6 дәріс Инклюзивті білім беру жағдайында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануға даярлау әдістемесінің мазмұны - 1 сағ
Жоспар:
1. Оқу үдерісінің АКТ-мен жеткілікті қамтылмауының негізгі себептері
2. Педагогикалық білім алу барысындағы мамандардың ақпараттық құзыреттілігі
3. АКТ-ны пайдалану саласындағы кәсіби құзыреттіліктің әр деңгейіне арналған мақсаттар
Оқыту үдерісіне информатика мен заманауи ақпараттық технологиялардың жаңа әдістерін енгізу үдерісі елдегі білім беруді ақпараттандыру стратегиясына сәйкес жүзеге асырылуда. Оқу орындарын компьютерлік техникамен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Оқу аудиторияларының (сыныптардың жалпы санының 68%-ға жуығы) сапалық жағынан ескіруі ақпараттандыруға кедергі болып отыр. Бұл білім беру үдерісінде заманауи техникалық және бағдарламалық құралдарды пайдалануға мүмкіндік бермейді. Біздің Алматы қаласындағы 32 жалпы білім беру мектептерінің ақпараттық құжаттарына (кездейсоқ таңдау әдісімен) жүргізген талдауымыздың барысында оқу орындарының басым көпшілігі штаттық информатика анықталды. Оқыту бағдарламаларының көпшілігінде дамуында ерекшеліктері бар балалардың ақпараттық ресурстардың құрылғыларын, әдістері мен алгоритмдерін пайдалануына тиісті рөл берілмейді (информатика аясында да, басқа пәндер аясында да).
Оқу үдерісінің АКТ-мен жеткілікті қамтылмауының негізгі себептері 8 суретте көрсетілген (8-сурет).
Сурет 8 - АКТ-ны оқу үдерісіне жаппай енгізуді тежейтін негізгі себептер Оқу үдерісінде АКТ-ны пайдаланудағы қиындықтарды анықтау мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студенттерінің арасында сауалнама жүргізілген. Оған 60-тан астам болашақ бастауыш сынып мұғалімдері (соңғы курс) қатысқан. Зерттеу барысында студенттер «Отбасы және компьютерлік технологиялар» сауалнамасының сұрақтарына жауап берді.
Сауалнама алынғандардың 75%-ында жеке дербес компьютері болуына қарамастан, сауалнама нәтижелері педагогикалық ЖОО студенттерінің арасындағы ақпараттандыру айтарлықтай төмен деңгейде екенін көрсетті. Сауалнама алынғандардың көпшілігі (58,2%) өздерінің АКТ туралы білімді мектепте алғандарын көрсеткен.
Тек 33%-ы ғана педагогика саласында компьютермен жұмыс жасай алатынын және информатика негіздері бойынша ең төменгі білімге ие екендіктерін айтқан. Қалған 48% респондент компьютерді тек өздері үшін білім беру Ғаламторлық ортаға шығу үшін ғана қолданатынын атап көрсеткен. Студенттердің 12%-ы компьютерді пайдаланбайды, оның орнына оқу мақсатына ұялы құрылғылардағы ғаламтор желісін қолданғанды дұрыс көреді, ал 7%-ы - педагогикалық қызметті оқып, үйрену мақсатында компьютерді де, басқа құрылғыларды да пайдаланбайды, оның орнына қағаз әдебиетті қолайлы көреді (сурет-9). Инклюзивті білім беру жағдайында компьютерді қалай пайдалану керектігін бірде-бір студент білмейді. Сөйте тұра студенттердің басым көпшілігі (75,6%) АКТ-ны педагогикалық үдеріске енгізу оның тиімділігін арттырады деп есептейді (9-сурет).
Сурет 9 - Болашақ педагогтардың компьютерді педагогикалық құзыреттілігін арттыру мақсатына пайдалануы
Респонденттердің 81,5%-ы оқу орнында оқу барысында АКТ-ны пайдаланатын пәндерді көбірек енгізу қажет деп мәлімдеді. Бұл білім беру үдерісінде ақпаратты өңдеу мен ұсыну құралдарын, әдістері мен тәсілдерін пайдалану мүмкіндіктерін арттырады.
Дербес компьютерде жұмыс істеу білімі, шеберлігі мен дағдыларына деген қажеттілік 13,5%-ында сақталған. Сауалнама алынғандардың көпшілігі өздерінің компьютерлік техникамен жұмыс істеу білімі мен білігі өте аз деп есептейді.
84 сауалнамаға қатысушы инклюзивті білім беруді ақпараттық қамтамасыз ету саласында білім, білік, дағдылардықажет ететінін атап көрсеткен. Студенттер компьютерлендіру мен заманауи АКТ-ның жетістіктерін табысты пайдалану заманауи білімді адамның қажетті ерекшелігі екенін түсінеді.
Сауалнама алынғандардың 62%-ы білім беру үдерісіндегі компьютерлік технологиялар баланың дамуында оң нәтижелерге және тіпті оның тұлғалық өсуіне алып келеді деген ортақ пікірге келген. Алайда, барлық дерлік респонденттер (82%) педагогтар мен ата-аналар баланың дербес компьютердегі жұмыс барысын ұдайы қадағалап отыруы керектігін атап көрсеткен.
Алынған нәтижелер негізінде студенттер материалды жеткізу кезінде АКТ- ны пайдаланудың бар маңыздылығын түсінеді деп тұжырымдауға болады. Олардың көпшілігі ақпараттық құралдарды оқыту үдерісіне енгізу білім берудің тиімділігін арттыра алады деп есептейді.
Болашақ мұғалімдердің «ақпараттық құзыреттілік» ұғымын түсіндіруі бір- бірінен қатты ерекшеленеді. Бұл аталған терминнің айтарлықтай кең мағыналы екендігімен байланысты. 10 суретте осы мәселе бойынша сауалнама нәтижелері көрсетілген (10-сурет).
Сурет 10 - Болашақ педагогтардың «Педагогтің ақпараттық құзыреттілігі» ұғымын түсіндіру нәтижелері (педагогикалық қызметте АКТ-ның пайдалану құзыреттілігі), %-бен
Алынған нәтижелер болашақ педагогтердің қатарында «ақпараттық құзыреттілік» терминінің бірыңғай түсінігі жоқтығын көрсетеді. Сауалнама алынғандардың басым бөлігі оны кәсіби іс-әрекетбарысында тәжірибелік міндеттерді шешуге қажетті теориялық білімдердің қомақты көлемімен теңдестіруге болады деген қорытындыға келген.
Оқу үдерісін ақпараттандыру кезінде жұмыс істеп тұрған оқытушылық құрамды қайта даярлау қажет етіледі. ҚР білім беру жүйесіндегі басшы және ғылыми-техникалық қызметкерлердің біліктілігін арттыратын республикалық институттың мәліметтері бойынша, оларға бағдарламалық және компьютерлік құралдардың қыр-сырын оқытуға жұмсалатын шығындар оқу орындарын АКТ- мен жабықтау бюджетімен бірдей[198]. Педагог компьютер мен мультимедиялық жабдықты меңгеріп қана қоймай, оның негізінде өз білім беру бағдарламаларын жасауы, оқу үдерісі мен оқушылардың АКТ-ға деген көзқарасын өзгертуі тиіс. Болашақ педагогтарға сонау педагогикалық білім алу деңгейінде білім беру барысында ақпараттық-коммуникациялық құралдарды пайдаланудың ерекшеліктерін оқытпайынша оқыту үдерісін толық ақпараттандыру мүмкін емес.
Педагогикалық білім алу барысындағы мамандардың ақпараттық құзыреттілігі екі негізгі бағыт бойынша қалыптасуы тиіс:
Ғылыми-педагогикалық. Ол болашақ педагогтардың білім беру саласы қызметкерлеріне қойылатын талаптарға сай теориялық білімдер мен дағдыларды игеруін көздейді. Оқу орнындағы білім беру еңбек қызметін іске асырудың шынайы жағдайларына барынша жақындатылған болуы маңызды.
Ғылыми-педагогикалық бағыттың негізгі құндылықтары мыналар: басым ақпараттық-педагогикалық міндеттердің нысаналы мақсатта шешілуі; өз ғылыми-педагогикалық міндеттері туралы білімдерін қалыптастыру, АКТ-ны пайдалана отырып, басымдықтарды орындау кезінде оларды дұрыс орналастыра білу; ақпараттық міндеттерді саралау және басым міндеттерді бөліп алу кезінде көп мөлшердегі өлшемдерді талдауды пайдалану; стандартты немесе біртекті міндеттерді шешудің бағдарламалық тәсілдері мен әдістерін меңгеру; педагогикалық үдерісте ақпараттық ресурстарды өңдеу мен жүйелендіру әдістерін таңдаудың негізгі өлшемдерін қалыптастыру.
Яғни әңгіме оқу үдерісінде АКТ-ны оқу үдерісінің және оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырудың тиімді құралы ретінде пайдалану мақсатын қалыптастыру туралы болып отыр. Еңбек қызметі тиімді болуы үшін педагогтан, атап айтқанда, дамуында ерекшеліктері бар балаларға көмектесетін арнайы қызметтері бар АКТ саласындағы жаңа білімдерін үнемі дамытып, толықтырып отыру талап етіледі.
Кәсіби-шығармашылық. Оған мыналар кіреді:
АКТ-ны жедел меңгеру және игерілген дағдыларды инклюзивті білім беру үдерісіне енгізу арқылы көрінетін педагогикалық іскерлікті қалыптастыру;
педагогикалық іс-әрекеттерді табысты іске асыруға қажетті теориялық білімдер мен тәжірибелік дағдылардың деңгейін ұдайы арттырып отыру; дамуында ерекшеліктері бар балалар пайда болған жағдайда шұғыл педагогикалық міндеттерді шешу үшін тез қайта бейімделе білу;
ақпаратты өңдеу, оны талдау мен жүйелендірудің әралуан әдістерін үйрену және белсенді пайдалану;
педагогикалық мақсаттарды қалыптастырып, мектепке және басқа да оқу орындарына ақпаратты мәдениетті енгізу мәселесі бойынша ұсыныстар дайындай білу;
оқу үдерісін ақпараттық қамтамасыз етудегі күрделі аймақтарды анықтау мақсатында педагогикалық үдерістегі зерттеу қызметінің әдістемелерін белсенді пайдалану.
Біз АКТ-ны пайдалану саласындағы кәсіби құзыреттіліктің әр деңгейіне арналған мақсаттарды қалыптастырдық.
Компьютерлік түсінік деңгейінің мақсаттары: «Информатика» пәні бойынша базалық деңгейде білім алу; АКТ-мен жұмыс істеу кезінде психологиялық кедергіні жеңу; компьютерде жұмыс істеу кезінде қарапайым тәжірибелік дағдыларды қалыптастыру.
Қарапайым деңгейдің мақсаттары: АКТ бойынша білімін жетілдіру және оның педагогикалық үдерістегі рөлі туралы хабардарлықты арттыру; компьютерде жұмыс істеудің стандартты тәжірибелік дағдыларын үйрету; білім беру үдерісіне АКТ-ны енгізу жөніндегі шығармашалық бастаманы қалыптастыру.
Функционалдық деңгейдің мақсаттары: педагогикалық іс-әрекетте АКТ-ны саналы түрде пайдалану; жобалау қызметінің білімдері мен дағдыларын балалардың мүмкіндіктерін ескере отырып, жекелеген сабақтарды АКТ-ны пайдалана ұйымдастыруға енгізу; Жүйелілік деңгейдің мақсаттары: бала үшін қиынға соғатын кез-келген жағдайға арналған ақпараттық- коммуникациялық құралдарды пайдаланудың шығармашылық тәсілі; сабақтың әдеттегі үлгісін барлық оқушыға қолжетімді, ақпараттық үлгіге ауыстыру.
Педагогикалық жоғары оқу орындарындағы оқу үдерісін үлгілеу кезінде оқу үдерісін құраушы: мақсаттық, мотивациялық, жедел және нәтижелік тұжырымдама пайдаланылды.
АКТ-мен жұмыс істеу жөніндегі кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру ұзақ уақыт алады, себебі теориялық білім алу мен психологиялық кедергіні жеңуді ғана емес, тәжірибелік жұмыс дағдыларынжинақтауды да талап етеді. АКТ-ны болашақ педагогтарды оқытуға енгізу оларды өздері үшін жаңа инклюзивті ортада инновациялық құралдарды пайдалануға икемдеуді арттыруға мүмкіндік береді.
АКТ-ны пайдалану мәселелері бойынша студенттердің құзыреттілігін арттыру олардың мамандандырылуы мен кәсіби қызметінің ерекшеліктерімен айқындалады.
Көптеген зерттеушілер болашақ педагогтардың кәсіби құзыреттілігінің қалыптасуына негіз болатын қандай да бір үлгі-нұсқаны ұсынатын маман үлгісіндегі ортақ белгілерді атап көрсетеді.
Маман үлгісін талдау негізінде біз педагогтың АКТ-ны инклюзивті білім беру кеңістігінде пайдалануға деген кәсіби құзыреттілігінің 4 құраушысын бөліп көрсетеміз: АКТ және оның қызметтері туралы теориялық білім; АКТ-мен жұмыс істеудің тәжірибелік дағдылары; АКТ-ны оқушылар арасында кеңінен таратуға мүмкіндік беретін жеке қасиеттер; дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған АКТ-лық арнайы қызметтерді пайдалануда психологиялық кедергінің болмауы.
Мұндай үлгідегі маманды қалыптастыру үдерісі жүйелі түрде жүруі тиіс.
Білім беруді ақпараттандыру үдерісінің жүйелілік тұғырды талдай отырып,» педагогикалық жүйе» дегеннің не екенін атап өтпеуге болмайды. Біздің ойымызша, В.П.Беспалько ұсынған анықтама «педагогикалық жүйені» айқын көрсете алады. «Педагогикалық жүйе» дегенді ол стандартты құрамдастарға тән емес жаңа сапалардың түзілуіне ықпал ететін әлеуметтік- педагогикалық факторлардың жиынтығы деп түсіндіреді. Жүйе құраушылардың арасында ішкі байланыстың болуы жүйенің тұтастығын айқындайды. Педагогикалық жүйенің ішкі ерекшеліктері әмбебап жүйедегідей өлшемдермен, атап айтқанда: құрамымен, құрылымымен, оның бірлігін қамтамасыз ететін факторлармен сипатталады.
Педагогикалық жүйенің аясында мыналар жүзеге асырылады: білімдер мен тәжірибелік дағдыларды беру арқылы тәлімгердің үлгісі туралы түсінік қалыптастыру; АКТ-мен жұмыс істеу үлгісімен танысу (педагогтың тәжірибелік жұмыс дағдыларына айрықша назар аударылады); маманның үлгісімен ортақ ерекшеліктерді анықтау (инклюзивті оқытуда АКТ-ны пайдалану кезінде педагогикалық үдерістің күшті жақтарын анықтай білу; АКТ-ны қолдана отырып оқыту үдерісін талдау және педагогикалық деректерді салыстыру қабілеті; АКТ-ны пайдаланудың жаңа тәсілдерін жасау; педагогты АКТ-ны пайдалануға тұлғалық ынталандыру).
АКТ-ны пайдалана отырып педагогикалық жүйені үлгілендіру кезіндегі сәйкестендіру 2 нұсқада қарастырылады:
а) мақсаттарды, жаңа инклюзивті қоғамның құндылықтарын негізгі деп қабылдау ретінде;
б) өзін оқушыларды ақпараттық білім әлеміне бастап апарушы деп қабылдау ретінде.
Екі анықтама да педагогтың қатаң кәсіби шеңберден шығып, ақпаратты берудің жаңа әдістерін енгізе отырып еркін дамуына мүмкіндік береді.
Дидактикалық жүйе басқа жүйелердегідей қасиеттермен (тұтастық, тұрақтылық, құрылымының болуы, әділдік) сипатталады. Оның 3 негізгі құрамдасы бар, олар: мотивациялық, толтырмалы және құрылымдық.
Болашақ педагогтарды кәсіби оқыту кезеңінде білім беру үдерісінде ақпараттық технологияны пайдалану мәселелерін талдау бұл жобаның табысты болуы үшін бірқатар факторларды сақтау қажет болатынын көрсетті. Оған мыналар жатады: оқу үдерісінде АКТ-ны пайдалану ниетін ынталандыратын мотивациялық жағдайларды жасау; балалардың игеру мүмкіндіктерін ескере отырып, білім мен дағдыларды беру үдерісінде студенттерді АКТ-ны пайдалануға кезең-кезеңімен тарту; студенттерді кәсіби тәжірибеге тарту үшін оларға оқытудың ерте кезеңінен бастап АКТ-ны пайдаланудың педагогикалық міндеттерін үлестіру; үдеріске барлық оқушыларды қосуға мүмкіндік беретін АКТ-мен жұмысты ұйымдастырудың педагогикалық теориясы мен тәжірибесін үйрену; кәсіби қызметтің ақпараттық-педагогикалық ерекшелігіне дайындықты дамыту; студенттердің инклюзивті педагогикалық үдерісте АКТ-ны пайдалануға дайындығын сипаттайтын дидактикалық үлгіні жасау.
Дидактикалық жүйе нақты шарттарды сақтаған жағдайда ғана табысты жұмыс істей алады. Айталық, Г.И.Муратова өзінің зерттеуін педагогикалық оқу орындары студенттерінің оқыту үдерісін компьютерлендіруге құзыреттілігін арттыру жағдайларын талдауға бағыттаған. Оның пікірінше, студенттер компьютерлік техниканы өз кәсіби қызметінде сәтті қолдануы үшін төмендегідей шарттарды сақтауы қажет:
а) педагогикалық міндеттерден басымдарын бөліп ала білу, олардың негізінде студенттердің қажеттіліктері мен эмоционалдық саласын ескере отырып үлгілер құру;
б) ақпараттық технологияны өз бетінше іздеп тауып, оны одан әрі компьютерлік құралдардың көмегімен іске асыру.
Біз педагогикалық оқу орындары студенттерінің өз кәсіби қызметінде АКТ-ны пайдалануы мәселесіндегі құзыреттігін арттыру үшін сақталуы тиіс бірқатар педагогикалық шарттарды бөліп қарастырдық. Шын мәнінде, бұл шарттар оқу орнының ақпараттық-білім беру ортасының эволюциясы мен оқу жұмысының дамуы негізінде құрылған кешеннен тұрады. Ол студенттерге кезең-кезеңімен бір деңгейден екіншісіне өтуге мүмкіндік береді.
Біздің ойымызша, оған мыналар жатады: білім беру циклінің барлық пәндерінің ақпараттық құралдарды пайдалану мүмкіндігі әлеуетін талдау; студенттің арнайы (түзетуші) мектептердегі арнайы АКТ-ны қолдану саласында теориялық білімдер мен тәжірибелік дағдыларды кешенді пайдалануынан көрінетін оқу-танымдық және тәжірибелік қызметінің бірін-бірі толықтырушылығы; оқу жоспарына қосымша «Бастауыш білім беруде АКТ-ны қолдану» пәнін енгізу.
Студенттердің бойында педагогикалық үдерісте АКТ-ны пайдалану мақсатын қалыптастырудың дидактикалық жүйесін жасау барысында біз В.И.Загвязинскийдің ұсыныстарына сүйендік. Еңбегі сіңген психолог және педагогтың пікірінше, болашақ педагог құзыреттілігінің кез-келген дидактикалық жүйесі мынадай құраушылардан түзілуі тиіс:
а) педагогикалық міндеттерді шығармашылық тұрғыда шешуді ынталандыру;
б) АКТ-ны пайдалану жөніндегі ауқымды теориялық білімдердің болуы;
в) кез-келген педагогикалық міндетті шығармашылық тұрғыда шешуді ынталандыратын қабілеттерді дамыту (бағдарламалау, болжау, талдау негіздері);
г) педагогикалық міндеттерді шешу әдістемелерін еркін меңгеру (қандай да бір жағдайға сай келетін әдістемелерді ұтымды таңдап алу).
7 дәріс Инклюзивті білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануға даярлау әдістемесін тәжірибеден өткізу - 1 сағат
Жоспар:
1. Инклюзивті білім беру жағдайында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануға даярлау әдістемесі
2. АКТ-ны сабақтың әртүрлі кезеңдерінде қолдану
3. Білімді қолдануға арналған тапсырмалар түрлері
Кез-келген технологияны кіріктірудің алдында педагогикалық тұрғыда дамыған тұлғаның қалыптасуына негіз болатын білім беру ортасын үлгілеу үдерісі жүреді. Ақпараттық білім беру ортасы дегеніміз - білім алушы мен педагогтың АКТ-ның көмегімен өзара әрекеттесуі үшін қолайлы жағдайлардың жасалуы. Өз кезегінде, мұндай оған оқушылар, білім беру үдерісінің мақсатты оқыту бағдарламасы мен әдістері, тәлімгерлер және ақпараттық құралдар тәрізді өзара байланысты элементтер тән.
Бұдан бұрын алынған қорытындылардың негізінде біз «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша «Бастауыш білім беруде АКТ-ны қолдану» арнайы курс бағдарламасының тұжырымдамалық үлгісін жасадық.
Оқу бағдарламасы дегеніміз - нақты пәнді өту барысында белгілі бір мамандық студенттерінің игеруі тиіс білімдері мен тәжірибелік дағдыларының ең төменгі мөлшері мен оқыту жоспарын айқындайтын нормативтік құжат.
Оқу бағдарламасына мынадай негізгі бөлімдер кіреді: пәнді оқыту мақсаттары; теориялық және тәжірибелік міндеттерден тұратын оқу жоспары; пән бойынша қосымша оқыту; оқыту барысында пайдаланылатын негізгі әдістердің сипаттамасы; студенттердің артта қалушылығы немесе пәнді жеткілікті игере алмауы кезіндегі түзетуші іс-шаралардың сипаттамасы.
Нормативтік құжатқа әрдайым оқыту бағдарламасынан көрінетін белгілі бір талаптар қойылады. Олардың негізгілері: пәннің мақсаттары, оқыту пәнінің мазмұны, оқытуға арналған материалды таңдап алу қағидалары, сабақтарды уақыты және күнтізбе бойынша жоспарлау, типтік тапсырмалар, материалдарды бекіту үшін өз бетінше білім алуға арналған тапсырмалар, терминология, білім алушылардың алған білімдерін бағалау әдістері, әдебиет көздерінің тізімі, оқыту бағдарламасынан күтілетін нәтиже.
Студенттерді АКТ-мен жұмыс істеуге оқыту жөніндегі арнайы курстарды құру үш бірыңғай мақсатты көздейді: таныстыру - ақпараттық ағындарды жоспарлау; психологиялық - тұлғаны педагогикалық дамыту, АКТ-мен жұмыс істеу мақсатын қалыптастыру; ұйымдастырушылық - ақпараттық құралдардың көмегімен білім алушылардың бір-бірімен өзара әрекеттестігінің тиімді схемасын құру.
АКТ-ны сабақтың әртүрлі кезеңдерінде қолдану барысында мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту барысында бірқатар ерекшеліктер болатынын ескеру керек. Сабақты, сабақ жоспарларын ұйымдастыру мен бірқатар әдістемелік тәсілдерді жүзеге асыру барысында назарға алынатын әртүрлі психологиялық және педагогикалық аспектілер болады. Олар: сабақты ұйымдастыру барысында балалардың білім беру әрекетіне араласуын ескеру керек; толеранттылық немесе жоғары ұйымдастырылған шыдамдылық әртүрлі мүмкіндігі бар балаларға білім беру барысында өте маңызды факт болып табылады; жеке тұлғалық қасиеті мен баланың тұлғасына құрметпен қарау; оқушылардың мүмкіндіктері, қызығушылықтары мен қабілеттерін ескеру.
АКТ құралдарын пайдалана отырып, сабаққа немесе сыныптан тыс сабақтарға дайындық барысында мұғалім мына алгоритмдерді ұстанады.
1.Мемлекеттік стандарт талаптары мен бағдарламаларын зерттеу, сабақтың мақсаты мен міндетін қалыптастыру;
2.Оқулық пен қосымша оқу құралдарының материалдарын зерттеу;
3.Техникалық мүмкіндікті бағалау (құралдардың болуы, кабинеттердің жұмыс жасау тәртібі, компьютер мен олардың бағдарламаларының жай-күйі);
4.Мүмкіндігі шектеулі балалардың ерекшеліктерін ескере отырып, компьютердің арнайы және жалпы мүмкіндіктерін қолдану;
5.Қолданыстағы компьютерлік бағдарламаларды сабақтың мақсаты мен міндеттеріне сәйкес таңдау;
6.Қажет болған жағдайда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жеке тапсырмалар мен жаттығуларды құрастыру, ол үшін мамандар мен оқытушыларды қатыстыру;
7.Сабаққа дейін таңдалған материалды қарап, оқып шығып, сабақтың сценарийін жасау керек.
Ең бастысы - сабақ барысында АКТ құралдарын пайдалана отырып, мұғалім сабақтың АКТ құралдарымен шектен тыс жүктелуі жұмыс уақытын тиімді еместей етіп бөлуге, оқушылардың белсенділігі мен оқытудың тиімділігін төмендетуге алып келетіні туралы жайттың маңызы зор.
Сабақты жүргізу барысында нәтижесі оң болған бірқатар аспектілерді байқадық. Айталық, АКТ-ны қолдану сабақтарды жүргізуге сеп болады: баланы таным үдерістерінің жалпы дамуында алға бастайды; қиындықтарды жеңуге көмектеседі; баланың өміріне жақсылық пен қуаныш әкеледі (мәселен, АКТ-ны ойында пайдаланғанда); оқытуды жақын даму аймағына жетуге көмектеседі; оқушы мен мұғалімнің арасындағы өзара түсіністікті жақсарту үшін қолайлы жағдайлар жасайды; сабақты жоғары эстетикалық және эмоционалды деңгейде жүргізуге көмектеседі; жоғары көрнекілікті қамтамасыз етеді (егер сыныпта саңырау балалар болса); дидактикалық материалдардың санын көбейтеді; сабақта орындалған жұмыстардың көлемін көбейтеді; оқытуды дифференциялаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді (мүмкіндігі шектеулі балалармен әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды, мысалы жеңілдетілген түрдегі тапсырмаларды қолдана отырып, жеке жұмыс істеу).
Мүмкіндігі шектеулі балаларда оқуға деген мотивация төмен болады. Бүгінгі таңда бұл мәселені шешу үшін Microsoft Office PowerPoint, Windows Movie Maker ортасында орындалатын презентациялар қолданылады. Экрандағы дыбыс, қозғалыс және түс - баланың назарын сақтап тұрғатын, оқыту үдерісін әлдеқайда саналы ететіндей факторлар.
Сабақты жүргізіп, АКТ-ны қолданғаннан кейін біз бірқатар оң нәтижелерді байқадық. Міне, солардың бірқатары: сабақ эмоционалды түрде бай және толыққанды, көрнекті болды; оқушылардың білімін бақылау мен тексеру үшін бөлінетін уақыт қысқарды; ойлау әрекетінің тәсілдері қалыптасты, оқушылар бақылау мен өзін өзі бақылау дағдыларына үйренеді; оқулықтың шекарасы кеңейеді; сабаққа деген қызығушылық байқалады (сүйкімділігі мен көрнекілік есебінен, мәселен презентацияны көрсеткенде т.б.).
Көріп отырғанымыздай, сабақтың барлық кезеңдерінде АКТ-ны қолданғаннан кейін бірнеше оң жағдайлар көп. Сабақ үстінде АКТ құралдарын қолдану барысында балалардың денсаулығына ерекше назар аударылады. Сабақ жоспарына физикалық және динамикалық кідірістер, көзге арналған жаттығулар, денсаулық сақтау технология элементтерін қолдану секілді элементтер кіреді.
АКТ құралдарын қолдану оқыту үдерісін белгілі бір деңгейде жақсартуға септігін тигізеді. Бастауыш мектепте ойын әрекеттің ең басты әрі маңызды түрі саналады. Ойнай отырып, оқушылар қиын ұғымдарды, дағдылар мен шеберлікті еріксіз меңгеріп, есте сақтайды. Мультимедиялық бағдарламаларды оқыту барысында қолдану мына мәселелерді шешуге септігін тигізеді: оқуға деген ынталанушылығын жоғарылату; жекелеп оқытуға қол жеткізу; үй тапсырмалары мен басқа да тапсырмаларды тексеруге берілген уақытты қысқарту; сабаққа деген шынайы қызығушылық.
танымдық және оқу белсенділігіне қызығыушылығын жоғарылату;
жекелеп оқытуды жүзеге асыру, көлемін, қиындық деңгейін, материалды беру темпін, оның динамикасын бақылау;
материалды кезеңмен беруді үздіксіз бақылауда жүргізу білім алушылардың өзіндік жұмыстарын белсендіру, өзін-өзі бақылау дағдыларын дамыту;
жаттығуларды шексіз түрлендіру ету мүмкіндігі
үй және тағы да басқа тапсырмаларды тексеру уақытын үнемдеу;
материалды басқа түрде беру арқылы сабаққа деген қызығушылығын арттыру.
Бірқатар авторлық ұжыммен бірлесе отырып (С.М.Кеңесбаев, А.К.Оралбекова, Н.Т.Сартаева, М.А.Данабаева) 2017-2018 оқу жылына «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» оқу-әдістемелік кешені (байқау нұсқасы) пилоттық білім беру ұйымдарына ендірілді. Оқу- әдістемелік кешен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 266 бұйрығымен бекітілген бастауыш білім беру деңгейінің 3-4-сыныптарына арналған «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар (АКТ)»оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес әзірленді. Оқу-әдістемелік кешеннің құрамына - оқулық, оқушы дәптері, оқу әдістемелік нұсқаулық енген. «АКТ» пәніне оқытудың мақсаты оқушыларды, оқуда және күнделікті өмірде тиімді қолдану үшін, қазіргі ақпараттық технологияларының негізгі білімімен, жұмыс жасау дағдылары және қабілеттерімен қамтамасыз ету болып табылады. «АКТ» оқу-әдістемелік кешені саралау тәсілінің тұғыры негізінде жасалған. Саралау тәсілі - оқушылардың шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін белсенді дамытуға, оқуға ынталандырудың басқа әдіс-тәсілдерін табуға, мүмкіндік береді, тұлғаның шығармашылық тұрғыдан дамуына көмектеседі.
Компьютерлік технологияларды қолдана отырып, мұғалімге де, оқушыларға да әртүрлі білім беруші және көрнекі бағдарламалар, үлгілер мен ойындарды құру керектігі - маңызды фактінің бірі. Мұндай тиімді нұсқаулықтар оқушылардың оқуға деген оң қарым-қатынасын қалыптастырып, оқушыларға білім берудің қарқынын таңдауға мүмкіндік береді. Айталық, Hot Potatoes құралдық бағдарламасын қолдануға болады. Бұл бағдарлама оқытушыларға бағдарлау тілін меңгермей-ақ немесе бағдарлау мамандарын қатыстырмай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар үшін интерактивті тапсырмалар мен бақылау үшін тесттерді өз бетімен жасауға мүмкіндік береді. Бағдарламаның көмегімен мәтіндік, графикалық, аудио және бейне- ақпараттарды пайдалана отырып, әртүрлі пәндер бойынша жаттығулар мен тесттердің 10 типін құруға болады. Бағдарламаның ерекшелігі - осы құрастырылған тапсырмалар веб-беттің стандартты форматында сақталады (айталық, Internet Explorer). Оқушыларға Hot Potatoesбағдарламасы керек емес: ол оқытушыларға жаттығуларды құрастыру және редакциялау үшін ғана керек. Бағдарлама бүкіл әлемде кез келген пәндерді меңгеру арналған тапсырмаларды құрастыру үшін кең қолданылады. Бағдарлама 1997-2003 жылдар аралығында Виктория (Канада) университетінің гуманитарлы білім берудің ақпараттық технологиялар орталығында жасалды (http://web.uvic.ca/hcmc). Бағдарлама авторлары: Stewart Arneil - HTML, JavaScript,Macintosh, Martin Holmes - HTML, JavaScript үшін бағдарлау, Windows (http://www.mholmes.com) үшін бағдарлау, Hilary Street («Interdesign Media» компаниясы) - графика.
Martin Holmes соңғы 6-шы нұсқасының, 2003 жылы қазан айында шыққан бағдарламаның авторы. Интернет дереккөздерінде бар басқа да бағдарламаларды қолдануға да болады.
Көпшілік мұғалімдер әртүрлі тәсілдер мен әдістерді қолданады. Мәселен, дамытушы тәсілдер мен әдістер: талдау тәсілі; салыстыру тәсілі: жалпылау тәсілі; жіктеу тәсілі: ұғымдарды түсіндіру; әрекеттердің ішкі жоспары.
Осылайша, АКТ құралдарының көмегімен таным әрекетін басқаруға жұмсалған еңбек барлық жағынан алғанда өзін өзі ақтап шыға алады.
Компьютерлік құралдарды қолдану балаларды оқытуға қажетті компоненттерден тұрады. Бұл теледидарлық бейнелер, анимациялар, графика. Мұндай сабақтарды талдау таным уәждемесі көбейіп, күрделі материалдарды игеруді жеңілдетеді. Мектептен бастап балаларға компьютерде жұмыс істеудің гигиеналық нормаларын үйретіп, көзге жаттығуларды жасатып, жеңіл жаттығулар жасату керектігін ұмытпау керек (қосымшаны көріңіз).
Компьютер - ойындар мен қызығушылық үшін арналған (біздің балаларымыз дәл осылай ойлайды), сонымен қатар әрбірінің өзін өзі шығармашылық көрсетудің құралы екендігіне көз жеткізу керек. Барлық балаларға оқытудың бастапқы кезеңдерінде ең қызықты әрі қолжетімді іс- әрекет түрі - сурет салу. Қазіргі заманғы ғалымдардың пікірінше, саусақпен жұмыс жасау сөйлеуді дамытады. Суретте ойды жеткізу әлдеқайда оңай әрі жеңіл. Сурет балаларға өзін өзі көрсетуге, өзін өзі біреулерге мойындатуға септігін тигізіп, көрнекі ойлауды және қиялдауды дамытады.
Балалар тінтуірмен қарапайым қозғалыстарды орындай отырып, сенсорлық жадысын дамытып, әріптерді шапшаң жазуды үйренетіні ғылыми түрде дәлелденген әрі негізделген. Мүмкін графикалық редактордың мүмкіндіктері кең шығар. Графикалық редакторлар бейнелер мен дайын бейнелерді жинақтап «сурет етіп салу» үдерісіне бейімделген. Бала құралдар жинағынан әртүрлі формадағы қылқаламдарды, әртүрлі түстерді қолдана алады. Сонымен қатар, балалар мәтіндердің ішіне және бояу үшін суреттерді пайдалана алады. Оқыту қызықты ойынға айналады, бала бұл қызықты ойынды өз қолымен жасайды.
АКТ-ны қолдану балалардың сабаққа деген қызығушылығын оятады. Себебі презентация тәсілі қолданылады. Бұл «фасциация», яғни «сүйкімділік» деп аталатын ұстанымды білдіреді. Презентация көмегімен балалар әдетте, сабақ барысында жоғары белсенділігімен ерекшеленіп, өзінің ойы мен пікірін айтуда белсенділік танытады.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту үдерісінде психологтар адамның маңызды сенсорлық жүйесін, әсіресе кинестетикалық жүйені қолдануды ұсынады. Себебі бұл жүйелер моторлы жадымен байланысты әрі баланың автоматизациялау дағдыларын қалыптастыруға, яғни сананың деңгейіне жеткізуге септігін тигізеді.
Мұғалімнің арсеналында интерактивті тақта, дәстүрлі құралдарды интерактивті құралдармен үйлесімді біріктіру балаларды оқытуда туындайтын көптеген мәселелерді шешуге септігін тигізеді.
Интерактивті тақтамен бір рет болса да, жұмыс істеген мүмкіндігі шектеулі көптеген балалар сабаққа қатысуға басқаларға қарағанда, әлдеқайда қызығушылық танытады. Олар сабақта өздерін еркін ұстап, басқа адамдар алдындағы қорқынышын жеңіп, қарым-қатынасқа оңай түсе бастайды. Интерактивті тақта мүмкіндігі шектеулі балаларға өзін өзі көрсетуге және мойындатуға септігін тигізіп, жалпы және шағын моториканы дамытады. Себебі тақтада маркерлермен ғана емес, қолмен де, тіпті саусақпен де жұмыс істеуге болады. Мұндай технологиялардағы ең үлкен артықшылық - балалардың өздері құрастырған: электронды күнделіктер (оқушылардың бағаларды белгілеу тәсілі. Балалар оны кәдімгі күнделік орнына пайдаланып, жеке жазбалар, бақылау мен талдау т.б. мәселелерді жазу үшін де қолданады); элетронды жазу дәптерлері (баспа түрінде жаттығу орындау (жұмыс дәптері); бақылау жүргізу; үй тапсырмаларын жазып алу; және маңыздысы – жазбаларды «шимайлап» түсіру); электронды портфолио (шығармашылық жұмыстарды таңдау, оқушылардың жетістіктерінің куәліктері, электронды тасығыштарға сақтау). Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде мүмкіндіктердің шеңбері өте зор.
Оқу үдерісіне АКТ-ны енгізу кезінде мұғалімнің рөлі өзгермейтінін атап өткен жөн. Ол бұрынғысынша білімнің басты көзі болып қала береді, ал ақпараттық құралдар тек ұсынылатын материалды көзбен шолуды жақсартады. Дәрістік қызметте студенттер оқушыларға материалды көзбен шолудың әртүрлі әдістері туралы әңгімелеуі, АКТ-ны қолдануды қажет ететін жағдайларды тудыруы, және ақпараттық құралдармен жұмыс істеуді тәжірибе жүзінде көрсетуі тиіс. Сабақ біткен соң мүмкіндігінше материалды бекітудің табыстылығын бағалау үшін тестілеуден өткен дұрыс.
Сондай-ақ, ақпараттық құралдардың әрбір оқушының өз экраны болған жағдайда жеке-дара оқытуда айтарлықтай рөлі барлығын да түсіну маңызды. Жеке-дара компьютерлік оқыту психологиялық тұрғыдан да үлкен әлеуетке ие. Бұл материалды игеру барысында оқушының өзін-өзі бағалауы қысым көрмейтінімен байланысты, себебі ол компьютерде жаттығудан құпия түрде өтеді. Оқушы тапсырманы орындау жылдамдығын, әріптің көлемін, дыбыс деңгейін, экранның қалпын және т.б. өз бетінше реттей алады. Мұғалімнің міндеті тек оқу үдерісін АКТ-ны қолдана отырып ұйымдастыруға келіп саяды.
Тәжірибедегі студенттің маңызды міндеті — сабақтарға арналған бағдарламалық жасақтаманы таңдап алу. АКТ туралы бастауыш деңгейдегі білімі немесе «компьютерлік түсінігі» болған жағдайда мектепке арналған бағдарламалық жасақтама пайдаланылады. Білімі жоғары деңгейдегі студенттер бағдарламалық сценарийді өз бетінше жасайды. Тарату материалдарына келсек, онда оларды дайындау үшін де компьютер мен ғаламтор пайдаланылады.
Сабақтан тыс іс-әрекеттегі ең кең таралған іс-шара - орындалуы үшін ғаламтор ресурстары қажет болатын оқушыларға арналған тапсырмаларды жасау болып табылады. Мысалы: студенттерге 3 сынып оқушыларына арналған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәніне байланысты Блум таксономиясының деңгейлік тапсырмаларын жасау тапсырмасы берілді. Тапсырмалар жинақталып, талданып, ұтымды нұсқалары өңделіп, сол тапсырмалар жинағын біз, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» оқулығына енгіздік. Оқу-әдістемелік кешенінің тапсырмалары әр деңгейге сай белгілі бір етістіктер арқылы тапсырмалар жиынын ұсынамыз: есте сақтаңдар, қайталаңдар анықтаңдар (14-сурет). Мысалы:
Сурет 14 - Білу деңгейінің тапсырмасы
Түсіну деңгейіндегі сұрақтар мен тапсырмалар: түсіндір, талқыла, басқаша айт(15-сурет).
Сурет 15 - Түсіну деңгейінің тапсырмалары
Білімді қолдануға арналған тапсырмалар: қолдану, көрсету, орындау(16-сурет).
Сурет 16 - Жинақтау деңгейінің тапсырмалары
Жинақтау деңгейіндегі тапсырманың негізіндегі тірек сөздер құр, жаса байланыстыр, жинақта. Бағалау деңгейі: қорытынды жасау, бағалау т.б. сынды етістіктермен сипатталатын деңгейлік тапсырмалар жинақталған. Бұл тапсырмалар оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауына негіз бола алады.
Сонымен қатар, болашақ мамандар дайындық барысында олар жаңа ақпарат көздерімен және материалдармен танысады. Тәжірибедегі студенттің міндеті - тапсырманың алынған нәтижеге сәйкестігін және кері байланысты бағалау.
Ақпараттық құралдар туралы теориялық білімдер сапалы мультимедиялық жобаны жасауға мүмкіндік бермейді. Оның табысты болуы үшін мазмұнына айрықша назар аудару керек. Тапсырманы орындау үшін жұмыс тобы құрылып, оның құрамына оқушылар, студенттер және нақты пәндер бойынша мұғалімдер кіреді.
Телекоммуникациялық қызмет ғылыми-зерттеу жұмысы нысандарының бірі болып табылады. Оның барысында ақпараттық құзыреттілік қалыптасады, алынған білімдер бекітіледі және шығармашылық үдерістің барлық қатысушыларының арасында айрықша орта құрылады.
АКТ-мен жұмыс істеу дағдыларын түзету педагогикалық тәжірибе кезінде ғана емес, арнайы мектептердегі жекелеген пәндік сабақтарда да жүзеге асырылады. Осылайша, педагогикалық тәжірибе студенттердің өз кәсіби қызметінде АКТ-ны пайдалану құзыреттілігін қалыптастырудың қорытынды кезеңі болып табылады.
Оқыту әдістерін таңдап алу оқу курсын дайындау барысында үлкен рөлге ие болады. Оқыту әдістері дегенді білім беру мақсаттарына қол жеткізу үшін мұғалім мен оқушылардың арасындағы кешенді өзара әрекеттестік үдерісі деп түсіну керек.
Э.Т.Адылбекова оқыту әдістерін тәлімгердің оқушының танымдық қызметіне ықпал ету тәсілдері ретінде қарастырады. Бірақ, біздің ойымызша, оқыту әдістері дегенде оқушының белгілі бір білім, дағдыларын үйренуі үшін оның танымдық және шығармашылық қызметін басқару үдерісін айтқан дұрыс.
Педагогикада заманауи оқыту әдістері айтарлықтай көп, сондықтан оларға әртүрлі белгілері: білім беру үдерісінің үлгісі бойынша, танымдық қызметтің түрі бойынша, ұсыну әдісі бойынша және т.б. жіктеу жүргізіледі. Оқыту құрылымын ұйымдастырудың айтарлықтай көптеген өзекті тәсілдері бар. Олардың әрқайсысын егжей-тегжейлі қарастырайық.
Оқытудың репродуктивті түрі алгоритмдік сипатымен сипатталады. Оқу үдерісінің барысында оқушылар мұғалімнің түсіндірмелерін мұқият тыңдайды, оқулықтар бойынша оқу материалымен танысады және нұсқаулар, ережелер және кеңестер бойынша тәжірибелік тапсырмаларды орындайды (осыған ұқсас жағдайда қалай әрекет етуге болатынын көрсетеді).
Достарыңызбен бөлісу: |