Даму психологиясы


Әдебиеттер [4, 5, 8, 9, 20, 21] 4-тақырып



бет2/6
Дата25.08.2017
өлшемі1,04 Mb.
#26194
1   2   3   4   5   6

Әдебиеттер [4, 5, 8, 9, 20, 21]
4-тақырып. Психиканың дамуын жас кезеңдерге топтастыру

Жоспар

1. Балалар жасын кезеңдерге топтастыру.

2. Қазақ халқының балалар жасын топтастыруы.

3. Ғылыми тұрғыдан бала психикасының дамуын кезеңдерге топтастыру.

4.Бала психикасының дамуындағы сензитивтік кезең.

Балалар жасын кезеңдерге топтастыру. Бала жасын кезеңдерге бөлудің жобасы, біріншіден, жабайы өмірден алынған; екіншіден, психология ғылымы тұрғысынан дәлелденген болатын.

Жасты кезеңдерге бөлуі жабайы өмір тұрғысынан Г. Гете мен Л. Н. Толстойдың еңбектерінде кездеседі. Әдетте, жасты кезеңдерге бөлуде мынадай деректерге сүйенеді, әр жас кезеңдеріне жататындардың бәріне тән өзінше психикалық қасиеттер бар деген шешімге келді. Азия мен Африка елдерінде бала бір жастан екінші жасқа өткенде той жасап, оны жігіттік дәрежеге көтеретін болған. Әр елде есеюді, әр жас кезеңіне қандай ат беруді өзінше түсінген. Себебі, әр елдің қоғамдық және мәдени дамулары әр түрлі болып келеді. Кейбір тайпалардың қоғамдық қатынасы мен мәдениеті төменгі дәрежеде болады. Әлеуметтік жас дегеніміз әр елде есеюді қоғамдық жағдайдың ерекшелігінің билеуі.



Қазақ халқының балалар жасын топтастыруы. Қазақ еліндегі адамдар өзге халықтар сияқты балалары қай жасында нендей өзгерістерге ұшырайтынын бақылап, оның есеюіне орай неше түрлі кезеңдерге бөлген. Осының қажет екені мынадан: әр жас кезінде өз үй ішінде және құрбылары арасында алатын орны түрліше келеді дегенде, біз олардың атқаратын қызметінің жасына қарай болуын, не киетін киімдерінің түрліше келуін айтып отырмыз. Осыған орай жас кезеңдерін топтастырып көрейік: туғаннан 1 жасқа дейінгі кезең – нәресте жас кезеңі.

Нәресте жас мынадай 2 кезеңге бөлінеді:

– бесік жасы (туғаннан 7 айға дейін);

– еңбектеу жасы (7 айдан 12 айға дейін);

– 1-ден 3 жасқа дейінгі кезең - бөбектер жасы. Бұл кез баланың тілі шығып, денесі нығайып, ойнай бастау мезгілі;

– 3- тен 7-ге дейінгі кезең – сәбилік жас. Бұл жастағылар жұмыстың қарапайым түрлерін орындауға қатысты. Қыздар көбіне аналарына көмектесіп, ұлдар болса әкелеріне көмектеседі;

– 8-ден 11 жасқа дейінгі жас – періште жасы. Психикалық және физиологиялық даму жағынан қыз бала ұл балаға қарағанда (1-1,5) жыл алда келеді. Бұл жас кезеңін періште жас кезеңі деп атау себебі әдет-ғұрыптарды сақтау міндеттелінді;

– 12 жастан 15 жасқа дейінгі кезең – бозбала жасы. Бұл мезгіл ұл мен қыздардың дәуір есейіп қалған кезі. Үйге қонақ келсе қыздар қонақтардың көзіне көрінбейді, ұлдарды үлкендермен табақтас ететін;

– 15 жастан бастап үлкендер жасы. Бұл кез ұлдарды үйлендіріп, еншісін бөліп беріп, қыздарды ұзату мезгілі болатын.

Бұл айтылған кезеңдерге қарай сол кезеңдегі бала өзінің ісін соған түгелдей арнап отырған.



Ғылыми тұрғыдан бала психикасының дамуын кезеңдерге топтастыру. Баланың ақыл-ойының өріс алуы тек білімге тәуелді емес. Жасты ғылыми тұрғыдан тиісті кезеңдерге бөлу, сол кезеңге тән баланың есеюіне әсер ететін себептер: үлкендердің балаға қоятын талабы мен баланың өзбеттілік ұмтылуының арасындағы қайшылық «дағдарыс» кездеседі. Психологиялық тұрғыдан осы процестерді зерттеп жасөспірімдер жасын мына кезеңдерге бөледі:

Туғаннан 1 жасқа дейін – нәресте жасы. Бұл кезең әр нәрсені сезуден және қозғалудан (еңбектеу) тұрады. Ж. Пиаженің жүйесінде сезу-қозғалу интеллектісінің бастапқы кезеңі.

