Өсіру агротехнкиасы. Май бұршақты ауыспалы егісте орналастырғанда бұл өсімдікке топырақтың, алғы дақылдардың және берілетін органикалық, минералды тыңайтқыштардың әсерін еске алған жөн. Май бұршақты Қазақстанның суармалы жерлеріндегі ауыспалы егіс жүйесіне енгізу техникалық (қызылша, мақта) және дәнді дақылдардың (бидай, күріш, арпа) алғы дақылдар құрамын байытады, топырақтағы азот балансын жақсартады, ең негізгісі өсімдік белоктарын көбейтуге үлкен үлес қосады.
Май бұршақ дақылының фотосинтез өнімділігі және жалпы биомассасының құралу жылдамдығы гүлдеу кезеңіне дейін онша биік емес, ал гүлдеу және шанақтану кезеңінің аяқталуы аралығында аталған көрсеткіштер жоғары болады. Кейін бұл көрсеткіштер мөлшері біртіндеп азаяды. Сондықтан өсу дәуірінің әрбір кезеңдерінде май бұршақтың ылғалға және қоректік заттарға талабы әртүрлі.
Осыған сәйкес Қазақстанның суармалы жер жағдайларында май бұршақ дақылдарының бүкіл өсу дәуірін үш кезеңге бөлген пайдалы болып саналады. Бірінші кезең- май бұршақ өсімдігінің көктеп шықаннан гүлдеу кезеңіне дейін. Бұл кезеңде фотосинтез өнімділігі төмен, өсімдіктің өсуі және жалпы құрғақ массасының құралуы баяу. Сондықтан, май бұршақ өсімдігі ылғалды көп мөлшерде қажет етпейді. Бұл кезеңдегі агротехникалық шаралар мыналар: егістіктің қатар аралығын өңдеу жұмыстары, үстеп қоректендіру, бір рет суару және қатар аралығын өңдеу.
Екінші кезең – май бұршақтың гүлдеу кезеңінен бастап барлық буындарда шанақтардың пайда болуы аяқталуы аралығы. Бұл кезең ішінде фотосинтез өнімділігі көп артады, өсімдік тез өсіп, жалпы құрғақ биомассаның құралуы ең көп мөлшерде болады. Оның үстіне, май бұршақ өсімдігінің жылдам өсіп, құрғақ массаның интенсивті құралуы жаз айларының ең ыстық кезіне (шілде-тамыз айының бірінші жартысы) сәйкес келеді. Сондықтан, май бұршақ дақылын бұл кезеңде ылғалмен және қоректік заттармен толық қамтамасыз етудің маңызы ерекше. Осыған сәйкес май бұршақ егістігін әрбір 12-14 күн сайын 3-4 рет суару керек.
Үшінші кезең- шанақтану фазасы аяқталуы кезінен өсімдік толық піскенге дейін. Бұл кезеңде шанақтардағы дән толысып қалыптасады. Май бұршақ өсімдігінің фотосинтез өнімділігі және құрғақ затының құралу қарқыны біртіндеп төмендейді. Аталған кезең ішінде ауа райы біртіндеп салқындайды да, май бұршақ өсімдігінің суды қажет етуі азаяды.
Профессор А.А.Ничипоровтің зерттеулеріне қарағанда ауыл шаруашылығы дақылдары жапырақ алақандарының көлемі гектарына 30-40 мың м2 мөлшеріне жеткенше тез өсіп, күн сәулесі энергиясын қабылдауы арта түседі. Сондықтан гектарына 35-40 мың м2 мөлшерлі жапырақ алақандарының көлемі егістіктің қолайлы құрамына сәйкес.
