Пысықтауға арналған сұрақтар:
1.Саяси жүйенің түрлерін атаңыз.
2.Саяси жүйенің қызметі?
3.Саяси жүйеге не жатады?
4.Саяси жүйедегі саяси мәдениет ұғымына түсінік беру?
Дәріс №5 Тақырыбы: Саясат қоғамдық өмір жүйесінде
Сұрақтар
Саясат ұғымы және оның пайда болуы.
Қоғамның саяси саласының ерекшеліктері.
1. Алғашқы қауымдық қоғамда жалғыз адам жеке-дара өмір сүре алмайды. Себебі, айналада жыртқыш аңдар болды, басқарудың адамдарды да жат көзбен қарады. Сондықтан ұжымдасып ру-ру, тайпа-тайпа болып тұрудың арқасында ғана табиғаттын дүлей күшіне қарсы тұра алды, өздерінің қауіпсіздігін және күн көрісін қамтамасыз ете алды.
Зерттеушілер саяси жүйенің мынадай негізгі төрт бөлігін атайды:
1) саяси институттар
2) саяси қатынастар
3) саяси ережелер
4) саяси мәдениет.
Саяси институттарға (ұйымдар, мекемелер) мемлекет, саяси партиялар, кәсіподақтар, кооперативтік, жастар, әйелдер т.б. ұйымдар мен бірлестіктер жатады. Бұл ұйымдардың бәрі таптық, топтық, ұлттық, жыныстық, кәсіби, жас мөлшеріне қарай және т.с.с.байланысты пайда болатын көптеген әлеуметтік мақсат-мүдделерді білдіріп, қорғау үшін құрылады.
Солардың ішіндегі ең негізгісі – мемлекет. Ол қоғамда белгілі бір тәртіпті орнатады, оны басқарады, экономикалық және әлеуметтік құрылымын қорғайды. Ол үшін мемлекеттің арнайы аппараты, еріксіз көндіретін күштеу, зорлау органдары (әскер, сот, полиция, милиция және т.б.) болады. Солардың көмегімен ол адамдардың жүріс-тұрыс, іс-әрекетін реттейді. Мемлекет қоғам атынан оның ішкі және сыртқы саясатын атқара алады.
2. Қоғамдық жүйенің екінші бөлігін саяси қатынастар құрайды. Оған таптардың, этникалық бірлестіктердің, тұлғалар мен қоғамның, азамат пен мемлекеттің арасындағы қатынастар кіреді. Олардың басқа (экономикалық, ұлттық, діни, жанұялық және т.с.с) қатынастардан айырмашылығы мұнда олардың саяси және мемлекеттік билікке қатынасы көрініс береді. Саяси жүйенің үшінші бөлігі болып саяси ережелер (нормалар) есептеледі. Олар саяси институттардың өзара бірлесіп әрекет етуін қамтамасыз етеді және саяси жүйенің ережелік негізін құрайды. Олардың ішіндегі ең маңыздысына Конституция және соған сүйенетін заңдар мен басқа нормативтік актілер жатады.
Оларға белгіленген тәртіпті бұзғаны үшін мемлекет тарапынан шаралар қолданылады. Сонымен қатар саяси қызметті атқару үшін қоғамдық ұйымдар жасаған және солардың ішіндегі қатынастарды реттеуге арналған ережелердің де маңызы зор. Оларға ең алдымен сол ұйымдардың жарғылық ережелері жатады. Саяси жүйенің төртінші белгісі – саяяи мәдениет. Ол саяси сана мен іс-әрекетте, саяси көзқарастарда, идеяларда, теорияларда, саяси тұғырнамаларда, бағдарламаларда, шешімдерде, саяси ережелерге қатынаста көрініс табады. Саяси мәдениеттің реттеушілік қызметі адамдардың іс-әрекетіне және олардың ұйымдарына ететін әсерінен білінеді. Сонымен бірге бұрынғы және қазіргі саяси жүйе және оның элементтеріне, саяси қызметкерлер, басқару ақпараттының лауазымды адамдарына, саяси-басқару шешімдерін дайындау және қабылдау процесіне және т.б. ықпал етуінен де байқалады. Саяси жүйенің көрсетілген бұл төрт бөлігі үздіксіз дамып отырады. Олар өздеріне тән арнайы әдіс-тәсілдерді пайдаланып отырып, белгілі бір мақсаттар мен қызметтерді атқарады. Олар бір-бірімен тығыз байланысты болады. Саяси жүйенің басты қызметі – қазына, байлықты бөлу саласына бақылау жасау. Олардың дұрыс бөлінбеуі ел ішінде әр түрлі әлеуметтік топтар арасында алакөздік, дау-дамай тудыруы мүмкін. Саяси жүйе оған жібермей, қайшылықтарды қиюластырып, келістіріп, шиеленістерді өршетпей, өрбетпей, жан-жақты бітістіріп отырғанда ғана өз рөлін ойдағыдай атқарады. Саяси жүйе қоғамдық өмірдің барлық салаларының дамуына бағыт беріп, ықпал етеді, оларды басқарады. Қоғам дамуының мақсатын айқындайды. Мақсатына байланысты саясат экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ұлттық, ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Әдетте, мақсаттарды саяси партиялар зерттеп дайындайды. Парламенттік сайлауда женген партияның саяси бағыты мемлекеттің еріксіз мәжбүр ететін күштеріне (әскер, милиция) сүйеніп жалпыға міндетті мемлекеттік жарлық сипаттын алады. Мемлекеттік басқару органдары қоғамды қабылдаған шешімдерді орындауға жұмылдырады, қоғамдық процестерге әсер ететін негізгі тетікке айналады.
Біз осыған дейін бір мемлекеттің ішіндегі саяси жүйе туралы сөз еттік. Сонымен қатар саяси жүйе дүниежүзілік (БҰҰ), аймақтық (Еуропалық одақ, НАТО және т.б.), екі жақты («Шығыс пен Батыс» қатынастары) болуы да мүмкін.
Пысықтауға арналған сұрақтар:
1.Қоғамның әлеуметтік құрылымы деген не?
2.Қоғамның әлеуметтік құрылымы қалай жіктеледі?
3.Республикамыздағы әлеуметтік құрылымның даму үрдісін қалай түсінесіз?
4.Ұлттық саясат деген не?
5.Қоғамның саяси өміріндегі діннің орны қандай?
Дәріс №6 Тақырыбы: Билік саяси феномен ретінде
Сұрақтар:
1.Билік ұғымы мен түсінігі.
Билік қызметі мен оның түрлері.
1. Билік ұғымы және ол туралы тұжырымдамалар. Саясаттануда саяси билік теориясы негізгі орын алады . Ол саясатпен тығыз байланысты және саясаттың, саяси институттар мен барлық саясат әләмінің мәнін түсініп білуге мүмкіндік береді. Себебі, саясаттың негізгі мәселесі – билік, ал мазмұны – билік үшін күрес және биләкті жүргізу. Шығыстың көрнекті ойшылы Ибн – Халдун (1332 - 1406) адамның басқа жан – жануарлардан ерекшелігі – ол билік үшін күреседі деген екен.
Ағылшынның ең ірі фәлсафашыларының бірі, қоғам қайраткері болған Бертран Рассел (1872 - 1970) физикада басты ұғым энергия болса , қоғамдық ғылымдарда негізгі ұғым билік болып табылады ддеп дұрыс айтқан. Ал Американың әйгілі әлеуметтанушысы Талкотт Парсонс (1902 - 1979) экономикалық жүйеде ақша ақша қандай орын алса , саяси жүйеде билік те соншалықты орын алады деген. Сондықтан бұл курстағы басқа тақырыптардың бәрі билікке байланысты келеді.
Билік жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі анықтамалар мен тұжырымдамалар бар. Солардың негізгілеріне қысқаша тоқтала кетейік.
Телеологиялық анықтама билікті белгілі бір мақсатқа, белгіленген нәтижеге, қорытындыға жету мүмкіндігі деп түсіндіреді. Мысалы, ағылшын фәлсафалшысы Т.Гоббс (15881679) билік болашақта игілікке жетудің құралы және өмірдің өзі өле өлгенше билік үшін үздіксіз ұмтылыс деп жазды.
Бихевиористік анықтама бойынша билік деп басқа адамдардың жүріс тұрысын , өзін өзі ұстауын өзгерту мүмкінділігіне негізделген іс-әрекеттің ерекше түрі.
Инструменталистік анықтама билікті белгілі бір құралдарды, амалдарды (зорлық-зомбылық, күштеу сияқты шараларды) пайдалану , қолдану мүмкіндігі деп біледі.
Структуралистік анықтама билікті басқарушы мен бағынушының арасындағы қатынастың ерекше түрі деп ұғады. Олар кейбір адамдарды туғанынан, табиғатынан әміршіл , басқарғысы келіп тұратын болады.
Конфликтілік анықтама билікті дау жанжал жағдайында игілікті бөлуді реттейтін мүмкіндік , шиеленісті шешудің құралы деп түсіндіріледі.
Біраз ғалымдар билікті кең мағынасында басқаларңа тигізілетін жалпы ықпал ретінде қарайды.
П. Моррис, А.Гидденс сияқтылар, жоғарыдағы көзқараспен келіспей, билікті біреуге немесе бірдеңеге тигізетін жай ғана ықпал, әсер емес, оларды өзгертуге бағытталған іс әрекет дейді.
Америка саясаттанушылары Г.Лассуэлл мен А.Каплан «Билік және қоғам» деген кітабында билікті шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі ретінде сипаттайды.
Биліктің қызметтері мен жіктелуі
2. Әдетте «билік» деген сөз әр түрлі мағынада қолданылады. Оны ықпал ету бағытына, объектісіне байланысты былай етіп бөледі: ата-аналар билігі, мемлекеттік, экономикалық, саяси, әлеуметтік, құқықтық, әскери, рухани билік және т.б. Бірақ биліктің толық мағынасы мемлекеттік саяси салада ғана айқындалады. Сондықтан саяси билік биліктің ең басты түріне жатады. Саяси биліктің өз қызметтері болады. Оған жататындар: қоғамның саяси жүйесін қалыптастыру; оның саяси өмірін ұйымдастыру (ол мемлекет пен қоғам , таптар мен топтар, ассоциациялар, саяси институттар, мемлекеттік басқару органдары мен аппараттары, партиялар, азаматтар және т.б. арасындағы қатынастарды қамтиды); әр түрлі деңгейдегі қоғам мен мемлекеттің істерін басқару; өкімет органдары, саяси емес процестерде басшылық жасау; саяси және басқа қатынастарды басқару және түптеп келгенде , белгілі бір қоғамға сәйкес басқарудың түрін, саяси тәртіпті және мемлекеттік құрылысты ашық және жабық қоғамды құру, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қолдау; дау дамай, шиеленістерді ашып, оларға шек қою және дер кезінде шешу; қоғамдық келісімге, мәмілеге келу және т.б.
Биліктің субъектісіне жеке адам немесе партиялар, ұйымдар жатады делік. Бірақ олар бәрі бірдей билік жүргізе алмайды. Сондықтан мұндай құқық адамдардың, ұжымдардың, партиялардың, топтардың, белгілі бір бөлігіне ғана беріледі. Бұдан келіп билік етуге сенім білдіру мәселесі туады.
Пысықтауға арналған сұрақтар:
1.Қоғам биліксіз өмір сүре ала ма?
2.Билік анықтамасы мен оның түрлерін ата.
3.Билік қорына не жатады?
4.Саяси билік пен мемлекеттік биліктің айырмасы неде?
5.Қазіргі Қазақстандағы билік легитимдігінің түрі қандай?
Дәріс №7 Тақырыбы: Мемлекет және азаматтық қоғам
Сұрақтар:
1.Мемлекеттің пайда болуы мен мәні;
2.Мемлекеттің негізгі белгілері мен қызметтері;
3.Азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет
1. Мемлекет деген ұғым екі мағынада қолданылады: 1) кең мағынасында үлкен әлеуметтік топтың ұйымын білдіреді де «халық», «қоғам», «ел» деген ұғымдарға сәйкес келеді; 2) тар мағынасында басқару құрылымының, мемлекеттік аппараттың жиынтығын білдіріп, «үкімет», «әкімшілік» деген ұғымдарға сай келеді. Саясаттануда екінші мағынасында пайдаланылады. Бұдан кейінгі жерде біз де сол көзқарасты ұстанамыз.
Мемлекет – саяси жүйенің басты элементі, оның негізгі ұйымы. Ол керек кезінде арнаулы күштеу органдарын пайдалана отырып, өз аумағында тұратаны адамдардың мүдессін қорғауға тиіс және соған орай олардың арасындағы арақатынастарды құқықтық ережелер арқылы реттейтін қоғамдық механизм.
Мемлекет алғашқы қауымдық қоғамда болған жоқ. Ол құл иеленушілік қоғамда дүниеге келді. Оның пайда болуы және мәні жөнінде әр түрлі көзқарастар бар. Солардың ішінде ең кең тарағандары мыналар:
Теологиялық теория. Оның негізін салушылар А.Августин мен Ф.Аквинский мемлекеттің пайда болуын құдайдың құдіретімен түсіндірді.
Патриархтық теория. Оның негізін салушы XVIII ғ өмір сүрген ағылшын ойшылы Роберт Филмер мемлекеттің пайда болуын рулардың тайпаға, тайпалардың одан үлкен қауымдастыққа, олардың одан әрі мемлекетке дейін бірігуінен деп санайды. Осыған ұқсас идеяны Аристотель де айтқан болатын.
Қоғамдық келісім теориясы (Т.Гоббс, Г.Гроций, Ж.ЖРуссо) егеменді әмірші мен оның қол астындағы адамдардың келісімнің арқасында мемлекет пайда болды дейді.
«Зорлық жасау» теориясы (Е.Дюринг, Л.Гумплович, К.Каутский) бір елді екінші елдің басып алуының нәтижесінде арадағы қатынастарды реттеу үшін мемлекет пайда болды деп пайымдайды.
Географиялық теория (А.Ратцель, В.Соловьев, Б.Чичерин) мемлекеттің прайда болуы географиялық ортаның (ауа райы, жер бедері және т.б) өзгешеліктерінен деп түсіндіреді.
Психологиялық теория адамдарға бағыну мен құлшылық ету қажеттігі мәңгі бақи тән болған дегенді айтады.
7. Марксистік теория мемлекеттің пайда болуын жеке меншік пен таптардың шығуымен байланыстырады, Ол экономика жағынан үстемдік етуші таптың саяси үстемдігін қамтамасыз ету үшін және басқа таптардың қарсылығын басу үшін керек деп санайды. Ф.Энгельс мемлекет әрдайым «ең қуатты, экономикалық жағынан үстем таптың мемлекеті болып табылады, сондай ақ ол тап мемлекеттің көмегімен саяси жағынан да үстем тап болып алады және осы арқылы езілген тапты басып жаңыштау және қанау үшін жаңа құралдарға ие болады» деп жазды. (К.Маркс пен Ф.Энгельс. Шығармалар, 21 – бет, 171 – бет).
8. Қазіргі шетелдік зерттеушілер мемлкеттің мәні таптық күресті бітістіруде, татуластыруда деп біледі. Оған барлық халықтың, ұлттық мүддесіне сай келетін қоғамдық тәртіпті жасайтын ұйым, құрал ретінде қарайды. Қоғамға қауіпті әлеуметтік шиеленістерді асқындырмауға тырысып және оларды бейбіт саяси жолмен шешу үшін мемлекет негізгі әлеуметтік топтар арасындағы қатынастарға белсене араласып, ортадағы әділ төреші сияқты болуы керек дейді.
Сонымен, мемлекет деп белгілі бір аумақ шеңберінде адамдардың әлеуметтік топтар, таптар мен бірлестіктердің қатынастары мен қызметтердің ұйымдастыратын, бақылайтын қоғамның саяси жүйесінің негізгі элементін айтамыз.
Мемлекеттің белгілері мен қызметтері
2. Мемлекеттің бірнеше белгілері бар
Аумақтық (территориялық) бөлінуі. Алғашқы қауымдық қоғамда халық қандас туысқандығы жағынан ұйымдасып, ру ру, тайпа тайпа болып тұратын. Жоғарғы өкімет халық жиналысының қолында болған, яғни ол не шешсе, сол орындалатын. Ер азаматтар қаруын қасында сақтаған, тосыннан жау шапса, дер кезінде тойтарыс беру керек болған. Сондықтан халықтан оқшау қарулы күштер болмаған.
Қоғам таптарға бөлінгеннен кейін жағдай өзгерген. Өндірістің өркендеуі, еңбектің бөлінуі, сауданың өсуі, халықтың көбеюі ру мен тайпаның бұрынғы бірлігін бұзды. Түрлі рулар мен тайпалардың мүшелері кәсіптеріне қарай қоныстана бастайды. Соның арқасында олар бір бірімен араласады. Қол өнер мен сауда өркендеген соң қалалар пайда болды. Бұларға басқа ру, тайпалардан көптеген келімсек халық келіп қосылды. Ру жағынан бөлінудің орнына халық аумағы бойынша бөліне бастайды. Штаттар, губерниялар, болыстар пайда болды. Мемлекеттің заңдары мен өкілеттілігі сол аумақта тұратын адамдардың бәріне де қатысты.
Ерекше өкімет аппараты (жария билік). Құлдық дәуірінде құл иеленушілер мен құлдардың арасында тап күресі күшейді. Аз ғана құл иеленушілерге мыңдаған құлдарды бағындырып, дегенін істету үшін бұқара халықтан бөлек, оның үстінен қарайтын айрықша өкімет аппараты керек болды. Ол өзінің үстемдігін қарулы әскер, шенеуніктік аппарат, полиция, сот, барлау, шіркеу, баспасөз және т.б құралдары арқылы жүзеге асырды. Алғашқы қауымдық қоғамда олар болмаған.
Мемлекеттің егемендігі. Ол ішкі және сыртқы істерін атқарудағы толық тәуелсіздігі дербестігі. Сондықтан ол бүкіл қоғам атынан ресми істі жүргізе алады. Өзінің аумағындағы барлық адамдарға, ұйымдар мен мекемелерге міндетті заңдар мен ережелерді шығаруға мемлекеттің ғана құқығы бар.
Ашық күш қолдану, зорлықпен еріксіз көндіру. Қылмыс жасағандарды еркінен айырудан бастап, өлім жазасына дейін кесе алады. Оны орындауға жоғарыда екінші белгісінде көрсетілген құралдары бар.
Салық салу. Орасан үлкен мемлекеттік аппаратты ұстау үшін халықтан салық алынады. Бертін келе қазынаның тапшылығын толтыру үшін заем шығарып жаздыртады. Салық пен заем рулық құрылысқа жат құбылыс болатын.
Мемлекеттің міндетті түрде мүшесі, азаматы болуы. Жалпы мемлекет болу үшін оның өз аумағында (жерінде) тұратын халқы болуы керек. Ол халық бір ұлтты немесе көп ұлтты болуы мүмкін. Халықсыз мемлекет болмайтыны белгілі. Алайда мемлекетсіз халық болуы мүмкін. Мысалы, 1948 жылға дейін еврейлердің мемлекеті болмады. Ал курд халқының әлі күнге дейін өз мемлекеті жоқ.
Мемлекеттің негізгі белгілері
1.Әкімшілік-аумақтық (территориялық) бөлінуі,
2.Ерекше өкімет аппараты (жариялы билік)
3.Мемлекеттің егемендігі
4.Ашық күш қолдану, зорлықпен еріксіз көндіру
5.Салық салу
6.Мемлекет азаматының болуы
7. Мемлекет рәміздерінің болуы
Мемлекетте тұратын адамдар сол елдің азаматы болуы керек. Мысалы, партияға, кәсіподаққа, т.т. кірсең де, кірмесең де өз еркінде. Ал мемлекеттің аумағында тұрған соң, сол елде туған соң, сол елдің азаматы боласың. Азаматтығы жоқ адам (апатридизм) құқықтық жағынан қорғансыз келді. Ал азамат болсаң сол елдің заңын орындауға мәжбүрсің. Орындамасаң мемлекеттің күштеу органдары жауапқа тартады.
Осы көрсетілген белгілер мемлекетті басқа ұйым, мекеме, бірлестіктерден ерекшелендіреді. Мемлекеттің ішкі және сыртқы міндетті қызметтері (функциялары) болады.
Ішкі қызметтеріне мыналар
жатады:
а) экономикалық салада мемлекет кәсіпкер, жоспаршы, үйлестіруші ретінде мәселелерді шешеді. Экономиканы нарықпен қатар мемлекет те реттейді. Оны мемлекеттік тапсырыс, салық, несие, экономикалық бағадарлама және т.б арқылы жасайды. Халық шаруашылығының әр түрлі салаларының арасындағы байланыстарды реттеуге, экономикалық интеграцияны өрістетуге, ғылыми техникалық революцияның жетістіктерін енгізуге т.с.с қатысады;
ә) әлеуметтік өмірді ұйымдастырады. Халықтың әл ауқатын өмір деңгейін көтеру, денсаулықты сақтау ісін жақсарту, тұрмыс қажетін өтеуді жетілдірумен т.б айналысады;
б) заңдылықты қамтамасыз етеді. Ел ішінде қарапайым тәртіпті сақтауға, қылмысқа қарсы күресті өрістетуге, әкімшілік зорлыққа жол бермеуге т.с.с басшылық етеді;
в) мәдени тәрбиелік салада мемлекет халыққа білім беру және оқу ағарту ісін, ғылымды, әдебиет пен өнерді дамыту жөнінде қамқорлық жасайды.
Сонымен қатар мемлекет бір топтың, таптың негізінде басқарушы күшті қалыптастыруға қатысады, бюджет саясатын жүзеге асырады, қарулы күштерді құрып, ұстап, пайдаланады.
Мемлекеттің сыртқы міндеттеріне жататындар: а) мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау; ә) өзін өзі билеу, егемендігін сақтау, басқа елдермен тиімді қарым қатынасты орнату, олармен бірге алынған міндеттердің екі жаққа бірдейлігін қамтамасыз ету; б) өз елінің саяси мүддесінің ықпалдылығына, ұтымдылығына, өтімділігіне, тиімділігіне жағдай жасау, басқа елдердегі жаңалықтар туралы өз еліне дер кезінде мәліметтер беруі және т.б
Сайып келгенде, мемлекеттің ең басты міндеті қоғамның тұрақтылығын орнатып, қалыпты тіршілігіне жағдай жасау. Ол әр түрлі топтарға, таптарға, жіктерге бөлінген қоғамның бірлігін қамтамасыз етуге тиіс.
Азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет
3. Азаматтық қоғамның пайда болуы жөнінде ғалымдар арасында екі түрлі көзқарас бар. Біреулері оны буржуазиялық қоғамның жемісі дей келіп, нарықтық қатынастармен байланыстырады. Екіншілері ондай қоғам белгілі бір шамада қашан болмасын болған дейді.
Азаматтық қоғам идеясы өте ертеде пайда болған. Аристотель еңбектерінің өзінде бір азаматтық қоғамдағы меншіктің рөлі туралы пікірлерін кездестіреміз. Ол кім меншікке ие болса, сол ізгіліктің, адамгершіліктің де иесі болады деп жазды.
Кейінірек бұл мәселеге елеулі үлес қосқандар: Т.Гоббс, Ш.Монтескье, Ж.Ж.Руссо, Т.Пейн және т.б Дегенмен, азаматтық қоғам тұғырнамасын жасауда ерекше еңбек еткен немістің атақты фәлсафашысы Гегель. Оның ойынша, азаматтық қоғам мемлекеттен тәуелсіз нарықтық экономиканы, әлеуметтік топтарды, таптарды, корпорацияларды, институттарды қамтиды. Олардың мақсаты қоғамның өміршеңдігін және азаматтық құқықты жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
Азаматтық қоғам деп мемлекеттің құрылымнан тыс қалыптасатын әлеуметтік экономикалық және мәдени рухани қоғамдық қатынастардың жиынтығын айтады. Ол жеке тұлғаның емін еркін дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды. Бұл қоғамда мемлекеттің жеке адам өміріне араласуына өте мөте шек қойылады. Ал олардың атқаратын міндеттерін азаматтар өз еркімен оларға берген және орындалуын өздері тексереді.
Азаматтық қоғамның құрамына адамдардың өздері тудырған қауымдастықтар (отбасы, кооперациялар, ассоциациялар, қоғамдық ұйымдар, кәсіби, шығармашылық, спорттық, этникалық және басқа бірлестіктер), азаматтардың өндірістік және жеке өмірі, олардың әдет-ғұрпы, салттары кіреді. Азаматтық қоғамда адамдардың экономикалық, саяси және рухани өмірінің түрін еркін таңдауына және жүзеге асыруына заң жүзінде кепілдік беріледі. Олар мемлекет тарапынан қатаң тәртіпке алынудан сенімді түрде қорғалады. Адамның жалпы құқықтары сақталады, бұзылмайды.