1-ден 3-ке дейін алғашқы балалық, яғни бөбек кезі. Бұл кезде баланың тілі шығып, әсіресе, тілдің лексикасын және грамматикалық ережелерін меңгере бастайды.

3-тен 7-ге дейінгі кезең мектепке дейінгі жас. Баланың қимыл-қозғалысы ойын үстінде қалыптасып қалған. Тіл қабілеті кеңінен өріс алады.

7-ден 11-ге дейінгі кезең – бастауыш мектеп жасы. Бұл жаста баланың сөйлеу қабілеті үлкен дәрежеге жетеді, нақты бейне ойы күрделі болып дамиды.

16-18-жоғары сыныптар, яғни ересектер жасы. Жастың бұл кезеңін кейбір зерттеушілер 19-20 жасқа дейін апарады. Себебі, 16-ға толғандар ересек болғанымен, бұлардың балаға да ұқсас жақтары бар. Сондықтан ересек бала мен үлкендердің аралығында кездеседі. Бірақ ересек жаста «балаға» тән қасиеттер бірте-бірте азая бастайды.

Осы келтірілген жас кезеңдері психологиялық тұрғыдан топтастыру балалар бақшасында, не мектепте ресми түрде қабылданған жастарға үнемі ұқсамайды. Себебі психологиялық тұрғыдан жасты тиісті кезеңдерге бөлудің өзіндік сипаты бар.

Бала психикасының дамуындағы сензитивті кезең.

Балалар психикасының дамуында аса нәтижелі және нәтижесі аз мезгілдері кездеседі. Нәтижелі мезгілді сензитивті кез деп атайды. Сензитивтік кезді, әдетте, метафора ретінде егіннің жақсы, не нашар шығуымен ұқсастырады. Әр жылдары егіннің жақсы не нашар шығатын мезгілдері сияқты, адамның, соның ішінде баланың әр нәрсеге әуесқойлығы, сезімталдығы түрліше болып кездесетін мерзімі бар. Осы мәселені тұңғыш рет көтерген Италияның педагогы

Мария Монтессори (1870-1952). Бұдан соңғы кездерде біздің елде психологтар Л. С. Выготский, Н. С. Лесгафт осы жөнінде құнды пікірлер таратты.

Сензитивті кезге мән беретін себебі, осы кезде аса әсерленгіш келеді, осыны пайдаланып қалу үшін дұрыс тәрбие мен оқыту тәсілдері қолданылуы керек. Сензитивтік кез тек қана бала жасында ғана емес, адамның барлық өмірінде түрліше болып кездеседі. Егер 60-тан асқан кісіден оның өмірінің қай мезгілі есінде айқын қалған, қай жасында мағлұматтар айқын қалмаған деп сұраса, ол 20-25-ке дейінгі басынан кешірген оқиғаларын айтып, кейінгі кездері, әсіресе қартайған уақытын онша еске түсіре алмас еді. Әсіресе жастық кезеңде адам өте сезімтал болып келеді. Бастауыш мектеп жасындағыларда (7-10) мұғалімнің айтқанына сын көзбен қарау онша кездеспейді. Аузынан шыққан сөздерінің бәріне сенгіш болып келеді, осыны пайдаланып көп мағлұматтар ұқтыруы тиіс. Ал егер осы кезеңді дұрыс пайдаланбаса, алдағы кезде баланы оқыту қиынға түсуі мүмкін. Осы жастағы балалар келесі кезеңге өткенде (11-16) бұрынғыдай емес, енді ұстаз сөзіне сынмен қарайды. Сондықтан балалар үшін бастауыш мектеп кезеңі өте маңызды, оларды оқу мазмұнымен қызықтыру керек. Бірақ жеткіншектердің өздеріне тән сензитивтік кезеңдері бар: бұлардың күші мен ақылы молайып, қуатын, ептілігін тиісті салаға қолданғысы келіп, өзін-өзі құрбыларының, не үлкендердің алдында көрсеткісі келіп тұрады. Ал ересек жас (16-18) кезеңіне келсек, олар әрі істі ойланып орындауға икемдері көлемді және өзінің келешегі жөнінде ойланып, өзін-өзі тәрбиелеуге құмар келеді. Сензитивтік кезең көбіне тілді меңгеруге және ақылға байланысты келеді. АҚШ-тың тілшісі Э. Пулгремнің айтуынша, егер баланы шет тіліне 4-5 жастан оқытса, осыған тез үйреніп кетеді. Демек, тіл мен ойдың сензитивтік кезеңі түрлі уақытта кездеседі.

Осы айтылғандардың барлығы музыка, сурет өнерлеріне де тікелей қатысты. Ірі суретшілер мен композитерлер өз саласына қабілеті 10-12 жасында дами бастаған. Әрбір нәрсенің өзіндік және сөнетін мезгілі бар. Осы мүмкіншілікті өз мезгілінде пайдаланып қалу керек.



Бақылау сұрақтары
1. Балалар жасын кезеңдерге топтастыру.

4. Қазақ халқының балалар жасын топтастыруы.

2. Ғылыми тұрғыдан бала психикасының дамуын кезеңдерге топтастыру.

3. Бала психикасының дамуындағы сензитивті кезең.


Әдебиеттер [5, 6, 8, 9, 12, 18]
5-тақырып. Баланың ана құрсағында даму мен нәресте кезіндегі психикалық дамуы

Жоспар

1. Баланың ана құрсағында жүйке жүйесінің дамуы.

2. Баланың ана құрсағында дамуының биогенетикалық заңдылығы.

3. Нәресте кезеңінің өзіне тән ерекшеліктері.

4. Еңбектеу – нәрестенің сыртқы ортаны тануына қадам жасауы.

Баланың ана құрсағында жүйке жүйесінің дамуы. Бала ана құрсағында морфологиялық жағынан алып қарағанда едәуір қалыптасып қалады. Ең алдымен жүйке жүйесінің төменгі алаптары (ми бағанасы, мишық, жұлын) дамып қалыптасады. Бұдан соң бас ми сыңарлары күрделі түрде қалыптаса бастайды.

Мидың төменгі алыптарының ана құрсағында ерте дамуы алдыңғы алаптарының шамалы кешірек дамуы биогенетикалық заңдылықтың әсерінен болып табылады. Бұл заңдылық бойынша, бала (бұл жануарларға да тән) анасының құрсағында биологиялық түрге жататын ата-тегінің тарихи дамуын (филогенетикалық дамуын) қайталайды. Жүйке жүйесінің ата-тегінің биологиялық түрдегі дамуын қайталауымен шектелінбейді. Ана құрсағындағы бала миы биогенеткалық дамуда ата-тегінің алғашқы кездегі жүйке жүйесінің дамуын қайталайды. Мысалы, баланың жүйке жүйесі анасының құсағында алғашқа күндері қарапайым жәндіктердің (инфузорияның т. б.) жүйке жүйесі тәріздес келеді. Осы жәндіктердің, әдетте, жүйке жүйесінің орталығы жоқ, жүйке талшықтары тұс-тұсынан таралған жапырақ тәріздес болып келеді. Бұдан кейін сол жапырақ бүктеліп түтік тәріздес болып келеді. Түтік тәріздес жүйке жүйесі көбінесе құрттарда кездеседі. Осыдан соң түтік үш буынға бөлінеді (шеткі, ортаңғы, алдыңғы буындарға). Әрбір буын өзінің қол атындағы дененің аудандарын басқарады. Бірақ осылардың жоғары сатысында алдыңғы буын үстем алып, кейін бас миының негізіне айналады. Бұдан соң бала жүйке жүйесі буындарының қалғандарынан озып, тез дамиды да, бас ми сыңарларын құрады. Ана құрсағында бала миының дамуы орталық жүйке жүйесін қайталайды.



Биогенетикалық заңдылықты тұңғыш рет дәлелдеген зоолог Э. Геккель болды (1884-1919). Бұл заңдылық әсіресе ана құрсағында баланың жүйке жүйесінің қалыптасуына қатысты екенін дәлелдеген орыс морфологы А. Н. Северцов (1866-1986) болатын.

Балаға тән жүйке жүйесінің негізі – бас миы. Баланың бас миы ана құрсағында едәуір дамып қалса да, туғаннан кейін өз қалпына келіп, толық қалыптаса бастайды. Мысалы, бас ми қабығы және оның микроскоппен көрінетін 6 қабаты туғанда даяр болмай, кейін қалыптасады. Физиологиялық жағынан алып қарағанда, баланың бас миы шартсыз рефлекстер тудырып, тиісті тітіркендірулерге жауап беруге даяр. Бала туғанда көптеген шартсыз рефлекстерімен туады. Әсіресе, балада ему шартсыз рефлексі жақсы дамыған болады. Баланың ана құрсағында психикалық ерекшеліктер көрініс береді ме? Әрине баланың ана құрсағындағы кезеңінде психикалық еркешеліктер көрініс береді. Оған шартсыз рефлекстер дәлел. Ана құрсағындағы орта мен табиғи ортаны салыстыруға болмайды, әрине. Метафорамен айтқанда, бұл екі орта әр түрлі планеталардың өзгешелегімен ұқсастыруға болады. Себебі, бала тамақты да, ауаны да шешесінің тиісті органдарынан ассимиляция ретінде алып тіршілік етеді. Ана құрсағындағы ортаның өзіндік ерекшелігі тек шартсыз рефлекстердің (емшек ему, ауырту т. б.) реттелуіне ғана мүмкіндік береді. Әрине, дамудың осы түрі кейінгі кезде өзінің түрлі нәрселерге үйренуге (шартты рефлекстердің жасалынуы т. б.) дайындықтың бір түрі. 90 жылдары неміс ғалымы Хейнз әйелдің ішіндегі баланы массаж арқылы оқытуға болады деген пікір тастады. Онда бала дүниеге келгеннен кейін физикалық және ақыл-ой жағынан бірнеше есе жақсы дамиды деген қорытындыға келді.

Баланың әр жасындағы көзге түсерлік қозғалыстардың негізі жануарлар дүниесінде де кездесіп отырады. Биогенетикалық заңдылық бала психикасының дамуына әсер етеді.

XX ғасырдың соңғы кезіндегі психологтардың пікірінше (С. Холл, Ж. Болдуин) баланың ақыл-ойының дамуы қоғам дамуының тарихын қайталайды, баланың туғаннан кейінгі жас кезеңдерін аңшы, балықшы, малшы, диханшы, индустрия «жастарына» бөлген. Бұл пікірге орыс психологы А. К. Корнилов қарсы шықты.


Бақылау сұрақтары
1. Баланың ана құрсағында жүйке жүйесінің даму ерекшелігі.

2. Балаға тән жүйке жүйесінің негізгі ерекшелігі.

3. Нәресте кезеңінің өзіне тән ерекшеліктері.

4. Еңбектеу – нәрестенің сыртқы ортаны тануына қадам жасауына сипаттама бер.


Әдебиеттер [5, 6, 7, 9, 10, 12]
6-тақырып. Бөбек жасындағылдардың психикалық дамуы

Жоспар

1. Бөбек жасы кезеңінің өзіндік ерекшеліктері.

2. Бөбек жасы кезеңіндегі екінші сигналдық жүйенің қалыптасуы.

3. Еркелеу – бөбек жасына тән психикалық дамудың өзіндік ерекшелігі.



Бөбек жас кезеңінің өзіндік ерекшеліктері. Егер нәрестенің психикалық дамуы тым қарапайым түрде кездессе, алдағы екі жылдың ішінде психикалық дамуы ірі өзгерістерге ұшырайды. Бөбек жасының аяқ кезінде (3 жастағы кезі) бала ақыл-ойының дамуы жағынан едәуір жетістікке жетіп қалады. Психолог Б. Гудинаф өзінің еңбектерінде бөбек жасына аса көңіл бөледі. Оның ойынша, жаңа туған бала мен үлкендердің психикалық дамуының тең ортасы – бөбек (3 жас) жасы дейді. Ал осындай ірі жетістіктерге бөбек аз уақыттың ішінде қалай жете алады? Бұл жетістікке жетудегі себептің бірі (1 жасқа толғанда) баланың түргелеп жүруі. Тікелей жүруге көшу бірден болмайтынын қазақтың балаға «тұсау кесу» дейтін ырымынан да белгілі. Бұл жетістіктің екінші себебі: әр заттың өзіне тән қызметін ажырату. Егер нәресте жасындағылар әр заттың қандай қызет атқаратынын білмесе, енді ол бөбек жасына көшкенде соның атқаратын қызметінің мәнісін түсіне бастайды. Бөбек психологиясының дамуына негізгі әсер ететін фактордың бірі: оның қарапайым ойындары мен балалар бақшасында тиісті өнерге үйренуі (сызу не үй салу т. б.). Бұл бөбектер үшін өзінше әрекеттің түрлері, сондықтан ойын мен іс-әрекеттер бөбек психологиясының дамуына алкен әсер етеді. Мысалы, ойыншықтармен ойнау осы жас кезеңінің аяғында кездеседі. Әуелгі кезде бөбектер ойыншықтардың сылдарлауына, не бояуына мән берсе, бірақ нендей жәндіктің, не машинаның бейнесі екеніне мән бере алмайды.

Бөбек жасында ойыншыққа байланысты ұлдар мен қыздардың ойыны бірдей емес. 3 жастағы қыз аюдың ойыншығын бергенде оның үстіне көйлек тігіп, кигізіп, кішкентай тәрелкеге ас салып, қасықпен оны тамақтандырады. Ұлға осындай ойыншық ұсынсаң ол одан бас тартып, бұл қыз балалардың қызметіне қатысты, сондықтан оған қатысы жоқ екенін айтады. Ал ұлдар таяқты ат қып мініп, «осы менің атым» жүгіретіні кездеседі. Ойынға қатысушылар аю ойыншығы нағыз аюдың өзі емес екенін, ал таяқтың ат емес екенін өздері де жақсы біледі. Бұл сұраққа өздері былай жауап береді: «Біз әншейін ермек үшін ойнаймыз» – деп жауап береді. Ал осындай ойындағы заттарды (ойыншықтарды) өзге заттың символы (не белгісі) деп түсіну бөбектердің фантазиясын, ой-өрісін дамытуға едәуір пайдасын тигізеді.

Бөбек психикасының дамуын одан әрі өрістетуде оның сөйлеу әрекетінің қалыптасуының ерекше маңызы бар. Осы кезден бастап сөздерден сөйлем құрастыра бастайды. Бөбек 3 жасқа жеткенде 1200 – 1500 сөз біледі (осыған сәйкес 150 – 20-ге жуық морфемаларды меңгеруі мүмкін). К. Чутовский өзінің «Үштен беске дейін» атты кітабында бөбектер қалай сөйлем құрастыра алады және осыған байланысты икемділігі тілші ғалымдардан кем емес екенін атап керсеткен болатын. Оның ойынша бөбектер тіпті ана тілінде кездеспейтін (бұрын айтып көрмеген) жаңа сөйлемдер құрастырады. Мұның себебі бөбек әлі қандай сөздер айтуға болатынын не болмайтынын білмейді. Себебі жаңа сөйлемді бірден естіп, оны қайталап отырған жоқ. Мұндай сәтсіздіктер кейін үлкендердің көмегімен түзетіледі.

Адам тек ұғымға сүйеніп ойланбайды. Оның ой-өрісі елестету бейнелеріне де негізделеді. Сондықтан әуелі бөбектің қабылдауы мен елестетуіне тоқталайық. Бөбек жасының бас кезінде (1,5-2 жаста) бала жан-жағына қарап заттарды заттардан, не таныстарды таныстардан ажырата алғанымен, оның қабылдауы әлі нашар дамыған. Бөбек әуелгі кезде заттың тек бір қасиетіне, не білгісіне мән беріп, өзге жағын елемейтін болады. Мысалы, бөбек «торғай» сөзді естіп, кейін осы сөзді нақты торғаймен ұшастырады да бұдан соң «торғай» деген сөзді естігенде торғайдың мұрны сияқты ағашты да торғай деп айтатын болған. Себебі торғайдың бейнесін бөбек әлі тұтас ажырата алмайды. Сол сияқты бөбек танысының суретін көргенде оның көшірмесі (бейнесі) демей, сол адамның өзі деп түсінеді. Себебі сол адамды ол танитын болғанымен, оның тек бір мүшесін (мұрнын, не шашы мен көзін) есте қалдырған. Ал бөбектің қабылдау үстінде заттың бірнеше қасиеттерінің, соның ішінде көлемімен, ұзындығымен, өңімен, түсімен т. б. танысуға келсек, осылар сол заттың бейнесімен бірге елестетіледі. Бөбек жасының бастапқы кезінде тиісті зат жоқ болса да, оның бейнесін елестету оның үзінділерінде, не кездейсоқ жағына мән беруге негізделеді. Бөбек жасының аяқ кезінде бала «шеңбер», «төртбұрыш», «үшбұрыш», «тік бұрыш», «көп бұрыш» т.с.с. ажыратып, соларды есінде сақтай алады. Сол кезде бөбек негізгі түстерді ( қызыл, сары, көк, көкшіл, ақ, қара т. б.) ажыратып соларды қосымша түстерден айыра батайды.



Бөбек жасы кезеңіндегі екінші сигналдық жүйенің қалыптасуы. Таным процестеріне байланысты бөбектің тіліне де әсер етеді. Егер біреудің бізге таныс емес тілде сөйлеген дауысын естісек, осыған байланысты дыбыстарды ажырата алмаймыз. Бізге сол дыбыстар тек шудан тұратындай болып көрінеді. Мұның себебі үйренгендіктен: ана тілімізде естіген сөздер тек белгілі тәртіпке бағынатын сияқты. Осыны фонематикалық есту деп атаймыз. Фонематикалық есту әркімнің қабылдауының өз тіліне бейімделіп өзге тілдегі дыбыстарды елемеуі. Осы қасиет тек бөбек жасынан басталып,олар өз тілінің фонематикалық есту ерекшелігін өзге тілдерден ажырата бастайды.

Ж. Пиаже өзінің шығармаларында мектепке дейінгі жасты, соның ішінде бөбек жасын ойлау операциясына дейінгі жас деп атайды. Бұл жерде Ж. Пиаже «ойлану» деген терминді – проблемалық мәселені шеше білу ретінде (есеп шығару т. б.) қолданды. Бөбектерде ойланудың тек қарапайым түрлері бар, бөбек жасында нақты ой-әрекеті кездеспейді. Мысалы, бөбек кубиктерден үй құрастырып жатқанда, оның қасына келіп, не істеп жатырсың десең, осыған ауызша жауап беруге қиналып, салған үйін бұзады да, «қара!» деп соны қайтадан салады. Бұл жағдайда ойын нақты іс-әрекет үстінде «қара!» деп жеткізіп отыр. Ал нақты бейне ойы деп заттардың өзін көрмей тұрғанда, олардың бейнесін басында елестете отырып, соған тіректелетін, ойын жеткізуді айтады. Соңғы ой амалы бөбекте күшті дамыған.

Бала бөбек жасының бастапқы кезінде өзін «Мен» дей алмай, көбіне «ол», не өзінің атымен атайды. Л. Н. Толстой бір сөзінде, ол өзінің есін (өзі жөніндегі және өзгелер жөніндегі оқиғаларды) 2 жасымнан бастап біле бастадым дейді. Бұл қате болар. Өйткені, бөбек жасының аяқ кезінде (2,5 жастан асқан соң) ғана балалардың көпшілігінде есі кіре бастайды. Баланың есінің кіруінің өзі – ол үшін үлкен жаңалық. Өйткені есі кіргеннен кейін бөбекте «Мен» деген қасиет пайда болады. Егер бөбек жасының аяқ кезіне дейін бала есін білмей келсе, кейін «Мен» деген қасиет пайда болмайды. Сананың, яғни естің бөбекте пайда болуы оның тілінің шығып, ойын сөйлеу арқылы өзгелерге жеткізе алуының нәтижесінде пайда болады. Егер адам тіл білмесе (мұндай жағдайдың болуы мүмкін емес), онда оның есі мен санасы және «Мен» деген қасиеті де болмас еді.

Бөбекте «Мен» деген қасиет өзін өзгелерден ажырата алудан пайда болады. Бұл үшін бөбек әуелі айнаға қарап, өзге кісілерден өзін ажыратады. Оған дейін (2-2,5 жасқа дейін) зерттеушілердің айтуынша, бала айнаның бетінде, тек таныс адамдардың бейнесін ажыратады да, өзінің бейнесін айқын сезе алмайды. Сондықтан өзінің бар екенін (тіршілік ететінін т. б.) бөбек жасының аяғына дейін бала ажырата алмайды. Тіл арқылы өзгелермен байланысып, кейін бала үшін сөйлеу қызметі өзін өзгелерден ажыратуға мүмкіндік береді. Мысалы, бөбек «Мынау Менмін», «Мен Бұзаубаймын» – деп осы сияқты сөздерінде өзін өзгелерден ажыратып отырады.



Еркелеу бөбек жасына тән психикалық дамудың өзіндік ерекшелігі. Бөбек бір істі өзім орындаймын дегенде, солардың бәрін өзбетімен орындау оның қолынан келе бермейді. Сөйтсе де, ол өзім жасаймын дейді. Мысалы, бәтеңкесінің бауын байлау бөбектің қолынан келмеуі мүмкін. Бірақ осыған көп уақытын жіберіп, байлай алмағанда жылап, «қалай байлауды маған көрсет» беп өтінеді. Сондықтан бәрін өзім орындаймын деп талаптану сол істі барлық жағдайда жақсы меңгере алуынан емес.

Еркелеудің бір түрі, яғни «дағдарыс» кез бөбектерде түрліше кездеседі, біреуде тым айқын, өзгелерде онша білінбейді. Ал осы «менменсу» бөбекпен дұрыс тәрбие жүргізілмесе, ерегесуге, яғни негативизмге алып келеді. Мысалы, 3 дөңгелекті велосипедке мініп жүрген бөбекке анасы мінуге рұқсат етпесе, бала ызаланады. Кейін анасы «міне ғой!» десе, ерегесіп «енді мінбеймін» деп отырып алады. Сол кезде «мінбей – ақ қой!» десе, онда «мінемін» дейді. Демек, бөбек үлкендердің айтқанына қарама-қарсы іс жасағысы келеді.

Бұл жадғайда бөбек велосипедке мініп, оны айдағысы келуі сөзсіз, бірақ осы қажеттілігін ол тежелтіп, анасына қыр көрсеткісі келіп отыр. Ал ерегісу бөбектің күшті екенінің белгісі емес, керісінше, әлсіздігі. Себебі, бұл еркелеудің негізінде болып отыр. Ерегесу көбінесе санасыз жүзеге асады. Егер ерегісу, яғни негативизм қайталана берсе, кейін бала тәрбиеге көнгісі келмей, үлкендердің өсиетіне қарсы шығып отыратын болады. Мұны қиқырқыңырлық (строптивость) дейді. Бұл қырсығудың ең жоғарғы сатысы.
Бақылау сұрақтары
1. Бөбек жас кезеңінің өзіндік ерекшеліктеріне сипаттама бер.

2. Бөбек жасына тән танымдық процестерінің ерекшеліктері.

3. Еркелеу – бөбек жасына тән психикалық дамудың өзіндік ерекшелігі.
Әдебиеттер [4, 6, 7, 8, 10, 15]
7-тақырып. Мектепке дейінгі кезеңнің негізгі іс-әрекеті мен таным процестерінің дамуы

Жоспар

1. Ойын – мектепке дейінгі кезеңнің негізгі іс-әрекеті.

2. Мектепке дейінгі жастағы балалардың рөлдік ойын ерекшеліктері

3. Мектепке дейінгілердегі екінші сигналдық жүйенің дамуы.

4. Мектепке дейінгілердің таным процестерінің дамуы.

Ойын мектепке дейінгі кезеңнің негізгі іс-әрекеті. Мектепке дейінгі жас кезінде балалардың денесі мен ақыл-ой өрісі төменгі жастарға қарағанда едәуір жетіліп қалады. Бірақ 3-5 жас аралығында бала бойының өсуі шамалы тоқталып қалады, мектепке кіргенше өсіп қалады. Бала бойының өсуі салмағының өсуінен шамалы алда жүреді. Мектепке дейінгілердің анатомо-физиологиялық дамуының негізінде есеюге байланысты жаңа талаптарды (оқу,еңбек) орындауға мүмкіндік туады.

Алдымен баланың ойынына нендей нәрсе түрткі болады, соған тоқталайық. Ф. Шиллердің айтуынша, бала қозғалмай, не бір нәрсемен шұғылданбай көп осының салдарынан «жұмсалмай қалған қуаты» жиналады да, соны жұмсау қажеттелігі оны ойынға итермелейді. Бұл пікірге көптеген психологтар қарсы шықты. Күш-қуаты таусылып, шаршап отырған балаға «ойнайсың ба?» деп сұрасаң, «ойнаймын» деп жауап береді дейді. Осыны есепке алып, австрия психологы К. Бюллер «жұмсалмай қалған қуат» теориясы баланың не себептен ойнайтынын толық дәлелдей алмайды деп, ойынның себебін рахаттанумен байланыстырады. Рахаттану теориясы, алғашқы пікірге қосымша ретінде қолданылады.

Неміс психологы К. Гросс кішкентай балалардың ойынын зерттеп, 1899 жылы өзінің осы жөніндегі пікірін жариялады. Оның айтуынша, бала өзінің күшін, ақыл-ойын дамытып, дағдылану үшін ойнайды. Осы пікірін дәлелдеуде К. Гросс мынадай деректер келтірді: әсіресе төменгі даму сатысында тұрған жануарлардың өзгерілмейтін соқыр сезімі (инстинкті) көп болғандықтан, олардың балапандары ойнамайды, тек инстинктері аз жануарлардың балапандары ғана ойнайды. Ойнайтын себебі, олардың туа берілген инстинктері аз болғандықтан, осыған байланысты ептілікті машықтану арқылы толтырғысы келеді дейді. Бұл пікірге Голландия психологы Е. И. Бойтендайк қарсы шықты.