Біздің зерттеулеріміз бойынша май бұршақтан гектарына 25-28 ц дән алу үшін өсімдік жапырақ алақандарының көлемі 40-45 мың м2 мөлшеріне дейін тез өсіп, ұзақ уақыт сақталуы керек. Жапырақ алақандарының осындай мөлшерде болуы Алматы облысының тау етегі жағдайында, май бұршақ егістігіндегі топырақ ылғалдылығы 70-70-70 пайыз болғанда байқалады. Май бұршақтың жапырақ алақандарының көлемі гектарына 50 мың м2 және одан да жоғары болуы дән өнімін арттырмайды, бірақ көк балауса өнімі біршама көбейеді.
Май бұршақ суаруға сезімтал дақыл. Ауаның ылғалдылығы біршама жоғары Алматы облысы тау етегі аймағында май бұршақ мол дән өнімін топырақ ылғалдылығы далалық ылғал сиымдылығының 70 пайызы деңгейінде суарылғанда береді.
Май бұршақ егісі берілетін органикалық тыңайтқышқа (көң) сезімтал дақыл. Күздегі сүдігер астына гектарына 20-25 тонна көң енгізу, әсіресе құрамында органикалық заттары аз сұр топырақты жерлерге өте тиімді.
Органикалық тыңайтқыштарды таза немесе суперфосфатпен араластырып беру май бұршақтың балаусасын 14-58 пайыз, дән өнімін 16-27% арттырады.
Минералды тыңайтқыштардың май бұршақ тамырындағы түйнек бактерияларының қалыптасып өсуіне және олардың азот қабылдағыш қабілетіне әсері үлкен. Суармалы жерлерде май бұршақ егісіне фосфор-азот тыңайтқышын беру тиімді, өйткені өнімнің артуымен қатар, дән құрамында белок пен майдың мөлшері көбейеді.
Май бұршақтан мол дән және балауса алу үшін қолданылатын агротехникалық шаралар ішінде егістің топырағын өңдеу жұмыстарының маңызы үлкен.
Топырақты терең айдап, тыңайтқыштарды да тереңге (28-30 см) сіңіру май бұршақ дақылының өсуіне қолайлы жағдай туғызады. Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу жүгері институтының (1970-1972 жж.) зерттеулеріне қарағанда 28-30 см тереңдікте айдау майбұршақтың өсіп дамуын жақсартады, өсімдік жақсы бұтақтанып, жапырақ алақандарының көлемі артады, әрбір өсімдікте шанақтар көп байланып тыңайтқыштарды пайдалану тиімділігі артады, осының нәтижесінде дән мол алынады.
Май бұршақ кеш себілетін дақыл. Тұқым себілгенше топырақ 2-3 дүркін өңделгенмен Қазақстанның суармалы жер жағдайында арамшөптер толық жойылмайды. Кейбір ғалымдардың (Ю.Б.Карягин, У.А.Акилов, А.Т.Бойко, П.Ф.Томаровский, 1974) зерттеулеріне қарағанда, май бұршақ егісінде прометрин және линурон гербицидтерін қолдану өте тиімді. Өйткені егістегі арамшөптер саны 3,5 есеге дейін азаяды, ал май бұршақтың дән өнімі 28 пайызға дейін артады. Май бұршақ кең қатарлап егілген жағдайда өсімдік жапырақтары 35-40 см биіктікте айқасады.
Сондықтан Қазақстанның суармалы жер жағдайында май бұршақ себудің ең қолайлысы кең қатарлы (қатар аралығы 60 см) немесе екі қатарлы-ленталы (қатар аралығы 60 см, ленталар аралығы 15 см) әдістері.
Май бұршақтың биік сорттары кең қатарлы әдіспен егілген жағдайда, бір өсімдіктегі жанама бұтақтар саны- 29 дана болды. Осының нәтижесінде май бұршақтың, биік сорттарын өңірлеп –кең қатарлы әдіспен егу гектардан 1,6-3,2 ц қосымша дән алуға мүмкіндік береді.
Егістің топырағы +10-120С дейін жылыған кезде себілсе май бұршақтан дәнді және балаусаны көп алуға болады. Мұндай кезең Талдықорған, Алматы, Жамбыл облыстарында 25 сәуір-10 мамыр, ал Шымкент, Қызылорда облыстарында –15-20 сәуір-5 мамыр күндері аралығында болады. Профессор В.П.Черноголовиннің пікірі бойынша, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында май бұршақты егуге қолайлы кезең 12-13 мамыр аралығы. Май бұршақ дақылы аталған кезеңдерден ерте егілсе тұқым көгеріп шіриді, ұзақ уақыт жер бетіне шықпайды, өсімдік көгі сирек болады. Май бұршақты себудің қолайлы мерзімін анықтауда топырақтың ылғалдылығы және температура мөлшерімен қатар егістіктің арамшөптерден тазалығын еске алған жөн.
Мал азығына май бұршақты жүгері, қонақ жүгері, судан шөбі, сұлымен араластырып өсіреді. Ылғалы жеткілікті аудандарда және суармалы жерлерде май бұршақ пен жүгеріні бір қатарға, ал қуаңшылықты аудандарда екі қатар жүгерімен бір қатар майбұршақты кезектестіріп сепкенде мол өнім жиналады. Бұл жағдайда жүгерінің таза күйіндегі әр гектарға себілу мөлшеріне май бұршақтың 50-70 мыңдай өнгіш тұқымын алады. Тұқымның сіңіру тереңдігі 4-5 см, ал топырақтың үстіңгі қабаты құрғап кеткен жағдайда-6-7 см.
Танапты тұқым себілгеннен кейін (әсіресе жеңіл топырақты) тығыздайды. Егістікте өскін пайда болғанша арамшөптер қаулап өсуі ықтимал және жауын-шашыннан кейін топырақ бетінде қабыршақ пайда болуы мүмкін. Сондықтан егістікті жеңіл немесе орташа салмақты тырмамен көлденеңінен тырмалайды.
Қатараралықтарды қопсыту жұмыстары май бұршақ гүлдегенге дейін 2-3 рет жүргізіледі. Бірінші қопсыту өскін пайда болғаннан кейін, екінші одан 10-15 күн өткен соң, ал үшінші-өсімдік гүлденер алдында жүргізіледі. Қатараралықты өңдеу тереңдігі және оның саны егістіктің арамшөппен ластануына және суару санына байланысты. Егер ауа райы құрғақ, топырақ ылғалдылығы жеткіліксіз болса, онда өңдеуді онша терең жүргізбеу керек, ылғалдылық жоғары болса, онда терең қопсытуға болады. Арамшөпке қарсы прометрин гербицидін өскін пайда болардың алдында 2-3 күн бұрын әр гектарға 2 кг ә.з. (әсерлі зат) мөлшерімен бүркіп, кейіннен тырма жүргізіледі.
Май бұршақты көк балауса алу үшін өсімдік шанақтары толық түзіліп, астыңғылары ашыла бастағанда орылады. Бұдан сәл кешіктірсе төменгі бұршақтар сарғайып, жерге түсе бастайды. Көк балауса өнімінің төмендеуіне апарып соғады. Ал май бұршақты ертерек орсаң құрамында су мөлшері көп болады да, балауса сапасы төмендейді. Дер кезінде орылған май бұршақтың көк балаусасы жүгері, судан шөбі, қонақ жүгері және басқа да астық тұқымдас дақылдарға қосылып сүрлемге салынады. Сол кезде сүрлемнің қорытылатын протеині көбейіп, малға өте жұғымды болады.
Дәнге арналған май бұршақ егісін комбайнмен тікелей бастырады. Май бұршақ дақылының барлық бұршақтары 85-90% толық піскенде сабақтары қурай бастайды, шанақтары, ондағы бұршақтары күреңденіп, дәні сылдырлап тұрады. Егер егістік арамшөптермен көп ластанған жағдайда оны бөлектеп оруға болады. Май бұршақ орып бастыруға арнайы жабдықталған астық оратын комбайндар пайдаланылады.
Достарыңызбен бөлісу: |