Жеткіншек кезеңінің баланың дамуындағы алатын орны мен маңызы. Жеткіншектің кезеңінің шектері шамамен балалардың орта мектептің V-VIII сыныптарында оқитын кезеңімен сәйкес келеді де, 11-12 жастан 14-15 жасқа дейінгі арлықты қамтиды, бірақ жеткіншектік жастың іс жүзінде басталуы V сыныпқа өсумен тура келмей, бір жыл ерте не кеш болуы мүмкін.
Жеткіншек кезеңінің баланың дамуыдағы ерекше орны оны «өтпелі, бетбұрыс, қиын, сыналатын» кезең деген атауларды бейнеленген. Бұл атауларды осы жастарда болатын, өмірдің бір дәуірден екіншісіне өтуімен байланысты даму процесінің күрделілігі мен маңыздылығы айтылған. Балалық шақтан ересектікке өту осы кезеңдегі дене, ақыл-ой, адамгершілік, әлеуметтік дамудың барлық жақтарының негізгі мазмұны мен өзіне тән ерекшелігі болып табылады. Барлық бағыттарда сапалық жаңа құрылымдар қалыптасады, организмнің сана-сезімінің, үлкендермен және жолдастарымен қарым-қатынасын, олармен әлеуметтік өзара іс-әрекет әдістерінің, мүдделердің, танымдық және оқу іс әрекетінің, мінез-құлыққа, іс-әрекет пен қарым-қатынасқа арқау болатын моральдық-этикалық нормалар мазмұнының қайта құрылуы нәтижесінде ересектік элементтері пайда болады.
Жеткіншектің жеке басының дамуының аса маңызды факторы – оның өзінің ауқымды әлеуметтік белсенділігі; ол белгілі-бір үлгілер мен игіліктерді игеруге, үлкендермен және жолдастарымен, ақырында өзіне қанағаттанарлық қарым-қатынас орнатуға (өзінің жеке басы мен өзінің болашағын, ниетін, мақсаты мен міндетін жүзеге асыру әрекеттерінің жолбалануы) бағытталады.
Алайда, жаңаның қалыптасу процесі біраз уақытқа созылады, бұл көптеген жағдайларға байланысты болады және осы себепті бүкіл майданда әркелкі болуы мүмкін. Мұның өзі бір жағынан жеткіншекке «балалық пен ересектіктің» қатар болуымен, ал екінші жағынан, сол бір ғана паспорттық жастағы жеткіншектерде ересектіктің түрлі жақтырының даму дәрежесіндегі елеулі айырмашылықтары болуымен анықталады. Бұл қазіргі мектеп оқушыларының өміріндегі жағдайларда екі түрлі жай сәттерінің болуымен байланысты.
Олар: 1) ересектік дамуын тежейтін жағдайлар: балалардың көбінде тұрақты және байыпты міндеттер болмай, тек оқумен ғана шұғылдануы, көптеген ата-аналардың балаларды тұрсымтағы еңбектен, қиыншылықтар мен қынжылыстардан қорғаштауға, түгелдей қамқорлыққа алуға тырысуы.
2) Ересектендіретін жағдайлар: мазмұны жөнінен сан алуан информацияның орасан зор тасқыны, көптген ата-анларадың бос уақытының аздығы, осының мүмкін салдары ретінде балалардың дербестікке ерте жетуі, жолдастарымен қарым-қатынастың жедел дамуы, дене күші дамуы мен жыныстық толысудың акселерациясы.
Осының бәрі ересектіктің дамуын анықтайтын алуан түрлі жағдайлар жасайды, осыдан келіп оның белгілі бір жақтары дамуының алуан түрлі көріністері мен елеулі айырмашылықтары келіп шығады. Мәселен, VII сыныпта бет пішіні мен мүдделері әлі балаға ұқсас ер балалар да бар, сонымен қатар ересектер өмірінің қайсыбір жағына ортақтасқан өте ересек балалар да бар, өздігінен білім алып жүрген интеллектуалдар да бар, бірақ сонымен қатар оқу матералының өзін өздігінен игере білетін жеткіншектер де бар, болашаққа деген жоспары айқын емес, мектеп оқушылары бар, ал болашақ мамандығына саналы түрде дайындала бастағандар да бар, кейбір қыз балалардың бар ойлағаны сән қуу мен ер балалар ғана,басқалары бұған онша мән бермейді, кейбір балалар үйінде нағыз қолғанат – жәрдемші болса, енді біреулері әбден ерке болып кеткен, тіпті тұрмыстағы қарапайым жұмыстарға ебі жоқ.
