшетау бар. Географиялық тұрғыдан бұл бұрыш Көкшетау қыраты деп аталады, ал жергілікті жол көрсетушілер оны «Қазақстандық Швейцария» деп атайды. Бір ескі аңызда былай делінген: «Алла тағаламыз әлемді жарату кезінде бір халыққа бай орман, нулы өріс пен кең өзендер, өзгелеріне әдемі таулар мен көгілдір көлдер берілді. Қазаққа тек кең дала тиді. Қазақ бұған өкпелеп, Жаратушыдан табиғат әсемдігінен де бір бөлшегін беруді сұрайды. Сонда Алла тағала өзінің қоржынынан қалғанын алып шығып шетсіз-шексіз далаға әдемі таулардың, шатқалдар мен жалтылдаған таза көгілдір сулы көлдердің қалдықтарын шашып тастады, оған қоса гүлге оранған жап-жасыл көк, салқын сулы бұлақтар мен күліп аққан қайнарлар да берілді. Тауларға түрлі түсті ағаш пен бұтақтардан өрілген кілем төсеп, оның ішіне аң-құстар, көлдерге – балық, жасыл шөпке – жан жақта кездесе бермейтін жәндіктер мен көбелектерді жібереді. Осылайша Бурабай дүниеге келеді. Орынның ең жоғары нүктесі – Көкшетау тауы. Одан оңтүстікке қарай Бурабай (690 м) – айрықша панорамалық нүкте орналасқан. Бурабай – бұл түйе. Одан оңтүстікке қарай Шортан төбешіктері орналасқан, оның ішінде ең үлкені Жеке батыр (826м) деп аталады.

Бурабай көлдері туралы айтпай кету мүмкін емес. Олардың саны көп. Ормандардың жасыл бетінде Шортанды, Бурабай, Үлкен және кіші Шабақты, Қотыркөл жарқырап жатыр. Көкшетау қырынан тағы да кіші көлдер: Ашық, Табан, Таулы, Аққулы көлдері көрінеді. Бурабайдың ең көрнекі орны Бурабай атаулы шығанақ. Шығанақ суынан сфинксті елестетіп тікелей Жұмбақтас көтеріледі, орманды қыраттар алдынан Оқ жетпес көтеріледі, оның шыңы пілге ұқсайды. Осы жерде әр таумен байланысты өзінің аңызы бар. Сфинкс, мысалы оған әр жақтан қарасаңыз шашы желге желбіреген қыс келбетін, одан кейін әйел және кейіннен кемпір суретін көруге болады.

Бурабай қай ертегіден де қызықты. Таулар, қылқан жапырақты ормандар мен көлдер жер бедерінің қайталанбас сұлулығын тудырып қана қоймай ерекше емдік климат береді. Бұл жерде көптеген шипажайлар, туристік базалар мен мейрамхана, барлар, дүкендер мен дискотекалары бар пансиондар таба аласыз.
Есте сақтаңыздар

Таңғажайып жер, нағыз оазис, ескі аңыз, дүниеге келеді, көгілдір шығанақ, қайталанбас сұлулық, шипажайлар.



Тапсырмалар
1.Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.

5. Қосымша мәліметтерден сан еімдерді тауып, оларды жазбаша жазыңыздар.

6. Өздеріңіз қандай табиғаты әсем жерлерде демалдыңыздар?

Өз ойларыңызбен бөлісіңіздер.
Қосымша мәліметтер

“Бурабай” мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы 2000 жылы құрылды. “Бурабай” МҰТС Ақмола облысының Щучье ауданы аумағында орналасқан. Ұлттық саябақ жерінің аумағы 83510 га, оның ішінде 47361 га орман алқабын құрайды. Жер беті сулары 8493,5 га жерді алып жатыр. Қазіргі кезде саябақ Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғат аймағына енеді. Бурабай аң шаруашылығы және Золотобор орман шаруашылығы таратылып, 1997 жылы Бурабай орман шаруашылығы Бурабай табиғи-сауықтыру орман кешені мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді. “Бурабай” ұлттық саябақ аумағы Көкшетау далалық, орман далалық және бөктерлі – ұсақ төбелі қыраттар құрамына кіреді. Климаты шұғыл континентальды, жазы ыстық және қысы қатты. Аумақ бедері төмен таулармен, төмпешіктермен, жазықтармен көрсетілген. Громовой өзені басынан 12 шақырым жерде табиғи ерекше ескерткіш бар – «бұралған» шоқ қайыңдары, олардың атауына себеп болған ағаштардың иілген діңдері.

Бурабай табиғи саябағының жануарлар әлемінің 305 түрлері бар, оның ішінде 87 сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері. Тұяқтылардың арасынан сібір елігі, қабан, бұлан мекендейді. Жыртқыштардан қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, сарыкүзен, ақ тышқан, аққұлақ, дала сасықкүзені, орман сусары, сілеусін кездеседі. Саябақтың аумағында әрбіреуінің су бетінің көлемі 1 шаршы километрге жуық көлемін алып жататын 14 көл және көптеген одан ұсақ көлдер бар. Көлдердің көп бөлігі тұщы, кейбіреулері тұзды болып келеді. Өзен жүйелеріне Сарыбұлақ, Громовая, Қолшақты, Қылшақты және Иманай және т.б. салалары кіреді. Олардың кейбіреулері көлдерді бір-бірімен қосады. Көлемі бойынша ең ірі көлдердің ішіне Үлкен және Кіші Чебачье, Щучье және Бурабай кіреді.

«Жеке-Батыр» жотасының шығыс бөктерінде орналасқан Щучье көлі ең терең болып саналады. Көлдің ұзындығы 7 шақырым, ені 3 метр шақырымнан асады, ал тереңдігі 18 метрге дейін жетеді. Көлде балықтар мекендейді: алабұға, шортан балық, түрпі, және т.б. Көл аудан орталығы Щучинск қаласына келіп тіреледі, ол жерде «Бурабай-Курорты» темір жол станциясы орналасқан.

Көлдердің ішіндегі ең үлкені және ең тазасы болып Үлкен Чебачье көлі саналады. Мөлдір судың ішінде тек қана тынық суда жүзетін шаяндарды тамашалауға болады. Курорт аймағының көлінде сазан, көксерке, тұқы, табан балық, шалпан жергілікті халықтың айтуынша – бурабайдың тұздалған балығы бар.

Бурабай – қазақстандықтардың ұнататын демалыс жері. Көл Көкшетау облысы аумағында теңіз деңгейінен 320,9 метр биіктікте орналасқан. географиялық түрде осы аймақ Көкшетау үстірті деп аталады, ал жергілікті жолаушылар оны "Қазақстандық Швейцария" деп атайды. «Алла әлемді жаратқанда, деп ертедегі аңызда айтылғандай, бір халыққа бай ормандар, жайқалған егіндіктер мен кең өзендер, ал басқаларына керемет таулар мен көгілдір өзендер берген. Қазаққа тек дала берілген.
3-мәтін. Баянаул

Баянауыл – «Баян» деген сөз – әйгілі, айтулы, мәлім, даңқты,

белгілі, тұрақты ұғымын; «аула» деген сөз – орын, аймақ, айнала, мекен-жай, маң, т.б. жер атауларын білдіреді.

Климаты тым континенттік (жазы – ыстық, қысы суық). Жер бедері жекелеген жақпар тасты тау шоқыларынан тұрады. Баянауыл тауларының етегінде көптеген бұлақтар, суы мөлдір көлдер (Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр) бар. Саябақта 20-дан аса археологиялық ескерткіштер, қола дәуірінен қалған қорғандар, тастағы жазулар мен таңбалар, үңгірлер (“Әулиетас”, “Драверт”, “Құмыра”, т.б.) бар. Ұзақ жылдар бойы жел мен судың әрекетінен түрлі мүсіндерге айналған жартастар (“Найзатас”, “Жұмбақтас”, “Көгершін”, “Атбасы”, т.б.) саябақ табиғатына ерекше көрік береді. Саябақтың өсімдіктер дүниесі мен жануарлар әлемі де алуан түрлі. Өсімдіктердің 400-ден астам түрі (қарағай, қайың, қандыағаш, таңқурай, мойыл, долана, т.б.), сондай-ақ, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген жабысқақ қандыағаш, көктем жанаргүлі де осында өседі. Омыртқалы жануарлардың 100-ден аса түрі кездеседі. Сүтқоректілердің 40-тан аса түрлері (арқар, елік, қасқыр, түлкі, сілеусін, борсық, тиін, т.б.) мекендесе, құстардың 50-ден астам түрлері (аққу, қаз, үйрек, құр, шіл, бүркіт, т.б.) ұялайды. Арқар, бүркіт, сұңқылдақ аққу Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Балықтың 8 түрі (шортан, сазан, оңғақ, алабұға, т.б.) бар. Саябақ аумағы атқаратын қызметіне қарай қорықтық, қорықшалық және демалыс белдемдеріне бөлінген. Қорықтық белдемде шаруашылық жұмыстардың қай түріне болса да тыйым салынып, биологиялық алуан түрлілік, экожүйелер қорғалады. Қорықшалық белдемде шаруашылық жұмыстар белгілі бір тәртіппен шектеулі түрде жүргізіледі. Демалыс аймағына келушілер саны да реттеліп отырады. Баянауыл ұлттық табиғи саябағының табиғат қорғауды, адам игілігі үшін ұқыпты пайдалануды насихаттау ісінде алатын орны ерекше, ғылыми, мәдени және эстетикалық маңызы зор.



ЖасыбайБаянауыл ауданындағы табиғаты көркем, тұйық көл. Жағалауында демалыс үйлері, «Баянтау» туристік базасы, оқушылар дем алатын лагерьлер орналасқан. Көл суы тері ауруларына ем. Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдерінің алабы жоңғар шапқыншылығы кезінде Жасыбай батыр басқарған қазақ жасақтарының жау бетін қайтарған тарихи жерлердің бірі болған. Көл Жасыбай батыр есімімен аталған. Батырдың Жасыбай жағалауында зираты бар.

Сабындыкөл – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» аңызында айтылғандай, ару Баян бірде шомылып жүріп, қолындағы сабынын көлге түсіріп алыпты. Осылай көлдің суы жұмсақ, кір ашатын қасиетке ие болыпты. Содан Сабындыкөл аталыпты.

Торайғыр – Торайғыр ауылының жиегінде орналасқан әсем көл. Көл жағасында жасыл ағаштар, тау бөктерлері мен таудан аққан бұлақ бар. Суы мұздай салқын, мөп-мөлдір, ішкенде шөлінді қандыратын қасиеті бар.
Есте сақтаңыздар

Жақпар тасты тау шоқылары, археологиялық ескерткіштер, қола дәуірінен қалған қорғандар, тастағы жазулар мен таңбалар, үңгірлер, сұңқылдақ аққу, табиғаты көркем, тұйық көл, суы жұмсақ, мұздай салқын, тау бөктерлері, мөп-мөлдір, шөлінді қандыратын қасиеті, сабын.


Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.

5. Өздеріңіз қандай аңыз-әңгімелер білесіздер?

6. Мына сөздерді аударыңыздар:

Өсімдіктер – қарағай, қайың, қандыағаш, таңқурай, мойыл, долана. Жануарлар – арқар, елік, қасқыр, түлкі, сілеусін, борсық, тиін. Балықтар – шортан, сазан, оңғақ, алабұға.
4-мәтін. Ақсу-Жабағылы

Ақсу-Жабағылы – Қазақстанның ескі, сондай-ақ ЮНЕСКО

биосфералық қор мәртебесін алған Орталық Азиядағы бірінші қорлардың бірі, ол Батыс Тянь-Шань сілемдерінде теңіз деңгейінен 10004280 метр биіктікте орналасқан. Бұл жерде негізгі биіктік белдіктері берілген: шөлейттер құрғақ түрлі шөпті далалармен, шөптесін орындардың ғажайып телімдері аршалардың қалың нуымен алмасады. Түрлі альпілік гүлдерден құрылған қызыл-жасыл әлем ақ қарлы шыңдар мен көгілдір тілді мұздақтар баурайын көмкереді.

Ақсу - Жабағылы анда санда кездесетін, құрып бара жатқан және эндемикалық жануарлар мен өсімдіктердің бай қоймасы. Бұл жерлерде арқарлар мен тау ешкілері, маралдар мен еліктер, қабыландар мен қар сілеусіндері, қасқырлар мен түлкілер, аюлар мен кірпішешендер, тас сусарлары мен ақ тышқандар мекендейді. Қанаттылар әлемі де өте бай. Жоғары биікте күшігендер, ақ бас қарлығандар мен бүркіттер қалықтайды. Тас баурайларда кекіліктер, мәңгі қар әлемінде ұларларды кездестіруге болады. Жапырақты ормандардың көлеңкелі саясында жұмақ құсының қанаттары тірі от секілді көрінеді. Көгілдір құс әуені сырнай дыбысын білдіреді. Күн түскен алаңқайларда түрлі көбелектер, кезқұйрық, кептерлердің сирек түрлері кездеседі.

Қорықтың өсімдік әлемі де сан алуан. Қыраттар бойымен алау тәрізді Грейг қызғалдақтары құлпырады. Қызғылт түске Қоқан моринасының гүлдері жинақталған.

Жетуі қиын қазандықта теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікте қорықтың тағы бір көркем жері – күңгірт жылтыр тастарға қырнап салынған көптеген суреттердің өзіндік «суреттер галереясы» орналасқан. Оларда жабайы және үй жануарлары, аңшылық және көне адамдар тұрмысының суреттері берілген. Ақсу - Жабағылының палеонтологиялық телімдерінде тақта тасты шөгінділерінде көне өсімдіктер, балықтар, жәндіктер мен кесірткелердің қатқан таңбалары сақталып қалған.


Есте сақтаңыздар

Теңіз деңгейі, қалың ну, ақ қарлы шыңдар, бай қойма, тас баурайларда, көлеңкелі саясында, құс әуені, алау тәрізді, күңгірт жылтыр тастарға, суреттер галереясы, таңбалар.


Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.

5. Мәтіннен сын есімнің мағыналық түрлерін (сапалық,

қатыстық) тауып ажыратыңыздар.


5-мәтін. Алтын-Емел

Жоңғар Алатауы шыңдарының батыс сілемдерінде Қазақстанның ең ірі қорығы Алтын Емел Ұлттық Паркі орналасқан. Алаңы 460 000 гектар бұл жер жануарлар мен өсімдіктердің сирек түрлерін сақтауға арналған. Бұл жерде Ақтау түрлі түсті тауының түрімен, Қатутау құм тауының қайталанбас түрлерінен ләззат алуға болады. Парк аумағында бірнеше тарихи ескерткіштер – біздің з.д

1-інші мыңжылдықпен белгіленетін Бес Шатыр сақ қорғандары мен ең ертесі б.з.д. 1614 ғасырларға жатқызылатын көне тас суреттері салынған Тамғалы тастар орналасқан. Осы жерде Іле өзенінің оң жағалауында Әнші шағылдар бар. Аралап көптеген жануарларды кездестірулеріңізге болады: сібірлік тау ешкісі – теке, шөлейт еліктері – жайран, құлан, тау қойы – арқарлар, қасқыр, түлкі, бүркіт, тау қырғауылы – кекілікті және көпшілігі Әлемдік және Қазақстан Қызыл Кітаптарына енгізілген жануарлар мен құстар түрлерін кездестіре аласыз. Бес-Шатыр қорғаны Бес шатыр қорғаны біздің з.д. бірінші мыңжылдықта қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген көне сақ тайпаларының бас ұрар орны болған. Осы 2 кв.км жерде 18 хан қорғандары орналасқан, олардың шамамен диаметрінде 9 м жерде және биіктігі 2,5м. Қорған астында Тянь-Шань шыршасының бөренелерінен зираттар салынған. Бұл ежелгі көшпенділердің ескерткіштері Жетісуда, Ілес өзенінің бастауында орналасқан. Хан қорғандарынан батысқа қарай солтүстіктен оңтүстікке қарай жануарлар суреттері ойылып салынған 45 тас плиталар бар. Ғалымдар бұл жерді мазараттың рәсімдер бөлігі болған деседі.

Саябақ археологиялық ескерткіштер мен ежелгі таңбалар және суреттер салынған үңгірлермен тастарға бай. Сақ дәуірінде салынған «Бесшатыр» обаларының маңызы үлкен. Ш.Ш.Уәлихановтың тарихи-мемориалдық мұражайы осында орналасқан. Саябақта өсімдіктердің 1800 түрі: балқаш сексеуілі, баялыш, шырша, үйеңкі, тораңғы, қызыл тал, жиде, жыңғыл, сексеуіл, қылша, т.б. өседі. Саябақтың жануарлар әлемі де алуан түрлі: сүтқоректілерден құлан, қарақұйрық, арқар, түлкі, тас сусары, қоян; құстардың 15 түрі: бүркіт, тазқара, ителгі, кекілік, қырғауыл, бұлдырық; балықтардан сазан, көксерке, ақмарқа, табанбалық, т.б. кездеседі. Омыртқасыз жануарлар дүниесі толық зерттелмеген. Саябақта 17 қорықша бекеті және бірнеше туристік маршрут жұмыс істейді.


Есте сақтаңыздар

Ең ірі қорығы, сақ қорғандары, сібірлік тау ешкісі, шөлейт еліктері, тау қойы, тау қырғауылы, жануарлар суреттері, ежелгі таңбалар, туристік маршрут.


Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.



5. Мәтінен сүтқоректілердің, балықтардың, құстардың түрлерін аударып жазыңыздар.
6-мәтін. Іле-Алатау

Іле Алатауының әсем ландшафтарын қорғау, өсімдік жамылғысы мен жануарлар әлемін сақтау, туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылған. 1996 жылы Алматы облысы Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының аумағында орналасқан Қаскелең, Пригород,Түрген орман шаруашылықтарының негізінде құрылған.

Климаты биіктік белдеулер бойынша өзгереді: тау етегіндегі далалық белдеу ылғалды, жазы құрғақ әрі ыстық, қысы жылы, қары жұқа; аласа және орташа тау аймағы ылғалды әрі ыстық; альпі және субальпі шалғындары белдеуінде ылғалдығы өте жоғары. Орташа жылдық жауын-шашын мөлшері 550 – 600 мм. Саябақ теңіз деңгейінен 600 – 4540 м биіктікте орналасқан. Ең биік шыңы – Конституция (4540 м) және Қазақстанның 25 жылдығы шоқысы (4494 м). Ең үлкен мұздық – Дмитриев мұздығы (ауд. 17 км2). Түрген, Есік, Талғар, Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы, Ақсай, Қаскелең өзендері ағып өтеді. Олардың бастауларында моренді көлдер бар, көпшілігі маусым айында суға толып, қысқа қарай тартылып қалады. 2500 м биіктікте Үлкен Алматы көлі орналасқан, оның ауданы 1 км 2 , тереңдігі 39,3 м. Үлкен Алматы өзенінің су алыбында орналасқан рационды Алмаарасан және кремнийлі-термалды Горельники мен Таутүрген бастаулары бар. Жері негізінен қара топырақты. Саябақтың флорасында 1 мыңнан астам өсімдік түрі бар, оның 500-ден астамы жапырақты орман, 400-ден астамы – қылқан жапырақты орман алқаптарында өседі. Бұл өсімдіктердің 36 түрі Қазақстанның “Қызыл кітабына” тіркелген (мыс., Алматы кекіресі, Сивер салмасы, Мушкетов түйесіңірі, т.б.). Қоректік өсімдіктерден: Тянь-Шань сұлбасы, шалғын қоңырбас, беде, сиыржоңышқа, т.б.; илік – қымыздық, рауғаш, таран, т.б.; дәрілік – түймешетен, өгейшөп, шырғанақ, бақбақ, т.б.; эфирлі-майлы –аюбалдырған, арша, жусан, т.б.; жеміс-жидектерден – өрік, алма, таңқурай, бүлдірген, бөріқарақат, долана, т.б. өседі. Жануарлар әлемі де өте бай. Омыртқасыздардың 8 класқа бірігетін 2 мыңнан астам түрі белгілі. Барылдауық қоңыздардың 252, стафилинидтердің 180, жапырақ жегіштердің 102, күндізгі көбелектердің 145, жарғаққанаттылардың 110, қазғыш жабайы аралардың 97, құмырсқалардың 33, шаншарлардың 30 түрі анықталған. Омыртқасыздардың 24 түрі Қазақстанның “Қызыл кітабына” тіркелген. Омыртқалы жануарлардың 245 түрі, олардың 8 түрі балықтар; 4-еуі – қосмекенділер; 8-і – бауырымен жорғалаушылар; 178-і – құстар; 47-сі – сүтқоректілер. Бұлардың ішінде балықтардың 4, қосмекенділердің 2, құстардың 11, сүтқоректілердің 7 түрі Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Саябақ аумағында Талқыз және Түрген ескі қалашықтарының орны сақталған. Түрген шатқалында ертедегі темір дәуірінің зираттары мен Есік өзенінің бойында сақ қорғандары бар. Бутаков сарқырамасы, реликті мүк басқан Шыңтүрген шыршалары да табиғат ескерткіштері болып саналады. Соңғысында мүк астында, 3040 см тереңдікте қалыңдығы 2-3 м болатын мәңгі мұз қабаты бар. Әсем табиғаты, алуан түрлі флорасы мен фаунасы бар саябақтың қоршаған ортаны қорғауда алатын орны ерекше.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет