Заңи кепілдіктер: 1) сот төрелiгiн жүзеге асырудың заңда көзделген рәсiмiнен көрінеді. Ол Азаматтық іс жүргізу және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінде көзделген (ҚР АІЖК, ҚР ҚІЖК // «Юрист» ақпараттық құқықтық жүйесі);
2) судьяның сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне араласқаны үшiн, сондай-ақ сотты және судьяларды сыйламағандық үшiн заңда жауаптылық белгiлеуден;
3) судьяға ешкiмнiң тиiспеуiнен көрінеді. ҚР Конституцияның 79-бабына сәйкес судьяны Республика Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасы ПРезидентінің келісімінсіз, не Конституцияның 55-бабының 3)-тармақшасында белгіленген ждағдайда – Сенаттың келісімінсіз тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттерді қоспағанда, қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Судьяға қатысты қылмыстық істі тек ҚР-ның Бас Прокуроры ғана қозғай алады;
4) Конституцияда және Конституциялық заңда белгiленген судьяны қызметке сайлау, тағайындау, судьяның өкiлеттiгiн тоқтату және тоқтата тұру тәртiбiмен, судьяның орнынан түсу құқығы құқығы белгіленген; судьяның лауазымына кандидаттарға тегінен, әлеуметтік және мүліктік жағдайынан, нәсілдік және ұлттық жаратылысынан, жынысынан, саяси көзқарастарынан, діни нанымдары мен өзге де мән-жайлардан тәуелсіз лауазымды басуға тең құқы қамтамасыз етіледі.
Ұйымдастырушылық кепілдіктер: Судьяның лауазымына кандидаттар іріктеудің ерекше тәртібін белгілеуден көрінеді. Аудандық соттың судьясы қызметiнiң бос орнына кандидат iрiктеудi Конституциялық заңның 29-бабының 1-тармағының талаптарына сай келетiн адамдар, сондай-ақ судья қызметiнiң бос орнына орналасуға өтiнiш берген, қызмет iстеп жүрген судьялардың арасынан конкурстық негiзде Әдiлет бiлiктiлiк алқасы жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын, алқаларының төрағаларын және Жоғарғы Соттың судьяларын Республиканың Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесiне негiзделген Республика Президентiнiң ұсынуымен Сенат сайлайды. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың төрағаларын, алқаларының төрағаларын және облыстық соттар мен оларға теңестiрiлген соттардың судьяларын, Республиканың Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Республика Президентi қызметке тағайындайды. Республиканың басқа соттарының төрағалары мен судьяларын Әдiлет бiлiктiлiк алқасының (ӘБА) кепiлдемесiне негiзделген Әдiлет министрiнiң ұсынуы бойынша Республика Президентi қызметке тағайындайды (ҚР Конституциясының 82-бабының 1-3-тармақтары). ӘБА мәртебесі, қалыптастыру және жұмысын ұйымдастыру тәртібі ҚР «Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасы туралы» Заңында айқындалады (ҚР 2001ж «Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасы туралы» Заңы // «Юрист» ақпараттық құқықтық жүйесі).
Заң Конституция қағидаларына сәйкес қабылданған және оларды қайталайды. Заңға сәйкес алқаның негізгі міндеттері төмендегілер болып табылады:
1) аудандық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьяларының бос лауазымдарына кандидаттарды сапалы іріктеуді қамтамасыз ету және ұсыныстамалар;
2) судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету.