Байланысты: Dedot4310-«Д ст рлі емес да ылдарды сіру технологиясы» О У діс
Морфологиялық сипаттамасы және биологиялық ерекшеліктері, аудандастырылған сорттары. Мақсары - Cartamus tinctorius L - Астра тұқымдастығына (Asteraceae ) жататын біржылдық шөптесін өсімдік. Мақсарының түрлер санына байланысты біркелкі пікір жоқ. Әлемге танымал ботаник ғалым Хоокер (1964) еңбектерінде жер шарында мақсарының 60 таяу түрлерінің кездесетінін жазады.Купцов А. Н.(1941 )-11 түр десе, ал Шостаковский С.А.(1947), Момот Я.Г. ( 1960), Жуковский П.М.(1964) пікірлерінше мақсарының 19 түрі бар, олардың 15-і бір жылдық өсімдіктер, біреуі-екі жылдық, ал үшеуі-көп жылдық түрлер. Олардың ішіндегі егіске пайдаланып жүрген мәдени түрі Cartamus tinctorius L- қос жарнақты бір жылдық өсімдік. С.А.Шостаковичтің (1947) ұйғарымынша, ең көп тараған түр- C.Janatus болып есептелінеді.
Мәдени мақсарының Cartamus tinctorius L 6 типі бар. Оларға – Түркістандық, Ауғандық, Гераттың, Закавказдық, Армениялық және Памирлік типтер жатады. Республикада өсірілетін мақсары сорттары Түркістан типіне жатады. Мәдени мақсары-бір жылдық өсімдік. Дақылдың тамыр жүйесі жақсы дамыған. Негізгі кіндік тамырының ұзындығы 2-3 м дейін жетеді және жанама тамырлары негізгі тамырдан 60-90 см дейінгі қашықтықта орналасады. Мақсары тамырының тереңге бойлауы, жылдамдылығы және топырақ қабатында бөліну сипаты ондағы ылғал мен қоректік заттардың орналасуымен тікелей байланысты. Дақыл топырақтың төменгі қабатынан ылғал мен қоректік заттарды қабылдай алады, сондықтан құрғақшылыққа төзімділігімен ерекшеленеді.( Арыстангулов С.С., 2008 )
Мақсары сабағы тік, цилиндр пішінді, сырты жылтыр, әрі түксіз, түсі-солғын ақшылт жасыл. Сабағының биіктігі сортына және климат жағдайына байланысты 50-100 см аралығында ауытқиды. Сабағының төменгі бөлігі жуан, ал жоғары бөлігі жиішкеріп келеді. Сабағының төменгі бөлігінің диаметрі 3-12 см аралығында. Сортына байланысты өсімдік сабағының биіктігі де өзгереді. Мақсарыны биіктігіне қарай 3 топқа бөледі: тапал-70 см дейін, орташа бойлы -71-90 см, ұзын бойлы-91 см жоғары. Мақсары жақсы бұтақтанатын өсімдік. Бұтақтануы негізгі, екінші, үшінші деңгейлік бұтақтар болып бөлінеді. Бұтақтану сортқа, өсіру жағдайына және қоректену сипатына байланысты өзгереді. Мақсары жапырақтары- жай, сағақсыз, жалаңаш, етті, ланцетті пішінді, сабақта бір-біріне қарама-қарсы орналасады. Жапырағының шеттері тісті, түрлеріне қарай өткір тікенді немесе тікенсіз болады. Сабақтың ортасындағы жапырақтары ірі, ал жоғарғы жағындағылардың аумағы кішірейіп, гүл шоғыры орамына айналады. Толық жетілген жапырақтары ұзындығы 9-25 см, ені 3-8 см. Бір өсімдікте 80-200 дана әртүрлі көлемді жапырақтар болады.
Мақсары гүлшоғыры-тостағанша диаметрі 1,5-3,5 см. Гүлдері түтікті бес бөлікті күлтешелерден тұрады, түсі сары немесе қызғылт болады, оның құрамында бояғыш зат-картамин болады, жатыны бір ұялы, ұзын бағанашалы. Тозаңдануы көбінесе жәндіктер арқылы жүреді, айқас тозаңданады. Жемісі-ақ түсті тұқымша, жалаңаш, жылтыр, төрт қырлы. Бір өсімдікте 5-50 дейін тостағанша, оның әрқайсысында 25-60 дана тұқымша болады.1000 тұқымша салмағы 25-52 г аралығында ауытқиды. Қауыздылығы тұқым массасының 40-60% құрайды, қабығы қатты, панцирлі. Піскен кезде тұқымы шашылмайды, өйткені орамының ішкі жапырақшалары тығыз қабысып тұрады. Мақсары-жылу сүйгіш, қуаңшылыққа төзімді, қысқа күн өсімдігі және құрғақ континентальды климатқа жақсы бейімделген. Жылуға талабы ерекше, әсіресе гүлдену және тұқымының пісуі сатыларында өте қажетсінеді. Осы кезеңдердегі жауынды күндерді қаламайды, құрғақшылыққа қарағанда, себебі жауынды күндері өсімдік нашар тозаңданады және тостағаншасы шіруі қаупі туады.
Мақсары тұқымы +1-20С өне бастайды, +4-50С жеткенде толығымен өнеді. Егер топырақтың тұқым сіңіру қабатындағы температура +5 0С болса, онда өскін-16 тәулікте, 90С-9 тәулікте, ал 150С-4 тәулікте пайда болады. Мақсарының өсіп-жетілуі үшін қажетті 50С жоғары температура жиынтығы-2000-29000С, ал 150 С жоғары -1500-2400 0С қажет. Мақсары өніп-өсуі барысында тұқым жарнағын жер бетіне шығарады. Өскіні пайда болғаннан кейін 60-70 тәуліктен соң гүлдейді, гүлдеу сатысы 25-30 күнге созылады. Алдымен негізгі сабақтағы орталық тостағаншалар гүлдей бастайды, содан кейін бұтақтағы тостағаншалар гүлдейді. Гүлдеуден-тұқымының пісуіне дейінгі сатыаралық кезеңнің ұзақтығы 30-40 күндер құрайды. Мақсарының вегетация кезеңінің ұзақтығы себу мерзіміне және өсіру жағдайына байланысты кең ауқымды өзгереді. Дақылдың көктемгі егісінде вегетация дәуірі 110-150 күнге созылса, ал күзде себілген мақсары 200 күнде піседі. Қазақстанның оңтүстігінде дақылдың вегетация кезеңінің ұзақтығы 109-116 күндерді құрайды.(С.Н. Пряншиников, 1964, Арыстанғұлов С.С., 2003). А.М.Купцов (1931), Я.Г.Момот (1960) тәжірибелерінде мақсары дақылы жылу сүйгіштігіне қарамастан, оның өскіні -3-70С қысқа мерзімдегі үсікке шыдайтынын байқаған. А.Сусарев (1929) есептеуінше, мақсары өсімдігінің клеткасындағы нәрдің концентрациясы жоғары, сол себепті қуаңшылыққа және үсікке төзімді.
Мақсары – жарық сүйгіш өсімдік. Жарықтың жақсы түсуі дақыл тамырының тереңге бойлауына, жапырағының мол болуына, ерте гүлдеуіне септігін тигізеді және тозаңдануы жақсарады. И.А.Минкевич (1939), Ван Жау Му (1993) пікірлерінше, мақсары қысқа күннің өсімдігі бола тұра, күннің ұзаруына онша мән бермейді, сондықтан оны республиканың оңтүстігінде және солтүстігінде де өсіруге болады. Мақсары қуаңшылыққа төзімділігі жоғары бола тұра, ылғалды да қажетсінеді. Дақыл тұқымы топырақтан өз салмағынан 30-40% ылғал сіңіргеннен кейін өне бастайды. Ылғалды ең көп қажет ететін кезеңі-шанақтану-гүлдеу,осы кезеңде ылғалдың молдығы өсімдік қуаттылығы мен өнімділігі артады, ал аз болуы бұтақтануды азайтады, жапырақ көлемін кішірейтеді және өнімділікті төмендетеді.( Ван Жау Му, 1993)
Топырақ типіне қойылатын талаптары. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, мақсары дақылы топырақ типтеріне ерекше талаптар қоймайды. Д.М. Вакулиннің (1929) есептеуінше, мақсары топырақ талғамайды, құнарлылығы төмен жерлерде де тәп-тәуір өнім қалыптастырады. Мақсарының тұзды топырақты жерлерде өсіп дамитыны туралы көптеген зерттеушілер өз еңбектерінде көрсеткен ( И. А.Минкевич, 1939; В.К.Барковский, 1952; В.Н.Чирков, 1954; Д. М.Бартенев,1960; Я.Г.Момот,1960). Я.Г.Момот (1955,1960) өз тәжірибе нәтижелеріне сүйене отыра, мақсарының топырақтың барлық типтерінде өсе алатынын дәлелдей отыра, оның топырақ тұздылығына төзімділігін ерекше атаған. С.С. Арыстанғұловтың (2008) зертханалық тәжірибелерінде мақсары тұқымы ас тұзының әртүрлі концентрацияларында сыналған (NaCl-0,25-1,0%) тұз мөлшерінің жоғарылауына қарамастан зертханалық өнгіштік 60-70% төмендемеген. Тұзға төзімділік жергілікті жағдайға бейімделіп өскен тұқымдарда сырттан әкелінгенге қарағанда 10-15% жоғары болған. Дақыл құрғақ топырақты және сазды жерлерде жақсы өсіп-жетіледі. Ван Жау Му (1993) пікірінше, мақсарының жақсы өсіп-дамуы үшін топырақ реакциясы рН 5-8 аралығында болуы керек.