Азаматтық қоғам экономикасының негізі әр түрлі меншіктегі көп укладты экономика. Бұл қоғамның әрбір мүшесінің нақтылы меншігі болады және оны өз қалауына сай пайдалана алады. Сондықтан мұнда белсенді іскерлікке, тапқырлыққа, жемісті еңбек теуге кең жол ашылады.
Саяси өмірде азаматтық қоғам барлық азамттарға мемлкеттік және қоғамдық істерге еркін қатысуына жағдай жасайды. Мұндай қоғамда адамның халықаралық дәрежеде танылған ережелерге сай төмендегідей азаматтық құқықтары жүзеге асырылады:
ұлттық этникалық, саяси, діни, жастық, жыныстық белгілері бойынша қандай да болсын алалаушылыққа жол берілмейді.
Жеке тұлға мен азаматтық абыройлы болып саналатын пәтер үйі мен мүлкі, мамандық таңдау еркіндігі, тұратын мекенін анықтау, ел жұртқа келіп кету, хатта жазылған және телефонмен сөйлеген сөз құпиялылығы, сөз, баспасөз және хабарлама бостандығы заң жүзінде сенімді қорғалады;
Адам өзінің көзқарасы мен рухани мүдделерін өзі шешеді;
Азаматтық құқықтар сот органдары мен қоғамдық ұйымдар жағынан толық қорғалды.
Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуы өзгеше жағдайда өтіп отыр. Кеңестік кезеңде қоғам өмірі барынша мемлекеттендірілген болатын. Ол жүйе күйрегеннен кейін азаматтық қоғамға өтуге «жоғарыдағы» мемлекеттің өзі ұйтқы болып отыр. Халықтың сана – сезімі, жүріс – тұрысы әлі ондай деңгейге көтеріле қойған жоқ. Сондықтан біраз уақытқа дейін, белгілі бір сапалық деңгейге қол жеткізгенше бұл процеске мемлекеттің елеулі ықпалы болмақ.
Еліміздің 1995 жылғы Конституциясы Қазақстанда әлеуметтік бағдарды нарық экономикасы мен жеке адамның автономиясын тұрақты қалыптастыру үшін оағн қажетті құқықтық жағдайлардың негізін қалады. Оған тең дәрежеде танылатын және қорғалатын мемлекеттік меншік пен жеке меншікті, адам жіне азамат құқықтарының кең ауқымды және біртұтас кещенін; отбасын ана мен әке және баланы мемлекеттің қорғауын; идеологиялық және саяси әр алуандықты және тағы басқа да жаңа Конституцияда бекітілген қазақстандық азаматтық қоғамды ерікті дамытудың алғы шарттарын жатқызуға болады.
Азаматтық қоғам материалдық, мәдени жоғары дамыған шақта құқықтық мемлекетке айналады. Құқықтық мемлекет деп демократиялық жолмен қабылданған заң үстемдік ететін, ның алдында бәрі де тең саналатын, жеке адамның құқығы жан – жақты қамтамасыз етілетін мемлекеттік құрылысты айтады. Заң үстемдігінің мызғымастығы елдің Конституциясында бекітіліп, басқа заңдар мен ережелік актілерге таралады. Заңдар халықтың еркін білдіреді және оны барлық адамдар, мемлекеттік органдар мен мекемелер орындауға міндетті. Мұнда мемлекет пен азаматтар екі жақты өзара жауаптылықта болады. Билік шын мәнінде бөлінеді, олардың міндеттері мен қызметтеріне шек қойылады, өзара бақылау қамтамасыз етіледі.
Мұнда бір таптың, партияның, топтың, идеологияның үстімдігіне жол берілмейді. Адам құқығы биік дәрежеде сақталады. Барлық азаматтар шын мемлекеттік және қоғамдық істерге қатыса алады. Атқарушы биліктің барлық жұмысы ашық атқарылады, оның жұмысы жұртшылықтың бақылауында болады. Пікір алуандығы кең өріс алады. Бұл мемлекетте адамның адамгершілік қасиеттері, борыш сезімі, жауапкершілігі биік дамиды. Құқықтық мемлекет жоғары өкіметтің қаулы – қарарларымен кіргізілмейді. Ол үшін мемлекет жан – жақты дамып, пісіп жетілуі керек.
Достарыңызбен бөлісу: |