Жеткіншектердің ересектігінің дамуындағы жалпы бағыт әртүрлі және әрбір бағыттың көптеген нұсқаулар болуы мүмкін. Мысалы қайсы бір интеллектуал үшін өмірде ең бастысы кітап пен білім болады, қалғанының бәрін ол әлі «нәресте» дегенді бір нағыз интеллектуал үйде электроника туралы мақалаларды оқып, радиотехникамен әуестенсе де, сабақта түк бітірмейді, модадан қалып қоймаумен төтенше шұғылданады, өмірдің мәнінен бастап ең шебер шаштараз туралы барлық мәселелер жөнінде әңгімелесуге болатын ересек жасөспірімдермен сөйлескенді бәрінен артық көреді, үшінші бір интеллектуалды ересектіктің сыртқы көріністері онша қызықтырмайды, бірақ ол шешемінің сүйеніші, өзін ерлік қасиеттерге тәрбиелейді, ал қыздарға келгенде, осы қыздардың пікірінше өзін бала сықылды ұстайды, галстуктарын тартқылап, шаштарын ұйпалап кетеді. Бір өлшем ұқсас осы нұсқаулар ересектіктің дамуы әрқилы болады да, бұл орайда мазмұны әртүрлі өмірлік игіліктер қалыптасады, біреу үшін маңыздының енді біреуге құны жоқ. Жеткіншектік кезеңнің маңыздылығы адамның жеке басының моральдық және әлеуметтік негіздері жасөспірімдік шақта олардың қалыстасуы жалғасады.
Жеткіншектік кезең қиын әрі сыналатын кезең деп саналады. Бұлай бағалау, біріншіден, осы уақытта болатын көптеген сапалық өзгерістерге байланысты, бұл өзгерістер кейде баланың бұрынғы ерекшеліктерін, мүдделері мен қарым-қатынастарын түбірімен өзгертетін сипатта болады, мұның өзі біршама қысқа мерзімде болуы мүмкін, көбінесе күтпеген жерден болады да, даму процесі секірмелі, қауырт сипат алады. Екіншіден, болып жатқан өзгерістер екінің бірінде бір жағынна жеткіншектің өзінде, әртүрлі елеулі субьективтік қиыншылықтардың болуымен қабаттасады, оны тәрбиелеудегі қиыншылықтармен ұштасады, жеткіншек ересектерді ықпалына көне қоймайды, онда тіл алмаудың, қарсылық пен наразылықтың әр түрлі формалары шығады (қиқарлық, дөрекілік, қарсылық, тентектік, бүкпелік, тұйықтық).
Жеткіншектік кезеңдегі дамудың сыналу көріністерінің пайда болуында биологиялық және әлеуметтік жағдайлардың рөлі туралы теориялық талас жарты ғасырдан астам уақыттан бері болып келеді. Бұл проблеманың аса маңызды педагогикалық мәні бар.
Жеткіншек жасына өтудің анатомиялық-физиологиялық және психологиялық алғы шарттары.
Жеткіншек дамуындағы биологиялық фактор мәселесі баланың организімінде нақ осы шақтағы биологиялық толысу жолына түбегейлі өзгерістердің болуынан туындайды. Дене күшінің дамуында жаңа кезең басып, жыныстық жетілу процесі өркендейді. Бұлардың бәрінің сыртында организмнің морфологиялық және физиологиялық қайта құрылу процестері тұрады.
Организмнің қайта құрылуы эндокриндік жүйедегі өзгерістерден басталады. Гипофиздің әсіресе оның алдыңғы бөлігінің қызметі күшейеді, ал мұның гормондары талшықтардың өсуіне және ішкі секрецияның өте маңызды бездерінің қызметіне қолайлы жағдайлар жасайды. Олардың қызметі жеткіншектің организмінде көптеген өзгерістер туғызады. Бұл процестер қыз балаларда 11-13 жаста, ер балаларда 13-15 жаста неғұрлым жедел жүреді. Дене күшінің толысуы мен жыныстық жетілудің акселерациясы байқалып отырған қазіргі уақытта кейбір қыз балалар 10-11, ер балалар 12-13 жатса жыныстық жетілудің бастапқы сатысында болады.
Бойдың ұзаруы, салмақтың артуы, кеуде клеткасы шеңберінің өсуі – жеткіншек шақтағы дене толысуының өзіне тән жағдайлары, бұлар күрт өсу деген ерекше терминмен белгіленеді. Осының нәтижесінде баланың пішінімен салыстырғанда жеткіншектің пішіні өзгереді, дене пропорциясы ересек адамға тән пропорцияға жақындайды. Бас сүйегінің бет бөлігінің жедел жетілуі нәтижесінде бет әлпеті де өзгереді. Жеткіншек жасындағы жылдарда омыртқа жылдық өсуінде бойдың ұзару қарқынынан қалып қояды. 14 жасқа дейін омыртқалар арасындағы кеңістік әлі шеміршікпен толы болады. Дене түзілісінің неғұрлым көбірек бұзылуы 11-15 жаста болады, дегенмен нақ осы шақта мұндай кемшіліктерді түзеу одан да кейінгі кездегіден оңай болады. 20-21 жаста жамбас сүйектерінің бекуі аяқталады (қыз балалардың жыныс органдары осы сүйектердің аралығында болады). Өте биіктен секірген кезде бұл сүйектердің тайып кетуі мүмкін, ал биік өкшелі аяқ киім кигенде жамбастың формасы өзгеріп, мұның кейінгі босану функциясына зиянды әсері болуы мүмкін.
Бұлшық ет күшінің неғұрлым жедел артуы жыныстық жетілудің аяғында болады. Бұлшық еттің дамуы ер балаларда еркектер типінде, ал қыз балаларда әйелдер типінде болады, осыдан келіп әр жыныстың өкілдерінде еркектерге тән немесе әйелдерге тән белгілер қалыптасады, бірақ бұл процестің аяқталуы жеткіншек шақтан өткеннен кейін болады.
Бұлшық ет күшінінің артуынан жеткіншектің дене күшінің мүмкіндіктері ұлғаяды. Мұны ер балалардың өздері де ұғынады және олардың әрқайсысы үшін оның үлкен маңызы бар. Алайда ересектерге қарағанда жеткіншектің бұлшық еттері тез шаршайды, сондықтан ұзақ уақыт жұмыс істейтін қабілеті әлі болмайды, спортпен және дене еңбегімен шұғылданған кезде мұны ескеріп отыру қажет. Мотор аппаратының қайта құрылуымен қатар көбіне қозғалыстардағы үйлесім жоғалады, өз денесін дұрыс ұстай білмеушілік шығады. Алайда 6-7 жастан 13-14 дейінгі шақ – көптеген қозғалыс сапалары оптималды дамитын, қозғалыс функцияларының бірқатар көрсеткіштері жедел артып жетілетін кезең. Сондықтан спортта жетістіктерге жету мүмкіндіктері де артады.
Әр түрлі мүшелер мен талшықтардың өсуі жүректің қызметіне шамадан тыс талаптар қояды. Жүрек те өседі, әрі қан тамырларына қарағанда тез өседі. Мұның өзі жүрек – қан тамырлары жүйесінің қызметіндегі функциялық бұзылулардың себебі болып, жүректің қағуы мен қысымының артуы, бастың ауруы, бастың айналуы, тез шаршау түрінде көрінуі мүмкін. Жеткіншек шақта организмінің ішкі ортасында белсенді қызмет атқаратын ішкі секреция бездері жүйесіндегі өзгерістерге байланысты күрт ауысулар болады, осының өзінде қалқан бездері мен жыныс бездерінің гормондары, атап айтқанда, зат алмасудың анализаторлары болып табылады. Эндокриндік және жүйке жүйелері функциялық жағынан өзара байланысты болғандықтан, жеткіншек шақ , бір жағынан, энергияның күрт өсуімен, ал екінші жағынан, патогендік әсерлерге деген сезімталдықтың артуымен сипатталады. Сондықтан ақыл-ой немесе дене күшінің қажуы, ұзақ уақыт жүйеге күш түсу, аффектілер, күшті эмоциялық толғаныстар (қорқыныш, ыза, реніш) эндокриндік қолайсыздықтар (етеккір циклінің уақытша тоқтауы, гипертироздың дамуы) және жүйке жүйелерінің функциялық бұзылуларына себеп болуы мүмкін. Жеткіншек шақта эндокриндік және жүйке жүйелерінің қызметіндегі балалық шақта болатын тепе-теңдік бұзылады да, жаңа тепе-теңдік енді ғана қалыптаса бастайды. Бұл қайта құрылу жеткіншекттің ішкі жағдайларына, әсерлеріне, көңіл-күйіне әсер етіп, оның жалпы ұшқалақтығының, ашуланшақтығының, шамданғыштығының, қозғыштығының, қимыл белсенділігінің, мезгіл-мезгіл селсоқтығының, енжарлануының негізі болады.
Жеткіншек кезеңдегі «дағдарыс» мәселесіне теориялық көзқарастар. Жеткіншектің организмінде болатын елеулі өзгерістер ұзақ уақыт бойы осы кезеңдегі жеткіншектер ерекшеліктері мен дамуының сыналу құбылыстарының биологиялық шарттастығы туралы әр түрлі теорияларға негіз болады. Мұндай ұғым біздің ғасырымыздың алғашқы ширегінде үстем болды. Биогенетикалық универсализм негізін салушылар С. Холл мен З. Фрейд болды. Олар жеткіншектің дағдарысы мен өзіне тән ерекшеліктері комплексін биологиялық шарттастығы себепті болмай қоймайтын әрі универсал құбылыс деп санады.
20-30 жылдарда әр түрлі елдерде нақты зерттеулер жинақталғандықтан биогенетикалық универсализмге қарама-қарсы бағыт күш ала бастады, ал бұл зерттеулерде жеткіншектің жеке басының кейбір қасиеттерінің оның әлеуметтік қатыстылығына тәуелділігі көрсетілді. Қиын жеткіншектерді тәрбиелеу іс-тәжірибесінің маңызы болды, мәселен, А. С. Макаренкода мұндай жеткіншектер қысқа мерзім ішінде түзелетін еді.
Самоа аралындағы жеткіншектерді зерттеген американ ғалымы М. Мид жеткіншек шақта дағдарыстар мен дау-жанжалдардың болмай қоймайтындығы туралы түсініктің қисынсыздығын дәлелдеді, сөйтіп олардың биологиялық емес, әлеуметтік шарттастығын көрсетті. М. Мид Самоадағы жеткіншек қыз балалардың балалықтан ересектікке үйлесімді, дау-жанжалсыз өтетінін байқады да балалардың тіршілік жағдайларын, тәрбиеленуі мен айналадағылармен қарым-қатынастарының ерекшеліктерін егжей-тегжейлі сипаттап жазды. Қыз балалардың жеткіншек шағын М. Мид балалық және ересектік көзбен салыстырғанда тұтас алғанда неғұрлым жақсы және ерікті кезең деп бағалады.
Антропологтардың зерттеулерінде жеткіншектік кезеңнің ұзақтығы әр түрлі болуы және бірнеше аймен шектелуі мүмкін екені анықталды. Балаларда «Эдип» комплексінің міндеттілігі туралы пайымдау да теріске шығарылып, жеткіншектің инициациядан кейін алатын ересектік статусына арнайы әзірлік жағдайында да, сондай-ақ бұл статустың талаптарын біртіндеп меңгергенде де жеткіншек ер балаларда дағдарыстың болмау мүмкіндігі анықталды.
Антрополог Р. Бенедикт балалықтан ересектікке өтудің 2 типін көрсетті:
– үздіксіз тип;
– баланың балалық шағында оқып үйренгені мен ересектің рөлін жүзеге асыру үшін қажетті іс-әрекет тәсілдері мен түсініктер арасында үзлістер болатын тип.
Өтудің бірінші типі балалар мен ересектерге арналған маңызды нормалар мен талаптардың ұқсастығы жағдайларында болады. Мұндай жағдайларда даму бірқалыпты өтеді, бала ересектік іс-әрекет тәсілдеріне біртіндеп үйренеді де, ересектің статусының талаптарын орындауға даяр болып шығады.
Өтудің екінші типі балалар мен ересектерге қойылатын мәнді талаптарда алшақтық болған кезде байқалады (Бенедикт пен Мид оны қазіргі заманғы американ қоғамына және өнеркәсібі жоғары дамыған елдерге тән деп санады). Мұндай жағдайларда балалықтан ересектікке өту әр түрлі қиыншылықтармен қабаттасып, оның өзіне тән нәтижесі болады – ресми кемелдікке жеткен кезде ересектің рөлін атқаруға дайын болмау келіп шығады. Балалықтан ересектікке өтетін жол, деп атап көрсетті Бенедикт, әр түрлі қоғамдарда әркелкі болады және оның ешқайсысы да кемелдікке жеткізетін «табиғи» соқпақ деп қарастырылмайды.
Антропологтар зерттеулерінің теориялық маңызы зор. Бала өмірінің нақты әлеуметтік жағдайларына:
– жеткіншектік кезеңнің ұзақтығына;
– дағдарыстың, талас-тартыстың, қиыншылықтың болуына;
балалықтан ересектікке өтудің өзінің сипатына қарайанықталатыны дәлелденді.
Жеткіншектік шаққа өтудегі жаңа құрылымдар. Әлеуметтік ересектіктің дамуы дегеніміз баланың ересектер қоғамында оның толықта тең құқылы мүшесі болып өмір сүруге даярлығының қалыптасуы. Бұл процесс объективтік қана емес, субъективтік даярлықтың да дамуын көздейді, ол іс-әрекетке ересектердің мінез-құлқына деген көзқарастарға қойылатын қоғамдық талаптарды меңгеру үшін қажет, өйткені әлеуметтік ересектіктің өзі осы талаптарды игеру процесінде дамиды. Жеткіншектік шақтың басында балалар сыртпішіні жағынан да, мінез-құлқы жағынан да ересектерге ұқсамайды: олар әлі де көп ойнап, көп жүгіреді, алысып-жұлысып, тентектіктер жасайды , өз дегендерін істеп, байыз таппайды, қызу да шамданғыш, әр түрлі салада белсенді, көбінесе ұшқалақ, ынта білдіріп, ден қоюы да, біреуді жақсы көруі, қарым-қатынасы да тұрақсыз, басқаның ықпалына оңай көнгіш болады. Алайда балалығы қаз-қалпында болып көрінетін сырт көрінісі алдамшы болады да оның сыртында жаңаның қалыптасуының маңызды процестері жүріп жатады: жеткіншектер көп жағынан әлі бала болып жүріп, елеусіз есейеді.
Ересектің қалыптасу процесі көзге бірден түспейді. Оның көріністері мен нышандары әр сипатты және сан алуан. Ересектің алғашқы өркендері оның дамуы әр сипатты және сан алуан. Ересектің алғашқы өркендері оның дамыған формаларынан өте айрықша болып, кейде жеткіншектің мінез-құлқында ересек адамға жағымсыз жаңа сәттерде көрінуі мүмкін. Жеткіншек жасқа аяқ басқан баланың жеке басының қалыптасуындағы түбегейлі өзгерістер сана-сезімнің дамуындағы сапалық өзгерістермен анықталады, осының арқасында бала мен ортаның арасындағы бұрынғы қатынас бұзылады.
Жеткіншектің жеке басындағы басты және өзіне жаңа құрылым оның өзі туралы енді бала емеспін дейтін түсініктің пайда болуы болады, ол өзін ересекпін деп сезіне бастайды, ересек болуға және өзіне жұрттың осылай деп қарауына ұмтылады.
Ересектік сезім – жеткіншек жасының негізгі психологиялық құрылымы ретінде. Ересектік сезім дене дамуы мен жыныстық толысудағы ілгерілеушіліктерді ұғынып, бағалаудың нәтижесінде шығуы мүмкін; бұларды жеткіншек анық сезінеді және оны өз ұғымында да объективті түрде неғұрлым ересек етіп көрсетеді. Қазіргі бар акселерация балада осы жаңа өзін-өзі түсіну мен өзін-өзі бағалаудың бұрынғы жылдарға қарағанда ерте пайда болуына жағдай жасайды. Ересектік сезімдерінің ендігі бер қайнар көзі – әлеуметтік негіздер. Мұның өзі ересектермен қарым-қатынаста бала объективтік тұрғыдан балалық жағдайда болмай, еңбекке қатысып, елеулі міндеттері болғандай реттерде туындауы мүмкін. Ересектердің сенімі және жастайынан дербестікке жету әлеуметтік қана емес, субъективтік тұрғыдан да баланы тез есейтеді. Бұған ұқсас мысалдар Ұлы Отан соғысы жылдарында көп кездесті.
Ересектік сезімнің жыныстық толысудан көп бұрын пайда болуының мүмкіндігі бар жолды Н. А. Некрасов бармақтай мұжық бейнесінде берген. Мұның өзі бала ересек деп санайтын адам мен өзі арасындағы бір немесе бірнеше өлшем бойынша баланың өзі ұқсаспыз (білім, іскерлік, күш, ептілік, батылдық, т. б. ұқсастығы) деп тапқан жағдайда да туындауы мүмкін; ұқсастық жайлар неғұрлым көп болса, өзін ересек сезінуге негіз де соғұрлым көп болады. Ересектік сезім баланы өзіне тең ұқсайтын неғұрлым ересек жолдастарымен (баланың ұғымында) қарым-қатынаста да қалыптасады. Жеткіншек өзін айналасындағылармен ғана емес, мұның алдында өзінің қандай болғанымен де салыстырады, әрине, белгілі бір бейнелерді бағдарға алып, өзіндегі прогресті бөліп көрсетеді.
Ересек сезімі сана-сезімнің өзіне тән жаңа құрылымы ретінде жеке адамның өзекті ерекшелігі, оның құрылымдық ортасы болады, өйткені ол жеткіншектің өзіне, жұртқа жіне дүниеге деген жаңа өмірлік позициясын білдіреді, оның әлеуметтік белсенділігінің өзіне тән бағыты мен мазмұнын, жаңаша талпыныстарының, толғаныстары мен аффективті ықпалдардың жүйесін анықтайды. Жеткіншектің өзіне тән әлеуметтік белсенділігі ересектер дүниесіндегі және олардың қарым-қатынастарындағы бар нормаларды, құндылықтар мен мінез-құлық тәсілдерін меңгеру алғырлығы болып табылады. Мұның ұзаққа созылатын салдары болады, өйткені ересектер мен балалар әр түрлі екі топты көрсетеді және олардың міндеттері, құқылары, артықшылықтары мен шектеулері түрліше болады. Балаларға арналған көптеген нормаларда, ережелерде, талартарда, шектеулерде, тіл алудың ерекше моральында олардың ересектер дүниесіндегі дербессіздігі, тең құқылықсыздығы мен тәуелді жағдайы бейнеленген. Бала үшін дүниеде қол жетпес, тыйым салынған жайлар көп. Балалық шағында бала қоғамның балаларға қоятын талаптарымен нормаларын меңгереді. Бұл нормалар мен талаптар ересектер тобына өтер кезде сапалық тұрғыда өзгереді. Жеткіншекте өзі туралы енді балалықтың шекарасынан өткен адаммын деген түсініктің пайда болуы оның бір нормалар мен құндылықтардан басқаларына балалық нормалар мен құндылықтардан ересекті нормалар мен құндылықтарға қайта бағдар алуын айқындайды.
Бақылау сұрақтары
1. Жеткіншек кезенінің баланың дамуындағы алатын орны мен маңызы.
2. Жеткіншек жасына өтудің анатомиялық-физиологиялық және психологиялық алғы шарттары.
3. Жеткіншек кезеңдегі «дағдарыс» мәселесіне теориялық көзқарастар.
4. Жеткіншектік шаққа өтудегі жаңа құрылымдар.
5. Ересектік сезім – жеткіншек жасының негізгі психологиялық құрылымы ретінде.
Әдебиеттер [3, 4, 7, 10, 11, 19, 21]
10-тақырып. Балаң жасөспірімдік – әлеуметтік –психологиялық құбылыс
Жоспар
1.Балаң жастық және бұл кезеңнің өзіндік ерекшеліктері.
2. Балаң жастағы дене күшінің дамуы.
3. Дамудың әлеуметтік жағдайы және ақыл-ой қызметінің ерекшеліктері.
4.Өзіндік сананың алғы шарттары.
5.Жеке бастың қасиеттерін ұғыну мен өзін-өзі бағалау.
Балаң жастық және бұл кезеңнің өзіндік ерекшеліктері.
Жас шағы психологиясына жасөспірімдік шақ жыныстық толысудан басталып, ересектіктің басталуымен аяқталатын даму стадиясы деп анықталады. Алайда бірінші шегі физиологиялық, екіншісі әлеуметтік шек болып тұрған осы анықтаманың өзі құбылыстың күрделілігі мен көп өлшемділігін көрсетеді.
Жас өспірімнің көптеген теориялары бар. Биологиялық теориялар нақ өсудің биологиялық процестері басқаларының бәрінен басым болады деген оймен жасөспірімді алдымен организм эвалюциясының белгілі бір кезеңі деп қарайды. Психологиялық теориялар психикалық эвалюцияның заңдылықтарына, ішкі дүние мен өзін-өзі ұғынудың тән сипаттарына назар аударады. Психоаналитикалық теориялар жас өспірімдікті психосексуалдық дамудың белгілі бір кезеңі деп біледі. Көрсетілген теориялар жас өспірімдікті алдымен индивид немесе жеке адамның дамуы ретінде ішкі процесс тұрғысынан қарайды. Бірақ бұл даму әр түрлі әлеуметтік және мәдени ортада әркелкі болып өтеді. Жасөспірімнің социологиялық теориялары оны алдымен социализацияның белгілі бір кезеңі, тәуелді балалықтан ересектіктің дербес те жауапты іс-әрекетіне көшу деп қарайды. Зерттеушілер адам меңгеруге тиісті әлеуметтік рөльдерге, оның бағалаушылық бағдарларының қалыптасуына, еңбек өміріне аяқ басуымен байланысты мәселелерге назар аударады, яғни индивидтік-психологиялық мәселелерге әлеуметтік мәселелерден шығарылады.
Акселерацияға байланысты жеткіншектік кезеңнің шектері төмендейді де, қазір ол енді 14-14,5 жаста-ақ аяқталады. Бірақ дамудың бұл кезеңінің нақты мазмұны алдымен әлеуметтік жағдайлар анықтайды. Жастардың қоғамдағы орны, ол меңгеруге тиісті білімдердің көлемі және басқа бір қатар факторлар осы жағдайларға тәуелді.
Көптеген алғашқы қауымдық қоғамдарда жас шағы айырмашылақтары әлеуметтік айырмашылықтарға тікелей үйлеседі; социализацияның негізгі механизмі бір жастағы адамдарды (еркектерді) біріктіретін жас шағы топтары болып табылады, осының өзінде мұндай топтардың әрқайсысы өздеріне ғана тән арнайы әлеуметтік функцияларды ғана атқарады. Феодалдық қоғамда социализация жеткіншекті не жас өспірмді ересектердің іс-әрекетіне едәуір дәрежеде тікелей қосу арқылы жүзеге асырылған. Мектеп оқытудың осы практикалық формаларын толықтыратын ғана болған. Қазіргі қоғамда еңбектің және қоғамдық іс-әрекеттің күрделіленуіне байланысты адам жұмыс істемей, негізінен оқитын даярлық кезеңі едәуір ұзарады. Білім алу мен оқудың қоғамдық қажетті мерзімі неғұрлым ұзақ болса, шын мәнінде әлеуметтік кемелділік соғұрлым кеш басталады. Осыдан келіп жас өспірімдік кезең ұзарып, жалпы алғанда жас шағы шектері біршама тиянақсыз болады.
Балаң жастағы дене күшінің дамуы. Балаң жастық – адамның дене дамуының аяқталатын кезеңі. Бойдың ұзаруы жеткіншек кезеңге қарағанда баяулайды. Қыздардың толуы орта есеппен 16 мен 17-нің арасында болады (ауытқу қосу-алу 13 ай), жігіттерде 17 мен 18-дің арасы (ауытқу қосу-алу 10 ай). Самағы артады, осының өзінде ер балалар қыздардан қалып келген есесін толтырады. Бұлшық ет күші өте тез өседі: 16 жаста ер бала 12 жастағысынан бұл тұрғыдан екі есе асып түседі. Бойы толысқаннан кейін шамамен бір жылдан кейін адам қалыпты ересектік бұлшық ет күшіне жетеді. Әрине көп нәрсе дұрыс тамақтану режимі мен дене шынықтырумен шұғылданумен байланысты. Спорттың кейбір түрлеріне балаң жастық – ең көп жетістіктерге жететін кезең.
Жыныстық даму жөніне жігіттер мен қыздардың көбі бұл жаста постпубертаттық кезеңде болады. Көп тараған түсініктерге қарамастан, жыныстық толысудың мерзімі нәсілдік және ұлттық ерекшеліктерге, климатқа байланысты емес. Оның есесіне тамақтану сипатындағы айырмашылықтар мен басқа да әлеуметтік-экономикалық факторлар ықпал етеді. Мұның үстіне орташа статистикалық норманың жеке физиологиялық нормамен үйлеспейтінін ескеру өте маңызды. Кейбір әбден қалыпты адамдар орташа статистикалық мерзімдерден көп озық не қалыңқы дамиды. Қарқынның бұл вариацияларын патологиялық жағдайлардан ажырату әрдайым оңай бола бермейді.
Дамудың әлеуметтік жағдайы және ақыл-ой қызметінің ерекшеліктері. Жасөспірімдік шақ бала мен ересектің арасындағы аралық жағдайда болады. Баланың жағдайы оның ересектерге тәуелділігімен сипатталады, бұлар оның өмірлік іс-әрекетінің басты мазмұны мен бағытын белгілейді.
Баланың атқаратын рөлі ересектердің рөліне қарағанда сапалық тұғыда өзгеше болады және екі жағы да мұны анық ұғады. Өмірлік іс – әрекеттің күрделене түсуімен бірге жастарға әлеуметтік рольдер мен мүдделер диапазонының сандық ұлғаюы ғана болып қоймайды, сапалық тұрғыдан да өзгеріп, ересектік рольдер бірден-бірге көбейеді, осыдан келіп дербестік пен жауапкершілік өлшемі шығады. 16 жаста төлқұжат алады, 18 жасында сайлау құқығы мен некелесуге мүмкіндік алады. Жасөспірім қылмысты істер үшін жауап беретін болады. Көпшілігі бұл жаста еңбек қызметін бастайды, бәрі де мамандық таңдау туралы және т. б. ойлайды. Алайда жасөспірімде ересектер статусының элементтерімен қатар оның жағдайын баланың жағдайына жақындататын тәуелділік белгілеріәлі сақталады. Материалдық жағынан жоғары сынып оқушысы әлі ата-аналар қарауында. Мектепте оған, бір жағынан, екінің бірінде сен ересексің, үлкенсің десе, екінші жағынан, одан үнемі тіл алуды талап етеді. Бұл мектептен басқа жерлерде де байқалады, мұнда 16 жастағылар емес, 20 жастағыларды да көбінесе ересек деп санамайды. Жағдайдың (бір тұрғыдан ересек деп танитын, екінші тұрғыдан танымайтын) және өзіне қойылатын талаптардан тиянақсыздығы жастардың психологиясына өзінше ұғынылады.
Жасөспірімдік шақтың аса маңызды міндеттері – мамандық таңдау, еңбек пен қоғамдық-саяси қызметке даярлану, некелесуге өз семьясын құруға әзірлену. Өзара байланысты бұл міндеттердің жүзеге асырылуы белгілі бір уақытты талап етеді және олардың жүзеге асу мерзімдері жас адамның іс-әрекетінің сипатына тәуелді. Барлығы мектеп оқушылары болатын жеткіншектердей емес 15-17 жастағы жас өспірімдер мен бойжеткендер бұған қоса кәсіптік-техникалық училищелердің немесе арнаулы рота оқу орындарының оқушылары болуы мүмкін. Кейбір жасөспірімдер оқуды өнімді еңбекпен ұштастырады. Бұл айырмашылықтар психологияға әсер етеді, сондықтан тәрбиешілер мұны ескеруге тиіс.
Ақыл-ой қызметінің ерекшеліктері. Адамның жалпы ақыл-ой қабілеті 15-16 жасқа қарай әдетте қалыптасып болады, сондықтан оның бала кездегідей шапшаң өсуі байқалмайды. Алайда ол одан әрі жетіле береді. Күрделі интеллектілік операцияларды меңгеру және ұғымдық аппараттың баюуы жас жігіттер мен қыздардың ақыл-ой қызметін неғұрлым орнықты әрі мәнді етіп, оны бұл тұрғыдан ересктің іс-әрекетіне жақындатады. Әсіресе арнайы қабілеттер шапшаң дамиды. Мүдделердің бағытталуының барған сайын саралана түсуімен қосылып, мұның өзі жастардың ақыл-ой қызметінің құрылымын кіші жастардағыға қарағанда неғұрлым күрделі де дара сипат береді. Қазіргі бар деректерге қарағанда, ақыл-ой қабілетінің саралануы қыздардан гөрі ер балаларға ертерек басылып, неғұрлым айқын көрінеді. Қабілеттер мен мүдделердің мамандануы нәтижесінде басқада көптеген барлық айырмашылықтар неғұрлым елеулі және тәжірибелік тұрғыдан маңызды болады. Осыны, сондай-ақ жоғары класс оқушының мамандық таңдауға даярланут қажеттігін ескеріп, жоғары сыныптарда оқытудың даярлығын күшейту қажет, оқушылардың дербестік дәрежесін арттырып, оларға жалпы білім беретін мектеп шеңберінде біраз мамандануға мүмкіндік жасау керек (факультативтік пәндер, үйірмелік жұмыс, маманданған мектептер) Бірақ арнайы қабілеттердің қалыптасуының өзі оқытудың бағыты мен сипатына орасан зор дәрежеде байланысты екенін есте ұстау қажет.
Жасөспірімдік – жеке адамның толысуы мен қалыптасуының аяқталатын кезеңі. Жыныстық толысуға байланысты өз организмі мен сырт келбетіндегі үлкен өзгерістер, жағдайдың біршама тиянақсыздығын (енді бала болмағанымен, әлі ересек те емес), өмірлік іс-әрекеттің күрделенуі, жеке адамның өз мінез құлқын үйлестіруге тиісті адамдар тобының ұлғаюы - осының бәрі қосыла келіп жасөспірімдік шақта бағалаушылық-бағдарлаушылық іс-әрекетін күрт арттырады.
Әңгіме өз қасиеттерін тану, жаңа білімдерді меңгеру туралы болса да, жас адам оларды бағалауға өте-мөте ден қояды да, өзінің мінез құлқын саналы түрде жасалған немесе меңгерілген критерийлер мен нормалар негізінде құруға тырысады. Бұл ең алдымен өзіндік сананың дамуында көрінеді.
Өзіндік сананың алғы шарттары. Өзіндік сана – күрделі психологиялық құрылым, ол ерекше компоненттер ретінде
В. С. Мерлиннің осылай деп санайтынындай, біріншіден, өзінің теңдестігін ұғынуды, екіншіден, белсенді, іс-әрекетшіл негіз ретінде өз «менін» ұғынуды, үшіншіден, өзінің психикалық қасиеттері мен сапаларын ұғынуды, төртіншіден, өзін-өзі әлеуметтік-адамгершілік бағалаулардың белгілі бір жүйесін қамтиды. Бұл элементтердің барлығы бір-бірімен функциялық және генетикалық жағынан байланысты. Бірақ олар бір мезгілде қалыптаспайды. Теңдестігін ұғынудың бастамалары сыртқы заттардан болған және өз денесінде болған түйсіктерді ажырата бастаған кезден бастап нәрестенің өзінде-ақ болады, «менді» ұғыну бала жіктеу есімдіктерін дұрыс қолдана бастаған, шамамен үш жастан басталады. Өзінің психикалық қасиеттерін ұғыну мен өзін-өзі бағалау жеткіншектік және жасөспірімдік кезеңде неғұрлым көп маңыз алады. Бірақ бұл компоненттердің бәрі өзара байланысты болғандықтан, оның біреуінің баюы бүкіл жүйенің түрін өзгертпей қоймайды.
Жеткіншектің өзі-ақ өзін көрсетуге барынша ұмтылуымен өзінің «мені» мен өз қасиеттеріне зор ынта қояды. Атап айтқанда, ол өзінің келбеті мен дене тұлғасын мүлдем жаңаша қабылдай бастайды. Бұл зор ынта балаң жасөспірім жаста да сақталады. Өзінің өзгергіш тұлғасына зер сала зерттейтін жас өспірім жігіттер мен қыздар бұған барынша алаңдайды. Олардың бәрі дерлік өз келбеттерін өзгерткісі келер еді. Олар үшін әсіресе құрдастары алдындағы беделін арттырып, танымалдығын өсіретін қасиеттер ерекше маңызды. Жасөспірімдердің көбі тапал, толық болғанына, бетіне безеу шығуына т. б. қынжылады. Әсіресе кеш толысатын ер балалар мұнысына қатты уайымдайды; екінші жыныстық белгілердің шықпай кешігуі құрдастарының алдындағы беделін төмендетіп қана қоймай, өзін қатарынан кем сезінуді туғызады. Бұл қынжылыстар, әдетте, ешкімге білдірілмейді. Өз денесінің бейнесін жас өспірімдердің өзін-өзі ұғынуының ересектердің ойлағанындай емес, анағұрлым маңызды компоненті. Қалыпты өсудің барлық ньюанстары мен нұсқауларын білмеу көптеген жас өспірімдер үшін нағыз «қайғы нысанына» айналады.
Достарыңызбен бөлісу: |