3. Полимерлер химиясы және физикасы облысындағы жетістіктер. Соңғы жылдары полимерлердің химиясы және физикасы саласында келесі ғылыми бағыттар бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер қарқынды жүргізілуде:
- жоғары молекулалық қосылыстардың нанохимиясы, нанофизикасы және нанотехнологиясы;
- полимерлік жүйелердегі нанобөлшектердің және наноқұрылымдардың қалыптасуының теориялық аспектілері;
- биологиялық белсенді синтетикалық және табиғи полимерлерді, сонымен бірге полимерметаллдық кешендерді синтездеу және олардың физикалық-химиялық қасиеттерін зерттеу, олардың қолдану аясын анықтау,
- полимеризациялық үрдістер, полимерлердің деструкциясы және оларды тұрақтандыру бойынша зерттеулер;
- полимеризациялық толықтырғыштардың көмегімен композициялық материалдарды жасау;
- полисахаридтерді дәстүрлі емес тәсілдермен алу (мақтаның целлюлозасын, хитиннің, пектинді, және олардың туындыларын);
- өсімдіктерді химиялық қорғаудың экологиялық тұрғыдан зиянсыз полимерлік препаративтік түрлерін жасау (бұл төменде айтылады);
- биологиялық белсенді табиғи полимерлерді бөліп алу және модификациялау;
Осы бағыттар бойынша жұмыстардың нәтижесінде дәнді-дақылдарды егу алдында экологиялық тұрғыдан зиянсыз және қауіпсіз технология жасалды. Бұл жағдайда дәндер (дақылдардың тұқымдары) капсула түрінде полимерлік биологиялық белсенді полимерлік қоспамен өңделеді. Бұл жұмыстар әсіресе 1995-ші жылдан бері қарқынды жүргізілді. Мұндай өңдеу нәтижесінде дәндер мен дақылдар 100 %-ға жуық өсім беріп, жақсы дамиды.
Бұл жұмыстар біздің республикамызда академик Е.М. Шайхутдиновтың жетекшілігімен, ал көрші Өзбекстан Республикасында профессор С.Ш. Рашидованың жетекшілігімен жүргізілді. Бақылауға алынған дәндермен салыстырғанда олардың вегатациялық кезеңде судың мөлшерін көп қажет етпейтіндігі және сабақтарының мықты, ұзын болатындығы анықталған. Қазақстандық полимерлік биологиялық белсенді препараттар АБУТ-99 атауымын белгіленген. Ал өзбекстандық препараттар УЗХИТАН деп аталады (20 және 21 суреттерде).
Қазақстандық ғалымдардың жоғары молекулалық қосылыстардың химиясы бойынша зерттеулердің негізгі бағыттары:
- ауыл шаруашылығы саласында тиімділігі жоғары стимуляторларды синтездеп алу және оларды қолдану;
- кен-байыту саласында жоғары селективтік флотореагенттерді синтездеу;
химиялық технология және химиялық өндірістерде қолданылатын антикоррозиялық жабындарды жасау мақсатында жаңа қосылыстарды синтездеу.