Сонымен, баланың неліктен ойнайтын себебі әлі күнге дейін көпшілік ғалымдар арасында мойындалмаған мәселелердің бірі. Көрнекті орыс марксисінің бірі – Г. В. Плеханов бала ойын кезінде үлкендердің еңбек әрекетін қайталайды, сондықтан «ойын – еңбектің інісі» деген болатын. Бала ойының көбі үлкендерді еңбегін қайталайтыны рас және ұстаздың осы сөзі ойынды әлеумет тұрғысынан дәлеледеуге мүмкіндік береді. Бірақ, психологиялық тұрғыдан алып қарағанда баланың ойнауына не түрткі болатынына ұстаздың бұл сөзі толық жауап бере алмайды. Себебі, тек бала емес, жануар көпшілігінің балапандары да ойнайды, (мысалы, мысық күшігіне лақтың ойнайтыны т. б.). Оны тек балаға ғана емес, жануар балапандарына бірдей тән болғандықтан, жалпы айтқынды репетиция сияқты әрекет. Мұның солай екені мынадан: үлкендердің нақты іс-әрекетін бала болғандықтан, соны дәл дәрежесінде қайталай алмайды. Бірақ оған бала өзін-өзі даярлауы қажет. Артистер сахнаға шықпай тұрып, шымылдықтың бергі жағында өзінің ролін ойнайтыны сияқты бала ойын үстінде өзін келешектегі еңбек әрекетіне даярлайды. Әрине, тап осылай мақсат қоймайды. Бірақ ұзақ тарихи дамуда баланың ойны үлкендердің ісін үйренуге арналған.

Осыған орай, аса қажетті мәселенің бірі – өткен тарихи дәуірлерде бала ойнады ма, ойнаса қай жасынан бастап осыған кірісті. Психологтардың айтуынша ерте кездерде көпшілік елдердің балалары ойын легенді білмеген. Бұған дерек, бұдан біршене жыл бұрын өлген кісілердің моласын қазғанда бала сүйектерінің қасында ойншықтардың ешқандай түрі кездеспепті. Сондықтан балалар үшін әдейі ойыншық жасау соңғы ғасырларда пайда болған дейді.

Осыған орай жүргізілген зертеулерге қарағанда, ерте кезде балалардың көбі тек 5-6 жасқа дейін ғана ойнап, кейін үлкендермен бірге жұмысқа кірісіп, кішкентайынан материалдың игілікті өндірілуіне үлес қосқан. Д. Б. Эльконин эскимос балалары 5 жасынан әке-шешелерімен бірге балық аулауға, не егін айдауға кірісіп, қиын жұмыстарды да орындай алатынан айтады. Бұл турлы орыс саяхатшысы Миклухо-Маклай өткен ғасырда Шығыс халықтарын кемемен аралай жүріп, Малинезия т. б. елдерде балалар 5-6 жасынан түгелдей еңбекке жегілетінін ескертеді. Бұл мәліметтер қазақ үшін жаңалық емес. Өйткені ерте уақытты қазақ елінің балалары 4-5 жасынан еңбек етуге кірісті. Мысалы, 4 жастағы балаға билерді қайырын кел деп тапсырма бергенде, жылқының бірін құрықпен ұстап алып, бойы жетпегендіктен оны үлкен тасқа жетектеп, тастың үстінен жүген салып, қарғып мінеді де, бала билерді тез қайырып келеді. 5-6 жасқа келгенде түйеге мініп шөмеле таситын не тезек теретін, 7-8 жасқа шыққанда атқа мініп, малды далаға алып кететін, сол кезде малға қасқыр шаба қалса, сәби бала аттың үстінде қолындағы қамшымен қасқырға ұмтылатын болған.

Осы сияқты еңбектердің түрін сол жастарды ауылда өскен балаларың бәрі бастан кешірді. Сондықтан, Д. Б. Элькониннің айтуы түгелдей дұрыс. Қазіргі кезде балалық кез бұрынғына қарағанда көпке дейін созылады. Тіпті, 15-16 жастағы балалар ойнайды. Мұның себебі, біріншіден тұрмыстың нашар кезінде бұқара халық баласын көпке дейін еркелетіп ойнатуға шамасы келмеген. Сондықтан жас кезінен оларды материалдық игіліктерді өндіруге жекті. Екіншіден, әлеумет қоғамы сол кезде басқаша болатын. Ол кезде ойын кішкентай балалардың негізгі іс-әрекеті болмаған, жұмыстан қолдары босаған кезде ғана ойнайтын болған. Біз осыдан балалар ойыны белгілі әлеумет дәуірінің жемісі екенін көреміз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет