№ 4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернат
ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРМЕН ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ КУРАТОРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ
Куратор: Молдашова Айжан
Қызылорда, 2015 ж.
№ 4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернат
Куратор: Молдашова Айжан
Дарынды балалармен жұмыс жүргізудің тиімді жолдарын
қалыптастырудағы куратордың қызметі.
«Еңсесін енді көтеріп келе жатқан
біздің еліміз үшін дарынды ұрпақтың
орны мүлде бөлек»,-
Н.Ә.Назарбаев.
Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасында білім беруді инновацияландыруға сай икемдеу үшін білім беру жүйесін ақпараттындыру, жаңа талапқа сай дамыту талабы қойылып отыр. Осы талапқа сай бүгінгі таңда білім беруде жеке тұлғаны дамыту, дана және дара ойлай алатын дарынды баланы оқыту мен тәрбиелеу жолдарын айқындау қажеттігі белгілі.
Қай елдің болмасын өсіп-өркендеуі, өнуі, әлемде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің қалыптасуына, даму бағытына тікелей байланысты. Сондықтан да, мемлекет басшысы болашақта қазақ елінің көсегесін көгертіп, ғылымын көркейтер деген үмітпен жас дарындарға үлкен назар аударуда, қолдау көрсетуде. Осы орайда қандай да болмасын білім беру мекемесі оқушыларға мемлекеттік білім стандартына сай білім берумен шектеліп қалмай, оларды ғылыми ізденіс жұмыстарға тартып, шығармашылық, дарындылық қабілеттерін дамыту бағытында жұмыс жүргізуі тиіс..
Мектеп – білім берудегі бар мүмкіншілікті қамтамасыз ететін білім ошағы.Бүгінгі білім берудегі тәжірибе оқушылардың әртүрлілігін көрсетіп отыр. Білім берушінің алдындағы басты назар аударатын негізгі міндеттердің бірі – дарынды балаларды анықтап, оларға адамгершілік қасиеттерді дарыту, шығармашылыққа үйрете отырып, терең біліммен қаруландыру.Бүгінгі таңда дарынды бала сөзі жиі қолданылып жүр. Дарындылық — адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет. Қазіргі таңда барлық оқушы дарынды оқушы. Бұл қасиетті байқап, оның бар екеніне көзжеткізіп, бойындағы дарынын одан әрі өрбітуге, ұштауға, халқының, ата-анасының мақтанышы болуға мүмкіндік жасау мұғалімге артылатын жүк.
Дарындылық – баланың алғырлығы, зерделігі, қабілетімен дамып отыратын үздіксіз процесс.Осы орайда білім алушының қабілетін айқындай отырып, дарындылығын анықтау - баланың дамуын, бағдарын талдаумен байланысты ұзақ процесс. Осы тұрғыда алдымен дарындылық ұғымын анықтап алсақ. «"Дарындылық"» ұғымы "сый" ("дар") деген сөзден шыққан, дамудың алғышартын білдіреді. Бұл ұғымға педагогикалық энциклопедияда төменгідей анықтама беріледі. "Дарындылық - белгілі бір іс-әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғарғы деңгейі".
Балалар дарындылығын зерттеумен және ерекше балаларды оқыту және тәрбиелеудің психологиялық - педагогикалық жақтарын қарастыру қырлары әр қилы болуы тиіс. Қазіргі күнде ерекше қабілетті балаларды іріктеп, олардың әрі қарай дамуы үшін жағдайлар жасауы керек екендігі анық. Себебі, баланың қабілеттері мен таланттарын толық ашу өзіне ғана емес, мемлекетке де қажет болып табылады. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет «Әр баланың қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы және адамның дарындылығын таныту» сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген ұлағатты сөзге сүйеніп, бар мүмкіндікті пайдаланып, баланың қабілетін дарынын ашу - мұғалім міндеті, бала бойындағы ерекшелікті, қабілетті танып, соған бағыттап дарынды баланың болашағының ірге тасы дұрыс қалануына мүмкіндік жасауымыз қажет. Дарынды баламен жұмыс жасаудағы бағыт оқу бағдарламасын тереңдетіп, оқыту және оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады. Дарындылықты анықтау бірнеше жақта қарастырылады. Олар: интеллектуалдық дарындылық, шығармашылық дарындылық, әртістік дарындылық, музыкалық дарындылық, техникалык дарындылық және спорттық дарындылық. Баланың жанына жақын дарындылықты дәл тауып, соны жандандыруға жұмыс жасалынғанда дарынды баламен жұмыс өз нәтижесін табады.
“Баланың шығармашылық қабілетін ашу, оны алға қарай дамыту үшін ең бастысы жағдайлар жасау қажет”. .
Көбінесе “дарынды оқушы – бұл жақсы оқитын оқушы” деген пікір қалыптасқан. Белгілі ағылшын психологі П.Торранстың зерттеулері бұл пікірдің мұғалімдер арасында жиі кездесетінін анықтады. Оларға оқуда қиыншылық туғызбайтын, тәртіпті, ұйымшыл, білімді, тұрақты, ұғымтал, өз ойын нақты және түсінікті жеткізе алатын оқушылар көбірек ұнайды. Ал қисынсыз сұрақ қоятын, өз жұмысымен ғана айналысатын, тәуелсіз, көбіне түсініспеушілік туғызатын, қияли, әр нәрсеге көзқарасы бөлек оқушылар ұнамайды. П.Торранстың зерттеулері нақ осы қасиеттер оқушының шығармашылық дарындылығын көрсететін және оның нашар оқитын оқушылардың арасында да аз емес екендігін айқындаған. Сондықтан мұғалімдер осы зерттеулердің нәтижесін есте ұстағаны жөн.
Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты- олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыр
Мұғалімдер де, оқушылар да мынаны түсінгені абзал:
Мектеп – қателесуге рұқсат етілетін орын;
Әркім өз көзқарасын және өз ойын ашық айтуына болады;
Әрекетті немесе нәтижені сынау, жеке тұлғаны мақтау;
Оқушы тек өз-өзімен ғана салыстырылады;
Мұғалім мақтаудың ретін табуы керек;
Оқушыларға жол сілтей бермей, керісінше тәуелсіз әрекет етуге көмектесу;
Осы орайда айта кететін жайт, мен жетекшілік ететін, былтырғы оқу жылындағы 7-сыныптарда жыл бойғы кураторлық жұмысымның нәтижесінде жоғарыда айтылған дарындылық түрлерін аңғарып,олармен үздіксіз жұмыс жасадым.Пән оқытушысы болмағандықтан,куратордың оқушылардың жеке – тұлғалық ерекшеліктерін тереңірек зерттеуге және баланың тәрбиесіне отбасының ықпалын талдауға мүмкіндігі көп. . Кураторлар сынып жетекшілерінің атымен ғана емес, сонымен бірге ең алдымен оның атқаратын қызметінің терең мазмұнды өзгерістерімен де ерекшелінеді. Кураторлардың міндеттері әзірге түбегейлі анықталған жоқ, дегенмен бүгінгі танда белгілі болған функционалдық міндеттерді атап көрсетуге болады.
1. Әкімшіл куратор: бүл сынып жетекшісінің әкімшілік міндеттерін жүзеге асырушы педагог: ұйымдастырушылық (тәртіп мәселесі, сабаққа қатыстыру және т.б.), ақпараттық (әрбір оқушының сабақ үлгірімі туралы ақпарат жинау және ата-аналармен байланыс);
2. Байланыстырушы куратор: бұл өз сыныбында пән мұғалімдерімен тығыз байланыста жұмыс істейтін, яғни оқушы-мұғалім арасын байланыстыратын, тәрбие жұмысымен айналысушы педагог, тәрбиеші,Куратор әрбір баланың психологиялық ерекшеліктері мен отбасындағы жағдайларын біле отырып, әрбір пән мұғаліміне жеке оқушылар мен қалай жұмыс істеу қажеттігіне көмектеседі, . сондай-ақ пән мүғалімдері кураторларға ақыл-кеңес беріп отырады. Оған ата-аналарға белгілі бір ақпараттарды жеткізіп отыруды тапсырады;
3. Ұйымдастырушы куратор: бұл пән мұғалімдерін олардың сабақтарынан тыс уақытта сыныптағы белсенді шығармашылық жұмыстарға қатыстыра отырып ұйымдастыратын тәрбиеші. Шығармашылық істерді бір сынып оқушыларымен ғана емес, бірнеше параллель сынып оқушьшарымен өткізетін іс-шараларды ұйымдастырушы.
Сонымен қатар,куратор белгіленген құжаттаманы жүргізеді: сынып журналы,айлық,тоқсандық және жылдық есептер,әлеуметтік паспорт, күнделіктер,табельдер, т.б. Жұмыс барысында куратор оқушылардың сабаққа қатысуын,олардың тәртібін,сырт көрінісін бақылайды,пән мұғалімдерінің жұмысын үйлестіреді,бала құқығын қорғайды,балалармен жұмыс тәртібін анықтайды және бекітілген сыныптағы сабақтарға қатысады.
Аталған міндеттерді орындай отырып,әрбір іс-шара барысында оқушылардың өзіндік ерекшеліктерін дамыту мақсатында тапсырмалар беріп отырдым. Мұнда ұйымдастырушылық қабілетімен:
Қыпшақбаева А; Өмірзақ Д; Хайрулла Д; мен Ахметова А.
Ақындық-шығармашылықпен:
Дінмұхамедұлы М; Өмірбек А; Өмірзақ Д; Қали Д; Сахиева Ф; Жалел Ж.
Сурет салу дарындылығымен:
Айтуаров Н; Өмірбек А; Жұмабай М. көзге түсіп отырды.
Мектеп-интернат оқушыларының ата-анасынан жырақта білім алып,олардың мақтанышына ие болу үшін талаптанып жүріп, олар өзін қоршаған ортадан адамгершілік пен мейірім,сенімділік пен сыйластық сезімдерін іздейтіні анық.Сондықтан менің басты міндетім сыныпта оң жағдай туғызып,психологиялық ахуалды реттеп отыру. Осы мақсатта өткізілген тренинг сабақта балалар бір-біріне жылы сөздер,мақтаулар айтып,бір-бірінің бастарынан сипап,арқаларынан қағып(әрине, мұғалімнің нұсқауымен)достық сезімдерін білдіріп жатты.Нәтижесінде,сыныпта білім алуға ыңғайлы жақсы орта қалыптасып,кейін ,тіпті ,балалар бір-біріне көмектесуге,жақсы оқитын оқушылар сабағы төмен балаларды өз жауапкершіліктеріне алуға дайын тұрды. Тәрбиенің бір ғана ұйымдастыру нысанын үнемі пайдаланып отырудың өзі тәрбиенің тиімділігін әлсіретіп жібереді. Тәрбие үрдісін ұйымдастыру нысандары мазмүны жағынан неғұрлым бай әрі әрқырлы болып келсе, солғұрлым ол тиімдірек болмақ. Оқыту мен дамытудың дарынды балалар үшін маңызды фактор екенін ескере отырып,дарынды балалар арасында бәсекеге қабілетті,саналы түрде білім алатын,тиянақты жасөспірімдер тәрбиелеу мақсатында және де ата-ана сұранысын қамтамасыз ету үшін мен үдайы сыныпішілік,кейін сыныпаралық күнделік жарысын ұйымдастырып отырдым.Мұнда оқушылар бір-бірімен білімі сай келетін сыныптасымен апта бойы алған бағаларының жалпы ұпайын шығару арқылы жарысады.Нәтижесінде,бала күнделігін тиянақты толтырумен қатар сабаққа үнемі дайындалып жүреді және баға санын көбейту үшін оны күнделікке қойғызып отырады.Апта соңында мен күнделіктерді жинап алып,бағаларын есептеп қол қоямын.Сайыс нәтижесі сынып бұрышында жарияланады.Ең жоғары ұпай жинаған оқушы сынып лидері атанады.Апта соңында оқушы күнделігін үйіне апарып ата-анаға көрсетіп,қол қойдыруға міндетті.Сонда ата-ана іс жүзінде баласының білімін бақылай алады деп ойлаймын.7-сыныптардағы кураторлық қызметімде дарынды оқушылармен жұмыс жүргізудің тиімді әдістерін қалыптастыруда бұл жұмысты жақсы нәтиже беретін,жауапкершілік пен білімқұмарлықты арттыратын бірде-бір құрал деп есептеймін. Мұғалім оқушылармен өткізетін төрбие нысандарын қаншама көп қырлы етіп тандағанмен, ақылды, әсерлі, ойлы да өткір тілмен жүргізген оның әнгімесіне ешнәрсе жетпейді.Сондықтан сабақтан бос уақытта әрбір оқушының алдына қойған мақсатын нақтылау,ой-пікірін тыңдау арқылы дұрыс бағыт -бағдар беруге тырысамын.Себебі, куратор – оқушылардың ең жақын тәлімгері.
Халқымыздың заңғар жазушысы М. О. Әуезов: «Адам баласы жан жемісін татпай, өмірдің терең мағынасында шын мақсатын түсіне алмайды» деген екен. Жан жемісі алдымен оқу-білім, тәрбие десек, сол жемісті берер мәуелі ағашымыз мектеп, ол мектептің жүрегі- мұғалімдер емес пе?!
Мектеп-білім ошағы, тәрбие ордасы, тағылым табалдырығы. Мектеп-тұлғаның толық қалыптасуына жағдай жасайтын әлеуметтік орта. Әр жеткіншек-зерттелмеген құпия. Сол зерттелмеген құпияны ашып, баланың басқаға ұқсамайтын қасиетін тани білу-ұстаз атаулыға үлкен салмақ тастап отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім мен ғылым қызметкерлерінің ІІ сьезінде «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер-бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр»,-деген болатын.Ең бастысы, оқу-тәрбие үрдісінде оқытудың тиімді жолдарын табу, оқушыны іздену, үйрену әрекетіне жұмылдыру, педагогтің өз әрекетіне ішкі мотивтері мен шығармашылық ізденісін байланыстыра отырып, кәсіби ілгерілеуіне түрткі болатын инновациялық технологияларды іріктей білгендігінде.Жастардың бүгінгі білімі-ертеңгі капиталы болатындай,ал қазіргі тәрбиесі-қазақтың қадірлі қасиеттерін қастерлей білетіндей болуы тиіс. Мәлік Ғабдуллиннің мына сөзі менің тәрбие туралы ойыма ой салды. «Тәрбие дегеніміз баланың үстіне кигізе қоятын дайын киім емес. Тәрбие жұмысының мыңдаған түрі мен қыры бар. Олар тәжірибеде сынала келе нәтижеге ие болады. Сондықтан тәрбие мәселесі мектеп өмірінде ешқандай маусымды, үзіліс дегенді білмейді, үздіксіз жүргізіліп отыратын процесс».
Қазақ мектебінің мәселесі-қазақ елдігінің мәселесі.Қазіргі уақытта өмірлік дағдылар мен біліктілікті қалыптастыру-тәрбиенің негізгі міндеті. Интеллектуалдық дамыған елді қалыптастырудың өзекті бір жолы толыққанды жеке тұлға тәрбиелеумен, оқушының жаңа ойлампаздығын дағдыландырумен, қазіргі ғылыми жетістіктердің негізін терең біліктендірумен ұштасады. Ғылыми-эксперимент жұмысының аса маңызды саласы сабақтан тыс тәрбие клубтары мен орталықтарын құру арқылы жүзеге асырылады, әрбір баланы қайталанбас тұлға деп қарастырып, оның өзгеше қасиеттерін дамыту мақсаты қойылған. Қай баланың болмасын бойынан жақсы қадір-қасиет іздеп табу, соған арқау сүйеу, оған үлкен үміт арту-ұстаз тәрбиесінің тәжірибесі болу керек. Тіпті баланың әрең байқалатын ізгі қасиеттерін де айтып, жақсы талпыныстарын бағалап, үміт білдіріп отырса, соғұрлым ол сенімді бағалай біледі, ашыла түседі. Балаларды тәрбиелеуде ата-аналарды оқу-тәрбие үрдісіне қатыстыру, олармен тығыз байланыс жасау мәселесі негізгі орын алуға тиіс. Қоршаған орта өзінің құндылықтарымен тұлғаны жасайтынын, ал бай орта болатынын ескере отырып, біз мектептің ата-аналар, оқушылар мен мұғалімдердің өзара әрекет жасауына үнемі ашық болу үшін бар күшімізді саламыз.
«Егер баланы тәрбиеленген дәрежеге жеткізудің сәті түссе, адамгершілік тәрбие жеке адамды жетілдіруде тиімді ықпал жасайды»,-дей отырып, «Егер біз балаға қуаныш пен бақыт бере алсақ, ол бала дәл сондай бола алады»,-деген В.А.Сухомлинский сөзін басшылыққа алуымыз керек. Тәрбие арқылы білім беру-үзіліссіз жүргізілетін үрдіс, ол адамның өмірге келген күннен бастап өмір бойы жалғаса береді. Оның мазмұны оқушының жеке бас қасиеттерінің кең шеңберін қамтиды.
Дербес Қазақстан мемлекетінің ертеңгі болашағы-бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне тікелей тәуелді. Өскелең ұрпақтың рухани жан дүниесін білім нәрімен сусындатып, халқының ерте заманнан жинақталған асыл мұрасымен байытып, ұлттық дәстүрлердің озық үлгілерін санасына сіңіріп, Абайша сөйлесек, «көкірек көзін оята тәрбиелеу»-ата-анадан басталып, мектепте жалғасып, бүкіл қоғам болып ат салысатын жауапты міндеттердің ең бастысы.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Назарбаев Н.Ә. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. 2005 жыл 18 ақпан. Петропавл, 2005. - 13 б.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы. Астана, 2000. -15 6.
Зимняя И.А. Педагогикалық психология. Оқулық.Алматы-2005.-123б
М. Жұмабаев. Педагогика. Алматы. «Ана тілі», 1992 - 65б.
Педагогика, Оқулық. Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық Университетінің педагогика кафедрасының ұжымы, -Алматы,2005. - 152-162б
Айтмамбетова Б. Жаңашыл педагогтар идеялары мен тәжірибелері.-А., 1991.
.
Достарыңызбен бөлісу: |