ҚР-сы Үкіметтің құрылу тәртібі мен құрамы:
Конституцияда көзделген тәртіппен Үкіметті Президент құрады. Премьер-Министрге кандидатураны Президенттің өзі іріктейді және кандидатураға келісімін алу үшін оны Парламенттің қарауына енгізеді. Парламенттің келісімін алғаннан кейін Президент оны Премьер-Министр қызметіне бекітеді. Үкімет құрылымы және құрамы туралы Президентке Премьер-Министр ұсыныс жасайды. Үкімет мүшелері Қазақстан Халқына және Президентіне ант береді. Өз қызметіне тағайындалғаннан кейінгі бір ай мерзім ішінде Премьер-Министр Парламентке Үкімет бағдарламасы туралы және бұрынғы үкімет бағдарламасы негізінде жұмыс істейтіндігі туралы өз жұмыс жоспарын ұсынады.
Республика Үкiметiнiң құрамында болуғабайланысты шектеулер:
1) өкiлдi органның депутаттары болуға;
2) оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерден басқа ақы төленетiн қызметтер атқаруға;
3) кәсiпкерлiкпен шұғылдануға;
4) Үкімет шешімдерімен белгіленген жағдайларда жарғылық капиталына мемлекет қатысатын коммерциялық ұйымдарды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге хақы жоқ.
ҚР-сы Үкіметтің өкілеттіктері:
Атқарушы биліктің жоғарғы органы ретінде Үкіметке Қазақстан Республикасы Конституциясымен және Президенттің “Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы” 1995 жылғы конституциялық заң күші бар Жарлығымен кең өкілеттіктер берілген.
Экономика саласында Үкімет мемлекеттің экономикалық саясатының негізгі бағыттарын, оны жүзеге асырудың стратегиялық және тактикалық шараларын әзірлейді; экономикалық бағдарламаларды, республикалық бюджетті әзірлейді және оның орындалуы туралы есебін құрады, оның орындалуын қамтамасыз етеді; республиканың қаржы жүйесін әзірлеп, оны нығайту жөніндегі шараларды жүзеге асырады.
Әлеуметтік салада Үкімет мемлекеттік саясаттың, мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттарын әзірлейді; еңбекке ақы төлеудің жүйесі мен шартын, азаматтардың әлеуметтік қорғалуын, мемлекетттік тұрғыдан әлеуметтік қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қамсыздандырылуын белгілейді; аймақтарды әлеуметтік дамыту мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді.
Ғылым, техника, білім мен мәдениет саласында Үкімет ғылыми-техникалық даму жоспарын әзірлейді және жүзеге асырады; Ғылым мен техниканы, мәдениет пен білімді дамыту, жаңа технологияны енгізу жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеп, жүзеге асырады.
Әкімшілік-саяси басқару саласында Үкімет консультативті-кеңесші органдарды құрып, таратады, Үкіметтің құрамына кірмейтін министрліктердің, мемлекеттік комитеттердің, орталық атқарушы органдардың қызметін басқарады, олардың Президент пен Үкіметтің актілерін орындауын бақылайды; министрліктердің орынбасарларын қызметке тағайындап, қызметтен босатады; Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі қызметін басқарады, олардың заңдарды орындауын бақылайды.
Заңдылық пен құқық тәртібін нығайту саласында Үкімет құқықтық реформаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді; азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мен қорғау, заңдылық пен құқық тәртібін, республиканың қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін, мемлекеттік шекараның аумақтық тұтастығы мен қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар әзірлеп, жүзеге асырады.
Сыртқы саясат саласында Үкімет келіссөз жүргізіп, үкіметаралық келісімдерге қол қою туралы шешімдер қабылдайды; республиканың шет мемлекеттермен, халықаралық және аймақтық ұйымдармен өзара қарым-қатынасын дамытуды қамтамасыз етеді; сыртқы экономикалық саясатты жүзеге асыру жөнінде шаралар әзірлейді; сыртқы сауданы дамыту жөнінде шаралар қолданады; халықаралық қаржы ұйымдармен өзара ынтымақты қарым-қатынас орнатады.
Достарыңызбен бөлісу: |